Тотальді жүрек шамасыздығымен дамитын түрі. Миокард инфарктінің бұл түрінде ауырсыну болмайды. Сол және оң қарыншаның көлемі қатар некрозға ұшырауынан іркіліс екі шеңберде бір уақытта дамиды. Сол қарынша шамасыздығы жүрек астмасы және өкпенің ісінуімен, оң қарынша шамасыздығы үлкен шенбердегі дамитын жіті іркіліспен (бауырдың тез ұлғайып, қатты ауырсынуы, жүрек айнуы, құсу
т.б.) білінеді.
Шартты түрде миокард инфарктісінің астмалық, коллапстық, церебральдік, диспепсиялық, аритмиялық, симптомсыз және оң қарыншаның жіті шамасыздығымен, тотальді жүрек шамасыздығымен дамитын түрлері жатады. Инфаркттің типті түріне қарағанда бұлардың барысы ауыр және өлімге жиі алып келеді. Өлімнің жиілігі бір жағынан кеселдің уақтылы анықталмай, науқастың ауруханаға кеш түсуінен де болады.
Миокард инфарктінің ауырсынусыз түрлері көбіне жас ұлғайған шақта, жүйелі атеросклероздың ауыр түрінде, миокард инфарктімен бірнеше рет ауырған адамдарда, ЖИА артериялық гипертониямен, қантты диабетпен қатар жүргенде, яғни ауырсынуға сезімталдық төмендеген жағдайларда дамиды. Бұдан басқа барысына қарай миокард инфарктісінің рецидивтеуші, созылыңқы және қайталамалы түрлерін
айырады.
Рецидивтеуші миокард инфаркті – инфаркттің өткір және өткірлеу кезеңдерінде (3-4 апта ішінде) жаңа некроз ошақтарының дамуымен сипатталады. Егер жаңа некроз ошақтары 8 аптадан (бұрынғы инфаркт тыртықталғаннан) кейін пайда болса, оны қайталамалы миокард инфаркті деп атайды. Миокард инфарктінің созылыңқы барысы – некроз ошағындағы репарация үдерісінің баяу жүруінен болады. Бұл жағдайда
зертханалық, ЭКГ – лық көрсеткіштердің динамикасы қалыңқы келеді.
Инфаркттің барысы ұзарып, науқастың сауығуы көпке созылады. Мұндай
барыс әлсіреген, қосымша аурулары, ауыр стеноздаушы коронаросклерозы бар кәрі адамдарға тән.
Миокард инфарктінің негізгі клиникалық синдромдары: 1. Ангинальдік синдром.
2. Ошақты ЭКГ-лық өзгерістер синдромы.
3. Резорбциялық-некроздық миокард инфарктін дәлелдейтін басты
синдром. Бұл синдром некроз ошағынан бөлінген заттардың қанға
өтуінен және асептикалық қабынудан болады. Оның басты белгілері:
• дене қызуының 37-38 С шамасына дейін биіктеуі;
• нейтрофильдік лейкоцитоз;
• 5-7-ші күндерде лейкоцитоздың төмендеуінен және ЭТЖ-ның жоғарылауынан болатын қайшылық белгісі;
• кардиомиоциттердің өлуін көрсететін зертханалық белгілердің болуы. Кардиомиоциттер некрозының маркерлеріне бірқатар ферменттер – аспартатаминотрансфераза, лактатдегидрогеназа, креатинфосфокиназа, гликогенфосфорилаза және миозин, миоглобин, Т,І кардиотропониндер жатады. Ферменттердің қандағы концентрациясы, некроздың көлеміне, инфаркт басталуынан кейін қан алу уақытына және некроз ошағынан ферменттердің шайылып шығу жылдамдығына тәуелді.
Миокард инфарктімен ауру жиілігі сырқат адамның жасы ұлғайған сайын артады. Н.А.Мазурдың мәліметіне сүйенсек, 1000 адамға шаққанда миокард инфарктімен ауыру 30-39 жаста 0,76% болса, 60-64 жас аралығында 17,1% деңгейінде болады. Егде жастағы адамдарда атеросклероз үдерісінің үдеуімен қатар тамыр қабырғаларының, жүрек бұлшықетінің, қанның реологиялық қасиеттерінің, гемодинамикалық, нейрогуморальдық регуляцияның өзгеріске ұшырауы миокард инфарктінің пайда болуына себеп болатын факторлар. Сонымен бірге, жас ұлғаюына байланысты адаптациялық – компенсаторлық өзгерістер баяулап, қартаю үдерісіне байланысты басқа да аурулардың белең алуы себеп болуы мүмкін. Жас ұлғая келе ерлер мен әйелдер арасында миокард инфарктімен ауру жиілігінің ара қатынасы жақындай бастайды. Егде және қарт адамдарда миокард инфаркті ауруы анамнезінде ұзақ стенокардия негізінде, сонымен бірге қысқа ғана коронарлық анамнезде кездесуі
мүмкін.
Миокард инфарктінің 80% клиникалық көрінісінде егде және қарт адамдарда ауырсыну синдромымен көрініс береді. Бірақ осы жастағы адамдарда жасына байланысты ауырсыну сезімталдағын сезу жоғарылығы өзгеруіне байланысты ауырсыну синдромы анық байқалмайды.
Егде адамдар миокард инфарктімен ауырғандағы бір ерекшелігі «қанайналымның тоталды шамасыздығы» көрініс беріп, 30 – 35% өлімге әкеледі.
Кардиогенді шок тек ауырсыну синдромында ғана емес, миокард инфарктінің ауырсынусыз түрінде, жүрек ырғағының күрделі бұзылысында кездеседі. Бұл түрі 70 жастан асқан әйел науқастар миокард инфарктімен қайталап ауырғанда, артериалдық гипертензияда байқалады.
Миокард инфарктінің емі:
- ауырсыну синдромын тоқтату: нитроглицерин пероралды спрей, немесе сублингвалды таблетка түрінде қолданылады;
- морфин 4-6 мг көктамырға жіберіледі, қажет жағдайда қосымша әр 5 минутта 4 мг-нан 1-3 рет салынады. Осы препаратқа альтернативті дәрі оксидон 3-5 мг көктамырға жіберіледі;
- қандағы оксигенация жетімсіздігіне оттегі ингаляциясы қолданылады;
- ауырсыну синдромын азайту мақсатында бета - адреноблокаторлар көктамырға жіберіледі;
- ацетилсалицил қышқылын 250 мг шайнату керек;
- гепарин көктамырға жіберіледі;
- миокард инфаркті жүрек шамасыздығына әкелген жағдайда ангиотензин түзуші ферменттердің ингибиторлары беріледі.