Қасқабасов С. Таңдамалы



Pdf көрінісі
бет10/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,43 Mb.
#2189
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

Ғұмырнамалық тұтастану. Асылы, ғұмырнамалық тұтас­
тану  –  елдің батырға, оның өміріне деген зор ықыласынан 
пайда болған секілді. Халық өзінің қорғанышы болған сүйікті 
батырдың қалай туып, қалай өскенін, қалай үйленгенін бі­
лгісі келген. Тіпті оның бала­шағасына да  мән берген, ал 
атасы кім болған деген мәселеге айрықша көңіл бөлген. Тың­
даушыларының осындай ықыласын білген жыршылар, сөз жоқ, 
бар мүмкіндігінше, олардың талабына жауап беруге тырысқан. 
Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін олар фольклор поэтикасының 
бар қуатын, ол аз болса көне мифология, ескі нанымдарды 
пайдаланған, оған қоса дайын тұрған сюжеттерді, мотивтерді, 
көркем құралдарды қолданған, сөйтіп, батырдың өмірін бір 
жүйеге түсіріп, әдемілеп, әсірелеп, жыр шумақтарымен баян­
дап берген. Соның нәжитесінде жыр батырдың өмірбаяны 
емес, ол туралы поэзиялық ғұмырнама болып шыққан. Міне, 
біз сол себепті тұтастанудың түрін «өмірбаяндық» деуден гөрі 
«ғұмырнамалық» дегенді дұрыс көрдік. Біздің бұл ойымызды 
ортағасырлық Шығыс пен Батыс елдерінің «халық романы», 
«рыцарьлық роман», «сират» деп аталатын эпостары да дә­
лелдейді. 
Ғұмырнамалық тұтастану бірнеше бөлшектен, яғни ке­
зеңнен тұрады: перзентсіз ата­ана, болашақ батырдың ерекше 
тууы, оның тез өсіп­жетілуі, алғашқы ерлігі (ойыны), үйлену, 
қаһармандық істері, қартаюы. 
Бұл құрылым, жалпы, типологиялық сипатты болып еді, 
ол көптеген халықтың классикалық эпосы мен ба шлык;  ер­
тегісіне тән. Рас, кейбір елдің эпосында жекелеген базбір 
бөлшегі болмауы да мүмкін, айталық, перзентсіз ана Еуропа 
жұртының классикалық эпосында ылғи кездесе бермейді. 
Сол секілді кейіпкердің ғажайып жағдайда да біршама өзгеше 
көрінеді. Бірақ қалай болғанда да ғұмырнамалық құрылым, 
оның негізгі кезеңдері бар елдің фольклорында ұшырасады. 
Бұл заңдылықты академик Ш. Жирмунский кезінде дұрыс 
байқаған: «Көптеген ескі француз жырлары да (Гильом, 

[
  154  
]
Оранжский, Ұлы Карл мен оның немере інісі Роланд тура­
лы), – деп жазады ғалым, – әсіресе, кейінгі прозалық роман 
түрінде әңгімеленген тұста ғүмырнамалық тұтастанудан 
өткен. Армяндардың Давид Сасунскийі мен қырғыздың Манас 
туралы жырлары да дәл осындай оймен дамыған»
19
.
Ғұмырнамалық тұтастанудың алғышарты – кейіпкердің 
бірге келуі тарихын баяндау болып табылады (оны ғылымда 
көбінесе «пролог» деп атайды). Фольклорлық шығармада 
кейіпкердің туу тарихы, негізінен, екі­үш түрлі баяндалады. 
Біріншісінде – оның ата­анасы ерте өліп, өзі жастайынан 
жетімдік көріп өседі. Екіншісі бойынша – болашақ батыр көп 
жыл бала көрмей, бір перзентке зар болған егде адамдардан 
туып, ерекше болып өседі. Ендігі бірінде – болашақ алыптың 
анасы перінің қызы болады немесе шешесі оған құрсақ 
көтергенде бір жабайы күшті аңның етіне, бауырына жерік 
болады, кейде анасы күн нұрынан, желден, тағы бір нәрседен 
жүкті болып, бала ғайыптан туады. Осылардың қайсысы болса 
да кейіпкер керемет жағдайда туатынын көрсетеді. Демек, 
мұның өзі туатын баланың келешекте елден ерекше болатынын 
білдіреді.
Ал енді осылардың кейбіреулеріне тоқталайық. Әрине, 
кейіпкердің ғайыптан пайда болуы туралы мотив ең ежелгі 
екені күмәнсіз, өйткені ол, негізінен, көне жанрларда кездеседі. 
Мәселен, Шыңғыс ханның күн нұрынан жаралғаны туралы 
миф, Едігенің пері қызынан туғаны жайлы хикая, сөз жоқ, 
ойымызға дәлел бола алады. Рас, мұндай мотивтер қаһарманды 
дәріптеудің ең биік үлгісі – батырлық жырлардың құрамында 
пайдаланылады. Басқаша айтқанда, бұл мифологиялық мо­
тивтер батырдың тууынан өлуіне дейінгі өмірін түгел қам­
титын классикалық эпостарда қолданылады. Өйткені ол 
шығармалар тұтастанудың басты­басты түрлерінен өткен. 
Ал ондай циклизацияға толық түспеген немесе циклдену 
процесінде жүрген шығармаларда жоғарыдағыдай прологтар 
мифтік (мифологиялық) қалыпта болмайды, қайта керісінше, 
ол өмір болмысына жақынырақ болады. Мысалға «Едіге» 
жырын алайық. Оның бір нұсқасында Едігенің өмірге келуі 
толық мифологиялық сипатта әңгімеленеді:

[
 
 155  
]
«Ерте заманда Бабағұмар деген әулие бар екен. Он бесте әу­
лиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген 
екен. Көзі тиген сол қыз буаз болған екен.  Буаз  бол ған  соң 
ұл тапты. Ол ұлының атын Баба  Түкті Шашты Әзіз қойды. 
Жиырма  бес  жасқа келгенде әулиелік қылып жөнеледі. Ағұн 
дариясына  барды.  Дария жағасында алтын шашын алдына 
алып тарап отырған қызды көрді. Қыз сезіп қалады да, суға 
сүңгіп кетеді. Баба Түкті Шашты Әзіз қыздың артынан шомып 
кетті. Дарияның астында алпыс ақ отау тұр екен. Отауға кіріп 
барды. Ішінде ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, бұлғарыдай 
бұлқыған, бұлұсы жұпар аңқыған ғажайып бір қыз отыр екен. 
Қызды көрді де қайта шықты. Қыз етегінен ұстап: «Я, жі гіт, қай­
да барасың?» – дейді. «Мен сенімен сөйлеспеймін, сөйлессем, 
күнәһар боламын, мен сені іздегенім жоқ, жібер», – дейді. Қыз 
айтты: «Егер мені алмай кетсең, он бестегі күнәм мойны­
ңа», – дейді. Жігіт ақыл ойлады: «Мен сені алмай кетсем, күнәм 
жоқ болар деп едім, алмай кетсем, күнәм көп болады екен, 
алайын», – деп ой қылды, некелеп алды. Қыз айтты: «Әбден 
менікі болдың ба?» «Я, болдым», – дейді.
«Олай болса, мен етігімді шешкенде аяғыма қарама, 
көйлегімді шешкенде қолтығыма қарама, басымды жуғанда, 
шашыма қарама», – дейді. Күндерде етігін шешеді: аяғы еш­
кінің аяғындай, оны жігіт көрді. Бір күні көйлегін шешті: 
қолтығынан өкпесі көрініп тұр. Жігіт тағы да көрді. Қыз көр­
генін білді. Аспанға ұшып кетті. Қайтадан: «Кет, Құдайым», – 
деп қайтып түсті. Тағы күндерде бір күн қыз шашын жуады. 
Бас терісін алдына алып тарап отыр. Жігіт тағы көрді. Қыз 
аспанға ұшып жөнеледі. «Ей, жігіт, – дейді, – ішімде алты 
айлық балаң кетіп барады, Ніл дариясының басында, Құмкент 
шаһарының қасына балаңды тастап кетермін, өзің іздеп 
тауып ал», – дейді. Сонымен қыз кетті. Баба Түкті Шашты 
Әзіз баланы іздеп, Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының 
басында, Құмкент шаһарының қасында жібек орамалға ораулы 
жатқан баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз жерде туды деп 
атын Едіге қойды да, жауырынына таңды. Тоқтамыс ханның 
ауыл жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен. Үш 
жасқа келгенде қолынан ұстап молдаға берді. Баласының бар 

[
  156  
]
парызынан кұтылған соң Шашты Әзіз ғайып болды, ұшып 
кетті».
20
Міне, мұнда Едігенің өмірге келу тарихы таза мифологиялық 
әңгіме, дәл айтқанда, хикая түрінде баяндалады. Ол адамнан 
жаралмаған. Әкесі Баба Түкті Шашты Әзіздің өзі – ерекше 
жағдайда туған. Шешесі оған Бабағұмар деген әулиенің көзінен 
жүкті болады. Яғни ол ғайыптан туады. Оның кереметтігінің 
тағы бір дәлелі – баласы Едігені молдаға берген соң ғайып 
болып, ұшып кетуі.
Ал Едігенің анасы – су перісінің қызы. Оның Шашты 
Әзізге тиюінің өзі – біріншіден, Әзіздің кереметтігін білдірсе, 
екіншіден, бұл некенің өзі ерекше екенін көрсетеді. Демек, 
осындай екі ғажайып кереметтен туар бала да тегін болмауы 
тиіс. Эпостың өз кейіпкерін дәріптеудің басы осы. Бұл 
мақсатта эпос Едігенің атасын да жай адам емес, әулие кісі 
етіп суреттейді. Сөйтіп барып, Едіге туралы жыр шежірелік те 
сипатқа ие бола бастайды, яғни оны дәріптеу үшін жыр Едігенің 
өзін ғана емес, оның әкесін, атасын сөз етеді. Айтылмыш 
шежірелік тұтастану процесі Едіге батырды «Аңшыбай батыр 
және оның ұрпақтары» атты циклге енгізеді. Мұнда оның арғы 
аталары мен кейінгі ұрпақтары жайында жырланып, үлкен бір 
эпопея жасалады.
Осы эпопеяға кірген «Едігеде» оның туу тарихы жоғарыда 
айтылған «Ер Едігеден» басқаша, ешбір мифологиялық қос­
пасыз баяндалады:
«Тоқтамыс деген хан болған, өзі қаһарлықты хан еді, оның 
Қуқанат деген жақсы құсы бар еді, оны жеті кісі аңдушы 
еді. Біреу сол құсқа жем берсе, артынан тағы біреуі аңдушы 
еді, бір жамандық істемесін деп. Сөйтіп, жеті кісі бірін­бірі 
аңдушы еді. Алдыңғы жем беріп жүрген біреу өліп қалады, 
сосын оның орнына Тоқтамыс хан осы ноғайдың ішінен біреуді 
тауып беріңдер деп бұйрық берді, өзі құсымды жем беріп 
жақсы бағатын кісі болсын деді. Үш жаққа үш адам жіберді, 
біреуі де тауып келе алмады. Тоқтамыс хан: «Енді ноғайда 
адам жоқ па?» – дегенде, біреуі тұрып айтты: «Бір, адам бар 
еді, оған айтуға бетіміз шыдамады», – деді. «Кім?» – деген де, 
«Құттықия деген бір бала, өзі жапанда жалғыз отыр, өзінің 
жалғыз қарасы жоқ, өзі хан баласы болған соң, оған сен құс 

[
 
 157  
]
бағасың ба деп айтуға шыдамадық», – деді. Сонда Тоқтамыс 
хан: «Бар айтыңдар», – деген соң келіп, Құттықияға айтқанда, 
Құттықия айтты: «Менің жалғыздығым мен жарлылығым 
ғой, құс бақ дегендерің, шара жоқ, халім келгенше бағармын, 
артыңнан көшіп барармын», – деді. Сонда Тоқтамыс  ханның 
жіберген кісілері Құттықия осылай деп айтады деп айтып 
келді. Тоқтамыс хан айтты, қанша болса да, баласы еді ғой, 
шарбақты тазалаңыз, сонда келіп қонсын деді. Тоқтамыс хан 
ол құсты далаға терекке отырғызып, оның басына ұялатып, 
жұмыртқалататын еді. Құттықия көшті де, тап сол теректің 
қасына отырды, ханның шарбағына қонбады. Сонда Сәтемір 
деген бір қалмақ бар еді, ол Құттықияның әкесі Парпариямен 
дос еді. Құттықия Қуқанаттың қасына келіп отырғасын Сәте­
мір оны естіп, Құттықияға бір кемпір жібереді, бір балапанын 
маған беріп жіберсін деді. Құттықия оны адамға көрсетпеді,  
(құсқа жем берейін деп шыққанда қасындағы басқа бағушылар 
үстін қарап жіберуші еді, бір жамандық істемесін деп), 
басындағы телпегінің төбесіне бір тауықтың жұмыртқасын 
салып барып оны ауыстырып алып келіп, кемпірге жасырын 
Сәтемірге бер деп жібереді. Телпектің төбесі содан шұқыр 
болып қалған еді. Бір күндері Тоқтамыс ханның әр елге 
жіберіп тұратын жансыздары бар еді, сонда Сәтемір ханның 
еліне барған бір жансыз Сәтемірдің үйінде Қуқанатты көріп 
келіп Тоқтамысқа: «Мен Сәтемірдің үйінде Қуқанат құс 
көрдім», – деді. Сонда, Тоқтамыс: «Алда, қан жауғыр­ай, Сә­
темір Парпарияның досы еді, оны мына Құттықия беріп жі­
берген екен ғой. Бар, Құттықияны мұнда шақырыңыз», – деді. 
Тоқтамыс ханның алмасы өзі отырған төсегінің астында тұрады 
екен, сонда Құттықия үйге кірісімен еш нәрсе айтпастан басын 
кесіп тастаған. Сосын Құттықияның үйіне кісі жіберген: 
«Бар, тез біліп келіңіз, үйінде қатыны буаз ба екен?» – деп, 
барған кісілер айтып келді: «Қатыны буаз екен», – деп. Сосын 
Тоқтамыс екі кісіні қарауылға қойды, баласы түскен кезде ұл, 
қыз демей осында алып келіңіз деп. Бұл екі кісі қатын қашан 
туар екен деп бағып жүрді. Сонда сол үйдің қасындағы бір үйде 
той болып жатыр еді, сол той болған үйдің қара қаншығы буаз 
екен. Сонда Құттықияның қатыны толғатқанда, бағып жүрген 
екеуі ана үйде тойда отырғанда Құттықияның қатыны бала сын 

[
  158  
]
тауып, бір адамнан Жылқыбайдың үйінің сыртына апарып 
таста деп беріп жіберіп, өзі көршідегі той болып жатқан үйдің 
қарала қаншығының күшігін әкеліп, астына сала салды. Оны 
ана бағып жүрген екі адам білмей қалады.
Сосын қатынның қасындағы күшік баласын Тоқтамыс ханға 
әкеліп береді. Тоқтамыс Құдайдың құдіреті деді де отыра берді. 
Бір күні Жылқыбай далаға шықса, бір бала жылап жатыр 
екен, оны үйге әкеліп қараса, ұл бала екен. Қатынына айтты: 
«Осы баланы емізіп, өз балаңмен бірге бақ, бұны Құдай берді, 
бұл елден келген бала, соның үшін Едіге қояйық», – деді
21
.
Келтірілген үзіндіден байқайтынымыз – ғұмырнамалық 
тұ 
тастанудың бұл бөлшегі Едігенің әкесі жайлы көбірек 
сөз ететіндігі. Бірақ солай бола тұрса да болашақ батырдың 
керемет жағдайда туатын әдеті мұнда да бар, ол – Едігенің өз 
тегіне лайық тумауы, яғни әкесін өлтіргеннен кейін тууы. Бұл 
оның әлеуметтік статусын күрт өзгертіп жіберіп отыр. Соның 
өзінде де Едігенің келешегі ерекше болатынын сезуге болады, 
өйткені ол әдеттегіден басқаша, тіпті оғаштау көрінетін жағ­
дайда дүниеге келеді: әкесінің басы шабылады, шешесі аңдуға 
түседі, сонда оны қаншықтың күшігімен ауыстырып, аман 
алып қалады. Сөйтіп тумай жатып қуғынға ұшыраған Едіге 
жетім боп өседі. Міне, бұл да бас қаһарманды дәріптеу әдісі. 
Себебі іште жатқанда ханның қаһар төгуі дүниеге келетін 
нәрестенің жай адам емес екенін көрсетеді. Болашақ батырдың 
әрі қарайғы өмірі осыны дәлелдейді, ал оның жетімдік көруі – 
фольклорлық эстетика
22
.
Сонымен Едіге жайлы екі жырдың екі түрлі басталатынын 
көріп отырмыз. Бұл айырмашылық емес. Мұнда мазмұн 
жағынан екі түрлі пролог қиял­ғажайып ертегісінде болатын 
оқиға түрінде баяндалады, екіншісі жай ауызекі әңгіме, онда 
оқиғаның желісі тұрмыс­салт ертегісіндей, еш мифологиялық 
немесе қиял­ғажайып қоспа жоқ.
Бұл бастамалар мазмұн жағынан екі түрлі болғанмен 
бір қызмет атқарып тұр. Ол – кейіпкерді дәріптеу. Ал енді 
айрықша көңіл бөлетін бір мәселе – не себепті бұл екі про­
логтың мазмұны, кейіпкерлері, оқиғасы екі түрлі. Әрине, 
бұл сұраққа дәстүрлі түрде, яғни фольклорда солай болады, 
себебі варианттылық бар деп жауап беруге болады. Солай екені 

[
 
 159  
]
рас. Алайда, бұл ғұмырнамалық және шежірелік тұтастануға 
түскен жыр ғой. Демек, қаһарманның туу тарихы мен ата­
бабасы барлық вариантта бірдей болмаса да, ұқсас болып келеді 
емес пе? Айталық, «Алпамыста», «Қобыландыда», «Қозы 
Көрпеш – Баян Сұлуда», «Қыз Жібекте» рас қаһармандардың 
ата­анасының хал­жағдайы, олардың дүниеге келу жайы 
ол шығармалардың барлық варианттарында бірыңғай. Рас, 
кейбір нұсқаларда ата­аналардың есімі өзгеріп, олардың орны 
ауысып жүреді, бірақ бәрібір оқиғалары ұқсас болады. Ал 
Едіге туралы эпостың варианттарында оның ата­анасы әр басқа 
және дүниеге келу тарихы да әр түрлі. Тіпті бір нұсқасында 
батырдың қалай туғаны, әке­шешесі кім болғаны жайлы 
толық түрде айтылмай, жай ғана әңгімеленеді. Мұндай ала­
құлалық нені көрсетеді? Біздіңше, мұның бірнеше себебі бар. 
Ең алдымен, ол – Едіге туралы жырлардың фольклорлық 
айналымға кештеу түскендігі. Сол себепті басқа эпостарға 
қарағанда мұнда тарихи белгілер көбірек сақталған. Ендігі 
бір себеп – Едіге туралы жырлар ғұмырнамалық тұтастануға 
да кеш түскен, оның айғағы – батырдың ата­анасы мен тууы 
туралы бастамалардың бір ізге түспегендігі. Осындай пікірді 
өзінің Едіге батыр жайындағы зерттеуінде В. Жирмунский де 
айтқан: «Батырдың балалық шағын баяндайтын әңгімелер ең 
кейін пайда болуы мүмкін және олар аңыздық сипатта болып 
келеді»
23
, – деп жазған ғалым.
Жалпы ғұмырнамалық тұтастанудың алғашқы бөлігі – 
ба 
тырлық ертегілер мен қаһармандық эпостарда көбінесе 
кейіпкер тумай тұрғандағы жағдайды баяндау болса, соның 
мол тараған түрі – қартайғанша бала көрмей шерменде болған 
қариялардың тағдыры. Енді осы бөлшекке тоқталайық.
Перзентсіз ата-ана. Ғылымда болашақ батырдың ата­анасы 
қалай перзентті болғаны туралы баяндауды кейде мотив, 
кейде сюжет деп атайды. Егер сюжет – жекелеген мотивтің 
жиынтығы (А. Веселовский) екенін ескерсек, перзентсіз ата­
ана туралы әңгіме жеке болмай, көбіне­көп батырдың керемет 
боп туатыны жөніндегі сюжеттің құрамында жүретіні бізге бұл 
эпизодты «перзентсіз ата­ана мотиві» деуге негіз бола алатын 
тәрізді
24
.

[
  160  
]
Айтылмыш мотив, әдетте, ертегілерде және жырларда 
кездеседі де, кейіпкерді дәріптеу үшін қолданылады. Айталық, 
болашақ батырдың елден ерекше болатынын осы ата­анасының 
Құдайдан, әулиеден перзент сұрайтынынан неме се анасының 
өте күшті аңның етіне, бауырына, жүрегіне жерік болуынан­ақ 
күні бұрын білуге болады. Оның үстіне ол баланың ата­анасы 
қартайған, баяғыда бала көтеруден қалған кемпір мен шал 
болуы да дүниеге келер нәрестенің осал болмайтынын көрсетеді 
емес пе? Екінші жағынан, төрт түлігі сай қариялардың «қубас» 
атанып, елден безуі, тау­тасты кезуі – жырдың эмоциялық 
әсерін күшейтпей ме, тыңдаушының психологиясына, көңіл­
күйіне ықпал жасап, бала үшін зар илеген кәрілерге деген 
аянышты сезім тудырып, сол арқылы ғаріп болған жандарға 
рахымды болуға тәрбиелемей ме? Мысалға «Қыдырбайұлы 
Қобыландыны» алайық. Ақшахан деген хан баласы жоқ Қы­
дырбайды өлтіріп, малын, әйелін тартып алғысы келеді. Мұны 
естіген Қыдырбай ханның бұлай қорлағанына шыдай алмай, 
тентіреп кетеді. Енді жырдың өзін тыңдап көрелік:
Қыдырбай байғұс жол жүрді,
Қаңғырумен көп жүрді.
Басын сүйер жерлері
Далада жатқан тас болды.
Ақшахан сондай қаңғыртып,
Қыдырбаймен қас болды.
Қаңғырудың бойында
Жетпіс күндей жол жүрді.
Толып жатқан көп мола,
Моланы көріп Қыдырбай
Жетіп келді қасына.
Демалайын енді деп,
Құдай тілек берді деп,
Бір моланың қасына
Жата кетті Қыдырбай,
Көзі ілініп кеткенде,
Бір адам келді қасына.
«Аршыланың мен, – деді, –
Басыңды көтер сен, – деді. –

[
 
 161  
]
Сіздің үшін тілеуге 
Аллаға бардым мен, – деді. 
Алла берді тілегің, 
Ұл менен қыз туады 
Үйге барсаң қатының. 
Ноғайлы атын қояды, 
Енді елге хан болдың, 
Тілегің қабыл жан болдың. 
Жатпа мұнда сен», – деді, 
Хабар бердім мен» – деді.
27 
Айтқандай­ақ, Қыдырбайдың кемпірі көп ұзамай жүкті 
болып, жыланның басына жерік болады. Сөйтіп дүниеге 
Қобыланды атты ұл менен Хансұлу атты қыз келеді.
Міне, осындай Құдайдан тілеп алған, жыланның басына 
жерігі қанғаннан пайда болған бала елден ерекше болатыны 
бірден айқын сезіледі және ол солай болады да: төрт жасында 
жігіт болған ол тұңғыш ерлігін көрсетеді – шіреніп атқан 
жебесі қара тасты қақ бөледі. Бұл ерлік – ғұмырнамалық 
тұтастанудың кезекті бір бөлшегі.
Бірінші ерлік.  Әдетте, батырлық ертегі мен эпоста керемет 
жағдайда туған бала жылдам өсіп, өте күшті, әрі ақылды болып 
шығады. Оның ерен қайраты мен даналығы ерте байқалады. 
Көп жағдайда ол ә дегеннен шайқасқа қатыспайды. Керісінше, 
оның күші құрдастарымен ойнап немесе күресіп жүргенде 
білінеді. Кейде батырдың алыптығы оның жас кезінде аса 
қауіпті мақұлықпен я болмаса жабайы аңмен алысқанда көрі­
неді. Мысал ретінде Оғыз жырларындағы, дәлірек айтқанда, 
Қорқыт ата кітабындағы асау бұқаны өлтіретін Бұқашты, 
өзінің құрдастарын түгел жығып салып, төбесіне шығып 
алатын Едігені, бір кемпірдің баласын шекесінен шертіп, 
байқамай өлтіріп қоятын Қозыны, т.б. батырларды айтуға 
болады. Мәселен, осындай алғашқы ерліктің бір үлгісін 
Алпамыс батыр былай көрсетеді: «Сол уақыттарда Алпамыс он 
жасқа толып, Жиделібайсын жеріне, қалың Қоңырат еліне бек 
болып, жұрт сұрап тұрды. Ойнап жүріп ұрған баласы өліп қала 
беретін болды. Жұрт баласын шығармай үйінде сақтады.
11­279

[
  162  
]
Бір күндері Алпамыс ойнауға бала таба алмай жалаңдап келе 
жатып, бір өрмек құрып отырған кемпірдің ұйықтап жатқан 
баласын көріп: «Ей, бала, тұр, ойнаймыз», – деп түртіп қалса, 
бала ұрғанын көтере алмай өліп қалды»
26
.
Мұндай «ойындарды» ғылымда «батырлық ойындар» немесе 
«бірінші ерліктер» дейді. Батырдың алғашқы қаһармандығы 
ерте жаста көрінгендіктен, ол жауға қарсы шайқас емес, 
негізінен, күш сынасу, кейде аңмен алысу түрінде болып 
келеді. Тек осы бірінші ерлікті немесе «батырлық ойындарды» 
көрсеткеннен кейін ғана батырға үйлену құқы беріледі. Яғни 
ғұмырнамалық тұтастанудың ендігі кезеңі баяндалады.
Батырдың үйленуі.  Эпостық немесе батырлық ертегінің 
кейіпкерлері үйлену үшін әр түрлі сынақтан өтеді және оның 
үйленуінің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Рас, ертегі мен жыр 
қаһарманының үйлену тарихы өзгешелеу болып келеді. Бірақ 
жалпы жүйесі ұқсас: кейіпкердің сұлу қыз жайында (естіп 
кейде түсінде көріп), оған ғашық болуы немесе құрсақта 
жатқанда атастырған қалыңдығы туралы біліп, қызды іздеуі, 
қыздың еліне келуі, ол елде өзінің тегін жасырып, мал бағуы 
немесе қалыңдығына үйленбек ойы бар қарсыластарымен күш 
сынасуы, соғысып, қызды жаудан құтқаруы, т.т. Осылардың 
ішінде екі кезеңге тоқтала кетейік. Алғашқысы – құрдастарын 
аңдамай өлтіріп ала 
тын алыптың өзіне атастырып қойған 
қалыңдығы бар екенін білуі. Мұның өте бір айшықты үлгісі 
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Алпамыс батыр» жырларында, 
«Ер Төстік» тәрізді кейбір батырлық ертегілерде кездеседі. 
Мысалы, Сұлтанқұл Аққожаев жырлайтын «Алпамыс батыр­
дың» қиссасында бұл эпизод былай беріледі:
«Сонда кемпір өрмегінен түрегеп Алпамысқа қарап айтқан 
сөзі еді:
Далада мен отырмын құрып өрмек, 
Жалғызды қасымдағы қылып ермек, 
Баламды жалғыз менің өлтіргенше, 
Алсайшы Гүлбаршынды, қу жүгермек. 
Бекерге жұрт баласын қырып жүрсің, 
Ойыңа келгеніңді қылып жүрсің. 
Сарыбай қызын бермей кетті қашып, 
Несіне ойын ойнап, күліп жүрсің? 

[
 
 163  
]
Есіткесін бұл сөзді 
Алпамыс перен тұрады.
Сұңқардай мойын бұрады:
– Түсінбедім, шешежан, 
Қайтадан айт, – деп сұрады. 
Сонда кемпір сөйледі:
– Атадан жалғыз туғансың. 
Туғаннан белің буғансың.
Сайып қыран ер болып, 
Қанмен қолың жуғансың. 
Талай бала қырғансың. 
Шекті деген елінде 
Сарыбай деген бай еді, 
Жалғыз қызы Гүлбаршын 
Он бесте туған ай еді. 
Жасыңнан саған айттырған 
Гүлбаршын саған жар еді. 
Сарыбай бір күн ойлады, 
Алғыр құстай бойлады: 
«Жалғыз қызым, бермеймін, 
Артынан бала тумады. 
Алпамыс қыран өледі, 
Артында жоқ көмегі. 
Алпамыс батыр өлгенсін, 
Құлға кызым тиеді. 
Құлға қызым тигесін 
Қандай қорлық көреді?» 
Осыны ойлап Сарыбай 
Бөліне кешіп жөнеді. 
Күшің болса барсаңшы, 
Жесіріңді алсаңшы, 
Намысыңды ойламай, 
Қай жерден күлкің келеді»
27
.
Батырдың үйлену тарихы осыдан басталады. Ол енді сол 
өзі көрмеген қалыңдығын іздеуге шығады. Эпоста,  ертегіде 
кейіпкердің  осы  сапарда басынан кешірген оқиғалары әр 
алу 
ан болып келеді. Соның бірі – қаһарманның қыз еліне 

[
  164  
]
келгендегі жағдайы. Көбінесе бұл қыздың ауылына жау келіп, 
сұлуды берсе қолынан, бермесе жолынан алып, әйел етпекші 
болып отырған қалмақ ханы мен қалың қол жатады. Міне, 
зорлықшылармен соғысу –  батырдың үйлену жолындағы 
тағы бір кезең, кәмелеттік сынақ. Рас,  жырларда мұндай сы­
нақ  тек  соғысу емес, күш пен  тапқырлық  немесе  мергендік 
сайысы түрінде болып келеді. Айталық, Қозы Көрпештің 
қайын атасының еліне тазша кейпінде келіп, бақташы болуы 
мен Қодармен, тоқсан серімен сайысқа түсуі де, бір жағынан, 
осындай  кәмелеттік сынақ, ал екінші жағынан, оның өзіне 
сын. Сол сияқты Төлегеннің Қыз Жібекті іздеп келіп, Шекті 
елінде әр көрген қызына бір жорғадан беруі де –  кәмелеттік, 
әрі азаматтық сынақтың бір түрі. Ал өзінің қалыңдығын 
жаудан құтқарып алу – батырлар жырының басты ерекшелігі. 
Мәселен, Қамбардың Назымды, Сансызбайдың Жібекті жау 
құрығынан азат етіп, осы  жолда басын тігіп, сансыз жаумен 
жалғыз айқасу – батырдың ерлігіне сын болуымен қатар, оған 
сүйікті қызын алуға толық құқық береді, сондай­ақ қыздың 
да  батырға деген іңкәрлігін арттырады. Мұны біз «Алпамыс 
батырдан» да көреміз. Көп қалмақты қойдай қырып, Қараман 
ханды мазақ етуге әйелдердің билігіне берген  Алпамысты 
болашақ қайын атасының жұрты былай қарсы алады.
Алпамыс күйеу келді деп, 
Қалмақтың бәрін жеңді деп, 
Тартылды керней әр жерде. 
Алтын кілем үстінде 
Отырды толқып бұл ер де. 
Хан қылып халық көтерді
Есебі жоқ көп елде. 
Қатындар ертіп жүгірді 
Отауға барып кіргенде. 
Қыздар да кетті қуанып,
Гүлбаршынды әкеп бергенде. 
Гүлбаршын сұлу жүгірді 
Мырзаның түсін көрерге. 
Лажын тапса аямай, 
Құрбан ғып жанын берерге, 

[
 
 165  
]
Жол тимеді арадан 
Құшақтап келіп сүйерге
28
.
Жырда батырдың үйленгеннен кейінгі басынан кешетін 
оқиғалар – көбіне­көп жорықтар, шайқастар, батырдың көр­
ген қиындықтары болып келеді. Бір қызығы – ертегі ғашық­
тық дастандарда кейіпкердің үйленуімен әңгіме тәмам бол­
са, батырлық эпоста қаһарманның үйленуі соңғы кезекте 
болмайтын жағдай жиі кездеседі. Неліктен бұлай? Біздің 
ойымызша, ертегі мен батырлық жырларда кейіпкердің негізгі 
мақсаты басқа: елін қорғау, жұртының намысын жоқтау. 
Сондықтан да Алпамыс жас келіншегін еліне әкеле салып, ол 
жоқта елін шауып кеткен Тайшықтың соңынан қуа шығады. 
Бұдан әрі қарайғы әңгіме – Алпамыстың басынан кешкендері. 
Бұл да ғұмырнамалық тұтастанудың нәтижесі. Ғұмырнамалық 
тұтастанудың соңғы бөлшегі –  кейіпкердің  қайтыс болуы.
 Ба­
тырды дәріптеу ниетінен пайда болған ғұмырнамалық тұ­
тастану қаһарманның дүниеге келуінен бастап, оның өмірін 
толық қамтуды, сондықтан қайтыс болғанына дейінгі мезгілді 
түгел баяндауды қажет етеді. Сөйтіп, ежелгі ертегілердегі, көне 
эпостағы кейіпкердің енуімен бітетін оқиға енді ғұмырнамаға 
сәйкес қаһарманның үйленгеннен кейінгі өмір тарихына 
ұласады. Осы жерде көңіл аударарлық бір ерекшелік сол – 
қазақ батырлық эпосында қаһарманның қалай өлгені жайында 
айтыла бермейтіндігі. Мәселен, қырғыздың «Манасында» 
батырдың өмірден кеткен шағы толық баяндалады, тіпті оның 
әйелі Қаныкейге айтқан арманы мен өсиетіне дейін беріледі 
және ол өлгеннен кейінгі Қаныкей мен баласы Семетейдің 
тіршілігі суреттеледі. Ал қазақтың батырлық эпосында мұндай 
баяндау сирек. Көп жағдайда батырдың қайтыс болғаны 
жайында оның баласы туралы жырда жай ғана хабарланады. 
Демек, батырдың қайтыс болуын тәптіштеп баяндау шежірелік 
тұтастануға толық түскен шығармаларда ғана болады. Олай 
болса «Манастағы» жағдай біздің бұл ойымызды толық дә­
лелдейді. Ендеше, қаһарманның қайтыс болуын кең суреттеу – 
әкелі­балалы батырлардың ерлігін жырлайтын шығармаға 
тән деген тұжырым жасауға негіз бар. Бұл сөзімізді «Қозы 
Көрпеш – Баян Сұлу» жыры да растайды. Жырдың Жанақ 

[
  166  
]
жырлаған, Пота нин жазып алған варианттарында Қозы мен 
Баян қосылып, отыз үш жыл өмір сүргені, содан соң Қозының 
өлгені, Баянның оны жоқтағаны, мазар тұрғызып, өзінің 
өлгені, олардың баласы Күлептің батыр болып, ел билегені 
түгел әңгімеленеді.
Ал «Қырымның қырық батыры» тобындағы жырларда мұн­
дай кең баяндау жоқ. Мысалы, «Көкшенің ұлы Ер Қосай» 
жырында Ер Көкшенің қайтыс болғаны былай әңгімеленеді:
«Қосай әкесі өліп, жетім қалды. Сол уақытта Сарыбай 
деген бай болды. Алты ұлының ортасында оның Қарабек деген 
жалғыз қызы болды. Көкшеден Қосай үш жаста жетім қалды, 
жасы  бес­алтыға толғанда шешесімен еріп Сарыбайдың үйіне 
барды, барған кезде Сарыбайдың қызы Қарабек Қосайдың 
шешесінің қолтығына бір нәрсе салып жіберді»
29
.
Көріп отырғандай, мұнда Көкшенің өлуі «Ер Көкше» жы­
рында сөз болмай, оның баласы Ер Қосай  туралы  жырда  жай 
ғана  хабарланады.  Соның өзінде Қосайдың жетім бо лып, 
қиыншылық көріп өскенін көрсету  үшін ғана айтылады. 
Жалпы, бір ескертетін жайт: «Қырымның қырық баты ры» 
то бындағы жырлардың кейбірінде батырлар жастайынан же­
тім боп өседі. «Аңшыбай батыр», «Едіге», «Қарасай­Қазы», 
«Қарадөң» жырларын айтуға болады.
Біздің пікірімізше, батырлардың жастайынан жетім 
қа луы  – фольклор эстетикасынан туындаған нәрсе. Оның 
арғы түбінде халықтың елді­жерді қорғаған қаһарманды 
дәріптеу мақсаты жатқаны күмәнсіз. Өзінің сүйікті батырын 
жұртшылық барлық қиындықты жеңе білетін, қарапайым 
халықтың арасынан шыққан ұлы қайраткер етіп көрсетуге 
тырысады, барынша көтермелейді. Эпостың осы  заңдылығын 
Қаныш Имантайұлы өте жіті аңғарған. «Көпшілік екпінді, 
қауырт оның бетінде орталық болмайды, –  деп жазады Қа­
ныш аға, –  біреуді сүйсе, оны тым ардақтайды, бойына сыр­
майтын қасиеті болмайды:  теңіздей терең ақыл, болаттай 
берік қажыр, таудай биік дәреженің бәрін де оның басына 
жалғайды»
30
. Сөйтіп, батыр алуан түрлі қасиетке ие болады: 
ол ержүрек, қайратты, қайсар, жауына қатал, жақынына 
мейірімді, нашарға кешірімді. Ол – тек батыр ғана емес, 
сонымен қатар еліне, ата­анасына қайырымды қамқоршы, аға­

[
 
 167  
]
іні, қарындастарына жанашыр бауыр, балаларына үлгілі әке. 
Оның осы қасиеттері тіпті оның ұрпақтары туралы жырларда 
да мадақталып отырады. Демек, батырды дәріптеу – шежірелік 
тұтастануға әкеледі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет