Атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары


Қазақ тілін қалай кретивті өткіземіз?



бет106/162
Дата11.12.2023
өлшемі1,89 Mb.
#136963
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   162
Байланысты:
annotation214581

Қазақ тілін қалай кретивті өткіземіз?


  • Сабақты әдеттегідей өзгеше заманауи коммуникацияға құру;

  • Акцентпен жұмыс жасау;

  • Білім алушыларға мотивация беру;

  • Миды оятатын жаттығудан бастау;

  • Санамақ, тақпақ, жаңылтпаш айтқызу, ассоцация тудыру;

  • Нейрогимнастика, артикулляциялық жаттығуларды жасату арқылы есте сақтауға дағдыландыру.


Әдебиеттер тізімі:

  1. Қ.Әбдібекқызы Оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамыту. Алматы: Рауан,

  2. Қадырова Б.Н. Оқушылардың шығармашылық әрекетін дамытудың кейбір ғылыми-педагогикалық проблемасы // Білім. 2021. №1.

  3. Ошақбаева Г Жаңашылдық шеберлікті арттырады.Қазақстан мектебі.- 2021ж №10

ӘМІР ТЕМІР ДЕРЕКТЕРІ




Ибрагимова М.Н.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, аға оқытушы

Рзағазы Г.Б.


19 ЖББМ КММ тарих пәні мұғалімі, педагог зерттеуші Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

Темір әулеті тарихнамашыларының шығармалары Ақ Орда мемлекеті мен оның билеуші- лерінің тарихынан құнды мәліметтер беретін дерек көзі болып табылады. Біржақтылығына қарамастан бұл деректер қолданыс аясынан өз орнын тауып келеді. Алайда әлі күнге дейін бұл шығармалар деректік талдауды қажет ететін деректер қатарына жатады.


Темір және оның ұрпақтарына арналған шығармалар мыналар: әмір Темірдің «Тузук-и Темури», Низам ад-Дин Шамидің «Зафар-наме», Му،ин ад-Дин Натанзидің «Мунтахаб ат- таварих-и Му،ини», Шараф ад-Дин ' Али ибн Шайх Ходжи Йаздидің «Зафар-наме», Мырза Ұлықбектің «Тарих-и арба ' улус», «Маджма ' ат-таварих-и султанийа» және Шихаб ад-Дин ' Абдаллах ибн Абд ар-Рашид ал-Харавидің (Хафиз-и Абрудың) «Тарих-и Хафиз-и Абру», Абу-л-Хасан Са 'ид ' Али ал-Джурджани, Фасих Ахмад ибн Джалал ад-Дин Мухаммад ал- Харавидің «Муджмал-и Фасихи», Камал ад-Дин ' Абд ар-Раззак ибн Джалал ад-Дин Исхак Самаркандидің «Матла ' ас-са ' дайн ва маджма 'ал-бахрайн», Мухаммад ибн Саййид Мухаммад ибн Амир Бурхан ад-Дин Хаванд-шах ибн Шах Камал ад-Дин Махмуд Балхидың (Мирхондтың) «Раузат ас-сафа фи сират ал-анбийа ва ал мулук ва ал-Хулафа», «Ма 'асир ал- Мулук» және Гийас ад-Дин Мухаммад ибн Ходжа Хумам ад-Дин Мухаммад ибн Ходжа Джалал ад-Дин ибн Ходжа Бурхан ад-Дин Мухаммад Хусайни Ширази Херавидің (Хондемирдің) «Хабиб ас-сийар фи ахбар афрад ал-башар», «Му‘изз ал-ансаб» және де Захир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-намесі», «Силсилат ас-салатин» шығармалары. Зерттеуіміздің мақсаты осы деректер негізінде Ақ Орда билеушілерінің тарихына қатысты мәселелерді зерттеу.
Му'ин ад-дин Натанзи Сасы-Бұқадан бастап өрбіткен Орда Ежен ұрпақтарының билігі жайлы көп мәліметтер береді. Ол Ақ Орда билеушісі Сасы-Бұқа Ноғайдың ұлы деп көрсе- теді. Алайда Сасы-Бұқа Ноғайдың емес Баянның ұлы екендігі зерттеушілермен дәлелденген болатын. Му'ин ад-дин Натанзи Сасы-Бұқаны сол уақытта Алтын Орда тағына отырған Тоқтының ұлы Тоғрылдың замандасы ретінде таныйды. Алайда Низам ад-дин Шами мен Шараф ад-дин Йазди, Ұлықбек шығармаларындағы мәліметтерінде Алтын Орда тағына Тоқ- тыдан кейін билікке Тоғрыл емес, оның ұлы Өзбек хан отырған. Бұл деректердің ешқай- сысында да Тоғрылдың таққа отырғандығы жайлы мәліметтер кездеспейді. Тек Му'ин ад-дин Натанзидің шығармасында ғана оның билеген уақытынан мәліметтер беріледі.
Му'ин ад-дин Натанзи Сасы-Бұқаның бұрынғысынша бағыныштылық ережесін сақтаған- дығын айтады. Ол 30 жыл билігі тұсында Тоғрыл хан мен Өзбек ханның бірде бір шақыры- луынан қалған емес дейді. Сөйтіп 720 х.ж. (1320-1321) қайтыс болатындығын айтады.
Сасы-Бұқа қайтыс болғаннан соң оның орнына Өзбек ханның бұйрығы бойынша Сасы- Бұқаның ұлы Ерзен отырады. Ол жайлы «Мунтахаб ат-таварих-и Му'иниде» былай сурет- теледі: «Он был царем крайне умным, праведным, превосходным, богобоязненным.» [1, 129- 130] Сонымен қатар Му'ин ад-дин Натанзи Ерзеннің Сығанақты көркемдетіп, Отырарда, Сауранда, Жентте, Баршыкентте талай ғимараттар салдырғанын хабарлайды.
Ерзеннің орнына оның ұлы Мүбәрәк-қожа келеді. Му'ин ад-дин Натанзи мәліметіне сенетін болсақ, ол 6 ай ғана билік құрған және де оның билікке келуімен елде бүлік, тәртіпсіздік орнайды деп көрсетіледі. Әбден тыныштыққа үйренген халық оған алты айдан артық шыдай алмады. Сөйтіп Мүбәрәк-қожаның биліктен кетуіне тура келді. Одан соң ол тағы «2 жыл 6 ай Алтай мен қырғыздар елінде үйсіз-күйсіз қаңғырып жүріп, соңында сол жерде қаза табады» деп Му'ин ад-дин Натанзи Мүбәрәк-қожаның өмірін қысқаша ғана баяндайды. Ал Гафари дерегіне сүйенетін болсақ, ол 6 ай билік құрғаннан кейін өледі. [1, 211] Тарих ғылымдарының докторы З.Қинаятұлы Мүбәрәк-қожа 6 ай ғана билік құрды деген Му'ин ад-дин Натанзидің мәліметіне сүйене отырып: «Әрине, Мүбәрәк-қожа билігі ұзаққа созылмағанымен, ол аз уақыт ішінде әкесінің тұсында басталған игі істерді (дербестікті Қ.З) ақырына жеткізуге тырысып бақты. Әйгілі Орыс-хан «Мүбәрәк-қожаның ісін жалғастыруды» өз алдына мақсат етіп қойғанына қарағанда, Мүбәрәк-қожаның Ақ Ордада атқарған қызметі салмақты сияқты», - дейді[1,190].
Сонымен қатар З.Қинаятұлы «"Бүркеншік Искандерде" Мүбәрәк-қожаның тұсынан Ақ Ордада бүліншілік басталды деп жазуы бұл Шибан әулеті тарихшыларының Мүбәрәк-қожа- ның тәуелсіздік саясатына қарсы пікірінің әсерінен болуы мүмкін. Олай дейтініміз егер Ақ Ордада Мүбәрәк-қожаның тұсында бүліншілік етек алғаны рас болса, оның інісі Шымтай 17 жыл дербес билік құрып Алтын Орда тағына отыруға арнаулы шақыру алмаған болар еді»,- деген пікірі көңілге қонарлық [1, 191].
Ал кейбір зерттеушілер Му'ин ад-дин Натанзидің Мүбәрәк-қожа 6 ай ғана билік құрды деген пікірін жоққа шығарады. Н.Н. Мингулов: «...Мүбәрәк-қожа ханнан (1320-1344) бастап Ақ Орда билеушілері Алтын Ордаға тіпті сөз жүзіндегі тәуелділігінен де түпкілікті құтылды», - дейді. Автор өз мәліметіндегі 1320-1344 жылдар Стэнли Лен-Пульдің деректері мен ақша материалдары бойынша осылай деп көрсетеді.
Босфорт өз зерттеуінде Сасы-Бұқадан соң билікке Ильбасан (1315-1320) келді, одан кейін Мүбәрәк-қожа (1320-1344) таққа отырды деп келтірсе, Қ. Салғараұлы да сол жылдарды көрсетеді, бірақ Мүбәрәк-қожаны Ерзен деп біледі.
З.Қинаятұлы 1320-1344 жылдар, яғни П.С. Савельев бойынша келтірілген Мүбәрәк- қожаның билік құрған жылдары Орда Еженнен соң Ақ Орданың шынай тәуелсіздікке қол жеткізген уақыты болып табылады,-дейді [2, 190]. Ал Қ. Салғараұлы: «...Алтын Орда екіге бөлінді дегенде кейінгі Ақ Орданы тәуелсіздік алып, Алтын Ордаға бағынбай кеткен кезі деп айтамыз. Бұл бөліну парсы тарихшысы Му'ин ад-дин Натанзидің жазуына қарағанда, Алтын Орданың ханы Тоқтаның тұсында болған секілді. Ал оның хандық құрған кезі 1290 мен 1312-жылдардың аралығы. Демек, Ақ Орданың Алтын Ордаға бағынбайтын дербес жеке хандық құрған кезін осы жылдардан бастау керек. Мұны Өзбек ханның Орда-Ежен балаларын бұрынғы тәуелділік қалпына келтіру үшін баласы Тыныбекті зорлықпен оларға қоятыны да дәлелдейді. Алайда Тыныбек көп кешікпей өлтіріліп, Орда-Ежен балалары билікті өз қолдарына қайтарып алады»,-деп Ақ Орданың өз дербестігін алған уақытын одан әрі ұзартып жібереді. Мүбәрәк-қожадан кейін Ақ Орда тағына Му'ин ад-дин Натанзи мәліметі бойынша Өзбек ханның жарлығымен Ерзеннің ұлы Шымтай (1344-1361) отырып, ол 17 жыл жеке-дара билік жүргізеді. Бұл жерден бір байқайтынымыз Му'ин ад-дин Натан- зидің деректерінде Орыс ханға дейінгі Ақ Орда хандары Алтын Орда хандарының бұй- рығымен таққа отырған. Демек Ақ Орда тек Орыс ханнан бастап қана өзінше жеке мемлекет ретінде өмір сүре бастаған.
Деректерде Шымтайдың қалай өлгендігі жайлы ешқандай мәліметтер кездеспейді. Шымтай өлімінен кейін оның ұлы Ұрұс хан билікке келеді. Ұрұс ханның өмірі мен саясаты жайынан темірлік деректер толығырақ мәліметтер келтіреді. Әсіресе Му'ин ад-дин Натан- зидің «Мунтахаб ат-таварих-и Му'ини» шығармасындағы мәліметтер нақтырақ деп айтуға болады.
Ұрұс хан тарихта қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы ретінде танымал. Ол мықты әскери қолбасшы, мемлекеттік қайраткер және де өз заманының қажыр-қайратты билеушісі.
Сонымен қатар Ұрұс хан түрлі діни мекемелер (мешіттер, медреселер) салу арқылы өз мем- лекетінің соның ішінде Сығанақ қаласының мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Му'ин ад-дин Натанзи бойынша Ұрұс хан «өте соғысқұмар, күшті және құдыретті патша» ретінде сипатталады. Му‘ин ад-Дин Натанзи Ұрұс хан Шымтайдың ұлы, Шымтай Ерзеннің ұлы, Ерзен Сасы-Бұғаның ұлы, Сасы-Бұға Ноғайдың ұлы деп көрсетеді. Бұл деректе Сасы-Бұға Ноғайдың ұлы деп танылады. Ал Рашид ад-Дин және басқа да деректер бойынша Сасы-Бұға Баянның ұлы. Му‘ин ад-Дин Натанзи шығармасындағы Ұрұс хан шежіресін Рашид ад-Дин мәліметтері бойынша жалғастырар болсақ, Ақ Ордада Сасы-Бұғаға дейін Орда (Орда-Ежен) – Сартақан (Сартақ) – Қуынжы (Қоңшы) – Байан билік еткен [1, 41-48]. Осы жерде Ұрұс хан Орда-Еженнің ұрпақтарынан тараған деген пікір қалыптастыруға болады.
Енді сол Ұрұс ханның шежіресі жайлы келтірілген деректерді екі топқа бөліп қарастырып көрелік. Біріншісі қазақ хандарының әулетін қалыптастырған Ұрұс ханды Тоқа-Темірден таратып көрсеткен деректер тобы:

  1. «Шаджара-йи турк», Хива ханы Әбілғазының (1603-1664) шығармасы.

  2. «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» («Нусрат-наме»); шамамен 1504 жылы Орта Азияда жазылған.

  3. «Муизз ал-ансаб»; Темір әулетінің ұрпағы Шахрухтың бұйрығымен құрастырылған 829/1426 жылғы белгісіз автор шығармасы.

  4. ХҮІ ғасыр авторы Өтеміс Қажының «Шыңғыснамесі».

  5. ХҮІІ ғасыр тарихшысы Махмуд ибн Валидің «Бахр-ал-асрар» шығармасы. Екіншісі Ұрұс ханды Орда-Еженнің тікелей ұрпағы ретінде көрсететін деректер тобы:

    1. «Мунтахаб ат-таварих-и Му‘ини» немесе «Ескендір анонимі»; 816/1413-1414 жылғы әмір Темір ұрпақтарының тарихшысы Му‘ин ад-Дин Натанзидің шығармасы.

    2. «Нусах-и джаханара» - 972/1564-1565 жылы жазылған әл-Гафари шығармасы.

    3. «Тарих-и Хайдари» - жалпы тарих, 1611 мен 1619 жылдар аралығында Хайдар ибн Әлі Хұсайн Разимен жазылған.

    4. ХҮІІ ғасырдағы османдық тарихшы Мунаджжим-башидің «Джами ад-дувал» шы- ғармасы.

Бірінші деректер тобына сүйене отырып Ұрұс ханды Тоқа-Темірден тарататын зерттеу- шілердің пікірлеріне тоқталып өтелік. Оның бірі белгілі шығыстанушы В.П. Юдин «Шың- ғыснамеге» сүйене отырып Ұрұс ханның Тоқа-Темірдің ұрпағы екенін дәлелдеп көрсетеді. Оның шежіресі «Жошы ұрпағының генеалогиясы» бойынша былай: Жошы, одан Тоқа-Темір, одан Үз-Темір, одан Қожа, одан Бадық, одан Ұрұс хан. Шайбан ұрпақтарын жақтаушы
«Шыңғыс-наме» және басқа дереккөздер де Ұрұс ханның Тоқтамыс ханның, Темір-Құтлық ханның, олардың ата-бабалары мен ұрпақтарының осы мәселесіне, яғни шыққан тегіне ерекше көңіл бөлген. Өйткені бұлардың бәрі Тоқа-Темірдің ұрпағы болатын. Тоқа-Темірдің ұрпағы, негізінен, ХҮ және одан кейінгі ғасырларда Шайбан ұрпақтарының Алтын Ордадағы және Шығыс Дешті Қыпшақтағы билік үшін күрестегі бірден-бір қарсыластары болды. Сондықтан «Шыңғыс-наменің» Ұрұс хан мен Тұғлық-Темірдің (Тұғлық-Темірдің Тоқа- Темірдің ұрпағы екеніне шек келтіруге болмайды) шыққан тектерінің бірлігі жөніндегі дерегі Ұрұс ханның және қазақ хандарының Тоқа-Темірден тарайтынын қосымша және нақты дәлелдейтін дерек болып есептеледі» [1, 121] -дейді.
Шығыстанушы М.Әбусейітова да Хива ханы Әбілғазының «Түрік шежіресі» мен Махмуд ибн Валидің «Бахр ал асрар» шығармаларына сүйене отырып В.П. Юдиннің пікірін то- лықтай қуаттай түседі. Әбілғазы өз шежіресінде былай дейді: «Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқай Темір - Өз Темір – Хожа Бадақұл ұғлан – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан - Әбусағит (лақабы Жәнібек хан). Оның тоғыз ұлы бар еді: Ираншы, Махмұт Қасымке, Мұхаммед хан. Шибанимен соғысып, Мұхаммед ханның шәйіт болғанын айттық. Одан соң Етік, Жаныш, Қанбар, Тыныш, Өсік, Жәуік» [4, 119]. М. Әбусейітованың көзқарасы бойын- ша Әбілғазы Шыңғыс ханның ұрпағы болғандықтан өзінің шежіресін анық білген болуы мүмкін. Сондықтан оның мәліметтері басқа деректерге қарағанда анағұрлым дәлірек. [5, 77]
«Бұл мәселе баяғыда ақ талас арқауы болудан қалған»-деген В.П. Юдин пікірі ақталмады. Өйткені «дәстүр бойынша Ұрұс хан Орда-Еженнің ұрпақтарынан шыққан деп саналғаны- мен» [6, 328-329] әлі күнге дейін зерттеушілер нақты бір пікірге тоқталған жоқ.
Т.ғ.д. З. Қинаятұлы «қазақ хандарының атасы Ұрұс хан – Орда-Ежен әулетінен делінетін екінші бағытты» [2, 173] жақтайды. Ол Орда-Еженнің әулет шежіресі жайлы жүйелі мағлұмат беретін еңбек негізінде Рашид ад-диннің қолданысында болған және қазақтың ортағасырлық тарихнамалық айналымына Т.Сұлтанов алғаш енгізген «Муизз ал-ансаб» болып табылатындығын атап көрсетеді. З. Қинаятұлы П. Савельевтің Б.Д.Греков пен А.Ю. Якубовскийлердің «Золотая Орда и ее падение» атты еңбегінде келтірілген кестесіне сүйене отырып Ұрұс хан Сасы-Бұғадан тарайды деп шешім қабылдайды. «Қазақ мемле- кетінің бастауында Ұрұс хан, оның ұрпақтары тұрғандығы – ғылымда мойындалған шындық. Сондықтан да Ақ Орда – Қазақ мемлекетінің бастауы, ал Ұрұс хан қазақ хандарының атасы деп танылады» [2, 227] Осы орайда З. Қинаятұлы жоғарыда келтірілген екінші деректер топтамасын монғолдық төл тарихи шежірелерінің бірі «Чингис хааны язгуур Торлийн цади- гууд» (Шыңғыс ханның ата шежіресі) дерегімен толықтыра түседі. Шежіренің (цадиг) №5 кестесінде Жошы әулетінің Ақ Ордалық хандар кестесін Шыңғыс хан– Жошы – Ордана – Кали (Кули) – Буян (Баян) – Сасы-Бұға – Абисан (Ерзен) – Шымтай – Ұрұс хан деп Ұрұс ханды Орда- Еженнің тоғызыншы ұрпағы деп таниды. Моңғол шежірелерінде Орда-Ежен ұрпақтары Ұрұс ханнан бастап «Шығыс қыпшақ хандары» деп аталады.
Сонымен қатар Қ. Өскенбай М. Тынышпаевтың көзқарасы бойынша қазақ хандары әулетінің шығу тарихы жайлы мәселенің тарихнамасына тоқталады. «Ол, - дейді Қ. Өскен- бай, - отандық тарих ғылымында алғаш рет қазақ хандары Тоқа-Темірден тарады деген пі- кірді сынады, батыс тарихнамасындағы қазақ хандар династиясын қалыптастырған Ұрұс хан Жошының ұлы Орда-Еженнен тарады деген жорамалдың дұрыстығын дәлелдеді...
... Му‘ин ад-Дин Натанзидың және басқа деректердің хабарлары М. Тынышпаевтың Ұрұс хан Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнің ұрпағы деген көзқарастың шындыққа неғұрлым жақын екендігін дәлелдейді» [7, 121].
Басқа да бірқатар ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеушілер [8, 116] қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы Ұрұс хан Орда-Ежен ұрпағы екендігіне тоқталады.
Алайда К.А. Пищулина «Ұрұс хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа- Темірден тарайтындығының немесе олардың Орда-Еженмен байланысты болуының прин- ципті маңызы жоқ. Олардың екеуі де дәстүр бойынша Ақ Орданың дәрежесі тең билеушілері деп саналған, өйткені Тоқа-Темір ағалары Орданың ұлысында үлес берілген және бәрі бірігіп Жошы иеліктері мен әскерінің сол жақ қанатын құрған ағайынды төртеудің (Удурмен, Шингкуммен және Шинкурмен бірге) ішінде болған» [6, 328-329]-дейді. Дегенмен бәрібір шындықтың бетін ашып, бәрін анықтап алған артық болмайды. Сондықтан Ұрұс хан Орда- Еженнің ұрпағы деген бір пікірге тоқталған жөн болар. Біз өз зерттеуімізде осы екінші бағытқа жүгінетініміз.
Ұрұс хан әкесі Шымтайдың билік құрған кезінің өзінде мемлекеттік істерге белсене араласқандығы белгілі. Ол әкесін Алтын Орданы басып алып, Ақ Ордаға қосуға үгіттейді. Алайда Му‘ин ад-Дин Натанзидің айтуы бойынша «Шымтай оны тыңдамаған». Ол билік басына келе салысымен осы іспен айналыса бастайды.
Ұрұс ханның билікке қай жылы келгендігі жайлы да деректерде нақты мәліметтер жоқ.Ұзақ уақыт бойы Ұрұс ханның билікке келген жылын 1361 жыл деп зерртеушілермен қолданылып келген болатын. Бұл кездейсоқ емес екендігі белгілі. Өйткені дәл осы жылы деректерде Шымтайдың қайтыс болған жылы ретінде көрсетіледі. 1361 жылы Шымтай қайтыс болды, оның орнына Ұрұс хан билікке келді. «Қазақ ССР тарихында» да осы жыл Ұрұс ханның билікке келген жылы деп ортақ шешіммен қабылданған еді.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше Орыс ханды «1361 жылы Дештінің бір бөлігінің көшпелі тайпалары ғана (ақ киізге отырғызып) хан деп жариялаған, ал Ақ Орданың астанасы Сығанақта түбегейлі бекітілуі және өз атынан теңге шығарған уақыты 1368 жыл.» [7, 104]
Бірақ оқырмандардың көпшілігі қолданатын «Қазақстан тарихында» тек «Ұрұс 1368 жылы Ақ Орда ханы болды», деп көрсетілген. Бұдан Шымтай 1361 жылы қайтыс болғаннан соң Ақ Ордада жеті жылға дейін билеуші болмаған ба?-деген сұрақ туындайды. Неліктен 1361 жылы Шымтай қайтыс болып, одан соң тек жеті жылдан соң ғана, яғни 1368 жылы Ұрұс хан Ақ Орда тағына отырғандығы жайлы «Қазақстан тарихының» екінші том авторлары түсіндір- мейді. Оның үстіне «1368 жылы "державаның тіректері мен сарай шонжарларының" қол- дауына сүйенген Ұрұс хан Еділ бойы жағына жорық жасады.» Сонда Ұрұс хан билікке келе салысымен жорыққа аттанған болып отыр. Алайда ол жорыққа аттанбас бұрын ел ішіндегі тоқатемірлік сепаратизмді басу қажет еді, ал оған көп уақыт керек болды. Ұрұс хан 1374- 1375 жылдары Сарайды алды, Хажы-Тарханды (Астрахань) қоршады, деректемеде «Ұрұс хан жұрты» деп аталған Кама бұлғарларының жерін бағындырды.
Алайда Ұрұс ханның табысы ұзаққа бармады, сөйтіп келесі жылдың өзінде-ақ ол Еділ бойынан кетуге мәжбүр болды. Ұрұс хан өзара қырқыс кезеңінде феодалдардың қолдауымен Алтын Орданың батыс бөлігінде едәуір билікке қол жеткізген Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жолынан тайдырды. Ұрұс хан 1375-1376 жылдары Сырдария жағасына қайта оралды, ал онда Ақ Орданың оңтүстік шегінде Орта Азияның билеушісі әмір Темір өзі- нің агрессиялық қимылдарын өрістетіп жатқан еді.
Ұрұс ханның сыртқы саясатындағы әмір Темірмен қақтығыстары жайлы Темір әулеті тарихшыларымен жақсы сипатталған. Осы қақтығыстардың бірінде кенеттен Ұрұс ханның ауырып қайтыс болғандығы туралы хабар келеді. Бұл 1377 жылдың көктемі еді. Алайда Ұрұс ханның қалай қайтыс болғандығы жайлы деректемелерде нақты мәліметтер кездеспейді. Шығыс Дешті Қыпшақтың саясатынан көбірек хабардар авторлардың бірі Му‘ин ад-Дин Натанзи «өзінің ажалынан өлді», деп жазады.
Ұрұс ханның өлімі жайлы жағдайлармен қазақстандық тарихшы-деректанушы В.П. Юдин өзінің «Ұрұс ханның қазасы жөніндегі белгісіз дерек» атты мақаласын осы мәселеге ар- найды. Ұрұс ханға бағынғысы келмеген Тоқтамыс шырын, барын, арғын, қыпшақ тайпала- рының көсемдерімен бірігіп Еділ өзенінің бойына қарай көшіп кетеді. Ұрұс хан олардың артынан қуып барады. «... Тоқтамыс пен тайпа көсемдері өз кезегінде Ұрұс хан басым күш- пен келді, сөзсіз қырыламыз деп ойлайды. Осы жағдайда олар кетіп бара жатқан тайпаларды Ұрұстан қорғап, мүмкіндіктері келгенше оның шабуылын тойтара тұруға шешім қабыл- дайды. Алайда ұрпақтарын сақтап қалу мақсатында олар өз беттерінше ерге отыратын ұл- дарды бөліп алып, оларға түн құшағында байқатпай шығып кетіп, қауіпсіз қашықтықта болуын тапсырады...» Балалардың арасында Тоқтамыстың 12 жасар ұлы Жалал ад-Дин да бар еді. Әкелерін тыңдамаған «Жалал ад-Дин және оның жолдастары өз кезегінде Ұрұс хан әскерінің бір қанатына шабуылдауға ұйғарып, лап береді. Жалал ад-Диннің атқан жебесі әлдеқалай Ұрұс ханға тиіп, ол содан қаза табады... Осы кезден бастап «Ұрұс ханды Жалал ад- Дин өлтірді» деген ақиқат кең тараған.» [1, 138-139]
Түрік тарихшысы Мұстафа Кафалы Өтеміс-қажының шығармасына сүйене отырып, ханның өлімі жайлы былайша хабарлайды: «Темір Ұрұс ханға қарсы аттанғанда, соңғысы соғыспай Батыс Сібірге қарай қашады. Содан соң, Темірдің өз ордасына қайтқандығын пайдаланып Ұрұс хан жорыққа аттанады. Үстірт аймағында қарсыластарының арасында бол- ған шайқаста Ұрұс хан жеңіліп, көп ұзамай шайқаста алған жарақатынан қайтыс болады.»
Ұрұс ханның өлімі жайлы мәселені зерттеген жас тарихшы Қ. Өскенбай өз мақаласында темірлік деректерге сүйене отырып, Ұрұс ханды өлтірген жоқ ол өзінің ажалынан өлді деген қорытындыға келеді. Оны дәлелдейтін бірнеше фактілерді атап-атап көрсетеді. Қай ханның қалай қайтыс болғанына көңіл бөліп қарайтын темірлік тарихшы Натанзи да бұл жолы Ұрұс ханның қалай қайтыс болғанын нақты көрсетіп береді: «Когда истекло 9 лет правления Урус- хана, он скончался от естественной болезни.» [1, 131]
Т.ғ.д. З. Қинаятұлы: «...Қадырғали Жалайырдың Ұрұс хан "солтүстік жақта Қыштам деген жерде дүние салды" деген хабары орындылау сияқты. Ұрұс хан қолы 1377 жылдың күзінде Сауранға жетіп, Темір-Тоқтамыс қолымен соғысуға бел буып дайын тұрған болатын. Бірақ
үш айға созылған нөсер, қарлы боран ақыры сүйек қарыған аяз соғысуға мүмкіндік бермейді. Му‘ин ад-Дин Натанзидің "Қатты аяздан болып Ұрұс хан аяқ астынан кері қайтты" дегеніне қарағанда, Ұрұс хан осында науқас алды ма деген қорытынды туады»,- [2, 228] дейді.
Қорытындылай келе Ұрұс хан 1377 жылы өз ажалына қайтыс болды деуге толық мүм- кіндік бар екенін байқадық.
Сонымен Ұрұс ханның тұсында Ақ Орда жеке дербес мемлекет ретінде танылады. Ақ Орда біз білетініміздей Қазақстан аумағында өмір сүрген қазақтың алғашқы мемлекеті. Қазақ хандығының құрылуын біз осы Ұрұс ханның билік еткен кезеңінен бастауымыз керек. Оны қаншама рет зерттеушілеріміз айтты да.
Авторы беймәлім Темір әулеті сарайында жазылған шығармалардың бірі «Муизз ал-ан- саб» бойынша Ұрұс хан әулетінен 1) Тоқтақия, 2) Темір-Мәлік, 3) Құйыршық хан шаңырақ- тары тарайды. Тоқтақия шаңырағынан Қазақ хандығының алғашқы ханы Керей хан ұрпақ- тары тарайды. Құйыршық хан шаңырағынан Барақ хан тарайды. Барақ ұлы Жәнібек- тен Кеңесары Қасымұлына дейінгі барлық хандар - Құйыршық хан шаңырағының түлек-тері. Осылайша Ақ Орда мемлекетін басқарып, оның гүлденуіне, экономикасы мен мәдениеті- нің дамуына елеулі үлес қосқан билеушілері жайлы Темір әулеті тарихнамашылары қы- зықты, әрі нақты мәліметтер жазып қалдырғанына көз жеткіздік. Сонымен қатар зерт- теуіміздің арқауы болып табылатын Темір ұрпақтарының тарихшысы Му‘ин ад-Дин Натанзидің «Мунтахаб ат-таварих-и Му‘ини» шығармасындағы мәліметтерге сүйене отырып Ұрұс хан Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнің ұрпағы деп нық сеніммен айта аламыз. Байқағанымыздай Темір және оның ұрпақтарына арналған шығармалардың мәліметтері Ақ
Орда билеушілеріне қатысты күрделі мәселелердің шешімін табуға көмек-теседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   162




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет