Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


МАҒЖАН ЖӘНЕ СӘКЕН ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ РУХАНИ ҮНДЕСТІК



Pdf көрінісі
бет76/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   204
Байланысты:
{CF395923-CB60-413E-9F69-F9338E1D4631}

МАҒЖАН ЖӘНЕ СӘКЕН ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ РУХАНИ ҮНДЕСТІК 
 
Аннотация: қазақ әдебиетінің төрінен ойып тұрып орын алатын, жарық жұлдыздары 
М.Жұмабаев пен С.Сейфуллиннің шығармаларын оқырман қауым тамсана, сүйсіне оқитыны 
белгілі.  Осы  ретте  мақалада  Мағжан  мен  Сәкеннің  лирикалық  поэмаларындағы,  эпикалық 
туындыларындағы,  өлеңдеріндегі  сөз  қолдану  ерекшеліктері  салыстырылып,  үндестіктері 
айқындалады.  Мағжан  мен  Сәкен  шығармаларындағы  лирикалық  кейіпкерлердің 
психологиялық портреті суреттеледі. Екі ақынның шығармашылық шеберлігі мен ақындық 
болмысы зерделеніп, әдебиет әлеміндегі лайықты орны бағамдалады. 
Тірек  сөздер:  лирика,  поэма,  эпика,  өлең,  лирикалық  кейіпкер,  психологиялық   
портрет, рухани үндестік. 
 
«Қазақ  әдебиетінің  асыл  жауһарларының  ішінде  бірі  сыршылдығымен,  бірі 
шыншылдығымен айрықша көзге түсетін талантты ақындардың бірі Мағжан болса, екіншісі 
Сәкен еді» деп айтқандай-ақ, қазақтың маңдайына біткен осындай дара тұлғалар туған жері 
мен елінің бостандығы жолында аянбай күресті, ақтық демі қалғанша «Алашым» деп ұлттың 
азаттығын алдыңғы орынға қоя білді. Екі ақынды сөз ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. 
Ақындардың поэзиясындағы сюжет қоюлығы, кейіпкерді сомдау шеберлігі қатар өріліп, өлең 
астарындағы  терең  мән  мен  мазмұн  бір-бірімен  астасып  жатыр.  Мағжан  мен  Сәкеннің 
шығармалары,  ондағы  лирикалық  кейіпкерлер  ғана  емес,екі  ақынның  тағдыр  жолы  да 
ұқсас.Мағжан  бастан  кешірген  қиындықтар,  жазықсыз  жала  жабылуы  да  көп  ұзамай 
Сәкеннің  де  басына  түсен.  Ақындардың  «Сауықшыл  есіл  елім-ай,  Сарыарқа  сайран  жерім-
ай!»  деп  туған  жері  туралы  жырлаған  ыстық    сезімдерін  екі  ақынның  «Сағындым»  атты 
өлеңінен  көруге  болады.  Мағжандай  ақынмен  қатар  тұратын  сыршыл  сезімге  толы,  қазақ 


181 
 
поэзиясындағы  лирик  ақын  Сәкен  де  туған  даласы  Сарыарқаны  сағына  жырлаған. 
«Сағындым» өлеңінде: 
Мал бағып, шауып ойнаған, 
Үйреткен асау байлаған... 
Сарыарқа сары белі бар, 
Өрісті шалқар белі бар 
жүрген шақтарын сағынып, табиғат аясындағы сезімнің сұлулығы мен тұрақтылығын, 
оны ардақтау, қадірлеу идеясын жеткізеді. Ал,осындай сыршыл ақындар - Мағжан мен 
Сәкеннің өлеңдерінде қандай үндестік бар? Өлеңдерінде ақын адамның ішкі сезімі қалай 
жеткізілген? 
Мағжан  мен  Сәкен  –  елін  сүйген,  жерін  сүйген,  өз  тарихын  сүйген,  еліміздің  ірі 
тұлғалары.Олардың  өлеңдерінен  біз  бұл  сарындарды  анық  та  қанық  байқауымызға  болады. 
Мағжан  мен  Сәкеннің  көп  өлеңдері  түркілік  сарында  жазылып,  ондағы  мақсат  тойымсыз, 
көрсеқызар Азияға көз салып отырған Еуропаға өздерінің қарсылықтарын білдіріп, бізде де 
әлі күш бар деп қорқыту. Сәкеннің «Азия» деген өлеңінде: 
Сұм Еуропа! Арам, залым тас болдың, 
Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың. 
Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге, 
Неге  мұнша,  Еуропа  қас  болдың?!  [1,  52],-  деп  Еуропаға  арамдыққа,  жауыздыққа, 
бүліншілікке неге құштар болдың дегендей ашық  сауал тастайды. Міне, осы өлеңі үшін С. 
Сейфуллинді Е.Ярославский 1923 жылы III партконференцияда теріс, астарлы  пиғыл жатыр 
деп  айыптаған  болатын.  Түркілер  бірлігін  ту  еткен  Мағжанда  да  осындай  әуен  жетерлік. 
Мағжанның  «Пайғамбар»,  «Күншығыс»,  «Түркістан»  деген  өлеңдері  Сәкеннің  жоғарыда 
келтірілген топтамаларымен үндес. 
Қисық көзді Күншығыс, 
Бұл тұруың қай тұрыс? 
Серпіл енді, алыбым!- деп, жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан 
торлаған қоюқара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана толқындамақ. Бұл өлеңінде 
ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік 
патриотизмі айқын көрінеді. Күншығысты соларға қарсы жүрелік деп үгіттеген ойынан 
олармен қатты ұстасқандарын көру қиын емес. Қос арыстың күнбатысқа өштеніп, олардың 
арам пиғылдарына қарсы үндеуі, ақындар шығармаларынан айдан анық, тайға таңба 
басқандай көрініп тұр [2, 30]. 
Қазақтың  өнер  –  білімге  жетілу,  өз  пайдасын  ешкімге  жегізбеу,  жерінен  айырылмау 
мәселелерін  саяси-азаматтық  лирикаларына  азық  еткенін  көреміз.  Әдебиетті  қаншама 
эстетикалық дүние дегенмен, өмір керегін айтпаса, жазбаса әлеуметтік мәні солғын боларын 
екі  ақынның  шығармаларынан  байқаймыз.Жинақтарындағы  өлеңдердің  тең  жартысы  ел 
тағдырына, қазақ жайына арналған. 
Сәкен өлеңдері  «Туған жерім, өз елім»,  «Нұра»,  «Түс»,  «Қазақ сабағы»,  «Надан бай», 
«Оқымаған  қазақ»,  «Інішегіме»  деп  аталуының  өзінен-ақ  көп  сырды  аңғаруға  болатындай. 
Ағартушы-демократтық  ой-пиғыл  жалғыз  Мағжанға  ғана  емес,  бүкіл  XX  ғасыр  басындағы 
қаламгерлердің толғауларына ұқсап жатқанымен өз даусын, өз үнін, өз танымын аңғартатын 
сәттер  жиі  кездесіп  жатады.  Мағжан  өз  өлеңдерінде  қазақ  арасындағы  әр  түрлі  келеңсіз 
мінез-құлықты,  әрекетсіздік  пен  жалқаулықты,  сауатсыздықты  сынайды.Елін  білім 
алуға,өнер үйренуге шақырды. 
Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы, 
Жерінен аузын ашып қалып жатыр... 
Жетті енді қам жер мезгіл жатпа бекер 
Ойламау келешекті түпке жетер- 
десе, Сәкен «Кім басшы – аға халыққа» деген өлеңінде: 
Басшысы жоқ адасқан қара халықты 
Кім бастайды қараңғыдан жарыққа?!- 


182 
 
деп  қамығып  келешектен  үміттенеді.  Өздерінше  ақыл  да  айтады,  бірақ  олардың  ой 
пікірі  «Қазақ»  газеті  бетіндегі  жалынды  публицистика  деңгейінде  көтеріле  алмай 
жатқанымен, ойланар тұстары жоқ емес. Оның қандай сұсты, даулы, дүбірлі болғанын 1911 – 
1914  жылдарда  «Айқап»  пен  «Қазақ»  беттеріндегі  жер  жөніндегі  текетірестерден  айқын 
байқалып, қазақымінезімізге таң боламыз [1, 68].  
Мағжан  өлеңдерінде  шамадан  тыс  қайталанып  жырланатын  жайлар  мен  әлеуметтік 
енжарлығы,  әсіресе  Қызылжардағы  оқиғаға  онша  мән  бермеуі  Сәкеннің  қаламына  еріксіз 
жол бергендей. Семинарияда үш жыл бірге оқып, әлеумет мәселесінде бірге табысып, бірде 
кетісіп  жүрген  пенделердің  қылтың  ете  қалатын  мінездері  шығармаларынан  көрінбей 
қалмады. Мағжанның сол кезде шығарған өлеңдеріне көз салсаң Сәкеннің ащы сатирасына 
негіз болған арналарды аңғарамыз. 
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? 
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? 
не болмаса: 
Өзім - күнмін, өзім - от 
Сөзім – қысық, көзімде – от 
Өзіме өзім табынам. 
немесе 
«Дәрігер, дәрі, бақсы» деп 
Алмаңдаршы мазаны. 
«Тірліктен өлім жақсы» - деп 
Сұраймын өзім қазаны, не болмаса, 1921 жылы 7 тамызда Александр Блок дүниеден 
өткен кезде жазған: 
«Әйел» - идеал, кемпір – ажал. 
Тұр Блокқа үңіліп. 
Сөнді енді өмір, 
Бітті енді жыр, 
 «Әйел»  қалды  жыр  болып,-  деген  жолдардың  қай-қайсысы  болсын  төңкеріс  жолына 
түскен,  әсіресе  әлемдік  революцияны  қалаған  жанға  мүлдем  түсініксіз  болуы  ғажап  емес. 
Осы  ой  екпіні  Сәкенге  «Бір  ақынның  сандырағын»  жаздырды.  Бұл  енді  әншейінгі  әзіл-
қалжың, эпиграмма емес, саяси әлеуметтігі былай тұрсын, әдеби эстетикалық ұстаудың нақ 
өзі еді.  
Ауру ақын 
Ыңқылдайды төсекте 
Блок, Бальмонт 
Жастығының астында- 
Иманшарты, 
Әлі де әл көп, 
Ақ орамал басында . 
Сөйлейді шалқып 
«Мен - отпын, жанамын! 
Мен - отпын, 
Мен - нажағай - 
Мен - оқпын. 
Мен - құдаймын! 
Адресі  айқын  Мағжанды  келеке  етпек  болған  шығарма  екені  айдан-анық.  Осындай 
мінез,  қылық  қазақ  ақындарының  ішінде  Мағжаннан  басқада  кездеспейтіні  тағы  анық. 
«Үйренісіп қалған жау атыспаққа жақсы» дегендей, қазақтың екі ұлы ақыны заманның ең бір 
тар, қиын кезінде осылай кездесіп, ойларын ашық айтудан тартынбайды [1, 212]. 
Қос  ақын  да  поэма  жазудың  асқан  шебері.  Сөз  саптаулары  да  керемет.                                              
С.  Сейфуллиннің  шағын  лирикалық  поэмаларының  ішінде  «Аққудың  айырылуы»  мен 
«Лашын әңгімесі» - орны бөлек, қымбат туындылар. Өмірде сұлулықты, пәктік пен шынайы 


183 
 
сезімді,  адалдықты ардақ тұтқан ақын осындай адамдық эстетикалық идеалын қос аққудың 
поэмасында  паш  етсе,  жаралы  лашын  мен  бала  лашынның  бір  –  біріне  іңкәр  сезімдерін 
суреттеу арқылы көркем танытуды мақсат еткен. Ақын ұғымында сұлулық, шын ғашықтық, 
сезім  мөлдірлігі  –  қастерлі,  асқақ  қасиеттер,  түсінікті  болса,  аққу  халық  түсінігінде  сол 
сұлулық пен пәктікті танытатын қасиетті ұғымның бір өлшемі.Сондықтан да, Сәкен ақын қос 
аққудың  махаббат  күйін  романтикалық  биіктікте  көтере  жырлай  отырып,  сұлулық  пен 
адамдық  мөлдір  сезімді,  айнымас  адалдықты  дәріптейді,  әсемдікті  сезінбейтін,  қасиеттіні 
қастерлей  алмайтын  сұр  мергендей  қатыгездікті  айыптайды.  С.Сейфуллиннің  эпикалық 
туындыларының    ішінде  дәл  «Көкшетаудай»  халық  арасына  кең  тараған  жоқ  та  шығар. 
Төңкеріс  ту  қылған  азаттық,  теңсіздікті  дәріптеген,  идея  шалғар  аймақтар  сияқты  қазақ 
жеріне  де  әр  түрлі  жолмен,  түрлі  сипатпен,  қамыртқы-қайғылы  иіріммен  келіп  жатты. 
Тарихта  кері  шегіну  жоқ  десек  те,бұхара  қауым  ізгі  әлем,  жұмақ  дәурен  үшін  деп  алға 
ұмтылғанында  дау  жоқ.Сәкеннің  Көкшетау  поэмасында  Көкшенің  табиғатын  әсем  де, 
бейнелі  етіп  суреттейді.Басты  кейіпкер  Абылайхан  бейнесін  жауыз,  қатыгез,  озбыр 
бейнесінде көрсетеді [3, 125]. 
М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында Көкшетау көрінісін мұңландыра, күңіренте 
сыр шертеді. Көкшені аралағанда көздің жауын алатын бұл суреттерді көріп, айнытпай қалай 
түсірген  деп  қайран  қаласың.  Өз  шығармаларында  кешегі  өткен  батыр  бабаларымыздың 
ерлігін  жырлады.  Абылай,  Кенесарыны  жырға  қосты.  Сол  арқылы  халқының  қайратын 
ұштап, санасын оятуды ойлады. Поэманың оқиғасы бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы 
жаугершілік  заманнан  алынған.  Сол  таң-тамаша  ететін  пейзаж  Абылайдың  қонысы.Ал, 
Абылай    хан  поэмада  кең  ойлы  данышпан,  елге  қорған  болған  хан  ретінде  көрінеді.  Бұл 
поэмада қалмақ қызының аты аталады.Оқиға желісін Мағжан жай ғана баяндап шықпайды. 
Биік  романтикалықсарынға  құрылған  бұл  поэмада  батырлық  та,  достық  та,  адамгершілік 
мейірім  де,  ашу-ыза  да  бар.  Поэманың  бас  кейіпкері  Баян  батырдың  өзі  шығармада  екі 
сипатта  көрінеді.  Оқиғаны  баяндау  барысында  тау  мен  суды,  күн  мен  аспанды,  табиғат 
құбылыстарын,  кейіпкерлердің  көңіл  күйімен,  қалмақ  қызының  сұлулығымен  астастыра 
отырып,  поэмадағы  әр  түрлі  характерлер  қақтығысын  ширата  бейнелейді.  Сонымен  қатар, 
ақынның  шеберлігі,  өлең  өрімі,  сөз  көркемдігі,  образды  суреттеу,  романтикалық  асқақтық 
тәрізді қасиеттер де поэмада кеңінен көрінеді.        
Мағжанның  әсіресе  махаббат  лирикаларының  бүкілхалықтық  сипат  алып,  жатталып 
кетуіне,  қазақ  халқының  жаңалыққа  құмар  психологиясы  қатты  жұмыс  істеген.  Абайдан 
ауызданған,  бірақ,  тұщына  алмай  қалған  халық  Еуропалық  үлгідегі  махаббат  өлеңін  бұрын 
естіп,  оқып  көрмегендіктен  бірден  «жұтып  қойды»,  ақын  даңқын  аспандатты.  Мағжанның 
бұл  өлеңдері  оқушының  көкейіне  ғана  емес,  тілінің  ұшында,  зерттеушілердің  оңды-солды 
алатын  цитаттарында  жүргендіктен,  бірді-екілі  мысалмен  шектеліп,    дау  айтар  жағына 
көбірек тоқтасам, шындық шырайын ашуға сепігін тигізер деп ойлаймыз. 
Мағжан  әйел  теңсіздігі  мен  әйелге  деген  махаббатын  қағаз  бетіне  түсіруден  ешқашан 
жалықпаған  қаламгер.  Бұл  тақырыптағы  өлеңдерін  зор  шеберлікпен,  сырлы  сезіммен 
кестелей білген. 
Сентиментализм әсері, әсіресе, әйел теңсіздігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды. 
«Домбыра»,  «Зарлы  сұлу»,  «Жәмила»,  «Шын  сорлы»,  «Жас  келін»,«Алданған  сұлу»  деген 
өлеңдерінде  әйелдің  халін  өте  ауыр  көрсетіп,  әйелмен  мұңдасқандай,  әйелді  аяғандай, 
есіркегендей мұң бар, зар бар. «Сен сұлу» өлеңі дүниедегі бар әсемдік пен сәндікті, асыл мен 
ардақтыны, құмарлық пен ынтызарлықты бір ғана нақ сүйерге құрбан ету қазақ поэзиясының 
мәдениетін көтерудегі бір биіктік болса, дыбыстан образ жасау, өз сырын жасырмай айқара 
ашу арқылы орасан зор эстетикалық әсерлікке жету, сөйтіп көркем сөздің қуатын аспандата 
беру  әрине  кез-келген  ақынға  бұйыра  беретін  бақыт  емес.  Сондықтан  Мағжан  өлеңдерінің 
жұрт  жүрегінде  жатталып  қалатындығы,  бірінші,  керемет  көркемдігінен,  жұтып  қоярдай 
жұмырлығынан, екінші, физиологиялық шындығынан, әрбір жанға түсініктілігінен, адамзат 
тәжірибесінің ешкімге жат еместігінен. 
Хор сипатты қарындас 


184 
 
Оттай сұлу ыстық жас 
Құшақта да қойныңды аш, 
Бұғақтан  бір сүйейін! 
 Соңғы шумақ болмаса лирикалық кейіпкерлерді арсыз да, бетсіз, трамвайлардағы көп 
халықтан ұялмай құшақтасып, шам түбінде сүйісіп тұратын бүгінгі халықтың бірі ме деп 
қалғандайсың [1, 198]. 
С.Сейфулиннің шығармашылығында да махаббат лирикасына арнаған еңбектері орасан 
зор. Ақынның «Тау ішінде» өлеңін алып қарар болсақ, 
 Ә - әй, сүмбіл шаш, 
Тәтті сөзің, 
Қара көзің 
Білгейсің келгенімді жалғыз өзім... 
Бұл  өлеңнің  тарихы  бойынша,  1918  жылы  азамат  соғысы  кезінде,  Сәкен  тау  ішінде 
қашып  жүрген  сәтінде  жазған.  Өлең  мазмұнына  зер  салсақ,  аталмыш  өлең  тек  махаббат 
тақырыбында ғана арналмаған, табиғаттың көркем бейнесі де суреттелген [4, 50]. 
Мағжан  мен  Сәкеннің  есімдері  халық  жадында  мәңгі  жатталып  қалды.  Сермесең 
семсерің,  қорғансаң қалқаның болам деп халық  үшін отқа түсіп, оққа ұшқан ақындар аттары 
айдай әлемге танылып,төрткіл  дүниені  шарлап кетсе де, олардың ұлылығын ұғына қалдық, 
таныдық,  білдік  дей  алмаймыз.  Өйткені  ол  ақындар  –  біртұтас  әлем.Мағжан  мен  Сәкен  біз 
үшін, бүгінгі ұрпақ үшін ғана емес, өзінің замандастары үшін де толық ашылмаған жұмбақ 
адам.  Қос  ақынның  құпиясы  таусылар  емес.  Мағжан  мен  Сәкен  сынды  ақындардың 
болмысын одан әрі зерттеу – бүгінгі ұрпақ еншісінде. Ұлы ақындардың есімі қашанда халық 
жүрегінде мәңгілік сақталатыны шүбәсіз. Мағжан мен Сәкен қазақ әдебиетінің қос шалқары. 
Қазақ  поэзиясында  өзіндік  жаңашылдығы  мен  дәстүр  қалыптастырған,  соны  ізденістері 
арқылы өзіндік өнерпаздығына ғана тән әдеби әдістер әкелген ақындар. 
Мағжан  мен  Сәкен  қазақ  лирикасына  сыңғырлаған  нәзік  әуез  нәрін  құйып,  ұлттық 
рухты  ұлттық  сезімнен  қуат  алған  өзгеше  үнмен  жырланады.  Оның  рухы,  биік  өршіл 
жырлары  тәуелсіздіктің  туын  биікке  желбіретер  рухани  құдірет.  С.Сейфуллин  мен 
М.Жұмабаев  өлеңдеріндегі  сөз  қолдану  шеберлігі  екі  ақын  мұрасын  етене 
жақындастырады.Сонымен қатар, туған жерге, халқына деген махаббатын жырға қосып, елге 
деген  сағынышын  білдіру,  қазақ    топырағындағы  жырымен  өрнек  үлгісін  паш  ете  отырып, 
махаббатын  сағынышы  арқылы  білдіру  Сәкен  мен  Мағжан  жырларында  үндестік  тауып 
тұрғандай. Осы арқылы бізге ел мен жерді қастерлеп, қадірлеудің жарқын  үлгісін көрсетіп 
кетті. Қос ақын біздің бетке ұстарымыз, қазақ әдебиетінің аламан бәйгесіне күдіксіз, мақтана 
қосар сандал керіміз.  
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1 Кәкішұлы Т. Мағжан - Сәкен. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. –232 бет. 
2 Өмірсейітова Н. Мағжантану. – Петропавл: 2010. - 30 бет. 
3 Сейфуллин С. Көкшетау. Жыр дастандар. – Алматы: Жазушы, 1994.- 296 бет. 
4 Кәкішұлы Т.  Сәкен аялаған арулар. – Алматы: Атамұра, 2004.-55 бет. 
 
ӘӨЖ 004.81: 159.9 
ТАЛАСПАЕВА ЖАНАР СЕРКЕШҚЫЗЫ 
БЕЙСЕМБИНА ЖАДЫРА ЖАНДОСОВНА 
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 
Петропавл, Қазақстан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет