43. Сапалы ұрпақ алу мақсатында ата-аналар жұптарын кұру Әдетте сұрыптау мен жұп құру бірлігін селекция деп атайды. Негізінен тек селекция ғана табынның генетикалық құрылымын (табындағы малдың нәсілдік қасиеттері) адамға ұнамды бағытта өзгерту арқылы мал өнімін арттыра алады.
Сұрыптау дегеніміз тіршілік ортасы мен өндіріс технологиясы жағдайына жақсы бейімделген, адамға қажетті өнімі жағынан құнды малды іріктеп, таңдап алу, ал құнсыз малды жарамсыздар тобына (бракқа) шығару.
Мал жұбын таңдау - мал тұқымын асылдандыру тәсілдерінің бірі. Мал жұбын таңдау дегеніміз сұрыпталған аталық пен аналық малдан бір-біріне лайықты ата-енелік жұбын құру. Мал тұқымын асылдандыру тәжірибесінде жұп таңдаудың біртекті және әртекті деп аталатын екі түрі қолданылады.
Жұп таңдау, ауыл шаруашылығында – мал тұқымын асылдандыру тәсілдерінің бірі; аналық малдың сапасын ескере отырып, одан жақсы төл алу үшін лайықты аталық малды таңдап шағылыстыру. Жұп таңдау мал тұқымының өнімді сапаларын оның төлдеріне дарытып бекіту үшін және қандай да болмасын кемшілігін келесі төлінде болдырмау үшін жүргізіледі.
Осыған орай жұп таңдаудың біртекті жұп таңдау және әртекті жұп таңдау деген түрлері бар.
Біртекті жұп таңдау – өнімді сапалары ұқсас, жетілген аталық пен аналық малды шағылыстыру. Осының нәтижесінде олардың ұқсас өнімді сапалары төлге толық беріліп, одан әрі жетіледі.
Әртекті жұп таңдау – өнімді сапалары да, тегінде де айырмашылықтары бар аталық пен аналық малды шағылыстыру арқылы төл алу. Әртекті Жұп таңдау, негізінен, аналық малға тән кемшіліктердің жас төлге көшпеуі үшін қолданылады. Мал тұқымының сапасын жақсартуда жұп таңдаудың екі түрі тығыз байланысты.
Шаруашылықта өсірілетін малдың өнім сапасына байланысты Жұп таңдаудың екі түрі де қатар немесе уақытша біреуінің жиі не сирек қолданылуы мүмкін.
Сапалы ұрпақ алу, таза тұқымды мал өсіру үшін сол тұқым түрін әр малдың шыққан тегін өнімділігін, физиологиялық, морфологиялық ерекшеліктерін жете білу керек. Бір тұқымның түрі малында жұп таңдау мен сұрыптаудың түпкі мақсатта жүргізілуіне және олардың жалпы тегінің өскен ортасының бірлігіне байланысты көптеген ұқсастық болады. Осыған орай олардың бір-бірімен ретті шағылыстырылған малдардың ұрпақтарында ұқсастық ұрпақтан ұрпакқа беріліп ұлғая береді, олардың жеке өзіне тән биологиялық және шаруашылыққа тиімді қасиеттерін ұрпағына беру қабілеттілігі күшейе түседі. Бұның түпкі негізінде - мал тұқымын таза өсіргенде сұрыптау бағытында белгілердің пайдалы гендерінің саны көбейіп, олардың әрқайсысының гомозиготалылығы арта түседі. Бұл таза тұқым өсіру әдісінің биологиялық мәні мен генетикалық әсері.