СӨЗЖАСАМДЫҚ ҰЯДАҒЫ ТҮБІР МОРФЕМАНЫҢ РЕКОНСТРУКЦИЯСЫ
Бұл арада түркі тілдеріндегі етістіктің түбір морфемаларының кейбір өзіндік ерекшелік белгілеріне, сонымен байланысты “өлі” түбірлерді зерттеудің өзектілігіне көңіл бөлінуі тиіс. Осымен байланысты ол түбірлерді қалпына келтіру үшін, сыртқы реконструкциямен қатар бір сөз тудырушы ұяға жататын туынды негіздерді салыстыруға негізделген ішкі реконструкция (көнетүркі ескерткіштерінің, басқа туыстас түркі тілдерінің деректері мен салыстыру арқылы түбірді айқындау) тәсілі де тиімді болып шығады. Бұл тәсіл Э.В.Севортянның әзірбайжан тілінің етістікжасамдық аффикстері туралы жұмысында пайдаланған морфо-семантикалық принциптеріне сүйенеді152.
Бұл қағида айқындалушы түбірдің тарихи даму барысындағы сыртқы тұлғалық өзгерістерін ғана емес, ішкі семантикалық мәніндегі де өзгерістерін ескереді. Мысалы, қазақ тіліндегі сақай= етістігінің *сақ түбірі көне ескерткіштеріндегі деректері негізінде жаңғыртылса, оны қазіргі қазақ тіліндегі осы мағынадағы сау нұсқасымен салыстыруға болады. Демек, “өлі” түбірлердің семантикасын анықтау жинақтаушы, жалпылық сипаттағы тұжырымдарға әкелуі, тілдің морфологиялық, лексикалық, сөзжасамдық даму үрдістерін бейнелейді.
Морфема – сөздің мағынасының ең кіші бөлігі. Тілдің морфемалық деңгейінің негізгі бірлігі ретінде ол төрт маңызды белгімен сипатталады: 1)қайталанатындығымен; 2)мағыналылығымен; 3)әрі қарай жіктелмейтіндігімен; 4) абстрактылығымен153. Осы белгілер өзінің кейбір ерекшеліктері болса да, толығымен түбір морфемаларға тән. Егер әрбір аффикстік морфеманың әртүрлі түбір морфемалардың басым бөлігіне қосылуға мүмкіндігі болса, онда сол бір ғана түбір морфема тек аффикстік морфемалардың шектеулі шеңберімен ғана тіркесе алады. Көптеген тілшілердің пікірінше, «түбір морфема аффикстік морфемалардан өзінің лексикалық (ортақ болса да) мағынаны білдіретіндігімен ерекшеленеді, ал бұл уақытта аффикстік морфемаларға топтық, формальды мағына тән»154, яғни аффикстік морфемалар абстрактілік және қайталанушылық қасиеттерге ие. Осы себеп бойынша өлі түбір морфемалардан гөрі, өлі аффикстік морфемаларды реконструкциялау оңай. Сондықтан түркітануда аффикстік морфемалар басымырақ зерттелген. Бұл тұрғыда әзірбайжан тілінің етістік аффикстері туралы Э.В.Севортянның аталған монографиясы ерекше орын алады155.
Ал түбір морфемалар әлі жеткілікті деңгейде зерттелген жоқ. Олардың табиғатында әлі де көптеген анықталмаған жайттар қалып отыр. Десе де соңғы уақытта осы салада да едәуір ілгерілеушіліктер байқалуда. Түбір морфеманың табиғатына жіті назар аударған зерттеулерге ең алдымен, Э.В.Севортянның «Этимологический словарь тюркских языков», Н.А.Баскаковтың «Историко-типологическая морфология тюркских языков» (структура слова и механизм агглютинации), А.Н.Кононовтың «Грамматика языка тюркских рунических памятников VII-IX вв», К.М.Мұсаевтың «Лексикология тюркских языков», А.Т.Қайдаровтың «Структура односложных корней и основ в современном казахском языке», М.Томановтың «Тіл тарихы туралы зерттеулер», К.Ш.Хұсайыновтың «Звукоизобразительность в казахском языке», Е.З.Қажыбековтың «Глаголо-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках», Н.И.Букетованың «Реликтовая корневая морфема как языковая универсалия», Б.Сағындықұлының «Фонологические закономерности развития лексики тюркских языков», М.Ескееваның «Көнетүркі және қазіргі қыпшақ тілдерінің моносиллабтық негіздері» және т.б. еңбектерді жатқызуға болады.
Академик Ә.Қайдаровтың еңбегінде қазақ тілінің лексикалық байлығының негізгі бөлігін құрайтын және 3 мыңға жуық бірлігі бар түбірлер мен негіздер жан-жақты талданып, сипатталады. Ол қазақ тіліндегі екібуынды туынды негіздердің құрылымына одан әрі этимологиялық реконструкциялау үшін бағдарлаушы меже болып табылады.
Түбір морфемалар қалыптасуының фоно-морфо-семантикалық құрылымының көрінісі ретіндегі архетиптерді қалпына келтіру мәселесінің зерттелу деңгейін жаңа сапаға көтерген тіл біліміндегі ғылыми нәтиженің бірі – түбір генезисін фоносемантикалық аспектіде қарастыру.
Барлық тілдердегі сияқты қазақ тілінің де байырғы лексикасының маңызды бөлігінің (дыбыселіктеуіштік) түбір морфемасын жаңғырту барысында сөздердің дыбыстық негізі айқындалады. Бұл сипаттағы түбірлердің шынайы табиғатын, әрі қарау даму ерекшелігін тек лексико-семантикалық топ (одағайлар) ретінде қарау жеткіліксіз екенін тәжірибе көрсетіп отыр.
Қазіргі тіл білімінің зерттеу нәтижелерінің негізінде қазақ тіліндегі дыбыселіктеуіш түбірлердің дыбыстық құрылым компоненттерінің дыбысбейнелеуіштік қызмет те атқаратыны фонетико-морфологиялық және салыстырмалы-типологиялық талдау арқылы анықталады. Соның нәтижесінде қазақ тілінің деректері негізінде алғаш рет дыбыстық символизм және дыбысбейнелеуіш сөздердің номинативтік және этимологиялық қырлары К.Ш.Хұсайыновтың монографиясында арнайы қарастырылды 156
Атап айтқанда, дыбыс бейнелеу құбылысының денатуралдануы, яғни олардың тілдік бірлікке айналуы (вербалдануы) тіл арқылы атау әрекетіндегі морфологиялық, семантикалық және ең бастысы дыбыстық-уәжділік мәселесі көтеріліп, оның аталым үрдісіндегі көру, түйсіну, естумен байланысты модальдық сипатына мән берілді. Бұл мәселенің әмбебаптық сипаты оны түркі тілдері аясындағы салыстырмалы-тарихи зерттеумен шектемей, бұл құбылысты туыс емес монғол, тұнғыс-манчжур, үнді-еуропа, семит, т.б. тілдерімен салғастыра қарастырудың қажет екенін көрсетілген еңбек нақты дәлелдейді.
Бұл тектес зерттеу бағыты, сөз жоқ, қазақ тіліндегі дыбыселіктеуіш лексиканың құрамындағы екібуынды түбірлердің де болмысын ашып, оның құрылымындағы дыбыстық, морфологиялық өзгерістерді түсіндіруге көмектеседі.
Шын мәнінде олардың тілдік табиғатын синхрондық тұрғыдан және белгілі бір тілдің шеңберінде анықтап, түсіндіру мүмкін емес. Нақты айтқанда, бұл түбір және аффикстік морфемалары тарихи қалыптасу барысында кірігіп кеткен дыбыселіктеуіш негіздерге қатысты. Оның нақты тілдік деректерін сөзжасамдық модельдер жүйесі арқылы түбір морфеманы қалпына келтіруге арнаған екінші тарауда дәйектеуге тырыстық. Қараңыз: *бақ-жи=, *кір-жи=, *қыр-жи=, *тыржи=, *қал-қи=, *маң-қи=, *тең-ки=, *ба-қыр=, *ке-кір=, *қа-қыр=, *түш-кір=, *ыс-қыр= т.б.
Жоғарыда көрсетілген К.Ш.Хұсайыновтың еңбегінде денотаттық белгілері арқылы уәжделген деп, талданған орнитонимдердің (көкек, үкі, қарға, тырна, т.б.) топонимдердің (Балқаш, т.б.) күлкі мен жылау түрлерінің атауларының зерттелуі157 дыбыселіктеуіш екі буынды етістіктердің құрылымын анықтаумен бір контексте қараудың тиімділігін және осы тектес зерттеулердің болашағын белгілейді.
Этимологиясы көмескіленген екібуынды ИЕ құрамындағы өлі түбірлерді зерттеудің тек түркі түбірінің мәселесін, оның агглютинативтік құрылымын зерттеумен қатар, сондай-ақ жалпы сөздің негізгі тұлғасы бойынша моно-силлабтық мәселесіне де тікелей қатысы бар. Талдау ИЕ-дің екібуынды негіздердің басқа да түрлерінен оны құрайтын морфемалардың үйлесімділігімен ерекшеленетіндігін көрсетеді. Соның нәтижесінде олар кірігуге және этимологиялары көмескіленуге бейім. Олар сондай-ақ өзінің көнелігімен және сөзжасам моделінің шектеулі шеңберімен ерекшеленеді. Мұнда осы түбірлер бір кездегі дербес сөздердің нақты дәлелі ретінде сақталады. Анықталған өлі түбірлердің жорамалдық сипаты олардың негізсіздігі туралы қорытынды жасауға уәж болмайды. Бұл жерде, ең алдымен морфемалардың жоғарыда көрсетілген төрт белгісіне жүгінуге болады. Осы белгілерде тіл элементтерінің бейберекеттілігі емес, жүйелілігі айқын көрінеді.
Жүргізілген талдау қазақ тілінің ИЕ құрылымындағы бастапқы түбірлердің дәрежесін анықтау кезінде салыстырмалы-тарихи әдіске негізделген олардың құрамының морфемалық жіктелуі ең тиімді тәсіл болып табылатындығына көз жеткізеді. Морфемалар бойынша талдау барысында «кез-келген түркі сөзінде оған кіретін құрылымдық элементтердің қатаң қосарлық бөлінісі байқалатындығы туралы сол жақта – түбір морфема... оң жақта – аффикстік морфема» деген түркітанудағы белгілі қағидаға сүйенуге болады158. Сондай-ақ «түбір сөздің өзі немесе аффикстер, ал кейде екеуі де қатар өлі морфемаға айналуы мүмкін екендігін» атап көрсеткен маңызды159. Көптеген тарихи туынды түбірлердің талдауға берілмейтіндігі дербес қолданылатын және осы тілдің сөйлеуіне түсінікті бастапқы түбірді анықтаудың мүмкін еместігінен болуы ықтимал. Соның салдарынан түбір морфеманы жеке алынған етістік негізді емес, қайта семантикасы жақын ортақ түбір болуы барынша айқын гомогендік туынды етістік негіздердің қатарын талдау қажет.
Морфологиялық талдау, әдетте осы және басқа да туысқан тілдерде кездесуі мүмкін осындай ортақ мағыналы элементтерді ажыратудан басталады. Теориялық тұрғыда бөлінбейтін түбірлік бөлікті, егер оған төменде қарастырылып отырған ортақ семантикалық өзегі бар бірқатар гомогендік туынды негіздерді іріктесе, жіктеуге болады.
*an *аң ғар=
да=
қау
ыр=
*еl (ДТС-те) *ел ті=
ік=
ір=
*qaj ра=
т=
*қай ыр=
қай=
ы=
ыс=
мық=
Осындай зерттеу бағыты тілдің тарихи дамуының көрінісін қалпына келтіру үшін ішкі реконструкцияның әдісімен қатар, сыртқы реконструкцияның әдістерін де қолдану қажеттігін тағы бір рет дәл басып көрсетеді. «Келтірілген негіздерді бір сөз жасау ұясына жатқызу туындылық қатынастарға байланысты. Осы қатынастар көптеген зерттеушілер көрсеткендей, ең алдымен, сөздер тобында ортақ түбір мен ортақ мағынаның болуын, бірақ олардың бір-біріне әрдайым нақты сәйкес келмейтіндігін, ұяны жасаушы сөздердің семантикалық тұрғыдағы заңдылықтарын анықтайтындығын көздейді. Бір ұяға тек бір түбірлі сөздер ғана кіре алады160.
Сонымен, сөзжасамдық туынды қатынастарды анықтау үшін түбірлес бірліктер арасындағы тікелей семантикалық байланыстардың бар-жоғына көз жеткізіп, сөздердің арасындағы басқа жұптарында қайталанатындығын тексерген абзал. Егер гомогендік қатар бойынша түбір морфемалардың салыстырылуы тікелей жүргізілсе, ал аффикстік морфемаларды талдау оның болашақтағы дамуы сияқты көлбеу жүргізіледі, мысалы: *аң-ғар=; -да; -ды; қау; -ыр=; *ел-ік=; -ті; -ір; *қай-ра=; -ыр=;-қай=; -ыс=; -мық=
Егер ескі аффикстік тұлғалардың «көнеруі», оларды жаңалармен ауыстыру, яғни түбір морфеманың көлбеу дамуы түбір сөзді дамыту үшін қажет болса, ал түбір морфемалардың «көнеруі» тарихи категория ретінде түркі түбірі табиғатының өзіне сәйкес келеді. Осыған орай, түбір мен аффикстің осы механикалық ажырауы түбір өзгерісінің жалпы процесін үнемі түсіндірмейді және нақты түркі түбірлерінің, олардың байырғы түрлерінің аса көне нұсқасын көрсете алмайды. Басқаша айтқанда, екі морфеманың кірігуі, ең алдымен, түбірге байланысты.
-*ө, -*сa, -*бa сияқты тұлғаланбаған элементтер және басқалары ежелгі кезеңде түбір ретінде қолданылды. Өйткені сол уақыт үшін олар абстракция емес, ақиқат болды. Алайда, тілдің морфологиялық құрылысын жетілдіру тілдегі жаңа ұғымдарды білдіру үшін әртүрлі сөз топтары мен лексикалық құралдардың пайда болуы түбір морфема құрылымының тиісінше дамуына алып келді. Б.М.Юнусалиев атап көрсеткендей, ескі тұлғалардың өлі тұлғаларға айналуы және жаңа тіркестердің пайда болуы - түбір сөздер дамуының қажетті шарты. Белгіленген ұғымның ерекшелігін ашу шегінде түбір сөздер өлі түбірлер түрінде сақталып қалады және жаңа мағыналарды білдіру үшін негізге айналады.
Семантикалық филиация және жалпы ұялық, кең мағынадан барынша нақты мағынаға семантикалық көшу және дәйекті дамудың көрнекі мысалы ретінде өзіне агглютинативтік лексикаландырудың әлеуетті ықтималының әртүрлі бағыттарын бойына сіңірген *qap байырғы түбірінің кешенді мағынасы тұжырымдалған тұлғасын атап өтуге болады161.
Сөйтіп, көптеген жағдайларда сөзжасам үшін өлі түбірлер негіз болып табылады. Бұл дерек осы құбылысты зерттеу маңызын одан әрі арттыра түседі. Осыған байланысты өлі атауының шартты екендігін атап өттік. Өйткені өлі түбірлер ізсіз жоғалған жоқ, «олар тек лексикалық дербестігінен айырылды, алайда олардың дыбыстық материясы жаңадан жасалған түбір сөздердің негізінде қандай-да бір тұлғада өмір сүруін жалғастыруда»162.
Өлі түбірлерді жаңғырту (реконструкциялау) кезінде өзіміз сүйенетін негізгі принципті морфосемантикалық деп сипаттауға болады. Тек салыстырмалы-тарихи фонетика саласында белгілі бір деңгейге жеткен тұрақты сәйкестікті белгілеген кезде және салыстырылатын тілдердің фонемасының бастапқы күйі алдын-ала қалпына келтірілген жағдайында ғана арнайы лексикологиялық зерттеу жүзеге асырылады. Салыстырылатын сөздердің даму ерекшеліктері және дыбыстық тұлғасында тарихи қалыптасқан тұрақты алшақтықтар сенімді параллельдерді бірбуынды түбірлер құрамынан іріктеу арқылы талданады. Оларды біз бірбуынды түбірлерден табамыз. Қазақ тіліндегі барлық түбірлердің басқа түркі тілдерінде сәйкестіктері бар. Біздің зерттеуіміздің нысаны негізінен түбір морфемалардың одан әрі дамуының күрделену процесінде бірбуындылардан қалыптасқан екібуынды түбірлер болып табылады. Олардың қазіргі тілде синхрондық тұрғыдан түбір ретінде қабылданатындығын атап көрсету маңызды.
Мысалы, бөге= етістігін алып қарайық. Бұл сөздің түбірі -*bök. Ол Махмұд Қашғаридың сөздігінде жеке дербес сөз ретінде берілген: *bök= «бөгеу», «жабу», Ol suvuy bökdi «Ол суды бөгеді» /МК. 11 Т. С.19/. Басқа мысал ретінде сақай= етістігі қызмет ете алады. Қазақ тілінің дамуында орын алған фонетикалық процестерді ескеретін болсақ, онда *сақ түбірін қазақ тіліндегі сау дербес сөзінің фонетикалық варианты ретінде мойындаған жөн. Сау-сақ - фонетикалық варианттары – қыпшақ /у/ және оғыз-қарлық тілдеріндегі /г, к/ сөздерінің аяғындағы дыбыстық үйлесімділіктің нәтижесі. Егер сау варианты қазақ тілі үшін тірі дербес түбір болса, онда сақ /сағ/ варианты - “өлі” түбір.
Достарыңызбен бөлісу: |