Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе



бет15/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   248
* өрбі=

өр сөзінен басталатын барлық туынды сөздер үшін жалпы мағынаны былайша тұжырымдауға болады: өрбі=, өр, өрекпі=, өре, өрле=. Осы түбірден қазақ тілінде бірқатар туынды атаулы сөздер жасалады: өрелі, өркен, өріс. Э.В.Севортян атап өткендей, көптеген түркі тілдерінде өр дербес түбірі қолданылады /ЭСТЯ. 1 Т. С.542/. Ол сондай-ақ көнетүркі ескерткіштерінде кездеседі: bulit orϋp kok ortϋldi (бұлт көтеріліп, аспан бұлт жапты) /МК. 1 Т. С.139/. Қазақ тілінде осы түбір «көтерілуді», «биікті» және «жайылым бойынша тарап кетуді» (қой отары) білдіретін синкретті болып табылады (Батыс Қазақстан диалектінде: Аман-есен өрдіңдер ме? (ояндыңдар ма?)).




* сергі=

Қазақ тілінде диахрондық тұрғыда ажыратылатын, құрамында сер жорамал түбірі бар мынадай етістіктерді көрсетуге болады: сергі=, серпі=, серпін, серіппе, сергек. Олардың жалпы мағынасы соңғы сөзде барынша дәл айқындалады.




* түгес =
ДТС – те және кейбір қазіргі тілдерде tuka етістігі және оның өздік тұлғасы кездеседі:

  1. tükä - «түгесілу», «біту» /МК. С.270/, tükä – «аяқталу»176

  2. tükän /ДТС. 586 Б./, ойратша түген = /ОРС. 60 Б./, әзірбайжанша - түкәнмәк /РАС. 144 Б./. –н тұлғасының осы жерде сөз өзгерткіш болып табылса да, Н.Т.Сауранбаев «Диванның» екінші томында М.Қашғаридың нұсқауларына сүйене отырып, -ын/-ин аффикстерінің көнетүркі тілдерінде қазіргі өзбек тіліндегі сияқты жекеше түрдің екінші жағының сыпайы тұлғасы деп санайды177.

Қазақ тілінде түге= етістік негізі тек қазақ тілінде ортақ етіс саналатын –с аффиксімен үйлесімде ғана көріне алады. Қараңыз: түгес=, түгенде=. Есім негіздер де кездеседі: түк (түк емес, түк те жоқ), түге және түгел т.б.


* тыржи =


тырси=, тырти=, тыртыс-тырыс=, тыртық=, тырысқақ, тыржи= төмендегі туынды етістіктерін морфемалық талдаудың көмегімен ішкі реконструкциялау олардың гомогендігін анықтауға мүмкіндік береді,


* тала=

Қазақ және өзге тілдерде «бір тал», «талшық», «бұта» мағынасындағы түбірлес сөздердің ортақ түбірі тала=, талға=, талда=, талас= етістіктерінің ортақ элементі ретінде *тал түбірі айқындалады. Қырғыз тілінде талғақ = – «жүкті әйелдің жерік болуы» туынды сөзі қолданылады /ЮКРС. 696 Б./. Көнетүркі жазбасында talu – «таңдаулы», «іріктеме» /ДТС. 529 Б./. tal= түбірінің жалаң тұлғасы якут тілінде сақталған178.


* шоқай=


Қазақ тіліндегі *шоқ дербес түбірі «гүлдесте», «бума», «байлам» есім және шоқай= «тізерлеп отыру» етістігіне негіз ретінде қызмет еткен. Одан сондай-ақ шоқа, шоқы, шоғыр, шоқша (шоқша сақал) сияқты есім негіздер жасалды.


Қырғыз тілінде оған чоглан= «оралу», «байлану», «жиналу», чогу «көп», «күшті», «өте», «орам», «түйін», «бірге» және т.б. лексемасы сәйкес келеді /ЮКРС. 822, 863, 864 Б./.


* шата=

Қазіргі қазақ тілінде шата= етістігі түбір ретінде саналады да, одан шатал =, шатас=, шатақ, шатыл=, шатпақ сияқты туынды түбірлер жасалған. Сонымен бірге жалаң тұлғадағы шат етістігінің «аузына келгенді айту» деген туынды мағынасы бар. Бірақ көне тілдік деректерде ол тұлғаның мағынасы қазақ тіліндегі жоғарыда көрсетілген туынды етістіктермен бірдей. Нақты айтқанда, көне өзбек тілінің дерегі ретінде Э.И.Фазылов * чат= «сапырылыстыру», «қосып айту», «алдау» етістігін көрсетеді /ФСЯ. 2 Т. 510 Б./.




* шыла=

Қазіргі түркі тілдерінің бір де бірінде *шыл= түбірі дербес қолданылмаса да, бірақ қазақ тіліндегі шыла= туынды етістігінің мынадай түбірлес сөздермен мағыналық ортақтығы негізінде: шыла=, шылқы=, шылқылда=, шылп-шылп оның «ылғал» мағынасындағы ортақ генетикалық түбірі * шыл деп жорамалдаймыз. Осы сөзжасамдық қатарға тән «ылғал» мағынасы байқалатынын көріп отырмыз. Олай болса, шалшық есімін де осы қатарда қарауға болатын сияқты (а ~ ы сәйкестігіне орай). Қырғыз тілінде сәйкес түбірді чылгым «дымқыл немесе ылғал тері» сөзінде ажыратуға болады /ЮКРС. С.886/.




* шүйіл=

*шүй етістік түбірін дербес қолданыста тек эпостар мен жыраулар шығармаларында ғана кездестіруге болады. Мысалы:


Айдын шүйсең, тарлан шүй,
Көтерілген сона құтылмас,
Жауға кисең берен ки
Егеулеген болат өте алмас179
Қазіргі қазақ тілінде, негізінен, «бар күшін жиып, екпінмен төмен қарай бір нүктеге құлдилау» мағынасы шүйіл=, шүйлік= тұлғалары арқылы беріледі. Осы мағынаның әрі қарай дамуы басқа да бірқатар туынды атауларда кездеседі: шүйгін «бар құнары жиналған шөп, ет т.б», шүйде «түйенің, қойдың майы жиналған желке тұсы (бұл арада коннотаттық сипат бар сияқты. Себебі шүйденің денотаттық мағынасы «жеке сырт тұсы» да Қазақ тілінің сөздігінде көрсетілген (ҚТС), 741 б.)», шүйке - «шаштың, иіруге дайындалған орамы». Шүйгі= «кенелу, қарқ болу» (ҚТС, 748б.), шүйел= «жетілмей, толық өспей қалу» (ҚТС 744б.), яғни «жиналып, өспей қатып қалу». Осы қатарда талдау барысында «бір нәрсенің бір жерге жиналуы» деген мағынадан «сыртқа шығыңқы, көзге түсетін» деген де мағына өрбігені байқалады. Қараңыз: 1) шүй – «қабырғаға шеге орнына қағылған ағаш қадаша»; 2) шүй – «жер айдағанда жыртылмай қалған жер» (табан) ҚТС 743-744 бб.) Олай болса, осы қатарға жоғарыда «бір жерге ұйысып, әрі қарай өспей қалған» деген мағынада келтірілген шүйел сөзінің тарихи даму барысындағы бір дыбыстық нұсқасы ретінде (с~ш) сүйел сөзін де жатқызуды болжам ретінде ұсынуға болады.
Жалпы алғанда, морфологиялық құрылымның дамуының семантикалық сабақтастығы осы түбірдің сөзжасамдық қатарындағы ауыспалы мағыналарынан нақты көрінеді. Ол үшін тағы да «Қазақ тілінің сөздігі» деректеріне жүгінеміз: шүйле= «жану», «қайрау», «жігерлендіру»; шүйлік= - «қадалу», «қыспаққа алу», «тиісу»; шүйір= «мұрнын шүйіру»; шүйіркелес= «тіл табысу» т.б.
Аталған лексемаға қырғыз тіліндегі чуйлу «қырғи-тұйғын» сөзінің жақындығы аңғарылады /ЮКРС. С.886/. Демек, жалпы мағынасы: «шоғырлану», «жиналу» және т.б.


* ырға=

М.Қашқари сөздігінде берілген етістік түбірі қазіргі түркі тілдерінде «тыныштықты бұзу», «жүргізу» сияқты жалпы мағынадағы бірқатар ИЕ-терді туғызған: ырға= «әрі-бері шайқап қозғау»; ырғал= «әрі-бері толқу, жайқала қозғалу», ырғы= «шошу», «селк ету» мағынасындағы /МК. 1 Т. С.72/, «екпінмен тез қарғу», ыршы= «селк етіп ытқып кету». Соңғы екі етістік (ырғы=, ыршы=) М.Қашқаридың сөздігіндегі байырғы түбір етістікке семантикалық тұрғыдан жақын, бірақ жалпы топтан біршама ерекшеленеді. Э.В.Севортян келтірген туынды ИЕ де осы мағынаны береді. Қараңыз: ырға= «селк ету» /ЭСТЯ. 1 Т. 660 Б./.


Ал, керісінше, алдыңғы екі етістік түбірден ырға: ұзын ырғасы; ырғақ, ырғал: ырғалып-жырғалып т.б. туынды сөздер туған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет