Белағаш – қазыққа керілген желі жіптерді күзу арқылы байланыстырып тұратын көлденең ағаш. Арқалық деп те аталады.
Мосы (үшағаш) – белағашты көтеріп тұратын тіреу. Кей аймақта көтерме мосы делінеді.
Аяқ – белағашты көтеріп тұратын және оны бекіту үшін екі ұшының астыңғы жағы кертіліп ойылған аша басты тіреу.
Күзу – тоқылатын жіптерді ажырата білу үшін бел ағаштың үстіңгі жіптерін белағашпен байланыстырып, жалғастырып тұратын екі қабат иіріліп ысылған бір түсті жіптер.
Тарту жіп– күзуді бір қалыпты ұстау үшін, белағаштың үстінен, екі басынан тартып тұратын мықты жіп.
Күзу ағаш – тарту жіп пен күзуді байланыстырып тұратын белағаштың үстіне қойылған таяқша. Күзеу шыбығы кейде күйеу ағаш делінеді.
Еркек жіп (күзулі) – өрмек тоқу үшін керілген желі жіптердің күзуде тұрған үстіңгі жіптері. Ерсі жіп деп те аталады.
Ұрғашы жіп– керілген желі жіптердің төменгі күзусіз жіптері. Тағы бір атауы – қарсы жіп. Адарғы – керілген желіні айтқастыра белағаштан кейін орналасатын күзулі мен күзусіз жіптердің арқасында белағашпен қатар жатқан ағаш. Желінің шатысын түсіріп, өрмектің тоқылуында басты міндет атқарады.
Шатыс – еркек жіптер мен ұрғашы жіптердің күзу арқылы адарғының көмегімен айқасуы. Өрмекші адарғыны өзіне тартқанда ұрғашы жіп жоғары, еркек жіп төмен шатыс түседі. Адарғыны итергенде, керісінше, еркек жіп жоғары, ұрғашы жіп төмен шатыс түседі.
Тергіш– бұйымға салынатын өрнектердің түр-түріне, жіп санына қарай желідегі түрлі-түсті жіптерден теріп отырып (алып) өрнек шығаратын құрал. Теру ағаш, терме ағаш деп те аталады.
Арқау– тергішпен өрнек терілгеннен кейін еркек жіп пен ұрғашы жіптің арасынан әрлі-берлі өткізілетін, қылышпен нығыздалуының арқасында түсірілген шатысты ұстап тұратын жіп.
Қылыш – керілген желідегі еркек жіп пен ұрғашы жіптің шатысын, арқау жіп өткізілген соң жіп арасын қағатын ағаштан жасалған қалқан құрал.