Қазақ лексикасының зерттелу күйі мен болашақ бағдары.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лексикология бөлімі жеке бөлім ретінде 1981 жылы құрылды. Оған дейін қазақ тіл білімінің лексикология, тарихи лексикология мәселесі тіл тарихы, диалектология, ономастика, терминология т.б. салаларының ішінде сабақтас қарастырылып келді.
Тілдік құрылым жүйесінде лексикалық аспектінің ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу нысаны болуы академик І.Кеңесбаевтың Ғ.Мұсабаевпен бірлесіп жазған еңбегімен байланысты (І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев. Қазақ тілі. Лексика, фонетика. – Алматы, 1962).
Қазақ тілінің сөз байлығының көрсеткіштері ретіндегі тілдік деректердің лексика-семантикалық, лексика-тақырыптық, тарихи-танымдық дәйектері Ә.Болғанбаев, А.Айғабылов, Қ.Айтазин, Ә.Ахметов, Р.Барлыбаев т.б. ғалымдардың зерттеулерінде нақты қарастырылып, лексикология саласының теориялық-әдістанымдық негіздерін қалыптастыруға өзіндік үлестерін қосты. Тіл білімі институты ұжымының ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелері ретінде жарық көрген түсіндірме, фразеологиялық, этимологиялық, диалектологиялық, синонимдік, терминологиялық т.б. сөздіктер де қазақ тілінің лексикалық қорын дәйектеген еңбектер.
Қазіргі қазақ қоғамында ұлттық сана жаңғыруы мен ұлттық тұтастықтың дамуын қамтамасыз ететін, рухани күштің арқауын ұстайтын негізгі құралы ұлттық тіл екені қоғамдық-әлеуметтік өмірдің барлық сан салалы әрекеттерінде айқындалуда. Бұл жайт тілді зерттеу мәселесінің ғылыми-әдістанымдық негізін жаңаша құруды қажет етуде. Оның негізгі тетігі – ұлттық тілдің ерекшелігін, өзіне тән болмысы мен табиғатын ашу. Басқаша айтқанда, ол – тіл туралы онтологиялық көзқарасты сол тілде сөйлеуші халықтың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихымен, мәдениетімен тығыз байланыста қарау.
Бұл бағыт – өз бастауын тіл білімі тарихының тереңінен алатын лигвистикалық зерттеулерге сүйеніп, сонымен бірге тіл мен қоғам, тіл мен ұлт т.б. контекстердің тілдік көріністері ретінде экстралингвистикалық та факторлардың әсерімен жаңа сапада қалыптасушы антрополингвистикалық парадигма.
Аталмыш көзқарас ХІХ ғасырда алғаш тілді зерттеуде тарихи емес, механикалық бағдарлама ұсынған XVII-XVIII ғасырлардағы логикалық бағыт пен универсалды грамматикаға қарсы пайда болып, негізгі назарды тілдің ішкі формасына аударған лингвистикалық ілім ретінде қалыптасты. Оның негізін салушы – көрнекті неміс лингвисі В. фон Гумбольдт.
В. фон Гумбольдттің пікірінше, ұлттың өзіне тән, іштей дамитын рухы бар. Сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш – тіл. Демек, бұл парадигмаға сай зерттеу нысаны болатын тіл – объективті дүниенің субъективті бейнесі.
Соған сай тіл – ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттарының бірі. Ал осындай рухани дүниесі, сонымен сабақтас қалыптасқан материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі – әркімнің жеке басының жағдайына, тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасатын жалпыхалықтық құбылыс. Оның бір негізгі сипаты – оңайлықпен өзгере салмайтын тұрақтылығы. Мазмұнында ұлт болмысы бейнеленген лексикалық қор арқылы ұлт өмірінің желісі ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі.
Осы бағыттың Ресейдегі көрнекті өкілі – А.А.Потебня. Ол В. фон Гумбольдттің пікіріне сүйеніп, тілді ойды туғызушы тетік, халықтың мәдениетімен біртұтас байланыста болатын шығармашылық құбылыс деп санайды.
Бірақ тіл білімінің әрі қарай даму барысында тілді негізінен таңбалық жүйе деп қарау және сол кезеңде қатты дами бастаған дәл ғылымдардың әсерімен тілдік бірліктердің құрылымы мен қызметіне ерекше назар аудару ішкі форма, семантика мәселелерін ығыстырып тастады. Соған сай тілдің негізгі қызметі ретінде оны қарым-қатынас құралы деп бағалап, кеңестік тіл білімінде оның танымдық, руханилық қызметіне дұрыс мән берілмеді.
Соған сай ХХ ғасыр басындағы тіл білімінің дамуы негізгі назардың субстанциялық көзқарастан құрылымдық-функционалдық көзқарасқа аууымен сипатталады. Тіл білімі тарихының бір кезеңін көрсететін осы бағыт, атап айтқанда, структурализм бағыты негізінен Ф. де Соссюр есімімен байланыстырылады. Тілдің сыртқы тұлғасына, құрылымына көңіл бөлген Ф. де Соссюр ілімі тілді синхрондық тұрғыдан зерттеуді күшейтіп, диахрондық жағынан қарастыруды әлсіретті. Ал, жоғарыда көрсетілген соңғы зерттеулер нәтижесінде тілдің ішкі мәнін негіз деп санап, тілді жүйелі құбылыс немесе таңбалы жүйе деп қарау лексика саласын кешенді сипатта және тарихи деривация мен номинация шегінде қарастырумен ерекшеленеді.
Осымен байланысты тілдің лексикалық байлығының ішкі формасы мен мазмұнын, халқымызға тән рухани қазынасын бойына сіңіріп, сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген ана тілінің құдіреті тілдің мұрагерлік (кумулятивтік) қызметімен де байланысты. Соның негізінде ғасырлар бойы халықтың көкірегінде жатталып, жадында сақталған көне тамырлы сөздердің тарихына үңіліп, жасалу және сақталу жолдарының тілдік құралдарын анықтау, мағыналық даму заңдылықтарын көрсету, көнеру себептерін ашудың лексикологияға, тарихи лексикологияға қатысты теориялық мәні болса, ал түсіндірме, этимологиялық екітілді аударма сөздіктер жасауға, оларды сапалық-мазмұндық жағынан неғұрлым жетілдіре түсуге көмектесіп, практикалық та жүк көтереді.
Сайып келгенде, лексикология саласының қазіргі таңдағы ғылыми үрдіске сай зерттеу бағытының мақсаты – халқымыздың рухани өрісімен сабақтас болмысының ұлттық мазмұнын тіл арқылы анықтау. Осы мақсатқа орай төмендегі міндеттер лексикологиялық зерттеулерде өз шешімін тапты:
- өткен дәуірлерден елес беретін көне тамырлы ұлттық мазмұнды алуан түрлі атаулар мен ұғымдарды эпостық жырлардан, ақын-жыраулар шығармаларынан, фразеологиялық тіркестер мен диалектілік және кәсіби лексика құрамынан барынша жиып көрсету;
- көркем мәтін жүйесіндегі тарихи-ақпараттық деректерді, паремиологиялық, прецеденттік, мифологиялық т.б. рухани көздердегі архетиптік және этнолексикалық бірліктерді талдау;
- құрылымдық лингвистика шеңберінде этнолексика түрінде сақталған ұшан-теңіз байлық жеке тілдік фактіге байланысты емес, белгілі бір қарым-қатынастар мен байланыстардағы мағыналық-тақырыптық топтардың негізінде құралған лексика-семантикалық жүйеде жіктелсе, ал антрополингвистикалық парадигмада тіл-қоғам, тіл-ұлт, тіл-мәдениет т.б. контекстеріндегі әлеуметтік-мәдени, рухани-танымдық біртұтастықта қарастырылады;
- эпостық кезең ия ақын-жыраулар өмір сүрген дәуірдегі немесе фразеологиялық тіркестер мен диалектілік ия кәсіби лексика құрамындағы лексикалық бірліктің қолданылу өрісіне байланысты семантикасы өзгерген сөздерге функционалды-семантикалық талдау жасау;
- көнерген этнолексикаға тарихи-лингвистикалық, терең этнолингвистикалық реконструкция жасау;
- түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілі лексикасының орын айқындау, этногенездік тарихи көздері мен тарихи қабаттарын барлау, тіларалық салыстыру;
- қазақ тiлi лексикасы қолданысының тіл және мәдениет тұтастығына сай қалыптасқан лингвомәдениет-танымдық концептiлерін жүйесi әртүрлi тiлдердегі баламаларымен салыстыру;
- тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілі лексикасының мәдениаралық коммуникациядағы лингвоелтанымдық қызметін анықтау;
- тіл және мәдениет тұтастығы шеңберінде қазақ тіліндегі мәдени лексиканың этнотаңбалық жүйесін дәлелдеу;
- қазақ тілі лексикасын лингвокогнитивтік, прагматикалық т.б. аспектілерге негізделген антрополингвистикалық зерттеулер нәтижесінде қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметін дәйектеу т.б.
Осы міндеттердің нақты түрде қалай қарастырылып, қандай нәтижелерге жеткенін төмендегідей таратып көрсетуге болады:
Біріншіден, түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілі лексикасын салыстырмалы-тарихи негізде жаңғыртылатын жалпытүркілік қабатта сақталған байырғы қалпы арқылы айқындауға болады.
Осымен байланысты қазақ тілі лексикасының қыпшақтық қабатын ажырату және анықтау, тектес материалдарды теңестіру, инварианттарды салыстыру т.с.с. әртүрлі мәселеге қатысты ғалымдардың істеп жатқан жұмыстары қазақ тілі лексикасын және оның қалпына келтіріліп отырған ежелгі мәдени атауларын даму үстіндегі өлшем ретінде топшылауға мүмкіндік береді. Себебі, жалпы қыпшақтық тілдік модельдердің сипаты тілдің барлық деңгейлерінде де көріне береді. Бірақ тілдің дамуының сенімді теориясын жасау үшін нақты тілдік деректер белгілі бір жүйеге негізделген кең түрдегі зерттеулерді талап етеді. Тек соның негізінде ғана қыпшақ лексикасының жалпы түркілік қордан бөлініп шығып қалыптасуы және одан әрі қарай жеке тілдерге ыдырауын айқындауға болады.
Жалпытүркілік лексиканың айырмашылығы, негізінен, дыбыстық және морфологиялық (құрылымдық өзгерістер) деңгейлерді қамтиды да, семантикалық тұрғыдан оларда жалпытүркілік біркелкілік сақталған. Қазіргі түркі тілдерінің көптеген грамматикаларының лексика бөлімінде, басқа да әртүрлі зерттеулерде жалпытүркілік атаулардың сан түрлі саласы көрсетілген. Қазақ тіліндегі олардың жалпытүркілік қабатын айқындау байырғы (базистік) лексиканың мағынасы мен құрылымын фоно-морфо-семантикалық корреляция негізінде қатар зерттеу арқылы анықтаудан басталады.
Ал, байырғы сөздік қордың фоно-морфо-семантикалық құрылымы бірдей емес екендігі белгілі. Сондықтан да академик Ә.Т.Қайдаровтың «Структура односложных корней-основ в казахском языке» (Алматы, 1986) атты үлкен монографиясының көздеген мақсаты – түбір моносиллабтардың фоно-морфо-семантикалық табиғатын ашу. Онда қазақ тілінің байырғы лексикалық байлығының негізін құрайтын бір буынды түбірлер-негіздер талданып, сипатталады. Осы кітаптың қосымша сөздігінде жеке қолданылатын моносиллабтар ғана емес, тарихи туынды түбірлерде «сүрленіп» қалған, мағынасы күңгірттенген «өлі» түбірлер де берілген. Мәселенің бұлайша қойылуының маңыздылығы әрбір түркі тіліндегі «бір буынды түбір-негіздер бүкіл базистік лексиканың өзегін құрайтындығымен» түсіндіріледі [1, 11].
Сол сияқты лексиканың номинативтік және этимологиялық қырларының тарихи-құрылымдық қалыптасуында дыбысбейнелеуіш сөздердің де рөлі үлкен екені белгілі. Осы орайда бұл құбылысты арнайы зерттеген проф. К.Ш.Хұсайынның «Звукоизобразительность в казахском языке» (Алматы, 1988) атты еңбегі оның салыстырмалы талдау көлемін кеңейтіп, дыбысбейнелеуіш бірліктерді функционалдық та, тарихи да тұрғыдан қарастырады. Соның нәтижесінде тілдік фактілердің дыбысбейнелеуіштік тегі анықталып, қазіргі қазақ тілінің лексикасының дыбыстық, морфологиялық және семантикалық ерекшеліктеріне дыбысбейнелеуіштік құбылыстың тигізер әсері айқындалған. Осы мақсатта ғалым алғаш рет қазақ тілі материалы негізінде бір және екі буынды түбір-негіздер деңгейінде дыбыс бейнелеу мәселесін зерттейді.
Бұрынғы кеңестік түркітануда қыпшақ тілдерінің лексикасы, оның лексика-семантикалық топтары жөнінде еңбек аз жазылған жоқ. Соның бірі лексикалық құрамы қазіргі қыпшақ тобындағы (әсіресе Орта Азия аймағындағы) тілдердің лексикасымен толық ия ішінара ортақтығымен ерекшеленетін қазақ тілінің де лексикалық құрамын зерттеуге қазақ тіл білімі дамуының барлық кезеңінде назар аударылып отырды. Лексикологияның жекелеген мәселелерін қарастырған ғылыми еңбектер, әртүрлі сөздіктер жарық көрді.
Түсіндірме сөздік пен диалектілік және ономастикалық, терминологиялық лексиканың қорын жасау мақсатындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында миллиондаған карточка тізілді. Сонымен бірге сөздердің семантикалық және тақырыптық топтары бойынша да зерттеулер жүргізілуде.
Соның негізінде қазақ тілі лексикасы тарихи тұрғыдан туыстас түркі тілдерімен, ескі жазба ескерткіштерімен, тіл дамуындағы әртүрлі тілдік деңгейлердегі тарихи сілемдермен салыстырылып, диахронды түрде талдауды қажет етеді.
Оның басталуын түркі тілдерінің лексикасын зерттеуші К.М.Мұсаевтың «Лексикология тюркских языков» (М., 1984) атты монографиясымен байланыстыра қараған жөн секілді. Аталған еңбекте қыпшақ тілдерін, оның ішінде батыс қыпшақ тобының лексикасын салыстыра қараған осы бағыттағы зерттеулердің негізі жасалды деп қарауға болады. Өкінішке орай, осы тектес зерттеулердің жалпытүркілік тұрғыдан типологиялық сипаты соңғы келгенде әртүрлі объективті себептерге байланысты қажетті жалғастығын таппай қалды.
Шын мәнінде, қазақ тілінің лексикалық құрылысының дамуын жеке бөліп қарастыру мүмкін емес. Себебі жалпы қыпшақтық тілдік модельдердің сипаты тілдің барлық деңгейлерінде де көрініс береді. Бірақ тілдік дамудың сенімді теориясын жасау үшін нақты тілдердің зерттелуінің мәні ерекше. Бұл қазіргі лингвистика ғылымы деңгейінің осы ия басқа тілдік мәселелердің теориялық шешімдерін ғана емес, сонымен бірге нақты тілдік деректерге негізделген кең түрдегі зерттеулерді талап етеді. Бұл тұрғыдан тілдің лексикалық деңгейі жай тілдік деректердің жиынтығы емес, ұлттың мәдени болмысын айғақтайтын таусылмас көз.
Қазақ тілі лексикасының да негізгі өзегі басқа түркі тілдерінікі сияқты мынадай маңызды қолданыс аяларымен байланысты сөздерде көрінеді: рухани байлық, материалдық болмыс, табиғат құбылыстары, фауна және флора, еңбек құралдары, ағза атаулары т.б.
Соның ішінде қыпшақ тілдеріндегі лексикалық тұлғалардың байырғылығын және біркелкілігін жан-жақты көрсететін бірден бір сала – күнделікті тұрмысқа қажетті, материалдық және рухани мәдениетке қатысты зат атаулары.
Мәдениеттің сан қырлы салаларына қатысты қыпшақ тобына жататын тілдерде қалыптасқан атауларға тарихи-этнолингвистикалық зерттеу жасау өте күрделі де кешенді еңбекті талап етеді.
Қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін бейнелейтін тілдік деректердің ұлтты тұтастырушы қызметі когнитивтік лингвистиканың антропоцентристік бағыты тұрғысынан сипатталады.
Осы мақсатқа сай жүргізіліп жатқан зерттеулер үрдісі мен нәтижесі – соның айғағы** тарихи-рухани көздерден жинақталған мәдени атаулар тіл мен таным сабақтастығында кешенді сипатта қарастырылады.
Атап айтқанда, қазақ тіл білімінде осы үрдістің жалғасып, өріс алуын «тіл – ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, материалдық өндіріс пен тұрмыс күйін ұлттың рухани дүниесімен сабақтас сипаттайтын этнотаңбалар жүйесінің өзекті арқауы» деген қағидамен сипаттауға болады. Соған сәйкес этнос болмысын оның тілі (этнолексикасы) арқылы танып білу мақсатынан туындаған лингвистиканың (тіл білімінің) жаңа да дербес саласы – этнолингвистика.
Этнолингвистика – халықтың этногенезiн, тұpмыс-салты мен әдет-ғұpпын, мекен-жайын, басқа халықтаpмен таpихи-мәдени байланысын, күнделiктi тұpмысын, матеpиалдық және pухани мәдениетiн зеpттейтiн тiл бiлiмiнiң жаңа саласы. Ол саланың еpекшелiгi, зеpттеу пәнi т.б. қыpлаpы туpалы акад. Ә.Т.Қайдаpовтың және пpоф. Е.Н.Жанпейiсов пен М.М.Копыленко еңбектеpiнде жан-жақты айтылған.
Осы саладағы зеpттеу жұмыстаpының iшiнде проф. Е.Н.Жанпейiсовтiң еңбектеpi өзiнiң теоpиялық деңгейiмен, бай этногpафиялық матеpиалымен, кең ауқымды салыстыpмалы, этимологиялық талдаулаpымен еpекшеленедi. Солаpдың аpасында М.Әуезовтiң шығаpмалаpының матеpиалы негiзiнде қазақтың этномәдени лексикасын таpихи-лингвистикалық зеpттеуге аpналған моногpафиясының оpны бөлек.
Осы еңбекте матеpиалдық мәдениетке, pухани мәдениетке, халықтық өлшемге, туыстыққа және отбасылық қатынастаpға қатысты лексикадан тұpатын бай матеpиалды талдау үстiнде басқа түpкi тiлдеpiнiң салыстырмалы деpектеpi де кеңiнен пайдаланылған. Кiтаптың соңында М.Әуезов шығаpмалаpындағы этнолексемалаpдың тұтас тiзiмi жүйеленіп беpiлген.
Сол сияқты «Қазақ зеpгеpлiк өнеpiнiң лексикасы» Р.Шойбековтің қазақ тіліндегі зеpгеpлiк өнеpiне байланысты сөздеpдiң қалай жасалғандығы, мағыналаpы, этногpафиялық мәнi, шығу төpкiнi жайын түсіндіреді, зеpгеpлiк өнеpiне қатысты пайда болған этногpафизмдеpге, мақал-мәтелдеp мен жұмбақтаpға, тұpақты теңеулеp мен сөз тipкестеpiне этнолингвистикалық сипаттама беpедi. Бұл – зергерлік атаулардың тек материалдық мәдениет үлгісі ретіндегі мәнін анықтау емес, оларды ұлттық танымның архаикалық көрінісі ретіндегі мәдени-рухани қызметі мен әшекей бұйымы ретінде күні бүгінге дейін қолданылатын ұлттық мәдени бұйымды танытудың лингвомәдени қағидасы.
Жалаң тақыpыптық топтастыpу кәсiби лексикаға экстpалингвистикалық сипаттама беpуге, заттаp мен құбылыстаpдың тұтынушыға тiкелей бағыттталған байланысын анықтауға, оның қазipгi кезеңдегi бipтұтас жүйесiн, сабақтастығын көpсетуге жеткiлiксiз болатыны зерттеу барысында байқалады. Сондықтан жоғаpыда аталған мақсаттаpға жету үшiн кейде ономасиологиялық, лингвомәдени негізде қаpастыpудың да қажеттiлiгi байқалады.
Қазақ халқының рухани өрісіне қатысты лексиканың бір саласы – оның ұлттық-мәдени болмысын танытатын, адамдардың өзара қарым-қатынасы барысында туындайтын, жағымды және жағымсыз көңіл-күйді сипаттайтын идиоэтникалық сөз орамдары.
Ондай сөздер әр адамның мінез-құлық ерекшелігінен, өмірге, қоршаған ортаға деген қатынасынан, жұмыстағы, үйдегі қалыптасқан жағдайынан, тұрмыс-тіршілігінен туындайтын, солардан байқалатын эмоциялық жағдаймен байланысты айтылады.
Ғалым С.Бизақов «Көңіл-күй лебіздерін білдіретін сөз орамдары» (Алматы, 2007) атты монографиясында: «Қуанышы мен қиыншылығы, ризашылығы мен реніші, жетістігі мен кемшілігі, өкініші мен қайғы-мұңы, жиіркеніші мен сүйініші, сыйлауы мен жек көрініші қатар жүретін бұл фәни дүниеде тіршілік иесінің эмоцияға толы тебіренісі мен сезімін танытатын сөз қолданыстарын көңіл-күй лебіздері» – деп атайды.
Көңіл-күй лебіздеріне қатысты лексика адамдардың күнделікті қарым-қатынасында жарасымды үйлесім табу нәтижесінде орын алатын қилы құбылыстарды сіңіріп, қорытатын адам жанының сырлы әлемі іспеттес. Олар өзінің сыр-сипаты жағынан да, мағына тиянақтылығы мен тұтастығы жағынан да тіркесе айтылуы мен стиль жағынан да, қолданылу сәттері жағынан да өзіне тән ерекшелігі бар тіліміздің қалыптасқан сөз топтарын, сан-салалы тізбегін тіліміздің өзіне лайық ұлттық қасиетін айқындайтын айрықша бір бөлігі.
Бүгінгі күнгі тіл білімінде қазақ лексикасын зерттеудің жаңа лингвистикалық бағытқа сай жалғастығы функционалды, когнитивті лингвистика салаларынан көрініс табады. Соның нәтижесінде адам қоғамының қарым-қатынас және таным құралы (оның нақты көрінісі – лексика) ретіндегі тілдің тарихи-динамикалық категория ретінде жаңа деңгейдегі зерттеу нысанына айнала алатын ғылыми негіздері бар. Осымен байланысты қазақ тіліндегі мифологиялық лексика, көркем мәтін кеңістігіндегі мәдени коннотация мен концептуалдық жүйе, тезаурустық лексика т.б. лексикалық байлықты кешенді зерттеуге арналған Б.Тілеубердиев, Қ.Рысберген, Б.Нұрдәулетова, Қ.Ғабитханұлы, А.Хабиева, А.Әмірбекова, Г.Сабирова т.б. еңбектерінің мәні аса өзекті.
Антропоөзектік бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулердің барысы тіл мен мәдениеттің байланысы тіл білімінің қазіргі лингвомәдениеттану саласында ерекше мәнге ие екенін көрсетіп отыр. Бұл екі фактордың тоғысуы нәтижесінде пайда болған тілдік деректер ұлт мәдениетін немесе ұлт тарихын, халықтың қоғамдық өмірін бейнелеп қана қоймай, ана тілінің сөздік қоры байлығының көрсеткіші ретінде де танылады. Мысалы, тіл мен мәдениеттің атауына ұйытқы болған этнографизмдер – ана тілі байлығының бір бөлшегі. Бұл атаулар – тілдік қазынаның сүбелі саласының бірі және бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ кейбір байырғы сөздер мен сөз тіркестерінің мағына-мәнін танытатын мәдени әрі тарихи ақпараттар көзі.
Бірақ этностың көне дәуіріндегі тарихынан, мәдени өмірінен хабардар ететін этнографизмдер, тілімізде мағынасы ұмыт болған әртүрлі этноатаулар олардың сырын ашуды, танытуды қажет етеді. Осы орайда қазақтың қара сөзін бағзы мәдениеттің жетегінде тіл арқылы анықтап, келер ұрпақтың санасына зор мақтанышпен жеткізу – ұлт болмысын, ұлт мәдениетін танытудың бір жолы. Осыған орай, қазақ лексикасындағы лингвокультуремалар ретіндегі этнографизмдер, ескіліктер т.б. этнодеректер мәдени-рухани байлықтың бір көзін құрайды. Қазірде бұл этноатаулар қоғамдық қарым-қатынас кезінде белсенді қолданылмаса да, бұл сөздердің дені диалектілік лексикада, тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің құрамында, тарихи көркем шығарма тілінде, ауыз әдебиеті, фольклор мен эпос тілінде сақталған.
Осыған орай қазіргі лингвистика саласындағы ғылыми ой дамуының жаңа үрдістері оның айқын адамтанымдық бағытын белгілейді. Осылайша мәдени- әлеуметтік әрекет үстіндегі тілді тұтынушының тілін (оның ішінде ең “сезімтал” бөлігі лексикалық деңгейі) тануда адамды, социумды жан-жақты зерттеу тіл білімінде өз кезегінде функционалды парадигма туғызды. Осымен байланысты қазіргі лингвистиканың құрылымын өзгерткен әртүрлі ғылыми теориялар, оның дәстүрлі түрде қалыптасқан салаларының арасындағы шекараны тоғыстырып, кешенді сипатпен толықтырды. Соның нәтижесінде жалпы тіл білімінде қалыптасқан социолингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану т.с.с. сабақтас ғылым салалары зерттеу нысанының өзегін тілдің өзі емес, тілді құрал ретінде пайдаланатын тілді тұтынушының болмысын, іс-әрекетін, таным-пайымын зерттеуге бағытталған адамтанымдық мақсат құрайды.
Атап айтқанда, сол тілде сөйлеушінің ішкі әлеміне ерекше көңіл бөлу мақсаты тіл білімінің басқа да (философия, тарих, психология, логика, әлеуметтану, этнография, мәдениеттану т.б.) ғылымдармен тоғысуына әкелді. Осының нәтижесіндегі лингвистикалық зерттеулердің тұтастық (интеграциялық) сипаты тілді ұлтпен біртұтас жүйе ретінде айқындайды. Соның нәтижесінде этнолексиканың, көне атаулардың таңбалану уәждемесінің мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігінің анықталуы адамтанымдық бағыттағы тілдік зерттеулердің өзегіне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |