Тіл білімінің даму тарихында дәстүрлі үш түрлі ғылыми парадигма анықталып отыр. Олар: салыстырмалы-тарихи, жүйелі-құрылымдық және антропоцентрлік. Тілді зерттеудің арнайы әдісі болған салыстырмалы-тарихи әдістің бүкіл XIX ғасыр тіл білімінің алғашқы ғылыми парадигмасы ретінде сипатталады (Ф.Бопп, А.Мейе, Р.Раск т.б.).
Ал XX ғасырда жүйелі-құрылымдық парадигмаға сай сөзге, атауға таңбалық жүйе ретінде ерекше назар аударылып, соның негізінде тілдің әртүрлі деңгейіндегі парадигмалық және синтагмалық қатынастарын, қызметін т.б. анықтайтын іргелі зерттеулер, оқулықтар және академиялық грамматикалар жазылды және бұл әрі қарай да жалғаса бермек (Ф.Фортунатов, Бодуэн де Куртенэ, Ф. де Соссюр, А.Мартине, Э.Бенвенист, А.Реформатский т.б.).
XXI ғасырда жаңа теориялық-танымдық әдістемеге сәйкес тілді «өз ішінде және өзі үшін» қарастыратын имманентті зерттеу жеткіліксіз болып, оны ой-санамен, мәдениетпен және адамның тұрмыс-тәжірибелік қызметімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігі туып отыр. Осы қажеттілік тіл білімінде жаңа ғылыми бағыттың және соның негізінде қалыптасқан антропоцентристік парадигманың дамуын талап етті. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – тілді зерттеудің мүддесін объектіден субъектіге аудару, яғни адамды тіл арқылы және, керісінше, тілді адам арқылы анықтау. Бұл, бір қарағанда, тіл білімі зерттеулерінің жаңа даму сапасы негізінде жасалған, жаңа бағытқа қатысты туған жаңа көзқарас сияқты көрінгенмен оның бастау көзі тереңде екенін байқаймыз.
Нақты айтқанда, Қазан лингвистикалық мектебінің маңызды жетістіктерінің бірі – ассоциативті-психологиялық негізде айқындалатын теориялық тұжырымдар. Сол мектептің және құрылымдық лингвистиканың көрнекті өкілі Бодуэн де Куртенэнің өзі кез келген тілдік единицаны зерттеуде оның сыртқы (дыбыстық) және ішкі (психикалық) жақтарының байланысына ерекше көңіл бөледі. Ішкі жақтағы психикалық мазмұнды ол семасиологиялық құрылыммен, ал оның көрінісін морфологиямен байланыстырады да, былай деп анықтайды: «Язык существует только в индивидуальных мозгах, только в душах, только в психике индивидов или особей, составляюших данное языковое общество» [2, 212].
Демек XXI ғасыр тілді зерттеудегі құрылымдық, жүйелік парадигмамен сабақтастық, жалғастықпен, бірақ тілді тек қарым-қатынас пен ойды білдірудің құралы деп емес, ұлттың рухани-мәдени коды ретінде қарастыратын антропоцентристік бағытпен сипатталады. Оның іргесі В.Гумбольдт, И.Гердер, Г.Штейнталь, А.Потебня сияқты ғалымдардың теориялық еңбектерімен қаланғаны белгілі. Олардың еңбектеріне сәйкес, адам өзінің парасаттық, рухани, әлеуметтік талаптарын қанағаттандыратын ұғымдар (концепт) әлемін жасау үшін ақпараттарды тілдік арна арқылы алады. Сондықтан кез келген ұлт тілінің табиғатында сол ұлттың неше ғасырлық терең сырға толы қазынасы, ділі жатады. Бірақ тіл жалпы шындықты емес, адамдардың белгілі бір ұжымы өмір сүретін ортаның шындығын жай көрсетіп емес, бейнелеп береді. Және бұл арада тіл дүниені тікелей, тура бейнелемейтінін атап өткен маңызды. Тілде адамның дүниені қалай қабылдайтыны, түсінетіні көрініс береді. Сондықтан да В. фон Гумбольдт: «Разные языки – это отнюдь не различные обозначения одной и той же вещи, а различные видения ее», – деп тұжырымдайды [3, 349].
В.Гумбольдт, А.А.Потебня, М.Хайдеггер т.б. тілді рухпен, шығармашылық қызметпен байланыстырады. Яғни тіл – ойды туғызушы тетік, сондықтан сөз заттың тура таңбасы емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі [4, 155-156]. Сондықтан да жаңа ғылыми парадигмаға сай тілді зерттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылды, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Атап айтқанда, антропоцентрлік парадигма бірінші орынға адамды (тілдік тұлғаны) шығарады да, ал тіл адам танымын құрастырушы сипатта қарастырылады (Л.Леви-Брюль, Б.Малиновский, К.Леви-Стросс, Ю.Н.Караулов, В.Н.Телия, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян т.б.).
Жалпы адамға тән бұл әмбебап танымдық үлгілер (модельдер) – тілдің «терең құрылымдарында» туатын тілдің күрделі когнитивтік қызметінің жемісі. Бұл арада когнитивтік модельдер адамның ойы мен санасының арасындағы аралық бейнені көрсетеді. Яғни қабылданатын ақпарат когнитивті модельдерде «кодталады».
Тіл мен ойлау бірлігінің өзіндік ерекше қасиеттерін тіл білімінің дәстүрлі, «таза тілдік» жеке ғылым саласы шеңберінде зерттеу мүмкін емес. Оған қажет ғылыми парадигма – когнитивті лингвистика, онымен сабақтас этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистикамен т.б. тұтасуы. Осы тұтастық «адам санасы калай құрылған, адам дүниені қалай таниды, қабылданған мәліметтер қалай танымға айналады, ментальдық кеңістіктер қалай жасалады?» деген сұрақтарға жауапты тілдің терең құрылымдарын зерттеу аркылы анықтайды (этнолингвистика – В.Гумбольдт, Ф.Боас, Э.Сепир, Б.Уорф, А.Потебня, Н.Толстой, Ә.Қайдаров Е.Жанпейісов т.б.; психолингвистика – К.Юнг, А.Н.Леонтьев, А.Шахнарович т.б.; лингвомәдениеттану – Э.Тейлор, Э.Маркарян, Ю.Лотман, Ю.С.Степанов, Н.Д.Арутюнова, Е.М.Верешагин, В.Г.Костомаров т.б.). Осы ғылымдардың, атап айтқанда, философиялық, психологиялық, этностық, лингвистикалық теорияларының жүйесі дүниені тұтас танудың теориясы шеңберінде тіл қызметінің когнитивтік негіздерін айқындайды. Оның негізгі ұстанымдарын былайша анықтауға болады:
Қоғамдық тәжірибеге негізделу, яғни дәстүр жалғастығы, танымның
қазыналық сипаты.
Таным модельдерінің символдық түрлері, яғни тілдің қызметі – ақпарат
беру емес, бейнелеуге мүмкіншілік жасау. Осыған катысты мына пікірдің мәні
ерекше: «Лексема, вопреки принятому мнению, не передает информации как
таковой, она лишь актуализирует, возбуждает в сознании слушающего уже
имеющиеся у него лексические понятия и тем самым создает базу для передачи
информации» [5]. Басқаша айтқанда, тіл арқылы бейнелілік пен дүниедегі объективті шындықты субъективті түрде, яғни символдар арқылы беру.
3. Таным модельдерінің жүйелі сипаты, сабақтастығы. Яғни ол – таным моделінің кұрылымдарының тұтасуынан тұратынын сипаттайды.
Байқап отырғанымыздай, жоғарыда көрсетілген тіл қызметінің когнитивтік негіздерін айқындайтын үш сипатының да ортақ қасиеті – тұтастырушылық, тұтас күйдегі таным тудыру. Сондықтан осы қасиеттерге сүйенбей, адамның ментальдық қызметі мен тәжірибесінің қалыптасуы мен сақталуын, ұрпақтан ұрпаққа берілуін қамтамасыз ету мүмкін емес. Таза тілдік тұрғыдан ол – тілдің кумулятивтік қызметімен тікелей байланысты. Ол өз кезегінде қабылдау, ойлау, жад сияқты психологиялық ұғымдармен тығыз байланысты болып, тұтас күйіндегі когнитивті парадигма құрайды.
Міне, осылайша дүниені тұтас тануға ұмтылған қазіргі заманның таным бағыты өзіне сай ғылым парадигмасын талап етті. Психолингвист-ғалым А.Леонтьевтің сөзімен айтқанда: «70-80-жылдарда «таза» тіл білімі, оның жүйелі-құрылымдық парадигмасы сахнадан түсті» [6, 20].
Жалпы «когнитивті лингвистика» деген термин 80-ші жылдары М.Бирвиштің еңбегінде айтылған. Дегенмен, тілдік құбылысты когнитивтік тұрғыдан зерттеудің жалпы үрдісі 60-70-жылдары америкалық Хомский, Лакофф, Коок т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты. Ал бұл бағыт бастау көздерін В. фон Гумбольдттың лингвистикалық философияға қатысты зерттеулерінен алады деп анықтаған жөн. Бұл жаңа лингвистикалық теорияның шын мәніндегі концептуалдық қағидаларының негізделуі соңғы жылдардың еншісінде.
Когнитивті лингвистиканың дамуымен байланысты анықталып алуға тиіс бірнеше ұғым немесе мәселелер бар. Оның негізгісі – тілдің қызметіне қатысты «ғаламның тілдік бейнесі» (языковая картина мира). Шындықтың тілдік бейнеленуінің ерекшелігі неде? Адам дүниені жалпы адамзаттық және ұлттық қоғамдық-тарихи тәжірибе негізінде бейнеленген тіл арқылы таниды. Сонда ұлттық тәжірибе тілдің ерекшелігін анықтап, соның негізінде, сол тілде сөйлеушінің санасында, соған сай өзіндік дүниенің тілдік бейнесін жасайды (Кондильяк, Гумбольдт, Сепир т.б.). Мысалы, Э.Сепир былай деп қорытады: «... «реальный мир» в значительной мере неосознанно строится на основе языковых привычек той или иной социальной группы. ... «миры, в которых живут различные общества – это разные миры ...» [7, 261].
Мұның қазақ тіл біліміндегі зерттеу үлгісін А.Жаңабекованың (Қазақ тіліндегі «уақыт» ұғымының тілдік парадигмасы, 2010), О.Жұбаеваның (Қазақ тілі грамматикасының категорияларының антропоөзектілігі, 2010) еңбектерінен көреміз.
Демек тіл теориясында "ғаламның тілдік бейнесі" туралы ұғымның пайда болуы тіл мен ойлаудың тепе-тең еместігін және тілдік ойлаудың мазмұнының ерекшелігін көрсетеді. Ол әр халықтың (әртүрлі деңгейдегі, уақыттағы әлеуметтік, этностық т.б. топтың) әртүрлі ойлауымен тығыз байланысты. Сондықтан көптеген ғалымдар (Дж. Харрис т.б.) идиоэтникалық негізді көбінесе лексикадан анықтап және номинациялық таңдауды халықтың өмір салтымен, көзқарасымен байланыстырады да (Локк.), грамматикалық формалардың категориялық мағыналарын әмбебеп, жалпы деп санайды. Бірақ Э.Б. де Кондаляк, И.Гердер, В. фон Гумбольдттан бастап дүниені тіл арқылы бейнелеуді қалыптастыруда, халықтың рухын беруде грамматиканың ерекше екені көрсетіледі. Гумбольдттың пікірінше, грамматиканың рухтық ерекшелікке туыстығы лексикадан да күшті [8, 20-21].
Демек «ғаламның тілдік бейнесі» теориясының тілдегі номинация, таңба, уәж т.б. мәселелерімен тығыз байланыстығы мен сабақтастығын былай қойғанда, грамматикалық құрылымға тікелей қатысы көрінеді. Осыған байланысты ғылымның диалектикалық әдісіне сай уақыт факторларының мәні ерекше екені белгілі. Соған сай «ғаламның тілдік бейнесі» де тілдің даму барысымен, мәдени-рухани және сананың дамуымен байланысы мифтік ойлаудан поэтикалық ойлау дәрежесіне дейін өзгеріп, дамып отырады. Тілдік семантиканың құралдары арқылы тілдік санада сақталған дүниенің бейнесі уақытқа сай белгілі бір дәрежеде реликтілік, архаикалық деңгейде сақталуы мүмкін. Бірақ олар – тілдің ұйымдастыруымен сақталған дүниенің тұтас тұжырымдамасы (концептуализация), тілдік ұжымның лексика, фразеология, грамматикада көрініс тапқан ұлттық-мәдени тәжірибесінің тілдегі бейнесі.
Бұл теорияның негізін В.Гумбольдт т.б. салса, одан әрі дамытқан – Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян, А.Н.Леонтьев, Б.Касевич т.б.
АҚШ университеттерінде тіл мен танымды адаммен біртұтастықта қарастыратын ғалымдардың лингвист-антрополог деп аталуы кездейсоқтық емес. Жоғарыда көрсетілгендей, адамның санасы, болмысы және рухани негіздерінің тығыз байланыстылығы, дәстүр жалғастығы мен сақталуы тек тілге тікелей қатысты. Ал адамның этностық ұғымда танылуы – белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада, ұжымда қалыптасқан танымның тілдегі көріністері. Осыған байланысты этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатында туындаған тіл білімінің жаңа да дербес саласы – этнолингвистика. «Тіл әлемінің» табиғатын жан-жақты зерттеу барысында жіктелген социолингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану салаларынан этнолингвистиканың ерекшелігі, тұтастық сипаты, академик Ә.Қайдар атап көрсеткендей, оның «этностың инсандық һәм дүнияуи табиғатын тереңнен танып білу үшін басқа емес, тек тіл феноменінің өзіне ғана тән ғажайып мүмкіншіліктері мен қазына байлығын зерделеп зерттеуді мақсат ететін ғылым» екендігінде [9, 8].
Қазақ тіл біліміндегі осы этнолингвистика саласының негізін салушы ғалым Ә.Қайдардың да негізгі көзқарасы «тіл халықтың өзін қалыптастырады» (Ф. де Соссюр), «тіл мен ұлт біртұтас» т.с.с. тұжырымдармен сәйкес келеді. Ғалымның этнолингвистика саласының алдына қойып, анықтап отырған мәселесі де – этносты танудың жеке бір жағы емес, оны кешенді де тұтас тану. Атап айтсақ, ол – этностың тұтас бейнесін барша болмысын анықтау. Ал оған қажет этнос туралы, толық мағлұмат тек оның тілдік қазынасында ғана сақталады. Осыған байланысты ғалымның этнолингвистикаға қатысты қалыптастырған бірнеше негізгі ұғымдарын атап өткіміз келеді. Олар этностың тұтас бейнесін анықтаумен байланысты этностың сонау балаң кезеңінен бастап бүгінгі ұлттық дәрежеге дейінгі кешірген өмір-тіршілігінің айнасы, тілі мен жады арқылы сақталған рухани-мәдени қазынасын анықтауды мақсат етуімен байланысты қолданылған этностық болмыс және «тіл әлемі» ұғымдары, «індете зерттеу» әдісі.
Сонымен, тіл мен ой немесе таным, тіл мен ұлт т.б. мәселелер, сайып келгенде, ұлтты, ұлттың танымын өзінің терең құрылымдары арқылы тұтастырушы тілдің табиғатын анықтауға байланысты қазіргі тіл білімінде жаңа бағыттардың айқындалып, қалыптасып, дамып келе жатқаны байқалады. Оның көріністерін қазақ тіл білімінің даму күйінен де көріп отырмыз (Б.Ақбердиева, Б.Нұрдәулетова т.б. зерттеулерін қараңыз).
Дәстүрлі тіл білімінің жеткіліксіз боп, тілді зерттеудің жаңа үрдісінің даму себебін қазіргі тіл біліміндегі генеративтік теорияның көрнекті өкілі Н.Хомскийдің мына пікірімен түсіндіруге болатын сияқты: «...потому что такие методы (автор Ф. де Соссюрдің әдістемесі туралы айтып отыр – М.Ж.) в лучшем случае применимы только к явлениям поверхностной структуры и не могут поэтому вскрыть механизмы, которые лежат в основе творческого аспекта использования языка и выражения семантического содержания» [10, 34].
Бірақ бұны тіл білімінің алдыңғы екі ғылыми парадигмалық кезеңін жоққа шығару деп түсінбеу керек (әсіресе құрылымдық-жүйелік). Әңгіме олардың тіл зерттеу барысындағы тығыз байланыстылығы мен сабақтастығы туралы болып отыр. Ол, сайып келгенде, тіл табиғатының жүйелі де тұтас сипатынан туындайды.
Қорытып айтқанда, тіл білімі дамуының қазіргі деңгейіне сай когнитивті лингвистика тілдік семантика, жұмсалымдық (функционалды) лингвистика т.б. тілді жалпы когнитивті тетік ретінде қарастырады. Атап айтқанда, жұмсалымдық лингвистика тілдік құралдарды, когнитивтік модельдер мен тәсілдердің вербализациялануын (тілдік тұлға, «ғаламның тілдік бейнесі» т.б.) айқындайды.