Байланысты: антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)
1.2.Қазақстанның әлеуметтік жаңару кезіндегі антропоөзектік парадигмада тілдің ұлттық және әлемдік үлгісінің тоғысуы Қазіргі әлемдік өркениет кеңістігіндегі жаһандану үрдісіне сәйкес ұлт тілі арқылы анықталатын «ғаламның тілдік бейнесі» негізінде тіл мен мәдениет сабақтастығын анықтаудың мәні зор.
Себебі «адам өзінің әлемге деген көзқарасын, дүниетанымын, өзіндік «әлем бейнесін» тілдің қызметі арқылы қалыптастырады» - деген антропоөзектік бағыттың қазіргі әлемдік тіл білімінде қалыптасқан қағидасына сай қазақ тіл біліміндегі қазақ дүниесінің, қазақ әлемінің сипаты қазақ тілі деректері арқылы дәлелденуде, ұлттың рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде.
Ежелгі дәуірдің әртүрлі әлеуметтік-тарихи кезеңдеріне сай айналадағы дүние туралы алуан түрлі сыры, мифтік бағам-пайымы мен наным-сенімін көрсететін тіл деректері, кейбір көне этномәдени сөз қолданыстары бүгінгі заманға халқымыздың бай ауыз әдебиеті, ескіліктері, көркем әдебиет мәтіндеріндегі ұлттық-мәдени компоненттері т.б. шығармашылық көздері арқылы келіп жетті. Сондықтан көне тілдік деректер халқымыздың ұзақ этномәдени даму жолын, материалдық және рухани құндылықтарын, түп-тамырын неғұрлым тереңірек танудың бір құралы, маңызды таным тетігі ретінде зерттеледі.
Оның себебі: әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды, жүйелі құрылымды зерттеуде дәстүрлі құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі екендігі байқалады. Себебі бұл арада тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, ол (тіл) – этномәдени ақпаратты жинап, сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, сайып келгенде, ұлтты бір бүтін етіп тұтастырушы. Сондықтан да қазіргі қазақ тіл білімінде тілдің бойындағы ұлттық сипатты, ұлттық рухты тануға негізделген когнитивтік лингвистика, оның лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б. салаларын өрістететін осы тектес зерттеулердің мәні ерекше.
Осымен байланысты Елбасының тікелей басшылығымен іске асырылған мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асырылуы ел тарихының тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды рухани-мәдени шара болды. Атап айтқанда, осы бағдарлама аясында тіл арқылы ұлт болмысын, оның тарихи-мәдени кеңістігін танытудың маңыздылығын ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми-өндірістік зерттеу тәжірибесі айқын көрсетті.
Осы бағытта жүргізілген жұмыстар Қазақстанның рухани-әлеуметтік жаңару кезеңіндегі тілді жаңа теориялық-танымдық үрдісте зерттеудің қажеттілігінен туындаған болатын. Осымен байланысты қазақ тіл білімінде адам санасында қалыптасатын ақиқат дүниенің бейнесі арқылы сақталатын тілдік қорды зерттеуге мүмкіндік жасайтын қазіргі тіл білімінің танымдық, антропоөзектік бағыты қалыптасуда екенін жоғарыда атап өттік. Себебі әрбір әлеуметтік жүйеде, ұлттық ұжымда, әрбір қоғамның өркениеттік даму барысында дүние бейнесі тілде өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылып отырады. Олардың негізі тілдік санада концептуалдық жүйе арқылы құрылады және сезімдік қабылдаулар нәтижесінде жеке адамның танып-түсінген деңгейі мен дәрежесі бара-бара ұлттық-ұжымдық сипатта тұтасады. Қоғам дамып, дүниенің қасиеттері одан әрі таныла бастаған сайын дүние бейнесінің мазмұны да өзгеріп отырады. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық талапқа сай өзекті болып саналатын ұлттық терминология жүйесінің қалыптасуын алайық. Номинация теориясы бойынша адам ат қоюда сол затты танып, біліп, басқалардан ажыратып алғаннан кейін барып ат қоятыны белгілі. Мұндай ажыратқыш белгілер (уәждер) сөйлеуші ұжымдық ортада әртүрлі болуы мүмкін. Осымен байланысты жаңа атаулардың жасалуының бір жолы күнделікті өмірде, тұрмыстық тәжірибеде әбден қалыптасқан – ұғыммен ұқсату. Себебі адамның табиғаттағы, қоғамдағы әртүрлі құбылысты бақылауы, оны өз іс-әрекетімен, тәжірибесімен салыстыруы ассоциациялық бейнелер түрінде әртүрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табуы арқылы кейбір көне қолданыстардың жаңғыртылып, жаңаша қолданылуы негізінде іске асады.
Соның барысында тілдің рухани-әлеуметтік жаңғыртуларға сай жаңа деңгейге көтеріліп, ежелден қалыптасқан ұлттық таным мен ой-өрістің мәнін заманауи мемлекеттік мүддеге ұластырып, қоғамның түрлі саласында кәсіби тілдік тұлғаның қызмет ету дәрежесін көтеретін ұлттық терминологиялық жүйе жасаудың негізгі тетігі ретунде этнотаңбалы тілдік деректер терминдену үдерісінде көрініс табуда (тұсаукесер, құрықтау, билік, көсем, серке т.б.).
Бұл Тәуелсіздік кеңістігіндегі қазақ қоғамының рухани жаңғыру деңгейіне сәйкес мәңгүртікке қарсы қалыптасқан елді ұйыстырушы өзек ретіндегі тіл қызметінің өміршеңдігі мен жалғастық үрдісі.
Тәуелсіздік кезеңі мемлекеттік құрылымдардағы тіл қызметінің мазмұнына, жалпы қоғамдық-әлеуметтік өмірдің барлық салаларына, олармен тығыз байланысты тіл мен оның қолданысына, негізінен, оң бағыттағы өзгерістер әкеліп, жан-жақты ықпал етуде. Саяси-әлеуметтік, тіптен экономикалық орта өзгерістері де тілден тыс қалмай, түптеп келгенде, оның (тілдің) қоғамдық санаға қатысты танымдық, ақпараттық, т.б. қызмет атқаруының тұғыры – мемлекеттік мүдде тұрғысынан қоғамдық санада түбегейлі өзгерістерді қалыптастырушы өзекті фактор ретінде егеменді қазақ мемлекетінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің бекітілуі. Соған орай қазіргі қоғамда ұлттық сананың қайта жаңғыруы заман үрдісіне сәйкес ерекше қарқын алып, қоғам өмірінің сан-саласында, қарым-қатынасында, пікірлерінде, негізінен, тіл арқылы көрініс табуда. Қазіргі қоғамда қалыптасқан еркіндік үрдісіне сай кейде бір-біріне кереғар да пікірлер бой көрсетуде.
Осымен байланысты ұлтты бірегейлендіру қызметі мен рухани қауіпсіздіктің негізі тіл арқылы сақталып, жүзеге асатынын дәлелдеу – қазақ тілінің мемлекеттік мүддемен астас мақсатын көрсету.
Осы арада мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес жан-жақты қоғамдық қызмет атқарылуы тиіс қазақ тілін тек қарым-қатынас құралы ретінде зерттеу жеткіліксіз екенін қазіргі қоғамдағы тіл қызметінің мәні көрсетіп отыр. Содан туындайтын жағдаят тілдің қоғамдық сұраныс пен аксиологиялық, әлеуметтік, коммуникативті-прагматикалық қызметтерін, терминдену және сөзжасамдық әлеуетін зерттеп анықтауды тіл ғылымынан талап етеді.
Тілдік деректердің этноәлеуметтік, мәдени-рухани әлеуеті, ұлтты тұтастырушылық қызметі т.б. негізіндегі елдің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық сипаты қазіргі Қазақстанда қалыптасқан мемлекеттік тілдің өміршеңдігі, жасампаздығы арқылы әлемдік үлгімен тоғысады.
Сайып келгенде, тілдің тек танымдық-мазмұндық жағы ғана ашылып қоймай, сонымен бірге қазіргі қоғамдық-әлеуметтік кеңістіктегі ұлттық идеяны іске асырушы тілдің мемлекеттік мәртебесіне сәйкес қазақ тілінің бұрын толық көрінбеген қырларының коммуникативтік әлеуеті де ашыла түседі. Сөз киесі мен қадірін ерекше түсінетін Елбасымыз тілдің бұл қасиетін былайша бағалайды: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен арттық қазақ үшін бұ дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқы болған – оның ғажайып тілі. Бұл халқым деп, қабырғалы қазағым деп, тайсаң-тағаң, тарықсаң-панаң боламын деп айтқан имани сөзім!»- деген еді, («Қазақ әдебиеті», 29.11.2008).
Сондықтан қазіргі кезеңдегі лингвистикалық зерттеулерде басымдылыққа ие бола бастаған антропоцентристік бағыт негізінде адам қызметінің сан қатпарлы сырлары мен оның тұлғалық және әлеуметтік қырларының ұлттық болмыспен сәйкестігін анықтауға деген қызуғышылық артуда. Сонымен бірге соңғы уақытта адамзат баласының санасы мен ой-өрісін, дүниетанымын, ақиқат шындықты қабылдау мен ұғынудың ұлттық ерекшеліктерін, аталған үдеріс нәтижелерінің сол ұлт тұтынатын тілде белгіленуін кеңірек қарастыруға жол ашылуда.
Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай мемлекет ішіндегі және мемлекетаралық қызметін іске асыру үшін қазақтың мәдени құндылықтарын басқа халыққа тиімді әрі айқын үйрету барысында лингвоелтанымдық бағыттың қажеттілігі анықталды. Осымен байланысты өзге ұлт тіліндегі баламасын, аударылымын салыстырмалы, салғастырмалы түрде анықтайтын этномәдени зерттеу жобасын одан әрі кеңейтіп, жалғастыру мақсаты қазақ тілі лексикасының лингвоелтанымдық, лингвомәдениеттанымдық аспектілерін зерттеуге ұластырды.
Осыған орай лексикалық бірліктердің бір ұлт танымында тілдік таңбалану құбылысын зерттеу нәтижесінде антропоцентристік бағыттан тарайтын когнитивтік тіл білімі, психолингвистика сияқты салалары арқылы қазаққа лайықты ұғымды қабылдау, тану, сезіну, тұшыну, ақпаратты жеткізу, тарату қабілеттеріндегі өзгешеліктер анықталады. Соның нәтижесінде тек қазаққа ғана тән мәдени құндылықтар, барлық ұлттарға тән мәдени құндылықтар, түркі тілдес халықтарға тән мәдени құндылықтар, аймақтық, диаспоралық ортаға тән мәдени құндылықтар шегі ажыратылып, олардың тілдегі, мәтіндегі этнотаңбалық көріністері талданып көрсетілді.
Бұл – қазіргі қазақ қоғамының жаңа рухани-әлеуметтік жаңғыру, өзгеру деңгейіне сәйкес ұлттық мүдде сұранысы мен талабын қанағаттандыратын өзекті мәселе. Осыған орай тіліміздегі этнотаңбалардың адам санасында терең сақталуы мен этномәдени ұғымдарды бейнелеуде қолданылу ерекшеліктері әлемдік тіл біліміндегі ой таңбалану қағидаларымен, үрдістерімен салыстыру негізінде анықталады.
Еліміздің қай сала аясында болмасын, бәсекелестікке қабілетті ел ретінде қарқынды даму, интеграциялық қарым-қатынас арқылы ғылым мен білім қорын жаһандану үрдісіне сай бейімдеп, тәжірибе алмасу мәдениаралық коммуникация біліктілігінің жоғары деңгейде болуына, инновациялық жүйесінің тиімді қолданылуына негізделген тіл білімінің ғылыми-теориялық негіздемесіне және қолданбалы сипатына келіп тіреледі. Сондықтан ең алдымен, қазақ тілінің жаңа өмірге икемделген заманауи лексикасы мен терминдерінің мән-мазмұны, қолданымдық сипаты, ғылыми-теориялық негізі терең зерттеліп, техникалық, кәсіби, іскери, салалық тілдің жұмсалымдық, коммуникациялық нормалары дайындалуы тәуелсіз қазақ елінің рухани-әлеуметтік жаңару кезеңіндегі мемлекеттік тілінің ұлттық және әлемдік үлгісінің тоғысуын қамтамасыз етпек.
Қазiргi кезеңде еуразиялық кеңiстiктегi халықтар үшiн ұлттың қайта өркендеуге ұмтылуы өзектi мәселе болса, бұл олардың мәдени сәйкестiктi ұғынуынан айқын көрiнiс табады.
Ал жаһандану интеграциялық үрдіссіз жүзеге асырылмайды. Ғылымдағы интеграцияның ең негізгі көзі – тіл болғандықтан, ғылыми жаһанданған тілдің лингвистикалық нормасын, әлемдік ақпараттық қарым-қатынасқа сай стильдік нормасын, сондай-ақ мемлекеттік тілдегі ғылыми тіл қорының жаһандану үлгісін зерттеп, біріздендіру, бүкіл техниканы қазақтың төл ғылыми тілінде сөйлетудің ғылыми негізін анықтау бүгінгі күннің аса қажетті талабына айналып отыр.
Қазіргі жаһандану дәуірінде қазақ тілінің қолданыстық, өміршеңдік деңгейі мен ұлтты бірегейлендіру ықпалы қай дәрежеде екенін айқындау, сол арқылы ұлттық таным мен ой-өрістің, кәсіби тілдік тұлғаның қандай дәрежеде қоғамда қызмет істеп жатқанын нақтылап білу – тіл арқылы ұлтты бірегейлендіруге қатысты өзекті мәселелердің бірі. Қоғам дамыған сайын тілдің де сол дәрежеде дамуы – мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес тілдің қоғамдағы толыққанды қызметінің кепілі десек, ұлттың этномәдени болмысын сақтаған мемлекеттік тілдің даму деңгейі бұзылмауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық-саяси, мәдени, әлеуметтанымдық, т.б. газеттер мен телебағдарламалар, интернет жүйесі арқылы берілген ақпараттар тілі, сұхбаттасу, пікірлесу, шаршытоп алдындағы сөз, т.б,. сияқты бұқаралық коммуникация көзімен берілген хабарламалар тілі жекелік (персональді) коммуникация мен мәдениаралық коммуникация деңгейін көтеруге, сайып келгенде, қазақ тілінің ұлттық болмысының әлемдік үлгімен тоғысуына септігін тигізеді.
Демек, қазіргі лингвистика саласындағы ғылыми ой дамуының жаңа үрдістері оның айқын антропоценристік бағытын белгілейді. Осы салалардың негізінде жаңа инновациялық әдіс-тәсілдер қолданыла бастады (психолингвистикалық, паралингвистикалық, прагмалингвистикалық, социолингвистикалық, дискурстық талдаулар т.б.).
Мысалы, тәуелсіздік кезеңінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты орындаған іргелі зерттеу бағдарламалары мен еңбектері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің, оның қолданыс мәдениетін жақсарту мен қолданыс әлеуетін барынша тиімді пайдалану, мүмкіндіктерін жетілдіру мен дамытуға бағытталған.
Атап айтқанда, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында орындалған қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, синонимдер, диалектілік, түсіндірме сөздіктері әлемдік тәжірибедегі сөздік жасау ісінің жаңа жетістіктерін пайдалана отырып, мазмұны мен сапасы жағынан жаңарып шыққан.
Аталған сөздіктер ішінде Институт үшін 15 томдық “Қазақ әдеби тілінің сөздігінің” орны ерекше. Ол – сөздік ұлттық танымдық, тарихи, әлеуметтік, т.б. сипатын көрсететін тіл әлемінің кешенді кеңістігі. Сонымен, қазіргі лингвистикалық зерттеулерге интеграциялық, кешендік, антропоөзектік сипат тән және соған байланысты әлемдік тіл білімінде тілді танымдық, лингвомәдени, әлеуметтік, аксиологиялық, прецеденттік құбылыс деп қарастыру кең өріс алып, мынадай ұғымдар өзектелуде екені белгілі: концептуалдану, концептілік өріс; ассоциация, тілдік сана, когниция, әлемнің тілдік моделі, ғаламның тілдік бейнесі, социум, мәдени коммуникация, этнотаңба, архетип, т.б.
Әлемдік лингвистикада қарастырып жатқан мынадай мәселелер қазақ тіл білімінің іргелі зерттеулерінде де өзектеліп, зерттелуде: мәтін лингвистикасы, мәтіндік талдау; дискурстық талдау; «тілдік тұлға» теориясы; социолингвистикалық, психолингвистикалық зерттеулер т.б.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның әлеуметтік жаңару кезеңіндегі тілдік саясатының рухани құндылығын, қазақ мемлекеттік тілінің ұлттық сипаты мен тілдің әлемдік үлгісінің тоғысуын Елбасының: «Ұлтты күшейтудің бір тетігі – туған ана тілі» деп бағалаған тұжырымы қазіргі кезеңіндегі қазақ тіл білімі жаңа бағыттарына бағдар болары анық.