Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҰЛТ ТҰТАСТЫРУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ



бет215/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   211   212   213   214   215   216   217   218   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҰЛТ ТҰТАСТЫРУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
Тәуелсіз мемлекет ретінде қазақ елінің қазіргі таңда алдында тұрған басты міндеттерінің бірі – өткенін сұрыптап, бүгінгісін таразылап, болашағын бағдарлау. Осымен байланысты мәселенің өзегі ұлтты ұйытып, тұтастыратын арқауды анықтау десек, ол арқау – тіл. Тіл құдіреті арқылы ұлттың рухани тарихы мен таным-тәжірибесін сақтайтын қазынасы бізге жетеді, танылады. Бұл кешегі өткен ата-бабаларымыздың ерлік мұрат-мүддесі мен азаттық үшін күрестегі ұлттық рухын көтеретін қуатты құралы болса, тіл бүгінгі таңда да ұлтты тұтастыратын ұлттық идеяның негізгі мәні және құралы болуға тиіс.
Әрине, өзінің тұтастырушылық қызметіне орай, тіл тарихи категория ретінде ұлттық идеяның нақты тарихи кезеңнің контексінде жаңарып, жаңғырып отыруы – заңды құбылыс. Мысалы, ұлттық мәдени тарихымыздағы мұның нақты мысалын қазақ хандығы құрылып, қалыптасу кезеңінде көшпенді қоғамның басты идеясы ретінде жыраулар тілінде көрініс тапқан «Ата-қоныс», «Жерұйық», «Құтмекен» ұғымдары арқылы жоңғар, қалмақ шапқыншылығы тұсындағы «ұлттық бірігу» (Бұқар жырау т.б.), Ресей отаршылдығы кезеңіндегі «ұлт-азаттық күрес» және «ағартушылық» (Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, Шоқан, Ыбырай, Абай т.б.), 20-ғ. басындағы «Алаш» идеяларынан (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев т.б.) көруге болады. Осындай ұлттық идеяның негізгі белгілерін сақтай отырып, сонымен бірге оның рухани-танымдық тәжірибесінің мезгілдік сипатына сәйкес осы кезеңдегі тұтас ұлт болмысының қалыптасуына қажет сана-сезім, мінез-құлық, әлеуметтік мұрат-мүдделердің даму үрдісінің басымдылығы айқындалуы тиіс. Олай болса, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық даму негізі және мәдени-рухани әлеуеті бар, ғылыми-техникалық базасы жетілген, сонымен бірге, сан түрлі ұлт өкілдерінің мекені егеменді Қазақстан мемлекетінің ұлттық идеясы қандай болмақ?
Қазіргі таңдағы қазақ қоғамының да, қазақ мемлекетінің де өзекті мәселелерінің бірі – қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық т.б. деңгейлерде ұлттық сананы жаңғыртып, соның негізінде өзі де өркендейтін, қоғамның барлық саласында қолданылуға тиіс ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне сәйкес жаңа сапалық сипаттағы жан-жақты қызметін дамыту, күшейту, қалыптастыру. Себебі ұлттың ыдырамас бірлігі, тұтастығы, түптеп келгенде, ұлт тілінің тұтастығымен байланысты. Ал бұл белгілі бір кезеңге тән өткізілетін, өтіп кететін науқандық шара ғана емес. Біріншіден, ҚР-дағы мемлекеттік тіл мәртебесін, ол туралы ресми заңды шын мәнінде іске асырудың нәтижесі болуға тиіс. Екіншіден, ол – тамырын тереңнен алатын ұлттық мәдениеттің, негізінен тіл арқылы сақталып, кейінгі ұрпаққа тіл арқылы жететін асыл мұра. Осымен байланысты белгіленген «Мәдени мұра» атты мемлекеттік бағдарламаның мәні ерекше екеніне кешенді түрде жүргізіліп жатқан филологиялық, археологиялық, тарихи т.б. рухани мәдениетіміздің арналарын сипаттайтын деректерінің ашылып, толығып, зерттеу айналымының дәйектемесіне айналып жатқаны дәлел. Осы орайда ашылып, анықталатын ұлтымыздың мәдени-әлеуметтік тарихи-тілдік бастау көздерін таныту, оқыту, зерттеу – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.
Демек, осыған сәйкес мемлекеттік тіл қызметін қалыптастыруда, мемлекеттік тіл саясатын іске асыруда «ешнәрсе істелген жоқ!» деп даурығуға негіз жоқ. Билік тарапынан қолдау тапқан дұрыс, терең түсініктің арқасында қабылданып, белгіленген «Мәдени мұра» атты Елбасымыздан бастап басқа да ресми тұлғалардың жоғары мінберлерден қазақ тілінің мәні мен болашағы туралы пікірлерінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметінің жандануына белгілі дәрежеде қозғау салып, қоғамдық пікірге ықпал етуі де шындық. Әсіресе, Білім және Ғылым министрлігінің, Тіл комитетінің, Тілдерді дамыту басқармаларының нақты да жан-жақты істеліп жатқан жұмысы, көкейтесті перспективалық бағыттарын белгілеп, кешенді жұмыстар жүргізіп жатқанын, оның мемлекеттік тіл қызметінің жандандыруға әсерін ерекше атап өткен жөн.
Дегенмен қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде толыққанды қызмет ете алмай, қоғамның барлық саласында тиімді қолданыс таппай, яғни қазақ тілінің барлық функционалдық әлеуеті толық ашылмай отырғаны және қоғамның әртүрлі әлеуметтік, ұлттық топтарының мүшелері тарапынан дұрыс түсінілмей, қазақ тілінің ұлттұтастырушылық қызметі мен мәні қоғамда тегістей дұрыс таным қалыптаспай отырғаны да рас.
Демек бұл мәселенің шешіміне ықпал ететін, тілдің қоғамдық, әлеуметтік мәніне қатысты қағидалар мен ғылыми-әдістемелік базаны анықтауға қатысты мәселелерді әлі де талқылап, айқындайтын тұстары баршылық.
Жоғарыда аталған нәтижелерді мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес алғашқы кезеңде істелетін іс-шаралар ретінде жағымды бағалай отырып, енді келесі кезектегі немесе кезеңдегі мәселелерді, яғни мемлекеттік тілдің қызметін жетілдіру, жаңа деңгейге көтеру мәселесін алға шығарып, мән беріп шешетін кез келген сияқты.
Ол мемлекеттік тіл қызметін күшейтуге, жетілдіруге арналған іс-шаралармен үндес, сабақтас. Осы мәселенің шешімінің келесі сатысы мен өзекті мәселелерінің бірі мемлекеттік тіл ретінде ұлт тілінің қазіргі қазақ қоғамындағы сөз мәдениетімен, тілдік қолданыстың мәдени деңгейін байланысты.
Біздің ойымызша, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қордаланып, шешілмей жатқан түйткілдерінің бір себебі – социумның, мейлі ол мемлекеттік жүйе қызметіндегі ресми тұлға бола ма, басқа ма, біразы тілдің мәнін дұрыс түсінбеуі. Яғни тілді тек қарым-қатынас құралы деп (онда да қарым-қатынасты терең таным аспектісінде емес, тар, тіпті тұрмыстық, қарапайым түсіністік құралы ретінде ғана) деп түсінеді.
Ал, шын мәнінде, тілдің мәні мен қызметі туралы В.Гумбольдт, Э.Сепир, А.Потебня сияқты әлемдік шеңбердегі көрнекті ғалымдардың тұжырымдарын былай қойғанда, «тіл – құрал», «тіл – қор» деп санаған А.Байтұрсынұлының, «тіл – таным қоймасы» деп қараған проф. Қ.Жұбановтың, тілдің ұлт мәдениетін архетиптік, мифтік деңгейінен бері сақтаған құдіретін нақты көрсеткен Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов т.б. ғалымдар еңбектерінің мәні зор.
Олай болса, тілдің осындай терең танымдық мәнін қоғамдағы нигилистер мен мәңгүрттерге ғана емес, жалпы қоғамға қалай дәлелдейміз? Осыған байланысты тілші-ғалымдар не ұсынады? Әрине, оны дәлелдеу жалаң ұрандық сипатта емес, шын мәніндегі нақты этномәдени деректер арқылы дәйектелген тарихи-тілдік деректерді зерттеу арқылы іске аспақ.
Олар – ұлттық болмыс-бітімін, дүниеге көзқарасын, рухани-мәдени құндылықтарын, әлеуметтік мәнін ұлттық таным қорында жинақталған тілдік таңбалар. Себебі қазақ ұлты да басқа ұлттар секілді ғасырлар бойы жинақталған ой-тәжірибесін, даналығын, дүниетанымдық көзқарастарын, салт-дәстүрін т.б. тілінде көрсете білген. Олар халық өмірінің, тұрмысының, мәдениетінің ортақ сипаты ретінде тұтас құрылымдық жүйе құрайды. Ал адамзат үшін ақиқат дүние біреу болғанымен, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамда, әр ұлтта әртүрлі деңгейде, сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, тұтас (концептуалды) әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады. Сөйтіп, тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сәйкес танытуға тырысады.
Демек тілді жаңа ғасырлар баспалдағында жаңа теориялық-танымдық үрдісте зерттеудің қажеттігі туындап отыр. Осымен байланысты қазақ тіл білімінде адам санасында қалыптасатын ақиқат дүниенің бейнесі арқылы сақталатын тілдік қорды зерттеуге мүмкіндік жасайтын қазіргі тіл білімінің танымдық, антропоөзектік бағыты қалыптасуда. Себебі әрбір әлеуметтік жүйеде, ұлттық ұжымда, әрбір қоғамның өркениеттік даму барысында дүние бейнесі тілде өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылып отырады. Олардың негізі тілдік санада концептуалдық жүйе арқылы құрылады және сезімдік қабылдаулар нәтижесінде жеке адамның танып-түсінген деңгейі мен дәрежесі бара-бара ұлттық сипатта тұтасады. Қоғам дамып, дүниенің қасиеттері одан әрі таныла бастаған сайын дүние бейнесінің мазмұны да өзгеріп отырады. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық талапқа сай өзекті болып саналатын терминология жүйесінің қалыптасуын алайық. Номинация теориясы бойынша адам ат қоюда сол затты танып, біліп, басқалардан ажыратып алғаннан кейін барып ат қояды. Мұндай ажыратқыш белгілер сөйлеуші ұжымдық ортада әртүрлі болуы мүмкін. Тіл білімінде олар уәждер деп аталады. Осымен байланысты ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы – ұқсату. Ол күнделікті өмірде, тұрмыстық тәжірибеде қалыптасады. Себебі адамның табиғаттағы, қоғамдағы әртүрлі құбылысты бақылауы оны өз іс-әрекетімен, тәжірибесімен салыстыруы ассоциациялық бейнелер түрінде әртүрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табуы негізінде іске асады. Мысалы, тұсаукесер т.б.
Сондықтан, тіл этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының куәгері іспетті. Осымен байланысты қазіргі тіл білімінде ұлттың рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Оның себебі, жоғарыда атап көрсеткендей, әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес, ол – жай таңбалық жүйе емес, мәдениет. Сондықтан оны зерттеуде дәстүрлі-құрылымдық лингвистиканың мүмкіндігі шектеулі. Себебі бұл арада тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, ол (тіл) – этномәдени ақпаратты жинап, сақтаушы, келесі ұрпаққа жалғастырушы, сайып келгенде, бірбүтін етіп тұтастырушы. Сондықтан да қазіргі қазақ тіл білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығын, атап айтқанда, тілдің бойындағы ұлттық сипатты, ұлттық рухты тануға негізделген когнитивтік лингвистика, оның лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б салалары өріс алып келе жатыр.
Осымен байланысты В.фон Гумбольдт, Э.Сепир т.б. идеяларына сәйкес Ш.Уәлиханов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов т.б. еңбектеріндегі сабақтастық пен Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, А.Сейдімбек, Е.Жұбанов т.б ғалымдардың зерттеулері мен қазіргі қазақ тіл біліміндегі жалғастық – ұлттық болмыстың уәждік негізінің уақыт пен кеңістік контексіндегі этнотанымдық табиғатын да ашатын дүниелер.
Ұлтты ұйыстырудағы ежелгі замандардан бергі халықтың рухани-танымдық тәжірибесін айғақтайтын дәйегі – тіл. Тіл арқылы сақталған, ұлтқа тән көркемдік жүйеде көмкерілген сөз өнері, тіл мәдениеті немесе тілдік деректермен дәйектелген ұлт мәдениеті. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл қызметінің қолданысына қатысты практикалық құндылығы бар нәтижелердің денін жоғарыда атап өттік. Сондықтан біз осы мәселенің шешіміне ықпал ететін, тілдің терең танымдық мәнін түсіндіретін ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны мен қағидаларының сипаты, нәтижелері, бағыты қандай деген мәселелерге назар аудартуға тырыстық. Қазіргі қазақ тіл білімінде ықпалды бағыт ретінде анықталған, осы мәселенің нақты ғылыми дәйегін негіздейтін зерттеу жұмыстарының басты мақсаты – дербес ұлттық мемлекет ретіндегі Қазақстанды танытатын ең басты белгі – тілдің ұлтты тұтастырушылық қызметін нақты дәйектеп, дәлелдеу, тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани ой-сезімі мен ұлттық таным-түсінігін, ана тіл арқылы бойға сіңген ұлттық дәстүр, ырым-тыйымдарды, мінез-құлық пен болмысты тілдің жаңа бағыттарының (этнолингвистика, лингвомәдениет-тану, лингвоелтану, когнитивтік тіл білімі) негізінде таныту.
Бұл, сайып келгенде, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру барысының әлеуметтік-экономикалық, саяси және тарихи-мәдени үлгілері мен тетіктерін негіздейтін, тұрақты дамуының тұғырын белгілейтін ұлттық идеяның тілдік айғақтарын зерттеп, Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде даму үрдістері мен бағыттарын, қолданыс аясын анықтауға бағытталып отыр.
Осы бағыттағы зерттеулерде «ұлттық рух» пен «ұлттық таным» ұғымдарын кешенді сипатта қарастырып, философиялық, психологиялық, әлеуметтанымдық, мәдениеттанымдық ғылымдар шеңберінде сараптап, соның негізінде тілдің ұлтты тұтастырушы қызметі түсіндіріледі. Осыған орай зерттеу барысында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі мен ұлттық болмысын мемлекетішілік жалпы біртұтас қолданысқа енгізу мақсатында соған негізгі нысан бола алатын қазақ тілінің сөздік қоры мен құрамындағы этносты танытатын этнолексикалық бірліктердің түрлі мағыналары мен архетиптері ұлттұтастырушылық қызметі тұрғысынан сипатталады.
Осы орайда дәстүрлі мәдениеттің тілдік көріністеріндегі тілдің рухани қызмет құралы, рухани құндылық көзі ретінде халық ауыз әдебиеті мен жыраулар тіліндегі, мақал-мәтелдер мен фразеологиялық жүйедегі, терминологиялық өрістегі, көркем мәтіндегі, прецеденттік мәтіндердегі тілдің тұтастырушылық дәйегін ашудың мәні ерекше.
Зерттеу нысанына сәйкес таңдалған тілдік деректердің мазмұнындағы ұлт болмысын, рухани-танымдық мәдениетін сипаттайтын бай дерек мәліметтер мен ақпараттар ұлттың бітім-болмысын танытуда мәні ерекше. Осымен байланысты ол мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында белгіленген рухани мұраларды жаңа сападағы қалыптасу үстіндегі қазақ мемлекетінің мүддесіне сәйкес қызметін жаңғырту талаптарына сай келеді. Атап айтқанда, жыраулар поэзиясындағы, көркем мәтіндегі, мақал-мәтелдердегі тілдік деректердің мәдени-танымдық коннотациясында «тасаланған» мән-мағыналарды ашу барысында ұлттың біртұтасымдық сипаты айқындалады.
Әрине, осы тектес зерттеулер жүргізу – ұлттық сана мен рух жаңғыруының негізінде қоғамда қалыптасқан ұлттық мүдде мен жалпы әлеуметтік мүдденің тоғысуының, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуының нәтижесі. Осы зерттеулердің барысында анықталатын тілдің ұлтты тұтастырушылық туралы мәні – атажұрттың рухани тетіктеріне сүйенген нақты ұлттық идея. Ол мемлекеттік тілдің ұлттық таным негізінде анықталатын қызметін дәлелдеу арқылы ғана қоғамдағы басқа ұлт өкілдерін соңына ерте алатын, егеменді қазақ елінің болашақ даму бағдарының кепілі.
Себебі бүгінгі күні тәуелсіз мемлекет деп танылған Қазақстанда қазақ ұлтының ұлттық рухы мен қазақ мемлекетінің даму бағдарын белгілейтін ұлттық идеясы біртұтастықта айқын көрініс таппай отыр. Оның басты себебі – мемлекеттік мәртебе алған ұлттық тілдің қоғамды тұтастырушылық қызметін өз дәрежесінде атқара алмай отырғандығында. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес жан-жақты қоғамдық қызметінде, жалпы әлеуметтік біртұтас идея өрісінде, мемлекеттегі ұлттық мүддесін жетілдіруде шынайы байланысқа түсе алмай отыр. Сондықтан қазіргі қоғамда тілді тек қарым-қатынас құралы ретінде таза лингвистикалық қызметіне сәйкес қана пайдаланып қоймай, оған қоса оның құжаттық қызметі негізінде сақталған мәдени-танымдық қызметін жаңа тарихи заманға сәйкес сабақтастырып қолданудың өзектілігі ерекше.
Осыған орай қазақ тіл білімінде ұлттұтастырушылық мазмұнды танытатын тұтас идеялардың тілдік көрінісінің ғылыми негізде айқындалып, қазіргі тілдік қолданысқа ілестіру жолдарының ашылуы қазіргі қазақ тіл білімінде өзекті болып табылады.
Ол зерттеулердің нақты нәтижелері мен ұсыныстарын былайша белгілеуге болады:
– қазақ тілінің мемлекеттік тіл қызметіндегі ұлтты ұйыстырушылық мәнін күшейтудің тілтанымдық негізін айқындау;
– мемлекеттік тіл мәртебесіндегі ұлттық тілдің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметінің әлеуетін қазіргі заманның әлеуметтік мүдделеріне сәйкес жаңа аялық қолданыстар мен мүмкіндіктері арқылы толықтыру: атап айтқанда, көсемсөз, жарнама, салалық мамандар даярлау жүйесі;
– қазіргі қоғамның әртүрлі саласындағы (ғылым мен мәдениеттегі, терминдік жүйедегі, ақпарат құралдарындағы, білім беру мен тәрбие саласындағы, қызмет көрсету аясындағы т.б.) мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметінің арқауын ұлттық идеяға құрудың тетігі ретінде тілдік тұғырды ұсыну;
– ұлттық рухани мұралардағы (фольклор, жыраулар тілі, прецеденттік мәтіндер т.б.) тілдің ұлттық-әлеуметтік мүдде қызметін түсіндіру, нақтылау;
– тілдің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметін «ұлттық сана» мен «ұлттық рух» ұғымдарына сәйкес кешенді (психолингвистикалық, когнитивтік, әдеби-танымдық, философиялық, әлеуметтанымдық, мәдениеттанымдық) сипатта анықтау;
– әртүрлі тарихи кезеңге сәйкес көркем мәтіндерде «астарланған», «тасаланған» ұлттық мазмұнды талдау.
Осы бағыттағы зерттеулердің жаңалығы мен болашағына сәйкес нәтижелер жоғарыда көрсетілген және басқа да қоғамда туындап отырған кейбір кедергілер мен сауалдарға жауап беруге, түсіндіруге, өзіндік үлесін қосуға тиіс. Қазіргі қоғамда «еуразиялық», «қазақстандық» идея, Қазақстанның көпэтностық сипатына, тілдік жағдаятына сәйкес «ресми тіл ретіндегі орыс тілін ұсыну» мәселесі т.б. осы сияқты идеялар мен оппозициялық идея өзіндік мүдделеріне сай пікір ұсынып жүрген, негізгі этностың мүддесін ескермейтін, елеусіз қалдыратын саясаттанушылар мен саясаткерлердің, оған күмәнмен қарайтындардың іс-әрекеттері мен пікірлеріне қатысты ғылыми, дәйекті негіз бере алады.
Оларды шешу жолдарының бірі – қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес қоғамның барлық салаларында толық қызмет ете алатын әлеуетін (тілдік қор, терминдік өріс, нормативтік жүйе, тілдің коммуникативтік-прагматикалық құралы ретіндегі қолданыс аясы т.б.) түсіндіріп, дәлелдейтін ғылыми ізденістермен қатар, үгіт-насихат іс-шараларын халыққа БАҚ арқылы жүзеге асыру. Әртүрлі ғылыми-көпшілік, мәдени-әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастыру арқылы тілдің ұлттұтастырушылық қызметінің тінін құрайтын ұлттық идея мән-мазмұнының өміршеңдік, жасампаздық сипатын, болашағын таныту, түсіндіру т.б.
Қорыта айтқанда, ұлтты тұтастырушы рухани-мәдени феномен – тіл.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   211   212   213   214   215   216   217   218   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет