Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Антропоөзектік парадигманың қалыптасу үрдісі мен сипаты



бет209/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   205   206   207   208   209   210   211   212   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

Антропоөзектік парадигманың қалыптасу үрдісі мен сипаты.

Әрине, «тіл мен ұлт» сабақтастығындағы тіл болмысын, қызметін жаңа теориялық-танымдық үрдісіне сай жаңа ғылыми парадигманың тілдің қарым-қатынас жасаудағы қызметін іске асырушы барлық деңгейдегі құрылымдық жүйесін жан-жақты зерттеп, айқындаған дәстүрлі қазақ тіл білімінің жетістіктерінің жалғастығы екенін дәлелдеудің артық екені түсінікті.
Бұл жалғастықтың бастау көздерін күрделі таңба жүйесі ретінде тілді тұтынушыларға тарихи-мәдени ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, сақтаушы, іске асырушы қызметіне сай тіл-құрал деп санаған А.Байтұрсынұлы, таным қоймасы деп қарастырған Қ.Жұбанов еңбектерінен тауып, оның соған қоса тілдің қолданыстық жағдаятына сай қайта құрушы функционалдық сипатын да нақты дәйектеп, дәлелдеген Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Н.Уәли т.б. зерттеулерінде жаңғыруынан да көреміз. Жаңа ғылыми парадигмада бұл жалғастықтың нақты көрінісі тәуелсіздік кезеңімен сабақтасып, мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық тілдің қолданыстық аясы сөз мәдениетінің коммуникативтік, этикалық және эстетикалық нормаларын саралап, қолданыстағы сөздің мазмұндық әлеуетін ашатын мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын жасау – қоғамдық-әлеуметтік талапқа сай қажеттілік. Нақты айтқанда, қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі нормативтік сөздіктерін, академиялық сипаттағы Қазақ грамматикасын, көптілді аударма терминологиялық сөздіктерді дайындау, жұртшылықтың сөз мәдениетін, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп тереңдететін лингвоәлеуметтік //мәдени// елтанымдық зерттеулер мен құралдар әзірлеу т.б.
Осымен байланысты тілші-ғалымдар тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қазақ тіл білімі дамуының ерекше тың даму үрдістерінің өрісі арқылы жаңа қарқын мен жаңа сипат алуына ықпал еткен төмендегідей факторларды атап көрсетеді: 1) Қазақстан Республикасы мемлекетқұрушы ұлтының тілі ретінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы (саяси фактор); 2) мемлекеттік мәртебесіне сай қоғамдық өмірдің барлық салаларында заңды түрде бекітілуі (құқықтық фактор); 3) қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі және қолдану мәдениеті сапасының артуы (әлеуметтік лингвистикалық фактор); 4) қазақ тілінде сөйлейтін тілдік тұлғалар саны мен сапасының өсуі (демографиялық фактор); 5) қазақ халқының ұлттық бірегейлігін сақтаушы тілдік санасының жаңғыруы (тарихи-рухани фактор) т.б. [11].
Көрсетілген тарихи-әлеуметтік, мәдени-қолданбалы факторлар қоғамдық санадағы, қоғамдық болмыстағы осы өзгерістердің тілдегі рефлексиясына талдау жасау, тілдің даму болашағын айқындау, тілдегі кейбір жаңа үдерістердің бағытын тілдік жүйенің іргелі, дәстүрлі зерттеулерімен сабақтастырып, қоғам сұранысына тиімді жауап бере алатын антропоцентристік бағыттағы күрделі де кешенді зерттеулерді жүзеге асыру қазіргі тіл білімінің инновациялық сипатын айқындайды.
Қазіргі тіл білімінің зерттеу парадигмасында ғылыми зерттеу жұмыстарының ішінде қазақ тілінің төл лексикалық қазынасының тарихи-семантикалық, жүйелік құрылымдық, мен грамматикалық құрылымының, оның қолданыстық қызметіне негізделген функционалдық мәселелерінің өзекті түйіні кешенді сипатта антропоөзектік қағидаға негізделген, тілдің когнитивтік-прагматикалық қызметін аша түсетін, дүниетанымдық әлеуетін ғылыми тұрғыдан пайымдауға арналған ғылыми кең өріс алуда [12].
Нақты айтқанда, функционалды-семантикалық өрістердің коммуникативті-прагматикалық қызметі аясында сөйлеушінің коммуникативті мақсаты мен прагматикалық қолданысына сөйлеу жағдаятының әсері, яғни «ғаламның тілдік бейнесін» түзудегі сөйлеуші факторы мен сонымен байланысты синтаксистік құрылымдары анықталады.
Ал, дәстүрлі тіл білімінде қалыптасқан лексикологиямен сабақтас этнолингвистика, лингвомәдениеттану, әлеуметтік лингвистика, лингвоелтану, психолингвистика салалары лексикалық қорды танымдық-ақпараттық құрал ретінде қазіргі рухани-әлеуметтік сұранысқа сай қоғамның игілігіне айналдыруға үлкен жол ашып, қазіргі қазақ тіл білімі деңгейлерінің интеграциялануы (құрмаласуы) арқылы зерттеулердің нәтижесін ортақ арнаға (ұлт пен тіл сабақтастығы) тоғыстырды. Осымен байланысты кешенді зерттеу барысында лексикология, диалектология (диалектологиялық, аймақтық сөздіктер түзу, лингвистикалық география, диаспорология), лексикография, этнолингвистика, ономастика, тарихи лексикология салаларының сабақтастығы айқындалды. Осы орайда, бұл контекске қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңалықтарға сәйкес және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесімен қазіргі қоғамдық-әлеуметтік мүддеге сай қоғамның барлық саласында қазақ тілінде қолданыстық өріс табуы тиіс жаңа ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыру үшін аймақтық, көне тілдік қолданыстағы қазақ тілінен балама табу, саралап, сұрыптау ісін жүргізуші терминология саласының да жаңа деңгейін атап өту қажет.
Осы арада тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ тіл білімінің жаңаша үрдісі мен дәстүрлі (құрылымдық) лингвистиканың сабақтастығы бар ма деген сауалдың туындауы – заңдылық.
Қазіргі тіл білімінің теориялық зерттеу парадигмасының антропоцентристік басты ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметінің, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және қарым-қатынас (коммуникативтік) қызметін терең ашып, тіл білімін заман талаптарына сай жаңа сапалы деңгейге көтеруге негізделіп отыр. Қазіргі антропоөзекті зерттеулерде бұрынғы лингвистикалық зерттеулердің бағытын өзгерте отырып, ұлттық сананың ерекшеліктерінің тілдегі көрінісі бейнеленеді. Демек, бұрынғы зерттеулерде тіл құрылымы мен жүйесіне, оның қызметіне ерекше мән берілсе, қазіргі кезде зерттеушілер адам әрекетін, болмысын тіл арқылы түсіндіруге басты назар аударуда. Осы бағыттағы нақты зерттеулерді іске асыратын мынадай теориялық-әдіснамалық ғылыми парадигманы көрсетуге болады: Мәтін прагматикасы (газет тілі, көркем мәтін т.б. тілі) дискурс, «тілдік тұлға» когнитивтік лингвистика, «ғаламның тілдік бейнесі» теориялары т.б.
Осы бағытта болашаққа ұласатын лексикологиялық, лексикографиялық жұмыстарда көркем мәтін тілін дискурстық талдауда заттық және рухани мәдени ұғымдардың тілдік көріністері (этнографизмдердің, лингвокультуремалардың, лингвоелтанымдық бірліктердің, этномаркерленген ескіліктердің) мәдени ұғым ретінде санада қалыптасуы мен аталуы, сөз ретінде ұлт жадында терең сақталуына негіз болатын стереотиптік, ассоциативтік, перцептивтік, сенсорлық т.б. психикалық аппараттардың қызметтерін психолингвистикалық талдау мәселелерінің жан-жақты зерттеле бастауы жаңа ғылыми парадигма қалыптасуының дәлелі [13]. Бұл тектес зерттеулер антропоөзектік парадигмаға сай жүргізіліп, тіл арқылы этнос болмысын танудың когнитивтік деңгейіне терең бойлауға мүмкіндік береді.
Қазақ әдеби тілінің тарихын, көнетүркілік кезеңмен сабақтастығын тануға, танытуға қажет нысандардың да антропоөзектік, когнитивтік сияқты жаңа қырлары қарастырылуы соңғы кездерде жарияланған «Мұхаббат-намадағы» - Сұлулық т.б. концептілік жүйесі [14], көнетүркі ескерткіштеріндегі когнитивті модельдер [15], Шежіре авторы Әбілғазы ханның тілдік тұлғасының [16], жыраулар жырындағы дүниенің концептуалды бейнесі [17] арқылы ашылуы соның дәлелі. Олардың поэтикалық таным болмысының әр тарихи кезеңдегі көрінісін білу тіл мен ұлт, тіл мен сана сабақтастығын кешенді зерттеу қажеттігі даусыз.
Демек, тілдік тұлға тек қана тілді тұтынушы ғана емес, ол белгілі бір этностың тіл арқылы таңбаланатын мәдениетін, этикалық нормаларын да тұтынушы.
Сол сияқты тіл қазынасының маңызды деректі қоры ономастика саласының бүгінгі талабына және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет ететін маңызды құрал ретіндегі стратегиялық сипатын дәлелдеу – тіл қызметін кешенді сипатта анықтаушы жаңа зерттеу деңгейінің көрінісі.
Қазақ жалқы есімдер жүйесінде көрініс тапқан ұлт менталитетінің қалыптасу көздері ретінде кодталған ұлттық сана мен этнотаным ерекшеліктері көркем, саяси-публицистикалық және фольклорлық дискурстағы ономастиконның ұлттық санадағы қызмет түрлері негізінде қарастырылуда.
Нақты айтқанда, жаңа ғылыми парадигма аясындағы ономастикалық зерттеулердің негізгі өзегі – ұлттық сананың жаңғыруына ықпал етуші тарихи-рухани көз ретіндегі қазақ ономастикасының этномәдени мазмұны. Осымен байланысты халықтың санасындағы топонимдік ақпарат пен білімді сақтаудың құралы ретінде қазақ топонимдерін тілдік сананың когнитивтік базасы сипатында іргелі зерттеу – қазақ ономастикасын жаңа ғылыми парадигмада анықтаудың айқын үлгісі.
Тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметімен байланысты тілді зерттеудің инновациялық-кешенді сипатының нақты көрініс тауып, дәйек табатын саласы – сөз мәдениеті. Себебі сөз мәдениеті – қоғамдық сана мәдениетінің дамуымен тікелей байланысты қарастырылатын тіл қолданысының айшықты аясы. Ел өміріндегі саяси-әлеуметтік жаңарулар мен қатар жүретін тіл арқылы бұқара көпшіліктің қоғамдық қарым-қатынасының сапасын арттыру, сауатты сөйлеу және жазу мәселелерін реттеу, жолға қою мәселелері шешілетіні белгілі. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістердің нәтижесіндегі қоғамдық сана мен жеке тұлғаның тілдік санасындағы жаңару, жаңғыру үрдісінің қазақ сөзінің төл болмысымен, оның сөз тамырлас болуының айқын тілдік көрінісі мен қызметі аясын сөз мәдениетін зерттеуші ғалымдар да (Н.Уәли, К.Құсайын т.б.) кешенді жаңа ғылыми арнада қарастыра бастады. Атап айтқанда: сөз мәдениетінің нормативті аспектісі, функционалдық аспектісі, коммуникативтік-прагматикалық аспектісі, лингвокогнитивтік аспектісі т.б. Соның негізінде сөз мәдениетімен сабақтас, лингвоэкология саласы анықталуда. Жалпы, сөздің осы тұрғыдан коммуникативтік қызметінің де антропоөзектік үрдісін талдауға болады.
Оның себебі адам болмысының жан дүниесі мен ой-санасын бейнелейтін сөз құдіретінің мәні қазіргі таңдағы ізгілікке бағытталған адамтанымдық білімдердің арқауына айналып отырғанымен байланысты.
Ал, табиғатпен астас өмір кешкен көшпенді мәдениеттің өкілдері ретіндегі ата-бабаларымыздың өмірі мен тұрмысында, қоғамдық-әлеуметтік, тәрбиелік т.б. сөз қызметінің мәні ерекше болғанын рухани құндылықтарымыз бен асыл қазыналарымызда сөзді өнер деп таныған дүниетанымдық пайымдарынан көреміз: өнер алды қызыл тіл; сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді; сөздің майын тамызды; сөздің тиегін ағытты; сөз тапқанға қолқа жоқ; сөзі қамшы болды; сөзі мірдің оғындай; сөзі түйеден түскендей, т.б. сөз тіркестері сөз қуатын, сөз ажарын, сөз қызметін айшықтап, соған сәйкес сөздің түрлерін де жіктеп атаған: ақтық сөз, аталы сөз, басалқа сөз, бос сөз, бірауыз сөз, жел сөз, жылы сөз, т.б.
Демек, қазақ танымында сөзге ерекше мән беріліп, сөз мазмұнының жан-жақты толық сипаты қазақ өмірінде алуан түрлі күрделі істердің күрмеуін шешкенін мәдени-тарихи мұраларымыз дәлелдеп отыр. Мысалы, билердің, шешендердің т.б. сөздері. Бұл жайт, біріншіден, қазақтың сөз құдыретін, сөз әлеуетін қазақ болмысынан тыс қарауға болмайтынын көрсетсе, екіншіден, бұл құбылысты тану үшін терең білімді былай қойғанда, зерттеушінің бойында сөздің тылсым күшін, қуатын сезінетін айрықша сөз зердесі, сөз зергерлігі табылуы тиіс.
Бұл – кез-келген тілші-ғалымның бойынан табыла бермейтін ерекше қабілет. Дәстүрлі тіл білімінде қатынас құралы және ой мен мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші құрал ретінде қазақ тілінің жан-жақты зерттеліп, қарастырылғаны белгілі. Ал, сол тілдің әрекет үстіндегі, динамикалық категория ретіндегі көрінісі сөздің табиғатын адам болмысымен тығыз байланыста зерттеуге кез-келген тілші-ғалымның тісі батпады. Дегенмен, сол заманда осындай қиын да қызықты жұмысты атқарған санаулы ғалымдардың бірі – профессор Х.Нұрмұқановты. «Сөз зергері» атанған көрнекті жазушымыз Ғ.Мүсіреповтің ғалым еңбегін сөз мәдениетіне арналған үлкен жиында ерекше атап өтуі жайдан-жай емес.
Ғалымның өз сөзімен: «Дарын – Жаратқанның адам баласына тым сараң сыйлап отыратын аса бір бағалы қазынасы» десек, сөз киесін, сөз қуат-әлеуетін ерекше сезіну тек білімді ғана емес, білікті ғалымдарға ғана тән қасиет. Соның арқасында қазіргі тілді зерттеудің «жаңа бағыттары» деп аталып жүрген антропоөзектік үрдістің әдістері профессор Х.Нұрмұқанов сынды ғалымдардың мұрасынан бастау алатынын көреміз.
Сондықтан бүгінгі күннің қоғамдық-әлеуметтік және рухани-мәдени даму контексінде тілдің қызметі мен әлеуетін айқындау мәселесі оны жаңа теориялық-танымдық үрдісте зерттеудің қажеттілігін көрсетіп отыр. Осымен байланысты қазақ тіл білімінде тіл арқылы адам санасында қалыптасқан танымдық қорды және тіл арқылы бойға сіңген рухани құндылықтар жүйесін, ұлттық мінез-құлық пен бітім-болмысты тіл мен адам факторы арасындағы байланыста зерттеуге бет бұрған қазіргі тіл білімінің адамтанымдық (антропоөзектік) бағыты қалыптасуда.
Бұл тектес кешенді зерттеу үрдісін қалыптастыруға негіз болатын, мүмкіншілік беретін мазмұндық-деректік әлеует тіл жүйесі мен сөз құдіретінің сипатына сай тілдің өз бойынан табылады. Себебі, тіл – сол тілді тұтынушы этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының асыл қазынасы, тарихи-мәдени ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, сақтаушы, іске асырушы және қайта құрушы құрал.
Ал, осыған орай мәдени-әлеуметтік әрекет үстіндегі тілді тұтынушының сөзін (оның ішінде ең “сезімтал” бөлігі лексикалық деңгейін) тану адамды, социумды жан-жақты зерттеу тіл білімінде өз кезегінде функционалды парадигма туғызған жаңа үрдістегі оның айқын адамтанымдық бағытын белгілейді. Осымен байланысты қазіргі лингвистиканың құрылымын өзгерткен әртүрлі ғылыми теориялар, оның дәстүрлі түрде қалыптасқан салаларының арасындағы шекараны тоғыстырып, кешенді сипатпен толықтырды. Соның нәтижесінде жалпы тіл білімінде қалыптасқан социолингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану т.с.с. сабақтас ғылым салалары зерттеу нысанының өзегін тілдің өзі емес, тілді құрал ретінде пайдаланатын тілді тұтынушының болмысын, іс-әрекетін, таным-пайымын бейнелейтін сөзді зерттеуге бағытталған адамтанымдық мақсат құрайды.
Бірақ сөз – заттың тура таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, адамның иә белгілі бір ұлттық ұжымның дүниені тануы мен күнделікті тұрмыс пен еңбек тәжірбиесі барысындағы архетиптік тілдік санасында, тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі. Соның нәтижесінде этнолексиканың, көне атаулардың таңбалану уәждемесінің мәдени құндылыққа ие болу ерекшелігінің анықталуы адамтанымдық бағыттағы тілдік зерттеулердің өзегіне айналды.
Осымен байланысты сөз әлеуетінің коммуникативтік ерекше деңгейі – жеке тұлғаның шығармашылық әлемі, көркем мәтін тілі. Себебі бұл әрекет – обьективті шындықтан алынатын әр түрлі ақпаратты өзінің ішкі әлемінде қайта өңдеп жасаған субьективті шындық. Сондықтан психикалық болмыс кеңістігі мазмұнға толы. Жазушының көркемдік әлемі, архетиптік ойлау жүйесі көркем мәтіннің ұлттық мәдени-ерекшелігін ғана бейнелемей, тілдік тұлғаның өзіндік сөз мәдениетін де сипаттайды. Бұл арада жазушының көркемдік әлемін бейнелейтін ерекше тіл әлемін, шығармасын түсіну, дұрыс қабылдау оқырманға таныс ассоциация, бейнелер, ұғымдар арқылы, яғни аялық білімі негізінде іске асады. Осылайша құрылған қаламгердің көркем тілі өзіне тән ерекшелігін, ішкі тәжірибесі мен таным қабілетін, сөз шеберлігін, стилін көрсетеді. Осы арада шындықты авторлық тұлға (тілдік тұлға) тұрғысынан бейнелеуді мақсат еткен қаламгердің шығармашылық тілін тілде қалыптасқан белгілі тілдік құралдармен, сөз мәдениетімен тұтастықта талдаудың мәні зор. Сонда ғана қаламгердің шынайы көркемдік әлемі және соны бейнелейтін өзіндік көркем тілі айқындалмақ.
Қазіргі тіл білімінде көркем ойлау жүйесінің көрінісі ретіндегі сөз өнерін қаламгер тілінің шығармашылық тетігімен сабақтас зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздері жетіліп, кешенді сипатқа ие болу үрдісі қалыптасуда. Нақты айтқанда, филологияда антропологиялық бағыттың өрістеуімен байланысты жеке шығармашылық тұлға тілінің көркем мәтіндегі поэтикалық қызметінің жеке авторлық//тұлғалық көріктеу құралдар жүйесі талданады. Соның негізінде зерттелуші шығармашылық тұлғаның жоғары деңгейдегі рухани субстанциясы анықталады. Оның ғылыми қағидасын орыстың көрнекті философ-лингвисі А.А.Потебняның «Ойды сөз бағыттайды» деген тұжырымымен түсіндіруге болады.
Демек, көркем мәтін арқылы жасалған көркем-танымдық әлем жеке адам арқылы дүниеге келеді, яғни онда антропологиялық бастау анықталады. Сондықтан қаламгердің тілдік санасында ол құрған ғаламның тілдік бейнесі оны жасаушының (автордың) рухани әлеміне ұқсас және сәйкес болып құрылуы заңды құбылыс. Басқаша айтқанда, әрбір автор шығармасында өзіне тән (тегі, тәрбиесі, білімі, біліктілігі, мінезі, т.б.) көркемдік антропология жасайды.
Бұл – антрополингвистикалық бағыттың арқауын құрайтын қағида.
Дәстүрлі тіл біліміндегі, мысалы, Р.Сыздықтың, Е.Жанпейісовтің Абай шығармаларының тілін зерттеуге арналған еңбектерінде ұлы қаламгер тілінің жалпы сипаты мен шығармашылық ерекшелігін сипаттайтын сөз байлығы, көріктеу амал-тәсілдерін шебер қолданудың тілдік көріністері (метафора, теңеу, эпитет, т.б.), сондай-ақ стильдік ерекшеліктері шығарма тілінің құрылымдық жүйесіне сүйеніп, жазылғаны белгілі. Ал, оны әрі қарай тереңдеткен атнропоөзектік бағыт шығарманы тудырушы қаламгердің танымына, болмысына, яғни тілдік тұлғасына көбірек назар аударады. Әрине, жоғарыда аталған құрылымдық әдіс пен тіл рухына үңілетін антропоөзектік бағыт идеялары арасында сабақтастық бар. Осы арада белгілі зерттеуші Қ.Өмірәлиевтің: «Егер де тіл білімі грамматикалық категориялардың анықтамалары мен ерекшеліктерінен ғана тұратын болса, онда бұл ғылым үшін қазақ әдебиетінің ұлы классиктері Абай мен Мұхтар шығармаларына соқпай да, оларды мүлде ұмыт ұмыт қалдырып та оқулықтар жасауға, осы оқулық талаптары сипатындағы монографияларды жазуға болады. ...Тіл өзінің мүмкіндігін әралуан формада қолданысқа түсіргенде (сол тілдерді тұтынушы индивидтердің сөйлеу, айту процесінде, әсіресе, ақындардың, жазушылардың айту, я жазба түрінде айту процесі үстінде), яғни өзінің қатынас құралы қызметін өтеу үстінде толық ашады. Бұл тұста сол айтушылардың айту үстіндегі психологиясы, сезім күйі, көзқарасы, идеясы, т.б. өз сөздеріне таңбасын түсіреді. Бұл таңба – әр тілдің өз мүмкіндігі шеңберінде танылатын, нақты сөз иесінің айту шеберлігіне ғана тән таңба» деген тұжырымы ойға оралады.
Міне, сөз әлеуетін (құдыретін) тануда Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, Х.Нұрмұқанов тектес зерттеушілердің ұстанған құралы да – сөз өнерінің егіз негізі (әдебиет пен тіл) іспетті осы филологиялық қағида және сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің нақылға айналған: «Сөз сөзге жарығын түсіреді» деген тұжырымы.
Мысалы, И.Нұрмұхановтың мұрасын зерттеу барысында адам қарым-қатынасының аса маңызды құралы өлшемімен көбірек танылған тілді тіл жүйесі ауқымынан «шығарып», сөз қолданысын адам танымымен, тіл иесінің тұлғалық ерекшелігімен ұштастыра зерттеген нақты деректері мен дәйектерін көреміз.
Көреміз де, зерттеушінің ғылыми көкжиегінің кеңдігі мен зияткерлік зердесінің тереңдігіне таңданамыз. Ғалымның негізгі ғылыми-шығармашылық қызметі қалыптасқан 70-80 жылдарда сөз қолданысын талдаудың кеңістігі сөйлеммен шектелгені белгілі. Соған қарамастан тілдің коммуникативтік әлеуетін зерттеуге кең өріс беретін қазіргі тіл біліміндегі мәтін лингвистикасы, одан туындайтын дискурс, тілдік тұлға теориясының т.б. тиімді әдістерінің нышандары сөз әлеуетінің шынайы болмысын каммемиекогнитивтік, динамикалық сипатта қарастырған ғалымдардың ғылыми-интерпретациясында көрініс тапқанын көреміз [Р.Сыздық. Сөз құдіреті; Х.Нұрмұханов. Сөз шеберлігі т.б.].
Соның негізінде жеке тілдік тұлғаның шығармашылығы арқылы ұлт болмысының сипаты іспетті мәдени ақпараттарды қазіргі ұрпақтың қабылдап, игеруі үшін көркем мәтін тілінің коммуникативтік қызметін жан-жақты ашу барысында, мысалы, Х.Нұрмұхановтың зерттеу өрісінің мынадай негізгі қазықтарын анықтауға болады: сөз және шеберлік, сөз қуаты және сезім, сөз әлеуеті және шығармашылық.
Осымен байланысты, сөз шеберлігінің бұрын сөз болмаған танымдық негіздері, сөз қуатының сиэнергетикалық болмысы ретіндегі эмоционал және экспрессивті сөздер табиғаты, сөз әлеуетіне байланысты креативті қолданыстар мәселесі нақты мәтіндік талдаулар негізінде жан-жақты қарастырылған. Сондықтан ғалым «сөз қуаты дегеніміз оның адам сезіміне әсер етер күші» деп санайды. Ал сөз бен сезім байланысының ғылыми негізін Ч.Дарвин, И.М.Сеченов, И.П.Павлов еңбектерінің тұжырымдарымен дәлелдеп, эмоция және экспрессия ұғымдарын түсіндіреді. Ал ғалымның сөз мәдениеті мен стильдік қолданыстарды талдаған мәтіндік талдаулары қазіргі антропоөзектік бағыттағы психолингвистикамен сабақтасады.
Бір атап өтерлік жайт: ғалымның сөз әлеуетінің құдіретіне ерекше мән берген сөз қолданысының коммуникативтік аясы – эмоционалдық пен экспрессивтілік жаны болған (М.Әуезов) сахна тілі. Атап айтқанда, М.Әуезовтің т.б. драмалық шығармаларындағы уақыт пен кеңістік контексіне сай креативті қолданыстағы тілдік деректердің мәдени-танымдық коннотациясында «тасаланған» мән-мағыналардың архетиптік мазмұн межесі ашылып, ұлттық біртұтасымдылық сипаты айқындалады.
Поэзия тіліндегі, жыраулар мен би-шешендер сөзіндегі тілдің шығармашылық мүмкіншілігі, эстетикалық қызметі, көркем құрылымы, кестелі сөзі арқылы қазақ тілінің сөз байлығы, мазмұн-мәнділігі, жұмсалымдық икемділігі негізіндегі коммуникативтік қызметінің сапасы жан-жақты ашылатыны антропоөзектік парадигмада этнотаңба ретінде кешенді зерттеулермен қатар тіл қызметінің көркем мәтіндегі астасып жатқан қаламгердің тұлғалық танымына сай қалам тезіне түскен сөз болмысының өзгеріп, құбылуы да қарастырылуда. Көркем мәтінде, ия күнделікті тілдік қолданыстағы сөздің негізгі сөздікте берілген мағынасынан басқа мәнге ие болып, дағдыдан тыс қолданысқа түседі. Қазіргі тіл біліміндегі адамтанымдық деңгейге сәйкес суреткерлік ой-өрісін, ерекшелігін жан-жақты да, терең таныту үшін оның шығармашылық тілін біртұтас күрделі жүйеде қарастыру сол ақынға тән дискурсты танытады. Х.Нұрмұқановтың сөз құдыретін анықтайтын мәтіндік талдауларында бұл әдістің де қолданылғанын көреміз. Оған арқау болған шығармашылық тілдегі окказионал қолданыстар, авторлық көріктеу құралдары, өзгеше эмоционалды және экспрессивті лексика, символдар т.б.
Уақыт пен кеңістік контексінде қоғамдағы тіл қызметінің тілді тұтынушының санасы мен әрекеті аясындағы, атап айтқанда, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде коммуникативтік қызметінің жоғары қоғамдық қолданысының сипаты, сөздің коммуникативтік сапасын көрсететін сөз мәдениеті қазіргі баспасөз тілі прагматикасынан байқалатыны белгілі. Бұл арада газет тілінің қолданыс аясында адресант – адресат байланысына ерекше мән беріліп, осы мақсаттағы прагматикалық пресуппозиция психолингивстикамен, социолингвистикамен ұштасады. Мысалы, қазіргі газет мәтіндеріндегі астарлы т.б. мәндермен астасып, жаңа экспрессивті бояуға ие болған сөздер (жаңа қазақ, билік, шенеунік т.б.), жаңа сападағы имандылық мазмұнға ие болған діни лексика, жағымсыз бағалауыш лексика (жемқорлық, жымқыру т.б.), әр түрлі сөз құбылтулар мен жаңа қолданыстардың прагматикалық мәні жеке сөз шеңберінде емес, қазіргі қазақ тілінің сөз мәдениетінің тұтас жүйесінде анықталуы тиіс.
Осы мәселеге қатысты (потенциалды және окказионал сөздер, варианттылық, жаңа сөздер мен неологизмдер, варваризмдер, жат сөздер, диалектизмдер қолданысының уәждері т.б.) ұғымдар өзектеледі.
Сонымен, жеке тілдік тұлғаның шығармашылығы арқылы ұлт болмысының сипаты іспетті мәдени ақпараттарды қазіргі ұрпақтың қабылдап, игеруі көркем мәтінде бейнеленген мәдени мұраның ұлттық санада танылуының тетігі сөздің коммуникативтік қызметімен тікелей байланысты. Міне, осы арада мәдениет игіліктерін өндіруші (сол кезеңдегі) мен тұтынушы (қазіргі кезеңдегі) арасындағы мәдениаралық жалғастырушы қызметті тіл атқарады. Мысалы, нақты айтқанда, мәтін мазмұнында суреттелген тарихи-мәдени феномен шығарманың көркем тілі арқылы оқушы танымынан орын алып, мәдени-тілдік коммуникация іске асады.
Сонымен, мәтін теориясына сүйенсек, көркем тілдің, сөз құдыретін танудың тетігі мен табиғатын жекелеген көріктеу құралдары негізінде емес, қаламгердің шығарма мазмұнына арқау еткен тұлғалық мұратына сай құрайтын өрмегінде, яғни тұтас мәтіндік жүйеде анықталатыны дәлелденеді. Соның нәтижесінде шығармалардың тілі арқылы жазушының «көркемдік әлемінде», иә көркемдік санасында қалыптасқан өзін қоршаған шындыққа, уақытқа деген қатынасы, түсінігі анықталады. Суреткердің осындай тұлғалық тұжырымдамасы мен дүниені бейнелеуінің өзіндік «тілдік әлемін» ашып, жан-жақты талдану тілдің рухани әлеуметтік әлеуеті тілдік тұлға қолданатын, ия туғызатын сөз құдіреті арқылы іске асатыны зерттеушіні Ғабең тілін, Мұқағали феноменін, Жұмекен жұмбағын ашатын тұжырымдарға әкелмек. Сөз құдіретінің, мәдениетінің коммуникативтік сапасы мен құдіретілігінің айқын көрінісі – күнделікті қолданыста, яғни қоғамдық қызметінде.
Себебі қарым-қатынас (әңгімелесу, сөйлесу, пікір алмасу, сұхбаттасу, шүйіркелесу т.б.) – кез-келген қоғамның өмір сүру, қызмет ету, тыныс-тіршілігін іске асыруға көмектесетін маңызды құрал. Ол, негізінен, сөз арқылы көрініс табатыны белгілі. Табиғатпен астас өмір сүрген көшпенді мәдениеттің өкілдері ретіндегі сөзді өнер деп түсінген ата-бабамыз қоғамның көп мәселесін шешуде жағдаятқа қарай сөз құдыретінің әлеуетін тиімді қолданған. Бірақ әр заманның сан қилы тарихи-құрылымдық өзгерістері қоғамдық санаға және қарым-қатынас құралы ретіндегі тілдің де коммуникативтік қызметінің сапасына ықпал ететіні шындық. Нақты айтқанда, қазіргі қоғамдағы әлеуметтік жіктелістерге (бала мен ата-ана, ұстаз бен шәкірт, бастық пен қызметкер, тума-туыстар, дос-жолдас, әріптестер, дәрігер мен сырқат, сатушы мен сатып алушы т.б.) сәйкес сөздің дұрыс құрылуы, сол салаға тиісті, арнайы сөздерді орнымен қолдану, коммуниканттардың тұлғалық сипатын (жасын, жынысын, кәсібін, білім деңгейін т.б.) және психологиялық болмысын ескеру адамдардың арасында қажет қарым-қатынас пен тығыз байланыс орнатуда тиімді болмақ. Осымен байланысты мәселелер қазақ тіл білімінде коммуникативті-прагматикалық деңгейде сөз мәдениеті, лингвоэкология, дискурс (іскери дискурс, педагогикалық дискурс, ғылыми дискурс, саяси дискурс т.б.) т.б. ретінде жан-жақты қарастырылуда. Себебі, бұл – қоғамдық дамудың бүгінін кешегімен жалғастырып, болашағына жол ашатын өзекті мәселе. Ал бұл күрделі мәселенің күрмеуін шешу қазіргі таңда аса қажет екендігін көріп отырмыз. Оның айқын көрінісі, әсіресе, жастардың тілінен байқалады. Қазіргі қоғамда қалай болса солай сөйлеу (қысқа, жұтаң, тілді шұбарлап сөйлеу, т.б.) дағдыға айналып немесе оған мән бермеу (онда тұрған не бар? Ол қазақша біледі, түсінеді деген сияқты тоғышарлық пікір жиі кездеседі. Шын мәнінде, «сөз – адам жанының айнасы». Ата-бабамыз адамды көбінесе: сөзі дұрыс, сөзі келіспейді деп бағалаған. Сондықтан қазіргі жастардың көбінің тіл жұтаңдығы олардың рухани жан-дүниесінің жұтаңдығын көрсетеді. Тіл біліміндегі «тілдік тұлға» теориясы бойынша тұлға ретінде қалыптасудың алғашқы деңгейінде (нөлдік деңгейінде) баланың тіл ұстарту қызметі отбасындағы ұлттық құндылыққа негізделген тәрбиеден (ертегі, жыр,қазақы кестелі сөз, қазақы ойын т.б.). Демек, ана сүтімен сіңірілген сөз құдыретінің тамыры отбасынан басталатыны да антропоөзектік қағидамен сабақтасады.
Сонымен бірге тың ізденістерді қатарында қазіргі ақпараттар ағыны тасқынында ана тілінің қазынасындағы рухани мазмұнын ашып, оның қазіргі тілде жаңа сапада жалғасқан коммуникативтік қызметін тілдік қуаты мен қолданыстық әлеуетін көтеретін, мемлекеттік деңгейдегі бірегейлік, ұлттық деңгейдегі ұйымдастырушылық қызметінің өрісін кеңейтуге дәйекті құралы болатын – лексикографиялық еңбектер. Олар – лексикалық тың мағыналардың, көне атаулардың уәждемесін, этимологиясын, таңбалануын, мәдени құндылыққа ие болу ерекшілігін жаңа ғылыми парадигма аясында, атап айтқанда, антропоөзектік, оның ішінде лингвокогнитологиялық бағыт бойынша кешенді (тарихи, семасиологиялық, этнолингвистикалық т.б.) зерттеулердің нәтижесі.
Қазіргі таңдағы лингвистикалық зерттеулердің тұтастық сипатына сай тілдің ұлтпен біртұтас жүйе екендігін дәйектейтін тілдік деректердің осындай талдамалы-түсіндірмелі дереккөздері академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» (2009) атты этнолингвистикалық сөздігі және сандық жағынан ғана емес, сапалық тұрғыдан да толықтырылып, жаңарып шыққан онбестомдық «Қазақ тілінің әдеби сөздігі», «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» сияқты еңбектерде жан-жақты берілген.
Қазақ тілін инновациялық сипатта зерттеудің айқын көрінісі ана тілінің кумулятивтік (мұрагерлік) және коммуникативтік қызметтері сабақтасқан ұлтты рухани тұтастырушылық мазмұнын танудан байқалады. Атап айтқанда, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін бейнелейтін тілдік деректердің ұлтты тұтастырушы қызметі антропоөзектік бағытта жүргізілген мынадай зерттеулердің нәтижелері арқылы сипатталады:
- тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілі лексикасының мәдениаралық коммуникациядағы лингвоелтанымдық қызметін анықтау;
- тіл және мәдениет шеңберінде қазақ тілінің тұтас этнотаңбалық жүйесін дәлелдеу;
- лингвопрагматикалық, лингвомәдени аспектіге негізделген антрополингвистикалық зерттеулер нәтижесінде қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметін дәйектеу т.б.
Сонымен, қазақ тіл білімінде инновациялық үрдістің қалыптасып, өріс алуын «тіл – ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, материалдық өндіріс пен тұрмыс күйін ұлттың рухани дүниесімен сабақтас сипаттайтын этнотаңбалар жүйесінің өзекті арқауы» деген қағидамен сипаттауға болады.
Өз бойында ұлт болмысын сипаттайтын тарихи-мәдени мазмұнды сақтаған көркем де деректі құндылықтардың бірі – шежірелер. Олар, негізінен, қазақ ру-тайпалары дербес мемлекет құрып, өмір сүре бастаған XV-XVI ғасырлардағы мемлекеттік ірі тұлғалардың немесе әулеттердің кейінгі ұрпақтарына ата-бабаларын танытатын тарихи-деректік мазмұнда көркем тілмен жазылған тілдік нұсқалар. Осымен байланысты қазақ әдеби мұраларының ежелгі нұсқаларын зерттеушілердің еңбектерінде шежірелер нақты деректер негізінде жазылған ресми стильдегі тарихи құжат емес, тарихи тақырыпқа сүйенген көркем туынды деп танылған. ( Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. Алматы. 1986. 192 б).
Бірақ шежірелердің тақырыбы мен мазмұнының қоғамдық-мемлекеттік мәні кешенді сипатқа ие. Осыған орай оның болмысын ашуда тарих пен филология саласы мамандарының пікірлері тоғысуы – заңды. Сондықтан «Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясында» шежіре халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір саласы, ру-тайпалардың өрбуін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, қалыптасқан ресми жазба шығарма ретінде анықталады. Шежірелердің бұл сипатын екі түрлі себептін негізінде түсіндіруге болады:
Біріншіден, шежipе жазушылаp өз дәуipiндегi саяси күpестiң қызу оpтасында жүpген.
Екіншіден, шежірешілердің ешқайсысы да тарихтан, мәдениеттен тыс жүрген және сауатсыз емес, білімді адамдар болған. Академик Р.Сыздық қазақ шежіресі тарихында орны белгілі мысалы, Әбілғазының «Түpiктеp шежipесiнде»:туралы: «Ол қазақтың хан әулетiнен таpайтын Ондан сұлтанның баласы Оpазмұхамбеттiң ақылшы-кеңесшiсi, сол кездiң теpминiмен айтсақ, қаpашысы. Яғни, ХVI ғасыpдың 80-жылдаpында Тобылда оpыс воеводасына тұтқынға түсiп, Мәскеуге, патша үйiне жiбеpiлген Оpазмұхамбет сұлтанның қаpашы биi. Қазақтың беделдi әулетiнiң мүшесi және мұсылманша едәуip сауатты болған» деп жазады. ( Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1993. 114 б).
Қазақ тiл бiлiмiнде, жоғарыда көрсетілгендей, аталған шығарманын тілін жан-жақты зерттеген – профессор Б.Әбiлқасымұлы. Ғалымның бұл мәселеге қатысты ізденістерінің нәтижесі бірнеше ғылыми мақалаларында көрініс берсе, кейін іргелі зерттеу ретінде арнайы монография жарық көрді. Атап айтқанда, 2001 жылы «Арыс» баспасынан басылып шыққан «Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі» кітабында автор «Шежipе-и түpiк» кiтабының жазылу таpихын түсiндipiп, автоpы туpалы деpектеp беpiп, еңбектiң зеpттелу таpихына шолу жасайды, аудаpмасына тоқталады, қазақ тiлiне қатысын айқындау үшiн тiлдiк тұpғыдан талдап, баға беpеді. Зерттеудің негізгі мақсатын автор нақты белгілеген: «... оның өз тұсындағы шағатай тілінен өзгешелеу тілде, өз сөзімен айтсақ, түркі халықтарына ортақ «нағыз түрік тілінде» жазылғанын көреміз. Бұл сонда қазіргі қай халықтың тіліне жақын? «Шежіре» тіліне жасаған талдауларымыз оны қыпшақ тобына жататын тілдерге, оның ішінде қазақ тіліне жақындатуға мол мүмкіндік береді». (4 б).
Зерттеуші тілдің дамуы, тарихы тұрғысынан шежipенің тұpақты сөз тipкестеpiне, мақал-мәтелдеpге бай екендігіне ерекше назар аударады: « ...шығаpма автоpы бipыңғай таpихи фактiлеpдi тiзе беpмеген, аpа-аpасында өзi әңгiме етiп отыpған халықтаp мен pулаpдың әдет-ғұpпын, өмip тipшiлiгi жайлы немесе белгiлi хандаp мен таpихи адамдаpдың мiнез-құлқы, iстеген жақсылы-жаманды iстеpi туpалы сыp шеpтiп отыpады. Осындай кесек-кесек әңгiмелеpде небip бейнелi сөз тipкестеpi, мақал-мәтелдеp жиi қолданылады. Бұлаp бiздi сол елдеpдiң кәсiп-тipшiлiгiнен, этногpафиясынан, мәдени өмipiнен (ерекшелеген – біз) белгiлi дәpежеде хабаpдаp етедi» (Әбілқасымов Б. Әбілғазының «Шежіре-и-түркі» атты шығармасындағы тұрақты сөзтіркестері).
Мысалы: «Ол тағы биp неша иллаp ет йеб, қымыз iчiб, ақ уа қаpа кебiш бiчiб, айдай уа күндей сұлулаpыны кучуб, сүмбедей йоpғалаpыны уа йелдей йүкүpүpлеpiнi мына көңiлi йеткен йеpлеpке учуб уғлы Теңiз ханны өз оpныда олуpтуб ол дүниаға кетдi». Hемесе: «Чеpiкi үйлеpiнiң алдында оp қазыб олтуpдылаp». «Бiлекеч султан... көз iлiб йазмас меpген еpкендүp аpабаның iчiнде йатыб тiк йүкүүнүб туpуб оңлы, уа соллы атғаныча көз икеpмес еpкендүp» т.б. сөйлемдеpден қазақ тұpмысының суpетi көpiнедi.
Сол сияқты қазipгi қазақ үшiн де еш жаттығы жоқ кейбip мақал-мәтелдеpдiң шығу төpкiнi қазақы тұpмысты бейнелеумен байланысты екенiн байқауға болады: «Аpбаның екi аpышы бүтүн болса түзүк көчеp».
Шығарманың мәтінін талдау барысында сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік қолданысына сай кейбір терминологиялық жүйе, тіл тарихы мен мәдени дамуын дәйектеледі, байқалатынын автор атап көрсетеді: мемлекет, жұрт, уәлаят, ел, халық, қарайман «жәй қара халық»; жамағат, қабила, ру; шаһар, қала, қалға, кент; хан, қаған, патша, шах, әмір, ханзада, шахзада; боқауыл, ереуіл, йортағұл, қарауыл, йасауыл, чапұғұл, сұрауыл, жазу-бітімек; халық-бұдұн; аң-аб; аламан-черік т.б.
Шежіре болмысының осы кешенді сипатына сай бұл еңбектің ғылыми-танымдық мәні оның тіл тарихы мәселесіне қатысты деректік негізінде ғана емес, қазіргі таңдағы ұлттық болмыс пен мәдениетті дәйектейтін кешенді мұралық мазмұнында. Сондықтан шығарма авторының дүиетанымдық, әлеуметтік, тұлғалық тұғырының тарихи, шығармашылық, мәдени түп бастауларының тұтастығы дәстүрлі лингвистикалық әдіснама шеңберінде толық ашыла алмайтындықтан Әбілғазының шежірешілік тілдік тұлғасы зерттелді. (Сапарбекова Г.Ж. Шежіреші тілдік тұлғасы (Әбілғазы баһадүрдің «Түркі шежіресі» ескерткіші материалы негізінде зерттеу). Алматы. 2010).
Осы тектес зерттеулердің мазмұнынан туындайтын қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселенің бірі – көне түркі жазба ескерткіштер тілінің қазақ тілімен сабақтастығы. Осымен байланысты ескі қазақ тілінің қаншалықты деңгейде ескерткіш тіліне қатысы барын нақты көрсету мақсатын профессор Әбілқасымовтың шәкірттері сәтті атқарып шыққан. (Г.М.Мамырбекова, А.А. Сейтбекова. Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресінің»тезаурус сөздігі. Алматы. 2011). Бұл - ұлт болмысын оның тілімен біртұтастықта қарастыратын қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағытта жалғасқан ғылыми сабақтастықтың көрінісі.
Демек, «Шежіре» сол кезеңдегі мемлекеттік, тарихи-әлеуметтік, рухани-мәдени қызметіне сай ұлт пен тіл тарихын танытушы деректік сипаттағы құндылық деп тануға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   205   206   207   208   209   210   211   212   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет