8-тапсырма. XX ғасырдың I жартысындағы тарихи-әлеуметтік жағдайға қатысты берілген мәтінді өз білетіндеріңізбен толықтырып, мазмұндаңыздар. Көптік жалғауларының астын сызыңыздар.
Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, отаршылдық езгіге, ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына патшалық Ресейдегі 1905-1907 ж. өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды. 1905 жылы 17 қазандағы патша Манифесінің жариялануы Қазақстанның бірталай қалаларында көптеген адам қатысқан жиылыстарға халықтың қалың тобының бой көтерулеріне ұласты.
Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі арта түсті. 1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, Ресей конституциялық-демократиялық бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат – 17 қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандық шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді.
9-тапсырма. Сөйлемдерден жекеше формада тұрған сөздерді теріп жазып, олардан көптік мағыналы сөздер жасаңыздар. Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың асқына түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының империалистік езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды.
«Су» сөзіне көптік жалғауы жалғанбай-ақ көптік мағына білдіреді.
Мысалы: Су – тірі организмдердің маңызды материалдық негізі. Каспий теңізі суының сапасына, тазалығына, экологиялық нормаларын сақтауға көңіл бөлініп отыруға тиіс. Су ең көп тараған химиялық қосылыстардың бірі. Сусыз тіршілік жоқ.