131-тапсырма. Абай өлеңдерінен қатыстық сын есімдерді тауып, өлеңдерден үзіндіні жаттап алыңыздар. Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Желсіз түнде жарық ай,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Сәулесі суда дірілдеп...
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, * * * * *
Ой желке, үңірейген болса сағақ, Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, Соқыр мылқау танымас тірі жанды.
Қабырғалы, жотасы болса күшті. * * * * *
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті. Аласы аз, қара көзі нұр жайнайды.
* * * * *
Сөйлесе сөзі әдепті, ән мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
(Абай)
4-апта. 11-тәжірибелік сабақ Грамматика: Сапалық сын есімдер. 132-тапсырма. Райымбек батырдың ата мекенін жаудан тазартудағы ерліктерін үлгі-өнеге тұтыңыздар. Мәтінді мұқият оқып, мағынасын түсініп, мазмұндаңыздар.
Жоңғар басқыншылығында даңқы шыққан батыр – Райымбек (1705-?)
Хангелдіұлы Райымбек – жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының бостандығы үшін күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Кейінгі деректерде «Хангелді Райымбек» аталғанымен, Хангелді Райымбектің әкесі емес, атасы.
Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, батыр атанды. Ол өз заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшысының бірі. Тарихтағы қазақ батырларының негізгі іс-әрекеттерінде халықпен санасу жағы басым болған. Райымбек те кез-келген мәселені жанындағы батырлармен ақылдасып шешіп отырған.
Жан беріп, жан алысқан жаугершілік заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар болған кезде, Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі – қалмақтар қаптап келіп қалғанда Райымбектің көзсіз ерлікке барып, әскерін Іле өзенінен аман өткізуі. Райымбектің үнемі Ұлы жүз қолының атақты батырларымен біріге отырып, ата мекенін жаудан тазартудағы ерліктері – ұрпаққа үлгі боларлықтай. Оның ерекше көзге түсіп, ерен батырлығын танытқан «Ойран төбе шайқасы» сондай шабуылдардың бірі ғана.
Халық «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» десе, Райымбек осы ұстанымды бойына сіңірген адам. Әсіресе, ылғи да халқын ойлап жүрсе, бұл – нағыз ел үшін туған азаматтық қасиет.
Қазақта «Жер болса – ел болады, ел болса – ер болады» деген де сөз бар. «Айласыз батыр болар ма?» деп те бекер айтылмаған. Нағыз қолбасшы Райымбек қиын сәттерде жол тауып, сарбаздарын рухтандырып, жігерлендіріп отырған.
«Ақтабан шұбырынды» кезінде жау қолын бөгеп, босқан елдің қырғынға ұшырамай, аман құтылып кетуіне мүмкіндік жасаудан басталған батырдың ерлік жолы – Жетісу өңірін жаудан тазартуды өз міндетіне алып, тарихи танымдағы жауынгерлік дәстүрді дамытуға өзіндік үлес қосуы – оның тарихи тұлға екенін айғақтайды.
Халық «Ер есімі – ел есінде» деп тегін айтпаған болса керек. Райымбектің жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ерлік іс-әрекеттерінің шексіздігіне қарай, халық оның есімін аңызға айналдырған. Ол шапқыншылық кезеңдердің бәрінде аттан түспей, қарулас серіктестерімен бірге талай шайқастарды бастан өткізді.
Райымбекті «Әулие» деп атайды. Тасып жатқан дариядан әскерін аман өткізуі, сусыз жерден су шығаруы, болашақты болжаған көріпкелдік іс-әрекеттері оның ел есінде осы атағымен сақталуына мүмкіндік берген болса керек.
Мүйізді Өтеген батыр бірде Райымбекке: «сен өлгенде шудың астында қаласың», - деген екен. Сол сөз шындыққа шығып, батырдың мазары бұл күнде бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойындағы, қазіргі Алматы қаласының ең шулы көшесінің жиегінде тұр.
Райымбек батырдың тұлғасын ақын М.Мақатаев «Райымбек! Райымбек!» поэмасында сомдаған. Елін, жерін азат етуде Райымбек батырдың тарихи рөлі зор. Оның ерлігі жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге әбден лайықты.