-шалық (-ша+лық), -шама (-ша+ма) жұрнақтары сілтеу есімдіктерінен үстеу жасайды. Мысалы: осыншама, соншама, соншалық, мұнша, мұншалық т. б.
Көсемшенің құрамды -лап, -леп (-дап, -деп, -тап, -теп) формалары қосылған сөздің бәрі бірдей, әрине, үстеу бола бермейді. Адвербиалданған формалары ғана үстеуге жатады. Мысалы: Қырықтап, отыздап, жаяулап, темірлеп т. б.
-шылап (-шілеп) жұрнағы. Бұл жұрнақ - бастапқы -ша және -лап деген қосымшалардан құралған.
-қары (-кері) жұрнағы санаулы біраз сөздерге жалғанып үстеу жасайды. Мысалы: ішкері, сыртқары, тысқары, ұшқары т. б.
-ын, -ін, -сын, -сін қосымшалары тек біраз сөздерге ғана қосылып үстеу тудырады. Мысалы: қысын, жазын, жасырын, астыртын, үстіртін, ертеңгісін, кешкісін т. б.
Көнеленген формалар арқылы туған жалаң үстеулер
Оларға бір алуан сөздердің белгілі бір септік жалғау формасында әбден қалыптасып, бір-бірінен бөлінбейтіндей болып көнеленген сөздер жатады. Осындай көнеленген "қосымшалар" төркіндері септік жалғауларынан болғандықтан, сыртқы тұлғасы жағынан сол септіктердің жалғауларына ұқсас келеді. Септелу қашан да болсын есімдерге тән қасиет болғандықтан, мұндай үстеулер кейбір септік жалғауларының көнеленуінің нәтижесінде көбінесе есімдерден туады.
Барыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: зорға, босқа, текке, жатқа, бекерге, әреңге, алға, артқа, ас(т)қа, үс(т)ке, бірге, кешке, ертеңіне, әзірге, қазірге, күнге т. б.
Жатыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: алда, артта, аста, үсте, кейде, әлгіде, жаңада, баяғыда, күнде, түнде, аңдаусызда, абайсызда, қапыда, ілуде, қапелімде, қапылыста, лезде, жөппелдем(е)де т. б.
Шығыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: шалқасынан, жүресінен, етпетінен, төтеден, кеңінен, тезінен, қырынан, келтесінен, басынан, әуелден, ежелден, шетінен, лажсыздан, тосыннан, кенеттен, қатеден т. б.
Достарыңызбен бөлісу: |