Антоним –мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер. Мысалы: Аласа – биік, Ұзын – қысқа, Ақ – қара, Жақын – алыс, Су жүрек – жүрек жұтқан
Синоним –айтылуы әр түрлі, бірақ мағыналары бір-біріне жақын сөздер. Мысалы: сабырлы, байсалды, төзімді, ұстамды, салмақты.
Синонимдерді қолданудың мынадай тәсілдері бар:
Алдыңғы сөйлемде немесе қатар тұрған тексте бір рет пайдаланған сөзді қайталамас үшін оны басқасымен алмастырады. Мысалы: Ерегісте ер өлер, екі батыр егессе, екеуінің бірі өлер (Мақал). Айнала шабытты еңбек, қызу жұмыс.
Белгілі бір ұғымды түрлі белгілерімен жан-жақты сипаттап көрсету үшін синонимдер бір-біріне қарсы қойылып та, салыстырылып та, ыңғайласып та тұра береді. Мысалы: Бет көрсе, жүз ұялады (Мақал). Қауіп бар жерде қатер бар (Мақал). Ақтамақ жымиса, ол ыржияды. Ақтамақ мырс етсе, ол жарқылдап күледі (Ғ.Мұстафин). Ата дұшпан сен едің, ата жауың мен едім (Махамбет).
Белгілі бір ұғымды әр жақтан толық сипаттап беру үшін 2 немесе 3-4 синоним сөз қатарынан қолданылады. Мысалы: Балташ жолдасқа опашыл, уәдешіл болатын (Ж.Аймауытов). Майлыбайдың уысындағы күміске өзді-өзі таласып, қырылысып, төбелесіп, өліп қала жаздады (Ж.Аймауытов). Жылатушы көп болса, уатушысы, жұбатушысы да мол болған ел сорлы бола ма? (М.Әуезов). Дәл қасымызда үш бастау, қайнар, бұлақ бар. (Ә.Тәжібаев). Жақып езіліп, еріп, балқып кеткен сияқты болады (Ғ.Мұстафин). Ибалы, инабатты, ізетті жандар қазақта баршылық («Жас алаш»).
Тілдегі синонимдерді жекелеп те, кезектестіріп те, жұптап та, топтап та қолданғанымыз сияқты бұларды қосарлап та пайдалануға болады. Мысалы: күш-қуат, кұрбы-құрдас, ар-ұят, аман-сау, үлгі-өнеге, азып-тозу, қорқытып-үркіту, қажымай-талмай, өткен-кеткен, даусыз-талассыз, мұңды-зарлы, өніп-өсу т.б. Екі синоним сөз қосарланып қолданғанда бұлардың бұрынғы жеке мағыналары абстракцияланып (яғни жалпыға айналып), білдіретін ұғымның көлемі кеңейеді. Мұндағы күрделі ұғым екі сөздің дара мағыналарының жиынтығынан шығады.
Қазақ тілінде мағыналас екі сөз қатар келіп, алдыңғысы соңғысын анықтап, мағынасын күшейтеді. Мысалы: кең байтақ ел, айдын шалқар көл, қырмызы қызыл жібек, заңғар биік тау, зәулім биік үй, қызыл жоса қан, нән семіз жылқы, жайдары жарқын мінез, орасан зор жұмыс, құр бекер жүріс т.б.
Синонимдер тек жеке сөздерден ғана емес, фразалық тіркестерден де кездеседі. Көңілдегі көрікті ойды сөзбен кестелеп айтып беру үшін фразалық тіркестер де тілде орасан зор қызмет атқарады. Мәселен, Кеңес армиясы 1945 жылы неміс басқыншыларын талқандады деген сөйлемдегі талқандады деген сөздің орнына жермен-жексен етті, күлін көкке ұшырды десек, сөзіміз әлдеқайда күшті шыққан болар еді. Сондай-ақ екі синоним сөздің қатар қолданылғаны тәрізді мағына жағынан өте жақын екі фразалық тіркестер де қаз-қатар жұмсала береді. Мысалы: Қатерлі қауіп төнген күндер де өтті, итжығыс, бірде олай, бірде бұлай (Қ.Айнабекұлы). Бармақ шайнап, сан соғып, құсамен өткен өмір ғой – бұл да бір (Қ.Жұмаділов). Бұл салада да жетістіктермен қатар әттеген-ай дегізіп, сан соқтырарлық олқылықтар да бар («Жетісу»).
Синонимдерді жеке сөз бен жеке сөз, қос сөз бен қос сөз, фраза мен фраза күйінде ғана емес, араластырып та жұмсай беруге болады. Мысалы: Ақсақал абдырды, састы, қысылды, жан терге түсті (Ж.Аймауытов). Гүлнаш апай ақтарылмады, шешіліп сыр жармады (Т.Әлімкұлов). Жолыққан жанның бәрі де оған ат үсті, асығыс жауап берді (Ж.Жұмақанов). Ойдың да шикісі бар күлді-көмеш, Сүйкімсіз арам астай адам жемес. Дүмбілез, дүбарасы бар оның да, Әрі-сәрі, не ол емес, не бұл емес (Ә.Оңалбаев). Ел-жұрт, халқы мен ата-анасын көреді (Батырлар жыры).
Синонимдерді қолданудың тағы бір тәсілі – парафраза. Бұл сөздің мәнісі жеке сөздің орнында оның түсінігін сипаттап беру болып шығады. Мәселен, Алматы дегеннің орнына Қазақстанның астанасы, М.Әуезов деудің орнына «Абай жолы» романының авторы, Күләш деудің орнына қазақтың бұлбұл әншісі деп қолдануға болады. Парафраза бір заттың белгілі бір қасиетін айрықша атап өткісі келгенде, немесе соған ерекше назар аудартып, ден қойғызу мақсатында қолданылады. Кейде бір сөзді қайталамай, ойды түрлендіріп баяндау үшін де жұмсалады.
Мағынасы жағымсыз сөздердің мәнін тыңдаушыларға жеңілдетіп, жұмсартып айту тәсілін тіл білімінде эвфемизм деп атайды. Бұл да тіл мәдениетінің бір тәсілі болып саналады. Мәселен, өсек-аяңдегеннің орнына жаяу почта, ұзын құлақ, сымсыз телефон деп, өтірік сөз дегеннің орнына қоспа деп, өсекші дегеннің орнына жеңіл ауыз деп, пара дегеннің орнына ауыз бастырық деп, ұрлық дегеннің орнына жиендік деп, қартаю дегеннің орнына жасы ұлғаю деп жұмсартып қолдана беруге болады.
М.Әуезов «Абай жолы» атты романында Абайдың өлімін мынадай эвфемизмдер арқылы бейнелеген: «Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің демі тоқталды. Шел даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шығып, зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті». Мұнда жазушы Абай деудің орнына бірде ұлы жан, бірде ұлы кеуде, бірде игілік өмір, бірде зәулім өскен алып шынар деп парафраза тәсілімен ерекше назар аудартқызып отырған болса, өлді деген жағымсыз сөздің орнына дүниеден көшті, қаза тапты, демітоқталды, үзілді, кұлады, кетті сияқтанған эвфемизмдер қолданған.1Сөздің ауыспалы мағынасының көркем әдебиетте қолданылатын түрлері
Достарыңызбен бөлісу: |