Күрделі сан есімнің әр сыңары бөлек жазылады. (Он бес, жүз жиырма үш, екі мың төрт т.б.)
Реттік сан есім араб цифрымен берілсе, -ыншы, -інші, -ншы, -нші жұрнағының орнына дефис қойылады. (8-сынып, 25-пәтер)
Реттік сан есім рим цифрымен берілсе, дефис қойылмайды. (І том, ХХІ ғасыр)
Күн, ай, жыл аттарымен тіркескен реттік сан есімнен кейін дефис қойылмайды. (2004 жыл, 1 қыркүйек)
"Екі, алты, жеті" сандарына -ау, -еу жұрнағы жалғанғанда, түбірдің соңындағы ы, і дыбыстары түсіп қалады. (Екі+еу = екеу, алты+ау = алтау, жеті+еу = жетеу.)
Болжалдық сан есім цифрмен берілгенде, қосымша дефис арқылы жазылады. (10-даған, 5-терде т.б.)
Болжалдық сан есім қосарланып келгенде, дефис арқылы жазылады. (Он-он бес, қырық-елу, 40-50 қой т.б.)
Болжалдық сан есім жасайтын шамалы, шақты т.б. шылаулары өздері тіркескен сандардан бөлек жазылады. (он шақты, жүзге шамалы, мыңға жуық, елуге тарта т.б. )
Қосарланып айтылған топтау сан есімдер сөзбен берілсе де, цифрмен берілсе де, дефис арқылы жазылады. (Екі-екіден, 10-10-нан, 30-30-дан т.б.) Цифрмен таңбаланатын дара және күрделі сан есімдерге жалғанатын жалғаулар дефис арқылы жазылады. (15-тен, 20-дан, 25-ке т.б.)