Мектепке дейінгі ұйымдағы педагогикалық үрдіс.
Баланың дамуы үшін, біріншіден, табиғи орта: тамақ, ауа, жылылық, жарық; географиялық орта, яғни климат, жыл мезгілдеріне байланысты өзгерістер, тау-тас, қырат, жазық, өзен, көл, оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс т.б. қажет; әлеуметтік орта қажет. Оған қоғамдық өмір, адамдар, олардың саналы іс-әрекеттері, қарым-қатынастары, мәдениеті, әдебиеті, саясаты, идеологиясы т.б. жатады. Адамның психологиялық дамуы оның анатомиялық-физиологиялық дамуы негізінде мидың дамуына, жүйке жүйесінің жетілуіне байланысты. Алғашқы қарапайым сезімдер, түйсік, бейімділік баланың тіршілігі үшін ең маңызды тітіркендіргіштердің әсерінен пайда болады. Баланың дұрыс дамуына тиімді педагогикалық басшылық пен жағдай қажет. Оған дұрыс жасалған күн режимін сақтау, баланы мезгілімен ұйықтату, өсіп келе жатқан организмдерге лайықты нәрлі тамақпен қамтамасыз ету, мақсат көздей отырып, олардың іс-әрекетін ұйымдастыру, оқыту, үйрету, тәрбиелеу жатады. Балалар өзін қоршаған ортаны, дүниені ересек адамдардың басшылығымен танып біледі. Тәрбиелеу мен үйрету процесінде адамзат қоғамының дамуы барысында жинақталған рухани байлықты меңгеруі балалардың қабілетінің, дамуының, сана- сезімінің, ерік-қайратының, мінез-құлқының, тәртібінің қалыптасуының қажетті және негізгі шарты болып табылады. Іс-әрекет процесінде балалар заттардың жеке қасиеттерімен танысады, құрбы-құрдастарымен араласады, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Тәрбиеші-педагог баланың бейімділігіне сүйене отырып, оның қызығушылығының нақты қабілеттілікке айналуына, жан-жақты дамуына жағдай жасап, түрлі іс-әрекеттерді баланың жас, жеке ерекшеліктерін ескеріп ұйымдастырады. Педагогикалық жағынан дұрыс ұйымдастырылған кез-елген іс-әрекет баланың ақыл-ойының, нышанының, еркінің, қабілетінің танымдық күшінің жан-жақты дамуына әсер етеді. Іс әрекетті ұйымдастыру дәрежесі жоғарлаған сайын бала дамуына тигізетін ықпалы да күшті болады. Кез келген іс әрекетте баланың оны орындау мотиві үлкен роль атқарады. Мотив іс әрекетке деген баланың белгілі бір қатынасынан туады. Баланы іс әрекетке итермелейтін мотивтер әр қилы: қызығу, жауапкершілік, ұжым үшін, әлеуметтік. Бала іс-әрекетінде күшті, дұрыс мотивтерді басшылыққа алса, еркі, қайраты, эмоциясы, жеке қасиеттері интенсивті түрде дамиды. Жас ерекшелігінің әр сатысында баланың іс-әрекетінің түрі ғана өзгеріп қоймайды, оның мазмұны да, тәсілі де, сипаты да, мотиві де өзгереді. Мысалы: мектепке дейінгі шақтағы негізгі іс-әрекет - ойын, мектептік шақта – оқу, жасөспірім шақта – өнімді еңбек. Іс әрекет түрлері: 1) ойын әрекеті,
2) оқу әрекеті, 3) еңбек әрекеті, 4) қоғамдық әрекетке, 5) көркемөнер әрекеті, 6) спорттық әрекетке. Бұл педагогикалық ерекше заңдылықтарының бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |