Қазақстанның тағамдық (жемістер) өсімдіктері (тұқымдасы, морфологиялық сипаттамасы, таралуы, химиялық құрамы,қолданылуы). Жеміс-жидек дақылдары - шырынды және құрғақ жеміс-жидекті өсімдіктер. Жеміс-жидекті дақылдардың жемісі 6 топқа бөлінеді. Олар: шекілдеуікті (алма, долана), сүйекті (шие, алхоры), жидекті (қарақат, жүзім) жемістер. Сондай-ақ жаңғақты (талшын, жаңғақ), цитрусты (мандарин, апельсин) және субтропиктік (құрма, інжір) жемістер. Қазақстанның оңтүстігі және оңтүстік-шығысында алма, алмұрт, алхоры өсіріледі. Ал солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында тошала, қарақат, долана, шәңгіш, шетен өседі.
Бақша дақылдары – асқабақ тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер тобы. Оған қарбыз, қауын, асқабақ жатады. Тропиктік және субтропиктік аймақтардан шыққан. Қазақстанның барлық аймақтарында өсіріледі. Бақша дақылдары – бағалы тағамдық және диеталық өнім, дәрілік, сәндік мақсатта, мал азығы, майлы шикізат ретінде пайдаланылады. Бақша жемістерінің құрамында қант, көмірсу, витаминдер, минералды заттар, органик. қышқылдар көп. Сондай-ақ олар емдік қасиеті жағынан, жұғымдылығы, сіңімділігі және диеталық қоректілігі жағынан пайдалы. Бақша дақылдарының жемістері тағамға көктей немесе өңделген түрінде қолданылады. Қарбызды тұздауға болады, ал қарбыз балы кондитерлік өндірісте пайдаланылады, қауыннан қауынқақ, қауынқұрт, қауынбал (бекмес) жасайды. Бақша дақылдарының тұқымдары бір-біріне анатомикалық құрылысы, химикалық құрамы, физиология-биохимилық процестері, пісіп-жетілуі, өсіп-өнуі ұқсас келеді. Олардың қос жарнақты тұқымдарының өнгіштігі өте жоғары (98 – 100%), ұзақ (8 – 10 жыл) сақтауға болады. Бақша дақылдарының жер асты жүйесі кіндік тамырлы, негізгі тамырдан және жанама тамыршалардан тұрады. Сабақтары өсу процесінде жоғары өрмелейді, жайыла өседі немесе тік бұталы болып келеді. Аталық, аналық гүлдерінің дара, қос және аралас 3 түрі кездеседі. Алдымен аталық, содан кейін аналық гүлдері гүлдейді. Жемістері көптұқымды, жидек тәрізді, салм. 80 кг-ға дейін (асқабақ) жетеді. Бақша дақылдары тұқымының өсіп-өнуі үшін қарбызға 15 – 17°С, қауынға 14 – 16°С және асқабаққа 10 – 13°С температура қажет. Сондықтан Бақша дақылдарын себуді асқабақтан бастайды. Себу алдында егістікті суғарады. Қауын мен қарбыздың тұқымы 3 – 6 см, ал асқабақтың тұқымы 6 – 8 см тереңдікке егіледі. Себу жұмыстарын ерте пісетін сорттардан бастайды. Піскен өнім уақытында жиналса, түптегі келесі жемістер тезірек пісіп-жетіледі. Бақша дақылдарының жиі кездесетін ауруларына солу немесе фузариоз, кәдімгі ақ ұнтақ, жалған ақ ұнтақ, антракноз, ал зиянкестеріне зиянды көбелек, бұзаубас, т.б. жатады. Олармен күресу үшін агротехникалық, биологиялық және химиялық шаралар қолданылады.