Ү
Үстірт қорығы және оның ресурстық түрлерді қалпына келтірудегі және сақтаудағы маңызы.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы — Қазақстанның оңтүстік-батысындағы табиғи кешенді қалпында сақтау мақсатымен 1984 жылы құрылған мемлекеттік шаруашылық.[1] Маңғыстау облысыңдағы Қарақия ауданы жерінің аумағы 223,3 мың га.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Маңғыстау облысының Қарақия ауданында 223,342 гектар аумақты алып жатыр. Өзінің құқықтық қорғау режиміне сәйкес, қорықтық және күзетілетін өңірлерге бөлінеді. Үстірт қорығы Қарақия ауданының шығыс бетінде, Батыс Үстірт жонының Қараған босаға, Көкесем, Кендірлі, Елшібек сияқты ұшпа шыңдары мен жарқабақты таулары және Қарынжарық құмымен Сақсорқа құмын жағалай орналасқан.Үстірт шыңдарының бедері алуан түрлі. Олар Кендірлі сорын үш жағынан қоршай жиектеп, тік құлама жарлы болып келеді.
Кендірлі сорын қоршаған таға пішіндес бірнеше ғажайып қыраттар ғасырлар бойы жел, су эрозиясына ұшырап, қатты өзгерген. Сыртынан қарағанда, табиғаттың өзі салған керемет бір құрылысқа ұқсайды: мұнда пышақ кескендей тік, биіктігі 200 м-ден астам құлама жартастар, төбелері теп-тегіс не конус тәрізді мұнара сияқты төмпешіктер, ежелгі геологиялық дәуірлер куәсі — ақ, көк, қызыл қабаттардан тұратын, үстінде біздей қондырғылары бар ұлутас тәрізді “қамалдар” да жеткілікті. Сондай-ақ қорықта ерекше бір қақпалар, аса үлкен емес қос тесікті үңгірлер, диаметр 5 м-дей домалақ тастары бар алаңдар да көп.
Бұрын теңіз түбі болған Үстіртет ежелгі заман жануарларының қалдықтары (мысалы, мүйіз сауыт, сүйек, тіс, олардың іздері), алғашқы адамдар пайдаланған қару-жарақтар табылған. Мұнда жануарлар мекендеген қоршаулар да кездеседі.
Жер бедері мен топырағының әртүрлі болуына байланысты, қорықтың өсімдіктер дүниесі де сан алуан болып келеді. Қазіргі уақытта қорық аумағында өсімдіктің 336 түрі, сүтқоректілердің 29 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 15 түрі, құстардың 166 түрі, қос мекенділердің 1 түрі кездеседі.Соның ішінде Қызыл Кітапқа енгендер: өсімдіктерден – бор рияңы, кәдімгі жұмсақ жеміс, хиуа сораңы, майда қатыран, берік сүттіген; құстардан – бүркіт, жұртшы, ителгі, үкі, жорға дуадақ, лашын, қарабауыр бұлдырық, дала қыраны, қарабай, жылан жегіш қыран, қарақұс, қоқиқаз, сұр тырна, сақалтай, қылаң қарабас шағала, қылқұйрық бұлдырық, жалбағай, кішкене аққұтан ; бауырымен жорғалаушылардан – төрт жолақты қарашұбар жылан; сүтқоректілерден – арқар, қарақұйрық, қарақұлақ, сабаншы, итаю, шұбар күзен, шағыл мысығы, ақбауыр жарқанат.