С Саятшылықта қолданылатын немесе кәсіптік маңызы бар жыртқышқұстар. Бүркіт (лат. Aquila chrysaetos) — сұңқартәрізділер отрядына, қаршыға тұқымдасына жататын үлкен құс.Көбінесе тоғайлы және таулы жерде тіршілік етеді. Биік ағаштар мен зәулім жар тасқа ұя салып, 1—2 жұмыртқа табады. Орта Азияда, Қазақстанда бүркітті қолға үйретіп түлкі, елік, қарақұйрық сияқты аңдарға салады, шабыты түскен кырағы бүркіттер қасқырды да алады, ашынғанда адамға да түседі. Бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібі, саятшылықтың бір түрі. Бұл кәсіппен ертеде көшпелі түркі тектес халықтар шұғылданған. Тарихи деректер бойынша Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болған. Бүркітті екі түрлі жолмен ұстайды: біріншісі – балапанын ұядан алып, қолдан баулу. Ондай бүркітті қолбала дейді. Екіншісі – бүркітті тағы күйінде ұстап үйрету. Бұлар – тірнек, тастүлек, мұзбалақ сияқты түз құстары. Бүркіт балапанын жем беру арқылы баулиды. Тұғырға отыруға жарасымен томаға кигізіп, балақ бау тағып, қолға қондыра бастайды. Ұшуға жараған кезде етке қант бүркіп, қоян, түлкі, қарсақ сияқты аңдардың терісіне орап, шыжым жіппен сүйретіп жүріп жегізеді, мұны «шырға тарту» дейді. Алдымен жас бөлтірік, көжек, түлкінің күшігі сияқты әлсіз аңдарды тірідей шоқытып ауыздандырады. Бұл – құсты «аңға баулу» деп аталады. Ал түз құсын ең алдымен томағалайды да, ырғаққа отырғызады. Ұйқыдан қалжыраған бүркіт бірте-бірте адамның ыңғайына көне бастайды, сол кезде қолдан жем беріп, дыбыс шығарып, басынан, қанат қырынан, арқасынан, жемсауынан сылап-сипап үйретеді. Түз құстарын елу – алпыс күннен кейін ұшырып, ұсақ аңға салады. Бүркіт біршама қоңды, жемге шабытты, сергек күйде болу керек. Сондықтан әр бүркіттің тегіне, қырандығына, жасына қарай әр жағдайда берілетін жемдері болады. Мысалы, «қан соқта», «жылы жұмсақ», «қызыл», «тоят» деп аталатын жемдер семірту мен түлекке отырғызғанда, құстың еті төмендеп кеткенде беріледі. «Тартпа», «толарсақ» дейтін жемдер бүркітті ширықтыру үшін берілсе, «сарбөртпе» (туралған ет бір – екі рет суға шайылады) құстың етін бір қалыпты ұстау үшін, «ақ жем» (суға сығымдап, қан-сөлі алынған, туралған ет) құстың етін төмендету және ашқарақтануы үшін беріледі. Бүркітшінің түлекті осындай түрлі жеммен баптауын «қайыру» дейді. Наурыз, көкек айларынан бастап, бүркітші құсты тойғыза жемдеп түлекке отырғызады. Ол бүркіт алатын аңдардың жатағын, өрісін, ізін танып, білетін байқампаз да болады. Аңға шығарғанда бүркітшінің жанында аяқ бау, балақ бау, тұғыр, балдақ, томаға, сапты аяқ, биялай, жеңсе бұрау (түлкі бұрайтын айыр бас шыбық), жем қалта, шыжым, пышақ, ине, тарамыс, бөлеу (бүркіт бесігі) сияқты қажетті жабдықтары болады. Бүркітші саятшылыққа бірнеше кісімен шықса, оны салбурынға шығу дейді.