Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі 4(32) шығарылым



Pdf көрінісі
бет8/19
Дата21.01.2017
өлшемі1,83 Mb.
#2410
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

Б.Ғ. Шинтимирова  
Тарих ғылымдарының докторы,  
БҚГА профессоры, Орал қ.           
 
ҚАЗАҚ САЯСИ ОЙЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ  
МЕН ДАМУ ТАРИХЫ 
 
Әрбір  халық  өз  өткен  кезеңінің  рухани  қазынасын 
игермей,  өз  ұлтының  сана  –  сезімінің  мөлдір  қайнарынан 
сусындамай  тұрып  өзін  толыққанды  ұлт  ретінде  сезіне 
алмайды. Тәуелсіздік алғаннан бері, біз ұлттық қазынамызды 
қайта жинақтай  бастадық.  Бұл бағытта  отандық  саяси ақыл-ой 
тарихын,  оның  қалыптасуының  негізгі  кезеңдерін    зерттеу 
ерекше орын алады.   
        Отандық саяси ой дамуында көшпенді өмір салты өшпес 
із  қалдырды.  Осы  орайда  тарихшы  Л.  Гумилевтің  пікіріне 
назар  аударсақ:  «...  Көшпенділер  мәдениеті  өзінің 
үшмыңжылдық  тарихында  өзіндік  рухани  дамуды  басынан 
кешірді. Осы бағытта қазақтармен ұқсастыққа қырғыздар мен 
Аравия    бедуиндері  ғана  ие,  яғни  көшпенді  халықтарда 
ауызша  тарихи  баяндау  мен  әдемі  сөйлеу  өнері  өте  тамаша 
дамыған.  ...  Түрік  мемлекетінің  құрылуы  бүкіл  адамзат 
тарихында  белгілі  дәрежеде  бетбұрыс  кезең  болды  ... 
Түркілердің  қоғамдық  өмірі  мен  әлеуметтік  институттарының 
күрделі  түрлері:  ел,  меншіктің  сатылық  жүйесі,  шендер 
иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік дәстүрі, сондай-ақ көрші 
отырған  елдердің  идеологиялық  жүйелеріне  қарсы  қоятын, 
мұқият 
әзірленген 
дүниетанымның 
болғандығы 
таң 
қалдырады...» [1].  
    
Көшпенді  өмір  салтының  рухани  жаршылары  мен 
сақтаушылары ақындар мен жыраулар  мұрасы бізге даланың 
ауызша  тарихы  арқылы  жетті.  Өмір  шындығын  батыл 
жырлағандықтан,  халық  жырауларды  «әділеттілік 
жаршылары»  деп  атаған.  Олар  дала  өлкесінде  хандар  мен 
сұлтанның  кеңесшілері,  билік  қасындағы  халық  өкілдері 
болды.  Жыраулар  мұрасы  ұрпақтан  ұрпаққа  ауызша 

 
107 
берілгендіктен  олар  жырына  әділетті  өмір  туралы  өз 
ұғымдарын  қосып  отырды.  Сол  себепті  де  ХХ  ғасырға  
дейінгі  қазақ  даласындағы  саяси  ақыл  –  ойы  -  әлеуметтік  – 
утопиялық идеялар пайда болды.  
         Көшпенді  қоғамның  әлеуметтік  –  саяси  ақыл  –  ойы 
бірқатар ерекшеліктерге ие. Ең алдымен бұл қайырымдылық 
пен  ерлікке  табыну.  Бұл  жайында  кезінде  Ш.  Уәлиханов 
«дала  ордасының  тұрғыны  -  қазақ  өзінің  адамгершілік 
қасиеттері  бойынша  отырықшы  түріктерден  анағұрлым  биік 
тұр»,  -  деп  жазды.  Мұндай  көзқарас  Ұлы  Жібек  Жолымен 
жүріп өткен Марко Полодан бастап көптеген зерттеушілерде 
кездеседі.  
        Көшпелі  қоғам  әлеуметтік  –  саяси  ойының  тағы  бір 
ерекшелігі,  оның  адамгершілік  қағидасына  толылығы.  Бұл, 
сонау  әл-Фараби    бабамыздан  бастау  алған  «Адам  бол!» 
идеясы. Абай бұл қағиданы жаңа биіктікке көтерді және бұл 
үрдіс қазіргі қазақ ақыл – ойында да жалғасын табуда. Қазақ 
қоғамы ақыл – ойының осы бір қырын шетелдік зерттеушілер 
де көрсетті. Отандық зерттеуші М. Лаумулин шетелдіктердің 
қазақтар  туралы    баяндаған  «Сырттан  көзқарас»  атты 
еңбегінде былай деп жазды, - «қазақ қоғамындағы құқықтық 
және  әлеуметтік  қатынастар  адамгершілік  идеясына 
негізделген».  
     
Көшпенділер өз Отанын, жерін ерекше қадірлейтіндігін 
бізге  жеткен  аңыздардың  көпшілігінде  баяндалады.  Ғұндар 
ханы Мөде халқына соғыс қасіретін әкелмес үшін жауларына 
қадірлі  арғымағы  мен  сүйікті  жарын  беруге  келісті.  Бірақ, 
одан батпақты жерді сұрағанда Мөде хан қасиетті жер үшін 
қан төгуге бұйырған.  
    
Осының өзі көшпелі қоғам  әлеуметтік – саяси  ақыл – 
ойының  Отанды қадірлеу рухына толы болғандығын көрсетеді. 
Осы  ерекшеліктер  дала  өлкесінде  саяси  тұрақтылықты 
қамтамасыз етіп те, мықты орталықтандырылған саяси билік 
болмаған  жағдайда  да  дала  өлкесі  саяси  тұрақсыздыққа 
ұшыраған жоқ.  
     
Қазіргі Қазақстан Республикасының аумағын  құрайтын 
алып даладағы әлеуметтік – саяси ақыл – ой өз дамуында бес 
кезеңнен өтті:  

 
108 
          1.  Философ  –  ғұламалардың  қоғамдық  –  саяси 
көзқарастары. Олардың ілімдері грек және араб мәдениетінің 
қағидаларына  негізделді.  Ең  көрнекті  өкілдері  Қорқыт  ата,  
Әл-Фараби мен Ж. Баласағұн.  
2.  Сопылық  ағым  өкілдерінің  қоғамдық  –  саяси 
көзқарастары.  Қожа  Ахмет  Йасауи  (1041  –  1116).  С.Бақырғани 
және т.б. мұсылман дінін уағыздаушылар ойлары.   
3.  Жыраулар  мен  ақындардың  қоғамдық  –  саяси 
көзқарастары.    Олардың  көзқарастары  көшпелі  ортаның  өз 
ішінде  қалыптасып  дамыды.  Ең  көрнекті  өкілдері  Асан 
қайғы, М.Х.Дулати, Бұқар жырау, т.б.  
4.  XIX  ғасырдағы  қазақ  ағартушыларының  қоғамдық  – 
саяси көзқарастары орыс ағартушылары мен революционер – 
демократтар ықпалымен дамыды. Ағартушылық негізі білім, 
ғылым  арқылы  қоғамды  жетілдіру,  түзету,  қоғамды  құтқару 
деген  қағидаға  сүйенеді  (Ш.Уәлиханов,  Ы.Алтынсарин, 
Абай).  
5.  ХХ  ғасырдың  басындағы  қазақ  зиялыларының 
қоғамдық – саяси көзқарастары (Ә.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов, 
М.Дулатов,  М.Шоқай,  Х.Досмұхамедов,  Т.Рысқұлов, 
М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, т.б.).  
Мұсылман  мемлекеттерінде  жалпы  саяси  ой                    
VII – VIII ғасырларда дамудың жаңа сатысына көтерілді десе 
де болады. Мемлекеттің басшысы патша, сұлтандар елді діни 
жолмен басқаруды қолдай отырып, сол кезеңнің ойшылдары 
мұсылмандардың ең негізгі заңы- шариғат деп санаған. 
         Оғыз-қыпшақ  тайпаларының  ұлы  ойшылы,  батагөй 
абызы,  дәулескер  күйшісі,  келер  күнді  болжайтын  көріпкел 
данасы  -  Қорқыт  (VIII-IX  ғ.ғ.),  оғыз  бен  қыпшаққа  бірдей 
басалқылық  жасаған  кемеңгер.  «Қорқыт  батыр  емес,  абыз 
(патриарх),  халық  даналылығын  бас  болып  паш  етуші  және 
сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қойған», - дейді 
В.В.Бартольд.  Бұл  тұжырымды  Қорқыттан  жетті  дейтін 
мынадай  нақыл  сөздер  орнықтыра  түседі:  «Қара  есектің 
басына  жүген  таққанмен,  тұлпар  болмас,  күңге  сары  пай 
жапқанмен  бәйбіше  болмас»,  «Анадан  өнеге  көрмеген  қыз 
жаман,  атадан  өнеге  алмаған  ұл  жаман»,  «Ата  даңқын 
шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді», «Өтірік 

 
109 
сөз  өрге  баспайды»,  т.б.  Қорқыт  туралы  бірден-бір  жазба 
дерек  болып  табылатын  «Қорқыт  ата  кітабы»  былай 
басталады:  «Баят  руында  Қорқыт  ата  дейтін  білікті,  сәуегей 
адам  болыпты.  Тәңір  зердесіне  салған  соң  оның  барлық 
болжамдары қатесіз болған. .. оғыз тайпаларында Қорқыт ата 
ең  қиын  деген  мәселелерді  шешкен.  Қандай  қиын  іс 
болмасын,  Қорқыттың  кеңесін  алмай,  ел  ешбір  іске 
кіріспеген.  Ел  оның  барлық  билігін  бұлжытпай  орындаған». 
Кітаптың  өзі  XV  ғасырда  жазылған.  Бұл  кітаптың  әзірге  екі 
нұсқасы белгілі. Бірі – 12 тараудан тұратын Дрезден нұсқасы, 
екіншісі – 6 тараудан тұратын Ватикан нұсқасы. Бұл еңбектер 
оғыз  ұрпағының  ата  жұртында  жазылмаған,  әр  тарапқа 
шашыраған  оғыз  ұрпағының  есінде  қалған  естелік  іспеттес. 
Бұл  орайда  бізге  дейін  жеткен  Қорқыт  туралы  аңыз-
әңгімелер,  заттық  айғақ  –  бейіті,  күйлері  және  топоним 
түріндегі  мол  деректер  оғыздардың  ата  жұртында  сақталған 
[2. 26 б.].   
       Әл-Фараби  (870  –  950  ж.ж.).  Оның  қоғамдық  саяси 
көзқарастары  «Қайырымды  қала  тұрғындарының 
көзқарастары»,  «Мемлекет  қайраткерінің  даналығы»  және 
т.б. бүкіл әлемге әйгілі трактаттарында көрініс тапты.  
 
Әл-Фарабидің  пікірінше,  адам  қоғамдары  ұлы,  орташа 
және  кішкене  қоғамдарға  бөлінеді.  Ұлы  қоғам  дегеніміз  – 
бірімен-бірі  біріккен  және  біріне-бірі  көмек  көрсеткен  көп 
халықтардың  жиынтығы.  Орташа    қоғам  дегеніміз  –  бір 
халықтың қоғамы болып табылады. Кішкене қоғам дегеніміз – 
бір қаланың төңірегіне топталған қоғам [3, 12 б.].           
      «Қайырымды 
қала 
тұрғындарының 
көзқарастары» 
трактатында  әл-Фараби  қала  –  мемлекеттерді  салыстыра 
отырып  ең  әділетті  қоғамды  іздейді.  Еңбектен  грек    ақыл  – 
ойының, әсіресе Аристотельдің әсері айқын сезіледі.  
Әл-Фараби  қайырымды  қала  ұғымын  негіздеп,  дамыта 
отырып,    қайырымды  қаланы  әрбір  кез-келген  адам  билей 
бермекші  емес,  өйткені  ел  билеу  екі  нәрсеге  байланысты: 
біріншіден адамның өз жаратылысынан бұл іске қаншалықты 
әзір  екендігіне,  екіншіден  адамның  еріктен  қуат  алып 
отырған 
жағдайы 
мен 
қабілетіне 
байланысты. 

 
110 
Жаратылысында  ел  билеуге  кім  бейім  болса,  билік  соның 
үлесіне тимек.  
Ойшыл,  «өнер  атаулының  бәрі  бірдей  ел  билеу  құралы 
бола  бермейді,  керісінше  өнердің  көпшілігі  –  қаладағы 
қызметтің  тетігі,  сондай-ақ  табиғи  қызметтердің  көпшілігі 
қызмет етуге арналған қабілеттер. Өнер атаулының ішінде ел 
билеу  құралдары  ретінде  де,  басқа  өнерлерге  қызмет  ету 
құралдары  ретінде  де  қолданылатындары  бар.  Сонымен 
қатар, әсте ел билеу құралы емес, тек қызмет ету құралы ғана 
бола  алатындары  да  бар.  Сондай–ақ  әрбір  кез-келген  өнер 
және  әрбір  кез-келген  қабілет  қайырымды  қаланы  билеу 
өнері бола бермейді», -деп ескертеді.  
Қайырымды қаланың бірінші басшысына тиісті өнер де, 
қызмет  ету  құралы  да  басқа  бір  өнердің  объектісіне 
айналмайды.  Басшы  өнері  сондай  өнер,  барлық  басқа  өнер 
соның  мақсатына  бағынышты  және  қайырымды  қаладағы 
барлық  іс-әрекет  осы  мақсатқа  бола  жасалады.  Мұндай 
адамды  басқа  ешкім  билемейді.  Ол  –  кемелділік  дәрежеге 
жетіп,  пәрменді  парасат  пен  ұғымға  айналған  адам,  қиялдау 
қабілеті  табиғи  түрде  айқындалған  аса  мәртебелі  кемелділік 
дәрежеге жеткен адам. 
 
Қайырымды  қала  бес  түрлі  адамдардан  құралады:  ең 
құрметті 
адамдардан, 
шешендерден, 
өлшеушілерден, 
жауынгерлерден және байлардан.  
 
Ең құрметті адамдар маңызды істерде беделге ие болған 
адамдар  жатады.  Олардан  кейін  діни  қызметкерлер  мен 
шешендер, атап айытқанда дін уағызшылары, сөз шеберлері, 
ақындар, хатшылар және тағы басқалары. 
 
Өлшеушілер дегені – есепшілер, геометрлер, дәрігерлер, 
астрологтар  болса,  жауынгерлер  дегені  –  жасақшылар, 
сақшылар және т.б. ел қорғанысына жауап берушілер. Байлар 
дегені  –  егіншілер,  мал  өсірушілер,  саудагерлер,  бір  сөзбен 
айтқанда салық төлеу арқылы  қала байлығын жасаушылар. 
 
Әл-Фарабидің  қайырымды  қала  идеясы,  кездойсоқ 
айтыла салған пікір  емес. Себебі, ғалым  өмір  сүрген  кезең  - 
орта ғасырда қалалардың қоғам өміріндегі алатын орны мен 
атқаратын  ролі  ерекше  болды.  Араб  халифатының  біртіндеп 
саяси  ыдырау  үрдісінің  күшеюі  және  орталық  мемлекеттік 

 
111 
аппараттың  әлсіреуі  жағдайында  жекелеген  қалалардың 
саяси, шаруашылық және мәдени орталықтар ретінде маңызы 
артты. Қалалар мемлекет синониміне айналды. 
Ал,  «Мемлекет  қайраткерінің  даналығы»  трактатында 
әл-Фараби  өзін  шығыс  ойшылы  ретінде  танытты.  Ол  енді 
үлгілі,  қайырымды  билеуші  туралы  аңсай  отырып,  оның 
ойынша,  ізгілікке  ұмтылушы  адам,  надан  билеуші  билеген 
елден,  ғылым  –  ілімнің  дамуына  қамқорлық  жасап  отырған 
білімді билеушісі бар елге кету керек. 
Әл-Фараби  басшы  идеясын  да  дамыта  отырып,  басшы- 
жаратылысынан  өзіне  айтылғанның  бәрін  жете  түсінетін, 
айытқан  сөзді  сөйлеушінің  ойындағыдай  және  істің  жәй  – 
жағдайына сәйкес ұғып алатын, өзі түсінген, көрген, есіткен 
және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, 
бұлардан  ешнәрсені  ұмытпайтын  болуы  керек.  Кімде  –  кім 
туған кезінен бастап және жас жеткіншек шағында, жоғарыда 
аталған шарттарды бойына дарытқан болса және есейгеннен 
кейін  басқа  алты  шартқа  сай  келетін  болса  басшы  болады: 
бірінші  шарт  –  дана  болу;  келесі  шарт-қалаға  арнап  бірінші 
имамдар  белгілеген  заңдарды,  ережелер  мен  әдет  – 
ғұрыптарды  жадында  сақтап,  жетік  білу,  өзінің  барлық          
іс - әрекетін осыларға сәйкес жүргізу; бұрынғылардан тиісті 
заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдар үлгісімен әрекет 
жасай  отырып,  бұл  жөнінде  тапқырлық  көрсету;  бірінші 
имамдар  аңдай  алмаған  нәрселерді  бұрыннан  қалыптасқан 
жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып – 
біліп отыратындай тапқыр да білгір болу және өзінің осындай 
қызметінде  ол  халықтың  әл-ауқатын  жақсартуды  мақсат 
етуге  тиіс;  бірінші  имамдардың  заңдарын  және  солардан 
кейін,  солардың  үлгісі  бойынша  өзі  белгілеген  заңдарды 
орындауда    жұртты  өз  сөзімен  жігерлендіре  білу;  әскери 
істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде игіліктерді бөлу, оның 
бержағында  әскери  өнерді  қызмет  бабындағы  өнер  ретінде 
және билеуші өнері ретінде меңгеру. 
     
Философ  –  ғұламалар  кезеңінің  келесі  бір  ойшылы  - 
Ж.Баласағұнның  (1017  –  белгісіз)  көзқарастары  «Құтты 
білік»  ғылыми  философиялық  трактатында  көрініс  тапты. 
Ж.Баласағұн  әміршінің  өз  халқы  алдындағы  үш  қасиетті 

 
112 
міндетін  көрсетті.  Біріншіден,  билеуші  мемлекетін  күмістей 
таза  ұстауы  қажет.  Екіншіден,  билеуші  заңдары  бірін  –  бірі 
жоққа  шығармауы  қажет.  Заң  дұрыс,  әділетті  болу  керек. 
Үшіншіден,  билеуші  сапарға  бастар  барлық  жолды  жақсы 
ұстауы,  өз  еліндегі  ең  мардымсыз  өзгерісті  де  біліп  отыруы 
қажет [2, 30 б.].  
    
Әмірші халық алдындағы міндетін дұрыс орындаған соң 
барып,  халықтан  өз  құқығын  талап  етсін.  Халықтың  да 
әмірші  алдында  үш  парызы  бар:  біріншіден,  халық  өз 
әміршісінің  заңдарына  құрметпен  қарауы  керек;    екіншіден, 
халық  қазынаға  қол  сұқпай,  әмірші  салған  алым  – 
салықтарды  уақытында  төлеп  тұруға  міндетті;  үшіншіден, 
халық  қашанда  өз  әміршісінің  жанында  топтасуы  қажет, 
әміршінің  жаулары  жау,  достарына  дос  болуы  керек.  Осы 
қасиетті міндеттер дұрыс атқарылуы үшін әмірші мен халық 
қоғамдық  келісім  жасауы  тиіс.  Осы  жерде  көрсетілетін 
ақиқат,  Еуропа  ақыл  –  ойында  қоғамдық  шарт  теориясы 
(Т.Гоббс, Д. Локк және т.б.) қазақ қоғамдық-саяси ойында да 
айтылады.  Ж.Баласағұн  еңбегінің  «Елші  жайлы»  деген 
тарауында  «..елші  адам  ақылды  да  зерек  болуы  тиіс,  елші 
арқылы  көптеген  іс  бітеді,  елші  арқылы  барлық  игілікті 
тірліктер  атқарылады,  елші  болу  үшін  шарап  ішпеу  керек, 
шарап  ішкеннің  тілінде  ақылсыз  деген  өз  есімі  тұрар»  т.т. 
көптеген  осындай  елдер  арасындағы  қатынасқа  қатысты 
ойлар этикалық-саяси мәселелерге арналған.  
          Бек мәңгілік шарт екі ісін, қырағылық, 
          Қырағылық және заңы елі үшін. – дегенде Ж.Баласағұн 
ел  басшысының  екі  басты  міндетінің  бірі  -  елдегі 
заңдылықты  қадағалау  деп  біледі.  Қырағылық  мәселесін  – 
мемлекеттік  қауіпсіздік  деп  білсек,  елдің  көңілді  болуы, 
өміріне  сенімді  болуы  бектердің  заңды  тура  ұстануына 
тәуелді деп біледі ойшыл ақын. Тағы бірі - халыққа әділ заң 
бергей,  
          Бір-біріне күштімсітпей, теңгергей!  
          Екіншісі, қазына хақын жемесін, 
          Ей, қолы ашық, дәл уағында төлесін. 
          Осы өлең жолдарынан заң күшіне бағынатын құқықтық 
мемлекет қағидасы мен оны ұйымдастыру принциптері нақты 

 
113 
аңғарылып  тұр.  Алдымен,  ерікті  азаматтарды  бір-бірінен 
кемсітпейтін  заңдар  әділетті,  екіншіден,  қабылдаған  заңдар 
мен  бұйрықтар  орындалуы  міндетті.  Үшіншіден,  әділ  заң  ел 
қазынасын  қорғайды.  Ортақ  мемлекеттік  қазынаны  сақтау, 
қорғау - әрбір басшының міндеті, ал әр адамның өзіне тиісті 
салықтарын мерзімінде төлеп тұруы парыз.  
          Ж.Баласағұн  саясаттың  заңға  бағыныштылығын  дұрыс 
деп  санайды.  Ойшыл  үшін  саясат  пен  заң  егіз,  құстың    қос 
қанаты  сияқты.  Саясат  өз  кезегінде  заңды  жетілдіруге  және 
түзетуге  бағытталуы  керек  деп  біледі.  Ойшыл  еңбектерінен 
Баласағұнның  мемлекеттің  қызмет  етуінің  ең  белсенді 
тетіктері  саясат,  билік  және  заң  өзара  тәуелді  байланыста 
қызмет  ететіндігін  терең  білгендігін  байқаймыз. 
«Мемлекеттік  құрылыс  туралы  пайымдау,  ел  басқару 
түрлерін сипаттау, этикалық және саяси нұсқаларды белгілеу, 
билеушінің  және  бағыныштының  қалай  тағайындалуын 
анықтау,  азғын  қоғамды  сынау  –  мұсылмандық  Шығыста 
алғаш  рет  әл-Фараби  көтерген  мәселелердің  жиынтығы 
екендігі  белгілі.  Ал  бұл  мәселелерді  шешуге  келгенде          
әл-Фараби  өзінің  неғұрлым  көрнекті  әлеуметтік  –  саяси 
ойшыл  екендігін  көрсетсе,  Баласағұн  заңдылық  пен  әділетті 
саясат  елге  қамқор  боларлық  биліктің  тетіктері  екендігіне 
айрықша  назар  аударады.  Егер  әл-Фараби  мұрасы 
адамгершілік,  әділеттілік  қағидаларына  толы  болса, 
Ж.Баласағұн  мұрасы  қазіргі  дәуірмен  үндесіп  жатыр. 
Осының  өзі  олардың  рухани  мұрасын  әлі  де  терең  зерттеу  
қажеттігін көрсетеді.     
         Қазақ  халқы  мекендеген  кең  далада  қазақ  хандығы 
құрылып,  оның  буыны  бекінгенге  дейін  қолданылған,  кейін 
де  біраз  уақытқа  дейін  қолданылып  келген  құқықтық 
қағидалардың  негізгі  бөлігі  -  шариғат  пен  Шыңғыс  ханның 
«Ұлы Жасысынан» алынды.  
     
«Шариғат»  -  араб  тілінде  «жарлық»,    «заң  ережесі» 
деген 
мағынада, 
мұсылман 
діні 
таралған 
елдерде 
қолданылған 
заң 
жинағы. 
Ол 
мемлекеттік 
құқық 
нормаларынан,  міндеттеме,  мұрагерлік,  қылмыстық  және 
отбасы – некелік құқық, сондай-ақ сот жұмысы мен бақылау 
туралы  жарлықтардан  тұрады.  Мұсылмандық  сот  ісін 

 
114 
жүргізуде  Марғұлан  қаласында  1152  жылы  дүниеге  келген, 
шейх Бұрхан ад-Дин Әли жазған, төрт кітаптан тұратын Әл – 
Хидая атты шығарманы пайдалануға болады. Шариғат  соты 
көпшілік  алдында  ауызша  жүргізіліп,  әуелі  ант  алынылып, 
ант  беруші  кәмелетке  толған,  ақыл-есі  дұрыс  адам  болуы 
қажет.  Балаларды,  есі  дұрыс  еместерді  зорлап  ант  бергізуге 
болмайды. Әкесі не ері рұқсат етпесе, әйелі мен балалары да 
ант  бере  алмайды,  ант  тек  дауыстап  айтылып,  жазып 
берілмейді.  Шариғат  бойынша  істі  қағаз  қарайды.  Егер 
қылмыс жеңіл болса, шариғат қазыларға кейбір жағдайларда 
жазаны  өз  білгенінше  белгілеп,  үкім  шығаруға  мүмкіндік 
беріліп, алдын ала тергеу ісі көпшілік алдында жүргізіледі.  
    
ХІІІ  ғ.  басында  Моңғол  мемлекетінің  құрылуы  өмірге 
Шыңғыстың  «Ұлы  Жасысы»  деп  аталған  заңдар  жинағын 
әкелді.  Жасы  моңғол  тілінде  (дзасак)  «шешім»,  «заң»  деген 
ұғымдарды  береді.  Атақты  тарихшы  Джувейнидің  куәлік 
етуіне  қарағанда,  Шыңғыс  хан  заңдары    құймаға  (алтын, 
күмістен  жасалған  тұмар)  жазылып,    «Жасы  біліктілері» 
атағын иеленген  хан ұлдарында сақталған. «Жасыға» сәйкес 
мемлекет  -  билеушінің  (хаканның)  жеке  –  дара  меншігі 
болып саналады. Ол барлық заңнан биік тұрды.  
       Әскери  билік  азаматтық  биліктен  бөлініп,  ол  ең 
жоғарғы, қасиетті   билік болып саналды. Негізгі мәселелерді 
шешумен  әскери    билікті  иеленуші  бекзада  айналысып,  ол 
«дарұғышы»  шенін  иеленді.  «Жасыда»  ұрлық,  кісі  тонау, 
зинақорлық  сияқты  қылмыстарға  ауыр  жаза,  яғни  өлім 
жазасы  қолданылған,  бірақ  кісі  өлтірген  адам  белгілі  адам 
болса, ол жазасынан құн төлеп құтыла алатын еді. «Жасыда» 
қан  араластырушылыққа  (инцеста)  қатаң  тыйым  салынып, 
жаратушыны,  әміршіні,  елдегі  үлкендерді  құрметтеушілікке 
жоғары  мән  беріледі.  «Жасы»  жаратушыға  деген  ұлы 
сүйіспеншілікке шақырады.    
К.Маркс  пен  Ф.Энгельс  «Неміс  идеологиясы»  деген 
еңбегінде:  «Алғашқыда  идеялардың,    түсініктер  мен 
түйсіктердің  дүниеге  келуі  материалдық  әрекет-тірлікпен 
қоян-қолтық  араласып  жатады,  адамдардың  материалдық 
қарым-қатынасы нақтылы өмір көрінісіне ұласады. Бұл тұста 
адамдардың  ұғым-түсініктері  мен  рухани  қарым-

 
115 
қатынасының пайда болуы материалдық қарым-қатынасының 
тікелей нәтижесі. Мұның өзі кез-келген халықтың саясат, заң, 
адамгершілік,  дін,  метафизика,  т.б.  түрінде  көрініс  табатын 
рухани  болмысына  да  қатысты»,-    деп  жазады  [4].  Осы 
тұжырымның  дұрыстығын    Асанқайғы,  Қазтуған,  Шалкиіз, 
Жиембет, Доспамбет, Бұхар, т.б. көптеген аты мен жырлары 
аңызға  айналған  ақын-жыраулар  мұрасынан  көреміз.  Бұл 
жерде жыраулық поэзия тек халық мәдениетінің төлбасы ғана 
емес,  ол  -  әлеуметтік,  саяси,  философиялық,  тарихи, 
эстетикалық, адамгершілік ақыл-ойдың тоғысқан жері.    
         Ағылшын гуманисі Томас Мордан жүз жыл бұрын  өмір 
сүрген  Асанқайғы  (1361  –  1469)  өз  қиялындағы  аралын 
(Утопия)  іздеді.  «Жер  –  ұйықта»  адамдар  бақытты  өмір 
сүреді, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болды. 
Бұл  әлеуметтік  утопизм  идеясының  алғашқы  көрініс  табуы 
болды.  Асанның  XV  ғасырдағы  қазақ  ұлысын  біріктіруге 
жанын  аямай  тер  төккенін,  Әз  –  Жәнібек,  Керей  хандармен 
бірге  Әбілқайырға  қарсы  күрестің  басында  болғандығын, 
тіптен  оның  тек  бір  ғана    қазақтың  аңыз  -  әпсаналары  мен 
ертегілеріндегі Жәнібек ханмен бірге есімі қосақталып, қатар 
айтылатын тарихи тұлға ғана емес, көршілес қырғыз жұртына 
да  осы  қалпында  белгілі  екендігін  Ш.  Уәлиханов  таңдана 
жазады.  
Ата  жауымен  арпалыста  қан  кешіп  жүрген 
жауынгерлерді  идеялық  рухтандырған  да,  елін-жерін  сүюге, 
құрметтеуге,  ел  басына  күн  туған  сын  сағаттарда  бір  тудың 
астына  топтасуға  шақырған  да  жыраулар  жыры.  Жыраулар 
поэзиясындағы  саяси  -  әлеуметтік  көзқарастары  олардың 
хандықты  сақтау,  нығайту,  халық  пен  хан  арасындағы 
қатынас,  әділ  басқару  туралы  идеяларынан  көрінеді.  Жас 
Қазақ  хандығының  байрағын  қазақ  сахарасында  желбірете, 
нық  орнатуға  ат  салысты,  осы  іске  бұқараны  жігерлендіріп 
отырды. Кейде халықтың мүддесі тұрғысынан ұлыққа қарсы 
да  өз  пікірлерін  білдіріп,  олардың  көңіл  тоймас  іс-әрекетін 
әшкерелеп,  ел  ісіне  тікелей  бет  бұруын,  хан 
төңірегіндегілердің жемқорлығында қаймықпай, кесіп айтып 
отырған  Асан  қайғы  бабамыз  бұл  орайда  ақын  ғана  емес, 
саяси және қоғамдық қайраткер. 

 
116 
Қадірлі Асан қайғының Жәнібекке айтқаны да осы бағытпен 
үндеседі:  
-  Әй,  хан,  мен  айтпасам  білмейсің,  айтқаныма 
көнбейсің,  өзіңнен  басқа  хан  жоқтай,  елеуреп  неге 
сөйлейсің?! Құлың көп сені өлтірер, осыны Асан біледі, мұны 
неге  білмейсің?    Шабылып  жатқан    халқың  бар,  аймағыңды 
көздеп  көрмейсің,  қымыз  ішіп  қызарып,  мастанып  қызып 
терлейсің...  Қорған  салдың  бейнет  қып,  қызметшің  жатыр 
ішіп-жеп, оны неге білмейсің! - дегені осының куәсі [5, 27 б.].  
Заманның 
саяси-әлеуметтік 
хал-ахуалына 
орай 
жыраулар  өмірге  белсене  араласып,  ел  ісінен  оқшау  тұра 
алмады.  Халық  тілегін  көлденең  жүрген  көк  аттыға  айтып, 
мұңын  шаға  беруден  аулақ.  Орда  төңірегінде  жүрген  Асан 
қайғы  тарихи  дәуірінің  көкейтесті  арманын  өлең  өрнегіне 
тізіп,  жоғарғы  билік  иесіне  қарата  айтып,  заманның  саяси 
памфлетіне айналдырды: 
Тапқан  жерге  ел  көшір,  мұны  неге  білмейсің?!  Әй, 
Жәнібек, ойласаң, қилы-қилы заман болмай ма, суда жүрген 
ақ шортан, қарағай басын шалмай ма?! Мұны неге білмейсің? 
Жыраулық  поэзияның  терең  концептуалдық  мәні  бар. 
Өмірмен  біте  қайнасу  ілкі  поэтикалық  мәдениетіміздің 
әлеуметтік  тегі  мен  қоғамдық  қызметін  ашып,  замана 
сұраныстары осылайша жыраулар мойнына ауыр да жауапты 
салмақ салды. 
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551 ж.ж.) XVI ғ. 
өмір сүрген көрнекті мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, 
тарихшы, әдебиетші, ақын. Ерен еңбегі және игі қызметімен 
де  түркі  халқына  тұлға  болған  осындай  ойшылды  бәзібір 
жұрт  зиялылары  «Мырза  Хайдар  түрік»  деп  жазып,  оның 
түркі  текті  екеніне  мән  берсе,  кейбір  ел  ғалымдары  дарабоз 
дарынды  Мырза  Хайдар  Дұғлат  немесе  Әмірзада  Кашмири 
деп  те  атайды.  Ол  Орталық  Азия  халықтарының  тарихы, 
этнографиясы мен географиясы, тілі мен әдебиеті, мәдениеті 
жайын  сөз  ететін  «Тарих-и  Рашиди»  және  «Жаһан  наме» 
атты  классикалық  шығармалардың  авторы.  Дулати  өмір 
сүрген кезеңнен бастап оның «Тарих-и Рашиди» шығармасы 
аса  ділгірлікке  байланысты  ғасыр  сайын  көшіріліп  отырған. 
Мысалы ол XVI ғ. – 3 рет,  XVII ғ. – 5,  XVIII ғ. – 3 рет,  XIX ғ. 

 
117 
тіпті  12  рет  хатқа  түскен.  Ұлы  ғалым  шығармасына  орта 
ғасырдың  өзінде-ақ  Орта  Азия  тарихын  зерттегендердің 
соқпай  кеткені  некен-саяқ.    Олар,  әсіресе  Кашмир,  Шығыс 
Түркістан, Тибет сияқты көпке дейін жұмбақ, белгісіз болған 
елдер жайлы жазғанда көбінесе Дулати деректеріне сүйеніп, 
«Тарих-и  Рашидиді»  бірден-бір  дұрыс,    жазба  дерек  көзі 
ретінде пайдаланған [3, 176 б.].  
Қазақ  хандығы  құрылған  соң,  оның  өзінің  заң  жинақтары 
дүниеге  келді.  Мұндай  заң  жинақтарының  үшеуі  белгілі: 
«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және 
Тәуке  ханның  «Жеті  жарғысы».  Осылардың  ішінде  жазба 
түрінде жеткені «Жеті жарғы». Бұл заң жинағын қазақтардың 
өз ауыздарынан жазып алған, орыс зерттеушілері Г. Спасский 
мен А. Левшин.  
    
«Есім ханның ескі жолы» бізге қолжазба күйінде жеткен 
жоқ. Ол «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты, көшпелі қазақ 
қоғамының  негізгі  заңы  қызметін  атқарса  да,  қазақ 
шежірелері,  шетел  жылнамаларында  тұтастай  көрініс 
таппады. Алайда, аталған екі заң жинағының екеуі де  Тәуке 
ханның  «Жеті  жарғысының»  негізі  болып  қаланғанын 
ескерсек,  ол  туралы  белгілі  бір  дәрежеде  мәліметтер  алуға 
болады.  «Есім  ханның  ескі  жолы»  өзіне  дейінгі  «Қасым 
ханның  қасқа  жолы»  сияқты,  бес  хақиттан  (бес  тарау) 
тұрады.  Оның  алғашқы  тарауы  жер  дауы,  мал  –  мүлік 
мәселелеріне арналды. Бұл тарауда әр рудың ата қонысы, жаз 
жайлауы мен қыс қыстауы, тіпті көш – қонысының жолы да 
көрсетіліп берілді.  
Екінші  тарауда  қылмыс  мәселелері  қарастырылады. 
Есім хан құн үстіне «үстеме құн» белгіледі. Зерттеушілердің 
деректері  бойынша  үстеме  құн  «өнер  құны»  және  «сүйек 
құны»  болып  екіге  бөлінген.  Оның  себебі  де  бар.  Мәселен, 
аузымен құс тістеген жүйрік пен жабының төлеуі де, құны да 
әр  түрлі.  Міне,  осындай  қасиеттеріне  орай  үстеме  құн 
белгіленген.  «Жеті  жарғыда»  ер  құны  1000  қой.  «Есім 
ханның  ескі  жолында»  әйел  құны  оған  төленген  қалың  мал 
мөлшеріне қарай белгіленген, ал  «Жеті жарғыда» әйел құны 
еркек құнының жартысындай ғана.  

 
118 
    
Қазақ  хандары  әскери  заңға  да  ерекше  мән  берді.  Бұл 
«Есім  ханның  ескі  жолының»  үшінші  тарауында  көрініс 
тапты.  Есім  хан  жаушыдан  хабар  келісімен,  әр  рудан  жасақ 
жасау  міндетін  белгілеп,  оны  сол  рудың  есебінен  жасақтау 
керектігін  заңдастырды.  Есім  ханның  ерекше  мән  берген 
саласы  мемлекетаралық  қатынастар  болды.  Ол  даңқты 
қолбасшы  болумен  қатар,  шебер  елші  де  бола  білді.  Көрші 
мемлекеттермен  достық  қатынастарды  қағазбен  ғана  емес, 
қандас  туыстық  –  құдалық  жолмен  де  бекітті.  Оның  бұл 
мәселелер  бойынша  нұсқаулары  «Ескі  жолдың»  елшілік 
жораларына қатысты төртінші тарауында көрініс тапты.  
    
«Есім ханның ескі жолының»  соңғы тарауы қонақ күту, 
ас  беру,  той  өткізу  сияқты  халықтық  салт  –  дәстүрге 
негізделді.  Осылармен  қатар,    «Жасыда»  наным  –  сенімдік 
тыйымдар  да  бар.  Мысалы,  кімде  –  кім  қолбасшының 
табалдырығын  басса,  сол  өлім  жазасына  кесілген.  Сондай-ақ 
«Жасыда»  кім  екеніне  қарамастан,  дәмді  ұсынушы  адамның 
өзі татпай тұрып, асқа қол созуға тыйым салынған [2, 65 б.].  
     
Діни мәселелерге келгенде «жасы», сол кездің өзінде-ақ 
қазіргі  өркениетті  дәуірдегі  демократиялық  елдердің  
жариялаған  «толеранттылығын»,  яғни  өзге  дінге 
төзімділігімен  қоса,  құдайға  жаққан  барлық  діндерге 
құрметпен қарау қажеттілігін де баса көрсеткен.       
     
Тәуке  ханның  (1626-1718  ж.ж.)  Тәуке  хан  ішкі 
саясатында  бар  мүмкіншілікті  пайдалана  отырып,  қайткен 
күнде де ру арасындағы алауыздықты тоқтату үшін сонымен 
қатар ел басқару ісін жақсартуды күн тәртібіне қойды [2, 72 б.]. 
Бір орталықтан басқарылатын қазақ мемлекеттігін құру үшін 
бірінші  кезекте  тұрған  мәселе,  Шыңғыс  хан  ұрпағынан 
тараған сұлтан, төрелердің және ерекше мәртебеге ие болған 
қожалардың,  қазақ  қоғамындағы  құқықтық  жағдайларын 
өзгертуге  ден  қояды.  Ондағы  ойы мемлекеттік  басқару  ісіне 
әр ортадан шыққан қабілетті, туа біткен дарынды адамдарды 
тарту  еді.  Қазақ  қоғамының  саяси  аренасына  осындай 
саясаттың негізінде халық арасынан шыққан дарынды билер 
мен  елдің  тәуелсіздігі  мен  бостандығын  қорғауда  ерлік 

 
119 
танытқан  батырлар  таныла  бастады.  Мемлекеттік  аппарат 
құрамында  өзгерістер  жүріп,  атап  айтсақ,  басқару  үрдісінде 
бұрын  беймәлім  болған  «Билер  кеңесі»  енгізілді.  Бұл 
мемлекеттік  орган  қазақ  мемлекеттілігінің  саяси  жүйесінде 
үлкен  құқықтарға  ие  болумен  қатар,  ішкі,  сыртқы  саясатты 
жүргізуде орасан зор рөл атқарды. «Билер кеңесі» сайланған 
алқалық  орган  ретінде  талқыланған,  қаралған  мәселе 
бойынша  қайта  айналып  қарауды  қажет  етпейтін  шешім 
қабылдау  дәрежесіне  дейін  көтеріле  алған.  «Билер  кеңесі» 
өзінің мемлекеттік функцияларын тұрақты атқарып отырған. 
Үш жүздің рулары арасындағы шиеленісті дауларды шешуде, 
сепаратистік қимыл-әрекет жасаған сұлтандарды және жалпы 
трайболизмді тежеуде өлшеусіз рөл атқарып отырды. «Билер 
кеңесінің»  нақтылы  мәселе  бойынша  қаралған  істерінің 
шешімдері  заң  күшіне  еніп,  ханның  өзі  оны  жоққа  шығара 
алмағандығын  айта  кеткен  жөн.  «Билер  кеңесінің»  құрамы 
қажет  болғанда  кеңейтіліп   Қаз  дауысты  Қазбек  би,  Әйтеке, 
Досай,  Едіге,  Сырымбет,  Қабек,  Даба,  Есейхан,  Жалған, 
Ескелді,  Сасық  билер,  Байдалы,  Тайкелтір,  Қоқым  сияқты  
дарынды қайраткерлер мен батырлар кірген.  
          Тәуке  ханның  реформаторлық  қызметінің  сапынан 
ерекше  орын  алатын  мәселе  -  қазақ  қоғамының  құқықтық 
жүйесін  қалыптастыруы.  Мемлекетті  нығайтып,  тәртіп 
орнату үшін тиімді, халық мүддесіне сай келетін, орындалуы 
арнайы  тетіктермен  қамтамасыз  етілетін  заң  жүйесі  болуы 
шарт. Бұл қағиданы Тәуке хан аса көрегенділікпен түсінген. 
Соның  нәтижесінде    қазақ  қоғамының  ұлттық  Хартиясы  -  
Жеті  Жарғы  дүниеге  келді.  Ол  тек  қана  сол  заманның 
талаптарына  сай  келетін  құқықтық  құжат  емес.  Оның  мәні 
және  мазмұны  жағынан  көшпелі  қазақ  халқының  этикалық, 
шаруашылық  ұйымдастыру  және  географиялық  ерекшеліктерге 
сай  қабылданған  аса  құнды  құқықтық  ескерткіш  болып 
табылады.  
    
Қазақ  қоғамдық-саяси  ойы  дамуының  жыраулар 
кезеңінің  тағы  да  бір  көрнекті  өкілі  -  Бұқар  жырау  (1685  – 
1777)  жылдары  өмір  сүрген.  Қазақ  даласында  өте  қуатты  

 
120 
орталықтандырылған  мемлекет  болуын  аңсаған  жыраулар 
тобының  бастауында  тұрды.  Ол  күшті  хан  билігін  жақтады. 
Хан жанында «хан кеңесі» болуы тиіс. Хан олардың ақылын, 
өзі қажет деп санаған жағдаяттарда пайдаланады.  
Қазақ  халқының  бодандыққа  дейінгі  азаматтық  тарихы 
мен рухани өміріндегі ақын, жыраулардың атқарған қызметі 
мен  тындырған  істері  айрықша  елеулі.  XV–ХІХ  ғасырлардағы 
қай  жырауды  алсаңыз  да,  олардың  елі  үшін  жанын  отқа 
тоспайтыны  кем  де  кем.  Бұлардың  көпшілігі  халқының 
қамына  бола  ханмен  де,  қарамен  де  айқасудан  тайынбаған. 
Солары үшін оларды елі де риясыз сүйе білген, батыр тұтқан, 
көріпкел  санаған,  елінің  серкесіне,  көсеміне  балаған,  ерлік 
мінездерін қылықтарын аңызға айналдырған. 
       Қазақ  халқы  алғаш  рет  мемлекет  құрып,  бір  тудың  
астына біріккен уақыттағы ауыз әдебиеті - хан мен халықтың 
арасындағы  қарым-қатынастың  тамаша  үлгілерін  береді. 
Мысалы,  Бұхар  жыраудың  ханның  өзіне  қаратып  халықтың 
атынан:    Ей  Абылай,  Абылай,  Абылай  ханым,  бұл  қалай?  
Бұл  қалайдан  сескеніп,  сөзімді  қойма  тыңдамай,  -  деуі 
«өкілдік демократияның» үлгісін көрсетеді [6, 205 б.] 
         Сол  сияқты  басқа  да  ақын-жыраулардың  ханға  «Сен» 
деп өлең бастауы – халықтың атынан сөйлеулерінде сияқты. 
Сондай ақынның бірі - Үмбетей жыраудың (1706 – 1778) да 
Абылайды «хан» демей «ханым» деуінде де осындай түсінік, 
мағына  бар.  «Сен,  хан  емессің,  менің  ханымсың,    сенің  иең 
мен  боламын»  деген  ой  жатыр...    Халықтан  хан  да  үлкен 
емес. Хан тағының мәңгілік емес екенін ескерте келе: Дүние 
кезек,  Абылай,  қаласың  әлі-ақ  сен  былай,-  деп  сес  те 
көрсетеді.  Халықтың  көңілінен  шықпаған  ел  басшыларын 
мойындауға  болмайтынын  білдіретін,  билік  иелеріне 
ешқашан  бас  имейтін  азаматтың  сарыны  Сүйінбай 
Аронұлының (1822 – 1895 ж.ж.) өлеңдерінде де  байқалады: 
Хан құдайдың ұлы емес, құдайға да құл керек, халықтың жоқ 
па керегі?! Немесе: Төре деме төрені, ел тілегін таппаса, қару 
деме семсерді, шапқанда сүйек қаппаса. 

 
121 
   
Дәл  осындай  отты  жолдар  Махамбеттің  Жәңгір  ханға, 
Сүйінбайдың Тезек төреге айтқандарында кездеседі [5, 160 б.]. 
Көпшілікке  жаман  аттары  жайылып,  масқара  болудан 
қорқатын  хандар  мен  төрелер  де  шындықты  жасқанбай 
айтатын ақын – жыраулардан  қатты сескенетін. 
Бодандық  кезеңде  қазақ  даласы  түгелге  дерлік  Ресей 
империясының  құрамына  енді.  Соған  байланысты  қазақ 
қоғамының  ел  басқару,  халық  билеу  дәстүрлері  мен  заң  – 
жобаларына  өзгерістер  дендеп  кіре  бастады.  Аумақтық 
мәселелер  бірсыпыра  айқындалып,  жерге  деген  меншіктілік 
жағдайлары өз  шешімін  тапты.  Ұлыстарды  билейтін  хандық 
институттардың  құқығы  қысқарды.  Бұрын  үлкен 
территорияларды мекендеген халықты хандық атақпен билеп, 
өзі  әрісі  бүкіл  қазақтың,  берісі үш  ұлыстың  бірінің  әміршісі 
сезінетін хан – сұлтандар тұқымының айбыны кеміді. Осыған 
байланысты  бұрын  сол  хандық  институттың  басқару 
аппаратының  бір  жағынан  идеологиясын  жүргізетін,  бір 
жағынан  сол  аппараттың  құрамында  отырып  ұлыстың 
мүддесін қорғайтын жыраулар қауымы да тарих сахнасынан 
біртіндеп ығыса бастады. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет