ОРГАНИКАЛЫҚ СИНТЕЗДІҢ НЕГІЗГІ ӨНІМДЕРІ Шикізат – айтарлықтай дәрежеде процестің үнемділігін, өндірістің техникасын және өнімнің сапасын анықтайтын технологиялық процестің негізгі элементтерінің бірі. Шикізат деп өнеркәсіптік өнімдер өндірісінде пайдаланатын табиғи материалдарды айтады.
Өнеркәсіптік өндірістің өсуі және химиялық өнімдер ассортиментінің артуы салдарынан жаңа шикізат түрлеріне қажеттілік туындайды. Шикізатты алу, дайындау, байыту техникасының дамуы пайдалы компоненттердің мөлшері аз болатын шикізат түрлерін, пайдалы қазбаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, химиялық өнеркәсіптің шикізат базасы үздіксіз кеңеюде. Көптеген өндірістердің бастапқы материалы жартылай өнім деп аталатын өнеркәсіптік өңдеуге ұшыраған шикізат болып табылады. Кейбір химиялық өндірістер шикізат ретінде басқа өндірістердің қалдықтары мен қосымша өнімдерін пайдаланады. Шикізат айтарлықтай дәрежеде өнімнің сапасы мен өзіндік құнын анықтайды.
Шикізаттың сипаттамасы мен қорлары Химиялық өнеркәсіптің шикізатын әртүрлі принциптер бойынша жіктейді. Шығу тегі бойынша шикізатты минералды, өсімдік және жануар деп жіктейді. Минералды шикізат, яғни жер қыртысынан алынатын пайдалы қазбалар басым болады. Агрегаттық күйі бойынша қатты, сұйық (мұнай) және газ тәрізді (ауа, табиғи газ) шикізат болады. Құрамы бойынша шикізат органикалық және бейорганикалық болып бөлінеді. Минералды шикізат өз алдына кенді, кенді емес және жанғыш (органикалық) деп бөлінеді. Кенді минералды шикізат деп құрамында техникалық таза күйінде экономикалық тиімді бөлініп алынуы мүмкін металдар болатын тау жыныстары немесе минералды агрегаттарды айтады.
Бөліп алу үшін қажетті мөлшерде бірнеше металдар болатын кендер полиметалды деп аталады.
Кенді емес (немесе металды емес) шикізат деп химиялық, құрылыс және тағы басқа металды емес материалдардың өндірісінде пайдаланатын, бірақ металдарды алудың көзі болмайтын барлық бейорганикалық шикізатты айтады. Кенді емес шикізат түрлерінің көп бөлігінің құрамында да металдар болады.
Жанғыш минералды шикізат, яғни органикалық пайдалы қазбаларды: көмір, шым, сланецтер, мұнайды және т.б. – энергетикалық отын немесе химиялық шикізат ретінде пайдаланады. Келтірілген жіктелудің шартты болатынын ескерте кеткен жөн, себебі жанғыш пайдалы қазбалар типтік минералдарға жатпайды.
Шикізаттың ең жалпы және кең тараған түрлері ауа мен су болып табылады. Құрғақ ауаның құрамында 78% N2, 21% O2, 0,94% Ar, 0,30% CO2, аз мөлшерде сутегі, метан, неон, криптон, гелий және ксенон болады. Одан басқа ауада су буының, шаңның және газ тәріздес ластанулардың өзгеретін мөлшерлері болады. Ауаның оттегісі тотығу процестері үшін, ал ауаның азоты аммиак синтезі үшін кең қолданылады. Ауаны суды және басқа сұйықтықтарды және де жылу алмастрғыштардағы газдарды суытқанда суытқыш агент ретінде пайдаланады. Қыздырылған ауаны газдар немесе сұйықтықтарды өыздыру үшін жылу тасымалдағыш ретінде пайдаланады.
Өсімдік және жануар шикізаты (ағаш, мақта, майлар, сүт, тері, жүн) не азық-түлік өнімдеріне, не тұрмыстық және өнеркәсіптік бағытталған өнімдерге өңдейді. Кейбір өндірістерде азық-түлік шикізатын техникалық өнімді алу үшін немесе керісінше техникалық шикізатты азық-түлік өніміне өңдейді. Шикізат ретінде әртүрлі заттар мен элементтерді пайдалану олардың халық шаруашылығы үшін құндылығынан, жер қыртысындағы мөлшерінен, алудың оңайлығынан және аталған элемент кіретін қосылыстардың сипатынан тәуелді болады. Осы көрсеткіштердің барлығы уақыт өте келе өзгереді.
Шикізаттың құндылығы техниканың даму деңгейінен тәуелді болады. Мысалы, сирек металдар бұрын кең қолданылған жоқ, ал қазір балқымаларға қоспалар ретінде, жартылай өткізгіштер техникасында өте құнды болып келеді. Уран үш онжылдық бұрын радийді алғанда қажетсіз қалдық болды, ал қазір ол атомдық техниканың негізі болып табылады.
Алудың оңайлығы негізінде кен орындарының географиялық орналасуымен, кен орнындарында пайдалы заттардың концентрациясымен және шикзаттың тереңдігімен анықталады.
Қазіргі уақытта органикалық синтезінің өндірісі газды мұнай, тас көмір және сланец шикізаттарды қолданады. Көптеген химиялық және физико-химиялық процестердің нәтижесінде осы шикізаттардан (крекинг, пиролиз, риформинг, ректификация, конверсия, кокстеу және жартылай кокстеу) төмендегідей, бес топқа жататын органикалық синтез өнімдерін алады: