Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
шиеленіскен, шешуі қиын істерді, ердің құнын екі ауыз сөзбен
бітістіретінде болғандығы туралы айтылады [2].
Қазақ хандығы ХV-ХVІІ ғасырларда өзінің ішкі саяси-әлеуметтік
құрылымын барынша нығайтуға тырысқанымен, бұл одақтың
да біртұтас мемлекет болып тұруына әр түрлі тарихи үдерістер,
ықпалдар әр қилы (көп жағдайда теріс) әсер етумен болды. Тәуке
ханның «Жеті жарғысы» ХVІІ ғасырдың аяғында және ХVІІІ ғасырдың
басында қазақ этносының мемлекеттілігі үшін ең жоғарғы құнды
дүниеге айналды. Бұл кезеңде халықтың үш жүзге бөлінгеніне
қарамай іштей бірігуге деген талпынысы, әрекеті осы тарихи
құжаттың, тарихи тұлғаның төңірегіне топтасқан болатын. Тәуке
ханнан кейін келген саяси биліктің иелері ХVІІІ ғасырдың басында
қазақтың іштей ыдырауын тоқтата алмады.
ХVІІ ғасыр мен ХVІІІ ғасырдың басында қазақ даласындағы саяси-
әлеуметтік кеңістіктегі ахуалды сипаттай келіп «Әз Тәуке хан алты
алаштың тізгінін алты биге ұстатады. ХVІІІ ғасырдың бас кезіндегі
дерек бойынша, Ұлы Жүзде Үйсін Төле би, Орта Жүзде Қаз дауысты
Қазыбек би, Кіші Жүзде Алшын Әйтеке би, Қырғызда Қараш би,
Қарақалпақта Сасық би, Құрамада Мұхамед би отырады. Сырттай
қарағанда өте қолайлы әрі ұтымды көрінгенімен, ақыр түбінде бұл
бөліс Қазақ Ордасының біржола ыдырауына жол ашты. Сөз жүзінде
ғана емес, іс жүзінде алты ұлысқа бөлінгеннен соңғы жерде үш
жүздің ара жігі айқындалды, қалған үш алаш өздерін дербес ұлыс,
федерация құрамындағы жат жұрт деп сезіне бастады», – деп жазады
М. Мағауин [3, 85 б].
Қазақ Ордасының осынау ыдыраушылыққа бейімделуі, жоңғар
шапқыншылығынан кейін үш жүздің басы бірігіп, өзінің ортақ
ханының, мемлекетінің болғанын қалауы, сөйтіп, біртұтастыққа
қайтадан ұмтылуы бұл тарихи үдерістің көшпенді ел үшін қалыпты
көрінісі болатын. Ол үдерістер үшін тарихтағы жекелеген кінәлілерді
іздеудің өзі артықтау болар еді.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласында рухани атмосфера,
тарихи ахуал қандай болды? Қазақ қоғамында өркендеу басым ба
еді? Әлде тоқырау көбірек байқалды ма? Біздің пікірімізше, бұл екі
үдерістің екеуі де көрініс беріп отырады десе де болады. Дәуірдің ең
негізгі жетістігі – халық өзінің болашағын, мемлекеттілігін тек өзінің
ұлттық бірлікте болғанында ғана құрай алатындығын зерделеді.
Қазақтың ХVІІІ ғасырдағы көрнекті жырауларының бірі
Ақтамберді жырау халықтың рухани дүниесінің іргесін бекітіп,
шаңырағын шайқалтпауға себеп болатын күштің оның өз бойында
екенін ескертіп, жастарға арнап сөз қалдырған екен: