Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты


ШЫНАЙЫ ҒЫЛЫМ ІЗДЕП ЖҮРГЕНДЕРДІ ҚАЗІРГІ КЕЗДІҢ ДОН КИХОТТАРЫ ДЕУГЕ БОЛАДЫ



бет34/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   50
ШЫНАЙЫ ҒЫЛЫМ ІЗДЕП ЖҮРГЕНДЕРДІ ҚАЗІРГІ КЕЗДІҢ ДОН КИХОТТАРЫ ДЕУГЕ БОЛАДЫ

«Әдебиет және өнер институты тек фольклормен айналысып, бүгінгі заманның өнері мен әдебиетіне, оның сынына араласа алмай отыр» деген пікірді ақын-жазушылардың аузынан жиі естиміз. Жыл сайын қаншама әдеби кітап шығады. Соны зерделеп, әдеби сынға араласып отыру – әдебиеттанушылардың бір міндетіне кіруі тиіс емес пе? Бұл тұрғыда Әдебиет институты және өзіңіз не тындырудасыз?


Тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиеттану ғылымына кеңес кезінде тыйым салынып келген ақтаңдақтар қайта оралды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, САсфендияров, М.Тынышбаев зерттеулеріндегі Алаш ғылымы қазақ әдебиеті «младописьменный», тек «Кеңес кезінде ғана туды» деген жалған екенін соцреалистік пікір жалған екені 1991 жылдан бері теріске шықты.
Әдебиеттану ғылымы ата-бабамыздың ғибратты асыл сөзін таныту тарихын осы кезде ғана өз ретіне келтіріп, қайта зерттей бастады. Соңғы жылдары Елбасының арнайы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынды. Қазақтың сан ғасырлық асыл сөз үлгілері тұңғыш рет қазіргі қазақ тілінде жарияланып, электронды версиясымен келешек ұрпаққа ұсынылды. Репрессияға ұшыраған Алаш ғалымдарының зерттеулері мен шығармалары қазіргі қазақ тілінде қайта басылды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және енер институты осындай істердің басында болды.
Қазіргі жазушылардың сауалда қойылған назы да орынды. Институтта 12 ғылыми жоба іске асады, соның екеуі ғана «бабалар сөзі» және ауыз әдебиетімен айналысса, қалған жобалардың аясында қазіргі заман әдебиеті зерттеледі.
Өткенімізді түгендеп алу үшін бабалардың ақыл-парасат мұрасы қазіргі бізге ғана емес, әлемге өзімізді таныту үшін де керек. Тәуелсіз кездегі ғылымның ата-баба аманатын айқындап алу қажеттілігі осылай туды. Қазақ қандай ел деген сауалға жауап іздеген жат жұрт біздің асыл сөз тарихымыз он ғасырды қамтығанын ескеретін болады.
Өзім меңгерушісі болып отырған «Әдебиет теориясы» бөлімі «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы (1 том – XX ғасыр, 2008) 2 том – Тәуелсіздік кезеңі (2009)» атты жобаны бітірді. «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихының» 1 томында келесі мәселелер зерттелді: Қазақ әдебиеті туралы ғылым қашан басталды? Оның арғы бастаулары қандай? Кәсіби әдебиеттану қашан қалыптасты? Алаш әдебиеттануы ғылымға не қосты? Кеңес әдебиеттануы қалай дамыды? Бұл кезде неге Абайды зерттеуге тыйым салынып, не насихатталды? Бұл мәселелер келесі ретпен қарастырылды: «Ежелгі дәуірдегі әдеби таным арналары (VІ-ХІV); Қазақ әдебиеттану ғылымының бастауы (Шоқан Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы); Кәсіби қазақ әдебиеттануының қалыптасуын (1900-1932)». Осыны дәлелдеп тұрған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, М.Дулатұлы, Р.Мәрсеков, Ы.Мұстамбайұлы, С.Торайғырұлы, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Сейфуллиннің әдебиеттанушылық зерттеулері қайта сараланды. Мәселе тек мазмұндап шығу емес, қазіргі ғылым талаптары тұрғысынан ұлттық ілімнің қажет екенін айғақтап алу. Осы тұрғыдан алғанда біз Кеңес кезімен шектеліп жүрген әдебиеттің қай саласын алсақ та, оның бастауы Алаш ғылымында екенін анықтадық. Абайтануды біз М.О.Әуезовтен бастап келсек, оның басында К.Ысқақұлы мен Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Торайғырұлы, І.Жансүгірұлы, Р.Мәрсекұлы мен Ы.Мұстамбайұлы тұрғаны осылай айғақтала түсті (1905). «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Әуелі аят, хадис сөздің басы» деген Абайдың асыл сөзге қойған талаптарын Алаш тұлғалары іскі асырды. Олар Абайдың бұл ойын XX ғасыр басында жаңаша дамытты. Олар «Отанды сүю – иманнан» атты қағидасын «Оян, қазақ!» ұранымен еңбектерінде анықтап берді.
Қазақ әдебиет теориясы тек Кеңес кезінде қалыптасты деп жүрдік. Бұл да жалған пікір екен. 1926 жылы жарық көрген А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» қазақ сөз өнерінің қайсысы асыл екенін ажыратып бергенімен ғана емес, әдебиет – «асыл сөз – адамның жан қоштау қажетінен» туған ілім ретінде теориялық тұрғыда дәлелденіп берілгенімен құнды. Шынайы асыл сөзді тану үшін оның негізгі шарттары да осы ретте келтірілген.
«Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеттануының дамуы (1932-1956)» кітаптың негізгі бөлімі болды. 1957-1991 жж. қазақ кеңес әдебиеттануы да арнайы зерттелді.
«Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (Тәуелсіздік кезеңі, 2009) атты 2-томда қазіргі 1991 жылдан бергі қазақ әдебиеттану ғылымының негізгі бағыттары зерттелді. Бұл келесі тараулардан тұрады: «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттанудың теориялық мәселелері. Ежелгі әдебиет үлгілерінің қазіргі зерттелуі; Тәуелсіздік кезеңіндегі абайтану; Қазіргі кезеңдегі әдебиет тарихы мен әдебиеттануының теориялық мәселелері; Қазақ әдебиеттануының зерттелуі; Әдеби байланыстардың теориялық негізі; Бүгінгі постмодернистік зерттеулер; «Әдебиет танытқыштың» қазіргі әдебиеттану ғылымындағы орны. Теориялық аспект; Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы структуралистік, герменевтикалық және семиотикалық зерттеу тәсілдері; Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті тарихын жаңаша жазу. Тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби-теориялық байланыстар; Тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби сын. Халықаралық ғылыми-теориялық конференциялардағы қазіргі әдебиеттану».
Институттың ғылыми кеңесінің шешімі І том ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануын тек Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және С.Сейфуллин шығармашылығымен шектеуді ұйғарды. Бұл кезеңге сай аталған жобаға енбей қалған зерттеу мәтіндерін «Алаш әдебиеттануы» деп бөліп алып өткен жылы осы атаумен жеке монографиямды жариялауға мәжбүр болдым. Бұл кітаптың жарыққа шығуына демеушілік жасаған азаматтарға Алла разы болғай!
Мұншама ұлттық рух пен тәуелсіздікті аңсаған деп Алаш ғылымын аттап кету оң болмас еді. Бұл ғылымның басты шарты әдебиет – асыл сөз Отанды сүюге, Отанды қорғауға, Отан деген киелі ұғым төңірегінде бірігуге шақыратын ілім делінген. Сондықтан институт жобасына енбей қалған зерттеу жеке монографияға арқау болды. «Қазақ әдебиеттануының бастау көздері» тарауда әл-Фараби, Абай, Ыбырай, Шоқан еңбектері әдебиет туралы ғылымға қосқан үлестері тұрғысынан сараланды.
«XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануының кәсіби қалыптасу кезеңі (1905-1930)» бөлімінде А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, С.Сәдуақасұлы, М.Жұмабай, Қ.Кемеңгерұлылардан басталатын Алаш әдебиеттануының негізгі зерттеулері қарастырылды. Монография соңы «Алаш абайтануы» деген тараумен түйінделген.
Х.Досмұхамедұлы сонау 1928 жылы «Аламан» атты ғылыми-зерттеуінде «Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, менмендік сезімі күйлі құлықты аламандық дейміз» деп ғалым мұндайдан аулақ болуға шақырады. Әдебиет негізгі міндеті – «Отан бірлігі, Отан намысы, Отанды сақтау сезімдері екенін Алаш әдебиетшілері бізге осылай аманат етіп кетті.
Абайша әдебиет – Отанды иманмен сүюдің үлгісі. «Отан бірлігі, Отан сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді бүтін мемлекетке керек сезімдерді, менмендік, бәсекелестік, ерегіс басып кетпесін» дейді Алаш ғалымы Х.Досмұхамедұлы.
Қазақтың көркемсөзді қастерлеген ата-баба сөзі қашаннан басталады? Алаш әдебиеттануы деген ұғым қашан қалыптасты? Алаш ғалымдары ғылымға қандай үлес қосты? Тәуелсіздік кезеңінің қазіргі ғылымына Алаш ғылыми мұрасы несімен қажетті болып табылуда? Кітап осы сауалдарға да жауап бере ме?
– Кітапта қазақ көркемсөзінің көрнекті өкілдерінің әрбірінің ғылыми шығармашылық тұлғасы бүгінгі XXI ғасырдағы әдебиеттанулық талаптар тұрғысынан сараланған. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, С.Сәдуақасұлы, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгерұлылардан басталатын Алаш әдебиеттануының шынайы келбеті әл-Фараби, Абай, Ыбырай, Шоқаннан таратылып ұлт әдебиетінің тарихи негізі ажырамас бірлікте жүйеленген. Кітаптағы әрбір алаш әдебиеттанушының қазақ әдебиетіндегі көркемсөз құдіретін зерттеуге қосқан үлесі ғылыми, әдеби-теориялық ой-тұжырымдары жан-жақты тұңғыш рет айқындалған. Асыл сөздің басты міндетін айғақтап, оны іс жүзінде қазақ тілінде көрсетіп берген де осы Алаш әдебиеттанушылары екені нақты, ғылыми дәйектер мен тұжырымдар арқылы хрестоматиялық тұрғыда осы кітапта дәлелденген.
А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» (1926), М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті» (1928) атты зерттеулері қазақ әдебиетінің тарихын, теориялық негіздерін сонау XX ғасырдың басында қалыптастырған. А.Байтұрсынұлының қазақ тіліндегі «пән сөздерін» анықтап берген ғалым. Кеңес әдебиеттануы осы үш кітапсыз күн кешкені сол ғылымның дәрежесін аңғартады. Осының нәтижесінде, біз «әдебиетіміз қашан туған, қалай қалыптасқан, келешегіміз қандай» деген сауалға жауап бере алмай, он ғасырлық көркемсөзі бар әдебиетті «младописьменный» деп, тек Кеңес кезімен шектеліп келіппіз.
Әдебиет теориясы жоқ халық болып саналдық. Қазақ тілі мен әдебиеттануының біз бүгін қазақша пайдаланып келе жатқан ең негізгі теориялық пән сөздерді: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, шылау, одағай, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыштарды, т.б. А.Байтұрсынұлы анықтап бергені де осы ретте анықталған. Аталған үш кітап, керісінше, ұлттың көркемсөз тарихын атам заманнан бастап, дүниежүзі әдебиеті төңірегінде қазақтың асыл сөзінің ерекшеліктерін баяғыда жан-жақты қарастырып беріпті.
«Әдебиет танытқыш» деген атауда тұрған «әдебиет» деген не, оны не үшін «таныту» керек деген екі сөзде тұрған жауап – біздің бүгінгі әдебиеттанудың анықтап айта алмай келе жатқан күрделі ғылыми танымдық мәселесі емес пе?
– Қазақ халқының он ғасырлық асыл сөзі кімге қажет? Сөздің асыл болуы несімен? Әдебиеттің негізгі міндеті неде? Көркемсөздің басқадан айырмашылығы қандай? Бүгін әдебиет қажет пе? Осы сауалдардың бәріне «Әдебиет танытқышта» нақты жауаптар берілген.
Қазақ неге «сөз сүйектен өтеді» деген? «Өнердің ең алды – сөз өнері» деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз қадірін білгендіктен айтқан», – дейді А.Байтұрсынұлы. Себебі әдебиетшінің айтуы бойынша, сөз өнері «адамның жан қоштау керегінен шыққан». Адам жанына иманды ілім қажет екенін Абай анықтап берген.
Қазақ сөз өнерінің онғасырлық мұрасының басты құндылығы және ескірмеуінің сыры – бұл асыл сөздің Абай сияқты «хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазғаны». Сондықтан А.Байтұрсынұлы Абайды «қазақтың бас ақыны» деген.
Ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынұлының бай шығармалары туралы айтқан сөздері бүгінгі абайтанудың негізгі тұжырымы болып табылады: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең.... Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды сынайды.
Қазақ әдебиетінің көркем, асыл сөзінің он ғасыр тарихы бар екені бүгінде ғылыми дәлелденген тұжырым. Аталған көркемсөз шын мағынасындағы ұлттық рухани құндылықтардың әдеби шежіресі болып табылады. «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы» – дейді бірнеше европалық тілді меңгерген профессор әдебиеттанушы Х.Досмұхамедұлы.
Л.Гинзбургтің лириканы: «Адамның ішкі әлемінің күйі», – деуіне риза болушы едім. Ал А.Байтұрсынұлының лириканы: «Жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі», – дегені қандай дәл және нақты. Л.Гинзбург пен М.Бахтин: «Әдебиет – адамның жаны, оның ішкі әлемінің өзгеруі, санасының көркем бейнеленуі», – дейді. Асыл сөздің үлгілісі – өмірдің ғибратты болуын алға тартатыны – дейді X.Досмұхамедұлы. М.М.Бахтин: «Әдебиет – адамның істері, қылықтарының табиғатын, себебін танытатын өнер түрі», – десе, А.Байтұрсынұлы: «Асыл сөз адам санасының үш негізіне тіреледі – ақылға, қиялға, көңілге», – дейді. Себебі, «ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау». Осы тұрғыдан қарағанда, А.Байтұрсынұлы, М.Бахтин, Х.Досмұхамедұлы үшін, әдебиет – адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап іздеуші ілім.
Қазіргі әлемдік әдебиеттанудың негізгі ұстанымдары қандай? Қазақ әдебиетінің қазіргі бағыты мен беталысы қалай? Қазіргі абайтанудың негізгі өзегі неге Алаш абайтануынан басталады? Ежелгі әдебиет үлгілерінің зерттелуі тәуелсіздік тұрғысынан қалай іске асып жатыр? Бұл сауалдарға да жауаптар осы басылымда берілген.
Өткен жылы «Асыл сөздің теориясы» атты кітабым жарық көрді. Әлем әдебиетінің теориялық мәселелері» атты І бөлімінде «орыс ұлтының жаңа пайғамбары» деп атаған Ф.М.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» атты соңғы романы; Эрнест Хемингуэй – «lost generation», – «жоғалған ұрпақтың» ең ірі өкілі; Натурализм және ХХ ғасырдың көркемдік құндылығы; Бүгінгі постмодернизм; О критическом реализме; «Ағайынды Карамазовтардың» қазақша аудармасы; қазіргі әдеби сынның теориялық мәселелері; Бүгінгі әдебиеттің басты міндеті; Бүгінгі дүниежүзілік әдебиеттану ғылымының мәселелері; Бүгінгі компаративистика: жаһандану – интертекст – мәдениеттер диалогы; Классикалық стиль: Абай мен Пушкин; Ахмет Байтұрсынұлы мен Михаил Бахтин; Ортақ теориялық ойлар» атты зерттеулер негізге алынған.
«Қазақ әдебиетінің теориялық мәселелері» бөлімі қазақ әдеби сынының мәселелері; Шәкәрім аудармалары жөнінде; Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» романының стилі; А.Байтұрсынұлы және көркем сөздің теориялық мәні; А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» мен Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы»; Ғ.Мүсірепов әңгімелеріндегі автор мен кейіпкер мәселесі; Зейнолла Қабдолов және Алаш әдебиеттануы (А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы); З.Ахметов – әдебиет теоретигі; Көркем аударма мен мәтін, (Ә.Кекілбаев) «Өмірзая» (Баққожа Мұқай); Әкім Тарази прозасы; Жұмабай Шаштайұлы туындыларының мазмұндық және құрылымдық ерекшеліктері; ХХ ғасыр соңындағы қазақ романы (Сәкен Жүнісов, Софы Сматаев, Рамазан Тоқтаров); Алаш ақыны – Мұқағали Мақатаев; Мұхтар Мағауин және қазіргі прозадағы асыл сөз («Қыпшақ аруы») атты тараулардан тұрады.
Ұлт прозасы деген ұғым осы ретте қазіргі тұрғыдан нақтыланды. Бұл да қазіргі әдебиетті таныту деп санаймын.
Алаштанушы ғалым ретінде Алаш қайраткерлеріне толыққанды баға берілді деп ойлайсыз ба? Республикалық мәртебесі бар Астанада, не Алматыда Ә.Бөкейханұлы атында әлі күнге дейін не кітапхана, не жоғары оқу орнының болмауы қалай?
– Алаш Орда мемлекет қайраткерлері, Алаш ғалымдарының ғылыми мұрасын зерттеуге тосқауыл жоқ. Бірақ мектеп бағдарламасында не Ә.Бөкейхан, не А.Байтұрсынұлы кім екенін танытып беруге уақыт берілмеген. Не Астана, не Алматыда Ә.Бөкейхан есіміне не кітапхана, не ЖОО орны аталмаған. Ә.Бөкейхан қазақ ғылымының қалуыптасуына тікелей әсер еткен тарихи тұлға. «Найзаның ұшымен, айбалтаның күшімен келген заманда біз елдің көзін ашудан басқаға қолымыз қысқа ғой», – деген Ә.Бөкейхан А.Байтұрсынұлына арналған хатында. Өзі ормантанушы, саясаткер, қоғам қайраткері, әдебиетші, тарихшы, экономист, ауыл шаруашылығының маманы Ә.Бөкейханның есімі Алматыда Ауыл шаруашылығы институтына лайық деп айтудан мен де жалықпай келе жатырмын.
Алаш ғалымдары ұлттық ғылым мен білім беру саласын мемлекеттік деңгейге қаншалықты көтере алды?
– Біз қазір Алаш ғалымдары аңсап кеткен тәуелсіздік заманда өмір сүріп жатырмыз. Алаш Орда мемлекет қайраткерлері ұлттық ғылым мен білім беру саласын мемлекеттік деңгейге көтеріп кетті. Олардың әр ісі ұлттық пен мен мемлекеттік мүдденің бірігуін аңғартады. Олардың сөзі мен ісі бірдей болды. Бұлар қазақ тіліндегі ғылымды бастап берді. Саясаттану саласы – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбаев, С.Асфендияров, М.Шоқай, С.Сәдуақасұлы – көсемсөздері мен баяндамаларында қалыптасты.
Ежелгі заманнан атам қазақ пайдаланып келе жатқан араб графикасы негізінде А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің әліпбиін жасап берді. А.Байтұрсынұлы қазақ тілі фонетикасын «Құран» әріптеріне сай екенін осылай дәлелдеп берді. Бұл жазумен шет елдегі жолдастарымыз күні бүгін кітаптарын шығарып келеді.
Алаш ғалымдарының қай еңбегін алсаңыз – мемлекеттілік пен ұлт тәуелсіздігі көзделген. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекетін құру, ұлттық мүдденің мемлекеттікпен бір екенін Алаш тұлғаларының әр еңбектері айғақтап тұр.
«Жаздым сөз жаным ашып Алашыма» тұрғысынан күмбірлеген Алаш әдебиеттануы – бүгінгі ғылымға сын болып табылып, ұлттың ғибратты ілімінің бойын түзеуін талап етеді. Олай болса, «Отанды сүю – иманнан» – «Оян, қазақ!» тұрғысынан іске асқан Алаш ғылымын олар аңсаған тәуелсіз кезде іске асыру бізге парыз. Алаш ғалымдары сияқты әр қазақ өз ұлты үшін, өз ісі үшін, өз кезеңі мен заманы үшін жауапты екенін сезіне білейік.
Ғылым саласында жалған ғалымдар көбейіп кетті, оның үстіне қазақ ғылымы қартайып барады деген пікірлермен келісесіз бе?
– Өткенде бір айтылғандай ғылыми атағы жоқ министр қазір жоқ сияқты. Еш жерде ғылыми еңбектері жарияланбаған, қай салада қорғағаны да белгісіз ғылым докторлары аз емес. Бірақ шынайы ғылым іздеп жүргендер де бар. Бұларды қазіргі кездің Дон Кихоттары деуге болады. Олар атақ алу үшін емес, өз беттерімен ілім іздеушілер. Өкінішке орай, енді қабылданып жатқан ғылым туралы заңда бұл ғылымға енді келіп жатқан жастардың құқықтары туралы ештеңе айтылмаған. Ақшасы аз ғылымнан жастар кезінде кетіп қалғандықтан, саясаттану мен экономикадан басқа салаларда ғылым докторының жасы ұлғайғаны жаңалық емес.
Ғылым жүйесін еуропалық стандарттарға көшіруді құптайсыз ба, әлде бұған қарсысыз ба?
– Еуропалық PhD жүйеге көшу – уақыт талабы. Бірақ Ресей бұрынғы жүйені де сақтап отыр. PhD жүйесі бойынша қорғалған жұмыстардың көбінің шарттары бұрынғы жүйеге қарағанда үстірттеу.
Еуропалық стандарттардың бір ерекшелігі – шет елдің қай университетіне барсаңыз ғылыми атағыңызды қайта дәлелдеу қажет. Бұл әр ғалымның іздену үстінде жүруіне тікелей әсер етеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі көп докторлар сол баяғы кеңес кезіндегі зерттеулерін малданып жүр. Шет елде бұған жол жоқ. Онда сіздің баяғы бір кезде алынған атағыңызға емес, нақты қазіргі заманға қажет зерттеулеріңізге мән беріледі.
«Бүгінгі әдебиет тоқырап тұр» деген пікірге қалай қарайсыз?
– 1988 жылы «Әдебиетте тоқырау бар ма?» деген пікір-талас болған. Бұл әр заманда қойылатын сауал. Әдебиет – заманға сай даму үстінде. Әр кез өзінің басты тақырыптарымен ерекшеленеді. Себебі бұл ата-баба аңсаған, бірақ олар көре алмай кеткен арман. Осыны есте сақтау – бізге парыз. Қазіргі кездегі басты концепт – ұлт тәуелсіздігіне қызмет ету. Заман талабы өзгергенін сезгені де бар, сезбегендер де бар. Қазақ поэзиясы ма прозасы қазір жаңарған. Біреу айтыпты деп әдебиет өз дамуын тоқтата алмайды. Мысалы, қазіргі заманның кейіпкері кім? Бас кейіпкері демей-ақ қояйық.
ЖОО-да сол баяғы соцреалистік негізге құрылған бағдарламалар оқытылуының себебі – оны оқулық авторлары жасайтын болуы керек. Оқулық авторларының көбі сол кеңестік кезде қалыптасқан аға ұрпақ. Ресейде қазір қорғалып жатқан ұлттық сөз өнерінің қазіргі қажетін айғақтаған жұмыстар міндетті түрде қосымша оқу құрал ретінде мектептерге дереу жетіп жатыр. Яғни ғылым мен білім беру саласы тығыз байланысты болуының көрінісі. «Алаш әдебиеттануы» кітабын (хрестоматия оқулық) оқу бағдарламасына енгізу үшін бір Аллаға жалбарынуымыз керек сияқты.
Қазақ сөз өнерінің ұлы ұстындарының бірі Ғабит Мүсірепов «Әдебиеті ұлы болмай, халық ұлы болмайды» деген қағиданы қадап айтып кеткен еді. Былтыр Мемлекеттік сыйлық әдебиет саласында ешкімге берілмеді. Өнердің басқа салаларында лайықты азаматтар болғанмен, сөз өнерінде сүйекті ешкім болмай шықты. Сонымен, сыйлыққа сай туынды шынымен дүниеге келмеді ме, әлде екі жылда бір берілетін Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін арттырамыз деп, сын таразысының салмағын қолдан бұзып алдық па?
– М.Дулатұлы: «Қай жұртта болса да оның жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыстар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей» – деген.
Мемлекеттік сыйлықтың берілмеуі қазіргі замандағы ақынның мойындалмауынан да шығар. С.Ақсұңқарұлы мен Н.Айтұлы да заманның шынайы сөзін толғап жүрген ақындар. Олардың атақ алмағаны үлкен абырой болуы да ықтимал. Себебі бүгін сыйлық алуды мамандыққа айналдырғандар да аз емес. Абай, Мағжан, Ғұмар, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Ілиясты өздерін-өздері атаққа ұсынуын елестете аласыз ба? Мен елестете алмаймын.
Қазақтың классикалық әдебиетін барлық мамандықтарға міндетті түрде оқыту қаншалықты қажетті деп ойлайсыз?
– Ресейде орыс классикалық әдебиеті барлық мамандықтарға міндетті түрде оқытылады. Тіпті жоғары лауазымды шенеуніктер оқитын жерде. Себебі ұлттық әдебиетте ұлттық пен мемлекеттілікті біріктіріп тұратын басты құндылықтар айқындалған. Сондықтан Абай мен Міржақыпты санасына түйген саясатшы, экономист, қаржыгер, бизнесші міндетті түрде оның асыл сөзінде қазақ тілінде шегеленген басты ұлттық этикалық адамдық құндылықтарды аттап өте алмайды. Сондықтан ол ұлттық пен мемлекеттілікті бірге ұстана алады. Қазақтың жанын, ұлттық намысын түсінбеген кәсіпкер тек қарабасының қамымен ғана шектеліп жатыр. Қазақ әдебиетін оқыту арқылы бабалардың асыл сөзіндегі қазақты ұлт, мемлекет қылып тұрған түсініктерді жаңғыртып отырамыз. Бұл құндылықтар жалпы адамзаттың екені де жаңалық емес. Бүгінгі көп бизнесшілерде отан ұғымы өзгерген. Себебі олардың көбіне ақша мен мүлкін сақтайтын жер ғана қажетті сияқты.
«Оралмандар» деген тіркес турасында талас көп. Сіз қай жағындасыз?
– Оралмандар деген сөзді қандай безбүйрек шығарған екен? Қандастарымыз деген сөз орынды сияқты. Біз өз жерімізде, өз шаңырағымызда отырып аштықты, репрессияның қуғын-сүргінін көрдік. Ал қазір келіп жатқан қандастарымыздың ғұмыры бөтен жұртта елді сағынып құсада жүріп ата-жұртты аңсаумен өтті. Тәуелсіздік пен Елбасының осыны түсініп кеңпейілді іске асырылған бағдарламасы арқасында оларға отанына жол ашылды. Мұндай қасірет шегіп келген қазаққа біз қалай осыншама салғырт сөз қолданамыз? А.Үлімжіұлының өлеңдері А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының «Оян қазақ» рухымен бірдей. Тіпті қолданған сөздері де ортақ. Алаштың тілін сақтап қалған біз емес, осы шет елде жүрген қазақтар екен.
Кейбіреулер әдебиетті «иманды және имансыз әдебиет» немесе «оралмандар әдебиеті», «қыздар поэзиясы» дегендей бөліп жүр. Әдебиетті осылай бөлуге бола ма?
– Әдебиетті әйелдер мен ерлердікі деп бөлу де кеңестік заман тәртібі. Ф.Оңғарсынованың қазіргі азаматтық толғауларын қай ер адам қайталай алады? Бұл толғауларды – қыздар поэзиясының көрінісі деп шектеу бүгін түсініксіз болар еді.
Қазақтың 10 ғасырлық асыл сөзі ғибратты мағынамен көркемделген. Әдебиет о баста тектілердің ісі болғанын Алаш әдебиеттануы толық дәлелдеген. Күлтегіннен басталған қазақ жазбаларында текті сөз ғана өмір сүрді. Ол атадан балаға тікелей беріліп отырды. Бұл қазақ елінің мәртебесін, мерейін үстем ету үшін айтылған бабаларымыздың асыл сөзі еді.
Қазақ әдебиеті теориясының жетістіктері мен кемшіліктері неде?
– Қазақ әдебиетінің теориясының жетістіктері Алаш әдебиеттануында қалыптасқан. Осы тектілі ғылыммен табысып, қазіргі заманға сай қажетін жаңғырта білу қажет.
Кемшіліктері – қазіргі постмодернистік терминдерді орынды, орынсыз қолдану көп. Кейбіреулер баяғы кеңес заманындағы зерттеуін қолданып –революциялық романдарды талдау арқылы қазіргі дискурс жасаймын деп әлектенуде. Әр заманға сай өз зерттеу жүйесін ескерген жөн екені дәлелденіп қойылған аксиома.
Тәуелсіздік тудырған әдебиеттің жетістігі мен кемшілігін айтсаңыз?
– Тәуелсіздік тудырған әдебиеттің жетістігі көп. Ең біріншісі – рухани еркіндік. Бұрын тыйым салынған тақырыптар батыл жазылуда: отарлау, бодандық, таптық т.б. Кемшілігі – қазіргі күннің нұрлы екені бейнеленбеуде. Қазіргі санасы таза замандасымызға не үлгі болуы керек? Қазақтың ұлттық идеясын бүгін қалай анықтар едік? Бұл басты мәселені бір топ белсенділерге беріп қоймай, бүкіл ел болып айғақтап алуымыз керек. Бұл қазіргі ғылым мен әдебиеттің басты мәселесі.
Әңгімеңізге рақмет!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет