Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет35/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   50
Сұхбаттасқан
Төреғали ТӘШЕНОВ
ЖЕР ЖӘННАТЫ ЖЕТІСУДЫҢ АСЫЛ СӨЗІН ЖАҢҒЫРТУШЫ

Қазіргі әдебиет туралы ғылым дағдарысы (кризис) тікелей әдебиетпен байланысты екені әбден мойындалды. Қазіргі әдебиет екі жолмен дамып келеді: 1) Әдебиет бір жағынан тобырлық болып барады – оқырмандарды сауықтыратын пляжда, самолетте, метрода оқуға лайықталған жеңіл және шағын мәтіндер; 2) эсселік, ғылыми-танымдық құжаттық негізі бар мәтіндер; 3) классикалық көркем мәтіндер.


Қазіргі әлем жылдам өзгеруде. Прагматикалық даму ілгерілеп, эстетикалық шығармашылық ұмытылып барады. Бүгін ең маңыздысы интеллект емес, жеңіске жету маңыздылау. Жеңістің стратегиясы мәңгілік құндылықтардың стратегиясынан басым болып барады. Тұлғаның еркіндігі не рухани тәуелсіздігі емес, оның қалай әр жағдайда ұтымды бір әрекеттерге барғанын сөз етеміз және ол кім болса сол болуы мүмкін. Қалай болғанда да жеңіске жеткен кейіпкер ғана алға шығуда. Сондықтан қазіргі әлем әдебиетінде екі кейпкер бар: лидер және жолы болмайтын лузер.
Әдебиет қазіргі қоғамдық өмірдің прагматизациясын осылай нақты мәтіндерде айқындап беруде. Қазір көзіміз жеткендей, әлемдік саяси аренада қай саясаткер ұтымды болып көрінеді? Ең қажетті бағдарламасы бар емес, тек ақшасы көбірек, сондықтан саяси амалдары яғни политехнологиялар жағынан қулауы алға шығуда. Бұл әлемдік тенденция, глобализация контексі тудырған прагматизмнің салтанаты.
Осы тұрғыдан алғанда жазушы Нұржекеұлының ғылыми-танымдық құжаттық негізі бар эсселерінің қазіргі заманда жазылуы да тегін емес. Қазақ елінің тарихы, өлкелік тарих, нақты жерге қатысты тарихи тұлғалардың кім болғандары туралы мағлұматтарды қазақ әдебиеті осылай жаңғыртып келеді. Бұл эсселердегі автордың қазіргі күнге қажетті рухани Отансүйгіштік мысалдарды алға тартуы бұл мәтіндердің негізгі құндылығы.
Бексұлтан Нұржекеұлы – жазушы, қазақ елі тарихының ақтаңдақ беттерінің зерттеушісі, қазақ батырларының жоқтаушысы, көсемсөзші, мұқағалитанушы, райымбектанушы, жер жәннаты Жетісудың тарихын, осында туып, көрешек көрген ата-бабаларымыздың тағдырын қазіргі замандастарына ғибрат болсын деп жазып жүрген психолог прозаик. Әр заман әдебиеті өзіне тән тақырып пен басты сөздермен ерекшеленеді.
Қазақ тарихшылары совет кезінде ауыз аша алмай отырғанда қазақ жазушылары қасиетті атамекенге қатысты мағлұматтарды айтуды өздеріне міндет етіп плды. Ілияс Есенберлин бастаған жазушылар көшпенділер деп аталған қазақ батырларының «Отанды сүю – иманнан» деген істерін көркем шығармаға басты тақырып етті. «Жер жәннаты Жетісу» деген қасиетті мекенге қатысты тарихи оқиғалар анықталмаған кезде Б.Нұржекеұлы нақты деректерге негізделген «Тарихқа тағзым» кітабын жазды. Жинаққа енгізілген Жетісуға қатысты, атамекені Баркөрнеу туралы тарихшылар шатастырып жүрген мағлұматтарды осылай айқындап берді: «Тарихи төбе», «Ереуілтөбе үстіндегі қызыл ту», «Көшпенді шаруалар» қайдан шықты?», «Ақжазық ауылының тағдыры», «Тарих билікпен емес, білікпен танылмақ», «Топырақ басқан тарих», «Қасіретті күндердің бір белгісі», «Елі алқалаған Ыдырыс», «Салқам Жәңгір соғысқан жер», «Отар ма едік, әлде қатар ма едік», «Құжатқа қатысты бірер сөз», «Ежелден елге сүйікті өлке», «Жәңгірге қатысты жәдігерлер», «Елдестірмен – елшіден», «Ақтабан шұбырындыға» 270 жыл», Жәңгір мен Жалаңтөс қол бастаған ұлы жеңіске 350 жыл», «Құмтөкейдің құпиясы құм астында қала бере ме?», «Қазақ қай кезде күшті?», «Дана батыр» (Қанжығалы Бөгенбай), «Қаһары қатты Қабанбай», «Бұхар жырлаған батырлар», «Қазақы соғыстар», «Шежіре», «Президент», «Бөдес батыр және оның ұрпақтары», «Ырайымбек батыр, Мұқағали және Аухадиев», «Қасиетті Орбұлақ», «Бөлек батыр», «Алматының тарихы тереңде», «Қазылған қорғандар қараусыз қалмасын», «Ат аунаған жерде түк қалады», «Қайдан шыққан елміз?».
«Ежелден елге сүйікті өлке» мақаласы ақын Сара Тастанбекқызының туған жылына қатысты келесі тарихи негізі бар әдеби дерек келтірілгенімен құнды: «Сара Тастанбекқызы 1878 жылы туды деген дерек – түбірімен қате. Ол кісі 1916 жылы жасы ұлғайып барып өлді деген сөз шындыққа үйлесімді. Оған біріншіден, Төребайдың айтысы куә. Екіншіден, Қанабек Байсейітов өзінің «Құштар көңіл» атты кітабында Сараны 1911-1912 жылдар шамасында көргендігін, сонда оның егде кісі екендігін айтады. Үшіншіден, ғалым Балташ Ысқақов та Сараны көрген адамдардың соған сүйеніп 1910 жылдары оның 50-ге жақындап қалған әйел екенін дәлелдейді. Төртіншіден, Сараның бес бала көтерген кісі екенін де естен шығармау керек шығар. Біздің ойымызша, Сара 1878 жылы туып, 38 жасында 1916 жылы қайтыс болмаған; 1853 жылы туылып, 63 жасында 1916 жылы қайтыс болған. Оның үстіне бұл дерек «Біржан-Сараның» айтысындағы деректермен еш қайшы келмейді яғни айтыстың болғандығын қосымша күдіксіз нақпа-нақ дәлелдейді. Төребаймен айтысқанда: «Біржанға он сегізде мұңым шағып, Ақыры Жиенқұлдан азат болғам», – деп, бұл шындықты Сараның өзі де мойындайды. Ал егер 1878 жылы туса, онда ол 18-ге 1896 жылы толып, 1894 жылы өліп қалған Біржанмен қалай айтыспақ» [1. 11-117.].
«Бұхар жырлаған батырлар» тарауында жырау толғауларындағы Абылай бастаған қазақ батырларының нақты ерліктері тарихи мағлұматтарға негізделіп сөз етілген.
«Тарихи төбе» Ереуілтөбе екені М.О.Әуезовтің «Қилы заманындағы» 1916 жылғы әйгілі Қарқара көтерілісі өткен жер екені осы ретте айқындалған: «Қарқара көтерілісіне қатысқан азаматтардың ерлігі, елдігі, намысы бүгінгі ұрпақ үшін сөз жоқ, бағалы, тәрбилік факт. Елді сүю, жерді сүю деген үлкен сезімдерді халқымыз ежелден тарихи оқиғалармен тікелей байланыстырып келген жоқ па? Ендеше: «Біздің ауылымызда 1916-жылы әйгілі Қарқара көтерілісі болған, оны Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов сынды батыр бабаларымыз бастаған» деп неге мақтанбасқа?! «Сол бабаларымыздың ерлігін көрсететін «Қилы заман» атты шығармасын жазуға материал жинап жүрген сапарында халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ана жерде болған, мына жерге қонған, бәлен кісімен сөйлескен, түген адаммен жолыққан» деген сияқты мақтаныш сезімге неге бөленбеске?!» [1. 20-21].
«Қайдан шыққан елміз?» мақаласында Б.Нұржекеұлы Қ.Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» (1993) кітабына сүйеніп, келесі мағлұматтар берген: «Қазбек бек келтірген Ата шежіреде Жан деген кісіден (Арыстың ортаншы баласы) Ар мен Құн деген екі бала болыпты... Қазіргі Арғын деп жүргеніміз осы екі ұлы адамның алты баласынан тараған ұрпақ. Олардың бірігіп (Ар + Құн = Арқұн) Арғын аталуы Алтайға ауған заманнан қалған» делініпті (46-бет). «Ұлықтауды (Ұлытай) мекендеген Ар тұқымының жасаған қарулары (темірден)», мылтықтары қазақ елі айналасындағы бөтен, бөгде жұртты тітіреткен» депті Қазыбек бек.
Осындағы Арымыз Геродот айтып отырған арлар немесе арилар емес деп қалайша кесіп айта аламыз? Арилықтардың астанасы деп жүрген Арқайым мекенінің Қостанайдың қасында ғана жатуы осы пікірді бекіте түспей ме? Мен, тіпті Орхон деп жүргеніміздің дұрыс аталуы Арқұн емес пе екен деп те қиялданам» [1. 409]. Бұл гипотезаның да жөні бар сияқты.
Б.Нұржекеұлының танымдық эсселерінде (10-том) Геродот, Марко Поло, Қытай тарихшылары, Бичурин, Аристов айтты деген мағлұматтар орынды келтірілген. Автордың: «Кеудемізге ұят ұяласа екен», «Неге бабаларымыз Орбұлақты таңдаған!», «Сақ-үйсін бейіттері табылды», «Ордың бұлағы – тарихи орын», «Суан тайпасы туралы», «Кәмпескенің шын беті», «Арыс», «Ұмай Ене», «Майқы би», «Абылайдың өмірбаянына анықтама», «Қазақ мемлекетінің тұңғыш ханы кім?», «Алтын адамға» тарихи үңілсек», «Орбұлақ шайқасы: аңыз бен ақиқат», «Қазыбек бек және қазақ тарихы», «Аңырақай шайқасын кім басқарды?», «Қазақ және Отансүйгіштік», «Райымбек батыр серіктестері», «Шыңғыс хан – Іле өңірінің ұланы», «Шыңғыс ханның атамекенін неге білмей келдік?», «Шыңғыс хан туралы тарихшылар не дейді, тарих не дейді?», «Ел бірлігіне қарсы шығуға бола ма?», «Сақта, қазақ бірлігін!» автордың ғылыми-танымдық көркем эсселерінде қазақ тарихының тәуелсіз кезге қажетті тәжірибелері сөз етілген.
Жазушы Б.Нұржекеұлы қазіргі тарихшылар үндемей отырғандықтан осыншама тарихи маңызды деректерді замандастарымыздың назарына ұсынып келе жатыр. Бір өзі бір институт атқаратын жұмысты осылай көтеріп келеді.
«Ұмай Ене», «Майқы би» эсселерінің тарихи негізі бар. Ұмай Ене «қазақтың ежелгі тарихында әулие атанған тұңғыш әйел. Қазақ халқының ұл сұрап сиынатын тұңғыш енесі». Осы ретте автор Сәбетқазы Ақатаев, М.Жолдасбеков, Қ.Тауасарұлы, Т.Жұртбаев деректеріне сүйеніп, қазақ менталитетіндегі Ұмай Ана бейнесін анықтап берген: «Қалай болған да Ұмай Ана әлдебір аспандағы аңыз бейне емес, нақты тарихи тұлға екендігін, жай әйел емес, ел-жұрттың басын біріктірген, артына мол ұрпақ қалдырған әулие ене екендігін біле жүргеніміз, әруақ алдында басымызды ие жүргеніміз – тәрбие» [2. 70].
«Майқы би» туралы ғылыми-танымдық эсседе жазушы «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген өте үлкен қасиетті сөздерді келтіре отырып, тарихи тұлғаның бейнесін анықтайды. Автор Майқы би бабамыздың тарихи тұлғасына қатысты Қ.Тауасарұлы, Н.Мыңжан, И.Бичурин, О.Қаймолдин, Қ.Өмірәлиев, Т.Жұртбаев еңбектеріне сүйене отырып, жүйеленген ақпаратты өз пікірімен толықтырады.
Б.Нұржекеұлының «Абылайдың өмірбаянына анықтама» эссесі Абылай ханның өмір деректері тарихи оқиғалар негізінде айқындалғанымен құнды. Автор ұлттық энциклопедияда кеткен ағаттыққа нақты жауап берген: «Абылай ханның 23 мамырда қайтыс болды» [2. 88] деп көрсетілген деректі өрескел қате деп санайды. Осы ретте автор Абылайдың 69 жасында қайтыс болғаны орта жүз сұлтаны Абылайдың үлкен ұлы Уәлидің Екатерина ІІ-ге өзін хан етуді сұрап, өтініші негізінде дәлелдейді.
Жазушының әнші Күләш Байсейітованың соңғы күндеріне арналған «Күләштің соңғы көктемі» атты әңгімесі ел ішіндегі құпия және отбасылық өліміне қатысты деректерді анықтағанымен құнды. Әңгімеде отбасылық түсіністік, береке-бірліқ, сыйластық меңзелген. Күләштің Қанабекке Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің ақталатыны туралы мағлұматты келесі сөздерімен жеткізуі маңызды болып табылады: «Дәл осы үйде отырғанда әулие Жәкемнің айтқаны есіңде ме? «Жақсының жауы көп, жамандасын-ақ, әй, бірақ сол балалар жазықсыз еді. Ақыр түбі ақталады ғой, дәл қазір арашалайтын дәрмен жоқ, амал не, ақырын күтейік» демеп пе еді? Айтқаны келді» [3. 309]. Күләшқа қарсы көре алмаушылықтан ұйымдастырылған арызқойлардың өсек-аяңынан Қанабектің қорғап жүргені нанымды бейнеленген. Осы орайда Республика Совминінің төрағасының сөздері келтірілген: «Совминнің төрағасы сәл сұрланып, сөзін бөлмей тыңдады. Ренжігені ме, әлде ойланғаны ма – бұл айтып біткенде білінер-білінбес қана қабағын шытты.
– Күләшті мұқатуға қақымыз жоқ! – деді Қанабекті қолтығынан ала орнынан қозғалып. Барған соң бәрін өзім анықтап білермін. Күләшқа айтыңыз жасымасын, бір қазақ аяғынан шалса, бір қазақ қолтығынан демейді...» [3. 315].
Қазақ тарихын қастерлеп, ел арасындағы анықталмаған тарихи тұлғаларға қатысты шындықты нақты деректерге сүйеніп, айғақтап келе жатқан Б.Нұржекеұлының көркем туындыларының да деңгейі жоғары. Осыншама елге қорған болып жүрген Бексұлтан аға қандай жазушы? Бұл туралы академик М.Қаратаев, Ж.Дәдебаев, Д.Исабеков, Қ.Құрманғалиев, М.Байғұт, С.Жұмабеков, Б.Кәрібаева, Г.Пірәлі жазғаны белгілі.
Жазушының «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір ғана махаббат», «Суреттегі сұлулық», «Сағынғаным-ай!», «Қиын сұрақ», «Күй толғақ», «Жастық – жыл құсы емес», «Не үшін?», «Жолтөбелес» шығармаларында адам психологиясы түрлі оқиғалар негізінде нақты іс-әрекеттері арқылы ашылған. Осы ретте ғалым Ж.Дәдебаев былай деген: «Б.Нұржекеев – сезім мен ойды, пайым мен парасатты тең ұстап, оларды өзара тұтастырып толғануды, бірін-біріне ұластырып толғауды сүйетін, сүйіп қана қоймай, мұның өзін өнерінің өзегін түзетін басты машыққа айналдырған. ...шығармаларындағы адамның ойы мен сөзінің, ісі мен түсінің шындығы өмірдегі шындықтың өзгерген немесе өңделген түрі емес, өскен, өнген, болымсыз белгілерінен толық тазарып, арылған, сөйтіп жарық шашқан асыл шындық» [3. 7; 9] .
1966 жылы жазылған «Күй толғақ» әңгімесінің жөні ерекше екен. Мектептен қайтып келе жатқан жасөспірім Манап пен Сараның ауыл шетіндегі арыққа келіп тынығулары, ұл мен қыздың диалогы, су шашып ойнауы арқылы есейген балалар сезімі аңғарылады. Бас кейіпкер Манап осы серуеннен кейін үйіне келгенде жалғыз қалуға асығып, домбырасымен сезімін бөліседі. Бар болғаны екі жарым-ақ беттік әңгімедегі алғашқы сезімнің оянуы, оның адам жанына аяқ астынан әсер етуі бейнеленген. Ер бала есейгенін енді түсінгендей: «... Велосипедін үй сыртына сүйей салып, Манап үйге асығып кірді. – Апа, ешкімді кіргізбеңізші!, – деп ішкі үйге оңаша еніп кетті. Төсектің үстіне, қара домбыраның қасына келіп отырды. Жан түкпірі күн шуағындай мейірбан. Пішіні де маңғаз. Бас-аяғы белгісіз бір саз жігіт зердесінде сағымдай сәулеленеді» [3. 252]. Бұл сөздер кейіпкерге жанымен жақын досы нарратордыкі. Бәрін көріп тұрған нарратор Манаптың қолындағы домбыраның «қаңбақтай жеңіл, қол тигенде бес жасынан таныс екені, соғыста екі аяғын тізесінен беріп, сол жылдары «жалғыз ұлға жақсы мұрам осы болар деп, қаршадайынан мұны күй тартуға үйреткен» әкесі туралы мағлұмат берілген. Келесі сөйлемде кейіпкердің ішкі сезімі туралы: «Дәл қазір бала жігіттің кеудесінде қат-қабат сезім: елесі көз алдынан кетпей, Сараны аңсайды; сағыныш, ынта, әкеге де ағыл-тегіл. Айналадан шым-шым аулақтап барады».
Кейіпкер сезімінің сыртқы көрінісі домбыра тарту арқылы берілген. Күйдің орындалуы былай суреттелген: «Бес саусақ жоғары-төмен жеңіл ырғып, тәтті әуезді төгіп-төгіп жіберді де, көп ұзамай қайта кібіртіктеді. Сол сәт Манаптың да қабақ қыртысы қоюланып, ет-бауыры домбыра ішегімен бірге ширатылды. Күй сазы жерден бауырын көтере беріп, кілт тоқтады. Отырып-отырып қайта тартады. Тың ырғақ перне бойын тап-тұп басып келіп тағы тұтықты. Манап күй мақамын бастан-аяқ қайыра өрнектеді. Етек-жеңі таралып, балаң күй бүтінделе түсті. Өстіп ол ұзақ, қас қарайғанға дейін арпалысты» [3. 253]. Осы тұста кейіпкедің ішкі әлеміндегі сезім күйі былай суреттелген: «Өзімен-өзі болып, күйден өзгеге Манап мүлде керең. Жеңіл, жайма шуақ лебіз домбырадан аңқылдап төгіледі. Бұлғақтап, бұралаңдап бір бойжеткен қарсы алдынан кетпей, тұрып алатын сияқты. Ентігіп, есінен танып, әлдекім қызға қиылғандай ма, қалай? Әйтеуір бір ерке, бір ынтық сезім қатар жарысып, күй ырғағы сылқым құбылады. Жаңа мақамға ауысатындай емексітіп келіп күй тіпті, кенет аяқталады. Соңғы сөйлемдер бәрін бақылап, кейіпкерге жаны ашып отырған нарратордікі.
Жүрек жарған қуаныштан жігіт жүзі арайланып, ал-гүл жанады. Бұл ұлылық болмас, бірақ ұлы сезімнің уық шаншар толғағы еді» [3. 253]. «Күй толғақта» жазушының болашақ шығармаларының «уық шаншар толғағы» сезіледі.
Қазіргі постмодернизм зерттеушілері, оның ішінде Лакан әр мәтіннің ерекше мағынасы бар дейді: «Чего бы ни добивался психоанализ – среда у него одна: речь пациента». Осы пікірді дамытқан В.П.Руднев: «Смысл как тарвма: психоанализ и философия текста» (2000) зерттеуінде былай дейді: «Смысл текста – это потаенная травма, пережитая автором. Тем сложнее текст, тем глубже травма, чем она серъезнее. Что же это за травма, которую скрывает бессознательное и потаенный смысл текста? Можно было бы сказать, что в каждом случае это разные травмы и неврозы. Можно однако предположить, что травма всегда одна – наиболее универсальная травма рождения, присущая каждому человеческому существу» [4. 246].
Осы «Күй толғақ» әңгімесіндегі махаббат сезімінің алғашқы «уық шаншар толғағы» жас баланың жүрегіне түскен сызат екені түсінікті. Жазушы өз басынан осындай сезімдерді кешпесе, ол тура осылай сезімнің тууын бейнелей алар ма еді?! Адамның есеюінің өзі оның өмірден көрген соққы мен сынақтарымен байланысты. Өмірдің өзі де оң мен сол, дұрыс пен бұрыс бірге жүретін сезімдердің жеңілісі мен жеңістерінен тұратыны айқын. Ғалым Г.Пірәлі айтқандай, Бексұлтан жазушы тек әйел-ана-махаббатын жазады дегенімен осы ретте келісу қиын. Ол Ж.Дәдебай жазғандай Б.Нұржекеұлы «жан байлығын ойлаған жазушы».
Мен оқыған көркем мәтіндерде Бексұлтан ағаның кейіпкерлері жан мен тән арпалысын кешіп жүргендер. Әйел кейіпкерлеріне көбірек мән берген жазушы шығармаларында еркектік тек тән күштілігі деп жүргендер де бар. Жазушы шығармаларындағы осындай екі аяқтылардың қателіктерінен туылған балалар, соры қайнаған әйелдер қазақ әдебиетінде тұңғыш рет осыншама шынайы суреттелген дер едім. Дегенмен, осындайларға қарсы тұратын, елді ел ғып отырған есі дұрыс Нұржанның әкесі Әти сияқтылар бар. Ермұқандай («Күнәлі махаббат») ерлер де жеткілікті. Жесір келіннің үш әкеден туылған үш ұлын өз немересімен қатар бір үйдің ұрпағы етіп мойындаған ақсақалдың ақылдылығы емес пе?!
«Күтумен кешкен ғұмыр» романы не туралы? 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі елдің хал-ахуалымен қатар, ел қорғайды дегендердің қара басының қамын күйттеп кеткен іс-әрекеттері, қараусыз, қорғансыз қалған қазақ ауылының тыныс-тіршілігі бейнеленген. Роман оқиғалары Алтын Емел, Іле, Баркөрнеуде өтеді. Баркөрнеу тауы былай суреттелген: «Бұл төңіректе бәрінен Баркөрнеу оқшау: ұзын сәукелесі өзге таулардың еңсесін басып, ұшар басы озық тұрады. Мына жазыққа көлбей жалғасып, оның теріскей жағы түйетайлы келгенмен, күнгей беті құзар биік, төменге қарасаң төбең шымырлайды. «Ілені көреміз, Алатауға қараймыз» деп бала кездерінде оның басына шығуға бәрі құмартатын... » [3. 27].
Бас кейіпкер Әтікенің тау басына шыққандағы сезімдері былай берілген: «Әтіке ат шалдырым уақыт аялдады. Алыстан мұнартқан Алатауға жыланның түлеп түскен қабығы құсап, жылтырап жатқан Іле өзеніне ерекше мұңды сағынышпен қарады. Айсары болысқа беріп келген уәдесін шаншудан тыжырынғандай тағы есіне алды. Сәлден соң «Зәруді мына көп жартастың қайсысынан құлатты екен» деп соны іздеді. Қапылыс итеріп жіберуге бәрі қолайлы сияқты. Бір биігірегінің үстіне шығып, құз төменге көз тастады. Жартастың табаны да жалтыр тас, еңкейіп қарағаныңда құйқа тамырлары қорқыныштан шымырлап қоя берді. Сол сәтте ту сыртынан әлдекімнің таяу келіп қалғанын тітіркене, бүкіл тұлабойымен сезді. Жаны алқымына тығылып, жалт бұрылды. Жан адам жоқ. Қорыққаны көшкін бұлттың көлеңкесі болып шықты...» [3. 28].
Б.Нұржекеұлының шығармаларындағы осындай көркем нақыштар қазіргі прозадағы асыл сөздің жоғары деңгейін айқындап тұр. Роман басындағы бас кейіпкердің қыз-келіншектермен кездесіп, әзілдесуі, жеңге мен қайын арасындағы араласу мәдениеті, тұспалмен сөйлесуде қазаққа тән ұлтттық менталитет жақсы бейнеленген. Жамалхан, Әтіке, Қайныкештің алғашқы кездесулері ат үсті әңгіме болса да диалог арқылы шеберлігі ашылған. Ата-бабаларымыздың бізге қазір ұмыт болған араласу мәдениеті былай берілген: «Қайныкешті көзімен аймалап, Әтіке әдептен аса алмай амалсыз қоштасты» [3. 32].
Қыз бен жігіттің танысуы, әзіл арқылы ақпарат алып жақындасуы, қазақтың жеңгелік дәстүрі, ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары романда кеңінен суреттелген. Қазақтың мәдениетті, парасатты ел екендігін роман айқындай түседі.
Қазақ елін төңкеріске дейін мәдениетсіз, жабайы халық ретінде насихаттағандарға елдің араласу мәдениеті, үлкеннің сөзіне тоқтау, үлкеннің алдын кеспеу, қазақтың той салтанатын өткізу мәдениеті, біреудің ала жібін аттамау сияқты ұлттық ұстанымдар мен оқиғалар романға арқау болған.
Жазушының өлең мен күй орындау мәдениетін бейнелеуі, адамдар арасындағы сыйластықты көрсететін істері біз ұмытқан бабаларымыздың тектілігін еске қайта салады. «Үш ай жазға ұқсап әй-күй дегенше өте шығатын қайран, жастық дәурен-ай!» [3. 45] сияқты сөздер текті кейіпкер ауызынан шығуы да заңдылық. Романда әннің орындалуы көркем сөзбен суреттелген. Осыншама нақтылықты көрсету үшін жазушы өзі де орындаушы қабылетіне ие болуы да түсінікті. «Тегінде адам баласы тілі жетпейтін нәрсенің бәрін әнге салып айту керек сияқты» [3. 45] дейді кейіпкер. Бәрін көріп-біліп жүрген нарратордың сөзі: «Көңілдері босап, талай сыйлы бастар төмен салбырап кетті. Сөздің қисыны талайға меңзеп, талайды дөп басты. Бей-жай тыңдаған бір жан болмады» [3. 51]. Бұл «Баркөрнеу» әні орындалғаннан кейінгі көрініс. Сақан Байсиық пен Байтараққа қарап: «Ән емес, ақыл ғой айтқаны» деді басын күрсіне шайқап. Романда ұлттық киім үлгілері, киіну дәстүрі де әдемі суреттелген. Үмбетей қажының қызы Әуестің киім кию үлгісі сурет салғандай келтірілген. Қайныкеш туралы былай делінген: «Қыз сөзі Әтікенің жүрегін қамшымен осып жібергендей әсер етті» [3. 69].
Романда қарапайым адамдар тағдырымен қатар қоғамдағы дау-дамай, тартыстар, 1916 жылғы көтеріліс бейнеленген. Осы ретте Айсарының келесі сөздері келтірілген: «Әтікеден естіген Айсарының сөзі есіне түсті. «Мен басымды тіктім!» депті осы жолға. Басқа айтса бір сәрі, болыс айтыпты. Мансап, атаққа ұмтылды дейтін емес, өзінде бәрі бар адам сол барынан айырылар жолға қалай тәуекел етті екен?! Жеңілерін де жобалап отыр. «Ақ патшаны тағынан құлатпаспыз, бірақ ол да ел екенімізді білсін, санассын!» [3. 105] дейді. Бұл сөзі мен ісі бір жерден табылатын ел жақсыларының ұлт намысы үшін бас көтерген кезі.
Әйел адалдығы деген не? Ол жайында романда былай деген: «Әйелдің адалдығы дегенді еркек атаулы ең алдымен тән тазалығы деп түсінеді. Әтікенің де ұғымы солай, бірақ өмірінде бірінші рет сол ойына шүбә келтіріп, адалдық пен ақ ниет тәнінен бұрын көңілдің кірсіздігімен өлшенбес пе деген ойға келе бастады. Тәнге түскен дақты сезімді былғайтыны да хақ, бірақ мейірім, ынта секілді ілкі сезімдер адамның тәнінде емес, жанында болса керек-ті» [3. 125]. Бұл сөздер жазушы психолог үшін басты ұстаным екені айқын.
«Сағынғаным-ай!» (1966) әңгімесінде жазушы көктем мен жастық, жүрек пен нәпсі екі түрлі күш екенін нақты оқиғалар арқылы айқындаған. Мен деп басталған Ержан мен Көкеннің таза сезімдері, адалдық пен тұрақсыздық, ер азаматтың сөзінде тұруы, кейіпкерлердің жас кездегі албырт сезімнің сынынан өтуі, ең бастысы қатесін дер кезінде мойындап, кешірім сұрауы баяндалған. Мәтіндегі: «Қылмысты нәпсі істесе, шындықты жүрек істейді» деген сөздерді түсіну үшін бас кейіпкер қандай сынақтардан өтеді? Бұл қарапайым кейіпкердің өмірді тану жолы және адалдық басты ұстаным екеніне көзі жетуі.
Бексұлтан Нұржекеұлының көркем шығармаларын түсіну үшін жазушының эсселік, көсемсөздік мұрасына да шолу жасадық. Жазушылық –жүректен шығатын құдіретті күш екені осы ретте тағы да айқындалады. Қазіргі қазақтың жанына, оның ұлттық намысына қажетті мәтіндер тудырып келе жатқан Бексұлтан ағамыздың келесі асыл сөздерін оқырман асыға күтетіні хақ.
Пайдаланған әдебиеттер:

1. Нұржекеұлы Б. Шығармалар жинағы. Т. 8. Тарихқа тағзым. – Алматы: Жалын, 2011. – 416 б


2. Нұржекеұлы Б. Шығармалар жинағы. 10-том. Тарих іздері. – Алматы: Жалын, 2011. – 400 б
3. Нұржекеұлы Б. Шығармалар жинағы. 1-том. Күнәлі махаббат. . – Алматы: Жалын, 2016. – 320 б
4. Руднев В.П. Прочь от реальности: исследования по философии текста. ІІ. – Москва: Аграф, 2000.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет