Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет жәНЕ


ТҮРКІ ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «ҚУ БАС» САРЫНЫ



бет24/26
Дата18.11.2023
өлшемі1,65 Mb.
#124343
түріМонография
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26
Байланысты:
treatise175829

ТҮРКІ ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІНДЕГІ «ҚУ БАС» САРЫНЫ
Біздің еңселі ел болып, шаңырағымызды көтеріп, мемлекет болып хандық құру кезеңімізді тарихшы ғалымдар XV ғасыр деп көрсетіп жүр. Қазіргі қазақ жерінде біздің мемлекет пайда болмай тұрып, түркітілдес тайпалар мекен еткен. Сол түркі тайпалары, яғни, біздің ата-бабаларымыз Ислам діні келген уақыттан бастап жаңа дінді қабылдап мұсылман болған. Қазақ хандығы XV ғасырда өз алдына отау тігіп, мемлекет боп құрылған болса, VII ғасырда Алла тағала тарапынан соңғы Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарға жіберілген Ислам діні қазақ жеріне сонау түркілер заманында, яғни, ІХ-Х ғасырда келген. Ислам дегеннің өзі бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Демек, түркілер арабтардың әкелген жаңа дінін ілтипатпен қабылдаған. Сол уақытта түркілер Көк Тәңірге табынған, яғни Ұлы Жаратушыны көкте деп білген. Ислам тек дін емес ғылым да әкелді, онымен бірге араб әдебиетін де жетелей келді.
Тарихшылардың жазуынша, арабтар көне Иран мен Орталық Азия аймақтарына VІІ ғасырдың орта шенінде-ақ аяқ басқан. Яғни, 644-жылы олар Хорасанды алып, оны Мәуаранаһрға кіру үшін қолайлы плацдарм ретінде пайдаланған411. Ал 673-674 жылдарда Убайдуллаһ ибн Зийад басқарған араб әскері Жейхұннан өтіп, Бұхара маңына дейін жетеді. Түркілер мен бұхаралықтардың біріккен күштерімен арада болған қанды соғыстардан соң, араб қолбасшысы Бұхар патшайымымен бейбіт келісім жасайды. Патшайым арабтарға 300 мың дирхем бітімақы төлейді. Сондай-ақ Убайдуллаһтың әскері кейіннен Самарқан түбінде жеңіліс тауып, әйтсе де, Хорасанға көп олжамен оралған412.
Белгілі шығыстанушы В.В.Бартольд былай дейді: «Шейх Ахмет Яссауи мен оның шәкірттері жайлы мәліметтердің болуы даладағы ислам дінін тарату ісінде ортаазиялық дәруіштердің ролі зор болғанын көрсетеді. Дәл қазір де отырықшы халықтардан гөрі көшпенділердің арасында дәруіштер мен ишандардың ізбасарларын кездестіруге болады. 960-шы жылдан кейін дала халқының жаппай Исламды қабылдауы 1043-шы жылға сай келеді деген келесі бір мәліметті тарихшы Ибн-аль-Асир келтірген. Демек, қыста Шу даласынан Жетісуға дейінгі аралықта, жазда Еділ өзені бойындағы (Повольже) бұлғарлардың елдерімен көрші қонған азғана халық (барлығы шамамен 10 000 ошақ) жайында сөз болып отыр. Дегенмен қазіргі қазақ (қырғыз) даласының мұсылман әлеміне түбегейлі қосылуы едәуір кейінірек болған; ХІІІ-ші ғасырдың басында Хорезмнің мұсылман билеушілері Сырдарияның бойында орталығы болған Сағанақ немесе Сұғнақ қаласы (қазіргі Сунақ-қорғанның қирандысы) мен Торғай өңіріндегі мұсылман емес қыпшақтарға қарсы соғыс ашуға мәжбүр болады»413.
Қожа Ахмет Йассауи – сопылық дүниетанымның негізін қалаушылардың бірі, есімі ислам әлеміне мәшһүр ойшыл қайраткер, аса көрнекті шайыр. Йассауидің толық аты-жөні: Хазірет Сұлтан Шейх-ул Ислам Қожа Ахмет Йассауи. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам (оны кезінде Испиджап, Ақсу, Ақшаһар, Ақтұрбат деп те атаған) қаласында дүниеге келген. Ақынның туған жылы ғылымда анық емес, ал 1166 жылы қайтыс болғаны туралы нақты жазба деректері бар. Әкесі Шейх Ибраһим – түркі тектес тайпалардан шыққан өз дәуірінің көрнекті дін қайраткері болған. Анасы Айша (қазақтар оны Қарашаш-ана деген) – Мұса деген атақты шейхтың қызы болған. Ахмет Йассауиді туған ауылына оқытып, сауатын ашқан. Оған ислам дінінен алғаш дәріс берген ұстазы – Бахаул-дин Испиджаби деген ғұлама екен414.
Ол кезде Йассы (Түркістан) шаһары Шығыстағы өркениет орталықтарының біріне айналған еді. Мұнда келіп Ахмет Йассауи атақты Арыстан Баб және Жүсіп Хамадани сияқты ғұламалардан дәріс алады. Бұл туралы Ахмет Йассауи:
Жетіде Арыстан Бабқа арнап келдім,
Мұстафа өсиетіне қанбақ болдым.
Сол шақта мың бір зікір сарнап бердім,
Алаңсыз Аллаға бет бұрдым, міне,415 – дейді.
Кезінде «Диуани хикметті» ұзақ жылдар зерттеген көрнекті ғалым Е.Э.Бертельс бұл дидактикалық сарындағы туындының ежелгі түркі поэзиясымен дәстүрлі байланысы бар екенін дәлелдей келіп, мынадай пікір айтқан болатын: «Ахмет Йассауидің жырлары күні бүгінге дейінгі қазақ даласынан Кіші Азияға дейін кеңінен тараған фольклорлық лириканың түрлерімен сырттай ұқсас болып отырады. Бұл ерекшелікті сопылық әдебиетте алғаш рет Йассауи бастап тұрақтандырды. Осыдан кейін өзге елдердің дәруіштік поэзиясында да бұл үрдіс жалғасын тапты, сөйтіп, жазба поэзия мен фольклордың байланысы бұдан былай жаңа сипат алды»416.
Сопылық ағымның, яғни суфизмнің пайда болуының өзі аса күрделі қоғамдық, идеологиялық құбылыс еді. Суфизм бертін келе философиялық ағым ретінде қалыптасты. Әйтсе де суфизмнің жекелеген элементтері ислам дініне дейінгі дәуірлерде де бар еді. Бұл діни ағымның пайда болуына кезінде буддизм, мәжусилік діндер мен көне заман данышпаны Платонның (Афлотун) интуиция, абстракті ойлау жайындағы кейбір ғылыми тұжырымдары тікелей әсер етті. Көне заман данышпандарының Құдай және дін жайындағы трактаттарын араб тіліне тәржіма жасап, оны суфизм ағымын белгілі бір жүйеге келтіру үшін пайдалана білген Шығыс ғұламалары болды. Олар: Хусайн ибн Исқақ (ІХ ғасыр), Әбу Бәшір (Х ғасыр) және Яхия ибн Әділ (Х ғасыр) сияқты суфизмнің теориялық негізін қалаушылар еді417.
Түркі халқының басын біріктіру, рухани мәдениетінің басты бағыттарын құру, бала тәрбиесі мен отбасылық дәстүрінің жүйесін қалыптастыру үшін 14-ші ғасырдың соңында ортаазиялық мұсылман-уағызшылары таратқан Ислам дінінің рөлі зор болды. Сібірде Ислам дінін нығайту үшін Еділ (Волга) өзенінің бойындағы түркілер де аз рөл атқарған жоқ. Қазан хандығындағы Кучумның шақыруымен мұсылман руханиятының өкілдері келіп, сіңісіп кетті. Әр кезеңде Батыс Сібірге қоныстанған жергілікті татарлар, бұхаралықтар және Қазан татарлары әрқайсысы өзінің шыққан жерін білсе де бір халықтың аясында біріге білді. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, Сібір татарларының тілін қалыптастыруға 3 нәрсе (компонент) септігін тигізген: жергілікті түркі, бұхаралық, Еділ бойындағы (поволжский) халық. Бұл дегеніңіз халықтың рухани бірлігіндегі оның рөлін көрсетеді. Ұлттық ағартушылықтың аяғынан тік тұруына Ислам дінімен бірге келген араб графикасы негізіндегі жазу үлгісі басты рөл атқарды. Бұл жазу үлгісі осы аймақта өткен ғасырдың 20-шы жылдарына дейін құрылды418.
Қазақ әдебиеті түркі тектес халықтар әдебиетінің бір саласы болып табылады. Түркі халқы әдебиеттеріндегі ортақ идея, әдеби-тілдік байланысы туралы қазақ ғалымдары Б.Кенжебаев, Қ.Өмірәлиев, Ғ.Айдаров, Ә.Қайдаров, Ә.Қоңыратбаев, Н.Келімбетов, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева, С.Әбушәріп, С.Қасқабасов, т.б. ғалымдар ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеді. Түркі тайпаларының ежелгі мәдениеті мен әдебиеті туралы шығыстанушы-ғалымдар В.Бартольд, В.Радлов, С.Малов, А.Кононов, Н.А.Баскаков, Б.Я.Владимирцев, А.Н.Самойлович, С.Г.Кляшторный, А.Н.Бернштам, А.Гафуров тарихи-ғылыми тұрғыда сараптаған.
Зерттеуші-ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне, тарихи деректерге көз жүгіртсек, қазақ әдебиетінің тұңғыш жазба нұсқалары заманымыздан бұрынғы VI-VII ғасырлардан бастау алып, заманымыздың VIII-IX ғасырына дейін жалғасқанын байқауға болады. Құран Кәрімде барлығы 114 сүре бары мәлім. Солардың әрқайсысындағы хикаяларда Адам ата мен Хауа анадан бастап (барлығы 25 Пайғамбар), ең соңғы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) дейінгі бүкіл адамзат баласы тарихының елеулі кезеңдері қамтылған. Құран Кәрімдегі түрлі діни хикаяларды барынша көп қамтып, әрі оны мейлінше кең көлемде таратып түсіндіретін осындай қиссалардың бірі – Бурхонуддин Рабғузидің (XIV ғ.) «Қисса-и Рабғузий» немесе «Қисса-ул-әнбия» деп аталатын прозалық шығармасы. «Қисса-и Рабғузи» – Пайғамбарлар мен әулиелер, сахабалар мен жын-шайтандар туралы әңгімелер жинағы. Мұнда барлығы 79 хикая бар. Ал «Әзірет Әлидің пыраққа мініп, Миғражға шығуы» деп аталатын қиссада тірі кезінде адамдарға жақсылық жасағаны үшін Әзірет Әлидің жұмақта Пайғамбарлармен кездесіп, сұхбат құрғаны, хор қыздарымен әңгімелескені қызықты сюжет арқылы жырланған. Мәселен, «Нұх ғалейхиссалам» деп аталатын хикаяда бүкіл жер бетін топан су басып кеткені, сонда Нұх Пайғамбар кеме жасап, әртүрлі жан-жануарларды сақтап қалу үшін олардың әрқайсысынан бір-бір жұптан кемеге салып жүргені, кеменің түбін тышқан тескені, оны жылан бекіткені жайында әңгіме-хикаялар бар. Бұлардың барлығын идеялық мазмұны жағынан 3 топқа бөліп қарастыруға болады:
1. Алла Тағаланың Жер мен Көкті, адамзатты, хайуанаттар мен тау тасты, бүкіл әлемді жаратқаны туралы хикаялар;
2. Пайғамбарлар, әулие-әнбиелер, сахабалар, тағы басқалардың өмірі мен іс-әрекеттері жайындағы аңыздар;
3. Һижраның (мұсылман жыл санауы) алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғаларды бейне бір шежіре ретінде баяндайтын хикаялар болып келеді.
Сондай-ақ, «Қисса-и Рабғузийде» Ибраһим, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Ілияс, Мұхаммед Пайғамбарлар туралы да қызықты хикаялар бар. Қиссада Пайғамбарлар қарапайым адамдарша өмір сүріп, қоғамда түрлі оқиғаларға араласып отырады.
Ислам дінін насихаттауға арналған бірнеше қисса барын айттық. Бір дін етек алған татар, өзбек, әзірбайжан және басқа кейбір елдерде «Мәуліт» аталатын мейрам бар. Ол – «Мұхаммед пайғамбар туыпты» дейтін біздің жыл санауымыздың 582 «піл» жылының 12 сәуірі. Бұл күнді мейрамдаған мұсылмандар «Қасида» деген арнаулы ән-күйді орындайды. Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны өлең түрінде жазылған «Мұхаммедия» атты кітаптың авторы – османдық түріктердің сұлтандарынан шыққан ақын Мұхаммед Челяби. Бұл кітап ертеректе татар тіліне де аударылған. Екінші болып жалғасатын Мұхаммедті тәңірі аспанда жеті қабат көктің үстіндегі Ағлә (биік) аталатын жұмақта кездесуге шақырады. Өлеңмен біркелкі тәуір жазылған бұл қиссада діншілдерді жылататын жері: Жебірейіл Мұхаммедке: «Төсіңді сөгейік те, жүрегіңді алтын ыдысқа салып, осы мешітте қалдырып кетейік. Ол биік аспанға ұшуға шыдамас, біз тез ораламыз, соған дейін соғып тұрар», – дейді. Сонда Мұхаммед: «Жүрек сүю үшін жаралған емес пе? Онсыз тәңірге сүйіспендік сөздерімді қалай айта алам?» – дейді. Ол аспанға жүрегімен ұшады да, тәңірге жұқа перденің бер жағынан тілдескенде, сүйіспеншілік сөздерінің бәрін үмбетіне арнайды. Діншіл қазақтардың: «Біздің қамымызды ойлаған екен, жарықтық», – деп жылауы да сондықтан419.
С.Мұқанов діни қиссалар жайында былай деген: "Мен балалық шағымда көптеген қиссалармен қатар, «Кербала шөлін» де жатқа айтатын едім. Сонда тыңдаушылармен бірге қиссаның бірер жерінде өзім де жасқа булығатынмын. Онда шөлге қамалып, қаталаған Хұсайын жағы бір жұтым су сұрап, Жазидке оның апыл-тапыл басқан ұлын жібереді. Сонда мейірімсіз жау су орнына сәбидің ашқан аузына оқ атып өлтіреді. Екінші бір сәтте Хұсайынның кесілген басын Жазид алтын табаққа салып, бос тұрған сарайына қойғаннан кейін, жұрт ұйқыға кіре, Хұсайын ата-бабаларының (Мұхаммед, Ғали, Фатима және тағы басқалар) аруағы елес беріп келеді. Мұндай көрініс маған да, тыңдаушыларға да қатты әсер етіп, әрі қорқынышты болатын еді.... Хұсайыннан кейін «Ғазауат» (дін) соғысын жүргізген Сельжуқтарға (түркілерден құралған хандық) қосылып, Қара теңіз жағасында Рум (Византия) мемлекетін талқандаған, оның астанасы Стамполды алып, оның соборының (шіркеуінің) – Софияның төбесіне мұсылмандық белгі – Ай бейнесін орнатқан Сейіт-Баттал есімді адам. Мұсылман елдері оны Ғалидан соңғы ислам батырының ең зоры санайды. Кімнен, қашан аударылғаны белгісіз, қазақ тілінде «Сейіт-Баттал» есімді өлеңмен жазылған, көлемі он мың жолдай қисса бар, қай тілден, қай уақытта аударғаны белгісіз, бірақ бұл қазақ тілінде емес, түркі тілдердің біреуінен аударылғанға ұқсайды. Мазмұны – ғазауат – дін соғысы. Бұл соғыс 11-14 ғасырларда Каспий төңірегінде, түркілерден құралып жасалған ислам дініндегі Сельжук мемлекеті мен біздің дәуірдің (Айсадан бергі жыл санаудың) үшінші ғасырынан Қара теңіз төңірегінде патшалық құрған христиан дініндегі Византия мемлекетінің арасында көптеген ғасырға созылған тартыстар кезінде болғанға ұқсайды. Бұл соғыста екі жағы да, әрине, діндерін бетке ұстай соғысады, Сейіт-Баттал ислам дінінің сол бір кезеңдегі соғыста қолбасшысы болған сияқты. Сондықтан мұсылмандар, солардың ішінде қазақтар, оны ғазауат соғысының хазірет Ғалиға пара-пар батыры есебінде сипаттайды. Сол сияқты қазақ тілінде «Қырық уәзір» аталатын өлеңмен жазылған қалың кітап та болды. Оны аударып, шығарушы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қарқаралы өлкесінде жасаған қазақ ақыны Ақылбек Сабалұлы болған. Бұл алғаш «Араб халифаты», кейін ислам немесе «Түркия халифаты» аталған мемлекеттің басқарушыларын сипаттауға арналған"420.
В.В.Радлов өзінің бір мақаласында: «Өздерінің туыстас түрік тектес елдерімен салыстырғанда, қырғыздар да, қазақтар да сөзге шешендіктерімен ерекшеленеді. Олардың шешендіктеріне, шынында да, таң қалмасқа болмайды. Қазақтар сөйлегенде ешбір мүдірмей, күрмелмей есіп жүре береді, ойларын дәл, айқын етіп бере білумен қатар, сөз, сөйлемдерін белгілі бір дәрежеде әдемілікке безейді, әңгімелесіп отырғанның өзінде жай сөйлемінде не жайылма сөйлемінде болсын ырғақ анық байқалып және жиі кездеседі. Өлең шумақтарында ғана ұшырайтын сөйлем түрлері жай сөздердің өзінде іркес-тіркес келіп жатады да, тыңдаушыға өлең тәрізді әсер етеді. Ырғаққа құрылған сөздерді дүниедегі көркемөнердің ең жоғарғы биігі деп ұғынатын, суырылған шешендікке жаны рақаттанатын халықтың сөздері солай болып келуі әбден түсінікті. Сондықтан да қазақ халық поэзиясының дамуы жоғарғы сатыға жеткен. Олардың мақалдары да, насихат, нақыл сөздері де әдейі қолданылған ұйқастарға негізделінеді; тарихи жыр, айтыстар, салт өлеңдері, жоқтаулар т.б. – бәрі де жиын, тойларда әрдайым-ақ жырланады және оларды жұрт емірене тыңдайды. Сонымен бірге қазақта суырыпсалмалық (импровизация) – мейлінше көп таралған өнер. Аз-мұз тәжірибесі бар ақындардың табанда-ақ өз жандарынан өлеңдер шығарып, әдейілеп жырлап беруге мүмкіншіліктері мол»421.
С.Мұқановтың пікірінше ауыз әдебиетінде көршілес елдерден алынған кейбір оқиғалы сюжеттерді қазақ ақындары төл шығармаларына арқау еткен. Мысалы, «Көрұғұлы» түрікмен топырағында туған оқиға негізінде алынған. Соны қазақ халқы да өзімсініп, оқиғаны түрікмен туыстардан басқаша етіп дамытады. Түрікмендерде Көрұғұлы соқыр адамның баласы болып сипатталады, ал қазақта бұл бала айы-күні жетіп отырғанда өлген әйелдің көрінде туады да, туа сала көрден шығып, батырлық құрады. Ол жорықта қырық күн жүріп, қырық бірінші күні қайтып оралса, өзі шыққан көр аузында оралып жатқан айдаһар: «Енді кіруге рұқсат жоқ», – дейді. Баланың: «Анамды тым болмаса соңғы рет еміп шығайын» деген зарына айдаһар: «Бұйрық солай», – деп құлақ аспай, оны кірбізбейді.... Бұлай баяндау қазақтан басқа халықта жоқ422.
Біз сөз еткелі отырған қиссалардың бірі – «Қисса-и Жұмжұма» 1881 жылы Қазан баспасынан жарық көрген. Ол 1897, 1901, 1910, 1917 жылдары бірнеше мәрте қайта басылып шықты. Бұл басылымдарда өзін автор ретінде көрсеткен Мәулекей Юмачиков деген татардың есімі аталады. М.Юмачиков 1836 жылы Тобыл губерниясының Ялутур оязына қарасты Сейінғұл болысында туған татар423.Алайда татар тіліндегі басылымдарда М.Юмачиковты «Қисса-и Жұмжұма» дастанының аудармашысы ретінде көрсетеді. Татар ғалымы И.Ғарифулиннің айтуынша, 19-шы ғасырдың соңында Төмен (Тюмень) татарларының арасында оқыған адамдардың бірі – Ембаев медресесінің мұғалімі Мәулекей Юмачиқов болатын. Ол араб, парсы, орыс, татар және қазақ тілдерін меңгерген, діни мазмұндағы 2 кітап, он шақты өлеңдер мен эпикалық мазмұндағы баиттар жазған. Керек десеңіз, М.Юмачиқов Хисам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» дастанын қазақ тіліне аударған424. Бұл айтып отырғаны «Қисса-и Жұмжұма» Хисам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» дастанының аудармасы емес. Өйткені ол шығарма шамамен 1370 жылдары жазылған. Оның қолжазбалары Санкт-Петербор мен Қазан қалаларының мұрағаттарында сақтаулы. Бұл екі шығарманың сюжеті бірдей болғанымен баяндалуы бөлек. Демек кейінгі қазақ айтушылары «Қисса-и Жұмжұмаға» қазақы бояу қосып, жырлаған.
В.В.Радлов былай дейді: «Кітап өлеңдерінің» ішінде ең көп тарағаны – «Жұмжұма» мен «Бозторғай», өйткені оларды сауатсыз қазақтардың өзі жатқа біледі. Семей облысында барлық «кітап өлеңдер» халық арасында кең тараған. Мұнда Ислам батырларын әспеттейтін өлеңдерге жол берген халық батырлары жайлы жырлар күннен күнге жоғалып барады. «Кітап өлеңдерінің» ішінен көбінесе «Жұмжұма» деп аталатын кітаптағы осы аттас дастан көп айтылады. Мен бірнеше мәрте үлкен жиындарда осы өлеңнің оқылғанын өз құлағыммен естідім. Тыңдаушылар өлең оқушының әрбір сөзін ынта-шынтасымен тыңдап отырды, діни қағидаларды орындамай о дүниеге барғанда азап тартқан мұсылманның күйін суреттеген кезде барлығының жүзінен үрейдің нышанын байқауға болады. Үнсіз тыныштықты тек тыңдаушылардың «Аллаху акбар!», «бисмиллаһи рахмани-рахим!» деген сөздері бұзып жібереді. Менің ойымша, қазақтардың арасында Ислам дінінің берік орнығуына бір «Жұмжұма» өлеңінің өзі даланы кезген жүздеген молдаға қарағанда ықпалы зор болды»425.
«Жұмжұма» сөзінің мағынасы араб-парсы тілдерінен аударғанда «қу бас, бас сүйек» дегенді білдіреді. Белгілі парсы ақыны Фарид ад-Дин Аттардың «Жұмжұма-нама» деген шығармасы бар. Әлі күнге дейін 14-ші ғасырға тиесілі Хусам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» дастанының түркі тіліндегі нұсқасы 12-ші ғасырдағы парсы ақыны Фарид ад-дин Аттардың «Жұмжұма-наме» поэмасының көшірмесі деп белгілі бір ғылыми ортада айтылып жүрген пікір өз күшін жоя бастады. Әлбетте, бұл екі шығарманың мәтінінде ортақ ұқсастықтар баршылық, өйткені олардың сюжеттері бірдей. Алайда Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген автордың шығармасында мына өмірде жасаған істеріне қарай о дүниеде күнәһарға жаза беретін тамұқтағы оқиғалар жіті суреттелген, ал парсы әдебиетінде бұл аңыз-әфсана жоқ екендігі белгілі болды. Біздің пайымдауымызша оқырманға ой салатын шығарманың шиеленіскен, психологиялық сезімге құрылған осы бір өткір тұсы 14-ші ғасырдың ортасында өмір сүрген араб әдебиетшісі Шихаб ад-дин ал-Абшихидің «Китаб ал-мустатраф фи кулл фанн ал-мустазраф» («Әсемдіктің әрбір түріндегі қызықтар жайлы кітап») деп аталатын антологиясына енгізілген «Жұмжұманың» араб тіліндегі прозалық нұсқасында да көрініс таппаған426. Дәл осы жерде «Жұмжұма сұлтанның» сын көтермейтін мәтіндерін құрастырып шыққан татар профессоры Хатип Усманов кезінде Хусам Кәтибтің өзі әл-Абшихидің шығармасымен таныс болуы мүмкін екендігін шын мәнінде аңғармай қалғанын байқаймыз. Бір таңқаларлығы 19-шы ғасырда татар ақыны М.Юмачиқовтың қазақ тілінің элементтері енген «Қисса-и Жұмжұма» дастанының нұсқасында да осы тұстары ескерілмеген. Араб-парсы тілдерінде «Жұмжұманы» қисса емес, хикаят деп қолданады.
«Жұмжұма» сюжетінің әлемге тарағанын ТМД аумағына белгілі қисса-хикаяттардан байқаймыз. Алайда бұдан бөлек «Қисса-и Жұмжұманың» Памир таулары мен Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі хикаят үлгісіндегі нұсқалары да табылды. Хикаят (араб тілінде «баяндау») – Таяу, Орта Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия халықтары кеңінен қолданатын әдеби термин. Кең мағынасында хикаят дегеніміз ірі көлемдегі сюжетті прозалық шығарма; тар мағынасында – авторы жоқ кітаби прозалық эпостың жанры (мысалы, «Ханг Туах жайлы хикаят» – 17 ғасырдағы классикалық малай әдебиеті) саналады. Ол аңызға немесе тарихи оқиғаларға құрылуы мүмкін. Араб, парсы және түркі әдебиеттерінде хикаят термині «әңгіме» деген мағынасында да қолданылады. Ал қазақ тіліндегі хикаятқа А.Байтұрсынов мынадай анықтама береді: «Хикаят. Діндар дәуірдің өнеге үшін шығарған әңгімелері хикаят деп аталған. Хикаят дін үйрету ғана мақсатпен шығарған сөздер емес. Діннен басқа жағынан да өнеге көрсету үшін айтылады. Сондықтан хикаят тақырыбы түрлі-түрлі болады.
Мысалы:
Бекер босқа жүргенше бойды балап,
Жақсы депті әр іске қылған талап.
Пайғамбары құданың заманында,
Жүреді екен бір жігіт бекер қарап.
Қылып жүрер бір жұмыс өзге пенде,
Бекер жүрер бірақ сол көргенде.
Түс суытып, қарамай өтеді екен,
Ол жігітке пайғамбар кез келгенде.
Жолыққанда бір сапар күліп өтті,
Көргеннен-ақ қарасын күлімдепті,
Сахабалар, тақсыр-ау, күлмеуші еңіз,
Не себептен күлдіңіз бүгін депті.
Айтты сонда себеп бар күлгенімде,
Күлмеуші едім жолықса ілгеріде.
Екі шайтан қасында жолдас еді,
Бекер қарап ілгері жүргенінде.
Отыр екен бұл сапар жерді сызып,
Жолдастықтан қашыпты шайтан бұзып.
Келіп екі періште қасында отыр,
Сол себептен күліп ем көңілім қызып.
Бекер жүрген батады бәлекетке,
Адам болсаң, жолама ол әдетке.
«Құры қарап жүргеннен артық» дейді,
Пайдасыз бекер қылған әрекет те (Молда Мұса)427.
Сондай-ақ түркі әдебиетінде хикаятты халық әңгімелерінің үлгісі ретінде қарайды. Түркі әдебиетінің ішінде орта ғасырға тән ірі эпикалық жоспардағы «Бахтиярнама» хикаятын атауға болады. Дәл сол кезеңде аңыз-ертегілердің сюжетіне құрылған «Маджмуг аль-хикаят», «Рисалаи хикаят» шығармалары пайда болды. Тарихты өлеңмен баяндайтын шығарманы Памир халықтары да «хикаят» деп атаған. «Хикаяттар» бірсағаттан аса уақытқа созылады. Шығыс халықтарында «хикаят» «мадақтың» (madoh) ең ұзын түрі болып есептеледі. Мадақтағы хикаяттар көбінесе Имам Әли сияқты қасиетті адамдар жасаған ғажайыптарға құрылады. Памир тауларының етегіндегі Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы Ишкашим қаласында әлі күнге дейін рубоб деген шекті аспапқа салып жырлайтын «Хикаят сұлтан Жұмжұма» нұсқасы бар. 1992 жылы Додихудо Жумахон (Dodikhudo Jum‘akhon) жырлаған бұл хикаяттың «Қисса-и Жұмжұмамен» ұқсас тұстары да баршылық:
«Хикаят Сұлтан Жұмжұмада» былай дейді:
Иса Дежленің (дария) жағасынан өтіп бара жатып,
Далада домалап жатқан басты көрді.
Денесінен бөлініп қалған қу бастың,
Еті, терісі, миы шашылып қалыпты.
Бұл «Қисса-и Жұмжұмада» мынадай деп берілген:
Жапанда сер қылып жүрсе Ғайса,
Алдында қу бас жатыр бір адамның.
Бөксесі, кеудесі жоқ қу бас жатыр,
Жарымы су, жарымы құм боп жатыр.
«Хикаят раджа Джумджума» (Hikayat Raja Jumjumah) деген атаумен Оңтүстік Шығыс Азиядағы бүкіл Индонезия архипелагына белгілі болған шығарманың ағылшын тіліндегі нұсқасы 1823 жылы Лондоннан шығатын «Азия журналында» («The Asiatic journal») жарық көрді. Бұл хикаяттың да «Қисса-и Жұмжұмаға» ұқсас тұстары бар. Мысалы, екі шығарма да былай басталады:
«Хикаят раджа Джумджумада» (Hikayat Raja Jumjumah)
In the name of God, the merciful, the compassionate.—
Imploring the assistance of God,
we shall relate the history of Rajah Junjumah,
who reigned over a powerful and extensive kingdom in this world.
Аудармасы:
Қайырымды да, мейірімді Алланың атымен,
Құдайдан көмек сұрай отырып.
Біз бүкіл осы әлемге өзінің күшті билігін жүргізген
Сұлтан (Раджа) Жұмжұма жайлы хикаятымызды бастаймыз.
Қазақ тіліндегі «Қисса-и Жұмжұманың» басы былай деп келеді:
Жігіттер, иманыңнан күдер үзбе,
Айтайын аз мысал енді сізге.
Бұрынғы өтіп кеткен Ер Жұмжұма,
Қылыпты қамқоршылық бұрын бізге.
Тамұқтың эпизодтары басқа шығармаларда, оның ішінде әл-Абшихидан әлдеқайда ертеде, 12-ші ғасырда өмір сүрген араб жазушысы Сүлеймен ибн Дауд ас-Саксинидің (Саксин қаласынан шыққан) «Зухрат ар-рийад ва нузхат ал-кулуб ал-мирад» («Красота садов и утешение страдающих сердец») деген кітабындағы «Хикайат-у Джумджума» («Рассказ о Джумджума») атты прозалық шығармаларында кездесетінін айта кету керек428.
«Жұмжұма» атауы мұсылмандарға ғана қатысты емес. Бұл атау христиандардың арасында да кездеседі. Мәселені, Джамаджим (Dair al-Djamadjim) – Басраға баратын жолдағы сахараның (шөлдің) ең шетіндегі Кофадан 7 шақырым (парасанг) жерде орналасқан Вавилониядағы христиан монастыры. Оның жанында Даир аль-Керра (Кадислиядағы аль-Керраға қатысы болуы мүмкін ) деп аталатын басқа бір монастырь бар. Кадислия мен Куфаның арасын 20 мильдей болады. «Китаб аль-Агханидағы» әңгімеге сүйенсек «Даир аль-Джамаджим» Евфрат өзенінің батыс жағалауына жақын маңайға орналасқан. Осы деректерге сүйенсек, бұл монастырдың көрінісі Кофаның (Машджад Алидің (Наджаф) шығысынан 6-8 миль жердегі үйінділер) оңтүстігіндегі бұрынғы Евфрат арнасынан бастау алатын қазіргі батпақты бахр аль-Наджаф көлінің оңтүстік-шығысынан көрінуі тиіс. Даир аль-Джамаджим «бас сүйектер монастыры» деген мағынаны білдіреді. Бұл атаудың шығу тегіне қатысты арабтарда түрлі аңыз-әңгімелер бар. Осы атаудың шығуы сол жердегі шайқаста мерт болған ерлердің жерленген немесе көміліп қалған бастарына қатысты екендігімен бәрі келіскенімен; Мұхаммед заманына дейін болған бұл нақты оқиғаға кімдер қатысты дегенге келгенде пікір алуандығы туындайды. Кейде біреулер бұл бас сүйектер тайпалық жауласу кезінде мерт болған Бану Тамимнің мүшелеріне тиесілі десе, базбіреулер Лияд өлтірген парсылардікі деген пікір айтады. Үшінші біреу бұл Лияд пен Кудаға тиесілі дейді; олардың денелері екі тайпаның арасындағы шайқас болған ұрыс даласынан қазып алынып, шіркеуге (монастырь) жерленген. Осындай оқиғадан туындаған атаудың шығу тегінің болмауы күдік тудырады. Бұл атау монастырьда арулап жерленген күнәһарлар мен әулиелердің бас сүйектерінен алыну әбден мүмкін. Қалай болғанда да «әл-Жұмжұма» – «бас сүйек» баламалы атауының қазіргі Вавилон қирандысының оңтүстік шетіндегі ауылға берілуі салыстырмалы түрде қаралуы керек. Ислам тарихында «бас сүйектер монастыры» сол маңайда 701 жылы (хижра – 82 жыл) Абд-ал-Маликтің билеушісі ал-Хаджаджи мен оның қарсыласы Абд аль-Рахман б. Мұхаммед б. Ал-Ашат арасындағы қиян-кескі шайқасты еске түсіреді. Абд-ал-Рахман «Даир ал-Жұмжұма» монастырына келіп мықтап бекінген кезде алғашқысының алдында айтылған Даир-Курра монастырында штаб-пәтері болатын. Қарсыласқан жаулар бір-бірімен үш айдан аса уақыт тіресті. Абд ал-Рахманға Ирактан келген жауынгерлер оның әскер санын 100 мыңнан асырды. Кейіннен ол сол аймақты тастап кетуге мәжбүр болды429.
«Қисса-и Жұмжұманың» тағы бір нұсқасын белгілі неміс ғалымы В.В.Радлов 1870 жылы жарық көрген «Оңтүстік Сібір мен Жоңғар даласындағы түркі тайпаларының халық әдеби мұраларының үлгілері» атты кітабында «Қу бас» деген атаумен жариялаған430.
В.В.Радлов жариялаған «Қу бастың» М.Юмачиков жарыққа шығарған нұсқасынан айырмашылығы онда тамұқтың жеті қақпасын жеке-жеке атын атап, түрін түстеп шығады:
Әуелде Аужа деген тамұқ көрдім,
Ораза, намазсыздың орны-еді.
Екінші Шақыт деген тамұқ көрдім,
Ұрлық пенен зинақордың орнын көрдім.
...Жетінші Жәһаннам деген тамұқ көрдім,
Санасыз кәпірлердің орнын көрдім.
Аралап сол дозақта біраз жүрдім,
Отыз түрлі ғазапты адам көрдім431.
Ал «Қисса-и Жұмжұмада» жеті тамұқты қысқаша былай баяндайды:
Жеті тамұқ бар екен көрдім бәрін.
Төрт бұрышы жанып тұр, бәрі жалын.
Сол тамұқтың ішіне салғаннан соң,
Отқа күйген шаладай болдым жалын432.
Біздің қарап отырған мәселелеріміз түрік ғалымы Джем Дилчиннің анықтауымен агиографиялық әдебиеттің үлгісі саналатын 13-ші ғасыр өмір сүрген Анадолы ақыны Шеййада Исаның «Ахвали қийамат» («Қияметтің ахуалы») атты шығармасының біршама сырын ашып береді. Бұл ақырзаман жайлы діни-дидактикалық шығарма екендігі бізге мәлім, дегенмен бұл жазба ескерткіштің мәтініндегі тамұқтағы күнәһарларды қалай жазалайтындығын суреттейтін эпизодтар Хусам Катибтің "Жұмжұма" нұсқасына ұқсайтындығы қызық болып отыр433.
Екі шығарманың ұқсас тұстарынан мысал келтірейік.
Хусам Кәтибте:
Түрікшесі:
Ol cehennem tamuydu ey olu
Bir kavın kördim biçin yüzlik kamry
Anlar irmiş dünyada nefs-i kerem
Hem yitniş irmişler anlar köb haram
Орысша аудармасы:
(В том аду, о Великий,
Видел одну толпу — все обезъяноликие,
Они те, которые в этом мире [были] жадными,
Поедали много недозволенного.
Шиида Исада:
Түрікшесі:
Kopısardur bir bölük işit nice
Tağlara manend karınları yüce
Tolu ilan ola karınlan içi
Ol yılanlardan bağırsaklar içi
Орысша аудармасы:
(Послушай [о том], как встает одна толпа:
Животы у них подобны горам — большие.
Внутри их животы полны змеями,
От тех змей горит печень.
Бұдан бөлек екі шығарманың тағы да бір ұқсас қызықты тұстары бар. Осы күнге дейін Хусам Кәтибтің «Жұмжұмасының» нұсқасында ғана қайырымды істерімен немесе жағымсыз жақтарымен танылған баяғыда дүниеден өткен тарихи тұлғалар мен құрандағы кейіпкерлер жайлы элегиялық мазмұндағы еске алу кездесетіні белгілі. Мұндай жағдай Шеййада Исаның «Ахвали кийамат» шығармасында да бар екендігін біздің зерттеуіміз көрсетіп отыр.
Еділ өзенінің бойынан шыққан ақын былай дейді434:
Түрікшесі:
Kanı munça bit) nebiler şahlar
Ol bina kılyan olar malılar
Kanı evvel Adam ıı Nüh Halil
Bakı kalmas akıbet illâ celll
Kanı Safüân kanı CemşTd kaharmân
Kam Husrev şir u Zu-1 -Karneyın 'Âd
Kanı ol Dakyânüs Şeddâd la İn
Kanı ol Nemriid ıı Feridun gözitt
Kanı ol Nüşîrvön Asfandiyâr
Ya hüd ol kanı bunca şehriyen
Орысша аудармасы:
Где те, тысячн пророков, шахов,
Луноподобные, построившие дворцы.
Где те, из которых первый Адам, Нух', Халиль [где]?
Не останутся навечно, хоть и великие.
Где Сафуан? ГдеДжемшидбогатырь?
Где Хосровлев, Зулъкарнейн,
Где тотНемруд, Феридун избранный?
Где тот Нуширван, Асфандийар?
Или где те, сколько пребывише властелины?
Обратимся к творчеству анатолийского автора:
Түрікшесі:
Kanı anlar kimdür eyde mülk benütn
Şimdi ıııahv oldi be-külli iş benüm
Kanı bağ u bağçe çün da 'vâ kılan
Bunları kıldııın fenci ben câvidân
Kanı Fir'avn u Neınrüd u Şeddâd 'Âd
Kanı Ahdüdya ni Tâkyânüs Mercıd
Kimler idi mülküm üzre da 'vâ-dâr
Bunları itdüm heba ben pây-dür
Орысша аудармасы:
Где они, из которых кто-то говорил: «Мир - мой!?»
Теперь [они] уничтожены, всеми делами ведаю Я!
Где те, которые претендовали на «сад и цветник»?"*
Их уничтожил Я — вечный!
Где Фира 'ун, Немруд, Шеддад, 'Ад?
Где Ахдуд, то есть Такйанус Мерад?
Кию претендовал на мое владение,
Их превратил в пылинку Я — вечный!)
Екі мәтінде де тамұқта азап тартқан күнәһарлар тобыры мен ұлы тұлғалар жайлы тұстары бір-біріне сәйкес келеді. Бұдан тыс екі шығарма да бірдей «аруз» үлгісіндегі «рамал-и мусад-дас-и махзуф» (фа'илатун фа'илатун фа'илун) метрімен жазылған. Олардың өзіндік ерекшеліктеріне келетін болсақ, әлбетте әрбір автор өзінің шығармашылығына жеке қырынан келген.
Түркі тіліндегі екі шығарманы осылай салыстыруымыз, Хусам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» дастаны Аттардың «Жұмжұма-наме» поэмасының көшірмесі емес екендігіне тағы да бір көзімізді жеткізеді. Бұл бұдан әрі зерттеу барысында ортағасырлық жазба ескерткіштерді жаңа қырларына ашуға көмектеседі435.
Саксин – Еділ өзенінің төменгі ағысында суға шайылып кеткен ежелгі булгарлардың қаласы. 12-ші ғасырдың басында бұл булгар мемлекетінің мәдени орталықтарының бірі болды, онда негізінен булгарлар мен суварлар тұратын. Сол кезде бұл жерде үлкен мешіт болған. Сулейман ибн Дауд ас-Саксинидің «Зухрат ар-рийад ва нузхат ал-кулуб ал-мирад» («Красота садов и утешение страдающих сердец») деген араб тіліндегі кітабының орта ғасырда дәл осы жерден жарыққа шығуы тектен тек емес. Ас-Саксинидің еңбектері осы кезге дейін қолға түсуі қиын болатын. Тек 19-шы ғасырда татардың танымал ғалымы Ш. Марджани «Мустафад ал-ахбар фи ахвал Казан ва Булгар» («Кладезь сведений о делах Казани и Булгара») атты кітабында ғана Сүлеймен ибн Дауд ас-Саксини жайлы дерек пен оның «Зухрат ар-рийад...» шығармасы туралы мәліметтерді қалдырды. Осы айтылған мәліметтер ұзақ уақыт бойы татар ғалымдарына маза бермеді. «Зухрат ар-рийад» қолжазбасының бір нұсқасы 1420 деген шрифтімен Стамбулдағы Топкапы музейінде сақтаулы екендігі белгілі болды436.
Осы ежелгі жазба ескерткіштегі бізге қызықты тұстары түсінікті болу үшін салыстырмалы түрде мәтіннің кейбір жерлерінен мысалдар келтіре кетейік: «Олар мені тамұқтың алғашқы есігіне кіргізбес бұрын алдына алып келді. Ондағы оттың жалыны мына дүниедегі оттан мың есе ыстық екен. Мен шайтанның бастарына ұқсайтын жеміс салып тұрған ағаштарды көрдім. Одан жалынға шарпылған таудай-таудай тастар құлады, онда адамдар тұрды, үстінде тұрған періштелер оларды жалын шарпыған гүрзімен ұрып, соларды жеңдер деп мәжбүрледі. Олар айтты: «ей, байғұс, бұл – зақұм ғой, бұл жетімдердің ырзығын әділетсіз жегенің үшін беріледі». Одан кейін мені екінші есікке алып келді, онда – түпсіз терең құдық бар, онда денесіндегі еті кесілген, терісі сыпырылған адамдар жатыр. Олар айтты: «Бұл – замхарир, оған зинақор (прелюбодеев) адамдарды тастайды». Содан соң мені үшіншіге (отқа) апарды, онда ыстық (үстік)тастарда қадалып тұрған адамдарды көрдім. Одан кейін менің төртіншіге (отқа) алып келді, онда да адамдар болды. Олар айтты: «бұл адамдар, біреуден өсім алып, пайыз төлегендер». Содан соң мені бесінші (отқа), одан кейін алтыншыға әкелді, онда шаяндар мен жыландар бар екен, әрбір шаянның ұзындығы – мың құлаш, ені – бес жүз құлаш, олардың барлығы мені тістеп, шақты. Одан кейін мені Хавийа деп аталатын жетінші (отқа) алып келді. Аяқ астынан мен сарайға тап болдым, онда оттан жасалған мың үй бар, әрбір үйде мыңдаған зат (обиталище) бар, ол заттың әрқайсысында отқа оранған мыңдаған сандық бар, ол сандықтардың әрқайсысында азаптың мыңдаған түрлері бар437.
Орта ғасырдың жазба әдеби ескерткіші саналатын «Кисекбаш китабы» татарлардың арасында өткен ғасырда танымал шығармалардың біріне айналды. Мұның айғағы ретінде археографиялық экспедиция кезінде жыл сайын табылған көптеген таралыммен 1917 жылға дейін әртүрлі баспадан жеке кітап болып шыққан қолжазбаларды айтуға болады. «Кисекбаш китабы» ең алғаш рет ғылыми айналымға Ш.Марджанидің «Эл-кыйсм эл-эувэл мин мостэфад эл-эхбар фи эхвали Казан вэ Болгар» деген 1897 жарық көрген кітабы арқылы енді.
2002 жылы Анкарадан жарық көрген түрік ғалымы М.Аргуншахтың «Kirderci ‘Ali. Kesikbaş Destanı» деп аталатын кітабы осы шығарманы зерттеудің логикалық жалғасы іспетті. Текстологиялық жоспармен жасалған жұмыста алдымен «Кисекбаш кітабының» авторы мен басқа авторларға қатысты мәселелер қаралады, бұған қоса Түркияның мұрағат қорлары мен жеке адамдардың жиынтығында (коллекциясында) сақталған дастанның қолжазбалары жайлы баяндайды. Одан әрі 1895, 1905 жылдары Қазан басылымдарында жарық көрген мәтіндердің транскрипциясы мен Түркиядағы қолжазбалар орналастырылған. Соңғы мәтіні қазіргі түрік тілімен сөзбе-сөз аударылған. Мәтінге қысқа тілдік сараптама жасалған. Кітаптың соңына шығармалардың қолжазба нұсқаларының тізімі факсимилемен берілген438.
Ш.Марджани кезінде Стамбулдағы «Сүлеймания» кітапханасына кітаптар сыйлаған екен, солардың арасында Саксинидің біз айтып отырған кітабы да болуы мүмкін. 1998 жылы Қазан қаласынан шыққан зерттеуші С.Т.Рахимов Еділ (Волга) жағалауының тарихына қатысты шығармалардың қолжазбасын іздестіру үшін «Сүлеймания» кітапханасына барған болатын. Сол жерден ас-Саксинидің де шығармаларының тізімін тапты. Дәл сол жылы Қазанның Халық депутаттары Кеңесінің қолдауымен «Зухрат ар-рийад...» тізімін нақтылау үшін бір топ ғалымдар Қазан қаласынан Стамбулға аттанды. Зерттеу барысында аталған кітапхананың қорында Сүлеймен ас-Саксини шығармаларының 8 қолжазбасы бар (бәрі бірдей нұсқа) екендігі анықталды. С.Т.Рахимовтің күшімен сол қолжазбаның ең көне көшірмесі Қазанға әкелінді. 1999 жылы өткен «Ортағасырлық Қазан: шығуы мен дамуы» атты халықаралық ғылыми конференцияда Н.Г.Гараев «Сүлеймания кітапханасының жиынтығындағы Сүлейман ибн Дауд Ас-Саксинидің «Зухрат ар-рийад....» шығармасының тізімдері» деген тақырыпта баяндама жасады. Онда табылған қолжазбалардың қысқаша сипаттамасын берді. Табылған олжаға профессор А.Б.Халидов қызығушылық білдіріп, бір жылдан кейін оның жетекшілігімен осы шығарманы зерттеуге кірісті439.
М.Аргуншах «Кисекбаш кітабының» авторы жайлы айтқанда көбіне оның басқа шығармалары мен шығарма қолжазбасында кездесетін Кирдеджи Али деген есіміне баса назар аударады. Алайда зерттеуші шын мәнінде дастанды осы адам жазған ба, әлде бұл тек көшіріп жазушы ма деген мәселеге мән бермейді, себебі келтірілген мысалдарда былай делінген: «Bunı diyen Kirdeci ‘Ali durur», «Bunı eyden Kirdeci ‘Ali durur», «Мunı aygan Kirdeci ‘Аli» (мұны айтқан Кирдеджи Али), бұл жерде «Bunı yazan (yazġan)…», яғни «мұны жазған…» деген сөз көріп тұрған жоқпыз. Профессор Г.Т.Тагирджановтың пікірінше Кирдеджи Али – тек «Кисекбаш кітабын» түрік тіліне аударған тәржімашы. Ақынның есіміндегі бір сөздің этимологиясына үңіліп көрген зерттеуші мәліметтерді келтіре отырып, «Кирдеджи» деген сөздің бірнеше мағынасын шығарады. Ол Ш.Элчиннің шығарма авторы «тандыр нан пісіруші» немесе «сатушы» болу мүмкін деген пікіріне құлақ асады440.
Әрине «kirde» деген парсы тіліндегі «girde» сөзімен байланысты болып тұр, ол – «жүгері ұнынан жасалған жұқа нан» дегенді білдіреді. Егер татар нұсқаларының біріндегі «Дәруіш Ғали кон-тон Аллах илэ» деген жолдарды ескерсек, «Кисекбаш кітабының» авторын (немесе көшіріп жазушысын) наубайханамен байланыстыру ешқандай қисынға келмейді. Сондай-ақ парсы тілінде «girde» болып жазылғанымен «garde» деп оқылатын «көшіру» дегенді білдіретін сөз бар. Әлбетте, әуел бастағы нұсқасында осы сөз болған болуы мүмкін, кейін фонетикалық өзгеріске ұшырады. Өйткені қолжазбадағы «Кяф» пен «Гяф» деген әріптерді белгілеу үшін араб тіліндегі тек қана «Кяф» әріпті қолданған. М.Аргуншахтың еңбегінде «Кисекбаш кітабынан» басқа Кирдеджи Алидің «Kitâb-i Guvercun», «Kitâb-i Geyik», «Kitâb-i Ejdarha» атты басқа шығармалары жайлы да айтылады, бұған қоса «Hikâye-i Dellet-ul-Muhtel» және «Destân-i Ismâîl» шығармаларда соның авторлығымен шыққан деген болжам айтады. Алғашқы үшеуі «Маулид ан-Наби» кітабында кездессе, екіншісі «Қисса-и авык» кітабында бар, ал соңғы үшіншісі кең қолданысқа енген. М.Аргуншахтың келтірген мәліметіне қарағанда дәл қазір Түркияда шығарманың 13 қолжазбасы бар. Сондықтан Я.Ахметгалееваның «Кисекбаш кітабының» Түркия мұрағаттарында нұсқалары жоқ, өз кезегінде бұл поэма Кіші Азияда танымал болмағандығын көрсетеді» деген пікірін асығыстықпен айтылған демеске шара жоқ. Жалпы алғанда М.Аргуншахтың еңбегі «Кисекбаш кітабын» зерттеуге жасалған маңызды қадамның бірі. Бұл еңбек шығарманы басқа қырларынан одан әрі зерттеуге бағытталған құнды қазына441.
Бас сүйек, кесілген бас, жан мен тәннің тайталасы жайлы түрлі аңыздар Шығыс пен Батыста ертеден белгілі. Шығыс әдебиетіндегі бұл сюжеттің ең алғаш рет пайда болуы парсының сопы-шайыры Фарид-ад-Дин Аттардың есімімен тікелей байланысты. Оның «Жұмжұма-нама» атты шығармасы 1862 жылы Тегераннан жарық көрді. Белгілі шығыстанушы-ғалым В.А.Жуковский осы басылымды негізге ала отырып, Санкт-Петербор қоғамдық кітапханасының қорында сақтаулы жатқан шығарманың 1612 жылғы нұсқасын орыс тіліндегі аудармасымен қоса 1893 жылы жариялады. Белгілі зерттеуші ғалым Алма Қыраубаева Дантенің «Құдіретті комедия» шығармасының желісін осы Аттардың «Жұмжұмасын» алған деген пікір айтады. Мұндай ұқсастықтарды батыс әдебиеттерінен көптеп кездестіруге болады. Мәселені, Джорж Гордон Байронның «Еврей саздары» атты өлеңдер жинағындағы «Бас сүйегінен жасаған тостағандағы жазу» деген жолдарынан шығыс элементтерін аңғарамыз:
Үрейленбе, ойға алма мен де адам, – деп,
Мен қу баспын әшейін қураған тек.
Тірі бастай арам ой сақтамаймын,
Не ұнатып, ешкімді көрмеймін жек.

Тіршілікте өзіңдей ішкем, сүйгем,


Ол дәуренім, ол күйім шықты есімнен.
Құй да шарап, іше бер, қорламайсың,
Адам ерні артық қой құрт тесуден.

Бұрқыраған шарапты бойда сақтап,


Жүзім жеміс шырынын құйса баптап,
Маған артық сыбаға сол болмай ма,
Тек жатқанша құрт мүжіп, құмырсқа таптап.

Ақыл тұрған жерімде шарап шалқып,


Мен өзгенің ақылын етем артық.
Кеуіп, қурап, суалған ми орнында,
Шарап тұрса болғаны – жібер тартып.

Тірлігіңде ішіп қал, көз жұмғанда


Көмілесің сен-дағы көр зынданға.
Қу басыңды молаңнан қазып алып,
Шарап құйып ішер жұрт той-думанда.

Сөйтпеуіңе кім кепіл? Қорлаған ба?


Зайғы өмірден ол артық болмаған ба?
Тостаған боп тойларда бас сүйегің
Бір қажетке жараса – ол жаман ба?442.
Алайда профессор А.Т.Тагирджановтың пікірінше «Жұмжұма-нама» шығармасы Аттармен аттас басқа бір шайырдың туындысы. 14-ші ғасырдың екінші жартысында дәл осы сюжеттің желісімен ақын Хусам Кәтиб «Жұмжұма сұлтан» атты дидактикалық шығарманы жазып шықты. Аталған шығарма автордың жеке туындысы болып есептеледі. «Бұл (шығарма) парсы тілінен аударылмаған, сол аңызды нақты, толық және мұсылманшылық негізде баяндаған нұсқасы...». Мұндай пікірді бұны аударма деуге мүлде болмайды деп жазған шығыстанушы Е.Э.Бертельс айтты.
1910 жылы Б.Л.Домбровскийдің типографиясынан «Қисса-и Жұмжұма» деген атаумен кітап шықты. Басылымның шыққан уақыты мен мекені туралы мәтінде көрсетілмейді. Осы кітаптағы «Қисса-и Жұмжұмадан» кейін орналасқан «Қисса-и Қарун див» деген басқа шығарманың басы мен соңындағы жолдарда Мәулекей деген адамның есімі аталады. «Қисса-и Жұмжұманың» мәтіндерін салыстырмалы сараптау барысында В.В.Радловтың жазып алған нұсқасымен екеуі бірдей екендігі анықталды. Тек ішінара ғана кейбір өзгешеліктері бар.
«Қу бастың» мәтіні Жұмжұма жайлы аллегориямен басталады. Одан әрі оқиға бір кездері Иса пайғамбар саяхаттан оралып келе жатқанда жапан түзде іші-сырты су мен құмға толған адамның бас сүйегін кезіктіреді. Ол сол сәтте Ұлы Жаратушыдан бас сүйекке тіл бітіруін сұрап, дұға етеді. Жаратушы Ие Жебірейіл періште арқылы оның өтінішін орындайды.
Исаның бір Алладан сұрап, адамды тірілту қасиеті Шығыстың басқа шайырларында да кездеседі. Мәселені, Хафиздің ғазалдарында мынадай жолдар бар:
«Сақтаса кім жүрегіне Алла берген аянды,
Түгел біліп алғаны ғой ақиқаттың сырын да.
Егер Тәңірім мейірі түсіп, оның ісін оңдаса,
Исаға ұқсап өлікке де жан бітірер шынында»443.
Немесе 12-ші ғазалында былай дейді:
«...Замандардан замандарға жетсін нұрлы жанарың,
Махаббаттың мейірімімен маған күн боп қарадың.
Замандардан замандарға жетсін жарқын дидарың,
Исаға ұқсап таптың мені тірілтудің амалын»444.
Сол «қу басқа» жан біткеннен кейін Исаға сәлем беріп, өзінің тартқан азабы жайлы айтып беруге әзір екенін білдіреді. Иса одан тірі кезінде еркек пе, әлде әйел болғанын сұрай бастайды. Қу бастың әңгімесінен оның өткен өмірінде Шам шаһарын билеген жомарт адам болғаны аңғарылады. Оның 4 мың уәзірі, 4 мың қызметшісі, 4 мың құлы, және 16 мың сатып алған құлдары болған. Ол мұсылман болмаған, алайда ешкімге қысым көрсетпей, әділ басқарған. Оған жолай жүргіншілер үнемі келіп тұратын, оларға оң қабақпен қарады. Жұмжұма 400 жыл ел басқарды, өзі осы кезде көрікті болатын. 10 мың әйелі бар еді. Өлгеннен кейін 3000 жыл азап тартты, ақыр аяғында мына құмның арасында қалды. Қу бастың өткен өмірін білгеннен кейін Иса одан өлімді қалай қабылдағанын, қабірдің жағдайы қалай болатын сұрайды. Ол егер өлгеннен кейін мұндай азап шегетінін білгенде тумас едім деп жауап береді.
Бір күні Жұмжұма саяхаттан келе жатып, алдынан мұны күтіп алмақшы болған әйелге көңілі ауады. Сол сәтте аяқ астынан базбіреу қайыр-садақа сұрап оның үйіне кіріп келеді. Билеуші оны қуып шығады. Одан кейін ол моншаға барып, сонда оған дерт жабысады.
Билеуші молдалар мен емшілерді шақыртады. Алайда олар оған ешқандай ем жасай алмай, оның денсаулығы күннен күнге нашарлайды. Бір күні оған алты жүзі бар Әзірейіл келеді, оны бірнеше рет гүрзісімен соғып, жанын алады. Оның туғаннан өлгенге дейінгі атқарған амалдарын жазу үшін қабіріне екі періште келеді. Олар мұның қандай жаратушыға сыйынғанын сұрап, қауіпті сұрақтардың астына алады.
Одан әрі қу басты: күнәһарларды ораза кезінде намаз оқымағаны үшін Аужада; зинақорлығы үшін Шагитте; өз ата-анасын ренжіткені үшін – Нагбирде; алыпсатарлығы үшін – Раситте; сиқыршы, шамандарға сенгені үшін – Лазитте; намазға ерінгені үшін – Катимде; астамшылығы үшін – Жаһаннам тамұғында жазалайтын орындарға апарады. Қайта тірілгеннен кейін Жұмжұма билеуші болудан бас тартып, тағы 80 жыл өз өмірін құлшылық етумен өткізіп, одан кейін жаннатқа барады. Шығармада айтылған осы жәйттердің барлығы құран мен кітапта бар екендігін, бұған қоса өзін үйреткен ұзтазының да бар екендігін айтқан сөздермен аяқталады.Мәтіннің аумағы 280 жолдан тұрады.
«Қу бас» пен «Қисса-и Жұмжұмада», Аттар мен Хусам Катибтің шығармасы да лириканың жанрлық түрлері саналатын: таухид пен мадх (Алланың бірлігі мен оның ұлылығы); на’т (Мұхаммед пен оның сахабалары); шығарманы қандай да бір тұлғаға арнайтын дәстүрлі кіріспемен басталмайды.
Аттар мен Хусам Кәтибтің шығармаларының осылай басталу фактілері ортағасырлық шығыс әдебиетіне түгелдей және парсы әдебиетіне ішінара тән екендігі белгілі. Мысалы, Е.Э.Бертельс ХІ-ХІІ ғасырдағы Санаидің «Сайр алибад ил алмаад» («құлдардың қайтар орынға сапары») атты поэмасы жайлы былай дейді: «Бұл шығарма барынша өзгеше басталады. Барлық мадақтауды Мұхаммедке бағыштай отырып, ақын желге назар аударады: «судан тәжісі, оттан кестеленген гүл шоқтары бар патшаның шабарманы».
Сондай-ақ, мысалы, Хусам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтанында» өзінің қайырымды немесе қайырымсыз істерімен танылған баяғыда өмірден өткен тарихи тұлғалар мен құран кейіпкерлерін еске алу, адамдар үнемі басып жүретін жердің топырағы торқа екендігін суреттейтін әлемнің .... жайлы қиял-ғажайып ой-толғамдар «Қу бас» пен «Қисса-и Жұмжұма» мәтіндерінде кездеспейді. Бұлардың барлығы Аттардың «Жұмжұма-намасында» да жоқ. Екі шығарманың көптеген ұқсастықтарына қарамастан олардың мәтіндерінде сөздер, жолдар мен сөздердің орын ауысуы байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет