«Қубастың» қалай басталатынына назар аударайық:
Жарандар, иманыңнан күдер үзбе,
Айтайын осы мәселе енді сізге,
Пайғамбар тақсыр Ғайса бір күндері,
Сейіл құра шығыпты мидай түзге.
Ал "Қисса-и Жұмжұма" былай басталады:
Жігіттер, иманыңнан күдер үзбе,
Айтайын аз мысал енді сізге,
Бұрынғы өтіп кеткен ер Жұмжұма,
Қылыпты қамқоршылық бұрын бізге.
Хусам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» дастанына белгілі бір мөлшерде сопылық ілімнің элементтері енген. Кесілген баспен тілдесетін шығыс халықтарының ежелгі аңыздарымен байланысты сюжеттің болуы исламдық мәдениеттің, оның ішінде сопылық дәстүрдің бар екендігін көрсетіп отыр. Дастанның сюжеті аллегориялық негізде құрылған. Уақыт пен кеңістік қатынасындағы Жұмжұманың әрекетін символикалық деп қарауға болады. Бұл аллегориялық әңгімедегі Жұмжұма сұлтанның жүріп өткен жолдары, оның бәрінен айырылып, азап шегуі – сопылық жол. Оның символикалық уақыт аралығында көлденең, ерсілі-қарсылы жүруі (бұл өмірде ол 1000 жыл, о дүниеде 4000 жыл, одан кейін қайта осы өмірге келуі....) – Жұмжұманы ақыр соңында тазартуға, абсолютті күш Құдайға жақындатуға әкелетін рухани ізденістің күрделі жолдары іспетті. Автордың суреттеуі бойынша күнәһарларды азаптаудың түрлері бейнеленетін тамұқтың жантүршігерлік көріністері бір жағынан сопылық әдебиеттің жалғасы іспетті ақырзаман мен азаптау, күнәһарлардың тамұққа түсуі сияқты эпизодтармен қорқытады. Екінші жағынан бұл сурет жанды нәпсіден, қиындықтар мен жолдағы кедергілерден тазартатын сопылықтың іштей күресін бейнелеп тұр445.
ЕЖЕЛГІ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҚАҒАНДАР ОБРАЗЫ
Ұлы Дала өркениетінің жасампаздары, түркі халықтарының арғы ата тегі болып саналатын сақ, ғұн тайпалар одағы бүгінгі таңда адамзат тарихының сахнасында өзіндік өшпес ізін қалдырған ірі құбылысқа айналып отыр. Ата-бабамыз жүріп өткен көне тарих беттерін парақтаған сайын көшпелілер мәдениетінің өркениетті жолын, сол жолдан қалған ізін көреміз. Көшпелі өмір өркениетін жасаушылардың бірі болған ғұн тайпалық одағының, оның көрнекті қайраткерлері мен олардың ерлік, елдік тұрғыда атқарған игілікті істерінің олардың заңды ұрпақтарының бірі болған қазақ халқының рухани, тарихи, мәдени, әдеби өмірінде алар орны айрықша.
Батырлық пен ерлікті сүйіп, елдікті ту еткен көшпелілер мәдениеті бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жүрер бағытын айқындап, рухын асқақтатар, болашағын баянды етер бастау-бұлақ болғанын ешкімнің жоққа шығармасы анық. Көшпелілер мәдениеті деген сөзді жайдан-жай қолданып отырған жоқпыз. Өйткені халқымыздың арғы ата-бабалары болып табылатын ғұн тайпалық одағында өміршең өркениет болғандығын әр саладағы зерттеушілеріміз тарихи, археологиялық, экономикалық, философиялық, мәдени, тілдік, әдеби негізде дәлелдеп берген болатын. Осы орайда, ойымыз дәйекті болуы үшін белгілі түркітанушы ғалым, профессор Н.Келімбетовтің: «Қазіргі түркі халықтарының арғы ата-бабалары саналатын ғұндардың біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтың өзінде-ақ төл жазуы, әдеби тілі, жоғары мәдениеті, сан-салалы ғылымы, сәулет өнері, металл қорыту, қару-жарақ жасау кәсібі болғанын дәлелдейтін көптеген ғылыми еңбектер жазылды...»446,- деген ғылыми мәні бар тұжырымын тілге тиек еткенді жөн санап отырмыз.
Жетпіс жылдан астам уақыт бойы үстемдігін жүргізген кеңестік-тоталитарлық жүйенің саясаты қазақ халқының ұлттық сана болмысын өзінің уысында ұстап, ұлттық болмыс, ұлттық рух, тіл, діл, ұлттық сана болмысын қайнар бұлағынан ажыратқан еді. Жетпіс жыл үстемдік құрса да, мыңжылдықтардан жалғасып келе жатқан рухани құндылықтарынан аздаған уақыттың ішінде айырғандығын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Солақай саясат кесірінен көшпелілер өркениетін жабайылыққа теңеп, ондағы құндылықтар мәнісі жоққа шығарылып келді. Тұғырлы тәуелсіздігіміз орнап, еңселі егемендігімізге қол жеткізіп, болашағымызға асқақ сезім мен нық сеніммен қадам басқан кезеңімізде өткенімізді түгендеп, барымызды бағалайтын уақыт туды. Рухани құндылықтарымызды ұлттық болмыс негізінде бүтін-бірлікте қарастырып, жаңаша пайымдай білу – бүгінгі күннің талабы.
Өткенімізді болашағымызбен ұштастыра білу – мыңжылдықтардан жалғасып келе жатқан руханиятымызды келешегіміздің игілігіне жарата білу деген сөз. Олай болса, тарих сахнасынан өткен ұлыларымыз бен құндылықтарымызды жаңа көзқарастар тұрғысынан зерделей білу осы
мәселелерге жауап беретін жағдай деп білеміз.
Тарих бетінде өзіндік ізін қалдырған, елі мен жері үшін қасық қаны
қалғанша аянбай күресіп, туған елінің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруын басты мұрат тұтқан қайраткерлердің ерен еңбектері келер ұрпақ жадында мәңгілікке жатталмақ. Білге Бұдын, Аттила, Шыңғысхан тәрізді ел билеушілері туралы бізге жеткен мәліметтерді қарай отырып, олардың жеке және жауынгерлік ғұмырында өзара, өзіне дейінгі және өздерінен кейінгі ел билеген, қол бастаған қайраткерлермен өзара ұқсастықтарының бар екендігіне көз жеткіздік. Бұл олардың көрегендіктерін, көсем де шешен, батыр да батыл тұлғаларын аша түседі. Аталған тұлғалардың өмірі мен ерлік істерін, ел басқарудағы шеберліктерін, артына қалдырған нақыл сөздерін типологиялық тұрғыдан қарастыра келгенде, олардың барлығының бірін-бірі толықтырып, ата тарихымыздың бетіне айбындылық үстегенін анық танимыз. Ежелгі және орта ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалар Білге Бұдын Тәңірқұт, Атилла, Білге қаған, Күлтегін, Шыңғысхан сынды қаһармандардың өмірі мен қайраткерлік болмыстарын әдеби-тарихи негізде типологиялық салыстырмалы түрде зерттеу арқылы аталмыш тұлғалардың елдік мұратты басты орынға қойған ұқсастықтарына куә боламыз. Бұл ұқсастықты зерделеу үшін олардың өмірі мен күрескерлік, қайраткерлік жолдарын зерттеу нысанына алған отандық зерттеушілердің әдеби-тарихи негіздегі еңбектеріне сүйендік. Осыған байланысты, қайраткерлер ғұмырындағы типологиялық ұқсастықты екі топқа жіктедік. Біріншісі, тарихи шығармалар мен аңыз-әңгімелердегі, зерттеу еңбектер зерделеуіндегі, әр жылдарда сақталған жазба мәліметтер негізінде көрініс берген ұқсастықтар. Екіншісі, әдеби, көркем шығармалардағы белгілі қайраткерлер бейнесінің берілуіндегі ұқсастықтар.
Бұл типологиялық зерттеуде ғұн империясының билеушілері болған Білге Бұдын Тәңірқұт, Аттила және Шыңғыс хан бейнелеріне басым көңіл бөлінді. Аталмыш тұлғалардың өмірі мен ел басқару өнерінде көңіл аударарлық ұқсастықтар жетіп артылады. Зерттеушілер еңбектері мен сақталған аңыз-әңгімелер, мәліметтер негізіне сүйенсек, олардың үшеуі де өз кезінде ғұн империясының ерекше қанат жаюына үлес қосқан ел билеушілері. Үшеуінің де туған жылдары белгісіз, ал қайтыс болған жылдары белгілі. Аттила тәрізді Шыңғысхан да әкесінен ерте айырылады. Аттила билік басына 40 жас шамасында келсе, Шыңғысхан 41 жасында монғол халқын билеп, 45 жасында Ұлы хан дәрежесіне жетеді. Аттила шамамен 62 жыл өмір сүрсе, Шыңғысхан 66 жасқа жеткен. Екеуінің де ұланғайыр атырапқа билік еткені мәлім.
Қоғам қайраткері, білікті қағандардың жеке өміріндегі ұқсастықтың бірі олардың өлімі мен жерленуіне қатысты аңыз-әңгімелерде көрініс береді. Мәселен, Аттила туралы аңыздың бірінде: «Ол үш табытқа бөленді, біріншісі алтыннан, екіншісі күмістен, үшіншісі берік темірден шыңдалды»,-деп, оны жерлеу рәсімінің құпия түрде өткізілгендігін, ал оған куә болған адамдардың барлығының өлтірілгендігін айтады. Сондай-ақ, «Аттила дүниеден өткенде сол маңдағы өзенді тоқтатып, көсемдерін жерлегеннен кейін, үстінен әлгі өзен суын ағызып жіберген. Сондықтан әйгілі қолбасшының денесі қайда жатқанын ешкім білмейді»,-деген аңыз бар. Азияда ең алғаш біртұтас мемлекет құрушы, аса ірі мемлекет қайраткері Шыңғыс ханның жерлену рәсімінде де дәл осы сияқты аңыздар сақталған. Шыңғыс ханның моласы әлі күнге дейін белгісіз. Бұл туралы «Шыңғыс хан жаулап алған жерлердегі қатыгездігі үшін моласын қорлауы мүмкін деген оймен өз денесін ешкімге көрсетпей, белгісіз етіп қоюды талап еткен деседі. Ондай жағдай көшпенділердің тарихында болып тұрған. Әсіресе, хандардың, патшалардың, кісі ақысын жеп, елді зар еңіреткен байлардың молаларын бұзып, қорлаған жағдай ежелгі Моңғол, Қытай шежірелерінде айтылады»,-делінеді. Өте құпия түрде жерленген Шыңғыс ханның жерленуі туралы төмендегідей аңыздарды мысалға келтіруге болады: «Көп тараған аңыздың бірі - Шыңғыс ханның Бұрқан-Қалдұн тауының маңына жерленуі. Өзін жерлейтін жерді көзінің тірісінде өзі таңдап алған екен. Шыңғыс хан бірде аң аулап жүріп, жалғыз өсіп тұрған ағаштың түбінде демалып, жан-жағына мұқият зер сала қарап тұрып: «Осы жерге мені жерлейсіңдер, естеріңе сақтаңдар! Бұл жерге белгі қойылсын!», - дейді жалғыз өсіп тұрған ағашты нұсқап. Рашид-ад-Диннің мәліметі бойынша, ұлы хан өзі көрсеткен жерде жерленген дейді. Жерлеу рәсіміне қатысқан адамдардың барлығын қырып тастаған. Шыңғыс ханның өсиеті орындалды, оның денесінің Бұрқан-Қалдұн тауының қай жерінде екенін бүгінге дейін ешкім білмейді. Хан жерленген соң, ол жерге оқ атса өтпейтін қалың ағашты ну орман пайда болған». Келесі аңыз бойынша, «бір түрік қолбасшысы ханның денесін Моңғолияға жеткізіп, төрт жерден көр қаздырып, төртеуіне төрт табыт салып көмген. Ханның денесі қай табытта екенін ешкім білмеген. Сол жерден үйір-үйір жылқы айдатып, молалар жермен-жексен болып, әбден тапталған кезде, ал енді табыңдар дегенде, ешкім хан сүйегі жатқан жерді таба алмаған. Жерлеуге қатысқандардың барлығы өлтірілген. Кейін Хэнтэй жерінің біраз бөлшегін қасиетті деп жариялап, ол жерді басқан адамды қарғыс атады деп санаған. Бұл да Шыңғыс ханның моласын іздемесін деген мақсатпен таратылған аңыз болуы мүмкін»,-делінеді. Тағы бір аңыздағы мәлімет бойынша, Шыңғыс ханның денесі Онон өзенінің астында жатқан көрінеді. Өзен арнасын бұрып тастап, ханды жерлеп болғаннан кейін барып оны қайта өз арнасына жіберген. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның өлімі туралы құпия түрде қалдырады. Онда «... қайта соғысуға аттанып, таңғыт елін күйреткен соң, доңыз жылы (1227 жылы 7-айдың он екісінде Дөрмегей кентінде) Шыңғыс қаған көкке ғайып болады... Иесінің алтын табытын қазақ арбаға тиеп, бірақ денесін ғайып болдырып келгенде, Сөнідтің Гилігетей батыры былайша жоқтап жыр айтады»,-деген жолдарды кездестіреміз.
«Аттила» атты кітаптың авторы
Достарыңызбен бөлісу: |