2.“Тонико-темпоралдық” (шартты түрде) бағыт. VI-VIII ғасырлардағы руна жазбаларының жанрлық белгілерін айқындау барысында пайда болды. Түркологияда М. Малов, А. Н. Бернштам сынды ғалымдардың Орхон-Енисей жазбаларының өлеңдік сипаты туралы пікірлері себеп болып, жаңаша көзқарасты қалыптастырды. Өз тұжырымдарын олар өлең формалары мен элементтеріне мән берместен, тек ескерткіш жазбаларының мазмұнына талдау жасау арқылы негіздеді. Түрколог ғалым И. В. Стеблева да аталмыш «міндетті» теориялық тұрғыдан шешуге тырысты. Орхон-Енисей жазбаларының жекелеген бөліктерін ритмизациялауға және дыбыстық құрылымдауға, сондай-ақ өзіндік жоғары интонациялық стильдік қызметке бейімдеуге (сөз формаларының құрылымы, риторикалық сұрақтардың молдығы, қаратпалар, лепті сөйлемдер, аллитерация құбылысының болуы, «рифмоидтар», параллелизм, т.б., көне түркі сөз өнеріне тән түрлі көркемдеу тәсілдердің болуы ғалымдардың бұл мәтіндерге деген қарым-қатынасын айқындады және олардың өзгеріске ұшырауы мен поэтикалық трансформацияға түсуіне себепші болды. Ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің негізінде руникалық шығармаларды поэтикалық өлеңдер қатарына жатқызуға себеп болған негізгі белгілер анықталды. Ырғақтық құрылымын сипаттау кезінде музыкалық ритм заңдары қолданылған, ал өлең жазу тәсілі «тонико-темпоральды» тәсіл деп атап көрсетілді314. И. В. Стеблеваның зерттеу еңбектері басқа да түрколог ғалымдардың жұмыстарына әсер етпей қоймады, олар фольклорлық өлеңдерді зерттеу барысында олардың руникалық жазбалармен жалғастықта, өзара байланыста екендігін дәлелдеуге тырысты. Қырғыз әдебиетіндегі М. И. Богдановтың, А. Абдыраззаковтың еңбектерінде,қазақ әдебиетіне байланысты Ә. Қоныратбаевтың, X. Сүйіншәлиевтің, А. Қыраубаеваның, Н. Келімбетовтің, К. Өмірәлиевтың еңбектерінде және У. Туйчиевтің, А. Хайитметов және Б. Валиходжаевтің өзбек әдебиетіне арналған зерттеу жұмыстарында байқалады, тува әдебиетін қарастырған У. Дангактың ғылыми жұмыстары да қалай болғанда да осы ағымдағы көзқарасты ұстанады. Бұл орайда М. А. Унгвицкаяның еңбегін ерекше атап өткен дұрыс, ол Орхон-Енисей ескеркіштері тікелей фольклормен байланысты, бірінші кезекте, ондағы ән жанрына жақын, атап айтар болсақ, алтай халықтары арасында кең тараған халықтық жоқтау – «сыыттарға» (сыңсуға) келеді (мысалы, «Чанар-Хустың» әйелінің әні)315 – деген пікір айтады. М. А. Унгвицкая хакас өлең-жырлары мен руна жазбаларының формальдық элементтеріне жан-жақты тоқтала келе, олардың синтаксистік құрылымдарының арасында ұқсастықтар бар екендігіне назар аударған, олар параллелизмдердің қызметінің ықпалының нәтижесінде белгілі бір ырғақтық формаға түседі, мысалы:
Uс уаtmiш/ уаshimка // adiriltiм Аguk катun/ка//jarimka //аdiriltiм. (алпыс үш жасқа келген, мен Эгюк-Катун, туған жерден айырылдым). Немесе
Кок tан рigat киn, аг аzidim, Уаriма уita cizima аdiriltim
(көк аспандағы ай менен күннен айырылдым, жерімнен айырылып, өздеріңнен ажырап қайғы шектім)316. Нәтижесінде жазбалардағы келесі негізгі тәсілдер айқындалды: 1) рефрендер-эпифоралар, олардың атқаратын қызметі қайғы-қасірет, трагизм сезімдерін жеткізу; 2) синтаксистік параллелизмдер; 3) рифмдер мен рифмоидтар, өлең жолдарының ішінде немесе соңында қолданылған; 4) омонимдік рифмалар, мысалы, аdiriltiм- аdiriltiм; 5) рифмасы – ұйқасы жоқ, бірақ ритмге –ырғаққа келтірілген өлең жолдары317. Біз зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде М. А. Унгвицская атап көрсеткен поэтикалық элементтердің мәтіннің бүкіл өн бойында сақталмағандығына көз жеткіздік. Ғалым қолданған әдіснамалық тәсілдің негізін қалаған И. В. Стеблева. Осы көзқарасты якуттың «Олонхо» эпосының тілін зерттеуші ғалым Н. Е. Петров та жақтайды, ол эпостың түркілердің Орхон-Енисей жазбаларында жырлармен генетикалық байланыста екендігін дәлелдеуге тырысқан. Ол былай дейді: «халықтық өлең – жырлары сол халықтың әні мен музыкасының (сазының) негізінде пайда болғаны белгілі. Ауыз әдебиетіндегі өлең-жырлардың өлшемдері мен ырғақтары сол халықтың тіліндегі вокализмдердің (дауысты дыбыстар) дыбыстық жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты болды... Орхон-Енисей мәтіндері ежелгі батырлар жырының, яғни эпостық жырлар дәстүрінде жазылған»318. Көне түркі поэзиясын зерттеудегі үшінші бағытсиллабикалық принцип қызметі тұрғысынан алғанда өлеңнің генезисіне (тарихы мен жүйесіне) байланысты. Зерттеу жұмысының материалы ретінде түркі тектес тайпалардың халықтық өлеңдерінің көне формалары мен Махмұт Қашқаридың XI ғасырда жарық көрген «Диуани луғат ит түрік» атты шығармасының тілі алынды. Көптеген зерттеушілер оларды араб-парсы поэтикалық нормаларынң ықпалына ұшырамаған көне фольклор үлгілері деп таныды. Соған байланысты ол шығармалардың ритмикалық құрылымы тек силлабикалық жүйе заңдары бойынша айқындалып, түсіндіріледі. Әсіресе, осы бағытта зерттеу жүргізген Ф. Е. Корштың еңбектерін ерекше атап өтуге тұрарлық, ол көне түркі халықтықтарының өлең-жырларындағы силлабикалық принципті зерделей келе, 7 және 11 бунақты өлеңдерді мысалға келтіреді. Сонымен бірге өлең жолдары ішіндегі ритмикалық ырғақ құрылымдарына В. Радлов, А. Самойлович және Т. Ковальскийлер де баса назар аударды. К. Брокельман еңбектерінде де көне түркі мәтіндерінің силлабикалық сипаты сараланған, ол «Диуани луғат ит түрік» шығармасының тілін зерттеу барысында шығарманың бір бүтін строфикалық құрылымында салыстырмалы түрде күрделілігі жағынан әр түрлі ырғақтағы өлеңдер қамтылғанын атап көрсетеді319. А. Поцелуевский силлабизм теориясын таза өлеңтану тұрғысынан дамытуға тырысты, ол 7 бунақты өлең көне түркі өлеңдерінің негізгі формасы екендігін дәлелдейді. Оның пікірінше, Ахмед Яссауидің «Хикметінде» (XIII ғасыр) бұл өлшем екі есе көбейіп қолданылған. Көне түркі өлеңдерінің ырғақтық негізін зерттеуге итальяндық түрколог ғалым А. Бомбачи маңызды қадам жасаған, ол «Бал ашу» кітабы мәтінінің просодикалық құрылымын жан-жақты зерттей отырып, бұл кітаптың прототипі көне қытай тіліндегі «И-цзин», олардың ритмикалық формулаларын анықтауға тырысқан320 және көне түркі өлеңдерінің табиғатына силлабикалық сипат тән деген пікірді ұстанады. Ғалым просодияларды талдау негізінде өлеңнің ритмикалық сұлбасында ассиметриялық құбылыстардың бар екендігін айқындады. А. Бомбачидің ең басты жетістігі – ол алғаш рет көне түркі өлеңдері мәтіндерінің ырғақтық-ритмикалық құырылымы әр алуан болып келетіндігін ашып берді. Осыған байланысты ғалым: «просодия формаларын талдау олардың өлшемдерін нақтылы екі түрге жіктеуге мүмкіндік береді: 1) тұрақты өлшемдері жоқ, өзгермелі буындардан тұратын ұйқастар; 2) нақтылы өлшемі бар 7 бунақтан тұратын ұйқастар, ондағы жолдар 4+3 формуласы бойынша синтагмаларға бөлінеді321. Сонымен қатар, ғалым фольклорлық өлеңдерді жазба өлеңдерге қарсы қоймайды. Біздіңше, А. Бомбачи жіктеп көрсеткен 1 тип көне түркі поэзиясындағы жазба өлеңнің пайда болуымен, дамуымен және аллитерациялық өлеңдердің пайда болуына байланысты айтылған. Бұл, әрине, түркі поэзиясының көне жүйесінде канондық өзгерістердің пайда болуымен тікелей байланысты. Ал екінші тип, тікелей фольклорлық жырларға қатысты айтылған. А. Бомбачидің көне түркі өлеңдері туралы тұжырымдамасын неміс түркологы А. фон Габен жалғастырды. Үнді-еуропа тілдерінің де және көне түркі әдебиетінің де маманы болғандықтан, ол бүкіл түркітілдік будда әдебиеті мәселелерін салыстырмалы-тарихи тұрғыдан жан-жақты зерттеп, айтарлықтай табыстарға жетті322. Зерттеуші Идикут мемлекеті кезіндегі көне ұйғыр халқының бесік жырларында көп бунақты өлең формасының ізі байқалатындығын айтады. Ғалым фольклорлық шығармаларда силлабикалық ритм үрдісінің орын алғанын айқындаған, сонымен қатар ол сол кездегі өлең-жырларда «ретті цензура сақталмаған, (термин А. Бомбачи) аллитерация типтері кең қолданған» деген болжам айтады және бұл құбылысты өлеңдегі басқа көркемдік принциптермен байланыстырады323. Бірақ ғалым көне түркі өлеңдеріне қатысы бар аталмыш принциптерді терең зерттеуді мақсат етпейді. Бұл мәселе – түркітану ғылымында әлі де бірізге түспеген, өз шешімін таппаған мәселелердің бірі. Оны дер кезінде шешу түркі өлеңдерінің генезисіне қатысты көптеген мәселелердің басын ашуға ықпел етер еді және түркі өлеңдерінің шығу тарихына қатысты қате пікірлердің қалыптасуына жол бермес еді. Бұл бағытта зерттеу жүргізген атақты түрік ғалымы Р. Арат, ол Бомбачи мен А. фон Габеннің идеяларын жалғастыра отырып, көне түркі өлеңдерінің строфикалық және просодикалық құрылымын жан-жақты талдады, сондай-ақ мәтіннің құрамындағы тармақтық және дыбыстық бірліктер қызметінің ерекшеліктерін айқындап көрсетті. VIII-XIII ғасырлардағы исламнан тыс, исламдық мазмұндағы емес көне ұйғыр поэзиясының бунақтық сипаттарына мән бере отырып, өлең формаларының өзгеруі, дамуы ең әуелі ырғақты өлең құрумен байланысты деген тұжырым айтады. Дәл осы көзқарас ғалымның көне түркі өлеңдеріндегі аллитерациялық қайталамаларды рифмалық формадан өзгеше жеке өлең жүйесін құрап тұрған ерекше құбылыс ретінде қарауына мүмкіндік бермеді324. 60-шы және 70-ші жылдары Орта Азия, Поволжье, Сібір түркологтарының өлеңтануға арналған көптеген еңбектері жарық көре бастады, олар тек дәстүрлі жүйені қарастырып, оларды дедуктивті әдіс арқылы зерделеп қана қойған жоқ, сондай-ақ олардың шығу тарихына, көнетүркілік өлеңдердің құрылымына (жалпы барлық түркі) техникалық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып заманауи ғылым тұрғысынан жан-жақты зерттеулер жүргізді. Бұл кезеңдегі ғылыми еңбектердің ішінде ұйғыр поэзиясы материалдарына арналған М. Хамраевтің іргелі зерттеулерін, өзбек поэзиясын зерттеуге арналған У. Туйчиевтің, қазақ поэзиясын қарастырған 3. Ахметовтың еңбектері, түркімен поэзиясына арналған А. Атдаев пен Р. Реджеповтің, қырғыз поэзиясына байланысты К. Рысалиев пен А. Керимжанованың, X. Усманов пен М. X. Бакировтың – татар поэзиясына, Н. Н. Тобуроковтің – якут поэзиясына арналған ғылыми еңбектерін айрықша атап өткен жөн. Олардың барлығы да силлабикалық принциптің жалпы түркі поэзиясына ортақ негізгі принцип екендігін айтады. Әйгілі ғалым академик Зәки Ахметов те осы бағытта өнімді еңбек етті, ол қазақ филологиясындағы үш бірдей бағыттың: формальды-структуралық /кеңестік дәстүрде/, салыстырмалы-тарихи зерттеулер және диалектикалық поэтика өкілі болған еді.
КСРО ғылымындағы формальдық-структуралық бағыттың көрнекті өкілі және әйгілі өлеңтанушы ретінде ол түркі халықтарының силлабикалық өлең-жырлары мәселелеріне баса назар аударды. Ғалымның «Қазақ өлеңдерінің құрылымы» (1970), «Қазақ өлеңі теориясының негізі (2002)» атты көпшілікке танымал еңбектерінде ХХ ғ. соғыстан кейінгі жылдарда жарық көрген В.М. Жирмунский, И. В. Стеблева, М. Хамраев, К. Рысалиев, Х.Османовтардың еңбектерінде көрсетілген «түркі силлабикалық өлеңдерінің теориясына» қатысты бірқатар идеялары айтылған. Ол қазақ поэзиясындағы формальдық категориялар жөнінде іргелі зерттеулер жүргізді, ол еңбектерде структуралық әдіс те тыс қалған жоқ. 1960–1970 жылдары қазақ поэзиясының просодикалық заңдылықтары мен белгілерін негізге ала отырып, З. Ахметов өлең құрылымының мүлдем жаңаша тұжырымын қалыптастырды, ол И.В. Стеблеваның тонико-темпоральды теориясынан және Х. Усманның түркі өлеңінің екі ырғақты табиғи жүйесінен өзгеше болды. Аталмыш еңбектер Зәки Ахметов есімін ХХ ғасырдағы кеңестік формальды мектептің Ю.Тынянов, А. Веселовский, Л. Тимофеев, Б.Томашевский, В. Жирмунский, М. Гаспаров сынды көрнекті өкілдерінің есімдерімен қатар қойды. Түркі өлеңдерін зерттеуші барлық дерлік ғалымдар оның түркі өлеңінің жалпы теориясын зерттеуде сіңірген еңбектерін мойындады, автордың еңбектері өлең үзінділеріндегі (өлең жолдарындағы) изосиллабизм принципіне негізделді. Бұл бүгінгі түркология ғылымындағы әлі күнге құндылығын жоймаған, маңызды зерттеулердің бірі болып табылады. Академик З. Ахметов өзінің әдеби-сын және әдебиеттануға арналған еңбектерінде өлеңдегі буындардың өзара тең дәрежелілігі принципі ескерілмей қалатындығын жиі ескертіп өткен. Ғалым: «қазақ өлеңдері жүйесіндегі силлабиканың табиғаты төңірегінде әлі де айқындауды қажет ететін даулы аспектілер жетерлік. Және оны түрлі, тіпті кейде қарама-қарсы көзқарастарды басшылыққа ала отырып анықтаған жөн» деген тұжырым айтады. Орыс және қазақ-түрік поэзиясын зерттеген В. Радлов, Ф. Корш, В. Виноградов, Л. Тимофеев, Б. Томашевский, А. Байтұрсынов сияқты атақты ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, ғалым ұлттық поэзиядағы шартты түрде иззоритмикалық және иззосилабикалық деп түрде атауға болатын өлең құрылымының жүйесі туралы тұжырымдамасын ұзақ уақыт бойы жетілдіріп, дамытып отырды. Себебі, әдебиеттанушы ғалымның пікірінше, өлең құрылымындағы дауыстылар мен дауыссыздардың түсіп қалу құбылысы орын алып отырады да, соның әсерінен ритмикалық бірліктердің шекаралары жылжып отырады. Ол онтологиялық әдіске сай өлең құрылымын «тарихи дамып отыратын көркем әдебиет тәжірибесімен байланыста қарайды, себебі, өлең құрылымының көптеген ерекшеліктері, оның дамуын сипаттайтын үдерістер әдебиеттің жалпы даму заңдылықтарымен тығыз байланыста болады. Ғалым өлең құрылымын өзгермейтін құбылыс ретінде емес, үнемі дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс ретінде қарастырады. Бұл тұрғыда автор: «жалпы алғанда өлең құрылымы үнемі дамып, өзгеріп отыратын үдеріс». Бірақ өлең құрылымының түрлі қабаттарындағы өзгерістердің қарқыны мен сипаты бірдей емес, өлең жүйесін құрайтын қабаттар арасында ең тұрақтысы оның құрылымы мен негізгі ритмикалық принциптері» деген пікір айтады.
З. Ахметов ұлттық өлеңді дамытудағы Абай шығармаларының тарихи рөлін жоғары бағалайды. Ол Еуразияның ұлы ойшылының шығармаларына ғылыми тұрғыдан талдау жасау ақынның жеке шығармашылығын түсінумен қатар, қазіргі заманғы поэзияда көкейкесті мәселелердің бірі болып саналатын қазақ әдебиетіндегі новаторлық өлеңдердің табиғатын зерделеуге мүмкіндік береді деген тұжырым жасаған.
З. Ахметовтің ғылыми зерттеулерінде ұлттық поэзиядағы формальдық категориялардың маңызды бағыттарының бірі ретінде түркі халықтарының өлеңдерінің тілін салыстыра отырып зерттеуді ұсынған. Бұл зерттеулер тек қазақ филологиясы ғылымына ғана емес, сонымен көптеген түркі халықтарының мәдениетінің даму тарихына зор ықпал етті. Ұлттық өлең құрылымындағы ритмика принциптерінің ғылыми жүйесін жасаған да - З. Ахметов, ол өлең тілінің жалпы ритмикалық табиғатын зерттеу негізінде силлабикалық өлең жүйесіне жататын қазақ өлеңдері құрылымының негізгі қағидалары мен ережелерін айқындауға болатынын атап көрсеткен. «Өлең құрылымы қандай да да бір тілдің жалпы құрылымы мен жүйесіне байланысты болады. Осыдан поэтикалық формалардың ұлттық болмысы көрінеді» - деп жазды академик. «Өлеңнің құрылымы қаншалықты ерекше, өзгеше болғанымен, бұл құрылым қандайда бір тілге тән болады және ұлттық сөйлеу тілі формаларынан тыс жерлерде қайталанбайды. Поэзияның ұлттық өнер формасына жататын себебі де сондықтан»325.
З. Ахметов «қазақ өлеңдері құрылымының ерекшелігі оны қандай да бір басқа өлең жүйелеріне қарама-қарсы қоюға негіз болмайды» деген пікірді ұстанады. «Әр түрлі халықтардың поэзиясындағы өлең құрылымдарының ерекшеліктері поэтикалық мәдениеттердің өзара қарым-қатынасына кедергі келтіреді деп түсінбеу керек. Қазақ өлеңдері тек силлабо-тоникалық және тоникалық жырлар тәжірибелері арқылы ғана байыған жоқ, сонымен қатар басқа халықтардың поэзиясында кездесетін силлабикалық өлең түрлерімен де байыды».
Жоғары эрудициялылығы мен үлкен ғылыми потенциалының арқасында З.Ахметов қазақстандық тарихи-салыстырмалы зерттеу мектебінің теориялық негізін қалады, бұл салаға анағұрлым тарихи – диалектикалық әдісті енгізді. З. Ахметовтың силлабика өлең бойынша ғылыми еңбектерінің маңызы зор және олардың түркі әдебиетіне тигізер әсері ерекше. Ол қазақ поэзиясының қоғамдағы рөлі арту үшін оның зерттелу барысына бағыт-бағдар беріп қана қойған жоқ, 1970-1980 жылдарда және тәуелсіздік алған жылдары бірқатар жас өлеңтанушы ғалымдардың ұстазы, тәлімгері болды. Академик З.Қабдолов З. Ахметовты «ең терең ойлы әдебиеттанушы» және «сезімтал филолог» деп баға берді.
Силлабика бағыты бойынша, әсіресе, А. М. Щербактың түркі поэзиясының просодикалық типологиясы туралы айтқан болжамдарының әдебиеттану ілімі үшін маңызы ерекше, ол И. В. Стеблеваның көне түркі өлеңдерінің ритмикалық негізі жөніндегі тұжырымдарын теріске шығарды. Ғалымның пайымдауынша «Қандай да бір өлең құрылымының – тоникалық, квантитативтік, силлабикалық немесе силлабо-тоникалық принциптері әдетте тарихи немесе тілдік жағдаяттарға байланысты айқындалады. Себебі, тарихи жағдайлар бірқатар түркі халықтарының поэзиясына квантитативтік өлең өлшемдерінің (аруз) енуіне ықпал етті. Екінші жағынан, таза тілдік факторлар – екпіннің шамасынша бірқалыпты болып келіп, сөздің соңына түсуі, яғни екпіннің бір буыннан екінші буынға ауысып отырмайтындығы түркі халықтарында силлабикалық өлеңдердің дамуына қолайлы жағдай туғызды. Өлең құрылымының тоникалық жүйесіне келер болсақ, оны қолдану үшін көне түркі халықтарында тарихи да, тілдік те жағдайлар, яғни факторлар болған жоқ, сол себепті біздің «көне ұйғырдың халықтық өлеңдері қазіргі заманғы өлеңдері сияқты силлабикалық сипатта болды деп есептеуге құқымыз бар және олар изосиллабикалық жолдар принципімен жазылғандығымен және әрбір жолдың ішіндегі ритмикалық бөліктердің қайталанып келетіндігімен ерекшеленеді326. Экспериментальды-фонетикалық мектептің өкілдері (оның негізі Л. В. Щерба атындағы ЛМУ жанындағы лабораторияда қалыптасқан болатын), өздерінің зерттеу жұмыстарындағы мәліметтерге сүйене отырып, фольклорлық және жазба поэзияның өлең тіліндегі формальды бірліктердің қызметінің ерекшеліктерін негіздеуге тырысты. Олар фольклорлық тәжірибеде көп бунақтылық принципі көп жағдайда өлеңнің өмір сүру формасына қатысты болатындығын және халық өлеңдеріндегі аллитерация заңдарына тәуелді екендігін дәлелдеген. Әдеби және жазба өлеңдерде бұл жағдай түбегейлі өзгереді, себебі, жазбаша өлеңдердің мәтіндерінде принцип изосиллабизма және изохрондық принципі кең қолданылады327. Генезистің силлабикалық теориясын жақтаушылар мен көне түркі өлеңдерінің құрылымдық ерекшеліктері келесі күрделі мәселелердің туындауына ықпал етті. Біріншіден, олардың ғылыми болжамдары мен ритмико-синтаксистік параллелизм теориясы арасындағы қайшылықтар, ал соңғы жылдары аллитерациялық өлеңдерге қатысты қарама-қайшы пікірлер орын ала бастады. Екіншіден, ритмикалық құрылымдық типтері әртүрлі гетеоморфты мәтіндердің кездесуі зерттеу міндеттері мен мәселені шешу жолдарын күрделендіре түсті. Мысалы, ритмикалық құрылым қызметі тұрақсыз мәтіндер көне түркі өлеңдерінің силлабикалық сипатын жоққа шығарады, сондай-ақ араб-парсы өлең құрылымы белгілері байқалатын ашық және жабық буындар кезектесіп келетін мәтіндердің кездесетінін теріске шығарды. Көптеген фольклористер XIX – XX ғасырлардағы халық ауыз әдебиетіндегі шығармаларға сүйенді де, VII – XIII ғасырларда пайда болған көптеген мәтіндер зерттеу аясынан тыс қалып қойды. Түркі өлеңтануындағы төртінші бағыт көне түркі өлең құрылысы жүйесіндегі аллитерациялық қайталамалардың қызметін жан-жақты ашуға тырысты. Соның нәтижесінде көне түркі өлең-жырларындағы аллитерация құбылысы тек инструменттік фактор ретінде қызмет атқарып қана қоймайтындығы және өлең құраушы композициялық өлшем ретінде ғана емес, өз бетінше өлең жүйесін құрайтын қызметі бар екендігі айқындалды. Түркі өлеңдеріндегі аллитерация құбылысын алғаш болып байқаған поляк ғалымы Т. Ковальский мен танымал түрколог ғалым В. В. Радловболды. Олараллитерацияның өзіндік ерекшелігін ашып көрсетті және оны өлеңнің дыбыстық құрамы ретінде қарастырды. Олардың ізін жалғастырушы алтай тілдерінің маманы, атақты неміс ғалымы Г. Дерфер328 аталмыш мәселені әрі қарай зерттеді. Ол түркі өлеңдеріндегі аллитерация өзге тілдік поэтикалық құбылыс ретінде қызмет атқарады, ол түркі халықтарының поэзиясына моңғол басқыншылығы кезінде енуі мүмкін деген болжам айтты. Бірақ академик В. М. Жирмунский 329 мен зерттеуші ғалым А. А. Леонтьев330 оның түркі поэзиясында аллитерацияның пайда болуы туралы пікірін сынға алды. Пікірталас кезінде олардың өздері де бірқатар бұлыңғыр тұжырымдар айтты: Біріншіден, көшпелі халықтар поэзиясында аллитерация құбылысы моңғол шапқыншылығының әсерінен пайда болғандығы таң қаларлық жайт, бірақ бұл шындық. Бірақ тіпті бұл поэтикалық тәсіл ретінде моңғол өлеңдері үшін де тосын құбылыс. Моңғол поэзиясының өзіне ол сол түркілер арқылы енген, яғни ұзақ жылдар бойы үнді-будда мәдениетінің ықпалында болған Идикут ұйғыр мемлекетінің ықпалымен келген. Сондықтан, В. М. Жирмунский мен А. Леонтьевтің сыни пікірлеріне қарамастан, негізінен Г. Дерфердың аллитерацияның генезисі туралы пікірі қате болса да, аллитерацияның әрі қарай кең өріс алуына моңғолдардың тигізген ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Екіншіден, егер аллитерация И. В. Стеблева айтқандай Орхон-Енисей жазбаларында кездескен десек және В.М Жирмунский Г. Дерфердің пікірін осыны негізге ала отырып теріске шығарған болса, онда, біздіңше, ол поэтикалық тәсіл ретінде қолданылмаған, тек мәтінде жалпы тілдік фактор ретінде ғана қосымша қызмет атқаратыны назарға аламыз. Ғалым А. М. Щербак та түркі поэзиясындағы аллитерация құбылысына назар аударған. Ол түркі поэзиясындағы аллитерация құбылысына функционалдық тұрғыдан жан-жақты сипаттама береді және оның ішкі құрылымдық қасиеттерін көрсететін келесі типтері мен ерекшеліктерін жіктеп көрсетеді: а) сөздік аллитерация, онда белгілі бір сөздер жеке ритмоблоктық топ құрап, өлең жолдарында симметриялық түрде қайталанылады; б) «этимологиялық фигуралардың» қайталануы (М. Жирмунский енгізген термин), яғни түбірлес сөздердің немесе олардан туындаған анафоралық негіз сөздердің бастапқы бөлігінде кездесетін аллитерациялар; в) бастапқы дыбыстық қайталамалар, олар аллитерация кезінде строфикалық композициядағы жекелеген дыбыстар болып табылады. А. М. Щербактың бұл классификациясын көптеген түркі поэзиясын зерттеуші ғалымдар айтарлықтай өзгерістер енгізбестен басшылыққа алады. Сонымен қатар, біздіңше, ғалымдар «алғашқы аллитерациялар мен рифмалар екеуі тең дәрежеде түркі өлеңдеріне тән» деген қате көзқарастар айтқан331. Мәселеге бұл тұрғыдан қарау өлеңнің құрылымдық өлшемдері мен аллитерациялық сипаты арасындағы айырмашылықтарды жоққа шығарады, сол арқылы бір өлең жүйесінен екінші жүйеге ауысу фактісін жоққа шығарады. Е. Д. Поливановтың түркі өлеңдеріндегі аллитерацияның генезисі мен фонологиясы мәселелеріне арналған зерттеу жұмыстары аллитерациялық өлеңдер теориясын дамытуға үлес қосты332. Ол төмендегідей болжамдар жасады: а) аллитерация канондық поэтикалық құрал болып табылмайды; ол көне түркі тіліндегі фонологиялық консерватизм әсерінен пайда болды және дамыды; б) түркі поэзиясындағы аллитерация – бөгде құбылыс, ол моңғол поэзиясы ықпалының жемісі; в) өлеңде аллитерацияның қолданылу реті ондағы екпінге байланысты болады. Ғалым көне түркі өлеңдері лингвистикалық тұрғыдан қос полюсті акцентуация заңдылықтарына бағынатындығына көз жеткізді және оның себебі синтаксистік позицияның әсерінен екпіннің жылжымалы болуы немесе соңғы буыннан алғашқы буынға ауысуында және түбір сөзге ерекше семантикалық салмақ түсетіндігінде333. Зерттеушілер аллитерацияның анафоралық екпінмен үнемі тығыз байланыста болатындығын негізге алады. Бірақ В. М. Жирмунский мен А. А. Леонтьев бұл тұжырыммен келіспейді. Олардың пікірінше, түркі өлеңдеріне моңғолдық әсер болды деген болжам шындыққа онша жанаспайды, себебі «мәдени және тілдік элементтер керісінше, түркі тілінен моңғолға ауысқан»334. Екіншіден, ғалымдардың болжамы бойынша аллитерацияның кеңінен өріс алуы прото-түркілік екпінге ғана байланысты емес, ең әуелі, қосөлшемдік өлең құрылысын тудыратын335 ритмико-синтаксистік параллелизмге байланысты болмақ336. Түркі өлеңдеріндегі аллитерация стилінің өріс алуы жоғарыда аталған құбылыстарға ғана байланысты емес, сонымен қатар, өз алдына жеке өлең жүйесінің қалыптасуында маңызды рөл атқарған, көне үнді әдебиетінің поэтикалық тәжірибесін енгізген тарихи жағдайларға да байланысты екенін атап өткен жөн. Отандық және шетелдік түрколог ғалымдар, атап айтар болсақ, А. Бомбачи337, А. фон Габен338 және М. Рясинен339 көне түркі өлеңдерінің өзіндік сипаты мен табиғаты аллитерациялық дыбыс үйлесімділігіне байланысты түсіндіреді. Сонымен қатар олар аллитерация құбылысын рифма тұрғысынан неғұрлым көне поэтикалық әдіске жатқызады, бірақ оның көне түркі тіліндегі просодия құбылысының ерекшелігіне ғана емес, сондай-ақ екпіннің сипатына байланысты пайда болғандығын деп атап өткен. Ғалымдар көне дәуірлердегі Шығыс Түркістан ұйғырларының поэтикалық мәтіндерінің негізінде жолдар аралық және тізбектік аллитерациялық қайталамалардың ерекшеліктерін айқындаған. Өкінішке орай, А. Бомбачи, А. фон Габен, М. Рясиненнің еңбектерінде бұл мәселеге аз орын берілген, олар мақсаты басқа болғандықтан жан-жақты зерттеулер жүргізген жоқ. Аллитерациялық өлеңнің генезисін арнайы зерттеген – түрік ғалымы Шинас Текин340,341. Зерттеушінің пікірінше өлең құрылысының аллитерациялық жүйесі қарапайым параллелизмдер дамуының нәтижесінде қалыптасқан. Әдетте, мұндай параллелизм түрлері фольклорлық өлеңдерде кездеседі. Шинас Текин көне түркі өлеңдеріндегі аллитерация құбылысының дамуын бірнеше кезеңдерге бөліп қарастырады. Көне түркілік аллитерацияның ең көне түрі сөздердің тавтологиялық қайталануы болып табылады, олар көне афоризмдерде кездеседі. Түрлі өлшемдегі мәтіндерді, атап айтар болсақ, «Ирг битиг», «Кодекс комманикус» сынды мәтіндерді, салыстырмалы түрде зерттей келе ғалым ритмико=синтаксистік параллелизм заңдары көне түркі поэзиясында аллитерация құбылысының пайда болуына әсер етті деген пікірді ұстанады. Ол түрік ғалымы А.Тиетзенің әдіснамалық нұсқауларын дамыта отырып, көне түркі поэзиясында аллитерацияның өлең жүйесі ретінде қалыптасуына халықтық өлең формаларының ықпалы болғандығын айтады342. Өкінішке орай, Шинас Текин көне ұйғыр халқының аллитерациялық өлеңдерінің сыртқы белгілеріне ғана назар аударып, ішкі құрылымының күрделілігін ескермеді. Біздіңше, бұл поэтикалық феноменді басқа халықтардың поэзиясындағы аллитерациялық ерекшеліктермен жан-жақты салыстырғанда, көне түркі поэзиясындағы аллитерациялық өлең жүйесіне нақтылы анықтама беруге болар еді. Аллитерацияны таза түркі халықтарына тән құбылыс деп қарайтын ғалым, басқа да зерттеуші ғалымдар сияқты, Г. Дюрфердің бұл құбылысты түркі тіліне моңғол тілінен енген деген болжамын жоққа шығарады343. Бұл бағыттағы түркологтар аллитерацияны көне түркі поэзиясының дыбыстық құрылымының маңызды элементі ретінде басқаша қырынан қарады. Егер бұрын оны тек бір бүтін нәрсенің ішкі бөлшегін сипаттайтын дыбыстық қайталамалар ретінде, яғни «фонетикалық өзгерулер» (Ф. де Сосюр қалыптастырған термин) ретінде қарастырса, түркі поэзиясының дамуының нәтижесінде ғалымдардың аллитерацияға деген көзқарастары өзгере бастады. Осы жағдай аллитерацияға байланысты айтылған көптеген ой-тұжырымдарды басқаша қарауды қажет етеді. Фонетикалық аллитерация мен ритмикалық құрал түріндегі аллитерациялардың ара жігін ажырата отырып, түрколог ғалымдар аллитерацияны біртұтас өлең жүйесі тұрғысынан қарауды жөн көреді. Міне, түркі өлеңтануында теориялық маңызы зор осындай мәселелер И. В. Стеблева, В. М. Жирмунский, М.Унгвицкая, Г. М. Васильев, Н. Н. Тобуроков, X. А. Короглы, И.Альтман, А. Е. Мартынцев т.б. сынды атақты ғалымдардың қызығушылығын тудырған. Түркі өлеңтану ғылымының қорын құрайтын көптеген теориялық еңбектер мен мақалалардың ішінде И. В. Стеблеваның еңбегін ерекше атап өткен жөн, ол көне түркі халықтарының аллитерациялық жырларының тонико-темпоральдық ритмикалық табиғатын жүйелі түрде қарастырған. И. В. Стеблева түркі жырларына ғылыми талдау жасай отырып, түркі өлеңдерінде аллитерация құбылысының өріс алуына тонико-темпоральдық принциптің ықпал еткендігін дәлелдейді. Руна жазбаларының мәтіндерін зерттеп, зерделеудің нәтижесінде ғалым төмендегідей тұжырымдар жасаған: а) көне түркі өлеңдеріндегі аллитерациялық жүйе олардағы «үш буынды ұйқасқа» негізеледі344;
б) аллитерациялық жүйенің генезисі түркі тілінің агглютинативтік құрылымына байланысты анықталады345;
в) көне түркі жырларындағы үш буынды шумақтың екпіні (икт) аллитерация арқылы күшейеді, өлеңнің басында ритмикалық қызмет атқарады;
г) аллитерацияның ұйқастық қызметі рифманың қызметіне ұқсас келеді; бұл аллитерацияны тек өлең құрылымы тұрғысынан ғана емес, өлең өлшемі тұрғысынан да қарастыру, атап айтсақ оның шумақтағы орны тұрғысынан қарау қажет екендігін көрсетеді.
д) аллитерациялық жүйеден рифмалық жүйеге өту көне түркі өлеңдеріне тән сипат, бұл «көне түркі әдебиеті тарихында жаңа дәуірдің басталуына байланысты бүкіл «әдеби-эстетикалық кешеннің өзгеруінің» әсерінен орын алып отырған құбылыс»346.
Соған сәйкес, зерттеушілердің пікірінше бір жүйеден екінші жүйеге ауысу араб-парсы поэтикасының әсерінен болған құбылыс347. Аллитерациялық өлең жүйесі теорясын И. В. Стеблева ұсынған тонико-темпоральдық көзқарасы тұрғысынан қалыптастыру лингвистикалық құбылыстар мен факторларды еркін қолданғандықтан, ғалымдар тарапынан қолдау таппады. Оның тұжырымдарын В. М. Жирмунский қатаң сынға алып, оның негізсіздігін, шындыққа жанаспайтындығын дәлелдеді348. Дегенмен, біздіңше, «тонико-темпоральдық» тұжырымының әдіснамасының өзі қызығушылық тудырады. Ғалымның Орхон-Енисей жазбаларын поэтикалық шығарма ретінде қарастырған қате көзқарастарына қарамастан, оның ғылыми зерттеулері көне түркі мәтіндерінің фонетикалық, лексикалық және синтаксистік сипаттарын ашуға ықпал етті, сол арқылы әр түрлі шығармаларды салыстырмалы түрде зерттеуге жол ашты. Белгілі бір дәрежеде ғалым еңбектерінің өзі басшылыққа алған басқа ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен байланысы барлығы байқалады. И. В. Стеблева музыкалық теорияның жақтаушысы ретінде музыка заңдылықтарын өлең талдау барысында қолдануды әдіснамалық тұрғыдан дұрыс деп түсінеді. Өлеңтану ғылымындағы музыкалық теорияның тарихы тереңде жатқандығы белгілі. Орыс ориенталистикасында бұл теория Ф.Е.Корштың тұжырымдарымен байланысты, В. М. Жирмунский Корштың өз зерттеулерінде Р.Вестфалдің еңбектеріне сүйенгендігін,349 содан соң А. Хойслер мен С. Гюйярдың теориялық пікірлеріне жүгінгендігін орынды атап өткен350. Архаикалық өлең ұйқастарындағы диподияларды өз кезегінде музыкалық теорияны жақтаушылар, атап айтар болсақ, С. Гюйяр қалыптастырған, көне түркі жырларына қатысты бұл идеяны қолдап, әрі қарай дамытқан Е. Д. Поливанов және В. М. Жирмунский аздап жалғастырған, ал аталмыш теорияны толыққанды нұсқасын ұсынған сол И. В. Стеблева. Оның «бұрынғы кезеңдерде түркі поэзиясында аллитерациялық жүйенің қалыптасуы заңды құбылыс, себебі ол – өлеңнің ритмикалық құрылысы, яғни өлең құру жүйесі болғандықтан қажет етеді”351 деген тұжырымы өте орынды айтылған және оны салыстырмалы тұрғыдан жан-жақты қарастыру қажет. И. В. Стеблеваның еңбектеріне сүйене отырып түркі өлеңдерінің даму тарихындағы сапалық және сандық өзгерістерге жан-жақты статистикалық және салыстырмалы талдау жасау арқылы нақтылы және шынайы мәліметтер жинақтамайынша, көне түркілік жыр жүйесіндегі өлең тілінің өзіндік ерекшеліктері мен белгілерін айқындау, нақтылы нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес екендігін түсінеміз. Сөйтіп, И. В. Стеблеваның теориясы, автордың кейбір қате пікірлеріне қарамастан, көне түркі өлеңдерін зерттеу әдіснамасын және оның просодикалық, ырғақтық және дыбыстық құрылымын анықтауға жол ашатын маңызды еңбек болып табылады. Алтай және Сібірдегі түркі тектес халықтардың поэзиясын зерттеуші ғалымдар аллитерациялық өлеңдердің теориялық негізін жасауға өзіндік үлес қосты. Олар «аталмыш аймақтағы халықтардың поэзиясына бөгде елдердің поэзиясы ықпал еткен жоқ, сондықтан олардың жырлары өзінің архаикалық сипатын сақтап қалды деген» – пікір айтады. Осы орайда, Г. М. Васильевтің якут жырлары жөніндегі еңбегін атап өтуге болады, онда автор поэзияда аллитерацияның түрліше қолданылу ретін қарастырады. Зерттеу барысында ғалым төмендегідей тұжырымдар жасайды: а) аллитерацияны өлең мәтінінде композициялық тұрғыдан жіктеу барысында оның өлең ұйқастыруда маңызды рөл атқаратыны анықталған, сол себептен аллитерацияның функционалдық принципінің мазмұндық рөлі жоғары (өзімнің атап көрсетуім — А.Т.)352; б) өлеңдегі аллитерация тілдің фономорфологиялық құрылымына байланысты: “якут тілінде барлық дыбыстар бірдей сөз басында келе бермейді”353. Г. М. Васильев атап көрсеткендей, кейбір дыбыстар аллитерацияның негізгі дыбыстық материалын құрай алады. Сонымен қатар, Г. М. Васильев силлабикалық аллитерация жүйесінде синкретизм байқалуы мүмкін деген пікір айтады. Ол аллитерацияның айқын көрінуі силлабикалық өлшемдердің қызметіне байланысты болады деп санайды, бірақ біздің ойымызша, діни мәтіндерде аллитерация басқа қызмет атқарады, ол силлабикалық жүйенің ритміне байланысты емес, сөздің қайталанып келуімен байланысты қызмет атқарады. Нәтижесінде, басқа зерттеушілермен салыстырғанда Г. М. Васильевтің пікірі өз маңыздылығын әлі күнге жойған жоқ. Сөйтіп, көптеген ғалымдардың көне түркі мәтіндерін талдау барысында аллитерация көне түркі жырларының эволюциялық дамуының нәтижесінде қарапайым дыбыстық қайталамалардан өз алдына жеке өлең жүйесі болып қалыптасты деген ортақ пікірді ұстанады. Әсіресе, көне түркі жырлары мәселесіне арналған татар және өзбек тілдерін зерттеушілер X. Усман және Б. Сарымсақовтың еңбектерін ерекше атап өту қажет. Олар аталған теориялық бағыттарды қолдамайды, себебі олардың қалыптасуы туралы өзгеше көзқарастарын ұсынады. X. Усманов көне түркі өлеңдерінің дамуының ерекше нұсқасын ұсынды. Ол келесі тұжырымдарды қалыптастырды: эмоционалдық қайталамалар моделінен параллелизмге, ал одан бунақ моделіне және тармаққа жалғасады. Ғалым, И. В. Стеблеваның теориясын сынға ала отырып, өзі де қателікке бой алдырады. И. В. Стеблеваның «түріктер өздерінің өлең-жырлары мен мақал-мәтелдерінде метрикалық буындар жүйесін құрай білмеген..., өлеңдер мен мақал-мәтелдердің мұндай жүйесі тек XI ғасырда ислам және араб ритмикалық аруз жүйесінің354 ықпалымен қалыптасты» деген ұстанымын ғалым мойындамайды, себебі «шын мәнінде түркілік жазба және ауыз әдебиетіндегі бұл жүйеге исламның да, аруздың да ешқандай қатысы болған жоқ». Бұны өте ерте дәуірлерде түркі халықтарының өздері қалыптастырған355. Көне түркі өлеңдеріне деген мұндай көзқарас араб-парсы поэтикалық нормаларынан ада көне түркі өлеңдерінің мәтіндері мен құрамында рудименттер кездесетін көне түркі халықтарының фольклорлық өлеңдерін жаңаша ракурста қарауды қажет етеді. И. В. Стеблеваның «қарапайым жыр жолдарынан аруздың арқасында классикалық деңгейге көтерілді» деген тұжырымдарын мақсатты түрде сынға алған ғалым көне түркі өлеңдерінің ритмикалық құрылымының «қос қайнар бұлағы» деген өзінің жеке просодикалық теориясын қалыптастырды. Зерттеушінің пайымдауынша, архаикалық өлең мәтіндерінің, бір жағынан бунақ құру, екіншіден – тармақ құру мүмкіндіктері тең екендігін айтады. Түркі поэзиясындағы бұл екеуінің де дамуы тарихи жағдайлар мен тілдік ерекшеліктерге байланысты. Себебі «әрбір тілдің өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан ішкі даму заңдылықтары бар», олар «тілді басқа тілдің ыңғайына қарай қайта құрылымдап, бейімдеуге және оның жүйесін бұзуға жол бермейді»356. Біздіңше, оның «эмоционалдық қайталамалар моделі – параллелизм = бунақ және тармақ» екеуі тең дәрежеде жүреді. Бұл пікірде «тарихи жағдайлар ескерілмеген», біз жоғарыда атап өткеніміздей тарихи оқиғалардың өлең жүйесі құрылымының қалыптасуына тигізер әсері тілдік категориялардың әсерлерінен кем емес. Жазба өлеңдер сыртқы ықпалдарға тез беріледі, соған сәйкес өзгеріске де бейім болады. Сондықтан, бұл тұрғыда И. В. Стеблеваның түркі тілінің ерекшелігіне байланысты қолдануға ыңғайсыз болғандығына қарамастан, түркі тіліндегі жазба өлеңдерге квантативтік тәжірибелер енгізілгендігі жөніндегі көзқарасы дұрыс деуге болады. X. У. Усмановтың пікірінше аллитерация құбылысы түркі поэзиясына бұрыннан тән құбылыс және поэтикалық тілде олардың бірнеше түрі кездеседі (алғашқы, үшбынды, қосбуынды, синтаксистік, т.б.), сондай-ақ, олар тілдік жүйеде поэтикалық қызметке ие болған. Бұл моделдерді өлең құрылымында қолдану көптеген аллитерациялардың қалыптасуына мүмкіндік берді357.Ол да А. Щербак сияқты аллитерация құбылысының көне түркі халықтарымен көршілес елдердің тілінің әсерінен пайда болуы мүмкін емес деп есептейді358, 359. Аллитерация құбылысының пайда болуы эмоционалдық қайталамаларға байланысты, ол қайталамалар өлең мәтініндегі аллитерацияның күшеюіне ықпал етеді. Ғалымның пікірінше, эмоционалдық қайталамалар «өлеңнің бүкіл ритмикалық ырғағының бірден өзгеруіне» ықпал етеді. Бұл қызметті сақтап қалу үшін, оның алдыңғысынан бөлек өзіндік аллитерациясы болуы тиіс»360. Атақты түрколог өзінің ғылыми талдауларын жүргізу барысында аллитерация құбылысының сипаты мен табиғатын және қандай да бір әдеби дәстүрлердің қалыптасына куә болған аллитерациялардың поэтикалық стиль ретінде қолданылу қызметін қарастырған көптеген тілші және әдебиетші ғалымдардың еңбектерін еңсерді. Өзбек зерттеушісі Б. Сарымсақовтың еңбектері көне түркі поэтикалық тілінің сипаттарын айқындауға арналған. Ол В. М.Жирмунскийдің ритмико-синтаксистік параллелизм жөніндегі тұжырымдарын мойындамады және оны тым әмбебап, көне дәуірдегі Орхон-Енисей жазбалары мәтіндеріне келмейді деп санады. Автордың пайымдауынша ритмико-синтаксистік параллелизмді тек поэтикалық тілге тән деп тек өлең құрылымына телуге болмайды, бұл принцип сонымен қатар прозада да қолданылады. Бұл ағымды жақтаушыларға қарсы шыға отырып, ғалым «психологиялық параллелизмдер өлең мен прозаның екеуіне де тән құбылыс ретінде өлең құрылымында басымдыққа ие болмайды» – деп жазды361. Б. Сарымсақов, кесенелердегі Орхон-Енисей жазбаларына талдау жасай отырып, оларды әдебиеттегі аралық (промежуточная) формаға жатқызады. Соған сәйкес, жазбалар ежелгі арабша мәтіндердің “сажъ” принципіне негізделген. Біздіңше бұл термин руна жазбаларының онтологиялық сипатын аша алмайды, себебі олар Құрандағыдай ырғаққа және шумаққа негізделмегендіктен садж формасына келмейді362. Екінші жағынан, Орхон-Енисей жазбаларын «қара өлеңнің» аралық формасы ретінде қарауға болмайды, өйткені бұл кездері көне түркі халықтарының поэтикалық силлабикалық тілінің нақтылы үлгілері қалыптасқан болатын. Сөйтіп, түркі поэзиясындағы өлеңдік жүйенің жоғарыда аталған категориялары түрлі просодикалық қызметтер атқарады: бір жағынан, біз олардан аталған жүйедегі барлық элементтердің өзара қарым-қатынасының ерекшеліктерін нақты байқаймыз, екінші жағынан - олар біртұтас поэтикалық жүйені құрайды, соның негізінде олардың түрлі құрылымдық типтерін салыстыруға мүмкіндік аламыз. Бұл өз кезегінде түркі поэзиясында кездесетін түрлі поэтикалық жүйелерді жіктеп көрсетуге мүмкіндік береді. Поэтикалық жүйелердің құру тәсілдерін айқындау және салыстыру негіздемелері түрліше болғандықтан, өлең жүйелерінің типологиясының да әр түрлі болып келуі заңды құбылыс. Біз көне түркі поэзиясындағы өлең жүйелеріне талдау жасау барысында олардың тарихи-мәдени тәжірибелермен және дәстүрлердің өзгеруімен тығыз байланысты болатындығына көз жеткіздік. Олардың әрқайсысының типологиялық ерекшеліктерін айқындау арқылы түркі поэзиясындағы сөз өнерінің жанрлық табиғатын айқындауға мүмкіндік аламыз. Бұған жоғарыда атап өткеніміздей руна жазбалары мен Махмұт Қашқаридің «Диуани луғат ит-түрік» фолькорлық мысалдарының мәні өте зор. Себебі, көне түркі өлеңдерін зерттеу барысында оны құрылымдық және жүйелік тұрғыдан жіктеуге, өлең жүйесінің даму бағыттарын зерделеп көрсетуге болатындығын М. Қашқаридың «Диуани луғат ит түрк» атты еңбегі жолбасшы болады.
Ғұлама ғалымның «Диуани луғат ит түрк» шығармасындағы өлеңдердің формалық құрылысы және олардың құрылым жүйесі әлем ғалымдарының назарын аударып келеді. Аталмыш шығарманың формалық құрылысына тән мәселелер біршама зерттеліп жатыр. Оларда «Диуани луғат ит түрктегі» өлең мәтіндері бір бірінен ерекшеленетін төрт өлең жүйесін бар екені айтылып жүр.Бұл төмендегіше: