23- Билет
1868-1869 жж. Орал, Торғай облыстарындағы отарлық езгіге қарсы азаттық күрестері.
Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ пен Батпақ ескерткішін салыстырып, қай кезеңге жататынын анықтаңдар.
«Қасым ханның қасқа жолы» бойынша енгізілген ережелерді кесте бойынша толтырыңыз және оның маңызын түсіндіріңіз.
Жауабы:
1.1868-1869 жж. Орал, Торғай облыстарындағы отарлық езгіге қарсы азаттық күрестер.
Әкімшілік-басқару реформалары жекелеген маңызына қарамастан, қазақ даласында отаршылдық езгіні тереңдетті. Жаңа бекіністер салуға көшпелі шаруалардың жерлері тартып алынды, салықтар көбейіп, патша шенеуніктері мен отаршылдық басқару қызметіне көшкен феодалдық топтар қысымы бұқараның онсыз да ауыр жағдайын шиеленістірді. Өсімқорлық саудамен айналыса бастаған ақсүйектер күнкөрісінің барысы еңбекшілерге әкімшілік басқару жағынан қысымды үдетті. Мал-жайымен көшпелі өмір сүрген кедейлерге "Уақытша Ереженің" жерді пайдаланудағы жаңа қағидалары тіпті қолайсыз еді. Қазақ даласы бойынша барлығына міндетті (әрине, ауқаттыларды қоспағанда) шаңырақ салығы енгізілді. 1 сомнан 3 сомға дейін өсірілген бұл салық әсіресе әлеуметтік қорғансыз жандарға тіпті ауыр еді. Земство салығын қосқанда 3 сом 50 тиынға көтерілген салық қазақ шаруаларының басым көпшілігін ауыр жағдайға душар етті. Патша үкіметінің осы салықты бай мен кедейге бірдей дәрежеде төлетуге шешім қабылдағанын ескерсек, шаруалар халінің қиын болғанына көз жеткізу қиын емес.
Жерді патша үкіметінің мемлекеттік меншігі деп жариялап, оны аумақтық негізде пайдалану ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділердің көзқарасына жат болды. Қыстау мен жаздық қоныстардың әр түрлі әкімшілік-аумақтық басқару органдары қарамағында қалуы рулар арасын шиеленістірді.Патша үкіметі отарлық саясатының осындай және басқа ауыртпалықтары 1868-1869 жылдары Орал мен Торғай облыстарын қамтыған қазақ шаруалары күресінің тұтануына себепші болды.
1868 жылдың желтоқсан айы мен 1869 жылдың қазан айы аралығындағы Орал мен Торғай өңіріндегі көтерілістер отаршылдыққа қарсы бағытталды. Айта кететін бір жайт, бұл халық қозғалысын басқарғандар ежелгі жеңілдіктерінен айырылған ру басылары еді. Олардың басым көпшілігі халықтың ашу-ызасын өз мүдделеріне ұтымды пайдаланды. Қаруланған қазақ шаруалары патша үкіметінің отарлық саясатына, әлеуметтік қысымына қарсы бас көтерді. Әлсіз ұйымдасқан жасақтар патшаның жазалаушы бөлімдеріне тайынбай қарсы шықты. Мысалы, 1869 жылы мамырдың 6-сы күні Орынбор шебінен жіберілген, фон Штемпель басқарған 200 атты және бір рота жаяу әскерден тұратын топқа Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі Жамансай көлі маңында көтерілісшілердің 20 мың әскермен шабуыл жасады. Жеті күн бойы шаруа жасақтары қоршауында қалған жазалаушылардың жағдайы қиындап азық-түлігі және жем-шөбі таусылған олар әскери шепке қайтып кетуге мәжбүр болады.
Бұл көтерілістің сонымен қатар антифеодалдық сипаты да бар. 1869 жылдың наурыз, маусым айларында көтерілісшілер феодалдық топтарға қарсы 41 рет шабуыл жасады, оған жалпы саны 3 мың көтерілісші қатысты.
Торғай және Орал облыстарындағы бұқаралық сипат алған көтеріліс жергілікті отаршыл басқару жүйесін және Петербург сарайын шошындырады.
Орал облысындағы азаттық күресті жаншуға бірқатар ірі әскери күш жіберілді. Подполковник Рукин, граф Комаровский және генерал-губернатор Н.А.Веревкин бастаған мұздай қаруланған жазалаушылар қазақ ауылдарын оқтың астына алып, қолға түскендерді аяусыз жазалады. Көтерілістің жеке құрамаларына басшылық еткен сұлтан Ханғали Арсланұлы,билер Дәуіт Асауұлы, Мұңайтпасұлы, молдалар Рысқұлұлы, Досұлы, т.б. солқылдақтықтың салдарынан шаруалардың үмітін ақтамады. Нашар қаруланған, араларында ауызбірлік болмаған, түпкі мақсаттарын жете түсінбеген Орал, Торғай шаруаларының қозғалысы жеңіліске ұшырады.
Достарыңызбен бөлісу: |