Лекция. Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» деген еңбегінде:
Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылып, жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды. Жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Қай сөз қай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге қай сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып жалғасатын жүйесін білу керек. Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады, сондай ұзақ өмірінің ішінде әр халықтың тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып, тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады.