Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі павлодар мемлекеттік педагогикалық институты



Pdf көрінісі
бет7/10
Дата19.02.2017
өлшемі1,17 Mb.
#4508
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

 
Сұрақтар мен тапсырмалар 

 
96 
1. Қазақ  және  орыс  әдебиеттану  ғылымындағы  айқындауларға  қатысты  ғалым-
дардың пікірлеріне шолу жасаңыз.  
2. Қазақ  әдебиеттану  ғылымында  айқындауды  көріктеу,  лақаптау  деп,  олардың 
түрлерінен мысалдар келтірген ғалым кім? 
3. М. Мақатаев  пен  Қ. Мырзалиевтің  «бұлт»  сөзіне  қатысты  қолданған  айқын-
дауларын салыстырыңыз. 
4. Ақындардың  табиғат  лирикасында  ұлттық  сипат  көрінетін  айқындауларды 
тауып, бірнеше мысал келтіріңіз. 
5. Зерттеушілер  ажыратып  жүрген  дәстүрлі  және  авторлық  айқындауларға 
түсінік беріп, мысалдармен дәлелдеңіз 
 
 
3.2 Теңеудің табиғат лирикасындағы қолданысы 
Көркем,  бейнелі  сөйлеу  –  бір  жылдың,  бір  ғасырдың  ғана  жемісі 
емес,  ол  –  халқымызбен  бірге  жасасып,  дамып келе жатқан күрделі жара-
тылыс.  Олардың  бойларынан  халқымыздың  тұрмыс-тіршілігін,  тарихын, 
мінез-құлқын,  әр  кезеңдердегі  жаңалықтары  мен  қызығушылықтарын, 
ұлтымыздың бет-бейнесін тануға болатын қымбат қазына. 
Ойды жай жеткізу мен бейнелі жеткізудің арасындағы ара-салмақты 
өлшеп  жатудың  өзі  артық.  Бейнелі  сөйлеу  жағымды,  әсерлі  естілумен  қа-
тар  сөйлеушінің  көңіл-күйін,  көзқарасын,  талғамын,  бағасын  байқата-
тындығы  анық.  Белгілі  ғалым  Т. Қоңыров  өте  орынды  аңғартады:  «Ол  – 
әдебиет  өсіп-өнетін  топырақ,  ол  –  әдебиет  тыныстайтын  ауа»  [150,  3]. 
Ендеше  табиғат  лирикасы  тақырыбын  қарастырғанда  да,  тіл  бейнелілігі 
мәселесіне көңіл бөлген жөн. 
Адамзат  баласы  табиғатынан  тылсым  жаратылыспен  тығыз  байла-
нысты. Сондықтан да табиғат бар жерде адам, адам бар жерде табиғат сөз 
болады.  Оны  ауыз  әдебиеті  үлгілерінен  де  мол  кездестіреміз.  Ауыз  әде-
биеті  үлгілерінде  табиғат  пейзаж  түрінде  жеке  суреттелмесе  де,  тұрмыс-
салт,  басқа  да  жырларда  табиғаттың  көрністері,  бөлшектері  үздік-үздік 
көрініс беріп отырған. 
Қазіргі  қазақ  табиғат  лирикасындағы  бейнелі  сөздердің  өміршең-
дігін,  ұлттық  сипатын,  қызметін  таныту  үшін  ақындар  шығармаларына 
үңілген жөн. 
Қазіргі поэзияда пейзажды суреттеуде өзге көркемдік тәсілдер тәріз-
ді  белгілі  бір  заттың,  құбылыстың  сыр-сипатын,  белгісін,  қасиетін,  сана-
сын  ерекшеліктерін  басқа  бір  затпен,  құбылыспен  салыстыра  суреттеу 
арқылы  керемет  әсерге  бөлейтін,  айрықша  ажар  дарытатын  теңеу  түрлері 
мол кездеседі. Әдебиеттану ғылымында теңеу туралы аз сөз болып жүрген 
жоқ.  Белгілі  әдебиет  теоретиктері  Потебня  А.А.  [2],  Лотман  Ю.М.  [13], 
Абрамович Г.Л. [145], Поспелов Г.Н. [4] қазақ ғылымында Байтұрсынов А. 
[15],  Әуезов  М.  [151],  Ахметов  З.  [146],  Жұмалиев  Қ.  [16],  Қабдолов  З. 
[20], Қоңыров Т. [150], Кәрібозұлы Б. [28] т.б. ғалымдардың теңеу туралы 
зерделі  ой-тұжырымдары  бар.  Мәселен,  А. Байтұрсынов  теңеуді  әдейі, 

 
97 
әдеткі  деп  екіге  бөліп  қарастырса  [15,  156],  Қ. Жұмалиев:  «Теңеулердің 
көпшілігі зат есімдерге, есімшеге, есімше етістікке жалғанған -тай, -тей, 
-дай, -дей, -ша ,-ше және -дайын, -дейін жұрнақ арқылы жасалады» [16, 3], 
–  деп  көрсетеді.  Ал  белгілі  ғалым  Т. Қоңыров  орыс  тілі  мен  әдебиетінде 
теңеуге қатысты 100-ге тарта ғылыми еңбектердің жарияланғандығын айта 
келіп,  қазақ  теңеулерінің  жасалу  жолдарын  көрсетіп,  нақты  мысалдармен 
дәлелдейді  [150,  3].  Ғалым  З. Ахметов  теңеу  мен  жай  салыстырудың  ара-
жігін көрсетеді [146, 203]. 
Пейзажды  суреттеуде  теңеуді  шебер  қолданатын  ақындардың  бірі  – 
С. Мәуленов. Оның табиғат тақырыбындағы туындыларында теңеулер жиі 
қолданылады.  Поэзияда  теңеулерді  пайдалана  отырып  ақын  табиғаттың 
келісті  көріністерін  елестетеді.  Әсіресе  поэзияда  мол  қолданылатын  -дай 
жұрнақты теңеулерді автор түрлі образдарды елестетуде, сурет әсерлілігін 
туғызуда шебер пайдаланады. Мысалы «Аспандай онда тұнған көл, // Қыз-
дардай қызыл аршалар» [128, 64], «Төменде шың найзадай жарқыраған, // 
Ақбұлақ  арғымақтай  арқыраған»,  «Айнадай  жарқыраған  Айнакөлі»  [128, 
257],  «Сүйеді  бізді  жеңешедей  жел  ерке»  [128,  238],  «Самалы  сені  самұ-
рықтай  самғатып»  [128,  339],  «Сәбидей  жаны  жас  киік»  [128,  340]  т.б. 
Автор табиғаттағы заттар мен нәрселерді, құбылыстарды кез-келген затқа 
жай теңей салмайды, теңеудің предметі болып отырған нәрсенің белгілі бір 
ерекшелігін,  қасиетін  ашу  үшін  сондай  ерекшелігі  бар  екінші  затты  не 
нәрсені, құсты т.б. теңеудің бейнесі ретінде алады. Мысалы, көлді «аспан-
дай» деу арқылы оның ашықтығын, тазалығын, мөлдірлігін байқатса, көлді 
айқындап  тұрған  «тұнған»  сөзі  оны  дәлелдей  түседі.  Қызыл  аршаларды 
қыздарға  ұқсату  олардың  әдемілігін,  сұлулығын,  шыңды  найзаға  ұқсату 
шың ұшының қалыбын, екіншіден күн сәулесімен шағылысуын суреттесе, 
Ақбұлақтың  арқырауын  арғымаққа  теңеу  оның  ағыс  ерекшелігін  таны-
тады, сол арқылы сурет әсерлілігін туғызады. Тармақтағы сөздер бірыңғай 
а дыбысына құрылып (ассононс) әуезді, жағымды естілу қызметін де атқа-
рып  тұр.  Жоғарыдағы  мысалдардан  байқағанымыздай,  теңеумен  берілген 
көл  мөлдірлілігін,  тазалылығын  ашарлық  екі  сурет  бар.  Бірінде  көл 
«аспандай»  теңеуімен,  екіншісінде  «айнадай»  сөзімен  бейнеленген.  Салы-
стыра  қарасақ,  екеуі  де  тамаша,  әсерлі.  Бірақ  суретті  елестетуде  екеуіне 
теңдік  белгісін  қоя  алмаймыз.  «Айнадай»  дегенде,  әрине,  мөлдірлік,  таза-
лық  басымдау,  дегенмен  екі  ұқсатуды  да  қабылдаймыз,  себебі  әрқайсысы 
өзінше әсерлі, өзінше әдемі. 
Теңеудің мұндай үлгілерін ақын кейде сын есімнен жасалған айқын-
даумен тіркестіріп қолданады. Мысалы, «Қып-қызыл бұлттай реңді, // Ал 
енді жазы басқаша» [128, 64], «Ай жымиды ару қыздай ізетті» [128, 253], 
«Жұмбақ  деп,  аталады  сырлы  тасы,  //  Дөң  мұрын  қасбатырдай  түр-
тұлғасы» [128, 255], Теңіз түнде қара аспандай» [128, 274], «Жер түлкідей 
алтайы»  [128,  295],  «Жүйткиді  жел  жүйрік  аттай»  [128,  297],  «Алма 

 
98 
ағаштар  сәнді  қыздай»  [128,  298],  «Сай  өрнелі  қамшыдай»  [128,  342], 
«Алтын  доптай  күнді  көрдім»  [128,  348],  «Жатады  жанып  түзде  сары 
алтындай»  [128,  370].  Бірінші  мысалда  реңді  бұлттай  десе,  түсініксіздеу 
болар  еді,  өйткені  бұлт  түрлері  көп  кездеседі.  Ал  «қып-қызыл»  дегенде 
нақтылық  басым,  өйткені  жай  қызыл  емес,  бояуы  қанық  қызыл  елестейді 
және  реңді  қып-қызыл  бұлтқа  ұқсату  лирикалық  кейіпкер  қабылдауын  да 
аңғартады,  себебі  кез-келген  адам  бұлтты  «қып-қызыл»  демес  еді.  Келесі 
мысалда  айды  «ізетті  ару  қызға»  ұқсату  айдың  сұлулығын  бейнелесе,  бұл 
бейнелеуден  қазақ  қызының  мінезіне  тән  сипат  көрінеді.  Ол  басқа 
халықтың  қызында  кездесе  бермейтін,  кездессе  де,  қазақ  қызымен 
салыстыруға келмейтін ұлттық сипат – ізеттілік. Бұл көрініс айды «жыми-
ды»  деп  жандандыра  суреттеуде  дами  түседі.  Мұнда  «ізетті  қыз»  және 
«жымиды»  сөздері  өте  орынды  алынған.  Ал  «жымиды»  дегенннің  орнына 
қарқылдады,  сықылықтады  десе,  сурет  орайластығы  бұзылар  еді.  Келесі 
мысалда  тасты  «дөң  мұрын»  деп  қасбатырға  ұқсатудан  тастың  белгілі бір 
қалыбын (формасын) елестетеміз. Осы тәріздес жерді алтайы түлкіге балау 
көз  тартар  әдемілігін,  желді  жүйрік  атқа  теңеу  жел  жылдамдығын,  күнді 
алтын допқа ұқсату оның пішінін, түсін жайып салады. 
Ақынның  табиғат  лирикасында  теңеулер  тек  бір  айқындау  сөзбен 
тіркесіп  емес,  екі-үш  айқындау  қабатталып  та  қолданылады.  Бұл  теңеу 
образын жан-жақты танытып, өлеңнің экспрессиясын күшейте түседі. Мы-
салы:  «Ару  қыздың  назды  нәркес  көзіндей,  //  Ай  толқиды  аппақ  сүттей 
мөлдіреп» [128, 253], «Етегі өрнекті түк кілемдей» [128, 298]. 
С. Мәуленов  теңеудің  сипаттаушы  және  сипатталушы  мүшелерін 
жеке-жеке айқындаулармен береді. «Қызыл бұлты қызыл тудай желбіреп» 
[128, 253], «Ақ тұман ақ теңіздей жарқыраған» [128, 244], «Балғын көлдің 
балауса балғынындай» [128, 296], «Ақ гүлдері жауған қардай» [128, 298], 
«Ақ  бидай  мөлдір  тамшыдай»  [128,  342].  Бұндай  қайталаулар  немесе 
синонимдес  айқындаулар  (балғын,  балауса)  ақынның  оқырман  назарын 
аударту үшін жұмсалған сөздік қолданыстары. 
Табиғатты  суреттеуде  автор  тек  сын  есімнен  жасалған  эпитетті  те-
ңеулерді ғана емес, есімше тұлғалы айқындау мен теңеудің тіркесінен туған 
тамаша  образдар,  суреттер  жасайды:  «Билеген  бикештердей  қайың-дар 
бар» [128, 256], «Енесіне // Ентелеген ботадай» [128, 59]. Бұндай теңеулер 
(-ған  тұлғалы  эпитетті  теңеу)  теңеудің  образын  қимыл-қозғалыс  үстінде 
жандандырып елестетеді. 
Суреттеліп  отырған  нәрсені,  затты  жандандырып,  қимыл-қозғалыс 
үстінде  суреттеуде  -дай,  -дей,  -тай,  -тей  жұрнақты  етістіктер  де  үлкен 
қызмет  атқарады.  Ақынның  пейзажды  бейнелеуінен  мұндай  қолданыстар-
ды  көптеп  кездестіреміз.  «Шыңына  Оқжетпестің  шабатындай,  //  Шал-
қайып  басындағы  дулығасы»  [128,  255],  «Гүлдерден  жайылғандай  жерге 
кілем»  [128,  271],  «Тартқандай  жартастарды  көкпарына»  [128,  272]. 

 
99 
Автордың өлең өрнектері бір-бірімен жымдасып, тұтасып, бейне бір бүтін 
организмге айналғандай. Бұлардағы тек жұрнақ жалғанған сөзді жеке теңеу 
деп  алсақ,  біз  бүтіннің  бөлшегін  ғана  көреміз  де  мағынасыздыққа, 
суретсіздікке ұрынар едік. 
Ақынның  пейзаждық  лирикасында  теңеудің  бейнесі  ретінде  изафет-
тік тіркестер де жұмсалады. Ондай тіркестердің тек бір сыңарын теңеу деп 
қабылдау  бүтін,  толық  тануға  мүмкіндік  бермейді.  Мысалы:  «Бұлттар  – 
аспан  гүліндей,  //  Самал  –  жердің  сөзіндей»  [128,  195],  «Таулар  –  жердің 
тіліндей,  //  Маңайына  қараған,  //  Бұлақтар  –  тау  көзіндей,  //  Саф  ауамен 
тараған // Самал  – жердің сөзіндей» [128, 195]. 
Мұндағы  теңеулер  («Жолбарыстың  терісіндей»  дегеннен  басқасы) 
метафоралық  тіркестен  жасалған  және  олар  ақыннның  өзіндік  қолтаңба-
сын айғақтайтын авторлық теңеулер болып та табылады. Өйткені толқын-
ды  теңіздің  тіліне,  тауларды  желдің  тіліне,  бұлақтарды  тау  көзіне,  бұлт-
тарды  аспан  гүліне,  шөлейт  құмды  жолбарыс  терісіне  балау  –  өзге  ақын-
дарда кездесе бермейтін тыңнан туған сөз қорытпасы. 
Ақын  табиғатты  бейнелегенде  теңеудің  секілді,  бейне,  ұқсайды  сөз-
дерімен  жасалған  түрлерін  де  мол  пайдаланады:  «Алма  ағаштар  таң 
секілді» [128, 298], «Бұлт ұқсайды қарлы мұзға», «Ерейменде біз түспеген 
көлдер  бар,  //  Ай  секілді  жарқыраған  маңдайы»  [128,  338],  «Тұрды  Ерей-
мен  ертедегі  секілді  ер  Толағай»  [128,  340],  «Көк  жасыл  өлке  суреті  // 
Секілді  мың  түсті  аспан»  [128,  341],  «Кент  тауына  кетіп  бара  жатырмыз, 
Аспан бейне қатып жатқан жалтыр мұз» [128, 364], «Сылдыры бейне сыр-
лы сыбызғы үні» [128, 238], «Ұқсаған Көкшетаудың аспанына» [128, 255]. 
Құрылысқа әр материал қандай қажет болса, поэзияда да сөзбен сұлу 
сарай  сомдағанда  көркемдік  амал-тәсілдер  сондай  қажет.  С. Мәуленов 
теңеулерді  керекті,  керексіз  жерде  орынсыз  қолданбайды.  Әр  теңеу  ақын 
поэзиясының әсемдік әлеміне өз салтанатымен келіп өлеңге айрықша ажар, 
өзгеше өрнек дарытады. 
Ақын М. Мақатаевтың табиғатты суреттеулерінде теңеулер жүйесі  – 
өзінше бір дүние. Онда табиғат заттары, құбылыстары, нәрселері негізінен 
адам немесе адамға тән зат, нәрсе, әркеттерге баланады. Жұлдызды, аспан-
ды  суреттегенде  ақын:  «Жұлдызды  аспан  тұр  жайнап,  // Кеудесіндей мар-
шалдың» [96, 64] – деу арқылы олардың жарқырап тұрғандығын, көптігін 
аңғартса, «Жанып-сөнген, жанып-сөнген жұлдыздар, // Іңірдегі стадион се-
кілді  //  (Үздік-создық  шырпыларын  жаққандай)»  [96,  43].  Тармақтарынан 
олардың  жанып-сөнген  ерекшеліктері  көрінсе,  әрі  лирикалық  кейіпкердің 
жіті байқағыштығы, аспанға зерделей көз салуы көрінеді. Ақын аспан мен 
жерді: «Бір-біріне ғашық екі дүние, // Сырласа алмай, мұңдаса алмай жат-
қандай»  [96,  43],  –  деп  лирикалық  кейіпкер  көзімен  оқырманға  жақын-ау 
деген сезімге теңейді. 

 
100 
Тау  бейнесіне  келгенде  де,  ақын  теңеуді  ұтымды  жұмсайды,  аз  сөз-
бен  көп  ой  аңғартады:  «Біздің  таулар  –  керуендей  шұбалған,  //  Күнді  өз-
дері  батырған  да  шығарған»  [96,  82]  немесе  «Шаншылып  әнеу  тұрған 
Хантәңірі // Шапшыған Тянь-Шанның емшегіндей» [96, 45]. Үзінділердегі 
теңеулерден  «керуендей»  өрнегінен  таулардың  көптігі,  тізіле  орналасқан-
дығы  көрінсе,  «Тянь-Шанның  емшегіндей»  теңеуінен  лирикалық  кейіпкер 
қабылдауына  сай  алынған  тау  пішіні  елестейді.  Теңеу  арқылы  лирикалық 
кейіпкердің  қабылдауы  ғана  емес,  ерекшелігі,  сипаттары  да  аңғарылады. 
Мысалы: «Бұлақтар, үркіп құландай // Құйылса төмен сайлардан» [96, 46]. 
Бұлақты құланға ұқсатуынан оның ағысының тездігі, жылдамдығы көрінсе, 
«құйылса» өрнегі де осы ойды дамыта тереңдете түседі.  
М. Мақатаев табиғат көркемдігін, сұлулығын ғана сүйсіне жырлаған 
жоқ,  оның  тыныш  қалпынан  да  тылсым  сыр  түйіп,  өлеңге  қосқан: 
«Тыныштық деген – жан ізгі, // Сағынып келген жардайын. // Оянып кетер 
тәрізді, // Сипасаң болды маңдайын» [96, 34]. Ақын дерексізді жанданды-
рып,  сағынып  келген  жарға  теңейді,  оның  маңдайынан  сипаса,  оянып 
кететінге балайды. 
М. Мақатаев  өлеңдеріндегі  теңеу  де  –  лирикалық  кейіпкер  қабыл-
дауына  сай  қоршаған  орта  табиғатын  шебер  бейнелеуге  бағытталған 
өрнектер. 
Көп  өлеңдерін  пейзажды  суреттеуге  арнаған,  өлең  сүйер  қауымға 
кеңінен  танымал  ақын  К. Салықов  шығармаларында  да  теңеудің  орны 
ерекше. Әдетте, поэзияда теңеудің -дай, (-дей, -тай, -тей) түрі мол қолда-
нылса,  табиғатты  суреттеулерде  де  бұл  ерекшелік  сақталынады:  «Көктең-
біл  сай  //  Теңіздей  боп  тербеліп»  [140,  38],  «Мен  көрдім  жұмақтай  сәт, 
салтанатты» [140, 62], «Теңіздің түбі ұсақ тас // Сорпада жатқан малтадай» 
[140,  80],  «Даланың  түні  күндіздей,  //  Алакөбе,  ақтаңдақ»  [140,  192], 
«Жалғыз  тау  жер  бетінің  асылындай,  //  Сүйемін  түйір  тасын  асығымдай» 
[140, 217], «Қылыш көл үнсіз жатпас ән тарамай, // Қосылар сырнайындай 
бал  қарағай»  [140,  217],  «Қазақ  пенен  орыстай  айрылмайды  //  Жасыл 
шырша  аққұба  қайыңынан»  [140,  257],  «Кейде  бұлт  желкілдейді  тұлым-
шақтай» [140, 261], «Теңіздей терең // Көгілдір шалқар науасы» [140, 281], 
«Таудай-таудай  толқындар  келе  жатыр»  [140,  297].  Жалпы,  лирикада 
белгілі  бір  затты,  құбылысты  көбіне  табиғатқа  теңеу  жиі  кездессе,  ал 
табиғаттың  өзін  суреттейтін  лирикалық  туындыларда  өсімдік,  құбылыс, 
затты  табиғаттағы  екінші  бір  нәрсеге,  жануарға,  құсқа,  құбылысқа  балау, 
кейде  тіпті  адамдарға,  олардың  қимыл-әрекетіне  ұқсату  жиі  ұшырасады. 
Теңеу әйтеуір жай теңей салу емес, көріністі ақын көзімен оқырман сезіміне 
әсер  етерліктей  етіп  суреттеуге,  сол  суретті  оқырманның  көз  алдына 
елестетуге өзінше қызмет етеді.  
Мәселен,  теңіз  түбіндегі  ұсақ  тасты  сорпада  жатқан  малта  тасқа 
балау,  біріншіден,  лирикалық  кейіпкер  көзімен  берілген  тас  ерекшелігін 

 
101 
танытса, екіншіден, ұлттық сипат та бар. Сорпа және оған малта салу қазақ 
ұғымына,  тұрмысына  тән  екендігі  белгілі.  Келесі  бір  мысалдағы  бал 
қарағайдың сырнайдай қосылуынан ақын оның баяу, жағымды дыбыс шы-
ғатынын  әрі  бұл  ұғымды  «сырнайдай»  теңеуіне  сыйғызу  арқылы  ұлттық 
бояу, өрнек те қосады. Ұлттық музыкалық аспапты білетін адамға қарағай 
дыбысын тұлымшаққа балайды. Бұнда да ұлттық сипат бар әрі сол арқылы 
нақты елестету бар. Баласына тұлымшақ қойып өсірген қазақ өлеңдегі бұлт 
желкілдеуін бірден елестете алады.  
-дай,  (-дей,  -тай,  -тей,)  тұлғалы  теңеулердің  көбіне  айқындаулармен 
келуі  де  жиі  кездеседі.  Мұндайда  автор  суреттеліп  отырған  заттың  не 
құбылыстың ерекшелігін тереңдете, айқындай түседі. «Алатау ақ жаулық-
ты  қарт  анадай  //  Отырған жайып тастап алашасын» [140, 25], «Үлпікер 
ақ  түбіттей  денесіне  //  Жел  тисе  ол  жалғыз  ғой  сенесің  де»  [140,  27], 
«Шіліктер көк жорғадай тепеңдейді» [140, 60], «Ереді толқын қасына // Көк 
көрпедей бүлкілдеп» [140, 80] т.б. Ақын теңеу арқылы көп нәрсені ұтады. 
Алғашқы  мысалда  құрғақ  сөз,  баяндау  жоқ.  Ақ  жаулықты  қарт  анаға 
ұқсатқанда  алдымен  таудың  қатпарлы  әжімді  бейнесін,  «ақ  жаулық-ты» 
қолданысынан  басында  ақ  қар  жатқандығын,  «алашасын  жайып»  деуінен 
етегі  жазық  дала  екендігін  аужайлаймыз,  елестетеміз.  Жаулық,  алаша 
ұғымдары  негізінен  ұлтымызға  тән  нәрселер  болғандықтан  қос  тармақтан 
да  ұлттық  сипат  көрінеді.  Келесі  мысалдарда  да  көріністі  дәл,  нақты 
бейнелейді.  
-дай,  (-дей,  -тай,  -тей)  жұрнақтарының  жоғарыда  есім  сөздерге  жал-
ғанып теңеу болуына мысалдар келтірсек, ақын тілінде бұл жұрнақтардың 
етістік  сөздерге  қосылып  та  мол  қолданылатындығын  байқаймыз.  «Әрең 
келіп  кей  толқын,  //  Жағалауға  шөккендей  //  Мәре  келіп  кей  толқын  // 
Масайрайды  өктемдей.  //  Кей  толқын  соңғы  шайқаста,  //  Дұшпанын 
дәлдеп тепкендей» [140, 85], «Аспанды көшірердей күркіреген» [140, 130], 
«Даланың  маңғаз  тумасы,  //  мекенін  келіп  тапқандай,  //  Көкшенің  ақ  бас 
бурасы // Кавказға келіп жатқандай» [140, 246], «Жарқырайды ақ күміс ару 
толқын,  //  Арылғандай  абысын  өсегінен»  [140,  296],  «Алматыда  арық 
бойлап жүргендей, // Сұлу екен Болгария түндері» [140, 292] т.б. Алғашқы 
мысалдағы шөккендей, тепкендей, кеткендей сөздері әрі ұйқасқа құрылып, 
жағымды  естілсе,  әрі  теңеу  қызметін  атқарып  келісті  көріністі  жайып 
салады. 
«Шөккендей»  дегенде  ұлттық  өрнек  көрінеді.  Пейзажды  суреттеуде 
К. Салықов  теңеудің  сияқты,  секілді  шылауымен  жасалған  түрлерін  де 
қолданады:  «Найзағайлармен  жалғасып  жатқан  сияқты,  //  Жезқазғанның 
мыс қайнар // Отты жарқылы» [140, 105], «Оянған қыздар секілді, // Ояңда 
жатқан көлдері-ай!» [140, 248], «Ұялшақ қыз дидары сияқтанған, // Қызыл 
бұлт  ұшырады  назарыма»  [140,  257],  «Үлпікер  ақ  тамағы  өзінен  де  ақ,  // 
Сияқты  суда  әупілдек  гүл  танайы»  [140,  59].  Лирикалық  кейіпкер  қабыл-

 
102 
дауына  сай  алынған  бір  затты  екінші  бір  затқа  ұқсата  суреттеуде  нәзік 
сезім, байқампаздық, суреткерлік шеберлік аңғарылады.  
Ақын  қолданысында  теңеудің  аумайды  сөзімен  жасалған  түрлері  де 
бар. Мысалы: «Шұбатылған ақ көйлектен аумайды, // Су сипаған ақ қанат-
тың етегі» [140, 71], «Аумайды Еділ кіл жазық жайылымнан» [140, 257] т.б. 
Осы  тәріздес  ұқсайды  шылауымен  жасалған  теңеулер  де  кездеседі: 
«Айнала  Көк  теңізге  ұқсайды  екен»  [140,  39],  «Сыңар  аққу  көрдім  айдын 
шетінде, // Бейнесі оның ұқсап кетті жетімге» [140, 52] т.б. 
Теңеудің  бұндай  түрлері  де  лирикалық  «мен»  сезінуін,  көзқарасын 
анық аңғартып, оқырманды сол сезімге бөлейді. 
Ақынның  табиғат  лирикасында  теңеулер  ойды,  сезімді  бейнелі 
жеткізудің бір амалы, тәсілі ретінде ғана емес, кей ретте өлең құрылысына 
да өзінше қызмет етеді. Мысалы, қара өлең ұйқасына құрылған теңеулер: 
Көкшетау өңге таудың тәубесіндей, 
Қызығы құмартқан қыз әуресіндей
Көлдегі Оқжетпестің суреті  –  
Сұлудың айнадағы сәулесіндей [99, 75] немесе: 
Екі көз шыр айналар тостағандай
Айтқаным көргенімнен аспағандай
Көгеріп көк белбеудей Есіл жатыр, 
Көкшетау әудем жерге тастағандай [99, 76]. 
Бір-бір  шумақ  үзіндіден  көп  көріністі  аңғаруға  болады.  Алғашқыда 
Көкшетаудың  ерекше  биіктігі,  лирикалық  «мен»  сезінуі,  көркем  келбеті 
теңеу арқылы келісті өрілсе, екінші мысалда да лирикалық кейіпкер сезімі 
әрі  Есілдің  Көкшетаудан  біраз  қашықтығын,  яғни  географиясын  поэзияға 
тән ойнақылықпен, бейнелілікпен шебер суреттеген. 
Ақын  шығармасында  кезекті  ұйқасқа  құрылған  теңеулер  де  жиі 
кездеседі. Ал «Дала дидары» атты өлеңінің ұйқасын автор негізінен теңеу-
лерге құрады. Өлеңнен үзінді: 
Қысы салқын 
Қоштасу азабындай, 
Жазы дархан  
Кездесу базарындай. 
Куәсі мырза қонақжай қазағындай, 
Ал көктемі  
Махаббат назарындай.  
Атқан таңы, 
Бақыттың белесіндей. 
Жұлдыздарды ғарышкер кемесіндей, 
Туған айы... 
Ғашық қыз елесіндей. 
Жас қалалар 

 
103 
Дәуірдің талабындай, 
Асфальт жолдар 
Домбыра шанағындай. 
Айна көлдер 
Ақ марал жанарындай , 
Қатпар таулар, 
Қарт баба қабағындай. 
Бұлтсыз аспан 
Ақбөпе тамағындай. 
Шыңқай егін 
Малшының алаңындай... [99, 288]. 
Автор  өлеңде  даланы  таныту  үшін  ұсақ-түйекке  бара  бермей,  күр-
делі  құбылысты  бір  ауыз  теңеумен  ұтымды  елестетеді.  Лирикалық  кейіп-
кердің  сол  далаға  деген  ыстық  сезімі  өлеңнің  әр  тармағынан  аңғарылады. 
Мұнда  баяндау  жоқ.  Бір  сурет  пен  екінші  бір  суретті  салыстыра  теңеу 
арқылы  оның  ерекшелігін,  сипатын  аша  түседі.  Мәселен,  айна  көлді  ақ 
марал жанарына ұқсатуынан көл мөлдірлігі, тазалығы көрінсе, тауды қарт 
баба  қабағына  балауынан  әжімі  мол  қатпары  т.б.  байқалса,  бұлтсыз 
аспанды ақ бөпе тамағына теңеуіне аспан тазалығы, ашықтығы, әсерлі әрі 
әсем бейнеленеді. К. Салықовтың табиғатты суреттеулеріндегі теңеулердің 
өзіндік  орны,  салмағы  бар.  Ақын  теңеулері  шығарманы  тек  көркемдік 
жағынан байытпай, оның құрлысына да қосымша қызмет етіп, оқырманын 
нәзік сезімге бөлейді. 
Қ. Мырзалиевтің  пейзажды  суреттеулерінде  де  теңеулер  мол,  кең, 
қызықты  қолданылады.  Теңеу  түрлері  жоқтан  бар  емес,  қайта  барды  ба-
рынша  еркін  пайдалануынан  көрінеді.  Қ. Мырзалиев  табиғатты  бейнелеу 
арқылы теңеудің жаңа, өзге түрлерін әкелді деуден аулақпыз. Ол көріністі 
нақты,  дәл  елестетуде  теңеулерді  шебер  пайдаланады.  Мәселен,  тау  ерек-
шелігін  «Жолақ-жолақ  жоталарың,  жондарың  //  Жолбарыстың  терісіндей 
керулі»  [130,  61],  –  деп  танытса,  ағаштардың  көрінісін  «Батырлардай  су 
кешкен  толарсақтан,  //  Қалып  көрген  емес  қой  олар  саптан»  тармақта-
рымен  жайып  салады.  Көлдің  тазалығын  ақын  баяндамайды,  теңеумен 
сәтті  өрнектейді:  «Шар  айнадай  «Шайтанкөлдің  түбінде»  [130,  97],  ал 
толқын қозғалысын «Ақ жал толқын // Денеңе // Айдаһардай ырғиды» [130, 
131]  деп  нақты,  бейнелі  елестетеді.  Мақта  нәзіктігін  «балапандай», 
«үлпілдек» өрнегімен берсе, келесі бір үзіндіде теңеу әрі өлеңнің көркемдік 
ерекшелігін,  әрі  ұйқас  түзілуіне  негіз,  ұйытқы  болып  тұр.  «Былдырайды, 
әне,  ауыл  //  Буға  ұстаған  әйнектей.  Құлагердің  танауы  //  Қайнап  кеткен 
шәйнектей».  Бұлттардың  құрғақтылығын  ақын  «Бір  тамшы  су  бере 
алмайды  ұрт  ақын  «Бір  тамшы  су  бере  алмайды  ұрттарға,  //  Шүберектей 
кеуіп  кеткен  бұлттар  да»  [130,  88]  тармақтарымен  көрініс  дәлелдігін  аша 
түседі.  

 
104 
Іле өзенінің ағысын суреттегенде ақын «Өзің құйған соң да ағады Іле 
// Айналған пластинка табағындай» деп бейнелейді [130, 145]. 
Бір  теңеудің  өзін  ақын  бірнеше  қолданып,  бір-біріне  ұқсамайтын 
соны  көріністерді  елестетеді.  «Көлденең  тартқан  сызықтар  көркіне  түскен 
әжімдей»[130,  95],  енді  бірде  «Көк  даланың  әжімдей  //  Қатқақ  жол  //  Күн 
көзіне  алдымен  терлейді»  [130,  78].  Келтірілген  мысалдарда  теңеудің  си-
патталушы  мүшесі  немесе  нысаны  (предметі)  сызықтар  және  қатқақ  жол 
болса, олардың сипаттаушы мүшелері немесе бейнелері «әжімдей» сөзі боп 
табылады.  Сонымен  қатар  ыдыстағы  гүл  мен  бақтағы  гүлді  салыстыруға 
келмейтіндігі тәрізді, мұнда да бірі – көркіне түскен әжімдей, бірі даланың 
әжіміндей қолданысымен беріліп түрлі-түрлі суреттерді елестетеді. 
Ақын  табиғатты  суреттеулерінде  -дай  тұлғалы  жұрнақтың  етістік 
түбіріне  жалғанған  түрін  де  мол  пайдаланады.  Бұл  белгілер  көріністі 
қимыл  ерекшеліктеріне  ұқсата  бейнелегенде  жиі  кездеседі.  Мәселен:  «Топ 
еткенде апорты // Алма ағаштан // Біреу  қарғып түскендей естіледі» [130, 
68]. «Алғандай ауаны да нілге малып» [130, 78], «Ай – сиыр // Жаңа туған // 
Жұлдыздарын  болады  жалағандай»  [130,  113].  Алғашқы  мысалда  теңеу 
апорттың  топ  еткендей  дыбысын  шамамен  елестетсе,  екіншіде  ауа 
ерекшелігін,  үшінші  мысалда  лирикалық  кейіпкер  сезімін,  қабылдауын 
жайып салады. 
Қ. Мырзалиев  өлеңдерін  оқып  отырып,  табиғатты  суреттеуде  сияқ-
ты,  секілді,  ұқсайды,  тәрізді  шылауларының  көмегімен  бір  құбылысты, 
бір затты, көріністі екінші бір нәрсеге жиі балайтындығын мысалдарынан 
анық  көруге  болады:  «Көк  мұхит  секілденер  егін  бірде»  [130,  78],  «Жебе-
лері сияқты қарағайлар // Шығып тұрған қаз-қатар қорамсақтан» [130, 81], 
«Ақ  шуақ  нұры  секілді  сонау  Айыңның»  [130,  91],  «Шөккен  кезде  ұқсай-
сың  мыс  шәугімге  //  тұтқасы  жоқ  алып  бір  тасқұманға»  [130,  142],  «Қыс 
шебері  тәрізді  //  Иіреді  жел  құмды»  [130,  140],  «Теңіз  беті  көк  бұйра  көк 
елтірі сияқты» [130, 74], «Сияқты аспан дымқыл сіңген былғары» [130, 75], 
«Маскүнемнің  бас  киімі тәрізді // Шатырлардан құлағалы тұр қары» [130, 
75], «Сияқтанып қозықұйрық алаңы // Қолшатырлар қаптап кетті даланы» 
[130,  85],  «Ақ  тұманға  оранғанда  хауыздар  //  Алып  айна  сияқты  екен  бу 
басқан»  [130,  89],  «Көкала  жылқы  түздегі  //  Көшпелі  теңіз  сияқты»  [130, 
80]. 
Алғашқы  мысалда  ақын  құстың  ерекшелігін  баса  таныту  үшін  екі 
қанатын  екі  өкпеге  балайды.  Өкпе  қызметін  білмейтіндер  үшін  бұл  сон-
шалық әсер ете қоймасы анық. Ал келесі үзіндідегі лирикалық кейіпкер қа-
былдауын,  соған  сай  егіннің  шексіз  көрінуін  әрі  толқындай  желмен 
тербелуін жайып салады. «Сияқты» қолданысымен жасалған келесі бір те-
ңеуде ақын қарағайларды қорамсақтан шығып тұрған жебелерге ұқсатады. 
Мұнда  да  өлең  көркемдігін  түсіну  үшін  «қорамсақ»,  «жебе»  сөзде-
рінің байыбына баруға тура келеді. Бүгінде ескірген сөз саналатын қорам-

 
105 
сақ, жебені екінің бірі түсіне бермейді. Сонымен қатар бұл қолданыстар  – 
ұлттық өрнек айнасы да. Жебе сөзінің өзі қарағайлардың біраз сипатын көз 
алдыңа  келтіреді.  Оның  тік,  жіңішке,  үшкірлігі  қарағайдың  да  осы 
қасиеттерін  елестетеді.  Енді  бір  үзіндіде  ақын  көктем  көрінісін  өмірдегі 
адамдардың  жағымсыз  бейнелеріне,  яғни  шатырлардың  құлағалы  тұрған 
қарын  маскүнемнің  бас  киіміне  балайды.  Теңеу  неғұрлым  оқырманға 
таныс, жақын болған сайын оны қабылдау да жеңілдей түседі. Бірақ ақын 
теңеулерінің  барлығы  жеңіл  танылады  деуден  аулақпыз.  Жоғарыдағы 
мысалдардағыдай  теңеудің  нысаны  түсінікті,  анық  болғанмен,  оның 
бейнесі  бәріне  бірдей  жете  таныс  бола  бермейді,  сондықтан  ақынның 
айтайын  деген  ойын,  ашайын  деген  суретін,  заттың  ерекше  бір  қасиетін 
толық,  тұтас  қабылдау  жағы  оқырмандарда  жетіспей  жатады.  Мәселен, 
«Бесті қымыз сияқты» Жусан исі // Жарып кете жаздайды танауыңды» [130, 
14]  дегенде  жусан  шөбінің  иісін  ақын  теңеуді  қолдану  арқылы 
оқырмандарға сезіндіреді десе де болады. Бесті қымызға балау әрі ұлттық 
өрнек, әрі жусан иісінің ерекшелігін ашып тұр. Дегенмен оқырманның көбі 
қымызды түсінсе де, оның «бесті» деген түрін елестете алмайды.  
Ақын қандай жан-жақты білімді, дүниетанымы мол болса, оқырман-
дарынан  да соны тілейтіндей. Мәселен, «Жайылады балықтар жылқысын-
дай  Нептунның»  [130,  74]  тармағынан  оқырман  балықтардың  жайылу 
көрінісін  тану  үшін  ақын  балап  отырған  Нептун  кім,  оның  жылқылары 
қандай, қанша, қалай деген нәрселерді білуі керек, онсыз оқырман суретті, 
оның ерекшеліктерін сезінбек түгіл елестете де алмасы анық. 
Қ. Мырзалиевтің  табиғат  суреттеріндегі  теңеулерін  қарай  отырсақ, 
жансыз  заттар  мен  нәрселерді,  өсімдік,  ағаш  тағы  басқаларға  адамға  тән 
қимыл-әрекет, сипаттарға балайды. Мысалы: «Күн сәулесі // Қарағайдың // 
Құлақтағы  сырғасындай»  [130,  92]  немесе  «Сырғасындай  қайыңның  // 
Сары кеуде шымшығы» [130, 117], «Кимелеген арал тастар // Кеудесіндей 
кемелердің [130, 90] тармақтарынан көрінетін қарағайдың құлақтағы сыр-
ғасындай,  кемелердің  кеудесіндей  теңеулері  шарттылыққа  құрылса  да 
оқырман сезімін дір еткізер, әсерлі қолданыстар. 
Өлең  көркемдігін,  әсерлілігін  туғызуда  сәтті  теңеудің  салмағы  бар 
екені  сөзсіз.  Бірақ  сол  теңеудің  маңайына  сол  тармаққа  шоғырланған  сөз-
дердің,  яғни  ақын  сұрыптауынан  өткен  сөздердің,  бір-біріне  сәуле  түсіруі 
де сурет зейнеттілігін одан сайын арттырып, оқырманды сүйсіндіре түседі. 
Мысалы: «Жұлдызсыз түнде борықтай аққу жарықтық // Жүзіп жүр 
көлді  балауыз  шамдай  жарық  қып»  [130,  91]  тармақтарында  аққудың  ақ 
болатынын біле тұра «борықтай» теңеуімен тіркестіру оның рең әдемілігін 
ашуға  бағытталған.  Осы  аппақ  құстың  жұлдызсыз  түнде,  яғни  қап-қараң-
ғыда  көлді  шамдай  жарық  қып  жүзіп  жүруі  әсерлі.  Бұл  әсерлілікті  сәтті 
алынған теңеу ғана емес, қарама-қарсы түстердің қатар алына суреттелуі де 
күшейте түседі. 

 
106 
Ақынның  табиғатты  суреттеулерінде  заман  келбетін  танытарлық 
сөздік  қолданыстар  теңеудің  бейнесі  ретінде  де  ұшырасады.  Мысалы: 
«Адамдар аңыз қылған Жерұйықтың // Әдемі макетіндей гүл алаңы» [130, 
68], «Ақ халатты дәрігердей, // Көк халатты қарағайың» [130, 92], «Антен-
насындай  теңіздің  аспанды  шымқай  қаптайды»  [130,  132].  Үзінділердегі 
макетіндей,  дәрігердей,  антеннасындай  теңеулері  бүгінгі  күнде  актив  қол-
данылатын  сөздер  болғандықтан,  оқырманға  таныс  әрі  сурет  әсерлілігін 
туғызуға  қызмет  етсе,  бір  жағынан  лирикалық  кейіпкер  қабылдауын  да 
аңғартады. 
Табиғат  пен  Адам  егіз  десек,  ол  өмірде  де,  өнерде  де  көрініс  тауып 
жатады.  Табиғатты  суреттеуде  жиі  қолданылатын  теңеулерден  де  бұл 
үндестікті  лирикалық  кейіпкер  көзімен  адам  ерекшеліктеріне  жай  ғана 
ұқсата  алынбаған,  оның  өлеңдерінде  ұлттық  сипатты, мінезді, яғни қазақ-
ты  танытатын  қырлары  теңеудің  бейнесіне  айналып  отырған.  Мысалы: 
«Оқжетпесім  шыдаған  сағы  сынбай,  //  Беріктігі  қазақтың  төзіміндей,  // 
Асқақтығы  Біржанның  дауысындай»  [130,  81]  немесе  «Көл  беті  жыбыр-
лайды  //  Ақындардың  //  шабытты  кездегі  бір  ерініндей»  [130,  80]  т.б. 
Ақын  Қ. Мырзалиевтің  пейзажды  бейнелеуде  қолданған  теңеулері  сурет-
кер шеберлігін, өзіндік талғамы мен танымын, көзқарасын, дүниетанымын 
жан-жақты таныта, байқата түседі. 
Табиғатты  шебер  суреттейтін  ақындардың  бірі  –  О. Асқар.  Ақын 
өлеңдеріндегі теңеулер жүйесі өзінше ғажап дүниені құрайды. Ақын өлең-
дерінің  көркемдігі  –  оның  асыл-маржандары.  Автор  теңеуді  дара  күйінде 
емес, өзге көркемдеуіш тәсілдермен бірлікте, байланыста жұмсайды. Аспан 
көрінісін  суреттеген  үзіндіге  үңілейік:  «Әлдекім  бейне  ұқыпты 
келіншектей,  //  Аспанды  сүртуді  де  ұмытпапты»  [106,  42].  Тармақтардан 
аспан  тазалығы,  ашықтығы  сипатталса,  оны  ұқыпты  келіншекке  теңеу 
аспан  тазалығын  бейнелеуін  дамыта,  тереңдете  түседі.  Ақынның  табиғат-
ты  суреттеулерінде  теңеуді  қолдану  «Тау  шомылып  жатқандай  рақатта-
нып,  // Ақша бұлттың көміліп көбігіне» [106, 20] тармағынан да көрінеді. 
Мұнда  теңеу  өлең  көркемдігін  көтеріп,  лирикалық  кейіпкер  қабылдауын 
аңғартса,  одан  әрі  «көміліп»  өрнегінен  барлық  жерді  жапқандығы, 
«көбігіне»  қолданысынан  рең  әсемдігі,  ақ  түске  боялғандығы,  сонымен 
қатар  бұлт  көбігіне  шомылу  үшін  таудың  биіктік  ерекшелігі  танылады. 
Келесі бір тауды бейнелеген суретте:  
Болса да айналаның жасыл бәрі, 
Мызғымай асқар таудың жатыр қары. 
Ол бейне қыстан қалған куәліктей, 
Сақталған көктем көркін асырғалы [106, 35]. 
Автор алдымен тау басында қар жатқандығын баяндаса, одан әрі сол 
көріністі  келісті  кестелейді,  оны  қыстан  қалған  куәлікке  балайды.  Осы 
тармақтардан лирикалық кейіпкердің табиғат көріністерін қабылдауы, оған 

 
107 
берген бағасы аңғарылады. Теңеуді қолданып кестелеген табиғат сұлулығы 
мына шумақтарда да бар: 
Нөсер алыс кеткен соң қыран қанат, 
Әр сайда су түлкідей бұлаңдамақ. 
Жас бұзауын аңдыған ақ сиырдай, 
Тұр тұмсықтан үй жаққа тұман қарап [106, 20]. 
Үзіндідегі  «түлкідей»  сөзінен  судың  жылтылдап  ағу  ерекшелігі  кө-
рінсе, «жас бұзауын аңдыған ақ сиырдай» тармағында лирикалық кейіпкер 
сезінуі,  айналаны  қабылдауы,  далаға  тұманның  түсетіндігін  аңдаймыз. 
Лирикалық  кейіпкер  сезімі  күзгі  бақты  суреттеген  мына  тармақтардан  да 
көрінеді: «Еңкейіп жерден аламын, // Жатқандай күздің жүрегі». Үзіндіде 
жапырақ  деген  сөз  айтылмайды,  автор  оны шебер жеткізе білген. «Күздің 
жүрегі»  деген  метафоралық  тіркес  арқылы  бейнелі  елестеткен.  Мұндай 
сурет  орайластығы  өзге  ақындарда  да  (жапырақты  жүрекке  балау,  ұқсату 
М. Мақатаевта, К. Ахметовада) кездеседі. 
Табиғат көрінісін ғана емес, ондағы жеке заттарды, өсімдіктерді т.б. 
сипаттаған  өлеңдерінде  де  теңеу  шебер  жұмсалады.  Мәселен,  «Раушан» 
өлеңінде теңеу әрі ажарлы, әсем сурет елестетсе, екіншіден, өлеңнің ұйқа-
сына ұйытқы болып табылады: 
Қабат-қабат толқынды қатпар қандай 
Күміс күптеп, алтынмен апталғандай. 
Ернеулері түрілген әр шеңбердің, 
Түкпірінде түрлі сыр сақталғандай. 
Қанша жұтсаң қанбастай иіс қандай, 
Сұлулықпен ол сәтті қиысқандай. 
Шартарапқа шашылған ойларыңды, 
Қайтарысып өрістен жиысқандай [106, 14]. 
Өлеңдегі  теңеулер  –  лирикалық  кейіпкер  қабылдауының  айнасы. 
Гүлдің  қатпарлары,  әсемдігі  «күміс  күптеп,  алтынмен  апталғандай»  қол-
данысынан  байқалса,  келесі  тармақтарда  да  лирикалық  кейіпкер  сүйсінуі 
оқырман сүйсінуіне айналып, эстетикалық ләззат дарытады. 
О. Асқардың  табиғат  лирикасындағы  теңеулер  жүйесі  негізінен  та-
биғат  көркемдігін,  зейнеттілігін  ашуға  бағытталса,  сонымен  қатар  ұлттық 
сипатты  танытатын  өрнектердің  кездесетіндігіне  де  назар  аудартқымыз 
келеді.  Мәселен,  еменді  бейнелегенде:  «Бұтақтары  бұғының  мүйізіндей,  // 
Қабықтары  қазақы  үй  киізіндей»  [106,  43].  Тармақтардағы  «бұғының 
мүйізіндей»  теңеуінен  бұтақтардың  жан-жаққа  жайылып  өсу  ерекшелігін, 
ал қабығын қазақы үйдің киізіне балауынан олардың белгілі бір қалыңдық 
өлшемін,  айнала  қоршағандығын  аңғарамыз.  Мына  тармақтарда  да  теңеу 
ұлттық  өрнекпен  жасалған:  «Ақындай  ашпақ  болған  келін  бетін,  //  Агро-
ном  қол  созады  күнбағысқа»  [106,  57].  Автор  суретті  образды  түрде 
елестетіп  алып  баяндайды.  Заманға  сай  сөздік  қолданыспен  берілген 

 
108 
күнбағысқа  қол  созған,  агрономды  келін  бетін  ашпақ  болған  ақынға 
балайды. Келін бетін ашу дәстүрі ұлтымызға тән салт болғандықтан теңеу 
әсерлі шыққан. 
Оразақын  Асқардың  пейзаждық  лирикасында  теңеу  мол,  олар  бір-
біріне ұқсамайды және бірін-бірі қайталамайды. 
Табиғатты  суреттегенде  теңеуді  шебер  қолданатын  ақындардың  бірі  
–  Т. Айбергенов.  Ақын  өлеңдерінде  теңеу  өзіндік  өрнектер,  тың  тіркестер 
табады. Бір шумақ өлең оқысақ, оның теңеуге тұнып тұруы да ғажап емес. 
Мысалы:  
Ұқсаған көктегі ай асқан шамға, 
Аспанға бейне шоқтан басқан таңба. 
Жұлдыздар жез шегедей жымыңдаған. 
Шашылған  ақ  шекердей  дастарханға  [148,  12].  Алғашқы 
тармақта көктегі айды асқан шамға ұқсатуынан ақынның табиғат пен адам 
өмірі,  тұрмысы  арасынан  үндестік  табуын  байқасақ,  екінші  тармақтан 
лирикалық  кейіпкердің  сол  суретті  қабылдау  айнасын,  әрі  «шоққа»  ба-
лауынан онша жарық емес (салыстырмалы түрде) екендігін, «таңба» өрне-
гінен  қараңғыда  көзге  бірден  ұрынатын  ерекшелігін  шебер  танытқан.  Ал 
жұлдыздардың  жылтырай  көрінуін  жез  шегеге,  келесі  тармақта  дастар-
ханға шашылған ақ шекерге балау да сәтті шыққан. «Шашылған» дегенде 
жұлдыздардың  орналасуын,  көптігін  нақты  елестетсе,  «ақ  шекердей»  тір-
кесі  рең  әдемілігін  танытады.  Басы  артық  бос  сөз,  баяндау  жоқ,  тек  сезім 
мен сұлу сурет сәтті қиысқандай. 
Көктемді  суреттеген  өлеңінде  де  теңеудің  шебер  қолданылуы 
көрінеді: 
Алмалы бақтар бүршігін жарып ақ қардай, 
Күркірейді әлем көсіліп тартқан көкпардай. 
Жылтыр нулардан аққулар ұшты қанаты 
Солдаттар жақтан сағынып жеткен хаттардай [109, 45]. 
Ақын  алмалы  бақты  ақ  қарға  теңеуінен  ондағы  ағаштардың  гүлде-
генін,  көптігін,  келесі  тармақта  күркіреуді  «көсіліп  тартқан»  көкпарға 
балап, лирикалық кейіпкер сезімін әрі ұлттық өрнекті танытса, аққулардың 
ұшуын да әр отбасына таныс сағынышқа теңейді. 
Суреткер теңізді бейнелеуде де теңеуді қолданады. Мысалы: 
Толқындар тулап балықтай 
Сеңдерге киттей асылып, 
Разливтегі халықтай 
Жатады толқын басылып [109, 24].  
«Балықтай»  теңеуінен  толқындардың  қозғалысындағы  ерекше  бір 
қимылды,  сәтті,  «киттей»  өрнегінен  толқын  көрінісін,  разливтегі  халыққа 
ұқсатуынан  лирикалық  кейіпкер  қабылдауын  және  ақынның  сөз  саптау 
ерекшелігін танимыз. Автор табиғатты бейнелеуде теңеудің сәтті үлгілерін 

 
109 
қолданады. Мысалы: Қаратауды сипаттағанда «Сенбісің сияқты орман күй 
ақтарған,  //  Ұзатқан  қыздың  көші  сияқтанған»  [109,  27].  Қос  тармақтың 
бойындағы  әр  теңеу  таудың  белгілі  бір  ерекшелігін,  атап  айтқанда, 
лирикалық кейіпкер сезіміне сай таудан шыққан дыбыстар мен таулардың 
көптігін  танытса,  сонымен  қатар  әрқайсысы  –  жеке-жеке  алғанда  ұлттық 
бояуы қанық айшықтар. Су бейнесі де жиі кездеседі. Ол бірде бұлақ, бірде 
толқын түрінде көрінеді. Мысалы: «Бұлқынып жатқан бұлақтар // Бұралып 
жатқан  бұрғыдай»  [148,  17].  «Сұлудың  бұрымындай  ойнақтаған,  //  Суың-
ның  сырына,  Сыр,  бойлап  па  адам!»  [109,  21],  «Толқының  қуанышты 
жолаушыдай,  //  Жол  бойы  барады  айтып  әңгімесін»  [109,  21],  «Шыңға 
атқан  оқтай  зулайды  //  Шулайды  толқын  шұбырып»  [109,  19].  Үзіндідегі 
«бұрғыдай»  теңеуі  бұлақтың  ағыс  қозғалысын,  келесідегі  «сұлудың 
бұрымындай»  өрнегінен  судың  ұзындығын,  келісті  бұралаңдарын,  үшінші 
мысалдағы  «қуанышты  жолаушыдай»  теңеуінен  лирикалық  кейіпкер 
қабылдауын,  «жол  бойы  әңгіме  айтып  барады»  тармағынан  толқын  ды-
бысы  ерекшелігін  аңғарамыз.  Соңғы  үзіндіде  толқын  ағысының  жылдам-
дығы, «оқтай» және «зулайды» қолданысымен беріледі.  
Т. Айбергенов  теңеуді  шебер  қолданған  табиғаттың  тамаша  сурет-
шісі  десе,  артық  айтқандық  емес.  Ол  –  теңеуді  жай  қолданбайды,  оны 
бейнелі түрде сөйлете білетін шебер ақын. 
Ақын М. Айтқожинаның табиғатты суреттеулерінде теңеудің өзіндік 
орны бар. Әсіресе, айналаны қоршаған ортаны ақынның қабылдауы, содан 
алған  әсерін  өз  сезіміне бөлеуі оның табиғат тақырыбындағы өлеңдерінен 
анық  көрінеді.  Мәселен,  өсімдік  (гүл,  ағаш,  орман,  тал  т.б.)  бейнесін 
суреттеудегі теңеудің қызметіне үңілейік: 
Қара ормандар 
Күн нұрына жуынған. 
Көруге бір құштар едім бұрыннан. 
Ару – Урал арқасына өрілген 
Аумайсың-ау, 
Қолаң қара бұрымнан![139, 43]. 
Қара ормандар, 
Жапырағы жайқалған. 
Салиқалы қариядан аумайсың, 
Жүрегі жас, 
Жанарына ой толған [139, 42]. 
Шыршалар тұр сұр жебедей шаншылып, 
Мың сан құсты жақсылыққа жаршы ғып [139, 128]. 
Құлагердің қанындай тамып кеткен 
Мынау гүлдің ажары қанық неткен [139, 6]. 
Бұралған бұрымындай жас арудың 
Самалмен ырғалады майда құрақ [139, 177]. 

 
110 
Алғашқы  үзіндіде  ақын  қара  ормандарды  «ару  –  Урал»  арқасына 
өрілген  қолаң  қара  бұрымға  теңейді. Бұл теңеуден лирикалық кейіпкердің 
келісті  көрініске  сүйсінуі,  көтеріңкі  көңіл-күйі  аңғарылады.  Келесі  үзін-
діде ақын қара орманды жүрегі жас, жанарына ой толған салиқалы қарияға 
ұқсатады.  Үшінші  мысалда  шыршаларды  сұр  жебеге  балау  арқылы  олар-
дың  тіктігін  жайып  салады.  Соңғы  мысалда  гүлдің  түсін,  бояуының 
қанықтығын құлагердің қанына теңейді. Бұл теңеу үлгісінде ұлттық өрнек 
бар. Себебі Құлагерді білмейтін оқырман үшін немесе басқа тілге аударса, 
«Құлагер  қаны»  тіркесі  түсініксіз  болып  қалары  сөзсіз,  оны  тек  әдебиет-
тен, тарихтан хабары бар адам ғана түсінері белгілі.  
Ақын су (бұлақ, өзен, теңіз т.б.) бейнесін суреттеуде де теңеудің қыз-
меті зор: 
Қаталдығы 
Қағып түсер қылыштай,  
Жадыраса - 
Аңсап құшқан досыңдай, 
Теңіз жаны осындай! [139, 49]. 
Жанарындай жарқырайды айна көл, 
Келгендерді 
Құс әнімен қарсы алып [139, 75]. 
Ағады тау өзені тасып-турап, 
Жатқандай толқындары тасты турап [139, 142]. 
Құйындай тулап тас бұлақ, 
Құйылып көлге жататын [139, 144]. 
Шаңқылдап ұшқан шағала, 
Шүйіліп көлге төнетін. 
Көл беті бейне шарайна 
Күн нұрын оған төгетін [139, 144]. 
Тоқтаусыз аққанымен жарды бұзып,  
Секілді ол да бір сәт күрсінетін [139, 11]. 
Ұдайы тасқыны оның қарқындайды, 
Жыраудай тебіренген халқым жайлы. 
Ұшқандай қос қанатын қыран қағып, 
Ағады ерке өзенім бұлаң қағып [139, 12].  
Сайрамдай сұлу көлін ортаға алып, 
Қос тауым 
Сәбиіндей тербеген көп [139, 66]. 
Автор теңеуді арнайы мақсат тұтпайды, ол көңіл-күй мен шабыттың, 
белгілі  бір  көріністің  әсер  етуіне  байланысты  туындайды.  Берілген  үзін-
дінің  алғашқысында  лирикалық  кейіпкер  теңізге  адам  тәрізді  сипаттама 
береді.  Оның  бірде  қатал,  бірде  жайдары  болатындығын  келісті  кесте-
лейді.  Қаталдығын  қағып  түсер  қылышқа,  ашық,  тыныш  қалпын  аңсап 

 
111 
құшқан  досқа  балайды.  Яғни  ақын  өз  сезімін  оқырманға  әсерлі  жеткізу 
үшін  неғұрлым  таныс,  жақын  сезімге,  әрекетке  ұқсатады.  Екінші  үзіндіде 
ақын  көлді  адам  тәрізді  ұлттық  болмыста  бейнелеген.  Ол  қонақжайлы, 
жайдары,  ашық  мінезді  аңқылдақ  қазақты  елестетеді.  Бұл  –  тек  теңеудің 
қызметі  емес,  сөзді  дәл,  орынды  қолдану  шеберлігінің  айнасы  да.  Келесі 
бір үзіндіде тау өзені ағысының күштілігін «жатқандай толқындары тасты 
турап»  өрнегімен  жайып  салады.  Ал  бұлақтың  ағыс  ерекшелігін  «құйын-
дай»  теңеуімен  нақты  елестетеді.  Енді  бірде  көлді  шарайнаға  теңеу  арқы-
лы оның тазалығын, мөлдірлігін елестетсе, енді бірде лирикалық кейіпкер 
оны  бір  сәт  күрсінетін  адам  кейпіне  ұқсатады.  Адамға  ұқсату  келесі 
үзіндіде де бар. 
Ақын Марфуға Айтқожинаның табиғат тақырыбындағы өлеңдерінде 
бұлт бейнесі де өзінше бір жүйені құрайды. Мәселен:  
Көлбесе ақша бұлтың ақ жаулықтай, 
Келеді көз алдыма  
Қайсар анам [139, 188].  
Ерке бұлттар  
Ентелейді жас баладай ұмтылып 
Қырда қызыл қызғалдақтар 
Ырғатыла тұр тұнып [139, 166]. 
Еркелігін асырған арудайын, 
Ақша бұлт шың иығына тұр асылған [139, 193]. 
Шүйке бұлттар саусағындай шебердің, 
Өрнек салып бара жатыр аспанға [139, 223]. 
Бірінші мысалдан лирикалық кейіпкердің ішкі сезімі, яғни бұлтты ақ 
жаулықты анасына ұқсатуы көрінсе, бірде бұлттарды ентелеген жас балаға 
теңеуінен бұлттардың жылдам көшуін аңғартады. Енді бірде қиялға қанат 
бітіре келісті сурет жасайды. Шың иығына асылған ақша бұлтты ерке аруға 
сәтті  теңейді.Соңғы  мысал сол көріністі өрнек салған шебердің саусағына 
балауы да әсерлі әрі тосын. 
Осы  тәріздес  сәтті  теңеу  үлгілері  табиғат  құбылыстарына  (жел, 
боран, қар, дауыл) қатысты да қолданады: 
Түлкідей қан сонарда бүріп түсті, 
Күн сүйген ақ толқынды дауыл – бүркіт! [139, 61]. 
Мынау жаным ұнатады ақ боранын даланың, 
Дала ғажап үн қатады уіліндей баланың
Ысқырады жылқышыдай ат ойнатқан жондарда, 
Төгіп-төгіп құбылтады күй қанатын дала мың [139, 130]. 
Жел үрлеп толқынға ұсап қар көшеді, 
Қырдағы қырау шөптің басы ырғалып [139, 147]. 
Теңеудің  келісті  үлгілері  ақын  Ф. Оңғарсынованың  табиғат  лирика-
сында  мол  кездеседі.  Негізінен  ақын  теңеулері  күрделі  түрде  ұшырасады. 

 
112 
Күнді  суреттеген  тармақтардағы  теңеулерге  үңілейік:  «Мәз  болып,  жас 
баладай  айналаға,  //  Қарайды  әр  бұтадан  күн  жылтырап»  [132,  6],  «Сұлу-
лық еді бұл қандай, // Күн деген мұнда қол созым жерде тұрғандай» [132, 
206]. 
Алғашқыда  автор  күн  көзінің  ашықтығын,  мөлдірлігін  жас  бала  кө-
зіне ұқсатса, екіншіде лирикалық кейіпкер қабылдауына сай жақын жерде 
тұрғандай  елестетеді.  Ақын  өлеңдерінде  дала  бейнесі  де  әсерлі  кесте-
ленеді:  «Бозаң  тартқан  жер  беті,  //  Жастығы  өткен  сұлудай»  [132,  155], 
«Бозаң  дала  жатады  томсырайып,  //  Баладай  ашуланған»  [132,  197],  «Қы-
зыл алаң секілді жұмыр жерге, // Көкжиектен қызықтап қарайды күн» [132, 
38]. Автор бозаң жер көрінісін оқырманға нақты елестету үшін оны жастық 
шағы  өткен  сұлуға  теңесе,  оның  әдеттегі  көрінісін  лирикалық  кейіпкер 
қабылдауына  сай  ашуланған,  томсырайған  балаға  ұқсатады.  Үшінші 
мысалда,  заман,  кезең  айнасын  танытарлық  теңеу  үлгілері  бар.  Жерді 
қызыл  алаңға  ұқсату,  сол  алаңға  күннің  қызықтап  қарауы  лири-калық 
кейіпкер  қабылдауына  сай  алынып,  сурет  келістілігін  байқатады.  Теңіз, 
толқын  бейнелерін  де  автор  теңеудің  орынды  пайдаланып  әсем,  әсерлі 
суреттер  жасаған:  «Бұлқынған  сағынышпен  жүректердей,  //  Соғады  жарға 
толқын шыр айналып» [132, 11], «Бірге өскен құрбы қыздай, // Толқындар 
сырлас  мәңгі»  [132,  138],  «Ақтымық,  //  Теңіз  //  Маужырап  дел-сал  жас 
келіншектей  жар  құшқан»  [132,  149],  «Ұйқыда  теңіз.  //  Маужырап  жатыр 
қас арулардай құлпырып» [132, 149]. «Жүйріктердей жаратып таң асырған, 
//  Тепкісінен  толқынның  жаға  сырдан»  [132,  268].  Ақын  теңеу-лерінің 
бейнесі  –  адам,  адамға  тән  әрекет,  тіршілік.  Алғашқы  мысалдағы 
толқынның  жағаға  шыр  айналып  соғылуын  сағынышпен  бұлқынған 
жүрекке  балау  жарасымды  болумен  қатар  сезімді  дір  еткізерлік  сурет. 
Келесіде  толқындарды  бірге  өскен  сырлас  қыздарға  ұқсатуында  лири-
калық  кейіпкер  қабылдауына  сай  толқындардың  көңілді,  шат-шадыман 
кезін  елестетеді.  Үшінші  мысалда да теңіздің маужыраған тыныш қалпын 
танытарлық  теңеу  келісті  кестеленген.  Оны  жарық  ұшқан  әйтеуір  бір 
келіншектей емес, «жас келіншекке» деп айқындауында да мән бар. Соңғы 
мысал  тармақтары  да  ақын  сезімін,  қабылауын  жайып  салады.  Автор 
толқындарды  таң  асырып  жаратқан  жүйрікке  балау  арқылы  оның  тез, 
жылдам қозғалысын шебер аңғартады.  
Ф. Оңғарсынованың  табиғат  лирикасындағы  теңеулер  жүйесін  қара-
стырғанда  дауыл,  жел  бейнесі  де  назардан  тыс  қаламайды:  «Түніменен 
долы  дауыл  құрыстаған,  //  Секілді  арыстандай  жыны  ұстаған»  [132,  6], 
«...баяуласа  толқындар  тағы  ысқырып,  //  Қойға  қасқыр  тигендей  айтақ-
тайды, // Бір-біріне соқытырып, алыстырып» [132, 268]. Алғашқы үзіндіде 
дауылды жыны ұстаған арыстанға теңеуінен дауылдың күшін, жолында не 
тұрса  да  қарамай  атылатындығын  байқасақ,  келесіде  желдің  дыбысын 
қазақ тұрмысына жақындатып, ұлттық бояумен көмкеріп келісті елестетеді. 

 
113 
Осындай  сурет  сонылығы  өзге  де  табиғат  көріністерін  бейне-легенде 
кездеседі. Мәселен: «Жапырақтар сиреген, // Селеу шаштай селді-реп» деп 
олардың  күні  өтіп  келе  жатқан,  ағаштан  түсіп  азайған  көрінісін  нақты 
танытады.  Құс  ұшуы  да  өзінше  өрнектеледі:  «Баяғы  базар  кеткен 
керуендей, // Барады тырналардың тізбектері». 
Д. Қанатбаевтың  табиғат  тақырыбында  жазған  өлеңдерінде  теңеу 
белгілі  бір  заттың,  нәрсенің  не  құбылыстың  сипатын,  не  ерекше  белгісін, 
қасиетін  оқырамнға  әсерлі  таныту  үшін  не  екінші  бір  соған  ұқсас 
құбылысқа  затқа балап қолданады. Мысалы: «Көк жүзімен бұлттар көшіп 
барады...//  Ана  біреу  түйе  сынды  қос  өркеш,  //  Ана  біреу  қанатындай 
арбаның»  [115,  40]  дегенде  ақын  бұлттардың  бейнесін  оқырманға  нақты 
елестету,  таныту  үшін  бірін  қос  өркешті  түйеге,  енді  бірін  арбаның 
қанатына  ұқсатады.  Ал,  «тары  –  тамшы  бытырайды  сынапша»  [115,  27] 
тармағында тамшыны дәл суреттеу үшін оны ауыстыра айқындап тары деп 
қолданса, бытырауын сынапқа теңейді. -Дай, -дей тұлғасымен келген теңеу 
үлгілері  біршама:  «Көк  шанақ  аспан  бетінде,  //  Жебедей  жалғыз  тар-
тылған»  [115,  97],  «Толған  айым  –  құлынның  төбесіндей»  [115,  132], 
«Құлын  әлем  мазасыз  болармысың,  //  Ақ  бесікте  жылаған  бөбегімдей» 
[115,  132],  «Көкжиегім  –  жиегіндей  кесенің,  //  Шағыл  тауым  –  иегіндей 
көсенің»  [115,  47],  «Үй  сыртында  үкінің  жанарындай,  //  Жанып-сөніп 
барады  майсада  шық»,  «Шілде  –  құрақ  мақпалдай,  //  Құбылады  аптабы», 
«Жел  еседі  жай  ғана,  //  Қалқып  ұшқан  қаздардай»  лирикалық  кейіпкердің 
аспандағы  шанақты  тартылған  жебеге  балауынан  оның  пішіні,  бітімі  көз 
алдында  бейнелі  түрде  елестесе,  екінші  мысалдағы  толған  айды  құлын 
төбеліне  теңеуі  де  орынды.  Біріншіден,  халық  тұрмысымен  байланысты 
болғандықтан  ұғуға  жеңіл  болса,  екіншіден,  теңеумен  қатар  ұлттық өрнек 
айнасы  да.  Келесі  үзіндіде  де  автор  «құлын»  өрнегін  енді  ауыстыра  қол-
данып  айқындау  ретінде  жұмсайды.  «Құлын  әлемде»  ақ  бесікте  жылаған 
бөбегіне ұқсатады. Мұндағы сурет те ұлттық бояумен көмкерілген. Төртін-
ші  мысалда  теңеуді  дәл,  орынды  пайдаланып,  ақын  суреттеп  отырған 
көріністі  нақты  елестетеді.  Теңеу  бейнесі  тұрмыстық  зат  болса,  тауларды 
бейнелеу де көсенің иегіне ұқсатуы арқылы ондағы өсімдік, ағаштың жоқ, 
не  аз  екендігін  байқатады.  Бесінші  үзіндіде  шықты  үкі  жанарына  балап, 
оның  жарқырап  тұрғандығын  жайып  салады,  себебі  үкінің  түнде  ғана 
ұшатыны  және  жанары  жарқырайтыны  оқырмандарға  белгілі.  Ал  келесі 
өлең  тармақтарынан  шілде  шөбінің,  өсімдіктерінің  қалыңдығын,  нағыз 
жайқалып  тұрғандығын  «мақпалдай»  сөзінен  ғана  емес,  «күрең  мақпал-
дай»  эпитетті  теңеуінен  аңғарамыз.  Соңғы  мысалда  желдің  қаншалықты 
жылдамдығы, күші, лирикалық кейіпкер сезімі «қалқып ұшқан қаздардай» 
тармақтарынан танылады.  
Осы тәріздес секілді, ұқсап сөздерімен келген теңеу үлгілері де бар: 
Сылдырап айдын жатады, 

 
114 
Ұсап бір мөлдір арманға [115, 96]. 
Секілді білдіртпейтін епті мысық, 
Маңайдан жарық біткен кетті ығысып [115, 38]. 
Бүлкілдеп аппақ тамағы, 
Секілді бейне ақ тұмар [115, 64]. 
Ай жүзеді қайыққа ұсап, 
Алматының аспанында [115, 66]. 
Қақ – дөңгелек айнаға, 
Қалады екен ұсап-ақ [115, 148]. 
Отанға, елге деген махаббаттың 
Секілді шырқау биік шкаласы [115, 150]. 
Мысалдағы  айдынды  мөлдір  арманға  ұқсатуы  арқылы  лирикалық 
кейіпкер  сезімі  де  аңғарылады.  Екінші  мысалда  жарықтың  ығысуын  епті 
мысыққа  ұқсатуы  да  лирикалық  кейіпкер  қабылдауын  байқатып  сурет 
келістілігін тудырады. Келесі үзінділерде аппақ тамақты ақ тұмарға, айды 
қайыққа,  қақты  дөңгелек  айнаға  балауы  да  сәтті  шыққан.  Автор  әдеттегі 
табиғат  көрінісін  осыған  жақын  екінші  бір  затқа,  құбылысқа  келісті 
теңеген. 
И. Сапарбайдың табиғатты суреттеулерінде теңеулер өзіндік салмақ-
қа  ие.  Белгілі  бір  көріністі  келісті  кестелеу  үшін  ғана  емес,  ойды,  сезімді 
бейнелі,  шебер  жеткізу  үшін  де  теңеу  бірден-бір  таптырмас  тәсіл  боп 
табылады. Мысалы, гүлді суреттегенде: «Қанатындай үлпілдеп көбелектің, 
// Қайран гүлдер қапыда қалды-ау мына!», – деп, гүлдің ерекшелігін баян-
дамайды,  оны  теңеу  арқылы  шебер  жеткізе  білген.  «Көбелектің  қанатын-
дай  үлпілдеп»  қолданысына  гүлдің  нәзіктігі,  әдемілігі,  «үлпілдеп»  деуіне 
жеңілдігі,  тіпті  қозғалысы  да  сыйып  кеткен.  Келесі  бір  суды суреттегенде 
де аз сөзге көп ой сыйғызуы көрінеді: «Шекер  – бұлақ, тұнығың қасиетті-
ау, // Неке суы сияқты кеседегі» [117, 29]. Автор Шекер бұлақтың суының 
қасиетіне баса назар аудартады, оны кеседегі неке суына балауында ұлттық 
болмыс,  салт,  өрнек  аңғарылса,  әрі  оның  суының  тазалығы  да,  мөлдірлігі 
де қоса аңғарылады. Ал, «Көл» өлеңінде ақын суды жеке алмай табиғатпен 
тұтастықта суреттейді:  
Айдынға ай шомылады 
Ерінің есін алған ерке келіндей. 
Аспанның жұлдызға бай шаңырағы 
Еркіңді ертеді ертегі еліндей [117, 28]. 
Табиғаттың  түнгі  көрініс  сұлулығы  лирикалық  кейіпкер  қабыл-
дауына  сай  алынған.  Айдың  шомылуы,  ерінің  есесін  алған  ерке  келінге 
ұқсауы,  ал  аспанның  ертегі  еліндей  көрінуі  –  лирикалық  кейіпкер  қиялы-
ның айнасы. Ақын оны өлеңмен шебер өрнектеген. Сол арқылы көп ойды 
аңғартқан. Айдың сұлу сипатын, оның айдыннан сәулесі көрінуін, жұлдыз-
дардың көптігін әдемілігін сезімге бөлеп бейнелейді. 

 
115 
Табиғаттың  сырлы  бір  бөлшегі  –  тасбақаны  суреттегенде  де,  ақын 
И. Сапарбай  теңеулерді  орынды  жұмсап, сол арқылы айтайын деген ойын 
нақты  танытады.  Тасбақаның  сипатын,  ерекшелігін  теңеумен  келісті 
елестетеді: 
Қас батырдай көкала сауыт киген. 
Аспаннан кеп аяғы жатқан шақта, 
Хандар мінген қалғандай ауып күймен. 
...Бұл шіркіннің жанында 
Өгіз аяң – жаяуменен жарысқан аттылындай! [117, 37]. 
Алғашқы  тармақтан  тасбақаның  сырт  бейнесі,  денесінің  қаттылығы 
көрінсе, оның шалқасынан түскендігі пішінін хандар мінген күйменің ауып 
қалғандығына  ұқсатады.  Одан  әрі  оның  жүрісінің  баяулығын  жа-рысқан 
аттылыға балайды. 
Табиғаттың  тартымды  аяулығын  ақын  көп  өлеңдерінде  өзек  еткен. 
Соның  бірі  қысты  бейнелегенде,  суреткер  теңеуді  шебер  пайдаланады: 
«Алдында  кәрі  қыстың  жас  келіндей,  //  Иеді  ақ  жамылған  бақтар  басын» 
[118,  59].  Мына  тармақтардан  бақтағы  ағаштарды  жандандыруы,  оның 
басы  болуы,  ақ  жамылуы  және  кәрі  қыстың  алдында  жас  келінге  ұқсауы, 
бас  июі  –  лирикалық  кейіпкер  көзімен  суреттелген  көрініс.  Оқырман  тек 
ағаштардың  қозғалысын,  иіруін  елестетпей,  ұлттық  сипатын  да  таниды. 
Жас  келіннің  кәрі  алдында  иілуі  қазақ  халқына тән дәстүр екедігі белгілі. 
Осы салтты көріп өскен оқырман үшін оны елестету де, қабылдау да жеңіл. 
Ақын  К. Ахметованың  табиғат  суреттеулерінде  де  теңеулер  жиі кез-
деседі.  Олар  өлең  көркемдігін  ғана  көтеріп  қоймай,  автордың  шеберлігін, 
таным  дүниесін  аша түседі. Мысалы: «Түнде де ағып жатыр аппақ өзен // 
Тоқтаусыз өтіп жатқан өмір құсап» [134, 83]. 
Өзен  ағысын  тоқтаусыз  өтіп  жатқан  өмірге  ұқсатуынан  лирикалық 
кейіпкердің  табиғат  пен  адам  арасынан  ұқсастық  табуын  әрі  автордың 
теңеуді  жеке  қолданбай,  «түн»,  «аппақ»  қарама-қарсы  ұғымдарын  сәтті 
қиыстырып,  «аппақ»  сөзін  айқындау  ретінде  пайдалануы  оның  шеберлігін 
аша түседі. Бір не екі тармақ бойында көркемдік өрнектерді қабаттастыра 
немесе қатар қолдану сурет сәнін келтіреді. 
«Көгілдір  кештерінде  Көкшетаудың»  өлеңіндегі  теңеулердің  өз 
салмағы бар: 
Жұмбақтас 
Түнде ойлардың ордасындай
Аялдар қимаған соң көл қасында ай. 
Қалқиды 
Су бетінде бір ақ желкен, 
Балқиды қажыр тастар қорғасындай [134, 165]. 
Бұл  үзіндіде  де  теңеу  жеке  емес  «ойлардың  ордасындай»  метафора-
лық  тіркесі  арқылы  жасалып,  қабаттаса  қолданылған  лирикалық  кейіпкер 

 
116 
сезімін,  қабылдауын  жайып  салады.  Ол  келесі  суреттерде  де  жалғастық 
табады. 
Осы тәріздес -дай, -дей, -тай, -тей формасымен жасалған теңеу үлгі-
лері табиғатты суреттеуде әсіресе жиі қолданылады: 
Басқандай болып мақпалды-ақ, 
Бұрқылдар суы бұлақтан. 
Бұлбылы жырлап жатқан бақ 
Несі кем еді жұмақтан?! [134, 176]. 
Тұлымындай таулардың шыршаларым, 
Кім сендерді мұншама паршалады? [134, 198]. 
Сұрқы түнде үйлердің сұр балшықтай
Әйнектері жылтырап тұрған шықтай [134, 198]. 
Ақ сойқан бітіргендей далаға айбын
Адасқан ауылынан баладаймын
Аузыма, көздеріме қар құйылып, 
Қайырымды қарағайды паналаймын [134, 167]. 
Алматының мұнда жоқ төккен селі 
Қар борайды 
Басқандай көпке еңсені
Бурабайдың баурына келсе екен деп, 
Жиырма төрт күн күттім мен көктем сені [134, 167]. 
Алғашқы  үзіндіде  теңеудің  -дай  формасы  есімшеге  жалғану  арқылы 
жасалып,  лирикалық  кейіпкердің  көтеріңкі  көңіл-күйі  мен  сезімінен  сыр 
шертсе,  келесіде  тек  қана  теңеу  қызметін  атқармай,  метафоралық  тіркес 
жасауға  да  қатысып,  әсем  суретке  үңілте  түседі.  Үшінші  мысалда  автор 
теңеуді  лирикалық  кейіпкер  көзімен  сипаттай  отырып,  оны  өлең  ұйқасын 
құруға  да  негіз  етеді.  Төртінші  мысалда  есімше  формасына  жалғанған 
теңеудің  -дай  түрімен  келгені  жалғанса,  екінші  тармағында  теңеудің  -дай 
формасынан  кейін  жіктік  жалғауының  бірінші  жағында  тұрған  түрі  келе-
ді.Соңғы мысалда да есімше формасынан кейін жалғанған теңеу жеке тұр-
ған  дара  нәрсе  емес,  келісті,  әсем  сурет  жасауда  өзге  көркемдік  тәсілдер-
мен бірлікте, байланыста. 
К. Ахметованың  «Күзгі  жел»  өлеңінде  теңеудің  сияқты  шылауымен 
келген  түрі  сурет  зейнеттілігін  әрі  өлең  ұйқасын  келтіруде  орны  ерекше. 
Мысалы: 
Күзгі желі күшіне енген шағында, 
Дала ұқсайды даусыз ұлы дарынға... 
Жылғалардың жылағаны сияқты, 
Жылы ағысты сұрағаны сияқты. 
Абыр-сабыр қарбаласта 
Жаз дейтін 
Патшалықтың құлағаны сияқты. 

 
117 
Ағаштардың бастасуы сияқты 
Аспан,жердің астасуы сияқты. 
Асығыстау бұтағынан бөлінген 
Жапырақтардың қоштасуы сияқты. 
Көк көзінде мұң тұнғаны сияқты 
Тыныштықтың жыртылғаны сияқты. 
Өрекпіген қара желге теректің 
Жыны келіп, жұлқынғаны сияқты. 
Күзгі желде сағыныш бар сияқты 
Күңіренуге жаны құштар сияқты 
Табиғатты күшті дейміз, 
Ол дағы 
Бір тәңірге жалыныштар сияқты...[134, 174]. 
Лирикалық кейіпкер күздегі желді даланы ұлы дарынға ұқсатып, оны 
әр  тармағында  ой  мен  қиялына  бағындыра  отырып  келісті  суреттер 
елестетеді.  Табиғат  пен  Адам  арасында  үндестік  табады,  табиғатты  адам 
кейпінде  суреттейді:  жылғалардың  жылауы,  патшалықтың  құлауы,  ағаш-
тардың  бастасуы,  жапырақтардың  қоштасуы.  Көк  көзіне  мұң  тұнуы,  қара 
желге теректің жыны келуі, жұлқынуы т.б. 
-Ша  формалы  теңеулер  де  К. Ахметованың  табиғатты  суреттеулері-
нен орын алады. Мысалы: 
Гүлін теріп қуанам балаша бір 
Алаша қыр. 
Тамады тамаша нұр. 
Ала қоңыз тынбайды ала жаздай, 
Бұлттар ұшып барады ала шабыр [134, 174]. 
Түнде – үрейлі, қызықты – күндіз барса, 
Күзде салқын тау іші күн қызғанша. 
Көк шөптердің ішінде сары гүлдер 
Дірілдейді кәдімгі жұлдыздарша [134, 86]. 
Алғашқыда лирикалық кейіпкер зейнетті табиғат көрінісі аясындағы 
өзінің  қуанышын  жасыра  алмай,  балаға  теңесе,  келесіде,  гүлдердің  әсем 
суретін жұлдыздарға балайды. 
Ұ. Есдәулеттің  табиғат  туралы  өлеңдерінде  теңеулер  жиі  кездеседі. 
Бір  затты  не  құбылысты екінші бір ұқсас затқа, құбылысқа балау арқылы 
келісті суреттер жасайды. Мысалы: 
Өзенге өркеш біткендей, 
Керуен де керуен сең кеткен. 
Ақ түбіт буды түткендей кейде, 
Жағалау жақтан жел жеткен [124, 83]. 
Бірінші тармақтағы «өркеш біткендей бейне» теңеуі арқылы ақын су 
бетіндегі  мұздардың  төмпек-төмпек  болып  көтеріле  көрінуін  байқатса, 

 
118 
екінші  тармақтағы  «керуен  де  керуен»  қолданысынан  олардың  көптігі 
аңғарылады.  Лирикалық  кейіпкер  қабылдауына  сай  алынған  «ақ  түбіт  бу-
ды түткендей кейде» тармағы арқылы желдің соғу ерекшелігі мен ауадағы 
бу не тұманды байқаймыз. 
Ұ. Есдәулет теңеу арқылы ұлттық бітім-болмысты, дәстүрді аңғарта-
ды,  оның  қаламынан  туған  теңеулерден  ұлттық  өрнекті  байқауға  болады. 
Мәселен, «Кемпірқосақ» өлеңінде : 
...Арқауын ашудас ніліне малған, 
Апамның алашасындай. 
Бұлттардан салбырап түскен, 
Аспанның алтыбақанындай. 
Тайбурылдай арғымақ өскен, 
Құртқаның алтын отауындай [124, 79]. 
Осындағы  қай  теңеуді  алсақ  та,  қазақы  тұрмыс,  сипат  көрінеді. 
Кемпірқосақты апаның алашасына теңеуінен түрлі-түсті реңдердің бірінен 
соң  бірі  рет-ретімен  орналасуын,  бояуының  түрлілігін  елестетсек,  екінші 
теңеу  метафоралық  тіркес  арқылы  жасалып,  алтыбақанға  ұқсатуынан 
кемпірқосақтың  пішіні  танылса,  бұдан  кейінгі  теңеуде  пішін  ерекшелігін 
байқатады. Мұндағы Тайбурыл мен Құртқа бейнелерімен отау, алтыбақан, 
алаша заттары таныс еместер үшін өлең де түсініксіз, әсерсіз болмақ. 
Ұлттық  сипатта  суреттеу  мына  үзіндіде  де  бар:  «Бұрымынан  сауыл-
даған  шолпыдайын,  //  Жап-жасыл  жапырағы  саулап  ұшқан»  [123,  102]. 
Тармақтардағы  қазақ  қыздарына  тән  шолпының  сауылдауын  жапырақ-
тардың  ұшуына  ұқсатуы  да  оның  бір  ерекшелігін  байқатса  әрі  ұлттық 
өрнекті де танытады. 
Ұ. Есдәулет теңеуді пайдалана отырып, тек әсем, көркем табиғатпен 
табиғаттың  қолайлы,  жағымды  құбылыстарын  суреттеген  жоқ,  соған  қоса 
қолайсыз  табиғатты  өзінше  жырлайды:  «Жел  менен  аяз  жабылып  жылан-
ша шаққан, // Жезтырнақ кеште келеді ай құлақтанып» [124, 13]. Суреткер 
табиғаттағы жел мен аяздың соншалықты суықтығын, «жыланша шаққан» 
теңеуімен  береді.  Сол  жыланша  шаққан  жел  мен  аяздың  өзі  «жезтырнақ» 
кеште  болуы  суретті  лирикалық  кейіпкер  сезіміне  тән  үрейлі  етіп  елесте-
теді. 
Ұ. Есдәулет теңеулері табиғатты суреттеуде өзіндік орынға ие. Бірде 
көңілді,  бірде  қолайсыз  табиғатты  бейнелеуде  ақын  ұлттық  нақыштағы, 
заман  келбетін  танытарлық,  білім  тереңдігін  тілейтін  қолданыстарды 
пайдалану арқылы оқырманын іңкәр сезімге бөлейді.  
Ақын  С. Мәуленов  табиғат  лирикасында  теңеулер  тек  бір  айқындау 
сөзбен емес, екі-үш айқындау қабаттасып, иықтасып та қолданылады. Бұл 
теңеу  образын  жан-жақты  бейнелі  танытып,  өлеңнің  экспрессиясын  кү-
шейте түседі. С. Мәуленов теңеудің сипаттаушы және сипатталушы мүше-
лерін  де  жеке-жеке  айқындаулармен  береді.  Ол  теңеулерді  орынсыз  қол-

 
119 
данбайды.  Әр  теңеу  ақын  поэзиясының  әсемдік  әлеміне  өз  салтанатымен 
келіп  өлеңге  айрықша  ажар,  өзгеше  өрнек  дарытады.  Ақын  М. Мақатаев-
тың  табиғатты  суреттеулерінде  теңеулер  жүйесі  –  өзінше  бір  дүние.  Онда 
табиғат заттары, құбылыстары, нәрселері негізінен адам немесе адамға тән 
зат, нәрсе, әркеттерге баланады. Ақынның пейзаждық лирикасында теңеу-
дің  бейнесі  ретінде  изафеттік  тіркестер  де  жұмсалады.  К. Салықовтың 
табиғат  лирикасында-дай,  (-дей,-тай,-тей,)  тұлғалы  теңеулердің  көбіне 
айқындаулармен  келуі  жиі  кездеседі.  Мұндайда  автор  суреттеліп  отырған 
заттың  не құбылыстың ерекшелігін тереңдете, айқындай түседі. Ақынның 
табиғат лирикасында теңеулер ойды, сезімді бейнелі жеткізудің бір амалы, 
тәсілі  ретінде  ғана  емес,  кей  ретте  өлең  құрылысына  да  өзінше  қызмет 
етеді.  Ақын  шығармасында  кезекті  ұйқасқа  құрылған  теңеулер  де  жиі 
кездеседі.  Қ. Мырзалиевтің  пейзажды  суреттеулерінде  де  теңеулер  мол, 
қызықты  қолданылады.  Теңеу  түрлері  жоқтан  бар  емес,  қайта  барды 
барынша  еркін  пайдалануынан  көрінеді.  Ақынның  табиғатты  суреттеу-
лерінде  заман  келбетін  танытарлық  сөздік  қолданыстар  теңеудің  бейнесі 
ретінде ұшырасады. Ақын Қ. Мырзалиевтің пейзажды бейнелеуде қолдан-
ған теңеулері суреткер шеберлігін, өзіндік талғамы мен танымын, көзқара-
сын, дүниетанымын жан-жақты таныта түседі. О. Асқардың табиғат лири-
касындағы  теңеулер  жүйесі  негізінен  табиғат  көркемдігін,  зейнеттілігін 
ашуға  бағытталса,  сонымен  қатар ұлттық сипатты танытатын өрнектер де 
бар.  Т. Айбергенов  өлеңдерінде  теңеулер  өзіндік  өрнектер,  тың  тіркестер 
табады.  Теңеудің  келісті  үлгілері  ақын  Ф. Оңғарсынованың  табиғат  лири-
касында да мол кездеседі. Негізінен ақын теңеулері күрделі түрде ұшыра-
сады.  Д. Қанатбаевтың  табиғат  тақырыбында  жазған  өлеңдерінде  теңеу 
белгілі  бір  заттың  не  құбылыстың  сипатын,  ерекше  белгісін,  қасиетін 
оқырманға  әсерлі таныту үшін не екінші бір соған ұқсас құбылысқа затқа 
балап қолданады. Ақын К. Ахметованың табиғат суреттеулерінде де теңеу-
лер  жиі  кездеседі.  Олар  өлең  көркемдігін  ғана  көтеріп  қоймай,  автордың 
шеберлігін, таным дүниесін аша түседі. Ұ. Есдәулет теңеу арқылы ұлттық 
бітім-болмысты,  дәстүрді  аңғартады,  оның  қаламынан  туған  теңеулерден 
ұлттық өрнекті байқауға болады. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет