Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ауыз әдебиетінде, жыраулар поэзиясында табиғатты суреттеулер қаншалықты
көрініс тапқандығын нақты мысалдар келтіре отырып талдаңыз.
2. Табиғатты алғаш суреттеулер араб поэзиясында, қытай әдебиетінде қалай
көрініс бергендігін қазақ әдебиетімен салыстырыңыз.
11
3. ХІХ, ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінде табиғатты суреттеу дәстүрінің даму
ерекшеліктерін талдаңыз.
4. Дәстүр ұғымына түсінік беріңіз және ол туралы ғалымдар пікірлерін
саралаңыз.
5. Қазақ әдебиетiнде табиғатты реалистiк әдiспен арнайы бейнелеу дәстүрін
жан-жақты талдаңыз.
6. ХХ ғасырдың әр кезеңіндегі табиғатты суреттеу дәстүрінің ерекшеліктерін
нақты мысалдар арқылы ашып көрсетіңіз.
1.2 Табиғат лирикасы және дәстүр жалғастығы
Алпысыншы жылдардан кейінгі кезең тек табиғат лирикасының ғана
емес, М.Базарбаев сөзiмен айтсақ, поэзия атаулының «жаңғыру кезеңi» [88]
болды. Бұрын саясат ноқтасын киiп, «бiрсүрең», «бiрыңғай» бояуда дамып
келген поэзия алпысыншы жылдардан кейін еркiн қадам басып, еңсесiн
көтере бастады. Поэзиядағы жаңалықтар, атап айтқанда, бейнелеу
құралдарының дамуы, ұйқас табиғатына, әуездiлiгiне, ырғақ құрылымына,
өлеңнiң iшкi мәнiне, мазмұнына басты назар аударылуы алпысыншы
жылдардан кейінгі кезеңнің «заманалық ерекшелiгiн» танытады. Аталған
бағыттағы жаңғырулар табиғат лирикасының да сапасын көтерiп, көк-
жиегiн кеңейттi. Бұл заман талабының өзгеруiмен және поэзия әлемiне бiр
топ ақындардың келуiмен байланысты болды. Осы орайда, табиғат лири-
касының жүгiн көтерiскен барлық ақын шығармаларына тоқталмасақ та,
кезең айнасын танытарлық бiраз ақындар туындыларына тоқталуды жөн
көрдiк. Табиғатты жырлаудың дәстүрлi көшi толастап, тоқтаған жоқ. Оны
iлгерi жалғастырушы ақындардың қатары жылдан-жылға молығып, көбейе
түсті. Көбейгенде жай қайталау немесе сан өсіру емес, сапа жағынан да
жетіліп, дами түсті. Табиғат тақырыбында кең жырлаған ақындардың бiрi
– С. Мәуленов. Ақын поэзиясы туралы қазақ әдебиетінде зерттеулер
баршылық. Атап айтқанда, С.И. Сарсембекова «С. Мәуленовтің шығарма-
шылық лабораториясы» [89] тақырыбында кандидаттық диссертация қор-
ғаса, ғалым Ш. Елеукенов өз пікірін білдіреді [90, 172]. С. Мәуленов
творчествосын зерттеушi Ә. Шәрiпов: «С. Мәуленовтің өлең-жырларының
iрi саласының бiрi – табиғат лирикасы. Ақын өзi туып-өскен Торғай, Сыр
өзенi бойының табиғатын, туған елiмiздiң көрiктi мекендерiн, табиғат
суреттерiн тамсана жырлайды» [56], – деп көрсетедi.
Ал ақынның өзi табиғат жайында былай толғанады: «Сұлу да сырлы
табиғат қанша адам жырласа да қазынасы ортаймай, әрбiр жан иесi жаңа
көргендей қартаймай жас қалпында жасап келедi. Табиғат – ақын жүрегiн
оятатын, сұлу сезiмге бөлейтiн, қиял құсын қияға ұшыратын шабыттың
шақпақ оттарының бiрi. Бiрақ адамсыз жалаң табиғат жансыз дене секiлдi»
[91, 11].
Өзiнiң кейiнгi жылдары жазылған туындылары енген кiтабындағы
табиғат лирикасына арналған бөлімді «Табиғатпен жаным бiрге» деп ата-
ған ақын ендi бiр өлеңiнде «Мен – дүние өлшемiмiн, // Мен – табиғат бөл-
шегiмiн» [91, 203] дейдi. Ақынның табиғатқа деген ыстық сезiмінен, асқақ
12
шабытынан туындаған өлеңдерi оқырман көңiлiн жай қалдырмасы анық.
Оның лирикалық кейіпкері – жаратылыстың әсем көрiнiстерiн, сұлулығын
қызықтаушы, оған сүйсiнушi. Мысалы, «Жасыбай» өлеңiнен үзiндi оқиық:
«Тербелiп жасыл бұлттай жасыл айдын, // Мұнартып көлi жатыр Жасыбай-
дың. // Менмен шың, меңiреу құз, мелшиген тас // Қарайды төңiрекке ша-
шып айбын».
Үзiндiден лирикалық кейіпкер көзiмен берiлген Жасыбай көлiнiң бiр
сәткi сұлулық көрiнiсi көз алдыңа елестейдi. Өлең табиғаттың сұлулығы
мен суреткердiң ақындық шеберлiгiн қатар танытады. Алғашқы тармақ-
тағы «тербелiп» қолданысы қимыл әсемдiгiн бейнелесе, бiрi екiншiсiн
дамыта түсетiн «жасыл» сөзiн қайталай қолдану арқылы рең әдемiлiгiне де
назар аудартады. Ал «менмен», «мелшиген», «меңiреу» сөздерi бiрыңғай
дыбыс үндестiгiне құрылып шың биiктiгiн, құздағы тыныштықты ғана та-
нытуға қызмет етпей, оқылуда да жеңiлдiк, үйлесiмдiлiк байқатады. Жасы-
байды қоршаған ағаштардың тiктiгiн, көптiгiн автор былай бейнелейдi:
Қоршаған Жасыбайдың алабын бар,
Айнала апай төстi кәрi адырлар.
Жан-жақтан Жасыбайды бағып тұрған
Қарағай найзалы сол қарауылдар [92, 142].
Автордың әдемiлiкке құмартуынан, қуатты шабыты мен құдiреттi
қиялынан өрiлiп туған өлең адам жанын мөлдiр сезiмге бөлейдi. Сондай
көркем жердiң бiрi Көкшетауға арнаған өлеңiнде де әдеттегi көрiнiс келісті
суреттеледі. Өлеңде көп құбылыс қамтылған.
Ұқсаған Көкшетаудың аспанына
Көк-жасыл жалтылдайды таста қына.
Садақтың саржасындай қарағайлар,
Кетедi шырқап шыңның асқарына [92, 62].
Көкше табиғатын, сұлу жаратылысын ақын әрi әсерлi, әрi жан-жақты
суреттеген. Шығарманың нәзiк кестесi де, өрнек нақышы да сан алуан. Мә-
селен, тастағы қыналарды Көкше аспанына ұқсату арқылы ақын тастағы
қыналарды да, аспан көрiнiсiн де қатар байқатса, Көкше қарағайларының
тiктiгi «садақтың саржасындай» баламасынан, биiктiгi «шыңның асқарына
шырқауы» тiркестерiнен анық көрiнедi. Автор жандандыру тәсiлiн ұтым-
ды қолданады. Бала қайыңның әр жерден ақ көйлегi бiр жарқ етiп жүгiруi –
әсерлi де әдемi көрiнiс. Көкшетау туралы бұған дейін жазылған ақын
Қ. Аманжоловтың өлеңіне үңілсек, екі өлеңдегі сурет орайластығын аңға-
рамыз. Қ.Аманжолов «Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі» деп бейнелейді
немесе «Жайғандай жасыл ала жібек кілем» [86, 11] деп теңеумен нақты
елестетсе, С. Мәуленов «Көк жасыл жалтылдайды таста қына» деп
суреттейді.
Автор әдеттегi көрiнiстi қиял өрiсiне бағындыра отырып шебер
суреттейдi. Мысалы, күннiң бату көрiнiсiн былай өрнектеген:
13
Көк теңiзге ақырын сүңгiп батты күн,
Қанатымен қаусырмалап жапты түн.
Күндiз күлiп кең далада жүгiрген,
Басты жел де баяу есiп аптығын [93, 166].
С. Мәуленовтің тек туған жер жаратылысы мен табиғатын жырлама-
ғаны белгiлi. Ол туралы Ә. Шәрiпов былай дейдi: «Ақын поэзиясының
географиясы кейiнгi көптеген жинақтарда онан әрмән тағы да кеңейе
түскен. Мұнда Россия жерi мен Россияның бұрынғы-соңғы даңқты ұлда-
ры, елiмiздiң өрен таланттары, Түрiкмен, Белорус, Кавказ елдерi, Ақ Едiл
бойлары және башқұрт-татар бауырлар ортасынан алған тәттi әсерлер, қи-
мас та қымбат достар, туған жер топырағының ғажайып қасиеттерi өзгеше
бiр тың өрнектермен, бояулармен кестеленiп, көркемделедi» [56, 180].
С. Мәуленовтің табиғат лирикасы қазақ әдебиетіне өзгеше бiр тосын
жаңалық әкелмесе де, туып-өскен жер табиғатын қара өлең үлгісінде жыр-
лап, қалыптасқан дәстүр арналарын өзiнiң сұлу да сырлы жырларымен
толықтырды.
Қазақ поэзиясының жетпiсiншi жылдардағы көрнектi өкiлi М. Мақа-
таевтың табиғат тақырыбындағы өлеңдерi сан алуан. Оның ақындық
шеберлiгiн зерттеушi К. Хамидуллаев пiкiрiне сүйенсек: «Ақын туынды-
ларында ерекше орынды иеленетiн тақырыптардың бiрi – табиғат лири-
касы. Мұқағали өзi туып өскен Қарасазды, Хан тәңiрi тауларының әсем
көрiнiсiн, жасыл желектi кең жайлауларын, жұпар иiстi жусанын, керек
десеңiз бiр тал шидiң сызғытып ән салған шыбығына дейiн, бүкiл
Қазақстанның ұлан байтақ кең даласын, туған жер табиғатын шабыттана
жан сезiмiмен жырға қосып, оның сұлу көрiнiсiн жалаң алмай табиғат
құбылыстарымен, адамзат тiршiлiгiмен тығыз байланыстыра аса шебер
суреттейдi» [94] – десе, зерттеуші Б. Кәрібаева [95, 89] Қасым ақын мен
Мұқағали поэзиясынан үндестік табады.
Жыл мезгiлi (қыс, көктем, жаз, күз, сәуiр, мамыр, ақпан, қараша),
тәулiк уақыты (таң, iңiр, түн), ауыл, дала көрiнiстерiне ақын бiрде сүйсiн-
се, бiрде наз бiлдiре жырлайды. Табиғат суретiн жалаң бейнелемей, адам
өмiрiмен тығыз қарым-қатынаста суреттеу дәстүрі Абайдан бастау алса,
сол дәстүрді Мұқағали да жалғастырады. Мәселен, «Сәуiр айы» өлеңiнде
автор табиғаттың жайсыз жағдайын ғана суреттеумен шектелмей, адам-
дардың көңiл-күйiн де байқатады. «Құтты көрiп дихандар құптағанмен, //
Малшылар салып отыр сарыуайым». Әсiресе шопан күйбеңi шынайы да
әсерлi бейнеленедi.
Шопан жүр малыменен, көптен бөлек,
Төпеп тұр,
Келер емес көктен көмек.
Сәуiр айын сықпыртып, сабайды кеп,
– Құрғырдың түбi түсiп кеткен бе?! [96, 50] – деп.
14
Жаңбырдың жауу ерекшелiгi үзiндiдегi «төпеп тұр» қолданысынан
аңғарылса, «құрғырдың түбi түсiп кеткен бе?!» тармағы арқылы ақынның
табиғат көрiнiсiн ғана емес, адамдар психологиясын аз сөзбен ұтымды
даралау шеберлiгi танылады.
Табиғатты жырлағанда М. Мақатаевқа тән тағы бiр ерекшелiк –
өлеңдерiнен ұлттық сипаттың, қазақы тұрмыстың жеңiл танылуы. Мыса-
лы, «Мына келген мамыр ма?» өлеңiнен екi шумақ оқиық: «Аспан тұр мiне
күркiреп, // Шөмiш қақ, әже, ырымдап. // Көктер ме егiн дүркiреп, // Көк
биең аман құлындап. // Есен-сау тұңғыш немерең, // Оралар ма екен әскер-
ден. // Тұнар ма екен төңiрек, // Шұбырып өскен жас төлден» [96, 48].
Автор ұлттық нақышпен кестеленген әже ырымымен қатар нақты суреттеу
арқылы да мамыр айының өзiндiк ерекшелiктерiн жан-жақты ашады.
Аспанның күркiреуi, егiннiң дүркiреп көктеуiн, бие құлындауын, немере-
сiнiң әскерден оралуын тiлеудi, шұбырған жас төлге төңiректiң тұнуын
тосуы – бәрi лирикалық кейіпкер көзiмен берiлген мамыр айының көрiнiсi
болуымен қатар суреткер шеберлiгiнiң де айнасы. Онда табиғатты нақты
өрнектеумен қатар адамдар көңiл-күйiн, тiлегiн де жинақтап, даралап,
ұлттық нақышқа сай бейнелеу шеберлiгi көрінеді. Егiннiң «дүркiреуiнен»
оның жылдам әрi мол өсу ерекшелiгi, ал жас төлдердiң «шұбыруынан»
және төңiрекке «тұнуынан» олардың соншалық көптiгi және соны ақын-
ның да, ондағы адамдардың да қалағаны байқалады.
Ақынның табиғат туралы жазған өзге де өлеңдерiнде ұлттық өрнек
нақышы назар аудартады. Мәселен, «Көкжиекке таулардың, // Көтерiлсе
түндiгi, // Баурайдың да, бар маңның // Көрiнедi кiндiгi» [97, 64] немесе
«Бастарында Мұзарттың, // Ағараңдар сәлдесi» [97, 64].
Ақын табиғаттың, жыл мезгiлiнiң түрлi кезеңдерiн жырға қосқан.
Бiрде шуақты көктемдi бейнелесе, бiрде бұлтты, жауынды көктемдi, ендi
бiрде құс әнiне, бұлақ сыбдырына бөленген көңiлдi көктемдi жырлайды.
Әр көргенде түрлi қырынан танылатын табиғат ақынжанды жүректi ерiксiз
сезiмге бөлейдi. Мысалы, тәулiк мезгiлiнен сыр ақтаратын сәттi санарлық
туындыларының бiрi «Таң алдында» өлеңiнен үзiндi оқиық:
Айдың да кеткiсi жоқ көк бетiнен,
Табандап жатып апты етбетiнен.
Күн түнде таңнан хабар айтып едi,
Жұлдыздар үркiп кеттi бет-бетiмен [98, 216].
Ақын аспан денелерiн адамдар өмiрiне ұқсата суреттейдi. Айдың көк
бетiнен кетпей, етбетiнен жатып алуы, ал күннiң хабар айтуынан кейiн
жұлдыздардың үркiп қашуы түрлi адам әрекеттерiн еске салумен бiрге
ұлттық нақышпен көмкерiлу нәтижесiнде таңғы аспан көрiнiсi әсерлi
бейнеленген.
Жаратылыс көрiнiстерi мен құбылыстары, жыл мезгiлдерi тағы басқа
тақырыптармен қатар ақынның туған жерге, өлкеге арнаған өлеңдерi де
15
бiрсыпыра. «Туған жерге», «Сағалап сайды, жыраны», «Туған жер сағын-
дырды», «Сарыжайлау», «Қайран Қарасазым-ай», «Түнгi Алматы», т.б.
Мәселен, «Туған жер сағындырды» өлеңiнде емханада жатқан лирикалық
кейіпкер туған жер табиғатын, жайылған киiктерiн, таңғы самалын, қасқа
бұлағын аңсап, былай қапаланады:
О, дәурен неткен ғажап сүйікті еді!
Жайылған жасыл маңда киіктері.
Отырған оңашада, биіктегі,
Таңғы самал жататын сүйіп мені [96, 82].
Үзiндiден туған жер табиғатына деген лирикалық кейіпкер махабба-
ты, iшкi сезiмi аңғарылады.
Байқағанымыздай, М. Мақатаев табиғатты жырлауда табиғат құбы-
лыстарын шынайы да сұлу суреттейді. Ақын өзі айтқандай, табиғатты
жырлауда да «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, // Шекпен жауып өзіне»
қайтарады. Табиғатты адамдар өмірімен қарбалас суреттеу Абайда кез-
дессе, Мұқағали да табиғатты адамдар өмірімен тұтастықта суреттейді.
Мағжанда кездесетін табиғатпен тікелей тілдесу дәстүрін де Мұқағали
өзінше дамытады: «Көктің сансыз көздері // Алдамаңдар ойнақтап, //
Шақырғанмен бара алман // Бол, тез шық та бетін жап!» [97, 133].
Дәл осындай өзіне ғана шеберлігімен дараланған, табиғат тақыры-
бында еркін, көсіле жырлап жүрген ақындардың бірі – К. Салықов. Ақын-
ды «сөз кенінің инженері» деп атаған С. Мәуленов оның табиғат лирикасы
туралы былай дейді: «Кәкімбек – табиғат таңғажайыптарын алуан бояумен
өрнектей алуға қауқары жететін суреткер қаламгер. Оның «Ұлытау»,
«Көкшетау», «Алатау», «Есіл» өлеңдері өзгелерді қайталамай өз көркімен
сұлулық көрмесін көлденең тартады» [99].
Ақын шығармаларын оқыған адам бірде Москва орманын араласа,
бірде Ыстықкөл маңын шарлайды, енді бірде Кавказдың әсем гүлзарына,
Эльбрус тауына саяхат жасайды. Ол тек туған жер табиғатын емес, өзге де
жерлерді суреттеген. Мәселен, Кавказ табиғатына Т. Жароков та өлең
арнаған. Екі ақын да Кавказ тауына, Эльбрус шыңына назар аудартады.
Т. Жароков жеті-сегіз буынды үлгіде жазса, К. Салықов жеті-сегіз буынды,
он бір буынды қара өлең үлгісінде жазған. Тамаша табиғат көрінісін
ұлттық сипатта қабылдау анық байқалады. Ақын К. Салықовтың «Кавказ-
дағы Қазақстан» өлеңін оқиық: «Жасыл аула, әсем гүлзар – текемет // Көк
шыршалар, фонтан…// Қызық өте көп. // Қажылыққа бара жатқан Құнан-
бай, // Айтар ма еді міне нағыз Мекке деп // ...Дөп-дөңгелек киіз үйдей
бассейн, // Дертке дауа іздетпейді басқа емін» [99]. Ақын өзге елде жүрсе
де, сол елден өз туған жерінің әсем келбетін, ұлттық бояуын, өрнегін
көреді. Кавказдың жасыл ауласын, әсем гүлзарын «текемет» деп тануы,
түрлі тастардың мәнерлі сәні, ою-өрнектер жатысының қазақшалап сөйлеп
тұрғандай көрінуі, бассейнді киіз үйге ұқсатуы, оның шипалы суын Көкше,
16
Баян суларына теңеуі – бәрі ұлттық нақышқа сай лирикалық кейіп-кер
көзімен суреттелген Кавказ жерінің көріністері. Ол өзге тармақтардан да
көрінеді. Ауланың «жасыл», гүлзардың «әсем» болуы белгілі бір сипат
берсе, текемет ауыстыруы да жердің түрлі түсті, әрі өрнекті қалпын
танытады. «Көк шыршалар, фонтан …» тармағындағы баяндау да орынды.
Алдыңғы тармақтағы жалпы сипаттауға қарағанда (олай дейтініміз, «жа-
сыл аула» дегенде әйтеуір жасыл сипаты бар да, нақты өсімдік пе, ағаш па,
ағаш болса, қайың ба, терек пе, қарағай ма белгісіз) мұнда нақтылық бар,
сондықтан ол көріністі де дәл елестетеді. Лирикалық кейіпкердің «Қажы-
лыққа бара жатқан Құнанбай, // Айтар ма еді міне нағыз Мекке деп» деген
ойы – лирикалық кейіпкердің бұрынғы тыйым салынған ұғымдарға жаңа-
ша қарай бастауының дәлелі. Кавказ жеріндегі тастардың әдемілігі, түрлі-
лігі, қиюласу ерекшелігі де назардан тыс қалмаған. Босағасы мен сатысы-
ның өзі жай тастан емес, «түрлі мәрмәр» болуы да көп ойды аңғартады.
Сол тәрізді Кавказ суының қасиеті «Дертке дауа іздетпейді басқа емін»
тармағымен әсерлі берілген. Өлеңнен ақынның әр нәрсені шұқшия жырлай
бермейтіндігі, тақырыпты ашуда тек негізгі деген суреттерге көңіл бөлгізуі
және оны әсерлі жеткізе білуі К. Салықовтың талғампаз әрі шебер ақын
екендігін байқатады.
Автордың көңілден шығарлық туындыларының бірі – «Эльбрусқа
қарашы». Үзінді оқиық: «...Даланың маңғаз тумасы, // Мекенің мәңгі тап-
қандай, // Көкшенің ақ бас бурасы // Кавказға келiп жатқандай. // Қызыққа
жаны көмiлер, // Қос өркеш жоны жылтырап // Алмасқа күмiс төгiлер,
//Күн сүйген ақ қар жарқырап…» [99, 153]. Өлеңдегi Эльбрус тауының
көрiнiсi лирикалық кейіпкер сезiмiне, сүйсiнуiне көмкерiлген. «Көкшенiң
ақ бас бурасы, // Кавказға келiп жатқандай» тармағында автор Эльбрус
бейнесiн қазақ ұғымына таныс ақ бас бураға ұқсату арқылы елестетедi. Тау
сипатын танытатын қолданыстар да бiршама. Мәселен, «маңғаз» деуiнен
тау биiктiгi, ақ бас бураға ұқсатуынан басында қар жатқандығы, «Қызыққа
жоны көмiлер» тармағынан таудағы тамаша қызықтардың таусылмай-
тындығы, «қос өркеш» қолданысынан тау көрiнiсi, қалпы, ал «Алмасқа
күмiс төгiлер, // Күн сүйген ақ қар жарқырап» өрнектерiнен лирикалық
кейіпкер қабылдауымен қатар таудағы келiстi көрiнiс те аңғарылады.
К. Салықовтың табиғат лирикасы түрлi жер көркемдiгiн ғана бейне-
леуге арналмаған, ол жыл мезгiлдерi, табиғат құбылыстары, т.б. тақырып-
тарды да қамтиды. Мәселен, күздi суреттегенде ақын ол туралы халық
пайымдауларына, сан жылғы тұжырымдарына да сүйенедi. Мысалы:
«Жазды ұзартты // Сары жайлау күз деген. // Көркемiн-ай, // Көктем лебiн
үзбеген. // Әсер сары // Әсiре кербез әйелдi // Осы екен ғой бәлсiндiрiп
«қыз» деген. // ...Алтын шашы белден төмен төгiлiп, // Ақ сары қыз қызды-
рынып тұрғандай. //...Құрбылардай қырық жаста құлпырған// Осы екен ғой
«бәйбiше күз» дейтiнi» [100, 63].
17
Ақын қаламынан туған күз көрiнiсi өзгеше өрнек тапқан. Абайдың
«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан» деп басталатын өлеңінен бөлек. Онда
адамдар өмірі табиғатпен бірлікте суреттелсе, К. Салықов қиялға ерік бере,
халық пайымдауына сүйенеді. Ол басқа ақын жырларындағы күз
бейнелерiне тiптi де ұқсамайды. Әдетте күз желдi, жаңбырлы, т.б. боп
суреттелсе, К. Салықов күздi ашық, жайдары суреттеп, оған өзiнше бояу
дарытады. Ақын күз көркемдiгiн «әсер сары әсiре кербез» әйелмен са-
лыстыра отырып, оны нақты, бейнелi суреттейдi. Мысалы, «күмiс төккен»
күн болуынан аспан ашықтығын, «үрлем жел жоқ» баяндауынан күзге
қарағанда жазға тән мiнез басымдығын байқаймыз, ал ақ қайыңның ырғал-
мауы сол баяндауды дәлелдей түседi. Автор көрiнiс зейнеттiлiгiн танытуда
жандандыруға да жиi барады. Мәселен, қайың шашы, белi болуы, сол ша-
шының өзi алтын әрi белден төмен төгiлiп тұруы және оны ақ сары қызға
теңеуi келiстi сурет елестетумен бiрге әсерлi де. Күз келбетiне сүйсiнген
ақын оны сары әрi әсем болу ерекшелiгiне қарап, қырық жаста құлпырған
құрбыларына ұқсатады.
К. Салықов өзінің пейзаждық лирикасын қара өлең үлгісімен қатар
жеті-сегіз буынды өлең түрінде құрып, оны дәстүрлі түрлендірді. Ақын-
ның табиғат лирикасының картасы Тайыр ақынның пейзажды бейнелеген
өлеңдерінің географиясымен шекаралас, ұқсас болып келеді. Т. Жароков
сияқты К. Салықов та жыл мезгілдеріне, табиғат сұлулығына өлең арнаса,
Кавказ жерлерін, Ресей жерлерін, Москваны, Эльбрус тауын, т.б. жырлауы
– дәстүрдің заңды жалғасы.
Қ. Мырзалиев – поэзия әлемiнде өзiндiк қолтаңбасы қалыптасқан,
жылдан-жылға оқырмандары көбеймесе, азаймайтын ақындарымыздың
бiрi. З. Қабдолов пiкiрiмен айтсақ: «…Әр өлеңде және жинақтағы бар
өлеңде автор мөп-мөлдiр шындықты тап-таза ағысқа, ақындық ағысқа
айналдырып, соншалық бiр кең тыныспен еркiн, ешқандай қитықсыз, есi-
ле, көсiле жырлаған. Әр өлең кәдiмгi қиыннан-қиысу жағынан жасан-
дылықтан аулақ, соншалық табиғи, тiптi оп-оңай құйыла салған секiлдi»
[101, 10].
Қ. Мәшһүр-Жүсiп «Қ. Мырзалиев шеберлiгi» мақаласында «Ой
орманы» (1965 ж.) жинағы мен iлесе жарық көрген «Дала дидары»
(1966 ж.) жинағының орны бөлек екенiн айта келiп, «Қазақ ақындары
iшiнде Қадыр Мырзалиев әр жинақ сайын өзiн-өзi қайталамауымен, әр
кiтабын белгiлi бiр тақырыпқа құрып, бiрiндегi ойды екiншiсiнде алға
апаруымен, сөйтiп, күрделi өмiрдi неғұрлым жан-жақты бейнелеуiмен
ерекшеленедi» [102, 19], – деп көрсетедi. Қ. Мырзалиев шығармашылы-
ғына қатысты С. Нұрахметов [103] пен Қ. Тілеубердиевтің [104] қорғаған
кандидаттық диссертациялары бар.
Мырзалиев шығармаларында табиғат тақырыбы жетекшi орын ала-
ды. Мысалы «Баян аула» өлеңiнде:
18
Мың көрсең де ажарын,
Өте алмайсың қарамай.
Қара тасты қақ жарып
Қаптап өскен қарағай.
Желiндерi сыздаған,
Бие бұлттар бiр табын.
Душқа түсiп мұздаған,
Дiр-дiр етiп тұр талы [101, 22].
Алғашқы екi тармақ арқылы автор Баян аула жерiнiң қаншалықты
науандығын, көркемдiгiн бейнелейдi. Ал үшiншi-төртiншi тармақтарда қа-
рағайдың тасты жарған ерекшелiгiн және көптiгiн суреттейдi. Тасты жару
оңай емес, ендеше тасты жарып шыққан қарағайдың да мықты болған-
дығы. «Қара тасты» деген тiркестi де орынды алады. «Қара» сөзiн «тас»
сөзiмен тiркестiру арқылы автор тастың берiктiгiне, қаттылығына назар
аудартады. «Қаптап» сөзi сол «қара тасты қақ жарып» өскен қарағайлар-
дың көптiгiн берсе, екiншi тармақтағы «қарамай» сөзi, одан кейiнгi тар-
мақтардағы «қара», «қақ», «қаптап», «қарағай» сөздерiнiң барлығы да «қ»
әрпiне басталып, дыбыс үндестiгiне құрылған. Бұл да өлеңдегi көрiнiстер-
дi айшықтап, түрлендiрiп тұр. «Желiндерi сыздаған, бие бұлттар бiр
табын» деп бұлттарды суреттеу де әсерлi. Ақын стилiне ғана тән «желiн-
дерi сыздаған» тiркесi арқылы бұлттардың үлкендiгiн, көлемдiлiгiн, «бiр
табын» қолданысынан бұлттардың көптiгiн, молдығын байқаймыз. Ал
мұндағы желiндерi сыздаған бие бұлт болуы, оның өзi бiр табын болуы әрi
шарттылық, әрi ұлттық өрнек айнасы. Үшiншi-төртiншi тармақтарда талды
адам бейнесiнде берген. Оны душқа түсiрiп дiр-дiр еткiзген «душ» сөзiн
заманға сай қолдана отырып автор талдың қозғалысын, ол қозғалысқа әсер
етушi бiр күштiң, яғни желдiң барлығын аңғартады. Және ол дiр-дiр етiп
қозғалғандықтан желдiң қатты емес, бiрқалыпты екендiгiн көремiз.
Табиғатты бейнелеуде тақырып пен ойды дәл айқындайтын, ақын-
ның сөз саптауы мен шығармаларындағы көркемдiк ерекшелiктерiн
аңғартатын мысалдарды көптеп келтiруге болады. Сондай өлеңдердiң бiрi
– «Ақша қар» өлеңi. Алғашқы шумақтың өзiнен-ақ ақын оқырманды нақты
суреттеумен қызықтыра отырып, адам сезiмiне, табиғаттың әсем көрi-
нiстерiне үңiлте түседi:
Жалғыз басты жаратқан
Жатыр ма екен ұн елеп,
Қылаң аспан тараптан
Қар түседi себелеп.
Аппақ болып шұбарлар,
Адыр жатыр дөңкиiп.
Шыға келген шынарлар
Шолақ етек тон киiп [101, 167].
19
Ақын жаратушы иенi де ойынан тыс қалдырмайды. Оны ұн елеп
жатқан адам кейпiнде бейнелейдi. «Ұн елеп» деудiң өзi көз алдымызға қар-
дың жауу ерекшелiгiн елестетсе, «жалғыз», «жаратқан», «жатыр» сөздерi-
нiң бiрыңғай ж әрпiне басталып, дыбыс үндестiгiне құрылуы өлеңдегi
суреттердi ажарландыра түскен. «Қылаң аспан» дегенде нақты суретпен
бiрге бояу дәлдiгi көрiнсе, қардың «себелеп» түсуi алдыңғы тармақтағы «ұн
елеп» деген көрiнiстi дамытады. Екiншi шумақта шұбарлардың «ап-пақ»
болуы рең әдемiлiгiн, ал адырдың «дөңкиiп» жатуы пiшiн келiстiлiгiн
жайып салады. «Шұбарлар», «шынарлар», «шолақ» сөздерi дыбыс үндесті-
гіне (аллитерацияға) құрылып өлеңге өң берсе, шынарлардың «шолақ етек»
тон киюi қардың шынарларды жабу ерекшелiгiн өрнектейдi. Үшiншi
шумақта мұржалардың «ақ телпектi» болуы және «монтиып» тұруы көз
алдымызға лирикалық кейіпкер талғамына сай нақышталған шырайлы
көрiнiстi елестетедi. Сол сияқты шыршалардың «шұбатылған» тон киюi де
әсерлi. Төртiншi шумақта «бозаң тартқан мұз бетiнiң» «тозаң басқан айна-
дай» болуы да – нақты сурет жасау шеберлiгi айнасы. Жалпы, аз сөзге көп
мән сыйғыза отырып, ақын төрт шумақтың өн бойында әсем суреттер
бергендiктен де шығарма сәттi шыққан.
Ақынның табиғат тақырыбындағы өлеңдерi кiтаптың «Жерұйық»
бөлiмiнде көптеп кездеседi. Сондықтан да әрбiр өлеңге жеке тоқтап жат-
пай, ақынның табиғатты бейнелеудегі өзгеге ұқсамайтын кей ерекшелiк-
терiне көңiл бөлейiк: «Бiраздан соң адамдардың қараған, // Басы айналып
кетерi бар теңселiп» [101, 331] – деу арқылы ақын тау биiктiгiн жай сөзбен
жеткiзбей, нақты суреттер арқылы көрсетедi. Тауға қараған адамның тең-
селiп, басы айналуы оның соншалық биiк екенiне сендiредi. «Қалғымайды
шың-құздарың қырағы, // Саған жақын көк аспанның шырағы» [101, 332].
Бұл жолдарда да тау биiктiгiн бейнелеген суретке сүйсiнемiз. Оның жерге
қарағанда көк аспанның шырағына жақын болуы шың-құздардың биiктi-
гiмен бiрге табиғаттың әсем көрiнiсiн елестетедi. «Бұл таулардан құлайды
өзен ақ көбiк // Құс болмаса өте алмайды ат-көлiк» [101, 341]. Үзiндiде
биiк тау деген сөз жоқ, бiрақ жай судың емес, өзен суының ақ көбiктенiп
құлауына қарағанда, сонымен бiрге ат-көлiктiң өте алмауынан таудың биiк
екендiгiн аңғарамыз. «Топ еткенде апорты Алма ағаштан, // Бiреу қағып
түскендей естiледi» [101, 335]. Ақын алма бағындағы апорттың үлкендiгiн,
салмақтылығын айтып жатпайды. Тек оны «топ еткiзу» арқылы дыбыс
ерекшелiгiне назар аудартып, сол арқылы басқа да қасиеттерiн аша түскен.
Зерттеуші Б. Кәрібаева сөзімен айтсақ: «Табиғат суретін беруге ақын көп
машықтанған. Әсіресе табиғаттың бар бояуын суреттеп жеткізуден гөрі
жанының қабылдауы мен түйсігінің тітіркенуі арқылы адам мен табиғатты
тұтастырып жіберуді көздейді» [105, 138].
Осы дәстүрдi iлгерi дамытқан ақындарымыздың бiрi – Оразақын
Асқар. Оның «Тұңғыш», «Мейiрiм», «Күнгей, «Ләйлә», «Көкорай», «Бал-
20
қарағай», «Сәулет», «Таудай бол», «Белжайлау» атты өлеңдер жинақтары
жарияланған. «Баркөрнеу» [106] атпен жарық көрген таңдаулы туындылар
жинағына үңiлсек, табиғат тақырыбына бiрнеше бөлiмдер арналған. «Тал
бесiгiм – табиғат», «Көктем көркi», «Жайдары жаз», «Күз бояулары»,
«Қысқы шуақтар», «Шалкөде шашулары», т.б.
Көрнектi ақын Ғ. Қайырбеков ақын ерекшелiгiне көңiл бөлген:
«Оразақынның ә дегендегi ақындық ерекшелiгi не едi? Оның ақындық
тiлiнде табиғи ажар, еркiндiк, нақтылық пен жинақылық, ашық бояу, анық
сурет болатын» [106, 5].
Бiздiңше, осы айтылған ойды ақын өлеңдерiн оқи отыра байқау қиын
емес. Осы үлгідегі «Таң арайы» шығармасы ақынның табиғатқа сүйсi-
нуінен туғандығы бiрден аңғарылады:
Көмкерiп шығыс шыңын алтын зерге,
Таң атып нұр сыбаға тартылды елге.
Құс бiткен құйқылжытып оркестрiн,
Сылаңдап гүл биледi салқын желге.
Әсерiн әсемдiктiң тең бөлiсiп,
Қақты орман алақанын тербелiсiп.
Әлгiнде ғана көктен ғайып болған
Жұлдыздай жылтылдады жердегi шық [107].
Ақынның «Таң арайы» шығармасы Т. Жароковтың «Таң шапағы»
өлеңін еске түсіреді. Ақын таңды нақты әрi әсерлi бейнелейдi. Таңның
атуымен нұрдың елге сыбаға боп тартылуы, құстардың оркестрiн құйқыл-
жытуы, гүлдiң салқын желге жай қозғалмай сылаңдап билеуi өте әсерлi.
Келесi шумақтағы орманның алақан қаққандай әрекет етуiнен дыбыс
шығатындығы, «тербелiсiп» сөзiнен желдiң әсерi бар екендiгi аңғарылады.
Жердегi шықтың жұлдыздай жылтылдауы, бұлақ тұнықтығы, адам өңiн
анық көрсетуi, сонымен бiрге бұлақтың әр сайда күлуi, гүл айналасында
араның серенада айтуы, көбелектiң екi-екiден көлбеңдеп, еркелеп қонғыш-
тауы – бәрi лирикалық кейіпкердің табиғатқа сүйсiнуi, елтуi, сонымен
қатар ақынның белгiлi бiр құбылысты бейнелеудегi сурет дәлдiгi, келiстi-
лiгi айнасы. Автор «сылаңдап» деу арқылы гүлдiң қозғалыс әсемдiгiн,
«тербелiсiп» нақышынан орман ағаштарының келiстi қозғалысын, «көрсе-
тiп тұнықтығы түсiңдi анық» өрнегiнен бұлақтың мөлдiрлiгiн, «күлдi бұ-
лақ» қолданысы арқылы ағыс ерекшелiгiн байқатады.
Табиғат құбылыстарын бақылай отырып, оны өлеңге түсiруде автор
шеберлiк танытады. Табиғаттың түрлi құбылысы мен заттарын кейiптеу
арқылы ақын өз сезiмiн оқырманына әсерлi жеткiзумен бiрге оны сол
көрiнiске тәнтi етедi. Мысалы:
Аулақта айтып көк нөсер барады әнiн,
От шығара сабалап барабанын.
Тал – шашынан су тамған тау – сұлуға
21
Кемпiрқосақ ұсынды орамалын.
Жеңiл бумен құттықтап күн тiл қатып,
Бас изедi тау жүзiн сүртiп жатып.
Гүлден көйлек, шыршадан камзол кидi,
Сансыз меруерт-маржанын жылтылдатып [107, 20].
Немесе
Жер бетiн ертеңгiлiк басқан қырау
Секiлдi ылайлы су аспан мынау.
Сары ала құрақ көрпе жамылды да,
Қалыңдап ақ мамығын жастанды тау [107, 55].
Автор табиғаттың әдеттегi көрiнiсiн қарапайым адам көзiмен сурет-
тейдi. Өлеңдегi ән айту, барабан сабалау, шашынан су таму, орамал ұсыну,
құттықтау, бас изеу, жүзiн сүрту, көйлек, камзол кию, екiншi үзiндiдегi
құрақ көрпе жамылу, ақ мамық жастану – бәрi адамға тән қимыл-әрекет-
тер. Ақын өз туындысында көркемдегiш тәсiлдердi кәдеге жарата отырып,
лирикалық кейіпкер көзiмен әсем суреттер жасайды. Оразақын өлеңде-
рiнде бiз жылтыр ақ сөздердi, табиғатта жоқ және болмайтын бейнелердi,
жалаң ақылгөйлiктi кездестiрмеймiз. Қаламгердiң «Сыр кешi» өлеңi де
көңiл бөлгiзедi:
Ақ дидары қызара сәл ұяла,
Ене алмай тұр сұлу күн әлi ұяға.
Алуан түстi тiрi өрнек шымырлайды,
Балық билеп шалқар Сырдарияда [107, 21].
Қарапайым көрiнiстi әдемi етiп жеткiзе бiледi. Ақын сұлу күннiң ақ
дидарын қызартып, сәл ұялтса, өзен балығын билетiп жiбередi. Өлеңнiң
үшiншi шумағындағы «Бұйра толқын бөлшектеп шұғыланы» тармағын оқи
отыра, Абайдың Лермонтовтан аударған «Терек» өлеңiнiң «Арыстан-ның
жалындай бұйра толқын», сонымен қатар Мағжан ақынның «Менi де өлiм
әлдиле» өлеңiндегi «Бұйра толқын шашы бар» тармақтарын еске түсі-реміз.
«Бұйра толқын» тiркесi үш ақында үндесiп, қайталанып отырған-мен, әрi
қарай үш түрлi дамыған.
Ақын табиғаттың түрлi құбылыстары мен көрiнiстерiн ғана жырға
қоспай, әркiм мән бере бермейтiн, сұлулығына сүйсiнсе де, одан сыр тауып
ұғынбайтын табиғат туындыларын өз шығармасына тиек етедi. Мы-салы,
«Раушан» [107, 21] өлеңiне көңiл бөлейiк:
Қабат-қабат толқынды қатпар қандай,
Күмiс күптеп, алтынмен апталғандай.
Ернеулерi түрiлген әр шеңбердiң
Түкпiрiнде түрлi сыр сақталғандай.
Өлеңдi оқып отырғанда автордың раушан гүлiн соншалық сүйсiне,
тамсана жырлағаны бiрден сезiледi. Ақын өзi ғана тамсанып қоймайды,
өзгенi де тамсандырады. Адам есiн сиқырлағандай «сұлулықпен сәттi
22
қиысқан» нәзiк гүлдiң өзiндiк қорғану ерекшелiгiн автор былай сипат-
тайды:
Ұғысқанды ұнатар алыс тұрып,
Сынға салар ебiңдi жарыстырып.
Әлдеқалай ұмсынса сұғанақ қол,
Тiкенiмен қояды таныстырып.
Ақынның гүлге арналған басқа да шығармалары бiрсыпыра. Сол
туындылары арқылы оның табиғаттағы өсiмдiк, әсiресе, гүл атауларын,
ерекшелiктерi мен қасиеттерiн жақсы танып, ажырата бiлетiнiн аңғарамыз.
«Жайлау гүлдерi» [107, 217] деген атпен жарық көрген өлеңiнде автор оны
айқын көрсетедi. Үзiндi келтiрейiк:
Бәйшешек мынау жауқазын,
Қорықпас қардан батыр гүл.
Көрiктендiрген тау сазын
Бақбақгүл, қияқ, әтiргүл.
Қоңыраугүл, мынау, жұлдызгүл,
Сорғышгүл, шайгүл, шытыргүл,
Түктерi ұлпа құндызгүл,
Осында, балам, бүкiл гүл.
Ақын гүлдердiң қызыл, сары, күлгiн, ақ, қысқа, ұзын болатындығын
алғашқы шумақта байқатады. Бiз бұған онша мән бермей оқығанмен, келе-
сi шумақтарда ерiксiз өз дүниетанымыңды сынай түсесiң. «Мынау қандай
гүл екен? Бұрын-соңды естiмеппiн ғой. Ал мына гүл таныс» деген сияқты
ойлар iшкi дүниеңдi мазалай түседi. Көпшiлiкке таныс бәйшешек пен жау-
қазынның қардан қорықпайтын ерекшелiгiн атап, батыргүл дейдi. Ақын
өлеңдерiндегi көпшiлiк тани бермейтiн гүл атауларын түсiндiрме сөздiктен
[108] iздеп көрейiк:
Достарыңызбен бөлісу: |