Ә.Д. Әміренов
ПМПИ, Павлодар қаласы
Қазақ әдебиеттануының ғылым ретінде қалыптасып, дамып келе жатқанына бір ғасырдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қазақ әдебиеті түрлі бағыттарда зерттеліп, өзінің тарихи даму кезеңдерін айқындады. Ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасып, дамуы - түптеп
келгенде сөз өнерінің ғылыми – теориялық жүйесін тұжырымдап, тарихи- әдеби процесті, әдебиеттану ғылымының даму заңдылықтарын айқындап, оның түрлі салаларын зерттеп, еңбек етіп жүрген ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты.
Сондықтан да әдебиетті зерттеп, оны іргелі ғылым деңгейіне жеткізген ғалымдардың еңбегіне көз жүгірту – ақиқатында, ұлттық әдебиетіміздің дамуындағы тарихи кезеңдерін зерделеу деген сөз.
Ұлттық сөз өнерін өзіндік ғылыми таныммен тұжырымдап, зерттеп жүрген әдебиеттанушы, түркітанушы ғалымдардың бірі - Сейфиддин Сүтжанов.
Ғылымдағы қадамын мәшһүртанудан бастаған, бүгінде қазақ – түркі әдеби байланысын зерттеу нысаны еткен, жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері филология ғылымының докторы, профессор Сейфиддин Сүтжанов бүгінде ғылыми-педогогикалық қызыметінің кемелденген шағында.
Сүтжанов Сейфиддин Назымбекұлы 1950 жылы Павлодар қаласында туған. Қаладағы бірден-бір жалғыз Абай атындағы қазақ мектебін бітіргенен кейін ҚазМУ –дің филология факультетіне түсіп, 1974 жылы оны тәмәмдаған соң, 15 жылдай Қазақстан Республикасының кітап палатасында библиограф, аға редактор болып еңбек жолын кітап ісі мен ақпарат – библиография саласынан бастайды. 1989 жылдан бастап ғылымға, ұстаздыққа ден қойып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, Қазақ қыздар педагогикалық институтында аға оқытушы болып, кейіннен ұстаздық қызметін өзінің туған жерінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жалғастырып, қазірде Павлодар педагогикалық иниститутында профессорлық қызмет атқаруда.
Кешегі жариялылық кезеңінде Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын алғаш ғылыми тұрғыдан зерделеп бірнеше ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбек шығарды. Сөйтіп, Мәшһүртану атты ғылыми саланың қалыптасуына негіз қалады. Сейфиддин Сүтжановтың ғалымдық, ұстаздық жолындағы жасаған жұмыстарының ең елеулісі, әдебиеттің тұлғатану саласындағы тер төкен жұмысы – Мәшһүртануға арналған еңбектері. 1994 жылы
«Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ақын шығармаларының туындауындағы әсер еткен тарихи жағдаяттар, қоғамдық, саяси сана сияқты факторларды саралай отырып, оның шығармашылық аңсарының қалыптасуы туралы тың тұжырымдар жасады. Атап
айтқанда, Мәшһүр Жүсіптің ақын, тарихшы, фолклортанушы ретіндегі шығармашылық тұлғасын ашып, алғаш рет біртұтас ғылыми зерттеу жасайды. Оның «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармашылық өмірбаяны», «Мәшһүр мұрасы» атты оқу құралдары бүгінде Республикалық көлемдегі жоғарғы оқу орындарында сұранысқа ие болып отырған қат дүниелер болып отыр.
Сіз ғылымға қалай келдіңіз?- деген сұраққа, ол:
Кезінде идеология қырын қарап, шығармашылығы түрлі себептермен мансұқталған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасын жан-жақты саралап ғылыми айналысқа түсіру де оңай болған жоқ», - дейді ғалым студенттермен кездесуіндегі бір сұхбатында, - академик Рекең – Рымғали Нұрғалиев – сен керекуліксің ғой, Мәшһүр бабаңды зерттеуді саған жүктесем қалай қарайсың?,- деп ұсыныс жасағанда біраз қобалжығаным бар. Кейін Керекудегі әкеммен хабарласқанымда: «Бұл жақсы ұсыныс екен, балам, Мәшекеңе қатысты біраз деректерді саған тауып бере аламын, ол кісінің 1907 жылы шыққан кітаптарын да қарастырып көрейін, бір ақсақалдардан көргенім бар, Мәшекеңді зерттегенің дұрыс, атаңның аруағы қолдасын, балам!, - деп батасын беріп еді. Бәрі де осыдан басталды Мәшекеңнің аруағы қолдап, әкемнің берген батасы қуат беріп, жетекшім Рымғали Нұрғалиевтің ақыл-кеңесімен ғылымға осылай келдім»,- деп еске алады.
Еліміз егемендік алып, өткенімізді түгендеп, ұлттық дүниетанымға қайта үңіліп жатқан кезеңде, тұтас ұлттың тағдырына ықпал жасаған ХХ ғасыр басындағы құбылысты арқау еткен әдебиет зерттеле бастады. Бұл дәуір Алаш ардақтыларының азаматтық үні жаңғырыққан заман еді. Сонымен бірге ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы, ықпалдастығын зерттеу, олардың арасындағы рухани алмасуларды, әдеби байланыстарды жаңаша тың көзқараста зерделеу қажеттігін туындады.Түркі халықтарының ортақ әдеби – мәдени байланысы бір – бірімен үндесіп дамыған уақыт та осы кезең. Әдетте осыған дейін рухани арнаны сараптағанда біз әдеби байланыстарды қазақ- орыс, қазақ -еуропа төңірегінде еуроцентристік бағытта карастырып келдік. Ал түбі бір түркі халықтарының ортақ үндестігіне кейіннен ғана көңіл бөле бастадық. ХХ ғасыр басындағы тұтас Түркістан мемлекетін көксеген Мұстафа Шоқай сынды арыстарымызға аттан салып қосылғандар арасында татар, башқұрт, қырғыз, өзбек ағайындардың азаматтары да бар еді.Отаршылдыққа қарсы шығып, өз елінің мұңын шаққан ақындарымызды «зар заман» ақындары деп атағанымыз да біздің әріге ұмтыла қоймағанымыздың белгісі болса керек. Дегенмен,
мұның бәрі егеменді ел болып, етек-жеңді жиғалы түгенделіп - ақ жатыр. Кеңес дәуірінде даму бағыты мен рухани алмасу арналарын басқадан іздеген рухани байланыстар да енді қандас түркілік қарым- қатынаспен ізерленуде.
Осы бағытта Сейфитден Сүтжанов бірсыпыра жылдардан бері қазақ және түркі халықтары әдеби байланыстарын зерттеп келеді.
2005 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақ және түркі халықтары әдебиетінің типологиялық сипаты» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғады. Аталған салада бірнеше ғылыми зерттеулер:
«Рухани алмасу арналары», «Қазақ –түркі әдеби байланыстары»,
«Алаш және түркі руханияты» монографияларын жазды.
«ХХ ғасыр басында жаңа толығып, толыса бастаған қазақ әдебиетінің барынша дамуына оның басқа ұлт әдебиетімен, әсіресе түбі бір туыстас түркі халықтары әдебиетімен рухани байланыс жасауы игі ықпал етті»,- деп атап көрсетеді ғалым соңғы зерттеуінде. Бұл жерде алаш зиялылары көркем дүниенің кемерін үнемі татар, башқұрт сынды жәдиттік ағым мектептері ерте қалыптасқан ұлттардан татып алды десек, түбірінен жаңылысқанымыз.
Ал, әдебиетші ғалым ХХ ғасыр басындағы түркі халықтары әдебиетіне бір ғана Ұлы Абайдың шығармасы үлгі болғанын дәлелдеп береді. Құр фактологиямен емес, нақты мәтіндік ғылыми талдаулар арқылы ашып көрсетеді. Қалай болғанда да, жалпы түркі руханияты осы дәуірде бір қазанда біте қайнасып жатты. Ғалым Сейфиддин Сүтжановтың ғылыми ізденістерінің басты тұжырымдамасы, зерттеу нысанының бағыт-бағдары, мұрат-мақсаты осы құбылысты ғылыми негізде ашып көрсету.
Қазірде әлемнің үштен бір бөлігін қамтып жатқан түркі жұртының ортақ әдеби-мәдени мұрасының түп тамыры көне тарихтан желі тартатыны бүгінде зерттеліп, зерделеніп келе жатқан, ғылыми мектепке айналған бағыт екені ақиқат. Оның кезеңдік үрдістері, әсіресе ХІХ ғасыр кеңістігіндегі әлемдік империалистік отарландыру саясатының түркі руханятына әсері түркітанушылардың күні бүгінге дейін зерттеу назарынан тыс қалмай, өзектіленіп отырғандығы да әліптік ақиқат. Алдымен шовинистік орыс патшалық империясының, кейін кеңестік коммунистік идеяның ұлтсыздандыру саясатының ықпалында болған түркі жұртының рухани болмысындағы осы жатжұрттық зұламат- инфекцияға қарсы жалпы түркілік, соның ішінде әр түркі жұртының ұлттық рухани -сауықтыру имунитетінің қарсы тұрғаны мәлім. Ол мәдени, әдеби, салт-санадағы сілкіністер болатын. Бұл қарсылықтың қозғаушы күші ең алдымен түркі жұртынының зиялылары болды. Сейфиддин Сүтжанов «Алаш және түркі
руханияты» еңбегінде осылардың әрқайсысына жеке тоқталып, еңбектерін талдап көрсетіп ғылыми тұжырым жасайды.
Негізінен түркітану ғылымы алғаш қадам басқан, ХІХ ғасырдан бастап, қазіргі кезеңге дейін көбінесе лингвистикалық, тарихи бағытта ғана зерттеліп, осы салаларға басымдылық танытып келеді. Ал әдебиеттану тұрғысынан көлемді ғылыми мақалалар болмаса, монографиялық тұрғыдан зерттелген еңбектер жоқтың қасы. Сейфиддин Сүтжановтың түркітануға қосып отырған құнды жаңалығы жалпытүркілік әдеби мұраларды қазіргі жеке түркілік әдебиетпен дәстүр жалғастығы ретінде, бүгінгі әдеби туындыларды жанрлық, көркемдік-идеялық болмысын алғашқылардың бірі болып контоктологиялық аспектіде тұжырымдап, зерделейді.
Жалпы, С.Сүтжанов - өзінің ғылыми-ізеніс еңбектерімен қатар оқу-білім саласын дамытуға да үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз-профессор.Оның бірнеше оқулықтары мен оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулықтары жоғарғы оқу орындарының оқу үдерісіне қолданылуда.
Қорыта айтқанда, ғалым Сейфиддин Сүтжановтың ізденіс бағыттары әдебиеттану ғылымының әр саласын қамтиды: тұлғатану, түркітану, әдебиет тарихы, теориясы, сынының өзекті мәселелерін көтерген жүзден аса ғылыми мақалаларынан басқа, үш монография, алты оқу құралы мен оқу-әдістемелік нұсқаулықтардың авторы. Ғалымның түркітану саласындағы еңбектері тек перифериялық жоғарғы оқу орындарында ған емес, мегаполистердегі ұлтық дәрежедегі оқу орындарының сұранысын қанағаттандыруда. Әлемдік түркітануда танылуға тұрарлық ғалым еңбектерінің орыс тіліне немесе өзге түркі тілдеріне аударылмағандығы өкініш туғызады. Біздің ғылымымыздың өзгелерге танылмай жатуының негізгі себебі де осында.
Әйтсе де, түркітанушы ғалымның әлі де бергенінен берері көп.
Енді соны күтейік.
Достарыңызбен бөлісу: |