МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ КЕСТЕЛІ СӨЗ ӨРНЕГІ («СЕН СҰЛУ», «ҚЫСҚЫ ЖОЛДА», «ЖАЗ КЕЛДІ»
ӨЛЕҢДЕРІ БОЙЫНША)
А. Канзелхан
Бобровка жалпы орта білім беру мектебі, Қашыр ауданы
Халқымыздың баға жетпес мол қазынасы, алтын қоры - әдебиетіміз. Әлем әдебиетінің арасында қазақ әдебиеті - етегі кең, болашағы зор әдебиет.
Ұрпақтың өмір бойы нәр алып, өсіп-өркендеуінің сарқылмас қайнар бұлағы. Әдебиет қоржынына көз жүгіртсек, ондағы баға жетпес туындыларды оқи отырып, «қазақ» деген халықтың қыр- сырына қаныға келіп, сол ұлттың болашағының шырағы болған – тілінің өте бай, оралымды көркем екенін бірден байқаймыз.
Мұраларымыздың ең қымбаты – сөз. «Сөз күн шалмас қараңғы көңілді кеңітеді, күн жылытпас суық көңілді жылытады»[1,368]. Бұл фәни дүниеде қандай зат болмасын, күндердің күнінде тозығы жетері белгілі, тіпті жоғалары да мүмкін. Ал «Асыл сөз мәңгі жасайды» деп халық даналығы айтқандай, өзі өлсе де, халқына толғана төккен бағалы сөздері бүгінгі таңға дейін еш мән-мағынасын жоғалтпай, бай қазына шежіре ретінде сақталған ақын-жазушыларымыз қаншама?!
Тіліміз өзге тілдердей емес, өте бай түрлі, қыр-сырлы моншаққа толы тіл. Әдебиет қоржынына саяхат жасасақ, кез-келген қаламгердің сөз меруерттерін әспеттей, бағалай, аспандата, қалықтата бірін-біріне ұштастыра сөз жауһарларынан өрілген керемет туындыларды көресің [2,25]. Бұл құнды дүниені көресің де таңдай қағарың белгілі. Неге дейсіз ғой, себебі шығарманың тартымды, ел жүрегінен ойып орын
тебуі ең алдымен қаламгердің шеберлігіне байланысты. Егер ақын- жазушыларымыз тіліміздің байлығын, бетіндегі қаймағын сүзе пайдаланатын болса, халыққа бірден майдай жағары сөзсіз. Көркем әдебиетте кез келген қаламгердің өзіндік сөз саптау ерекшеліктері болары хақ. Әр ақын, әр жазушы белгілі бір сөзді түрлі қырда қолданып, тіліміздің сөздік қорын байыта түсері белгілі.
«Сөз – халықтың қымбаттан қымбат кені» [1,287] - деп С.Мұқанов айтқандай, осы кенді пайдалануымыздың өзі сенімділік пен шеберлікті талап етеді. Әр бейнелі, көркем сөзді тиісті орнына жұмсай алмасақ, қиыннан қиыстырмасақ, сөз құнды, кең болмақ түгіл, сөз мәйектілігін жоғалтары хақ. Бұндай немқұрайлылықтан тіл нәрсіздігі, сөз мәнсіздігі етек алмай ма? Тіліміз сонау ата-бабамыздың әсірелеп, әспеттеп шығарған шыңынан құлдырай құлауы, бағасыздануы мүмкін ғой. Ал, осындай деңгейге ие болған тілді басқа ұлт өкілдері тұрмақ, өз ұлтының өкілі де пір тұтпасы анық. Алайда, Тіл – құнды, бағалы дүние.
Шіркін, тіліміз бедерлі сөзге тұнып тұрған баға жетпес қазына ғой! Көркем туындыда тіл заңдылықтарына сүйене отырып сөз мәйегі
мақал-мәтелдерді, көріктеуіш құралдарды ұтымды қолдану керемет көркем туындылардың дүниеге келуіне себеп болары хақ.
Осындай жүректің қобызын шерте білетін, тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін нәзік үнді туындылар қазақ әдебиетінің алтын қоржынында тұнып тұр.
Қай туындыны оқысаң да – ол табиғатты суреттей ме, өмірдің сан алуан белестерін толғай ма, сұлулыққа бас ие жырын төге ме – бәрінде де қаламгердің шаттанып шалқуы, қуаныштан қанат бітіп қалқуы, шарқ ұрып баршаға жар салуы немесе дүниеге налып күңіренуі, жүрегінің жырым-жырым болып езілуі көрініп тұрады. Қай ақынның өлеңін алсаң да, не сол ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өлеңдерін оқысаң, бойыңа еріксіз бір сезім билейді. Әлде өкіндіреді, әлде қанаттандырады. әлде мұқайтады, әлде жылатады, әлде жігер береді. Ал осындай ғажайып сезімге бөленудің өзі бір ғанибет. Себебі қаламгер шығармаларының тілі майлы, болмай сылдыр судай болса, мұндай күй кешпес түгілі бірден жалығып шыға келесің.
Біздің әдебиетіміздің алтын қорында, сиқырлы қаламынан сан қырлы сөз маржанын лек-легімен төккен, сөз меруерттерінен кестелеп өлең-жырлар, дастандар сомдаған өр мінезді халық жанашырлары жетерліктей. Сол аталарымыздың бірі – Мағжан Жұмабаев атамыз.
Бұл жұмысымызда аталмыш ақынның шығармалары тілінің кестелі сөз өрнектеріне зер салып, тіл ерекшелігіне мән беретін
боламыз. Біз осыдан бұрын да Мағжан Жұмабаевтың бірнеше өлеңдерінің тіл көркемдігіне тоқталған болатынбыз. Ал, бұл жұмысымызда ақынның «Сен сұлу», «Қысқы жолда», «Жаз келді» өлеңдеріне кең тоқтала, тіл ерекшелігіне, тіл шеберлігіне үңіле мән беретін боламыз. Ақын туындылары саф алтыннан сомдағандай аса көркем, тартымды сиқырға ие. Тілі көріктеуіш құралдарына тұнып тұр, керемет шебер кестеленген. Өлеңдерін оқығанда ақынмен бірге мұңая көзіңе жас үйіріледі, не қуана тәнті боласың. Айтылған сөздерімізді дәйектеу үшін сыршыл ақынның «Сен сұлу» өлеңіне кезек берсек:
Білем анық: жанға жайлы Май сұлу, Жарқ-жұрқ еткен майда найзағай сұлу. Қызықты орман, көңілді еркін кең дала, Күміс табақ көкте жүзген Ай сұлу.
Кешкі ескен жібек, жылы жел сұлу, Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу.
Әдемі аспан – төбедегі көк шатыр, Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
Сылқ-сылқ күліп сылдыр қаққан су сұлу, Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан Күн шығарда көтерілген бу сұлу [3,49].
Мына бір өлеңнің тіліне көңіл бөлсек, тілінің көркемдігі өзіңді бірден өзіне тартады. Өлең жалпы сұлулыққа сүйсіндіре отырып, табиғаттағы көз тартарлық әдемілікті тілге тиек етеді. Өлеңнің алғашқы шумағында күллі тіршілік атаулыны зор қуанышқа бөлеп, жер ананың кең бусанып, түкті, түсті кілеммен көмкеріле бастайтын әсем шағы – көктем мезгілі суреттеледі. Бұл мезгілде болатын құбылыстың бәрін де тілге тиек етеді. Өлеңнің үшінші тармағында
«қызықты орман, көңілді еркін кең дала» эпитеттері көрініс тапқан. Одан әрі төртінші тармақтан «күміс табақ» деген метафораны көзіміз шалады. Бұл жерде «күміс табақ» эпитетті метафорасы «ай» деген ұғымды ауыстырған. Керемет! Себебі, жай ғана «табақпен» емес
«күміс табақпен» ауыстырылуы өте шебер. Себебі, ай толған кезінде дөп-дөңгелек пішінге енетіні белгілі, ал түңгі аспанды көзімізге елестетсек, аппақ нұрын шаша жарқыраған үлкен дөңгелек айды байқаймыз. Сол сәтті ақын осылайша «күміс табақпен» ауыстырып шебер кестелеген екен.
Ал, өлеңнің екінші шумағы да осындай табиғаттың әсемдігін жырлаудан танбаған. Алғашқы тармақтан «Жібек, жылы жел» деген эпитетті тіркесті байқаймыз. Әрине бетіңді сипай ескен көктемнің самал желін «Жібек, жылы» деген эпитеттерімен әсем жеткізген. Орманда, алқапта жаппай қаулап өскен сан алуан хош иісті гүлдердің әсемдігіне бас ие оларды да жырға қосады. Үшінші тармақтан «Әдемі аспан – төбедегі көк шатыр» «әдемі аспан» эпитетті тіркесі мен «көк шатыр» деген эпитетті метафораны көзіміз шалады. Бұл тұста эпитеттің «әдемі аспан» осылай қолданылуы түсінікті, алайда «көк шатыр» деген эпитетті метафораны қолданғаны өте шебер. Себебі аспанға қарап ойлансақ, құды бір төбеңе көк шатыр төңкерілгендей сезінесің. Бұл жерде метафора өлең жолының бояуын қанықтырған. Төртінші тармақта «Асқар тауы, дариясымен жер сұлу» «Асқар тау» деген эпитет пен «дариясымен» деген метаномия көрініс тапқан. Яғни
«дария көл» немесе «дария өзен» дегеннің орнына тек бір ғана детальға негіздеп «дария» деп қана алынған екен. Бұл тармақтар да әсем таулы, дариялы сұлу табиғатты көзімізге елестетеді, ал осындай сезімге бөлесе, тілдің керемет өрілгенінің арқасында шығар!
Сонымен, өлеңнің үшінші шумағына зер салсақ. Бұл тармақтардан кейіптеуді аңғарамыз. Себебі, «Сылқ-сылқ күліп сылдыр қаққан су сұлу» судың сылқ-сылқ күлуі мүмкін емес қой, бұл тек адамзатқа ғана тән құбылыс болмақ. Сонымен қоса, екінші тармақтан «қу» деген метаномияны аңғарамыз. Себебі, «аққу»,
«қарақу» дегеннің орнына бір ғана детальды алып «қу» деп берген. Сонымен қатар өлеңнің үшінші тармағында «айнадай» деген теңеу мен «айдын» деген метаномия қолданыс тапқан. Су бетінің күнге шағылысып жарқыраған сәтін жарқырап тұратын айнаға теңейді. Ал
«айдын» метаномия болады, себебі «айдын көл» деудің орнына
«айдын» деп қана бір детальға сүйенген. Сонымен қоса, таң сәріде су бетінің, қызара көтеріліп келе жатқан күн сәулесінен буланып, мамық ақ бұрқақтың көрініс тапқан сәтін де ақын өлеңіне негіз етіп өрген. Сонымен, бұл өлеңнің тілі өте көркем болып көрінді. Себебі ақын сөз өнерінің қаймағын қалқып өлеңдерінде шебер қолданған екен.
Ендігі жерде ақынның «Қысқы жолда» өлеңіне назарымызды аудармақшымыз.
Ызғарлы жел долданып, Екі иінен дем алып, Ішін тартып осқырып, Кейде қатты ысқырып, Аңдай ұлып бір мезгіл, Екі санын шапақтап,
Біресе сақ-сақ күледі.
Кейде кенет баяулап, Жер бауырлап жаяулап, Аузы-басы жыбырлап, Асып-сасып сыбырлап, Жерді жапқан кебінді Сүйіп ақырын құшақтап,
«Әпсүн» оқып үреді [3,78].
Бұл өлеңде қыс мезгіліндегі табиғаттың көрінісі суреттеледі. Алғашқы тармақтардан «ызғарлы жел» деген эпитетті тіркеспен
«долданып» деген кейіптеулерді көзіміз шалады. Айналаны асты- үстіне шығарып бората соққан боранды долданып деген сөзбен береді. Алайда «долдану» тек адамға ғана тән болмақ. Себебі адам баласы кей сәттерде ашуға булығып қатты долдануы мүмкін. Сол сәтте айналасына қарап, ақ пен қараның ара жігін де ажыратуға ден қоймайды. Міне, сол құбылысты ақын алай-дүлей боратқан боранға үстейді. Сонымен қоса, «Аңдай ұлып бір мезгіл, // Екі санын шапақтап, // Біресе сақ-сақ күледі» бұл тұстарда да біршама көріктеуіш құралдары көрініс тапқан. Санамалап мән берсек, «аңдай ұлып» дегендегі теңеу, «Екі санын шапақтап, Біресе сақ-сақ күледі» дегендегі жансызды жандандыру, кейіптеу, дерексізді заттандыру ұғымдарын көруге болады. Бұл жерде ышқына соққан боранның шығарған дауысын ұлыған аңға теңесе, кейіптеулер де адамға тән қасиеттердің бәрін боранға үйіп-төгіп жапсырған. Боранды құдды бір адамдай суреттейді, себебі дерексіз нәрсені деректіге айналдырып екі санын шапақтатып керемет көріністі көзімізге елестетеді. Екі саны тұрмақ өзі де жоқ затты деректі етіп қана қоймай, оны сақ-сақ күлдіріп те үлгереді. Осындай суреттеу мен бейнелеуден соң боранды жанды құбылыс ретінде көзіңе елестетуге тырысасың. Оқырманның мұндай қарекетке көшуі шығарма тілінің көркем болуынан шығар деп түйіндемекпін.
Ал өлеңің үшінші шумағының алғашқы тармағында ұли-ұли ышқына соққан, жан баласын қаратпай алай-дүлей бораған боранның бір сәт баяулап, ашуы қайтқан адамдай сәл еркінсіп басылуы тамаша сөз меруерттерімен көмкеріледі. Одан әрі әлей-тәлекей болып ақ бұрқасынды аспандата көтеріп-түсіріп, желе соққан желдің тыныға бастаған сәтінде, сол аспанға көтерген бұрқасынның жер бетінен көкке көтерілмей сәл ғана ақ бұрқақтан иірген жолдарын ақын «жер бауырлап жаяулап» деген тармақ арқылы бейнелей келе, көз алдымызға сомдайды. Сонымен қоса бұл шумақтың «аузы-басы
жыбырлап // Асып-сасып сыбырлап» тармақтарында дерексізді заттандыру, жансызды жандандыру кейіптеу де көрініс тапқан. Бұдан арғы өлең тармақтарынан «кебінді» деген метафораны көреміз. Кебін
адам дүние салғанда орайтын ақ мата, алайда ақын өлеңінде жер ананы жапқан аппақ қарды кебінге ауыстырады. Сонымен бірге ақ ұлпа жапқан жерді боранның құшақтай иманын үйіруі де жырланған. Әрине, бұл жерде кейіптеу көрініс тапқан. «Бәрін айт та бірін айт» демекші бұл аталмыш өлеңнің тілі өте бай, керемет шебер өрнектелген екен.
Құлпырып, гүлденіп барша тіршілік атаулының кеудесіне қуаныш ұялатқан жадыраған жаз мезгілін жырлаған хақынның керемет бір өлеңіне кезек берсек. «Жаз келді»
Жел жалығып, хал жиып, Қалғып қана тербелед.
Жұмсақ қана жымиып, Жібек қанат жаз келед.
Көк алтынға көмілген, Ауаға алтын себілген. Алтын емес себілген,
Жаздың шашы төгілген [3,82].
Бұл өлеңнің тілі өте шебер, әр тармағында көріктеу құралы тұнып тұр. Мәселен, өлеңнің алғашқы тармақтарында жаппай кейіптеулер көрініс тапқан. «Желдің жалығуы, хал жиюы, қалғуы, жымиуы» бәрі-бәрі кейіптеу болып келеді. Бұл аталған қасиеттердің барлығы тек адамға ғана тән болмақ. Келесі тұста «Жібек қанат» деген эпитетті метафораны аңғарамыз. Қыстан кейін жер ананың жібектей есілген көкмайсаға оранған керемет көрінісін ақын «жібек қанат, көк алтын» деп ауыстырған. Осыдан келіп бұл керемет мезгілді назданған сұлудың бейнесіндей көзімізге әкеледі. Сонымен қоса «жаздың шашы» бір қырынан метафора болып көрініс тапқан. Неге, себебі, түрлі өсімдіктер әлемінің бой көтеріп, құлпырып тұрған сәтін
«жаздың шашы» деп ауыстырған.
Осымен жұмысымызды қорыта келелсек, Мағжан Жұмабаев шығармалары сөз өнерінің қатпарлы майлы қырларына тұнып тұр. Тіл байлығы- көркем әдебиетте деген осы болса керек. Соның бір куәсі ретінде, аталмыш туындылардағы кестелі сөз өрнектері болмақ.. Құр сөзбен «Ана тіліміз бай, оралымды» деп айта беруден түк шықпас, оның байлығына көз жеткізуіміз қажет. Ол үшін құнды туындыларымызды оқысақ қана, тілдің қасиетін сезіне отырып, көз жеткізесің. Жеткзіп қана қоймай, сол сөз маржанын өзіңше сөздік
қорыңа қосып сөйлеуге тырысасың. Тіліңе деген үлкен сыйластық оянып, тіліңді шұбарлап қорлаудан гөрі асқақтатуға жүректен жол ашылары хақ.
Достарыңызбен бөлісу: |