Қазақстан Республикасы Білім және ғылым



бет31/114
Дата05.03.2022
өлшемі0,64 Mb.
#27086
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   114
Байланысты:
«кітап. Уа ЫТ. О АМ» (1)

Соғамын сәнді сарай асыл тастан, - деп жырлаған Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, жерлесіміз Мұзафар Әлімбаев.

ҰЛЫ ДАРЫНДЫ ТҰЛҒА




Е.М. Қайыров


Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі, Павлодар қаласы
Мамандығы дәрігер Қошке Кемеңгеров 1896 жылы 15 шілдеде Омбы уезі, Теке болысы, № 9 ауылда дүниеге келген.

Приходская школаны, ветеринарлық – фельдшерлік мектептің 2 класын бітірген ол 1913 жылы 1 тамызда Омбы ауылшаруашылық училищесіне оқуға түседі.

Кемеңгерұлының Омбы сынды үлкен қалаға білім іздеп келуінің өзінде үлкен мағына бар. Бұл кезде Омбы қаласы өнер – білімге ұмтылған қазақ жастарының орталығына айналған еді. Мұнда тұңғыш жастар ұйымы «Бірліктің» ашылғаны да тарихтан белгілі. Ол жөніндегі деректерді біз Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуінен» білеміз. Осы кітапта ұйым туралы көп айтылған, онда Кемеңгерұлының да ұйымға белсенді мүше болғаны жайында қызықты деректерде бар.

Жастар ұйымының ашылу жылы жөнінде екі дерек бар. Бірі, яғни Сәкен, 1913 жылы десе, Смағұл Садуақасұлы 1914 жыл дейді. Мұның екеуінің де жаңсақтығы жоқ. «Бірлік» 1913 жылдан жасырын ұйымдасқан да, 1914 жылдан бастап жария болған.

Туған елінің әдебиеті мен мәдениетін көтеруді мақсат еткен ұйымның негізгі міндеттерінің бірі – ұйымның журналын шығару болады. Көп кешікпей олар «Балапан» атты журнал да шығарады. Ал

Қошке осы журналға редактор болып, үлкен ұйымдастырушылық қызмет атқарады. С.Садуақасұлының айтуынша, 1916 жылдан шыға бастаған «Балапан» журналы бірден-ақ ауызға ілініп, оқырман арасында аса зор беделге ие болады.

Қошке Кемеңгерұлы Омбыда жүрген кезінде «Айқап» журналының шығуына да белсене ат салысады. Сол кезде оның журналдың бірнеше санында «Солған гүл», «Жазғытұры», «Сонда…» атты өлеңдерімен қатар «Пайғамбар» (Пушкин), «Сәскелік көлдің жағасында» (Никитин) аудармалары да жарияланып, көпшілікке таныла бастайды. Омбыда оқуда жүрген алаш жастарының ұйымына айналған «Бірлік» 1918 жылы мамыр айында «Жалпы жастар съезін» өткізеді.

«Кеңес үкіметін тану, танымау» мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, съезде қызу айтыс – тартыс туған. Жастар пікірі үшке бөлінген. Кеңес үкіметінің саясатына «Бірліктің» басшылары – «оң» пікірлі Қ.Кемеңгеров, С.Садуақасұлы, Ғ.Тоғжанұлы және басқалар қарсы шыққан. Осы съезден кейін Қ.Кемеңгерұлы Қызылжарда жабылып қалған Көлбайдың газеті – «Үш жүздің» орнына «Жас азамат» газетін шығарушы болып сайланады. Ол қоғамдық іске осылай белсене араласумен қатар білімін жетілдіруге де уақыт табады. Қошке Омбы политехника институтында, Сібір ауылшаруашылық және өндіріс институтында, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқып, білімін жетілдіреді.

1925 жылдың басында Қазақстандағы жағдай күрт өзгеріп, Қазақстан өлкелік партия комитетін басқаруға Ф.И.Голощекин келеді. Ол келген күннен бастап қазақтың оқыған азаматтарының соңына шам алып түседі. Қазақ зиялыларының жүрген жолы мен істеген ісінен «тырнақ астынан кір іздеу» басталады.

Осы жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты әдеби үйірме құруды көздеп, оның бағдарламасын жасаған. Онда тоғыз жолдың торабында тұрған қазақ әдебиетінің өткен тарихы, оның бүгіні мен болашағы кең сөз болады. Қаламгер бұл ұйымның оқушы жасқа жөн сілтейтінін, адасқандарды жолға салатынын айта келіп, қазақ әдебиетінің болашағын ойлар әдебиетші, тума таланттарды осы ұйымға мүшелікке шақырады. Ұйымның құрылуына ат салысқан М.Әуезов, Даниял Ысқақұлы, Қошке Кемеңгрұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Абдолла Байтасұлы сынды қазақ әдебиетінің ірі өкілдері солшыл саясаттың қырағы сынына түсті. Жандайшаптардың қолына түскен осы бағдарлама жоғарыда аты аталған қаламгерлердің әрқайсысына сор боп жабысты.

Голощекиннің атышулы: «Қазақ ұлтшылдары Байтұрсынов, Әуезов, Дулатов, Кемеңгеров, Омаров, Жұмабаев, Аймауытов, Жұматаев, Сейфулин бұрынғы заманды мадақтап, жаңа заманды жамандап, өздерінің жебелерін кеңес үкіметіне қарсы жіберіп жатыр» деген сөзінен кейін, көп ұзамай- ақ қазақ елінің бір туар білімді азаматтарына жала жабылып, қоғамдық істерден аластатыла бастады.

1929 жылдың Қазақстан үшін аса ауыр болғаны тарихтан мәлім. Жеке адамға табыну зардаптарының алғашқы нышаны біліне бастаған осы бір тұста отызға жуық қазақ оқығандары Алматы түрмесіне қамалады. Бұдан кейін де зиялыларды қаралау, қамау қызыл шеке қырғын науқанға айналып, толас таппайды.

Бұл кезде М.Әуезов пен Қ.Кемеңгерұлы аспирантурада оқып жүрген болатын. Сол жылдардағы сталиндік жаппай жала жауып, мін тағудың қарамағынан бұлар да шет қалмады. Мұхтар мен Қошке ұсталып, оқудан қуылады.

Құрамында М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков бар қырықтан астам қазақ зиялылары түрмеге қамалып, жазаға тартылады. Бес жылға жер аударылғандардың ішінде Қ.Кемеңгерұлы да бар еді.

Бір жақты қоғамдық пікір тудыруда саясаттың сүр семсері – комсомол ұйымдары да жала жауып, тіл безеуден алдарына жан салмады. Қазақстан комсомол ұйымының VІ конференциясында: “Көркем әдебиет негізінен соңғы кезге дейін Алашорда идеологиясының творчествосы болып келеді. Көркем әдебиеттегі басшылық орындарды өз қолдарына ұстап келген алашордашылар өткен жылдарда бірқатар ұлтшыл -коммунистердің (Қожанов, Сәдуақасов) қолдауына сүйене отырып, өз әдебиетін бұқараға енгізумен болды. Жастар негізінен Жұмабаев, Әуезов, Аймауытов, Дулатов, Кемеңгеров, Байтұрсынов және басқалардың шығармаларынан нәр алды”- деп байбалам салды.

Сталиндік солақай саясат сілтеген сойылдың зардабы Қазастанға оңай тиген жоқ. Халқының қамын ойлап, болашағына болжау айтқан терең ойлы, ақыл-парасаты мол зиялыларын жазда жауған бұршақтай жайпай салды. Олардың қарақан басына ғана емес, айналасындағыларға да, жора – жолдастарына да бұлтты бұршақты ауыр күн туды. Қазақ жазушыларын қуғындау, әсіресе 1932 жылы

10 қаңтарда ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм- ленинизм институтының

«Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хаты жарияланғаннан кейін мүлдем асқынып кетті. Республика көлемінде

ресми нұсқау ретінде басшылыққа алынған бұл құжат қазақ әдебиетінің ұлттық кадрлары үшін аса қауіпті рөл атқарды. Біздің өткен тарихымыздың, соның ішінде әдебиетіміздің теріс бағалануы осы қаулыдан кейін тым өршіп, өрістеп кетті.

КАЗАПП-тың 1932 жылғы съезінде өлкелік партия комитетінің хатшысы М.Кахиани өз сөзінде әдебиеттің қай бағытта жүру керектігін кесіп, пішіп: «Литература, написанная о Казахстане, в значительной своей части является не марксистской, сохраняет на себе влияние алаш-ордынской, кондратьевской и прочей враждебной марксизму-ленинизму идеологии. Необходимо наряду с разработкой проблем социалистического строительства в Казахстане подвергнуть марксистско-ленинской критике все великодержавно - шовинистические теории, проникшие в литературу о Казахстане. Особое внимание должны привлечь вопросы казахской художественной литературы и литературной критики, которые далеко еще не стоят на уровне требований и задач переживаемого этапа соцстроительства в Казахстане и полностью еще не освободились от алаш – ордынских влияний» –деді.

Съезд өзінің кезекті міндеттерін белгілеген кезде, оның бірінші міндеті етіп: «Байшыл-ұлтшыл әдебиетті ортаға салып, талқылап, ең соңғы түрде бетін ашып салу үшін – А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Қ.Кемеңгерұлы және басқалардың шығармаларын тексеру» деп нұсқау берді. Сөйтіп жоғарыда аты аталған қаламгерлер төл туындыларында халық мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны үшін байшыл-ұлтшыл жазушылар болып танылып, шығармалары баспалардан алынып, өздері қуғынға ұшырады.

Қаулы жарыққа шыққаннан кейін көп ұзамай-ақ Қошке Кемеңгерұлы НКВД-ның тұзағына екінші рет түседі. Содан қамаудан аман-сау құтылмай, 1937 жылдың 21 қарашасында Омбы түрмесінде атылады.

«Ақын-жазушыларын жазалап, соттап, айдатып, атқызып жіберетін өкіметі болған елдің маңдайындағы соры бес елі ғой. Ақын

–жазушыларын жәбірлеген үкімет адамдары ше? Әне, халқының жауы-солар! Солар, солар!» - деп, академик жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай, біздің де маңдайымыздың соры бес елі ел болдық қой.

Замана тізгіні халқының нағыз жауы, яғни үкімет адамдарының қанды қолында болған ХХ ғасырдың алғашқы 30 жылы тарих парағынан ешқашан да өшірілмек емес.

Елуінші жылдардың орта тұсында қоғамдық ойдың құрсауы босап, баспасөз беттерінде жұртшылық пікірі ашық, айқын айтыла

бастады. Мұндай жағдайдың болуына СОКП ХХ съезінің (1956) әсері болды. Осыдан- ақ қараңғы қапаста шаң басып жатқан құжаттарға қол тиіп, сәуле түсіп, ақ -қарасы ажыратыла бастады.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Қазақ халқының әдеби-прозалық және музыка прозасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» қаулысы жарияланғаннан кейін, яғни 1957 жылдың 17 тамызында Қошке Кемеңгерұлы да мыңдаған қуғын -сүргін құрбандарымен бірге ақталды.

Қошке Кемеңгерұлы ресми ақталғаннан кейін зайыбы Гүлсім апайдың ізденімпаздығының арқасында шығармалар жинағы 1965 жылы жарық көрді. Бұл көп талқыға түскен, қаншама қысқартуға мәжбүр болған қаламгер туындыларының оннан бір нұсқасы ғана еді. Қайта жариялауға мүмкіндік болғанмен, кезінде шығармаларын түгел қолға түсіре алмай, әзірге жоқтан бар құрауға негіз болды. Қаламгер мұраларының өзінде аз уақыт ішінде көп іс тындырғаны белгілі. Ол- әдебиет, тіл білімі, тарих, журналстика, педагогика сынды әр алуан салада тебірене тер төгіп, қалам тартқан абзал жан.

Халқының болашағын ойлаған азаматтардың алдында сан алуан міндеттер тұрды. Кемеңгерұлының тіл саласында жазған еңбектері тіл мәселесі жөнінде көкейкесті мәселелерді қозғады. Ол тілмаштардың бірінші конференциясында «Тілшілердің міндеті мәнісі туралы» («Ақ жол», 1925, сәуір) көлемді баяндама жасады. «Жат сөздер туралы» (Қызыл Қазақстан, 1926, №11, 14, 138-143 -б), «Қотыр сөздер» («Жаңа мектеп», 1926, № 14-15) мақалаларын жазумен қатар «Қазақша - орысша тілмаш» (1925), «Жағрапия үшін оқу құралы» (1928, 1-том, Қызылорда, 1929) атты еңбектер жазды. Сондай-ақ алғашқы кітабының соңынан сол кітап жайында «Қазақша-орысша тілмаш» туралы («Еңбекші қазақ», 24.ХІ, 1926) мақала жазған. 1927 жылы

«Жаңа мектеп» журналының бетінде «Жат тіл оқыту әдісі» атты көлемді ғылыми -әдістемелік еңбегі де жарық көрді.

Кемеңгерұлының тарихи -нанымдық еңбектері де аз емес.

«Қазақтың тарихи тұрмысынан» мақаласында қазақтың өткен замандағы жайы мен әскердің, сот, оқу және жер мәселесі, ру жайында талдау жасайды. «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде қазақ халқының Ресейге қосылудан бұрынғы жайма -шуақ өмірінен бастап, кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі (1923-1924 жылға дейін) жағдайларға шолу жасайды. Кітап үлкен-үлкен төрт тараудан тұрады.

«Бұрынғы езілген ұлттар» атты зерттеу кітабында патшалық Ресейдің езгісіне ұшыраған 36 ұлттың тұрмысы (тарихы, жер -суы, мәдениеті, шаруашылығы, қоғамдық-әлеуметтік жағдайы) кең түрде

қаралады. Ғұлама ғалымдығымен қатар Қошке журналист ретінде де жұртқа жақсы танылды. «Кеңес қызметкерлері туралы», «Мектеп қай тілде болу керек?», «Дұрыс па? Бұрыс па?», «Қызмет адамдарының қонақасы», «Ұмытшақтық», «Ел газеті қандай болу керек?» мақалаларымен қатар «Жол әсері» очеркі арнайы талдауды, зерттеуді қажет ететін құнды дүниелер.

Оның «Жол әсері» атты очеркі 20-жылдардағы Семей уезінің Бұғылы, Шыңғыс, Мендеш болыстары, Қарқаралы уезінен Ағанды, Кент, Абыралы, Ақсары, Дастар, Ақбота елді мекендерінің тұрмысынан жан -жақты хабар береді. Олардың тазалық жайлы, жалпы жайы, денсаулық жайы, кооператив жағы, салық жағы, отырықшылық жағы сөз болады.

Қ.Кемеңгерұлы - халық мұрасын жинауға да үлес қосқан қаламгер. Ол «Абайділдә хан айдаудан келгенде Орынбай ақынның айтқаны», «Қалмақ-қырғыз», «Мұрат ақынның сөздері», «Есепбике қыз бен жылқышының айтысқаны» сынды мұралар да аса құнды дүниелері болды.

Оның «Көркем әдебиет туралы», «Сәбитпен айтысты доғардым» және «Қазақ тарихынан» зерттеуінің ІІІ бөлімі -Кемеңгерұлының сауатты да сындарлы әдебиетші екендігін танытқан еңбектер.

Ол сондай-ақ жазушы ретінде поэзия, проза, драматургия салаларына елеулі үлес қосты. «Солған гүл», «Жазғытұры»,

«Сонда...», «Ашығып үш күн болды арығаныма», «Қайғыланба қаймығып», «Бұлбұл үнсіз, гүлсіз бе?», «Бала-шаға, серік жоқ» өлеңдерімен қатар Пушкиннің «Пайғамбарын», Никитиннің «Сәскелік көлдің жағасында» өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Дарамалық туындылары: «Алтын сақа» (1926), «Парашылдар»,

«Ескі оқу», «Бостандық жемісі» атты пьесалар жазды.

Прозалық туындылары: «Жетім қыз», «Момынтай»,

«Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын» әңгімелері баспасөз беттерінде жарық көрді.

Қошкетанудың көшбасында жүрген Рәзия апай өзінің еңбекқорлығының арқасында қаламгердің шығармалар жинаған 1995 жылы ҚР мәдениет қоры жанындағы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу және баспа орталығы жанындағы «Тұлға жекеменшік өндірістік фирмасынан шығарып, тот баспаған асылдарды көпшілік оқырманға тарту етті. Соңғы жылдары әдебиетші Д.Қамзабекұлы да осы тақырып төңірегінде көп ізденіп, мерзімді басылым беттерінде бірнеше мақала жариялады және екі бөлімді «Қазақтың Қошкесі» атты деректі фильм түсірді. Сондай-ақ қаламгердің таңдамалы еңбектерін 1996 жылы

«Қазақстан» баспасынан кітап етіп шығарды.

Жиырмасыншы жылдары қоғам өмірі күрт өзгерістерге толы болды. Бұл өзгерістерден көркем әдебиет саласы да қалыс қала қойған жоқ. Қызу айтс-тартыс идеология майданында ерекше көрініс тапты.

Қазақстан топырағында әдебиет мәселесі 1922-23 жылдардан бастау алады. Сол кездердегі «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан»,

«Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Шолпан», «Темір қазық» сынды көптеген газет -журналдарда әдебиет мәселелесі қызу талқыға түсті. Осы талқылау кезінде көркем әдебиет төңірегінде шиеленіскен айтыстарға қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері белсене қатысты.

«Әдеби мұраға қалай қарау керек, қазақ әдебиеті қай бағытта даму керек, ақын кім, ол кімнен үлгі алу керек, қазақ әдебиетінде қанша бағыт бар?», т.б. мәселелер төңірегінде айтыстар туды. Бұл салада өз ойларын ортаға салған Сәбит Мұқанұлының «Көркем әдебиет туралы», «Қошкеге жауап», Қ.Кемеңгерұлының «Көркем әдебиет туралы», «Сәбитпен айтысты доғардым», Смағұл Сәдуақасұлының «Әдебиет әңгімелері» мақалаларын айтыс мақаланың үлгілеріне қосуға болады. Бұлардың біразы маман әдебиетші болса, енді біреулері ұлтын сүйген, оның тарихын жетік меңгерген, өресі бік қоғам қайраткерлері еді.

Қошке Кемеңгерұлының қазақ әдебиетін сөз ететін келесі көлемді жұмысы – 1924 жылы Мәскеуден басылып шыққан «Қазақ тарихынан» атты тарихи – танымдық еңбегі. Қаламгер осы кітабының 5 тарауы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне арнаған. Мұнда патша үкіметінің шоқындыру саясатына қарсы шыққан қазақтың ұлы перзенттері – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев және ХХ ғасырдың басындағы ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері туралы біраз мағлұмат береді. Қазақ халқының осы тұстағы мәдениетінен, рухани байлығынан сөз қозғайды.

«Қазақтың оқыған азаматтарынан ең бірінші бұқараның мұңын жоқтаған, ұлтшылдық негізін салған Шоқан Уәлиханов болды» - дей келіп, оның еңбектерін, көздеген мақсатын тілге тиек етеді.

Осы күнгі әдебиетші, тарихшы ғалымдарымыздың Шоқан туралы пікірлерінің көбін Кемеңгерұлы сол кезде айтқан. Ол Шоқан жөнінде ойын былай қорытындылайды: «Шоқанның пікірлес, замандас қазақ жолдасы болмағандықтан және Шоқанның пікірлері бір жерге жиналып, кітап болып ерте жарық дүниеге шықпағандықтан, кейінгі азаматтарымызға мезгілімен әсер бере алмады...».

Ал Ыбырай Алтынсарин жөнінде: «Ибраһим (Ыбырай) Алтынсарин да діни фанатизмге қарсы болып, миссионерлердің түпкі

мақсатына алғашында көз жібермей, оқумен қазақты татарға кіргіземін деген ойда болды. Бұл дағы ұлтшылдық өрісіне бет алды. Бірақ ақырғы кезде Алтынсарин де орыс төрелеріне наразы болып, орыстан безіп, қырда өлді»- дейді.

Ыбырайдың педагогтік, ағартушылық, жазушылық көзқарасы орыстың революцияшыл – демократының озық ойлы ағартушылары мен жазушыларының шығармалары, пікірлері негізінде қалыптасты. Ол қазақ қоғамының федалдық – патриархалдық күйін терең танып, оны замандастарының ішінде бірінші болып прогреске жетеледі. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуге ұмтылған жаңа ғылымның іргетасын қалады. Оқулықтар жазды, сөйтіп қазақтың жазба көркем әдебиетін дамытты.

Қошке шығармаларын сөз еткенде, оларды өзімен тұстас еңбектенген замандастарының туындыларымен салыстыра қарап, талдаған жөн.

Оның ең алғашқы шығармалары 1915 жылы «Айқап» журналының бірнеше санында жарық көрген «Жазғытұры», «Солған гүл», «Сонда...» өлеңдері мен «Пайғамбар» (Пушкин) аудармалары.

«Жазғытұры» өлеңінде:

«Қарайды жылы жүзбен күннің көзі, Күлімдеп сәлемдесер дүние жүзі.

Көгеріп, буалданып өзендердің,

Бетінде жылтырайды көкше мұзы»,- деп, жансызға жан бітіріп, әсем табиғаттың сұлулығын сол қалпында көз алдыңа әкеледі. Жас ақын нәзік тілмен көктемнің шырайын әрлендіре суреттеуде шеберлік танытқан. Әсіресе:

«Көңілді әсіресе жас балалар,

Әкесі алыс жолдан келгендей-ақ»-деген жолдар балалардың психологиясын жақсы жеткізеді. Азынаған алты ай қыста үйде тығылып, бұйыққан балалардың көктемнің жылт еткен алғашқы күнінен бастап далаға шығып, қоңыр күзге таусылмас ойын қызығына килігетіні, жолаушылап келген кісі алдынан базарлық алуға қуана жүгіретіні де анық. Өлеңде табиғат көріністері өз қызығымен жайдары жайма шуақ суреттелгені болмаса, ақынның айтпағы арыда жатыр.

Өлең:

«Көгалда жазғытұрым сауулы бие, Сары қымыз сапырулы тегенеде.



Ішкен мас, жеген тоқ болушы едің,

Түсесің, енді жұртым, қандай күйге!»- деп, үлкен салмақпен аяқтайды. 19 жастағы балаң жігіт сол кездегі халқының мүшкіл халін мегзеп отыр. Мұндағы лирикалық кейіпкер – ақынның өзі.

Қошкенің «Солған гүл» өлеңінде:

Қызыл гүл қураңқы болып қапсың, Бүрісіп жылы жерде- ақ тоңып қапсың. Аңқыған жұмақ исің қайта кетті?

Қуарып жапырағың солып қапсың. Жайраңдап тұр едің ғой кешегі күн, Сахаралы болғаны ма қараңғы түн. Құлпырған қызыл гүлім жалт-жұлт еткен,

Басыңа қайдан түсті қайғылы мұң?!- дейді. Қара тасты жіпсітетін жылы күнде қызыл гүлдің солып қалғанын сөз етеді. Қошке гүл арқылы жас қыздың өмірін айтып отыр. Лирикалық кейіпкер халық мүддесін, соның ішінде қыз өмірінің болашағын ойлайды. Өлеңнің құндылығы – заман сырын, заман шындығын көрсетуі.

Ал 1930-31 жылдары Алматы абақтысында жазған сағыныш өлеңдері жазықсыз жапа шеккен ақынның ішкі жан дүниесін анық танытады. «Сағынып, сәлем жаздым, тілмаш аға» өлеңіндегі сол тұстағы ауыр кезеңді «Құс-ауға, балық - торға кездесті ғой» деп жеткізуінің өзі Қошкенің сөз жүйесін түсінген, астарлы айтуға икемді, айтпағын түйіп айтатын ақын екенін көрсетеді. Сондай-ақ ақынның осы тұста жазылған «Бұлбұл үнсіз, гүлсіз бе?», «Бала-шаға серік жоқ»,

«Ашығып үш күн болды арығаныма» (аштық жариялағанда) өлеңдерінен ақынның қатты қынжылуын ашық көреміз. Ол бірде

«Бала-шаға, серік жоқ, Серіксіз жерде көрік жоқ» деп қиналса, енді бірде елде қалған жары мен үш ботасын туған -туысқанына аманат етіп тапсырады.

Ақын: Жаздым сәлем анама, Сағындым деп жылама.

Кісі тонап, ат ұрлап,

Жатқаным жоқ жалада - деп анасын жұбатса, енді бірде өзінің жаламен жатқанын айтып жабырқайды:

Жазығым жоқ инедей, Неден жала жабылған?

Лирикалық кейіпкер «Кебенек киген оралат»-деп, өмірге деген құштарлығын танытады. Ақын абақтыда аштық жариялап жатқанда жазған өлеңі:

Ашығып үш күн болды арығаныма, Тағдырдың кім көнбейді салғанына. Осыдан олай-бұлай болып кетсем, Жеткізер кім сәлемімді жан -жарыма... Ашығып үш күн болды төсегімде, Жатырмын белді байлап тәуекелге.

Осыдан олай-бұлай болып кетсем,

Жеткізер кім сәлемді туған елге...,- деп күңіренеді. Қошке Кемеңгерұлының өлеңдерін оқып отырғанда, оның жырлары поэзия жанрының: махаббат, табиғат, көңіл -күй лирикаларына жазылғанына куә боламыз. Өлеңдерінің жетістігі – шыншылдығы, көтерген жүгінің ауырлығы.

Қошке өлеңдері саусақпен санарлық тым аз. Бұған қарап оның халқының алдында ақындықты емес, азаматтықты мұрат тұтқанын көреміз.

Қ.Кемеңгерұлының поэзиядағы үлкен жетістігінің бірі - аударма. Қазан төңкерісіне дейін А.С.Пушкиннің бірнеше шығармалары қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Солардың ішінде 1915 жылы Қошке «Пайғамбар» атты өлеңін аударған болатын. Ал осы өлеңді әйгілі ақын І.Жансүгіров пен Қ.Бекхожин де аударған еді.

Қазақ әдебиетінде 20- жылдары шығармалардың бір тобы әр- түрлі әлеуметтік тақырыптарға жазылды. Солардың ішінде қорғансыздар өміріне жазылған М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» (1921), «Жетім» (1925), С.Дөнентаевтың «Көркемтай» (1924), Қ.Кемеңгерұлының «Момынтай» (1925), «Жетім қыз» (1924), т.б әңгімелер.

Қ.Кемеңгерұлының «Жетім қыз» әңгімесіне шешесінен жастай айырылған жетім қыздың аянышты өмірі арқау болған. Әңгіме

5 жолаушының С.қаласынан Шыңғыстың асуына баратын қара жолмен келе жатқанында басталады. Ат шалдыруға тоқтасқан жолаушыларға бір қыз бала кездеседі.

«Шайдың буы бұрқырап, дастархан жайылып жатыр. Дастарханнан тайып шыққан көзі ауыл жақ бетте жиырма қадам бойында сүзек аурудан жаңа тұрғандай өңі қазылған, шілдеде тұрған қаймақтай жұқа, қабағын төңкерген, шыңыраудай терең мұңды көзімен дастарханға үйме төбе болып жатқан бауырсақ, қант, етті сүзген 7-8 жастар шамасындағы қызға түсті. Қыздың үстінде сауыншының киімнде сауысталған, боршаланған, еттей жырымдалған түйе көйлек, басында жабағыдай ұйысқан айдар, аяғы шаң- топырақтан былғарыланып, суықтан жарылған ағаштай тілімденіп кеткен. Екі аяғы сынып қалғандай салбырап, қол терісі қапшықтанып, жапырағы ағаштай сыйдиып құр сүйегі, тарау-тарау тамыры көрінеді».

Сырт көзге осыншама аянышты көрінген жас қыздың өмірі де адам шошырлық. Шешесінен жастай айырылған оның қазір өгей шешесі бар. Бірақ, ана махаббатын көре алмаған бейкүнә сәбидің өмірі де сол жетімдіктің салдарынан сұрақсыз күйде өтуде. Таңның

атысы, күннің батысы тізесін бүкпей тыпырлап, еңбек ететін жетім қыз, өмірінде қарны томпайып тамақ ішіп көрген де жоқ. Бейнет - қыздікі, рақат – өгей шеше мен оның балаларынікі. Өз үйінен ұрты толып тамақ ішпейтін бешараға көршілерден сұрап алатын құрт, бауырсағы да бұйырмайтын. Себебі, өгей шеше тілеп алған тамағын да өз балаларына тартып алып береді. Асып төгілген мол дастарханға сүзіле қарауы -осының салдары. Мұны сезген Дарабек қызды шақырып бірнеше бауырсақ, бір шағым қант береді де, баланы сөзге тартады. Ол өз шешесінен ерте айырылғанын, өгей шешесі тамаққа жарытпайтынын жыламсырап отырып айтып береді. Әңгімесін «біз» деп көпше түрде айтқаны болмаса, өзімен бірге туған бауыры да жоқ екен. Қыздың қант пен өзі жуынған сабынының не екенін білмей таңырқап қарағаны Дарабекке қатты батады. Қыздың қол-аяғының соншама тілімденуі -сабын көрмегенінің айғағы.

Әңгіме аяқталады:

«Адамның ең қасиетті белгісі - «меннен» айырылған, мендігін көрсете алмай «біз»-ге қосақталып, жер қорқақ болған, жас бетеге өмір таңында аруақтай семіп, аштықтың азабын тартқан, о кезде қантты көрмеген қазақ даласының терең түкпірінде толып жатыр ғой. Біз көрген жеке бақыттың құны жеті тиынға да тұрмайды. Жалпы бақыт, ортақ өмір керек деген ой желісіне Дарабек байланады».

Ақын -жазшылрдың көбірек қалам тартқан тақырыбының бірі әйел еркіндігі, теңдігі, бақыты еді.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі демократ ақын -жазушылар М.Сералин, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Көбеев те әйелдердің теңдік алу мәселесін көркем әдебиетте кең көтеріп, оны жалпы азаттық жолындағы күреспен байланыстырады. Осы тақырыпты Қ.Кемеңгерұлы да жан -жақты дамытты.

«Ерлік жүрек», «Дүрия», «Қазақ әйелдері», «Қарашаш»,

«Назиқа» әңгімелерін жазды.

Өнердің ең биік қиын саласы – драматургия. Қазақ жазушыларының ішінде бұл жанрға алғаш қалам тартқанның бірі Қошке еді. «Өзге жұрттың айтуына қарағанда, театр өнерінің ұрығы елдің әдет - салтынан, ойын- сауығынан, өлең-жырынан басталған. Театр өнерін тудыратын жайлы топырақ, қолайлы шарт елдің өз ішінен шыққан» дегеді ұлы суреткер М.Әуезов жиі айтқан екен.

Ұлт театрының туып, қалыптасуының өзі – ұзақ сонар тарих. Осынау ұлт театрының дүниеге келуіне бірден -бір үлес қосушы Қошке Кемеңгерұлын бүгіндері біреу біліп, біреу білмейді.

Қазақ елінің іргесіне орналасқан Омбыда 1765 жылы қалалық театрдың ашылуы- үлкен маңызы бар мәдени оқиға болды. Театр

даңқы тез жайылып, оның сахнасында батыс және орыс классиктерінің шығармалары қойыла бастады. Ал Омбы болса – өнер мен білімге ұмтылған қазақ жастарының орталығы болды.

Екінші бір қазақ жастарының оқу-білім іздеп көбірек жиналған жері – Орынбор. Мұнда профиссионал театр 1869 жылдың 14 қаңтарынан батап жұмыс істеді.

1925 жылы сәуір айының аяғында Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің 5 съезінде «Қазақтың ұлттық театрын ұйымдастыруды жеделдету қажет» екені басым айтылды.

1925 жылдың 11 желтоқсанында «Еңбекші қазақ» газетінде Халық ағарту комиссары С.Садуақасұлы мен Білім ордасының ағасы М.Жолдыбайұлы «Қазақша пьесаға бәйге» жариялайды. Бұл құлақтандыруда бәйгенің бес шартын көрсетіп, жазушыларға сәттілік тілейді.

Ұлт театрын ашуға осылайша қауырт жұмыс жүріп жатты. Оған қолынан жазу келетін қазақ қаламгерлері түгел дерлік қатысты. Қазақстанның түкпір -түкпірінде бірдей қаулаған істің нәтижесі ұлт театрының ашылуына алып келді. Сонымен, қазақ мемлекеттік ұлт театры 1926 жылдың 13 қаңтарында үлкен салтанатпен ашылды.

«Ғынуардың 13-ші кешкі сағат алтыда мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болды. Театры әртістері Кемеңгерұлының

«Алтын сақинасын» ойнады. Оның соңынан концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр деректрі – Дінше («Еңбекші қазақ», 13.01.1926) деп қол қойған. Және сол күні «Алтын сақинаның» ойналғанын, оған Міржақып Дулатов отбасымен барғанын қызы Гүлнәр Дулатова растап отыр» деп жазды «Қазақ әдебиеті» газетінде Р.Рүстембеков.

Осыған дейін ұлт театрының шымылдығын М.Әуезовтің

«Еңлік- Кебек» трагедиясымен ашты делініп жүрді. Деректерге қарағанда бұл сөздің қисыны жоқ. Ол - Қошке Кемеңгерұлы «халық жауы» деген жаламен жүрген кезде оның пьесасы туралы да айтуға мүмкіндік болмағандықтан шындықты мойындау қажет.

Алғашы пьесалары көркем үйірмелерде қойылған Қошкенің

«Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі», «Күнәсіз күйгендер» туындылары із-түссіз жоғалған. Әйтсе де «Әулие тәуіп» 1918 жылы Омбыда, «Бостандық жемісі» 1919 жылы Ақмолада қойылған деген дерек бар. Осымен қатар Омбы, Қызылжар, Ақмола, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда қалаларының көркем үйірмелерінде осы пьесалармен қатар «Алтын сақина» да қойылған. «Алтын сақина» - Қошке Кемеңгерұлының шоқтығы биік дүниесі.

Қазіргі қазақ әдебиетін сөз етсек те, оның көш басында тұрған алыптар тобын, олардың шығармаларын немесе оның қалыптасуын және одан берідегі өрлеу, өркендеу биігін сөз етсек те, үлкен бір талантты тұлғаның есімін, оның шығармаларын аттап кете алмаймыз. Ол ұлт әдебиеті негізін қалаушылардың бірі – Қошке Кемеңгерұлы.

Ол тым ерте, қыршын, қырық бір жасында дүниеден өтсе де, ұрпағына мол мұра қалдырып кетті.

Ол қоғам қайраткері, дәрігер, педагог, тіл маманы, тарихшы, көсемсөз ретінде әлеуметтік мәселелерге белсене араласты, халқының білімді иегеріп, тәуелсіз болуы жолында тер төкті.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   114




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет