Әдебиет
Кекілбаев Ә. Ақ боз үй қонған асу бел // Егемен Қазақстан. – 2007.- 21 наурыз.
Елубай С. Ақ боз үй: Роман-трилогия. - Алматы: Атамұра, 2008. – 520 -
б.
Кашина Н. Человек в творчестве Ф.М.Достоевского. – Москва:
Художественная литература, 1986. - 318с.
КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВ ПОЭЗИЯСЫ
А.Қ. Қайрат, Б.Ш. Құралқанова
ПМПИ, Павлодар қаласы
Қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған, қайталанбас дербес мәнерімен танылған ақындардың бірі - К.Мырзабеков. Ақын шығармашылығы монографиялық зерттеудің нысаны болмағанымен, мерзімді басылымдарда Н.Оразилин, Б.Сарбалаев, Б.Майтанов тәрізді сыншылардың, А.Кеңшілікұлының естелік мақалалары жарық көрді. Дарынды ақын Кеңшілік Мырзабеков өз туындыларында өмірдің алуан құбылыстарын негізгі нысанаға алып, қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтті, ақынның пішіндік, мазмұндық ізденістері нәтижесінде туған жыр жинақтары оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Ақындық ерекшелік дегенді дара стиль деп бағамдасақ, Кеңшілік ақын да дарын қуатымен дербес стиль қалыптастырған қаламгер. Ақынның әр жылдары жарық көрген жинақтары – «Іңкәр дүние» (1972), «Көктем көкжиегі» (1978), «Қасиетті қас-қағым» (1985), «Дүбірлі дәурен» (1978), «Ауыл мен Астана» (1984), «Балалық
шақ балладалары» (1986) - қаламгердің ізденісі мен жетістігін, ақындық шеберлігін танытқан дүниелер болды.
К.Мырзабеков поэзиясындағы суреткерлік шеберлігін, дара стилін айқындайтын арналы сала – сюжетті өлеңдері. Әдебиетші ғалым Қ.П.Жүсіп лирикадағы сюжет, оның өзіндік ерекшеліктері туралы былай деп жазады: «Эпоста адамдар қарым-қатынасы неғұрлым кең алынады да, ол қатынастың туа бастауы, биігіне жетуі, аяғыны жетуі, бәрі қамтылады. Ал лирика соның бәрін алмайды, үнемі бір сәтін ғана бөліп көрсетеді» [1, 112 б.].
Ақынның сюжетті өлеңдеріне «Ақ көйлек», «Апам», «Анар»,
«Тобық», «Жолда» т.б. өлеңдерін жатқызуға болады. Мәселен, сыншылар назарына көп іліккен «Ақ көйлек» өлеңі - астарлы, ишаралы өлең. Өлеңнің өзі астарлы бір ойға мегзейді. Ақынның қылаусыз сезімі, тап-таза көңілі, жүрек бұлқынысы өлең құрылымын тұтасымен жанды суретке айналдырып, ерекше бір әсер қалдырады.
Қаладан көкем әкелген маған ақ көйлек, Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.
Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,
Киер-ем күнде ... ауылда, әттең, көп той жоқ [1, 79], - деген жолдармен басталатын өлең әрі қарай ақынның сол ақ көйлекке деген ерекше сүйіспеншілігімен өріліп келіп, алаңсыз, қылаусыз балалықтың белгісіндей болған ақ көйлектің «қап-қара топас құйынға жем болғаны» тебіреніспен суреттеледі. Ақ көйлекпен бірге кеткен балалық дәурен лирикалық қаһарманның көңіліне қаяу түсіреді:
Қара бет құйын құлдилап төмен жөңкіліп, Соңынан мен де өшкенше өкпем ентігіп, Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім, Бозбала болдым. Балалық көңілім мертігіп... [1, 81]
К.Мырзабеков лирикасы сыршылдығымен, сезімтал сергектігімен ерекшеленеді. Ақынның лирикалық қаһарман тұлғалаудағы стильдік ізденісі өзгеше көзге түседі. Ақын лирикасындағы қаһарман - табиғатқа барынша жақын, табиғат құбылысын қалтқысыз бағып, оның әрбір сәтін көңіл-күйімен үндестіріп, қазақы тірліктің ортасынан қайнап шыққан, сағыныш сезімімен өмірді сүйе білген сыршыл тұлға.
Ақын өлеңдерінде символға ұласқан табиғат құбылысы, уақыт мезгілі лирикалық қаһарманның көңіл-күйімен астасып, тығыз бірлікте бейнеленеді:
Қараңғы түсті. Көз байланады,
Түнге айналады төңірек.
Аспанда жұлдыз маздай жанады. Әдеттегіден көбірек.
Бір қарағанда кәдімгі түн көрінісі қарапайым суретпен берілген тәрізді. Алайда «аспанда жұлдыздың әдеттегіден көбірек маздай жануы» деген лирикалық қаһарман көңілі қабылдаған суреттен, бейнелі жолдардан ақын романтикасы терең таныла түседі.
Енді ақын лирикасының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталсақ, басқа ақындардан өзгешеленетін даралығын анық байқаймыз. Ақын лирикасында шендестіру, қайталау тәсілі маңызды орын алады. К.Мырзабеков өлеңдерінде қайталаудың барлық түрлері кездесумен бірге, сол қайталаулар бір-бірімен сабақтасып, күрделенген сипатта жиі көрініс береді. Сондай-ақ дыбыстық қайталау да ақын өлеңдерінде көркемдік мәнге ие. «Анар» өлеңіндегі дауыссыз дыбыстардың қайталануы (аллитерация), ішінара дауысты дыбыстардың қайталануы (ассонанс) лирикалық қаһарман сезімін әсерлі бейнелеуде маңызды орынға алады.
Томардан түскен шоққа ұсап, Томсарып көзің жанғанда, Тай-сезіміңе ноқта сап, Тулатпай ұстап алғанда [1, 9].
Жаға мен жеңнен жел гулеп, Жел тиген етек желпілдеп, Ақ жапа тердік арқаға,
Алаша қапшық төркіндеп [1,10],- деген өлең жолдарындағы дауысты, дауыссыз дыбыстардың қайталануы өлеңнің көркемдігіне нәр беріп тұрғаны анық.
К.Мырзабеков өлеңдерінде кездесетін психологиялық егіздеу тәсілі тұспалдаумен, ауыстырумен ұласып жатады. Ақын өлеңдерінің көркемдік жүйесінде егіздеу түрлері қатарласа келетін тұстар бар.
«Құрақ жыры» өлеңі - әрі психологиялық, әрі синтаксистік параллелизм үлгісімен жазылған:
Көл жиектеп желкілдейтін көк құрақ, Жел иектеп селкілдейтін көк құрақ.
Өсе-өсе қамыс болдың сен міне,
Өсе-өсе жігіт болдым мен міне [1, 42].
Өлеңнің соңғы шумағында философиялық түйін жасалады: Ей, жас құрақ, біздегі сәл айырма,
Адамға тән ...мен айтпай-ақ пайымда. Біздің жыр да сендерге ұқсас, тек қана, Әр дауыспен айтылатын қайырма [1, 42].
Екі құбылыс салыстырыла, егізделе келе, тіршілік, ғұмыр заңдылығын танытар тұжырым осылайша шығарылады. Тағдыр мен табиғат ақын үшін егіз құбылыс.
Қара бұлтты үйіріп, селмен ұрып, Дауылымен түйіліп, желмен ұрып, Тағдыр мені тезіне салып алып, Жібергісі келеді «пенде» қылып.
Бұлт артында білдім мен шуақ барын,
Дауыл ғой деп- дәмемді құлатпадым [1, 136].
Өлең жолдарынан көріп отырғанымыздай, тағдырды табиғатпен ұқсастыра отырып, табиғатқа тән әрекетті тағдыр әрекеті түрінде сипаттау арқылы психологиялық егіздеу тәсілі туындаған, және де бұл жерде символ, яғни тұспалдау да көрінеді. Психологиялық егіздеудің маңызды көркемдік қызметі құбылыстарды, заттарды егіздей, салыстыра суреттеу арқылы адам санасына әсер етер, эстетикалық ләззат берер поэтикалық сурет туындату болса, ақын бұл тәсілдің мүмкіндігін өзінің лирикалық туындылары арқылы кеңейте түскен.
Қарама-қарсы ұғымдар мен құбылыстарды қатарластыра қолданатын шендестіру тәсілі де К.Мырзабеков өлеңдерінде жиі кездеседі.
Асқынып ағатын бұлағың, Бастығып қалған ба, шырағым. Басылмай келіп-ем құмарым.
Басыңа жеттім де құладым.
Баяғы ағысың қайда асау,
Булығып жатыр ма, бар ма сау?! [1, 26].
Өлеңде шендестіру табиғат пен адам болмысындағы қарама- қарсы әрекеттерге байланысты көрініс тапқан. Лирикалық кейіпкердің сабырсыз, алабұртып келген сәтіне бір кездегі асау ағысты бұлақтың саябырсып, ағысының баяулап қалуы шендестіріледі. Сол арқылы тұтастай тынымсыз өмір, мазасыз сезім бейнеленеді. Қарама-қарсы ұғымдар мен әрекеттер ақын өлеңінде қарама-қайшылықты сезімдер арпалысын беру мақсатында жұмсалған:
Шабандарға бұйрық іс - бүлкіл аяқ, Жараулардың жүйрігі алдымда жүр.
Жүрген жолды өрде де, ылдида да, Күндер болды малтыққан, құлдилаған.
К. Мырзабеков өлеңдеріндегі қайталау, шендестіру, егіздеу тәсілі ақын тіліне тән өнекпен бедерленіп, сыршыл лирикалық өлеңдердің дүниеге келуінн негізгі тірек болғаны анық.
Өлеңдерінен ауыл тіршілігі, табиғат суреті көп орын алатын К.Мырзабеков стиліне тән ерекшеліктердің бірі - сол табиғи тірлікті суреттеудегі ауыстырулар жүйесі. «Он жыл ғой» өлеңіндегі ауыстырулар ақынның поэтикалық әлемін таныта түсуге мысал бола алады:.
«Япыр-ай, содан бері он жыл уақыт»- Дедім де, демім шықпай қалдым қатып. Ғұмырдың кештім екен қанша жолын, Арбасын тіршіліктің салдырлатып.
Өлең жолдарындағы «ғұмыр жолы», «тіршілік арбасы» - Кеңшілік ақында ғана ұшырасар ауыстырулар. Сондай-ақ, өлеңдегі
«тағдыр заңы», «дүние-көкпар» қолданыстары да ақынның поэтикалық қарымын танытар суретті сөздер:
Тағдырдың заңы қандай тастай қатты... Келемін дүние-көкпар додасында.
Кеңшілік қаламынан көркемдік бояуы қалың, сезімге суарылған өлеңдер көптеп туған.
К. Мырзабеков тек лирик ақын ғана емес, шебер эпик ақын.
«Сарыөзек сағыныш» атты поэмасы аналарға арналған. Соғысқа аттанған әкені сағынған қасіретті ана мен шеркөкірек баланың жан дүниесі сезімталдықпен жырланды. Ауыр тарихи кезең сол уақыт құрбандарының отбасына, туған туыстарының жүрегіне айықпас жара салғаны, көңіліне қаяу түсіргені, тағдыр тауқыметі ақын өлеңдерінде құрғақ баядауға бой ұрмай, ой сүзгісінен өткізіліп, лирикалық кейіпкердің жан әлемімен әсерлі өрнектеледі.
Жаутаңдап бала... айрылғысы жоқ анадан, Жылаған Ана –
бұрылып теріс қараған.
Көрші үйде құйттай көрпесін оған жабар-ау, Сәбиге бірақ артық жоқ туған анадан (141
Балладалары мен поэмаларының негізгі өзегіне айналған адамгершілік, қайсарлық, адалдық сияқты адами қасиеттер белгілі бір оқиғаның, белгілі бір уқыт шындығының аясында бой көрсетіп, ақындық ұстанымды танытады.
Ақынның өнер тақырыбына, өнер адамдарының тағдырына арналып жазылған поэмалары «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі»,
«Иманжүсіп» тарихи кезең шындығының бір көріністері деуге де болады. Өнер адамының бейнесін жасаудағы көркемдік ізденістер оң
нәтиже беріп, Ақан сері, Молықбай, күйші жігіт, Қорқыт сияқты замана шеңберіне сыймаған тұлғалардың көркем бейнесі жасалған.
Көркемдік қуат, тіл өрнегі жағынан ақынның поэзиясы белгілі бір дәрежеде лирикалық сыршылдығы, азаматтық әуеннің анықтығы тұрғысынан бағалауға тұратын дүниелер.
Достарыңызбен бөлісу: |