Қазақстан республикасы білім жіне ғылым министрлігі



бет16/17
Дата15.02.2022
өлшемі178,5 Kb.
#25545
түріРеферат
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
Серікова Арайлым дипломдық жұмысы

-лау/-леу жұрнағының екінші бір ерекшелігі – бұл жұрнақ басқа кішірейткіш мәнді жұрнақтардың үстіне жалғана алады. Басқа сын есімнен сын есім (сапалық сын есім) тудырушы жұрнақтардың ешқайсысында да мұндай қабілет жоқ. Бұл жағынан келгенде, лау/-леу жұрнағы өзімен төркіндес -рақ/-рек жұрнағының қызметіне жуықтайды. Мысалы, ақшылдау, қызғылттау т.с.с. Сонымен қатар -шыл‚ -ғыл‚ -ғылт(-ым)‚ -қай‚ -аң т.б. жұрнақтары бірен-саран сөздерге ғана жалғанатын болса, -лау/-леу жұрнағы барлық сын есімдерге жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды әрі ондай сөздер лексикалық бүтін бола алмайтындықтан‚ сөздік құрамға сол күйінде енбейді. Осындай ерекшеліктеріне байланысты Ы.Маманов -лау/-леу жұрнағын сөз тудырушы қосымшалар қатарына қоспайды.

а) Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, Н.Созонтов, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов еңбектерінде де -шыл, -ғыл, -ғылт, -лау, -ша жұрнақтары сын есімнің кішірейту мәнді жұрнақтары ретінде беріледі де, олар шырай көрсеткіштері қатарында қарастырылмайды.

б) М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов еңбектерінде сын есімнің затсымақтанатыны, үстеусімектенетініні айтылады.

в) сын есімдерді сапалық және қатыстық деп топтастыру А.Байтұрсынұлы, Т.Шонановта бар.

Сонымен қатар М.Терентьев, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектерінде таңдаулы шырайдың жасалу жолдарын түсіндіре келіп, ең, тым т.б. сөздерімен қатар рас, тымақ сөздерін де атайды. Ал А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде рас, тымақ сөздері шырай көрсеткіштері ретінде берілмеген. Қ.Кемеңгерұлы сын есім табиғатын түсіндіруде, атауларды қолдануда (сравнительная степень, превосходная степень т.б.) орыс түркітанушыларының еңбектерін басшылыққа алғанмен, оларға сын көзбен қарағанын да көреміз.

Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде сын есімнің жасалуы (жұрнақ жалғану арқылы, тіркесу, бірігу, қосарлану арқылы) сөзжасамда арнайы қарастырылса, С.Аманжолов сын есімнің 3 түрлі жолмен жасалатынын айтады: а) негізгі сын есім; ә) туынды сын есім; б) екі зат есімнің қатар келуі (темір күрек). Мұнда, біріншіден, сын есімнің бірігу, тіркесу, қосарлану тәсілдері арқылы жасалуы қамтылмай қалған, екінші жағынан, екі зат есім қатар келгенде, алдыңғы сыңары анықтауыштық қызметте қолданылғанымен, түбегейлі сын есімге ауысып кете алмайды. Қ.Кемеңгерұлының сын есімдердің жасалуы туралы тұжырымдарында мұндай жаңсақтықтар кездеспейді. Сонымен қатар С.Аманжолов салыстырмалы шырай көрсеткіші ретінде -ғылт(-ым) жұрнағын да атайды.

Ғ.Бегалиев, Н.Cауранбаев оқулығында -ғыл‚ -ғылт(ым), -шыл‚ -іл-дір т.б. жұрнақтары шырай ретінде түсіндіріледі. Бұл жағынан С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Cауранбаев еңбектері Қ.Жұбанов ойларына ұқсас.

-ақ демеулігін таңдаулы шырай көрсеткіші деп тануы жағынан да І.Кеңесбаев, С.Аманжолов еңбектері мен Қ.Жұбанов тұжырымдары өзара сабақтас. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде бұл демеулік шырай көрсеткіштері қатарында берілмейді. Бұл орайда ғалымдар -ақ демеулігінің үнемі таңдаулы шырай мәнінде қолданыла алмайтынын, кейде шектеу (өзі-ақ, жалғыз-ақ) мәнінде де т.б. жұмсалатынын, кез келген сын есімге тіркесе алмайтынын ескерген болуы керек. Қ.Жұбанов 6 түрлі шырайды көрсетсе, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, Ғ.Бегалиев, Н.Cауранбаев 3 түрлі шырайды көрсетеді. Бұл жағынан алғанда, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов еңбектеріне сүйенгендері байқалады.

Сонымен, қолданған атаулары, шырайды жасалуына қарай дараламай, мағыналық ұқсастықтарына байланысты топтастыра беру жағынан С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, Ғ.Бегалиев, Н.Cауранбаев еңбектері А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектеріне ұқсас.

Бүгінгі таңдағы оқулықтар мен ғылыми грамматикалардағы сын есімдерді сапалық және қатыстық сын есімдерге бөлу, зат есімнен бұрын тұрған сын есімнің түрленбейтіні, сын есімдердің шырай жұрнақтарын қабылдайтыны, сын есімнің затсымақтануы, үстеусімектенуі туралы тұжырымдар А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерімен сарындас. Алайда кейбір талас мәселелер де байқалады. Бұл, негізінен, сын есім шырайларын тануға байланысты.

а) Кейінгі грамматикалар мен оқулықтарды жай шырайды тану жағынан екі топқа бөлуге болады: 1) жай шырайды шырайдың бір түрі ретінде қарастыратын еңбектер: «Қазіргі қазақ тілі» (1954), А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» (1974); 2) шырай қатарына жай шырайды қоспайтын еңбектер: Ғ.Мұсабаев «Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары» (1951) [127]; «Современный казахский язык» (1962); «Қазақ тілінің грамматикасы» (1967); Ы.Маманов «Қазіргі қазақ тілі» (1973), С.Исаев «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» (1998) т.с.c. Яғни, екінші сөзбен айтқанда, жай шырайды шырайлар қатарында келтірмеу жағынан Ғ.Мұсабаев, С.Исаев‚ «Cовременный казахский язык», «Қазақ тілінің грамматикасы» т.б. еңбектер Қ.Кемеңгерұлы еңбектерімен үндес.

Бұл орайда С.Исаев былай дейді: «Тек шырай түрлеріне негіз болатын, ал өзі шырай түрлеріне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да оппозициялық қатар құрай алмайтын, сөйтіп басқа түрлермен тепе-тең парадигмалық жүйе жасай алмайтын тұлға, ол категорияның ішіне, шеңберіне кіре алмайды... Сапалық сын есім тұлғасы мен жай шырай деген ұғым бір болса, ол бір ұғымды, біріншіден, екі түрлі атағаннан не ұтамыз? Екіншіден, категориялық түрлену тұлғаларына негіз болатын түлға - ол категорияға (шырай түріне) енбейді.

ә) Қазіргі қазақ тілінде -ғыл, -ғылт(-ым); -шыл, -аң, -қай, -ілдір т.с.с. жұрнақтардың танылуы жағынан да екі түрлі пікір бар;

1) аталған жұрнақтарды форма тудырушы жұрнақтар деп танып, оларды шырай көрсеткіштері ретінде қарастыру Ғ.Мұсабаев «Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары» (1951); «Қазіргі қазақ тілі» (1954); «Современный казахский язык» (1962); «Қазақ тілінің грамматикасы» (1967); А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» (1974) т.б. еңбектерде өріс алған. Сонымен қатар өзбек‚ ұйғыр‚ түрікпен тілдерінің грамматикаларында да аталған қосымшалар шырай көрсеткіштерінің қатарында берілген [128].

2) оларды сөз тудырушы жұрнақтар ретінде тану: Ж.Шәкенов «Қазақ тіліндегі сын есім категориясы» (1961), Ы.Маманов «Қазіргі қазақ тілі» (1973); С.Исаев «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» (1998) т.б. еңбектерге тән. Түркология бойынша Н.А.Баскаков‚ Э.В.Севортян ‚ Б.О.Орузбаева‚ Дж.Уметалиева‚ Ф.А.Ганиев‚ М.Хабичев‚ К.Любимов‚ А.Г.Хамитова т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде де бұл жұрнақтар сөз тудырушы қосымшалар ретінде танылады. Яғни, -ғыл, -ғылт(-ым), -шыл, -аң, -қай, -ша т.б. жұрнақтарды сөз тудырушы қосымшалар қатарында танитын Ж.Шәкенов, Ы.Маманов, С.Исаев еңбектері А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерімен сабақтас екенін көреміз. Ғалымдар аталған қосымшаларды сөзжасам жұрнақтары деп тануда олардың мағынасын, кез келген сын есімге жалғанып, грамматикалық абстракция жасай алмайтынын, яғни сын есімдерді таңдап жалғанатынын әрі лексикалық бүтін болып қалыптасып, сол күйінде (көкшіл, сұрғылт т.б.) сөздік құрамға енетінін негізге алған.

Сонымен, жай шырайды шырай қатарында қарастырмау, -ғыл, -ғылт(-ым)‚ -шыл, -ша, -ілдір т.б. жұрнақтарды шырай көрсеткіштері ретінде танымау жағынан Ы.Маманов, С.Исаевтар Қ.Кемеңгерұлы тұжырымдарын басшылыққа алғаны байқалады. С.Исаевтың бұлардан басқа а) асырмалы және күшейтпелі шырайды біріктіріп, топтастырып беруі; ә) шырай жұрнақтары кез келген сын есімге емес, сапалық сын есімдерге ғана жалғанатынын көрсетуі де Қ.Кемеңгерұлы еңбегімен сарындас. «Современный казахский язык», «Қазақ тілінің грамматикасында» сын есімді басқа сөз таптарынан ерекшелейтін белгісі ретінде шырай жұрнақтарын қабылдай алатыны сөз болса, С.Исаев еңбектерінде қатыстық сын есімдердің, негізінен, шырай жұрнақтарын жалғай алмайтыны, бұл қасиет сапалық сын есімдерге ғана тән екендігі баса айтылады. Сонымен бірге Ф.Мұсабекова, Ф.Оразбаева, С.Сарбалаев, Г.Мамаевалардың сын есім категориясын әр түрлі қырынан зерттеген еңбектерінде сын есімді сөз табы ретіндегі жекелеген ерекшеліктері, өзге сөз таптарымен арақатынасы, сын есім сөзжасамдағы негізгі сөз тудырушы тәсілдері мен заңдылықтары қарастырылады. Сын есімдерді құрамына қарай түбір және туынды деп екіге бөліп қарастырумен бірге олардың синтаксистік қызметі де көрсетіледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет