ҚОРЫТЫНДЫ
Тіліміздегі заттың түрлі сындық белгілерін, салмағын, сапасын, сипатын, түсін, түрін, көлемін, аумағын сан алуан қасиеттерін білдіретін сөздер үлкен бір топ құрайды. Осы топқа жататын сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы, абстракциялануы нәтижесінде оларда заттың сындық белгісін білдіретін жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Заттың сындық белгісін байқататын жалпы грамматикалық мағына сын есім деген жеке сөз табын тануға мүмкіндік береді.
Түркі тілдеріндегі сын есім категориясының зерттелуі ХІХ ғасырдан бастау алады. Оның зерттелуіне қатысты алғашқы қадамды М.А. Казем-бек «Түркі-татар тілінің жалпы грамматикасы» деген еңбегі арқылы жасады. Мұнда түркі, татар, моңғол, чуваш тілдеріндегі сын есім категориясы мен сын есім тудыратын жұрнақтар, сонымен қатар салыстырмалы шырай мен күшейтпелі шырай үлгілері мысалдармен көрсетілген [1]. Сонымен қатар А.К. Боровков, А.Н. Кононов, Ф.А. Ганиев, Н.Сазонтов, Н.К. Дмитриев, В.Г. Гузев сияқты зерттеуші-түркологтар да түркі тілдеріндегі сын есімдерге қатысты өздерінің ғылыми тұжырымдарын білдірген. Ол түркі тілдеріндегі туынды сын есім жасауға қатысатын сөзжасамдық жұрнақтардың қызметтеріне талдау жасап, семантикалық тұрғыдан мағынасын зерделеуге тырысқан.
ХХ ғасырдың басында қазақ тілінің фонетикасы, лексикологиясы мен грамматикасы әлемдік және орыс тіл білімі мектептерінің заңдылықтарына сәйкес зерттеле бастады. Бірақ қазақ тілінің қалпы мен табиғаты бойынша оның басқа тілдерден ерекшеліктерін де айқындау күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Қазақ тілінің өзіне тән ережелерін, қағидаларын зерделеу, ең алдымен, жаппай сауат ашу үдерісі кезінде халыққа оқу мен жазуды үйрету мақсатында қолға алынды. Сонымен қатар нақты бір жүйе жасап, аударма, коммуникация, сөздіктер жасау үшін де қазақ тілінің грамматикасы мен лексикологиясын терең меңгеру қажет болатын. Алғашқы кездері қазақ тілінің дыбыстық құрамын анықтау ұлттық әліпби түзу, оқу, жазу т.б. қажеттіліктерді өтеуге қызмет ететіндіктен, әліпби, емле жасау әрекеті қарқынды жүргізілгенімен, бұл үрдіс тәртіпке келтіріліп, жолға қойылғаннан кейін тілдің грамматикалық қорын қарастыру белең ала бастады. Мұның ішінде қазақ тіліндегі сөз таптарын айқындау, сөздерді айқындалған сөз таптарының құрамына енгізу де белсенді ғылыми әрекетке айналды. Осы аяда бірқатар оқу құралдары, зерттеу мақалалары, баспасөз бетіндегі пікірталастар жарық көрді. Сөз таптарына қатысты зерттеулердің негізгі бөлігі сын есім мәселесі мен оны танытуды да айналып өте алмайтын еді. Себебі сын есімдер қазақ тілінің лексикалық қорының ауқымды бөлігін құрайды әрі заттың сынын, сапасын, сипатын анықтайтын сөздерді басқа сөз таптарынан айыру да тілші ғалымдардың көңіл бөліп шұғылданған істерінің басында келеді. Қазақ тіліндегі сөз таптары мен оның ішінде сын есімді зерттеп, қарастыруға, мысалдар арқылы беруге, оқушыларға меңгерту үшін арнайы тапсырмалармен түсіндіруге, оның басқа септіктермен қарым-қатынасына, жұрнақтары мен шырайларына мән беріп, ХХ ғасыр басындағы тілтанушылардың ішінен осы саламен байланысты тұшымды ойлар айтқан қазақ тіл білімі саласының негізін салушы, әдебиетші, ақын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов болатын. Одан бөлек, Қ. Жұбанұлы, Т. Шонанұлы, Е. Омарұлы, Қ. Кемеңгерұлы сияқты ХХ ғасырдың бас кезіндегі тілші қайраткерлер қазақ тілінің грамматикасы саласының зерттелуі мен зерделенуіне, оқу-ағарту жұмыстары арқылы меңгертілуіне үлкен үлес қосты. Олар әсіресе сөз таптарына қатысты іргелі жұмыстарды жүзеге асырып, сын есімнің тұлғасын, қасиетін, сапасын, басқа сөз таптарынан ерекшелігі мен ұқсастығын айқындай білді. Сонымен қатар сын есімнің негізгі категориялары (шырай категориясы) мен қосымшаларды да санамалап көрсетіп, мысалдармен айқын түсіндіріп жеткізді.
Сонымен, ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңдегі зерттеушілер сын есімнің мағынасын, жасалуын, шырай түрлерін өзіндік ерекшеліктерін арнайы сөз етеді. А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанұлы, Т. Шонанұлы, Е. Омарұлы, Қ. Кемеңгерұлы сияқты ғалымдар сын есімнің мынадай негізгі белгілерін көрсетеді:
а) сын есімдерді шырай категориясына түрлене алуына қарай сапалық және қатыстық деп топтастырады;
ә) орыс тілімен салыстыра отырып, қазақ тіліндегі сын есімдердің баяндауыш қызметінде тұрып түрлене алмайтынын, еш өзгеріске түспей-ақ анықтауыш, баяндауыш бола алатынын көрсетеді;
б) А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов еңбектерінде үш шырайды атап, жай шырай (положительная степень) түрін де шырай қатарында қарастырады. Қ. Кемеңгерұлы сын есімнің екі түрлі шырайын (салыстырмалы, таңдаулы) атайды да жай шырайды шырай қатарында қарастырмайды;
в) ғалымдар қатыстық сын есімдердің жасалу жолдарын көрсетеді;
г) -шыл, -ғыл, -ғылт, -ша, -лау жұрнақтарын шырай көрсеткіштері қатарына қоспай, сын есімнен сын есім тудырушы қосымша ретінде таниды;
ғ) сын есімнің затсымақтанатынын (субстантивизация) үстеусімектенетінін* (адвербиализация) айтады;
д) сапалық сын есімдерден кейін -сымақ, -шыл, -нікі, -лық, -лы, -лау, -шылық, -дай жұрнақтары жалғана алатынын айтады.
А.Байтұрсынұлы талғау шырайдың көп сөзі қосылуы арқылы да жасалынатынын айтса, Қ.Кемеңгерұлы оны шырай көрсеткіші ретінде келтірмейді. Т.Шонанов күшейткіш буынды сын есімдерді «ласкательная форма прилагательных» деп жеке топтастырса, Қ.Кемеңгерұлы оны таңдаулы шырай құрамында түсіндіреді.
-ғылт‚ -ғылт(-ым) жұрнақтары үнемі сол белгінің әлсіздігін, солғындығын ғана білдіріп қоймайды, көп жағдайда белгінің, реңктің күшейе түсуін көрсетеді. Қ.Кемеңгерұлы аталған жұрнақтың мәнін: «…прибавляясь к имени прилагательному обозначает сходство, но более сильное, бозғыл – более белый, сизый, сұрғылт – более серый, тұшқылтым – более пресный», – деп түсіндіреді.
Ал осы белгілердің әлсіз түрі -лау/-леу жұрнағының қатысуымен жасалады. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы -лау/-леу жұрнағын шырай қатарында қарастырмаған деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |