Қазақстан республикасы білім жіне ғылым министрлігі


Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған зерттеушілердің ұстанымдарының инновациялық парадигмалармен сәйкестігі



бет14/17
Дата15.02.2022
өлшемі178,5 Kb.
#25545
түріРеферат
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
2.2. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған зерттеушілердің ұстанымдарының инновациялық парадигмалармен сәйкестігі

Морфологиялық репрезентацияда морфологиялық көрсеткіштер арқылы мағынаның негізгі, басты бөліктері кодталады. Морфологиялық репрезентация концептуалды мазмұнның дерексізденуі, жалпылануы, саралануына негізделіп, морфологиялық категориялар мен тұлғалар арқылы көрініс табады. Дерексіздену барысында негізгі концепт («уақыт», «сан-мөлшер», «қатынас» т.с.с.) мазмұны, жекелеген мәндер жалпылық сипат алып, өзара байланысқа түседі, маңызды белгілері айқындалады. Жалпылану нәтижесінде тіл үшін маңызды болатын сипаттар кодталып, «шақ», «жекелік-көптік», «септік» т.с.с. қалыптасады. Морфологиялық категориялар концептуалды жүйенің негізгі концептілерін ғана репрезентациялайды. Сол себепті уақыт, сан, сапа т.с.с. белгілер міндетті түрде морфологиялық тұрғыдан репрезентацияланады. Яғни тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер морфологияда көрініс табады.

Морфологияда морфологиялық категориялар мен тұлғаларда көрініс алған концептуалдау тәсілдері мен жолдары айқындалады. Морфологиялық концептуалдау жолдары мен тәсілдері тілдің онтологиясына байланысты болады. Себебі морфология тілдік репрезентация заңдылықтарының концептуалдану құралы болып табылады.

Грамматикалық ұғымдар лексикалық концептосфераға үстеледі. Сол себепті қандай да бір сөз табына қатысты болмайтын сөз жоқ. Әр сөз не зат есім, не сын есім, не етістік ретінде танылады. Ендеше, тілдің грамматикалық құрамының концептосферасы адамның тілдік санасының ажырамас бөлшегі болып табылады. Сөз таптары адамның таным әрекеті арқылы айналасын категоризациялау негізінде қалыптасады. Когнитивтік құбылыс ретінде сөз таптары адамның әлемді тану, қабылдау, түсіну ерекшеліктерін көрсетеді. Сол арқылы таным иесі – субъектінің ментальді ерекшелігі айқындалады. Бұл ерекшеліктер тілде кеңістік, уақыт, сапа сияқты әмбебап сипатты негізгі концептілерде көрініс табады. Болмыстағы категориялар, олардың өзара байланыстары сөз таптары ретінде жүйеленген. Нақты құбылыстар тілдік санада заттың атауы, күйі, қалпы, сапасы түрінде көрініс табады. Яғни грамматикалық ұғымдар концептосфера түзіп, оның ерекше деңгейін құрайды.

Бүгінде лексикалық мағынасы түсініксіз, көнерген сөздерге этимологиялық талдау жасауда грамматикалық концептосфера тұрғысынан морфологиялық концептілер жүйесі арқылы сөз мағынасын айқындауға болады. Тіл – өте күрделі құбылыс, оның өзіндік жүйесі, тәртібі болады. Алайда сонымен қатар ол өте қарапайым. Сол себепті сауаты болмаса да, адамдар бірін бірі түсінісіп жатады. Тілі жаңадан шығып келе жатқан бала да тілдің қалыптасқан заңдылықтары бойынша сөйлеп үйренеді. Тіл жүйе болғандықтан, қызмет етпейді, керісінше, тіл белгілі бір мақсат көздеп, қызмет ету үшін жүйе құрайды. Сөйлеуші сөйленім әрекетінің субъектісі ретінде көрініп, қабылдаушы, ойлаушы тұлға ретінде қарастырылады, оның мәтін құру үшін қандай тілдік бірліктерді таңдап алғанына ерекше мән беріледі. Атадан балаға жеткізілетін этномәдени ақпарат санада шифр, код түрінде көрініс табады. Сол арқылы этнотілдік санада тілдік мәндерде кодталған ғалам бейнесі көрінеді.

Лексика мен синтаксистің өзара байланысы ең алдымен сөз таптарының жалпыкатегориалдық мәнінен көрінеді. Мәселен, бастауыш позициясында заттық мәнде жұмсалатын сөздер, яғни зат есімдер қолданылса, баяндауыш қызметінде көбінесе іс-әрекет, қимыл мәнін білдіретін етістіктер жұмсалады. Синтаксисте жекелеген сөздердің мағынасы емес, біршама жалпы категориялардың семантикасы ерекше мәнге ие болады. Лексикалық мағына сөздердің синтаксистік қызметін шектейді. Мәселен, жалқы зат есімдер дерексіз мәнде жұмсалмайды. Сөйлемді тілдің жүйелі бірлігі ретінде қарастыру нәтижесінде жалпы, көпке белгілі жалпыланған үлгілер айқындалады. Сөйлем сол үлгі бойынша құрылады. Мұнда жағдаят немесе сөйлесушілер ескеріле бермейді.

Сонымен, бүгінгі таңда когнитивтік бағыттағы зерттеулерде тілдегі білімнің көрінісін сипаттауға бағытталған ізденістер жанданып келеді. Морфология теориясының дамуы ондағы когнитивті үдерістерді талдауды қажет етіп отыр. Сондықтан зерттеу жұмысы грамматикалық категориялар мен көрсеткіштер түрінде көрініс тапқан морфология деңгейіндегі білімдерді айқындауға арналған. Сол арқылы морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілішілік ерекшеліктері айқындалып, тілде концептуалды мазмұнның репрезентацияландағы морфологиялық бірліктердің орны көрсетіледі. Мұндай зерттеулер тілді құрылымдық немесе функционалды қырынан зерттеумен қатар қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан сипаттауға жол ашады, морфологияның тіл жүйесіндегі орнын айқындап, сөйлеу-әрекетіндегі маңызын түсінуге, морфологиялық категориялардың тұрпат және мазмұн межесін тануға мүмкіндік береді. Морфологиялық категорияларды осылайша талдау тілді когнитивті бағытта зерттеуге арналған еңбектердің дамып, өркендеуіне жол ашады.

Таным теориясында таным үдерісі негізінде сан-мөлшер құрылымдары адамның сан-мөлшер туралы түсініктерімен байланысты қарастырылады. Бала бастапқыда санай алмайды, шама «аз», «көп», «бірдей» сияқты сөздер арқылы беріледі. Бұл сөздер шаманы ғана емес, сапалық (үлкен) және сандық (көп) сияқты мәндерді білдіру үшін де қолданылады. Л.С.Выготский көп, аз, үлкен, кішкентай сияқты сөздердің сан-мөлшер ұғымын эмпирикалық деңгейде танудан пайда болғанын айтады [17, 162-168-б.].

И.Б. Долинина сан-мөлшер категориясы екі дербес, өзара байланысты аспектіден тұратынын айтады: 1) бірнеше заттың жиынтығы; 2) зат сапасының шамасы [199]. Мұның алғашқысы заттың көптігін білдірсе, екіншісі бір заттың қандай да белгісінің молдығын немесе бірнеше заттың ұқсас белгілерін өзара салыстырады. Бұл ерекшеліктер тілде түрліше көрініс тауып, тілдік категоризацияға ұшырап отырады. Яғни біріншісі – көптік жалғау арқылы берілсе, екіншісі сын есімнің шырай категориясы арқылы көрініс табады. Профессор Қ.Рысалды сандық ұғымның интенсивтілігі, дәрежесі есептеуге, яғни сандық көрсеткішпен беруге келмейтінін айта келіп, былай дейді: «Нақтылай қарағанда, сандық категорияның бұл түрі санмен есептелмейді. Ол мөлшерді білдіргендіктен, оның тілдегі көрінісі тілдік бірліктермен айқындалады ( мысалы: ұзынырақ, ең ұзын, өте ұзын). Ал басқа бір қажетті жағдайда, нақтылай түсу мақсатында сол дискретсіз сандық айқындылықты дискретті қалыпқа түсіріп, мезуративтік (өлшеу жүйесінің) бірліктермен көрсетіледі (мысалы: температура – 40 градус, ұзындығы – 40 метр) .

Сан-мөлшер ұғымын зерттеушілер болмыстың ажырамас бірлігі ретінде, сондай-ақ тілдің бүкіл жүйесін: лексикасын да, грамматикасын да қамтыған ойлау категориясы ретінде айқындайды. Сан-мөлшер ұғымын түрліше сипаттауына байланысты ғалымдар оны түрліше атайды: сан, квантитатив, көптік, сан-мөлшер т.с.с. С.Исаев сан-мөлшер категориясының орнына көптік жалғау категориясы, көптік категориясы сияқты терминдердің қолданылып келгенін айта келіп, көптік ұғымды жекелікпен қатар, бірге қарастыру қажеттігін ескертеді: «Көптік ұғым мен оған қарама-қайшы жекелік я даралық ұғымның болуы – жалпы зат атаулыға тән қасиет. Міне, осы көптік және жекелік ұғымдардың (грамматикалық мағыналарының) арақатынасынан және сол ұғымның белгілі морфологиялық тұлғалар арқылы (жекеліктің арнайы тұлғасы болмай, көптік ұғым көптік жалғау арқылы) берілуінен сан-мөлшер категориясы туады. Сан-мөлшер категориясын (кейбір еңбектерде көптік категориясы деп аталып жүр) тек көптік жалғау ұғымының сыр-сипаттары, қызметі, стильдік ерекшеліктері т.т. айқындалғанмен, грамматикалық категориялық сипаты ашылмай қалар еді, тек жекелік (даралық) ұғыммен сәйкесті, қатысты қарағанда ғана, оның категориялық сипаты айқындалады. Сондықтан да әңгіме көптік жалғау немесе көптік ұғым жайында болса да, ол жерде грамматикалық тұрғыдан оған қарама-қайшы мәндегі жекелік (даралық) ұғым есте болатындығын ұмытпаған жөн» [25, 65-б.].

«Сан-мөлшер» концепті түрлі сөз таптарында түрліше көрініс табады. Қ.Жұбанов сан есім мен сын есімді заттың белгісін білдіруіне байланысты біріктіріп сипаттайды: «Есімнің бірқатары заттың өзін емес, заттың не істің тұрғылықты белгісін көрсетеді. Мұның өзі екі түрлі: сан белгі, сыпат белгі. Осыған қарай бірін сан есім, бірін сын есім дейміз. Сын есім морфологияда -рақ, -рек, -лау, -леу қосымшаларын, қосақты қосар буынды өзіне ерте алады: қызыл-қызылырақ, қызылдау, қып-қызыл; сан есім морфологияда -ншы қосымшасын тағына алады: бес-бесінші. Сын есім мен сан есімнің екеуі де синтаксисте затты да, істе де анықтауышты не бірі бірін сала алады: биік (сын есім, анықтауыш), тас (зат есім, анықтауыш), үй (анықталушы); бес биік үй; биік бес үй дегендер сияқты» [2, 302-б.]. Сан-мөлшер грамматикалық категориясы сандық сипаттарды сезімдік қабылдау нәтижесінде пайда болмаған, ол адам ойының абстрактілі қызметіне байланысты түзілген.

Шырай категориясы – тілде сан ұғымын репрезентациялайтын морфологиялық категориялардың бірі. Сол арқылы адамның сан мен сандық қатынастар туралы танымы көрінеді. Ол салыстыру негізінде көрініс тауып, зат белгілерінің ұқсастық-айырмашылығын сипаттайтын тілдік формалар арқылы беріледі. Шырай категориясы қай сөз табын анықтауына байланысты түрлі сипатта болатынын аңғарамыз. Шырайлар белгілі бір заттың сипаттарын көрсетсе, негізінен заттың статикалық белгісін көрсетеді. Мысалы: Татар әйелдері жеңіл киінеді екен, еркін жүреді екен, тілдері басқашалау (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан). Үш үйдің ішінде еңсесі көтеріңкі, қомақтылау біріне Аман мен Таймас ат басын тіреді (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Кенжекей қайын сіңлісіне таңдана қарап, кейіндеу тұр. Көңілге болмаса қайын сіңлісі бұрынғысынан басқалау (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең). Ал етістікті анықтап, пысықтауыш қызметінде жұмсалса, қимыл-әрекеттің қарқындылық сипаты көрініп, сан динамикалы сипатта болады. Мысалы: «Өте жақсы жігіт еді», – деді менің бас-аяғымды көзімен шолып өтіп, – бірақ қиқарлау болатын, өз айтқанынан басқаны білмейтін (М.Мағауин, Ақша қар). Сұңғақ, ұзын бойлы, тіп-тік, жіңішке денелі Еркежанның бет бітімі де қазақ әйелінен басқалау болатын (М.Әуезов, Абай жолы).

Шырай категориясы заттар мен құбылыстардағы белгілердің сапалық қатынастарын білдіреді. Кез келген заттың сапасы болатын сияқты, сапасыз заттың болуы мүмкін емес. Себебі әлем – бөлшектерге жіктелетін тұтас дүние, ондағы заттардың бәрінің сапасы болады. Адамның әлемді тануында сапаның маңызы ерекше, себебі сапасын анықтау арқылы адам белгілі бір заттардың ерекшелігін, белгісін білумен қатар, оларды топтастырып, жинақтай алады. Заттың белгісін, өзіндік ерекшелігін түсіну арқылы адам оның сапасын анықтайды, ол ұжымдық санада көрініс тауып, тілдік семантикада бекиді.

Сонымен, сапа заттар әлемін сипаттауда маңызды орын алады. Зат атаулының бәрі де қандай да ерекшелікке, сапаға ие, әрқайсының өзіндік белгісі бар. Адам заттың белгісін, сапасын танып-түйсіну арқылы сол заттың өзін, оның қасиетін, басқалардан ерекшелігін түсінеді. Адамның айналасын, болмысты табу үшін сапа категориясының орны ерекше. Себебі заттың сапасын, белгісін тану арқылы адам болмысты жекелеген бөлшектерін танып, оны біріктіріп, топтастыра алады; белгілеріне қарай өзара қарсы қойып, ғалам бейнесін түзеді. Затты, құбылысты толық түсіну үшін оның өзіндік ерекшелігін, қасиетін, басқа заттардан айырмашылығын білу керек. Адам әлемді жекелеген заттардың белгісі арқылы қабылдап, атрибутивті портретін түзіп, түйсінеді. Сол себепті тіл құрылымында сын есімдер ерекше орын алады. Қазақ әлемінің атрибутивті репрезентациясы алуан түрлі жолдармен беріледі. Бұл да «сапа» концептінің қазақ халқы үшін қаншалық маңызды екенін танытса керек. Сол арқылы сын есім категориясы басқа сөз топтарынан ерекшеленіп, жеке категория ретінде бөлініп шықты.

Шырай категориясы сапалық белгілердің мөлшеріне қарай, яғни белгінің мөлшеріне қарай анықталады. Белгінің мөлшері салыстыру арқылы айқындалады. Яғни белгінің көлемі салыстырмалы түрде, басқа (біркелкі) белгімен салыстыру негізінде, сондай-ақ бір белгінің басымдылығы арқылы көрінеді. Сапалық сын, қимыл-сын белгілерінің сандық айқындалуына сын дәрежесі категориясы деген атау беріп, профессор Қ.Рысалды былай деп жазады: «Сапалық сын белгісінің әртүрлі деңгейлік дәрежелерінің бір затпен екінші бір затты салыстырғанда айқындалуы градуалдық немесе сатылық дәрежелер болады, яғни сын дәрежесі зат бойында белгілі бір деңгейде, белгілі бір сатыда болып танылады. Мысалы: Асан Үсеннен ақылдырақ. Ауылдағы ең биік үй осы. Заттарды сапалық сынының көріну дәрежесі жағынан салғастыра қарағанда, олардың әрқилы градуалды дәрежеде екенін тілдік формалар арқылы жалпылап білдіре аламыз: ең аласа, аласалау, аласабиік, биіктеу, биігірек, ең биік [7, 51-б.].

Шырай категориясын білдіретін морфологиялық тұлғалар белгінің релятивті және абсолют сандық өзгерістерін білдіреді, яғни сандық сипаттарын негізге ала отырып, сапалық ерекшеліктері айқындалады. Сын есім мен үстеуде сан-мөлшер концептінің репрезентациялануы арқылы морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті қалыптасады. Яғни морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті қалыптасуы үшін сан-мөлшер концепті негіз болады. Морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті «сан-мөлшер» негізгі концептінің мазмұнындағы «санауға келмейтін сипат» дерексіздену нәтижесінде түзіледі. Осы сипат морфологиялық жолмен берілетін концептіге негіз болып, оның мазмұнын құрайтын «заттың салыстырмалы белгісі» және «заттың айқын белгісі» сияқты сипаттар арқылы көрініс табады. З.Қ.Ахметжанова бірдей екі затты өзара салыстыра келіп, олардың сапалық сындық белгілерінің дәрежелік айырымдарын айқындайтын салыстыру түрін нақты компаратив (собственно компаратив), ал бір заттың сын-сапасын басқа затпен салыстырмай, сын дәрежесінің ортақ өлшем, стандарт қалпы тұрғысынан анықтауды интенсив деп атайды. Бұл концепт жіктеуші сипатқа ие. Ол статикалық және динамикалық сипаттағы сапа туралы тілдік білімге (аялық білім) негізделген. Яғни морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті шырай категориялары арқылы берілетін концептуалды деңгейдегі бірлік болып табылады.

Шырай категориясы – концептуалды мазмұнды репрезентациялаушы құрал. Ы.Маманов сын есімнің шырай формаларының грамматикалық мағыналары тұрақты сапаның артық, кемдік дәрежесін білдіретінін айта келіп, кейбір грамматикалық формалар контекске және түбір сөздің семантикасына байланысты өзінің негізгі грамматикалық мағынасынан ауытқып, әртүрлі мағына білдіруі мүмкін екенін ескертеді. Күшейтпелі шырай тұлғалары «заттың айқын белгісі» сипаттарын актуалдандыра отырып, морфологиялық мән қалыптастырады. Мысалы: Қазақ даласына тараған ең үлкен індет – сонау атам заманнан бері сілімтігін сүйретіп, осы күні өлексесі қалған домалақ арыз (С.Жүнісов, Жапандағы.). Ақынның сөзі алтыннан құнды келетін, Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым? Құшынаш болып кетпесек біздер жарады, Көрінген жанға ішірткі жазып беретін (М.Мақатаев, Шығ.). Алюминий, силумин, натрий сульфаты, калий т.б. өндірудің өте бағалы комплексті шикізаты болып саналатын диспордың, алуниттің, кианиттің, андалузиттің, серициттің өте ірі қоры Кенді Алтайдағы екінші дәрежелі кварциттер деп аталатындардың құрамында өте мол (Қ.Сәтбаев, Қазақст.).

Біркелкі белгінің сандық я сапалық айырмашылықтары шырайларды бір-бірінен айыратын өлшеу, тірек, негіз болатынын айта келіп, С.Исаев шырай категориясы я бірыңғай ақ, я бірыңғай қызыл, я бірыңғай қара, я бірыңғай қара, я бірыңғай қоңыр, көк түсті әлденеше (кемі екі) заттардың реңдеріндегі ерекшеліктерді немесе бірыңғай үлкен, я бірыңғай кіші делініп танылған әлденеше заттардың көлем-аумақтарындағы артық я кемдік дәрежелерін өзара салыстыру арқылы туатынын, ондай реңдер мен дәрежелер сан жағынан да, сапа жағынан да салыстырылатынын ескертеді [25, 466-б.]. Бұл морфологиялық мәндер өте жалпы сипатта болғандықтан, әрі қарай нақтылауды қажет етеді. Яғни сөйлем-сөйлесімде қосымша лингвистикалық факторлар қолданылады. Мұнда әсіресе семантикалық және мәнмәтін факторларының орны ерекше.

Семантикалық факторға сәйкес шырай тұлғалары кез келген етістіктен жасала бермей, градуалдылық сипаты бар сөздер тобынан ғана жасалады. Сол себепті шырай категориясы сапалық сын есімдерден ғана жасалады. Ы.Маманов сапалық сын есім шырай категориясымен өзгеруін сапалық сын есімді қатыстық сын есімнен айырудағы басты критерий ретінде сипаттайды. С.Исаев шырай тұлғалары жалпы сын есімнің сөз табы ретіндегі түрлену тұлғасы емес, бір ғана мағыналық тобының семантикалық сипатын көрсететін лексика-грамматикалық тұлғалану көрсеткіші екенін айта келіп: «Шырай категориясы, әдетте, сын есімнің категориясы деп танылып жүр. Бірақ, біріншіден, сын есімнің бәрі бірдей, яғни сын есім сөз табына жататын сөздердің барлығы шырай тұлғаларымен түрленбейді, шырай тұлғалары кез келген сын есімге жалғана бермейді. Мысалы, жақсы – жақсырақ – жап-жақсы, үлкен – үлкендеу – үп-үлкен, сары – сарылау – сап-сары – өте сары т.б. болса да, таулы дегенмен таулырақ, не тап-таулы, өте таулы деп, кешкі дегеннен кешкілеу, не кеп-кешкі, аса кешкі деп, шырай түрлерін жасауға болмайды. Яғни сын есімнің бір түрі – сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғанып, шырай түрлерін жасауға болса, сын есімнің мағыналық тобының екінші тобы – қатыстық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алмайды да, одан шырай түрлері жасалмайды. Яғни шырай категориясы жалпы сын есімге емес, сын есімнің бір ғана семантикалық түрі – сапалық сын есімге ғана тән», – дейді [25, 463-б.]. Ғалым шырай категориясын сын есімнің таза грамматикалық емес, лексика-грамматикалық категориясы ретінде сипаттайды.

Қатыстық сын есімдер сапалық сын есімге айналған жағдайда ғана шырай тұлғаларын қабылдай алады. Мысалы, ақылды – ақылдылау, өте ақылды, ең ақылды т.с.с. Ақылды сөзі әу баста қатыстық сын есім болғанмен, уақыт өте келе қатыстық сын есімнен сапалық сын есімге ауысқан. Сондықтан мықты, күшті, дәмді т.с.с. сөздер тілдің дамуымен байланысты мағыналық өзгерістерге түсіп, қатыстық сын есімнен сапалық сын есімге ауысқан сөздер болып табылады. Қатыстық сын есімдер мен сапалық сын есімдерді ажыратудың негізгі межелерінің бірі – шырай көрсеткіштерін қабылдауға байланысты. «5-сыныпта сын есімді, оның түрлерін ажырату әдістері» атты мақаласында Ы.Маманов оқушыларға сапалық сын есім мен қатыстық сын есімді ажыратуда сапалық сын есімдер шырай формаларына негіз бола алатындығын, сапалық сын есімнің шырай категориясымен өзгеруін сапалық сын есім мен қатыстық сын есімді бір-бірінен ажыратудағы басты критерий ретінде ұстану керектігін айтады [220, 456-б.].

Салыстырмалы шырай бір заттың сынын я сипатын, түсін екінші заттың біртектес сынымен, белгісімен салыстырып, сол салыстырылатын белгілердің, түрлердің бір-бірінен, я артық, я кем екенін білдіріп, белгілі қосымшалар арқылы жасалады. Ол қосымшалар: -рақ/-рек,_-ырақ/-ірек_және_-лау/-леу,_-дау/-деу,_-тау/-теу'>-рақ/-рек, -ырақ/-ірек және -лау/-леу, -дау/-деу, -тау/-теу. Аталған қосымшаларды форма тудырушы жұрнақтарға жатқыза отырып, Ы. Маманов: «–рақ/-рек, -лау/-леу, -дау/-деу, -тау/-теу жұрнақтары да форма тудыру қызметін атқарады. Салыстырмалы шырай формалары – сапалық сын есім түбірімен жарыса қолданылатын грамматикалық тұлға. Мысалы, қызыл – қызылырақ, жақсы – жақсырақ, ақылды – ақылдырақ, бойшаң – бойшаңырақ, т.б. сөз тудырушы жұрнақ пен форма тудырушы жұрнақтарды бір-бірінен айырудың екінші бір критерийі – сөз тудырушы жұрнақтардың жалғанатын сөзінің шегі болады. Яғни сөз тудырушы жұрнақтар белгілі сөздерге ғана жалғанып, бір типтес туынды түбір сөздер тобын жасайды».

Бүгінгі таңда салыстырмалы шырай көрсеткіштері ретінде танылып жүрген -лау/-леу жұрнағы Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, Н.Созонтов, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде шырай қатарында берілмеген. Салыстырмалы шырайдың -рақ/-рек қосымшасымен қатар -лау/-леу жұрнағы арқылы да жасалынатынын алғаш көрсеткен ғалым – Қ.Жұбанов. Ғалымның ойлары кейінгі грамматикалар мен оқулықтарда сабақтастық тапқан. І.Кеңесбаев, С.Аманжолов. Ғ.Бегалиев, Н.Cауранбаев еңбектерінде де салыстырмалы шырай көрсеткіштері ретінде -рақ/-рек жұрнақтарымен бірге -лау/-леу қосымшасы да беріледі.



Соңғы жылдары сын есім антропоөзектік парадигма негізінде, когнитивті, фукнционалды-семантикалық тұрғыдан қарастырылып келеді. Ы.Маманов, С.Исаев, З.Қ.Ахметжанова, Қ.Рысалды, А.Ерімбетова, т.с.с. ғалымдар шырай категориясын білдіретін морфологиялық тұлғалар белгінің релятивті және абсолют сандық өзгерістерін білдіретінін, яғни сандық сипаттарын негізге ала отырып, сапалық ерекшеліктері айқындалатынын айтады. Сын есім мен үстеуде сан-мөлшер концептінің репрезентациялануы арқылы морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті қалыптасады. Осыған байланысты морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті қалыптасуы үшін сан-мөлшер концепті негіз болады. Морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті «сан-мөлшер» негізгі концептінің мазмұнындағы «санауға келмейтін сипат» дерексіздену нәтижесінде түзіледі. Осы сипат морфологиялық жолмен берілетін концептіге негіз болып, оның мазмұнын құрайтын «заттың салыстырмалы белгісі» және «заттың айқын белгісі» сияқты сипаттар арқылы көрініс табады. З.Қ.Ахметжанова бірдей екі затты өзара салыстыра келіп, олардың сапалық сындық белгілерінің дәрежелік айырымдарын айқындайтын салыстыру түрін нақты компаратив (собственно компаратив), ал бір заттың сын-сапасын басқа затпен салыстырмай, сын дәрежесінің ортақ өлшем, стандарт қалпы тұрғысынан анықтауды интенсив деп атайды. Бұл концепт жіктеуші сипатқа ие. Ол статикалық және динамикалық сипаттағы сапа туралы тілдік білімге (аялық білім) негізделген. Яғни морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті шырай категориялары арқылы берілетін концептуалды деңгейдегі бірлік болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет