Айт етістігі қатысқан аналитикалық етiстiктердiң iшiнде айту қимылының ерекше ынтамен жасалғанын бiлдiретiн - айтып бақты; айту қимылының жол-жөнекей жасалуын бiлдiретiн - айта жүр, айта отыр; айту ерекетiнiң күтпеген жерден жасалуын бiлдiретiн - айта қойды, айта кеттi, айта қалды түрлерi; айту қимылының қысқа, батыл түрде жасалуын бiлдiретiн - айтып тастады, айтып жiбердi, айта қалды, айта түстi формалары; айту қимылының ерекше қарқынмен жасалуын бiлдiретiн - айтып кеп қалды, айтып кеп жiбердi түрлерi; айту қимылының қайталанып созылуын бiлдiретiн - айта бердi, айта түсті; айту қимылының асығыссыздықпен жасалуын бiлдiретiн - айта жатар; айту қимылының жасалуға бейiмдiлiгiн бiлдiретiн - айтқалы отыр, айтқалы тұр, айтқалы жүр формалары; айту қимылынан тұрақты бiр қалыпқа көшуiн бiлдiретiн - айтып қалды; бiр қимылдан соң екiншi қимылға көшудi бiлдiретiн - айта сала тәрiздi түрлерi бар.
Қазақ тiлiнде сөйлеушiнiң айту қимылына көзқарасын, қимылдың жасалуы туралы пiкiрiн бiлдiретiн модальдық мағына айт eтістігi арқылы да жасалады. Модальдық мағына беретiн тұлға негiзiнен қимылдың өту сипатын бiлдiретiн морфологиялық көрсеткiштерден соң тiркеседi. Мысалы: айтып бере алады, айтып қоя алса, айтқалы келiп жүр, айтқалы келген едi, айта алмайды, айта бiлмейдi, айта бiледi, айтқысы келдi, т.б. Бұларда айтуға мүмкiндiк, мүкін еместік, сөйлеушiнiң қолынан келетiндiк, келмейтiндiк, яғни сөйлеушiнiң қабiлетiне көзқарас орын алған. Мұндай етiстiктерде модаль мағыналы тұлғалардың соңынан үнeмi рай көрсеткiшi тiркеседi. Рай формалары субъектiнiң айту қимылын жасау мүмкiндiгi немесе мүмкін еместігі туралы сөйлеушi көзқарасының өмipгe қатысын көрсетедi.
Айт eтicтiгiнeн жасалған айтпақшы сөзi контексте жұмсалу мақсатына қарай eкi түрлi қызмет атқарады:
1) қыстырма сөз ретiнде жұмсалады. Сол айтпақшы, қанша қарасаңда, бiздiң үйдiң сиқы - осы (F.Мұстафин).
2) баяндауыш қызметiнде келе тұрып, -шы жұрнағының көмегiмен модаль сөз ретiнде қолданылады. Қанша ауыр болса да шындықты айтпақшы. Осында айтуға бел буған шешiмдi бiлдiретiн қосымша мағына үстелген.
Сонымен, қысқаша шолу айт етістігінің айтылған сөздің бiрмәртелiлiгiн, дәлдiгiн бiлдiретiндiгiн көpceттi:
-айт сөйлеу етістігі төлеу сөздi жеткiзу де негiзгi рөл атқарады;
-айт етістігімен жасалған аналитикалық формалы сөздерде айт сөзі өзгермей, оған қосылған сөз түрлендіруші элементтер ғана өзгереді, сол сөздiң түрлi грамматикалық формалары жасалады. Айт етістігінің аналитикалық форманттары тiлдi морфологиялық көрсеткiштер қызметiнде әбден қалыптасқан;
- айт сөйлеу eтicтігі қазiргi қазақ тiлiнде шақ, жақ, түр, рай, eтic категорияларына ие бола отырып, түрлi модальдық мағынаны бiлдiредi;
- айт eтістігіне (-c, ыс) ортақ eтic аффиксiнiң жалғануы eкi адам немесе ақындар арасындағы айтысты бiлдiредi, сондай-ақ, айтыс, айтыстым, айтыстың, айтысты және т.б. тұлғаларда қолданылып, ол адамдар арасындары керiсудi бiлдiредi;
- айт eтicтiгi әрекет етушi бастауыш болатын, ал нысанасы табыс септiгiндегi тура толықтауыш болатын сабақты eтicтiккe жатады;
-айт сөйлеу етiстiгiнен шыққан айтпақшы сөзі өзінің лексикалық мағынасын толық жоғалтып, қыстырма сөз ретiнде, сондай-ақ -шы жұрнағының көмегімен модаль сөз peтіндe қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |