Пайдаланатын әдебиеттер 1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (оқу құралы).-А., 1994.
2. Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы - А., 1986.
3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті.- А.,1998.
4. Кәкішев Т. Оңаша отау. – А., 1976.
5. Ысқақ Д. Сын өнері.- А.,2002.
9-тақырып. ХХ ғасырдың 60-90 жылдар аралығындағы сын Мәдени мұраны игеруде жаңа көзқарастың тууы. «Мәдени мұра және оны игеру» атты конференцияның өтуі (1959) және оның шешімдері. Ауыз әдебиетін зерттеу саласындағы еңбектер. Ауыз әдебиеті мұраларын жинап, бастыру шаралары. Қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша жүйелеу және дәуірлеу.Түркі халықтарына ортақ көне мұралардың қазақ әдебиетіне ықпалы мен жалпытүріктік байланыстар. Алпысыншы жылдардағы әдеби сын біршама табыстарға жетті десек, соның ең бастысы 1960-1967 жылдары жарық көрген үш томдық алты кітаптан тұратын “Қазақ әдебиетінің тарихының” жасалуы еді. Ғылым Академиясының әдебиетші ғалымдарының қажырлы еңбегімен шыққан тарихтың алғашқы томы ауыз әдебиетіне, екіншісі әдебиеттің тарихына, соңғысы кеңестік кезеңдегі әдебиетке арналды.
Осы кездегі қазақ әдебиеті сынының елеулі жетістіктері саналатын М.Әуезовтің “Әр жылдар ойлары” /1959/, “Уақыт және әдебиет” /1962/, “Мысли разных лет” /1962/, С.Мұқановтың “Өсу жолдары” /1960/, “Жарқын жұлдыздар” /1964/, Ә.Тәжібаевтың “Өмір және поэзия” /1960/, Е.Ысмайыловтың “Сын мен шығарма” /1960/, “Жаңа белеске” /1962/, Б.Кенжебаевтың “Шындық пен шеберлік” /1966/, Қ.Жұмалиевтің “Стиль - өнер ерекшелігі” /1966/, М.Қаратаевтың “Шеберлік шыңына” /1963/, Т.Әлімқұловтың “Жемісті жолда” /1958/, Қ.Құттыбаевтың “Шындық және шығарма” /1959/, С.Қирабаевтың “Өрлеу жолында” /1960/, Р.Бердібаевтың “Әдебиет және өмір” /1964/, А.Нұрқатовтың “Идея және образ” /1962/, т.б. сияқты сын-зерттеу кітаптары жарық көрді. Әдеби сында есімдері жоғарыда аталғандармен бірге Қ.Нұрмаханов, М.Базарбаев, Б.Сахариев, Т.Кәкішев, Т.Сыдықов, Ә.Дербісәлин, Т.Нұртазин, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, М.Бөжеев, Қ.Мұхаметханов, Б.Шалабаев, Ш.Ахметов, Е.Ғабдіров, М.Ғабдуллин, Х.Сүйіншәлиев, Б,Адамбаев, т.б. жемісті еңбек етті. Сынның белсенділігі артып, қоғамдық-мәдени өмірде маңызды роль атқара бастады.
Компартия әдеби сынға айрықша назар аударып, 1972 жылы 25 қаңтарда арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда әдеби сынның жауынгерлігін, тиімділігін, идеялылығын арттыруға көңіл бөлді. Арнайы сын журналдарын ашу, облыстық, республикалық басылымдар бетінде әдеби сынды көбірек жариялау міндеттелді. Қаулы қазақ әдеби сынына да үлкен серпіліс әкелді.
“Қазақ әдебиеті” газеті мен “Жұлдыз” журналы номер сайын сыни материалдарды жиі беріп тұратын болды. Республикалық, облыстық газеттерде сын бөлімдері ашылды. “Жазушы” баспасынан жыл сайын “Уақыт және қаламгер” мен “Сөзстан” сын мақалалар жинағы жарық көріп тұрады. Оған жыл бойында жарияланған ең үздік мақалалар кірді. “Жастар жастар туралы” жинақтарының жас әдебиетшілерге көмегі айтарлықтай тиді.
Баспадан сыншылардың сын кітаптары көптеп шыға бастады. М.Қаратаевтың үш томдық, С.Қирабаевтың екі томдық, Р.Нұрғалидың екі томдық, Р.Бердібаевтың бір томдық таңдамалы сын мақалалар кітаптары жарық көрді. М.Қаратаевтың “Асулар алда” /орыс тілінде/ сын жинағына Р.Нұрғалидың “Айдын”, “Телағыс”, “Қазақ революциялық поэзиясы” әдеби-сын трилогиясына Мемлекеттік сыйлық берілді.
Солай бола тұра сындағы идеологиялық солақайлық, оқта-текте көрініс беріп қоятын. Мысалы, І.Есенберлиннің “Қаһар” романы, М.Мақатаевтың поэзиясындағы идеялық кемшіліктер хақында мақалалар жарық көрді.
Осы жылдарда қазақ әдебиеттану ғылымы біршама табыстарға жетті. Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ғалымдарының күшімен қазақ әдебиетіндегі жанр, стиль, дәстүр мен жаңашылдық мәселелеріне арналған “Жанр”, “Стиль сыры”, “Дәстүр мен жаңашылдық” атты ұжымдық жинақтар шығарды. Бұл жинақтар қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық деңгейінің биіктей түскендігін көрсетті.
Сондай-ақ М.Хасеновтің “Ұнамды образ және типтендіру”, М.Атымовтың “Сюжет пен композиция”, “Қазақ романдарының поэтикасы” сияқты монографиялық зерттеулері, З.Қабдолов “Әдебиет теориясы” оқулығы шықты. Р.Бердібаев қазақ романын, Т.Кәкішев қазақ әдеби сынын , Р.Нұрғали драма поэтикасын зерттеді.
Б.Кенжебаев бастаған бір топ ғалымдар тың ізденістермен, соны іздермен әдебиет тарихына зерттеу жүргізіп, қозғаусыз жатқан өткен кездердегі ақын-жыраулардың поэзиясына жол салды. М.Жолдасбеков Орхон-Енисей жазбаларын, М.Мағауин ХҮ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетті, А.Қыраубаева ХҮ ғасырға дейінгі дәуірді зерттеп, қазақ әдебиетінің тарихын, ғасырлар тереңіне қарай тартты.