Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі



бет13/15
Дата21.12.2022
өлшемі79,67 Kb.
#58759
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
Дәріс Әд сын даму тенд

Пайдаланатын әдебиеттер
1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (оқу құралы).-А., 1994.
2. Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы - А., 1986.
3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті.- А.,1998.
4. Кәкішев Т. Оңаша отау. – А., 1976.
5. Ысқақ Д. Сын өнері.- А.,2002.


11-тақырып. Қазіргі қазақ сыны
Қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынының бүгінгі күйі, проблемалары. Тәуелсіз елдің әдебиетіне, ғылымына қойылатын талаптар мен алдағы міндеттер.
Соңғы жылдары ақталған, әдебиет тарихына қайта оралған, айтулы алаш арыстары негізін қалаған, сонан соң М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов сияқты әдебиет классиктері шаңырағын көтерген қазіргі қазақ әдебиеті өзінің әрқилы жанрдағы, әр алуан тақырыптағы көркем туындыларымен әлемдік көркемдік ойдың қақ төрінен орын алды. Осы көркем дүниелерді, жекелеген қаламгерлер шығармашылығын немесе тұтас әдеби ағымдар мен әдеби кезеңдерді тілге тиек еткен, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жарық көрген әдеби-сын, әдеби-эстетикалық талдау еңбектері қазіргі казақ көркем сынының толысқан, марқайған шағында тұрғанын көрсетеді.
Соңғы жылдары қазақтың қабырғалы қаламгерлері М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Әлімқұлов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, И.Байзақов, Ә.Әлімжанов, Ә.Нүрпейісов, Т.Ахтанов, Ш.Мұртаза, І.Есенберлин, Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов, Б.Соқпақбаев, М.Мақатаев, Ж.Молдағалиев, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, Д.Исабеков, О.Бөкеев т.б. шығармашылығы туралы, жалпы кейінгі кезеңдегі, әсіресе тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті қол жеткізе алған көркемдік асулар мен белестерді өзінің сыни-эстетикалық еңбектеріне үзбей арқау етіп келе жатқан бірнеше буын қазақ сыншыларының толымды қатары және олардың жарық көрген әдеби-сын, талдау еңбектері қазіргі әдеби процестің даму, өркендеу бағытында екендігін, көркемдік-эстетикалық танудың жаңа белестеріне қол артып отырғандығын анық аңғартып отыр.
Тағы бір көзге анық түскені – соңғы онжылдықтың ішінде газет-журналдардағы және баспалардан жарық көрген әдеби-сын шығармалар әдеби көркем сын мен әдебиеттанудың біте қайнасып дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Осы қатарда З.Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі», С.Қирабаевтың «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», З.Қабдоловтың «Көзқарас», М.Базарбаевтың «Замана тудырған әдебиет», Ш.Елеукеновтың «Әдебиет және ұлт тағдыры», «Мағжан», Т.Кәкішевтің «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», Р.Нұрғалидың «Әуезов және алаш», З.Серікқалиевтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі мәселелері», «Ақ жол», «Алтын жамбы», А.Нысаналының «Жансарай», Б.Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау», Б.Ыбырайымның «Сырлы әлем», Б.Сарбалаевтың «Өткірдің жүзі», Ә.Бөпежанованың «Дүние – имани құбылыс», Ж.Дәдебаевтың «Қазіргі қазақ әдебиеті», Қ.Ергөбектің «Арыстар мен ағыстар», Р.Тұрысбектің «Ж.Аймауытұлының әсемдік әлемі», «Парыз бен парасат», Г.Пірәлиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері», З.Бисенғалидың «20 ғасыр басындағы қазақ романы» т.б. еңбектерді атауға болады.
Әрине, бұлардың барлығы бастан-аяқ тек сын жанрының жүгін арқалаған туындылар болмағанмен, осы жанрдың бүгінгі тыныс-тіршілігін, бүгінгі бағыт-бағдарын бағамдауға мұрындық болатын сыншыл ойы бар дүниелер. Сондай-ақ, бұл кітаптардың барлығының ең басты танымдық, көркемдік құндылығы – олардың мазмұнының қазақ әдебиетінің бүгінгі келелі мәселелерімен мейлінше астасып, қабысып жатуы.
Сонымен қатар, осы арнада қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгінгісін салыстыра зерттеу, зерделеу арнасындағы танымдық-теориялық жинақтар да жарық көрді. Бұл жинақтарда жекелеген қаламгерлер шығармашылығын сөз ете отырып, тұтас әдеби процесті бағалау, бағамдау бағытындағы ой-пікірлердің де орын алғанын айтуға болады. Осының барлығы тұтастай алғанда қазақ әдеби сынының қазіргі әдеби даму арнасын назарда ұстап отырғандығын аңғартады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ сыншылары әдебиеттің ең бір келелі мәселелерін ашық айтуға, ашық жазуға мүмкіндік алды, әдебиет, көркем сын барлық идеологиялық және саяси шектеулерден құтылды. Ең бастысы, әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынында ұмыт қалған, немесе қасақана бұрмаланған ұлттық құндылықтар қайтара сараптан өтіп, тәуелсіздік тұғырынан қайтара бағасын алды.
Әдебиет, оның тарихы, ғылымы мен сыны қазір ешкімге тәуелді емес. Тек көркемдікке және тарихи шындыққа тәуелді. Осының айқын бір мысалы – сыншы З.Серікқалиевтің 2001 жылы шыққан «Алтын жамбы» атты сын еңбегі. Жалпы соңғы онжылдықта өнімді еңбек еткен көрнекті қаламгер З.Серікқалиев әдебиет сыны жанрында іргелі туындыларын оқырман назарына ұсынды. Оның алдында жарық көрген «Ойлар, толғаныстар», «Жылдар сазы», кейінірек дүниеге келген «Ақ жол», «Дүниетану даналығы», «Тағдыр және Біз», «Сын кітабы. Таңдамалы» атты кітаптары қазақ көркем ойын жаңа сапалық биікке көтерді. Осы еңбектердегі сөз болатын қазақ әдебиетінің ақтаңдақ мәселелерінің жаңарған, жаңғырған дүниетаным тұрғысынан таразы басына түсуі сыншы танымының қаншалықты өскендігін аңғартады.
Қазақ әдебиетінің әр жанрдағы және әр жылдары жарық көрген сүйекті, сүбелі туындыларына әділ бағасын бере отырып, сыншы жекелеген қаламгерлердің шығармашылық тағдырына терең бойлайды. Қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік қолтаңбасымен қалған қаламгерлер М.Әуезов, Ғ.мүсірепов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов, І.Есенберлин, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, А.Сүлейменов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев. М.Мақатаев т.б. шығармашылығына әдеби-эстетикалық талдаулар жасап, тарихи-танымдық ой-толғаулар келтіреді.
Тәуелсіздік кезеңінде қазақ әдеби сыны қандай құндылықтардан көз жазып қалды, немесе қай арнада қандай жаңа қадамдар жасай алды деген сұрақтардың төңірегінде де сыншы өз толғамдарын ашық ортаға салады. «қазақ әдеби сыны құлдырады, жоққа айналды» деген пікірлерге де қарсы келеді. Оны нақты әдеби шығармалардағы көркемдік ізденістер арқылы дәлелдейді. Сыншының «Проза бағдары», «Жапырағын жаяр жас емен», «дала дастаны», «Сын және жауапкершілік», «Ойлы досқа айтар сөз», «Қиял қанатында» т.б. іргелі мақалаларында қазақ прозасына, қазақ сынына зор үлес қосқан қаламгерлер шығармашылығы қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысымен, бүгінгі аяқ алысымен сабақтас әңгіме болады. Осылардың қатарында С.Жүнісов, Д.Досжанов, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов, Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, Т.Әбдіков сынды қабырғалы қаламгерлердің бүгінгі шығармашылық ізденістері талдау арқауына айналған.
Көрнекті қаламгер, ғалым-сыншы Ш.Елеукеновтің «Әдебиет және ұлт тағдыры» атты еңбегіндегі ерекше бөліп айтуға қажет әдеби-сын талдау мақаласы – қазіргі қазақ романының кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі көркемдік деңгейін, оның жанрлық құрылымын, тақырыптық-идеялық ізденістерін қарастыруға арналған.
Ал енді сыншы Б.Сарбалаевтың «Өткірдің жүзі» атты еңбегінде қазақ әдеби көркем сынының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көрінуі, оның танымдық, сыни-эстетикалық деңгейі, тақырыбы, талдау ауқымы, суреткерлік тартымдылығы туралы ой-пікірлер түйінделеді, ұсыныстар айтылады.
Ұлттық тәуелсіздік, сана еркіндігі, қазақ әдебиетінде көріне бастаған демократиялық құндылықтар қазақ қаламгерлеріне, олардың шығармашылығына қандай көркемдік жаңалықтар алып келді? Суреткерлік шеберлік, эстетикалық талғам қазақ әдебиетінде қалайша көрініс беруде? Осының барлығына сыншы жауап беруге тырысады. Кітаптағы «Менің сырым – менің сыным», «Асыл мен арзанның арасында», «Жаңа деген немене? Ескі деген немене?», «Образ табиғаты және характер», «сын бар да, сынсымақ бар» атты мақалалар осы арнадағы соны, өткір сыни-эстетикалық ой-пікірлердің көрінісі болды.
Сыншылардың әдеби баспалардан жарық көре бастаған басқа да бірнеше әдеби-сын жинақтарында осы сарындас, яғни әдебиеттің кешегі жеткен биігі мен бүгінгі көтерілген көркемдік асуларын сөз ететін, тақырыптық-идеялық дамуы мен қазақ әдебиеті классиктері қол жеткізе алған айтулы табыстары мен қазіргі көркемдік ізденістердің ауқымы арасындағы айырмашылықтар, қаламгерлік стильдік ерекшеліктерді тілге тиек еткен дүниелер көрініс берді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет