1980-90 жылдардағы әдеби сын. Сексенінші жылдарды қазір “тоқырау жылдары” деп атап жүр. Тоқырау тек экономика саласында ғана емес, бүкіл әдебиет, мәдениет саласында да болды. Бұл жылдардың әдебиетінде айтарлықтай оқиға болмады десе де боларлық. Өйткені социалистік реализм аясында ғана дамуы тиіс әдебиет өзінің бар шығармашылық мүмкіндігін тауысып қойғандай еді. Әдебиеттің дамуы үшін жаңа идеялар, соған сәйкес шығармашылық ізденістер қажет болатын.
Совет өкіметі басшылығының ауысуы, одан кейінгі Қазақстандағы желтоқсан оқиғалары халықтың санасын оятып, демократиялық жаңаруларға бастады. Осы кездегі әдебиетіміздің басты табысы деп, өлгендеріміздің тіріліп қайта оралуы, яғни А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М.Ж.Көпеевтердің ақталып, шығармаларымен халықтың қайта қауышуы еді. Бұлардың қайта оралуы әдебиеттің қоғамда алатын орны, көркемдіктің эстетикалық категориялары туралы түсініктерге түбірлі төңкерістер жасады. Жетпіс жыл бойы тұсалып келген толғаулы ойлар еркіндікке шықты. Социализм идеяларымен әбден шырмалып қалған әдеби сын да алашордашыл ақын-жазушылармен бірге тұсаудан босап, еркіндікке шыққандай болды. Әдеби сын күнделікті әдеби процесте болып жатқан құбылыстарды қоя тұрып, жиырмасыншы ғасырдың басында халқының болашағы үшін шығармаларымен күрескен ардагер Ақаңдар мен Жахаңдардың әдеби мұрасын насихаттауға кірісті. Әсіресе олардың шығармаларындағы ұлт-азаттық идеялармен суарылған сөз өнерінің сұлу кестелерін оқырманға жарқырата көрсетуге тырысты.
Тоқсаныншы жылдары еліміз егемендік алды. Бұрын көркем әдебиетте социалистік идеалдар талап етілсе, енді олардың орнына ұлттық идеалдар келді. Көркем әдебиетке қойылатын талаптар өзгерді. Әдебиеттану алдында бүкіл әдебиетімізді ұлттық, адамзаттық мұраттар тұрғысынан қайта қарау міндеті тұрды. Бұл ретте әсіресе, әдебиетіміздің өткендегі кездеріне байланысты атқарылар қыруар жұмыстар кезегін күтті. Әдебиеттану ғылымының алдында жүріп отыратын әдеби сын күнделікті әдебиеттегі күйбең тіршілігін қоя тұрып, әдеби мұраны игеруге батыл кірісіп кетті.
Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектер ақталған кездерде олардың қилы тағдырларымен, шынайы шығармашылықтарымен таныстырған материалдар баспасөз бетіндегі сынның негізін құрады. Олармен іле-шала М.Ж.Көпеев, Ш.Құдайбердиев, Н.Орманбетов, Ғ.Қарашев сияқты біртуар азамат ақындарды зерттеу де қолға алынды. Бұрындары аттары да аталмайтын “кертартпа” Шортанбай, Мұраттардың өлеңдері басылып шықты. Қазір әдебиетіміздің бүкіл өткен тарихына ұлттық мұраттар тұрғысынан көз жіберіп, қайта бағалау жүріп жатыр. Бұрынғы ақты қара, қараны ақ деп келген қателіктерді жөндеп, әркімнің өзіне лайықты бағасын беруде әдеби сын айтарлықтай жұмыстар жасауда.