Пайдаланылатын әдебиеттер :
Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы.-А.,1994
Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті.-А.,2003
Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. –А.,2002
Серікқалиев З. Алтын жамбы.-А.,2001
Ысқақұлы Д. Әдеби сын тарихы. –А.,2012
10-тақырып. Қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолындағы жаңа ізденістер.
Қазақтың ауыз әдебиеті тарихын жасаудағы ізденістер. Абайтану ілімінің негізін жасаудағы М.Әуезовтің шығармашылық ізденістері, Абай шығармашылығы жөніндегі еңбектер. Жеке творчестволардың зерттеле бастауы, монографиялық еңбекке арқау болуы. Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Қ.Жармағамбетов, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, А.Тоқмағамбетов, Т.Әлімқұлов сынды дарындардың жаңа толқын өнерпаз жастармен толысуы. А.Нұрқатов, Б.Сахариев, Т.Нұртазин, Қ.Нұрмаханов, С.Қирабаев, З.Ахметов т.б. көптеген дарындардың сын мен ғылымды өздерінің өнерпаздық арнасы етіп таңдауы, өндіріп еңбек етулері
Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр 60-90 жылдар, керек болса бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық болып отыр. Осы жылдар аралығында осынау құнарға табан тіреген, содан нәр алған бірнеше буын қазақ сыншылары да өсіп жетілді, әдебиет айдынына шықты. 70-жылдардың ішінде жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізіп осы көшке келіп қосылған З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, Ж.Әбдірәшев, С.Әшімбаев т.б. сын еңбектері әдебиетке соны леп алып келді. Осынау талантты, тегеурінді, ең бастысы әлемдік әдебиеттен тоқығаны, түйгені мол білімді, білікті әдебиет сыншылары буынының бел ортасында көрнекті қаламгер, кәсіби сынның ауыр жүгін ауырсынбай арқалап, осы әдебиет сынын ондаған жылдар бойында өз тағдырына балап, бір ерекшелігі әдебиеттің барлық жанрларын бірдей қамтып, өндіре жазып, жемісті еңбек етіп келе жатқан Сайлаубек Естайұлы Жұмабекті бүгінгі күні даралап айтсақ болады. Әдебиет пен сынның биік белесіне сирек дарын, тума талантымен, ешкімді қайталамайтын өзіндік стилімен, жазу мәнерімен, ең бастысы осынау ұзақ жылдардың өн бойында тынымсыз ізденіс пен таза еңбекке ғана арқа сүйеген сыншының қазақ оқырманына ұсынған сын жинақтары аз емес.
Бүгінгі күні де қазақтың қабырғалы қаламгерлері туралы қадау-қадау еңбектер жазып жүрген көрнекті сыншы Сайлаубек Жұмабектің “Сын пернесі” (“Жазушы”), “Ғ.Мүсірепов”(“Рауан”), “Сын әуені” (“Елорда”), “Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер”, (екінші басылымы), (“Өлке”), “Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы. (Ахтанов–Ахтановтың көзімен)” (“Күлтегін”) атты қадау-қадау еңбектері, дүниеден өтіп кеткен, қазақ руханиятына қайталанбас көркем мұра сыйлаған Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, Ә.Әлімжанов, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, Қ.Мұхаметжанов, М.Қаратаев, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, қазір де қолынан қаламы түспеген Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова сынды шынайы суреткерлер жайындағы толымды, тағылымы биік әдеби-эстетикалық эсселер мен әдеби талдау мақалалар шоғыры, осының барлығы әдебиет сыншысының кейінгі он, он бес жыл көлемінде тынымсыз ізденіс үстінде екендігін көрсетеді.
Осынау жемісті еңбектің бір көрінісі жоғарыдағы санымен емес, көркемдік сапасымен оқырман назарын өзіне аударған әдеби зерттеулер, әдеби-сын еңбектер десек артық айтпаймыз. Әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір-бір шоқтығына айналған жоғарыда аты аталған қаламгерлердің шығармашылық зертханасының, олардың көркемдік әлемінің қазіргі әдебиеттану, сыни-эстетикалық дүниетанымымыздың бүгінгі жеткен биігінен талдау арнасында қарастырылуы басты рухани олжамыз дер едік.
Осынау пікір-байламдардың орнықтылығына оның 1990 жылдардың басында "Жазушы" баспасынан жарық көрген "Сын пернесі" атты кітабы біржолата көз жеткізген еді. Автордың алғашқы кітабы әдебиетке не қосып, не алды, несімен қымбат, қалың оқырманына қандай ой-пікірлер айта алды деген сұрақтарға бір оралып көрсек. Бұл арада, ең алдымен кітапқа сыншының әр кезде жарық көрген немесе жаңадан жазылған ең таңдаулы, соқталы деген сын еңбектерінің (мақала, сұхбат, эссе) іріктеліп, топтастырылғандығын айтар едік.
Бұл ең алдымен кітаптың мазмұнын, мән-мағынасын, сапалық деңгейін көтерген. Себебі, кітапқа енген мақала, сұхбат, эсселердің қай-қайсысы болсын мәнді мәселені көтереді, яғни олардың тақырыптық арқауына қазіргі әдеби процестің арналы, кіндік "мәселелері" өзек болған. Айталық, "Ұнамды қаһарман" атты беташар мақалада шынайы реализм әдебиеті мен өнеріндегі кіндік мәселелердің бірінен саналатын бас қаһарман проблемасын, оның арғы-бергі тарихын, болмыс-бітімін бірегей, біртұтас көркемдік құбылыс ретінде саралай келіп, оны қазіргі әлемдік әдеби процеспен сабақтастыра сөз етеді.
Аталған проблеманы шешудегі басқа да ұлттар әдебиетінің әр кезеңінде қол жеткізген табыстарын саралай келіп, сыншы негізгі әңгіменің арқауын Ш.Айтматовтың "Боранды бекет", Ю.Бондаревтің "Таңдау", Ә.Нұрпейісовтің "Сең" романдарын талдауға құрады. Әсіресе, осынау шоқтығы биік шығармалардағы бас кейіпкерлер Едігенің, Владимир Васильевтың, Жәдігердің ұнамды қаһарман ретіндегі қайталанбас характерлері, мейлінше дараланған мінез-мүсіні, олар көтеретін әлеуметтік-көркемдік жүк іргелі әңгімеге өзек болып, жинақтау мен саралаудың арнасында ашылады. Мысалы, "Осы романдағы характерлер қақтығысы, сюжеттік желі тікелей іс-әрекет динамикасынан гөрі, ой-сана мен психологиялық шарпысулардан тұратын иірімдерге негізделген", - деп түйінделетін автор ойының тереңдігіне ден қоймасқа болмайды.
Сонымен, жоғарыда сыншының кітабында негізінен қазіргі қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің, айтулы ақын-жазушылардың творчествосын тілге тиек ететіндігін астын сыза айттық. Және бірнеше мақалалар қазақ прозасына олжа салған қаламгерлеріміз Е.Домбаев, С.Бердіқұлов, Б.Нұржекеев, О.Бөкеев, К.Ахметбеков романдарын талдауға арналыпты.
Нақтырақ айтсақ, "Роман және әлеуметтік талдау" деп аталатын көлемді мақаладағы сөз болатын Е.Домбаевтың "Жаман Жәутік", О.Бөкеевтің "Өз отыңды өшірме", Б.Нұржекеевтің "Бір өкініш, бір үміт" романдарындағы қол жеткен көркемдік табыстар мен орын алған кемшіліктер нақты бір проблема төңірегінде, яғни осы шығармалардағы әлеуметтік талдау деңгейінің ара салмағымен өлшенуі көп сырдың бетін ашқан. Осы орайда көркемдік талдау, кейіпкер шынайылығы, жазушының тіл шеберлігі сияқты мәнді мәселелер де назардан тыс қалмайды.
Бұл ыңғайдағы мақалалардың ішінен, біздіңше, халқымыздың арқалы ақындары, ардагер дарындар Ә.Тәжібаев пен М.Мақатаев және сирек талант Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған дүниелерді ерекше бөліп айтуға болар еді.
Ал енді сыншының құлашты кеңге сермеп, ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін тұсы - саңлақ суреткерлер Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе" романының екі кітабын, Әбіш Кекілбаевтің "Үркер" және "Елең-алаң" романдарын талдайтын мақалаларында. Бұл қаламгерлердің көп жылғы шығармашылық ізденістерінің жемісті екендігін, олардың қаламынан туған шығармалардың көркемдік әлемін, танымдық-тағлымдық мән-мағынасын, рухани-философиялық парасатын, қала берді суреткерлік қолтаңба ерекшеліктерін егжей-тегжейлі иін қандыра әңгімелейді. Мысалы, "жазушы әке мен бала қарым-қатынасын педагогикалық, эстетикалық, философиялық өрімде өзгеше біртұтастық сақтап, екі кітаптың өн бойында осы өрімді ылғи ірі планда көрсетіп отырады" - дей келіп, сыншы "Қызыл жебе" романындағы орталық кейіпкерлер Рысқұл мен Тұрар тұлғаларын даралаудағы, оларды типтік образ биігіне көтеру мақсатындағы жазушы ізденістеріне, романның реалистік қуатына, романтикалық тынысына ерекше әсер еткен көркемдік факторларды кеңінен сөз етеді.
Ал, әдебиет классиктері Ғ.Мүсірепов және М.Қаратаевпен арадағы сұхбат-диалогтарда алдымен туған әдебиетіміздің кешегісі мен бүгінгісі, әлі де қолымыз жетпей жатқан асуларымыз бен көркемдік мақсат-мұраттар сөз болады. Бүгіндері арамызда жоқ, айтулы сөз зергері, үлкен суреткер Ғабит Мүсіреповтің қаламдас інісіне ағынан жарылып, аманат еткендей, абыз ойларын бүкпесіз ортаға салуы, оны қолға ұстатқандай жіліктеп жеткізуі оқырман үшін ерекше қымбат, қастерлі болуға керек.
Достарыңызбен бөлісу: |