Пайдаланушылардың мүддесі. Баланс көрсеткіштеріндегі сомаларды оқып отырып, әрбір пайдаланушылар өз мақсатын шешуге ұмтылады. Бухгалтер баланстағы жекелеген баптарға жазылған сомалардың дұрыстығын тексереді. Бұдан баланстың теңдігі - активтер мен пассивтер сомаларының дәлдігі туындайды. Несиелендірушілер ұйымның төлем өтеушілік қабілетін біліп отырғысы келеді. Яғни ұйымның мүліктік жағдайы бухгалтерлік балансқа жазылуы керек.
Сонымен қатар, ұйым басшылары мен қожайындары таза пайдамен жұмыс істеуге ынталы болады. Есепті жыл ішіндегі ұйымның қаржы қорытындысын шығару үшін капитал қозғалысы көрсеткіштері де бухгалтерлік баланска жазылуы керек. Салық органдары үшін барлық ұйымдар декларация жасап тапсырады. Декларация көрсеткіштері мен баланс көрсеткіштері арасында сәйкестік болуы шарт. Баланс баптары салықтың белгілі бір түріне қарай топтастырылуы мүмкін. Яғни баланста көрсетілген пайда көлемі салық салынатын көлеммен бірдей болуы міндетті.
Сыртқы сипаты.Баланс көрсеткіштерін тігінен және көлденеңінен оқып сипаттауға болады. Баланс мазмұнын тігінен қарағанда екі жақты кестеден, сол жағы актив, ал оң жағы пассив болып екіге бөлінеді. Сыртқы пайдаланушылардың мүддесін қанағаттандыру мақсатымен активтерді қаражаттар, ал пассивтерді қаражат көздері деп те атауға болады. Сонымен қатар капитал айналысына тікелей байланысты қозғалыстарды да бухгалтерлік баланс арқылы талдауға болады.
Балансқа көлденең жазылған көрсеткіштер есеп объектілерінің өзара байланысын көрсетеді. Қандай жағдайда болмасын балансқа көлденең жазылатын көрсеткіштер счеттардағы қалдық сомаларымен бірдей сомада болуы керек. Яғни дебеттік қалдық баланстың активінде, ал кредиттік қалдық пассивінде жазылады. Белгілі бір мезім.Әдетте бухгалтерлік баланс айдың, тоқсанның және жылдың 1-күніне жасалып, ұйымның қаржылық қызметінің жағдайын көрсетеді. Ұйымның қаржылық жағдайы түскен пайданың мөлшерімен сипатталады. Сондықтан пайда айдың, тоқсанның, жылдың біріне ғана жаза салатын көрсеткіш емес, пайда өткен шақтағы атқарған ұйымның қаржылық нәтижесін көрсететін ең негізгі көрсеткіш болып табылады.
Қаржы жағдайы.Ұйымдардың қаржы жағдайы қойылған мақсаттарға қарай әр түрлі көздерден қалыптасады. Сондықтан баланстың әрбір баптары арқылы ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметін бағалап, талдау әдістерін қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Ұйымның меншікті активтері әр түрлі ресурстар мен қаражат көздерінен қалыптасатындықтан ұйымдардың ресурстары шын мәнінде көбейіп отыратын болса, онда бұл ұйымның пайдамен жұмыс істегендігін көрсетеді.
Құнсыздануға (инфляцияға) байланысты ұйымның активтері көбейіп кеткен жағдайда түскен пайда - таза пайдаға жатқызылмайды. Мұны шындыққа жанаспайтын пайда деп таныған жөн. Егер ұйым ақысыз (құнын төлемей) түбінде қайтарылмайтын активтерді басқалардан алған жағдайда, мұндай активтердің құны пайда құрамына жазылмай, тек қана баланстың көбеюуін білдіреді.