Е с к е р т у.Қос сөз немесе плеоназм типтес құрылымдардың әр компоненті бірнеше сөзден тұрса, олар үтір арқылы немесе ешқандай тыныс белгісі қойылмай жазылады (соңғы жағдай араларында мен жалғаулығы бар жерде болады): үн жоқ, түн жоқ (ал үнсіз-түнсіз), әй дер ажа, қой дер қожа жоқ; бір сырлы, сегіз қырлы; апы кіріп, күпі шығып; алты аласы, бес бересі; үлде мен бүлдеге (оранған); күн демей, түн демей, (ал күні-түні, күн-түн демей), аз болсын, көп болсын (ал азды-көпті), ерте болсын, кеш болсын (ал ертелі-кеш); о жақ, бұ жағы, о шеті мен бұ шеті.
§ 71. Тең мағыналы немесе қарама-қарсы мағыналы екі сөзден жасалған термин мәнді күрделі анықтауыштар дефис арқылы жазылады: оқу-ағарту жүмысы, әкімшілік-басқару жұмыстары, халықазаттық қозғалысы, салыстырмалы-тарихи әдіс, ғылыми-көпшілік әдебиет, үгіт-насихат жұмысы, орысша-қазақша сөздік, есеп беру-сайлау жиналысы. § 72.Екі сөзден тұратын ғылыми дәреже, атақтардың және қызмет дәрежесін немесе мамандықты көрсететін атаулардың арасына дефис қойылады: премьер-министр, вице-президент, тілші-фонетист, редактор-математик, инженер-байытушы, әнші-композитор. § 73. Машиналар мен олардың бөліктерінің және өзге де техникалық жүйелердің күрделі атаулары дефис арқылы жазылады. Олардың басым көпшілігі орыс тілінен енген сөздер болып келді: дизель- мотор, стоп-кран, вакуум-аппарат, телефон-автомат. § 74.Күрделі өлшем атаулары дефис арқылы жазылады: тонна- километр, адам-күн, киловатт-сағат, вольт-ампер (бірақ: вольтметр), ватт-сағат (бірақ: ваттметр).Бұл ережеден еңбеккүн сияқты бірер сөз тыс тұрады. Орыс тілінен енген немесе орыс тілі үлгісімен жасалған статус-кво, х-сәуле, альфа-сәуле, м-1, 0СВ-2 сияқты атаулар дефиспен жазылады. § 75.Орыс тілі орфографиясы бойынша қолданылатын жер-су және кейбір халық аттары дефиспен келсе, дефис қазақша жазуда да сақталады: Орехово-Зуево, Соль-Илецк, Могилев-Подольск, Ныо-Йорк, Рио-де-Жанейро, Лос-Анжелос, коми-зырян, угро-фин. Орыс тілінде дефиспен жазылатын Қазақстан, Орта Азия жеріндегі топонимдер қазақша түрінде дефиссіз (кейде бөлек) жазылады: Алматы (орысша бұрынғы жазылуы Алма-Ата), Ыстықкөл (орысша - Иссык- Куль), Қызылорда (орысша Кзыл-Орда). § 76.Екінші сыңары біріншісін айқындайтын қосалқы мүшелі күрделі атаулар дефис арқылы таңбаланады: зауыт-институт (әрі институт ретінде қызмет ететін зауыт), зауыт-филиал (филиал болып саналатын зауыт), кафе-бар (бар типтес қызмет ететін кафе), вагон-ресторан (ресторанға арналған вагон), гараж-тұрақ, диван-кереует. § 77. Орыс тілінде дефиспен жазылатын кісі аттары (көбінесе фамилиялары) қазақша жазуда да дефис арқылы таңбаланады. Бұлар, негізінен, орыс халқы және Европа, Америка т.б. халықтары өкілдерінің аты-жөндері болып келеді: Немирович-Данченко, Новиков-Прибой, Книппер-Чехова, Жолио-Кюри, Дон-Жуан, Дон-Кихот. Соңғы екі есімнен жасалған донжуандық, донкихоттық деген жалпы есімдер қосылып, кіші әріппен жазылады. Араб халықтары есімдерімен келетін әл, аш, ар, аз, әд, бен сияқты элементтерден соң дефис қойылады, олардың өздері кіші әріппен алдыңғы сөзден бөлек жазылады: Абд ар-Рахнан әл-Халиси, Ибрагим әл-Муфти, Авадх бен-Солех бен-Галеб, аз-Закир Рукн ад-Дин Бейбарс, әл-Фараби, әл-Кинди.