Ескертулер.1. Төл сөздегі сөйлемге қойылған сұрау, леп белгілерінен және көп нүктеден кейінгі автор сөзі кіші әріптен басталып жазылады. Мәкіш:
-Абай, осы сен ақынсың-ау! - деді де, күліп жіберді. Абай әуелі үркіп қалғандай қысылып қалып: - Е, оны кайдан білдің? - деді (М.Әуезов). - Көңіл көтерейік, өлең айтайық... Билейік... - деді Быков жинала бастаған жұмыскерлерге (Ғ.Мүсірепов). 2. Көп нүкте сөйлеушінің қысылып, тұтығып не басқа себептермен бөліп-бөліп айтқан бір сөйлем ішіндегі сөздерінің арасына қойылған болса, одан кейінгі сөз кіші әріппен жазылады. Мысалы:
- Дүние... дүние қалай еді? Дүниеде... сірә, сендей маған жар жоқ, саған жар... менен артық табылса да... - деп қалды (М.Әуезов).
§ 93. Төл сөз және цитаттар бас әріптен басталып жазылады. Мысалы: 1) Тарасенко менің қағаздарымды аударыстырып отырды да: - Жолдас аға сержант, командирлер курсына барасың! - деді (Ғ.Мүсірепов). Біржан ақырын ғана үн қатып: - Ән салса, Әйгерім ғана салсын да! - деді (М.Әуезов). 2) Осымен байланысты әр сөздің жалпылаушы қасиеті болатындығын көрсетіп, В.И.Ленин: “Сезімдер шындықты көрсетеді: ой мен сөз жалпы болады’’, - дейді(К.Аханов. “Қазақ тілі лексикасы мәселелері”). Кейде цитат автор сөзінің жалғасы немесе ажыратылмас бөлігі ретінде жымдастырыла келтірілуі мүмкін. Ондайда тырнақшаға алынғанмен, цитат кіші әріптен басталып жазылады және алдынан не соңынан төл сөзге (цитатқа) тән тыныс белгілері қойылмайды. Мысалы: Ел қамы үшін емес, өз қамы үшін, елді бірлестіру үшін емес, араздастыру үшін оқитын, ойында “я тілмаш, я адвокат болу "жүрген қазақ балаларына Абай дұшпан. Бірақ бұлардың“қаны бұзық сұм-сұрқия болуына” орыстың оқуы айыпты емес, өскен ортасы, сол ортаның бұзық мінезін қабылдаған өздері айыпты(С.Мұқанов). Мұнда тырнақшаға алынған бөліктер Абайдан келтірілген цитаттар. Жақша ішіне алынған ремаркалар, өзге де сілтемелер аяқталған сөйлемнен кейін келтірілсе, бас әріптен басталып жазылады. Мысалы, жиналыс стенограммасынан: Сөйтіп, жолдастар, жаңа оқу жылын мектептің жаңа үйінде бастап отырмыз. Ол үшін құрылысшыларға мың да бір алғыс айтамыз (Қол шапалақтау). Пьесадан: Жантас (шыға кеп). Е, жүр олай болса! (Тысқа шығып айғайлап). Мына жақта, мына келеді! Шегіне, шегіне ат! (Өзі атып-атып жібереді)(М.Әуезов). § 94. Адамның өз аты, әкесінің аты және фамилиясы, сондай-ақ лақап аты (псевдонимі), ныспысы (туып-өскен жеріне, руына г.б. қарай аталған көбінесе тарихи есімдер) бас әріптен басталып жазылады: Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, Владимир Владимирович Маяковский, Максим Горький, Қадырғали Жалайыри, әл-Фараби (Әбу-насыр Фараби), Қоңыр, Жаяусал (М. Әуезовтің алғашқы кездегі лақап аттары). Кісі аттарының алдынан не соңынан адамның белгілі бір қылығын, қасиетін, кемістік-жетістігін т.б. көрсететін сын есімдер - тұрақты эпитеттср қосылып, ел атап кеткен жалқы есімге айналады. Ондай сөздер жалқы есімнің алдынан келсе, бас әріппен жазылады, соңынан келсе, кіші әріппен жазылады. Мысалы: Ер Төстік, Қыз Ақжелең, Қыпшақ Сейітқұл (Ы. Алтынсариннен), Кішкене молда (М.Әуезовтен), Тентек Ояз (бұл да сонда), Сумұрын Сүкең (С.Мұқановтан), Судыр Ахмет (Ә.Нұрпейісовтен), Ұлы Петр, Ақсақ Темір, Шықбермес Шығайбай; Баян сұлу, Қамар сұлу, Қамбар батыр, Жиренше шешен, Ақан сері, Біржан сал, Игілік би (Ғ.Мүсіреповтен).