Е с к е р т у. Мұндай тұрақты эпитеттерді жалпылама айқындауыш анықтауыштармен шатастырмау керек. Айқындауыштар да бөлек, бірақ кіші әріппен жазылады: ақын Абай, ғалым Шоқан, Ыбырай педагог, әнші Күләш, мұғалім Мұрат, Мұрат мұғалім, агроном Оспан, Оспан агроном, етікші Жүсіп.
Дефис арқылы жазылатын екі сөзден құралған фамилиялардың екеуі де бас әріптен басталып жазылады: Жолио-Кюри, Книппер-Чехова, Сергеев-Ценский, Семёнов- Тяньшанский.
Үш бөлімнен тұратын қытай аттарының бірінші, екінші сөздері бас әріппен бөлек жазылып, үшіншісі екіншімен қосылып жазылады: Шу Цинчунь, Го Тайци, Фэн Цзицан, Сунь Иминь, Лу Вэньтин. Ал екі бөлімнен құралған қытай аты-жөндерінің әр компоненті бас әріппен дефиссіз жазылады: Ляо Шэ, Чень И, Ван Мэн, Шэнь Жун.
Корей, индонезия, бирма, Таиланд, Вьетнам, шриланка халықтарының аты-жөндерінің әрбір сөзі бас әріппен дефиссіз жазылады: Хо Ши Мин, Те Дян Хен, Ким Чон Тхе, Цой Дор Сан.
Орыс халқының кісі аттарьг орысша орфографиясы сақталып жазылады. Ше жұрттық халықтар өкілдерінің есімдері, негізінен, орыс тіліндегі жазылуынша таңбаланады: Александр Дюма, Джек Лондон, Джон Голсуорси, Эмиль Золя, Абэ Кобе, Маргарет Митчелл т.б. Монғол есімдері де, негізінен, орысша жазылуынша таңбаланады. Бұлардың ішінде қазақша қалыптасқан кейбір тарихи есімдер сол қалыптасқан түрінде жазылады: Шыңғыс хан, Жошы, Бати, Үкетай, Қалдан-Церен, Қонтайшы т.б.
§ 95. Әр алуан мифологиялық “иелердің”, “құдайлардың”, “әулиелердің” аттары бас әріппен жазылады: Антей, Зевс, Геркулес, Иусус Христос, Мұхамбет пайғамбар, Будда, Зеңгібаба, Ойсылқара, Қамбарата, Шопаната, Бифатима, Әзіреті Әли, Бабатүкті Шашты Әзиз, Бабата.
§ 96. Ру аттары кіші әріппен жазылады. Мысалы: Бұнда отырған ауылдар - борсық, жексен аулы. Ол Жиренше бір Шыңғыс болысы емес, көршілес көкше, мамайға да, керей, уаққа да білікті жігіт болған (М.Әуезов). Жұман - алтай-қарпыққа мәлім тапал адам. Е, сексен аулының жігіттері ме? (Ғ.Мүсірепов).
Ру аттарынан жасалған туынды сөздер де кіші әріппен жазылады: Өзінің бөкеншілік, ағайындық сөзін қосып, Дәркембайды сәл кінәлағандай сөйлеген еді (М.Әуезов). Жалқы есімдерден жасалған туынды тұлғалар да кіші әріппен жазылады: қожанасырлық, қарабайлық, судырахметшілеу.
§ 97. Халық, ұлт, тайпа аттары және адамның тұрған жеріне (қаласына, өлкесіне) қарай -лық (-лік, -дық, -дік, -тық, -тік) жұрнағы жалғанып жасалған атауы кіші әріппен жазылады: қазақ, орыс, румын, қытай, итальян; мәскеулік, киевтік, семейлік, алтайлық.
§ 98. Мал құс, ит т.б. қойылған аттар бас әріппен жазылады: Төрткөз, Жолбарыс, Бөрібасар (иттер), Қараторғай, Ұябасар (бүркіт аттары), Ақбоз, Буданкөк, Көкжорға (жылқы аттары).
§ 99. Географиялық атаулар (жалқы есімдер) бас әріппен жазылады: Алматы, Алатау, Іле, Балқаш, Сібір, Каспий теңізі, Тынық мұхит, Кеңқияқ, Нарын, Қосшағыл, Өскемен.
Орыс тілі арқылы енген географиялық атаулар (жалқы есімдер) орыс тіліндегі түрінде жазылады: Орехово-Зуево, Великие Луки, Лос-Анжелос, Рио-де-Жанейро, Бомбей, Куала-Лумпур.
Аталуы бұрыннан қазақша қалыптасқан кейбір жер-су, мемлекет, қала т.б. аттары сол қазақша қалыптасқан түрінде жазылады: Қытай (Китай емес), Қырым (Крым емес), Омбы (Омск емес), Шыңжаң (Синьцзянь емес).
§ 100. Кейбір мемлекет одақтарының, халықаралық ұйымдардың аттарының әрбір сөзі бас әріппен жазылады: Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы, Қауіпсіздік Кеңесі.
§ 101. Жеке мемлекет ретіндегі республика аттарының әрбір сөзі бас әріппен жазылады: Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы, Қырғызстан Республикасы.
Достарыңызбен бөлісу: |